«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНІҢ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ
Ғасырдан ұзақ ғұмыры бар қазақ баспасөзі тарихының
əлі де болса, терең зерттей түсуді қажет ететін тұстары бар-
шылық. Əсіресе, Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңін заман
сұранысына сай қайта қарау – уақыт талабы. Өйткені оның
күні кешеге дейін ғылыми тұрғыдан біржақты бағаланып,
түрлі кедергілер салдарынан кемшін зерттеліп келгені бү-
гінде ешкімге де жасырын емес. Оның, біздіңше, бірнеше
себебі бар:
Біріншіден, Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ мерзімді
баспасөзі негізінен ұлттық мəселелерді көтеріп, елдің біртұ-
тастығы мен шынайы бостандығы жолындағы бірден-бір
күрес құралына айналуы кешегі кеңестік тоталитарлық жүйе-
нің сіреспе таптық идеологиясына қайшы келгендігінен
еді. Осы себептен де мұндай бағыттағы басылымдарға та-
рихи шындық тұрғысынан зерттеу жүргізуді мұрат тұтқан
ғалымдардың алдынан түрлі тосқауылдар күтіп тұрды. Тіпті
«ұлтшылдықтың көрінісі» деп те айып тағылып, сыналып-
мінеліп, қуғын-сүргінге ұшыраған кездері де жоқ емес.
Қазан төңкерісіне дейінгі газет-журналдардың толыққан-
ды зерттеу жүзін көрмеуінің екінші себебі – айналасы он-
он бес жылдың ішінде екі мəрте əліпбиімізді (графикамыз-
ды) өзгерткен, алдымен, арабшадан латыншаға (1929), одан
кириллица жазуына (1940) көшірген үстемшіл орталықтың
тілімізге əдейі жасаған қиянат, қастандығынан туындайды.
43
Бұл да, сөз жоқ, тарихи жəдігерлерімізді игеруді ауырлата
түскен қиындықтардың бірі. Алдыңғы екі жазудан қол үзген
кейінгі ұрпақ үшін мұрағат материалдарын түпнұсқалық
негізде оқып, кəдеге жарату бұл күнде аз қиындық келтіріп
отырған жоқ. Оған ұлтымыздың рухани мұрасы болып табы-
латын архив қазыналарына күні кешеге дейін жол жабық бо-
лып, екінің бірінің қолы жете бермегендігін қосыңыз. Мұны
аз санасаңыз, ондай қымбат асыл қазыналарымыз бір жерде
жинақталып ұсталынбай, əр қиырда шаң басып, шашылып
жатуы да аз кедергі емес екені белгілі. Бұл жайлар бүгінгі
күні де толық шешімін тауып отыр деп айта алмаймыз.
Дегенмен, қазір заман өзгерді, соған сай талап-тілек те
жаңа арнаға бұрылды. Бүгінде қай мəселеге де ел тəуелсіз-
дігі тұрғысынан қарап, егемен еліміздің қажетіне қарай оң
шешім жасауға мүмкіндік тууда. Осы себептен де ел тарихы-
на қатысты айтылмай не бұрмаланып келген тұстарымызды
айқындап, əділін айтып, ақиқаттың салтанат құруына
қолғабысымызды тигізсек деген ниет уақыт талабынан ту-
ындайды.
Осы күні ұлттық сананы ояту, соның бір бұтағы – Отан-
сүйгіштік қасиетті тірілту жəне сол арқылы тəуелсіз еліміз-
дің жарқын болашағы үшін барша жұртымызды бір тудың
астына біріктіру – мемлекеттік деңгейде күн тəртібінде тұр-
ған өзекті мəселелер. Осыған қалай қол жеткізіп, қайтсек
баянды етеміз деген сауал төңірегінде Елбасымыздан бас-
тап, Отанымыздың барлық саналы азаматы ойланып-толға-
нуда. Соның бір жолы ретінде өткенімізді танып-біліп,
оның кесапатқа толы залалды тұстарының тамырына қайта
көктеместей етіп балта шауып, тарихтан тағылым алу ар-
қылы болашаққа қадам басу керектігі алға тартылуда. Тə-
уелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Əбішұлы
Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінің 1998 жылдың
16-қаңтарында жарияланған «Жадымызда жатталсын, тату-
лық дəйім сақталсын» деген тарихи еңбегі осылайша түйін
түюімізге негіз берді. Қолдарыңызға тиіп отырған еңбектің
зəрулігі, міне, осындай талап-тілектерден туындайды. Түйіп
айтсақ, ол мынадай мəселелерді қамтиды:
44
Біріншіден, Алаш баспасөзі – XX ғасырдың басындағы
қазақ қоғамының шежіресі, дəлірек айтқанда, 1907-1925
жылдар аралығындағы халқымыз бастан кешкен күрделі
кезеңнің айнасы. Ендеше, оған тыңғылықты зерттеу жүргізу
арқылы Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ даласының
қайшылыққа толы тарихи жағдайын жан-жақты айқындап,
терең тани түсуге мүмкіндік туады деген сөз. Сондай-
ақ, басылым материалдары арқылы сол кездегі ұлттық
азат ойдың басты арналарын танып-біліп, олардың басы-
қасында болған қазақ зиялыларының ұстанған жол, мақсат-
мұраттарын анықтауға жол ашылады. Сонымен бірге ұлттық
сананың ұйытқысы бола білген Алаш баспасөзінің «пікір
тайқазанында» əбден піскен халқымыздың өсіп-өркендеуіне
қатысты негізгі идеялар егемен еліміздің іргетасы қаланып
жатқан бүгінгі күні де қоғамдық мəн-маңызын жоғалта
қойған жоқ. Оны зердемізге тоқып, игілігімізге жарату да –
уақыт талабы.
Екіншіден, Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтқанда,
«газет əдебиет тобына жататын нəрсе болғандықтан жа-
зылған сөздер мағына жағынан толымды, көңіл жағынан
қонымды, тізуі тəртіпті, сын алдында сымдай боларға тиіс»
1
десек, осы қағида алдарына тартылған туы болған, одан
бірде-бір ауытқымаған Алаш баспасөзінің бүгінгі журналис-
тер қауымы үшін үлгі аларлық өнегелі тұстары ұшан-теңіз.
Оның үстіне, ұлы Мұхаң, Мұхтар Əуезовтің «Шолпан»
журналының 1923 жылғы 4-5 нөмірлерінде жарияланған
«Қазақ əдебиетінің қазіргі дəуірі» деген мақаласында бе-
рілген баға бойынша, «жазба əдебиетте Абайдан соң аты
аталатын – «Қазақ» газеті» болуы да ол туралы терең тал-
данған еңбектің қажеттігін байқатады. Сонымен бірге,
«тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп шырылдап,
тілімізге төнген қауіпті сейілтіп, оның таза сақталып қа-
луына газет-журнал арқылы жанұшыра əрекет еткен Алаш
азаматтарының ізгі істерінен өнеге алу да – уақыт сұранысы.
Ол бүгінде мемлекеттік мəртебе алған тіліміздің көсегесін
көгерту үшін ауадай қажет.
1
«Қазақ» газеті, 1917, №216.
45
Үшіншіден, Алаш баспасөзі, соның ішінде, əсіресе, «Қа-
зақ» газеті – төл журналистикамыздың дамуына тигізген
ықпал-əсері орасан зор басылым. Оны теориялық жəне прак-
тикалық жағынан байытып қана қоймай, журналистерді бау-
лу мектебіне айналғанын ешкім теріске шығара алмайды.
Осы орайда, Алаш зиялылары шоғырынан шығып, əлемге
танылған, сол арқылы қазақ халқының атын дүниежүзіне
паш еткен, ұлы Мұхаңның, Мұхтар Əуезовтің мына пікірі
сөзімізді жандандыра түсері хақ:
«Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде
пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып
отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң
ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығынан жаңа аттап,
ішіне жаңа кіріп жатыр».
1
Біздіңше, сол «табалдырығынан
жаңа аттап, ішіе жаңа кіріп жатқан» буын – бүгінде журна-
листика мамандығына баулыну үстіндегі жас шəкірттеріміз.
Ендеше, бұл тақырып Алаш баспасөзінің қадір-қасиетін
танып-білу үшін ғана емес, сонымен қатар осы күнгі ұлттық
журналистикамыздың қанатын кеңге жая өркендеуіне қосар
үлесі мол болғандықтан да жете зерттеуді қажет етеді.
«Қазақ» газетінің осыған дейінгі зерттелуі жайына тоқ-
талсақ, оны шартты түрде үш кезеңге бөліп қарастыруға бо-
лады. Бірінші кезеңі – газет шығып тұрған уақыттан өзінің
«тұзы кем болғанша, артық болсын» дейтін сүйікті нақылы
мен «қазақ ауылын қазан сыпыртқысымен аршып шығу» де-
ген атақты ұраны арқылы танымал Голощекин Қазақстанға
келгенге дейінгі аралықты (1913-1925) қамтиды. Осы уақытта
жарық көрген еңбектер негізінен газеттің атқарған қызметін
шынайы бағалап, оны оқырманға таныстыру, жан-жақты на-
сихаттау мазмұндас болып келеді. Оған газеттің «бас жазу-
шысы» Ахмет Байтұрсыновтың, «екінші жазушысы» Міржа-
қып Дулатовтың «Қазақта» жарық көрген мақалалары мен
кейіннен баспа бетін көрген естеліктерін жəне сонымен
қатар С.Асфендияровтың, М.Əуезовтің, Т.Рысқұловтың осы
басылымға берген оң бағалары мен ой-пікірлерін жатқызуға
болады. Екінші кезеңін кешегі кеңестік əкімшілік-əміршіл-
1
Əуезов М. Ахаңның елу жылдық тойы //Ақ жол, 1923, 4-ақпан.
46
дік жүйе тұсында жарық көрген зерттеу еңбектер құрайды.
Бұл кезде «ұлтшыл-алашордашыларға» қарсы күрес науқаны
өрт болып, жалын құшып тұрғандықтан тарихи шындық қаз-
қалпында баяндалмай, бұрмаланып көрініс табады. Тіпті
ақиқат ауылынан бұра тартып, біржақты қаралауға жол бер-
ген туындылар да жоқ емес.
«Қазақ» газетін кеңес өкіметіне жау қылып көрсетіп,
оны сынап-мінеуді мақсат тұтқан мақалалар 1925 жылдан
жарық көре бастаған. Осы жылдың 5-мамырында Орын-
борда шығатын «Еңбекші қазақ» газеті «Қазақстанда қан-
дай газеттер болды?» деген мақала жариялайды. Оның ав-
торы – белгілі жазушы Сəбит Мұқанов. Осы мақалада
«Қазақ», «Сарыарқа», «Жас азамат», «Бірлік туы» секілді
бейресми ұлттық басылымдарға алғаш қысқаша анықтама
беріліп, «олардың барлығы 25-октябрь төңкерісінен кейін
кеңеске қарсы газеттер» ретінде жабылғандығы хабардар
етіледі. Арада дəл бір жыл өткеннен кейін аталмыш газет-
те Ə.Байділдəұлының «Баспасөз күніне» деген мақаласы
жарық көрген. Мақала мақсаты – заман талабына үн қату.
Сондықтан оның сарынынан Қазан төңкерісіне дейін қазақ
баспасөзі қалыптасып болмаған, оның дамуына тек кеңес
дəуірінде ғана айқара жол ашылды деген жалаң партиялық
ұрда-жық ұранның салқын лебі есіп тұр: «Жұрттың көбіне
белгілі, төңкерістен бұрын қазақта оңған баспасөз болмаған.
...Бардың өзі молдалар мен байлардың қолынан əрмен аспай-
тын», – деген жолдардан соны аңғарасыз.
Осы мақалада күні кешеге дейін біржақты қаралаудан
көзін ашпаған Қазан төңкерісі қарсаңындағы бірқатар басы-
лымдарға алғаш рет «байшыл-ұлтшыл, алашордашыл»
деген «кінə» тағылады. Бұл ретте сол кезең тынысын əрі
мақала авторы қаламның «ұшқырлығын» əсіресе-бейнесіз
жеткізу үшін мақаладан үзінді келтірейік: «Бұлардың (Қазан
төңкерісіне дейінгі газет-журналдардың – С.Қ.) бірлі-жа-
рымы болмаса, көбінің бағыты «Қазақ» газетінің бағытына
ұқсас, ұлтшылдық бағыт болды. Көбі: «ұраным, қорғаным,
сен, Алаш! Жолыңа құрбандық мал мен бас» деп, едəуір
айбындады. «Алаш» үшін құрбандыққа бастарын байлады.
47
Бірақ тап тартысы күшейіп, Октябрь төңкерісі қанаттанған
кезде көбі кімнің «құрбаны» екендіктерін көрсетті. Байға,
жуанға болысып, октябрьге қарсы шықты».
Міне, осындай айыптаулар Қазан төңкерісіне дейінгі ба-
сылымдардың, соның ішінде, ең алдымен, «Қазақ» газетінің
басына қара бұлт болып үйіріліп, қазақ баспасөзі тарихының
«ақтаңдақ» беттеріне айналуына негізгі себеп болғаны бар-
шамызға мағлұм.
Бұдан екінші кезеңдегі зерттеулердің баршасы біржақты
«Қазақты» сынап-мінеп, қаралау бағытында болыпты де-
ген ұғым тумауы керек. Жоғарыдағы айыптауларды, амал
жоқ, қайталай отырып, «Қазақтың» артық тұстарын айтып
қалуды мақсат тұтқан қаламгерлер де жоқ емес. Бұл қатарда
Б.Кенжебаев, Қ.Бекхожин сынды ғалым-зертеушілердің
есімдерін атауға болады. Сонымен бірге, көрнекті қалам
қайраткері С.Мұқановтың 1932 жылы жарық көрген «XX
ғасырдағы қазақ əдебиеті» деген кітабынан да таптық иде-
ология талаптарына сай, саяси айыптау тұрғысында жазыл-
ғанына қарамастан, қазақ баспасөзі тарихына қатысты кейі-
ніректе жарық көрген еңбектерге енбей қалған бірқатар со-
ны деректер мен оң пікірлерді кездестіруге болады. Соны-
мен бірге, апталықтың ұлтымызға еткен қызметін аша түсуі
де кітапты ауызға алуымызға себеп болып отыр: «Айқапта»
шала піскен мəселелерді («Қазақ» – С.Қ.) дұрыстап пісірді.
Көмескі пікірлерді айқындады. Сонымен қатар, «Қазақпен»
қазақтың тілі туды. Таза қазақ тілінде шыққан баспасөз
«Қазақ» газеті ғана болды. «Қазақ» газетінің тілінен өрбіп,
қазақша оқу құралдары шықты (53-бет)», – деген жолдар-
дан бүгінгі біздің ұғымымызға қайшы келмейтін тарихи
шындықтың тұңғыш рет пердесі түріледі. Аталмыш еңбектің
екіші қайтара жарық көрмей, архив қапасында «құлыпталып»
ұсталынып келуінің басты себебі де сондықтан деп білеміз.
«Қазақ» газеті зерттелуінің сөз болып отырған екінші
кезеңінің еншісіне қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуде
алғашқылардың қатарынан ойып тұрып орын алатын тұлғалы
ғалымдар – Б.Кенжебаев пен Қ.Бекхожиннің де еңбектері
енеді. Олардың зерттеулері бүгінгі талап тұрғысынан шын-
48
дықты бүркемелегендей болып көрінгенмен, кезінде ағынға
қарсы тоған іспетті тоталитарлық жүйенің тар шеңберіне
сыймай, сіреспе таптық идеологияның сынына ілігіп, қара-
ланып отырғанын ұмытпауға тиіспіз. Оған төмендегідей
дəлелді деректер бар.
Қазақ баспасөзінің тарихын, оның ішінде «Қазақ» газетін
зерттеушілер турасында сөз қозғағанда есімін айрықша атау-
ға тиісті тұлға – белгілі əдебиеттанушы ғалым Бейсембай
Кенжебав. Оның бұл саладағы қызметі – өз алдына жеке зерт-
теуге лайық толымды еңбек. Біз бір ғана қырына тоқталайық.
Б.Кенжебаев – қазақ баспасөзі тарихы тақырыбында тұңғыш
рет арнайы еңбек жазып, тыңнан түрен тартқан, соқтықпалы
соқпақсыз өмір жолының ыстығына да күйген, суығына да
тоңған, алайда, алған бағытынан қайтпаған үлкен ғалым, ай-
тулы азамат.
Ғалымның «Қазақ баспасөзінің тарихынан» атты тари-
хи очеркі – осы салада баспа бетін көрген алғашқы кітап.
Бір қарағанда, еңбек замана үнімен сарындас, таптық идео-
логия тұрғысынан, марксизм-ленинизм классиктерінің шы-
ғармалары негізінде жазылғандай көрінуі ғажап емес. Сөйт-
сек, оның астарлы мəн-мағынасы да жоқ емес екен. Зерттеу-
шінің онсыз да айтыла-айтыла əбден жауыр болған саяси ай-
ыптауларды қайталай отырып, бір кездері қалың қазақтың
қамқоршысы болған газет-журналдардың, тым болмаса, аты
ұмыт болмай, жаңа ұрпақтың құлағына сіңе берсін дегенді
мақсат тұтқанына төменде көзіңіз жетеді.
Мұны партияның «шаш ал десе, бас алатын» шолақ бел-
сенділері де байқамай қалмапты. Алдымен, «Əдебиет жəне
искусство» журналының 1951 жылғы 7-нөміріне Ж.Сəрсеков
деген сыншысымақтың «Тарихи шындық бұрмаланбасын»
деген мақаласы атойлап аттан салады: «Бейсембай Кен-
жебаев жолдастың «Қазақ баспасөзінің тарихынан» деген
кітапшасы да қате-кемшіліктен сау емес» – деп, ə дегеннен,
ғалымды сын қамшысының астына алатындай, кітаптың не
жазығы бар еді дейсіз. Сөйтсек, Қазан төңкерісіне дейінгі
біраз басылымның атын атап, түсін түстеп қойғаны «қате-
кемшілік» болып шығыпты. Соның бірі – біздің зерттеу объ-
49
ектімізге айналып отырған «Қазақ» газеті. Осы үшін зерт-
теушіге «қазақ ұлтшылдарының органы «Қазақ» газеті ту-
ралы да жалпыға белгілі оның буржуазияшыл-ұлтшыл газет
болғандығынан басқа түк те айта алмайды (78-бет)» деген
«кінə» тағып, айыптайды. Міне, сол заман сынының сиқы.
Мұны тиісерге қара таппағанның дəл өзі демей, енді не
дейсіз? «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесіннің» кері
ғой бұл.
Аталмыш еңбекті қаралап жазған сынның екіншісі Қа-
зақстан коммунистерінің орталық органы – «Социалистік
Қазақстан» газетінен (1951 жылдың 17-қарашасындағы са-
нында) орын тебеді. «Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеудегі
өрескел қателер» деген, атының өзі айыптап тұрған мақа-
ланың авторлары – Б.Қорқытов, Ə.Досбаев деген компар-
тия «белсенділері». Мұнда алдыңғы мақалаға қарағанда
тағылған «айыптың» салмағы едəуір зілді, сөзі өктем əрі
өтімдірек. «Б.Кенжебаев буржуазияшыл-ұлтшыл бағыттағы
газеттер («Қазақ», «Серке» т.б.) жөнінде құлшына баяндай-
ды: алашордашылардың 13 газетінің атын тізеді. Бұл – бұл
ма, автор алашордашылардың орталық органы «Сарыарқа»
газетінің совет үкіметіне, оның ұлт саясатына қарсы жазған
контрреволюциялық, жалақорлық мақаласынан бір құлаш
цитата келтіреді. Сөйтіп, контрреволюциялық идеяға трибу-
на береді», – деген айыптауда қаншама зіл жатыр десеңізші.
Бұл деген сөз уақтысында бір ғана зерттеуші-ғалымның
емес, ол бастап берген ғылым жолының алдына тартылған
ор болғандығын бізден гөрі алдыңғы буын ағалар жақсы
білуге тиіс.
Үшінші кезеңі – еліміз егемендікке қол жеткізіп, тəуел-
сіздігіміздің тұғыры нығайып жатқан бүгінгідей, қазақтың
өз қолы өз аузына жеткен уақытта туған туындылардан
тұрады.
Сонау сексен бестің (1985) сəуір лебімен ілесе кеңестік
тоталитарлық жүйе шытынап, үкілі үкімет – демократия
мен жариялылықтың арасында өшкеніміз жанып, өлгеніміз
тірілгендей күйді бастан кештік. Еңбектерін айтасыз, атта-
рын атауға қатаң тыйым салынып келген ардақты Алаш
50
азаматтарының бірінен соң бірі «ақталып», арамызға қайта
оралуын солай қабылдадық. Сол ұлы дүрмектің ішінде
Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ зиялыларының мінбері, шы-
ғарушыларымен қоса өзі нақақ жаланың құрбаны болған
«Қазақ» газетінің халқымен қайта қауышуы да бар.
Содан бергі уақытта «Қазақ» газеті туралы біраз зерттеу
еңбектер дүниеге келіп үлгеріпті. Атап айтқанда, Ү.Сұбхан-
бердинаның, М.Қойгелдиевтің, Ө.Əбдіманатовтың, Ж.Нұс-
қабайұлы мен Қ.Аллабергеннің жəне сонымен бірге газет
туралы азды-көпті мəлімет беретін Ғ.Ахмедов пен К.Нұр-
пейісовтің оқырман көз қуанышына айналған Алаш қозға-
лысы мен баспасөзіне арналған кітаптары жоғары бағалану-
ға əбден лайық.
Əсіресе, библиограф-ғалым Үшкүлтай Сұбханбердина-
ның «Қазақ» газетінің халқымен қайта қауышуына қосқан
үлесі қомақты екенін бөле айтқанымыз жөн. Зерттеуші бұл
игілікті іспен 1956 жылдан бері айналыса бастаған екен. Сол
кезден газет тігінділерін тартып, басылым материалдарының
картотекасын түзуге көз жұма кірісуі – ерлікке пара-пар іс.
Жеке басқа табыну зұлматының ызғары басылды дегенмен
де, үстемшіл орталықтың өктемдігі жүріп тұрған мезгілде
мұны қолға алу отпен ойнаған көбелектің күйін көз алдыңызға
келтіреді. Бар айырмасы, ғалымның оған саналы түрде бар-
ғандығы. Осындай ерлік пен өрлікті паш ететін жанкешті
еңбегінің арқасында кешірек болса да қолымызға тиген
«Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа» газеттерінің мазмұндалған
библиографиялық көрсеткішін қалай бағаласақ та артық бол-
майды. Бұдан басқа да екінің бірінің қолы жете бермейтін
архив материалдарын ғылыми айналымға енгізіп, қазақ мер-
зімді баспасөзіне қатысты құнды-құнды дүниелер тудырып
жүргені көзіқарақты оқырманға етене таныс. Ал 1997 жылы
жарық көрген, Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясында ба-
сылып шыққан, «Қазақ» газеті материалдарының іріктелген
мəтіндік жинағы осынау қызметінің ұшар биік шыңы деп
бағаланарына ешбір күмəніміз жоқ. Оған құрастырушы ав-
торларының бірі ретінде қатысқанымды өзім мақтаныш са-
наймын.
51
«Қазақ» газеті туралы соңғы кездері республикалық бұ-
қаралық ақпарат құралдарында да аз айтылып, кем жазы-
лып жүрген жоқ. Атап айтқанда, М.Əнесұлының, Ө.Əбді-
мановтың, Р.Əлмұқановтың, М.Бекбосыновтың, А.Бениг-
сеннің, С.Дəуітұлының, америкалық ғалым, түрік қызы Б.Де-
низдің, М.Жармұхамедовтің, А.Мектеп пен Қ.Əбіштің,
Г.Міржақыпқызының, Б.Момынованың, А.Сармурзин мен
М.Қойгелдиевтің жəне Ф.Оразаевтың, т.б. республикалық
газет-журнал беттерінде жарық көрген естелік-зерттеулері,
мақалалары осы тақырып турасында сөз қозғайды, өзін-
дік пікірлерін білдіреді. Бұл еңбектердің «Қазақ» газеті-
нің қадір-қасиетін тани түсу үшін қомақты үлес болып
табылатындығын ерекше айтуға тиіспіз. Сонымен бірге олар-
дың барлығын бірдей ғылыми негізде шындық тұрғысынан
жазылған дүниелер деп қабылдау дұрыс болмайды. Арасын-
да ақиқатты бұрмалап көрсетіп, өз пайдасын көздеген ту-
ындыгерлер де жоқ емес. Оған еңбегіміздің тиісті жерінде
тоқталатын боламыз. Сондықтан бұл еңбектерді сыни тұр-
ғыдан елеп-екшеп барып қажетке жарату керектігін назарда
ұстаған дұрыс.
Міне, көріп отырсыздар, «Қазақ» газетін зерттеуге бай-
ланысты осыған дейін де аз жұмыс жасалынбапты. Осының
өзі – еңбекке арқау болған тақырыптың көкейтестілігі мен
қоғамдық сұранысқа ие болып отырғандығының тағы бір
дəлелі. Бірақ, бұдан «Қазаққа» қатысты мəселе сарқа жы-
зылып, ақырғы нүкте қойылыпты деген ой тумауы керек.
Ол – біздің де мақсатымызда жоқ, болашақтың шаруасы,
өйткені, «Қазақ» – тарихы күрделі, көтерген мəселелері
қомақты да көкейтесті əрі жан-жақты, талай ғылым саласы-
на, сондай-ақ, барша жұртымызға рухани мол азық боларлық
энциклопедиялық басылым. Оны философтарымыздан бас-
тап, тарихшы, саясаттанушы, экономист, этнограф, фило-
лог, өнертанушы, т.б. ғалымдарымыз жұмыла зерттегенде
ғана терең де толық игеруге мүмкіншілік туады деп білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |