Бағдарламасы бойынша жарық көрді Сақ Қ. С 17 Алаш мұрасы./ Қ. Сақ. Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2014



Pdf көрінісі
бет8/37
Дата31.12.2021
өлшемі1,34 Mb.
#22411
түріБағдарламасы
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   37
ШЫҢЫРАУДАН ШЫҚҚАН ШЫНДЫҚ
 
Бүгінде ғой, əйгілі Қазан төңкерісіне дейін бес жыл бойы 
үздіксіз жарық көріп, халқының шын мəніндегі қамқоршысы 
бола  білген,  сол  кездегі  қоғамдық  өмірдің  айнасы  іспетті 
«Қазақ» газеті туралы сөз айту онша қиынға түспей тұрғаны. 
Ал осыдан отыз-қырық жыл бұрын ол жөнінде сыр ақтармақ 
түгілі,  атын  атаудың  өзі  оңай  болмағанын  алдыңғы  буын 
болмаса, кейінгі жас қайдан білсін? ХХ ғасырдың 50-жыл-
дары қаралы жеке басқа табыну зұлматының екінші кезеңі 
болып тарих сахнасының төрінен орын иемденгені белгілі. 
Жай  халықты  айтпағанда,  атағы  берісі  алты  Алашқа,  əрісі 
əлемге  əйгілі  деп  жүрген  атанжілік  азаматтарымыздың  өзі 
жөнсізден-жөнсіз  қуғын-сүргінге  ұшырап,  зəбір-жапа  шек-
кені  сол  аласапыран  заман  ызғарын  көз  алдыңызға  елес-
теткендей болмай ма?
Осындай шаш ал десе, бас алатын уақытта басты бəйгеге 
тігіп, халық қамына қызмет ету екінің бірінің қолынан келе 
бермегендігі баршамызға аян. Сөйтсе де, көп ішінде бір құ-
ла демекші, ел арасынан шыққан, жұрт мақсаты үшін қиын-
дығына көніп, ауыртпалығын мойнымен көтеруге белді бе-
кем буған азаматтар да кездеспей қалмайды. Егер соның бірі 
қазақтың  қарапайым  ғана  қаракөз  қызы  болса,  оған  қалай 
қайран қалмассыз.
Иə,  дəл  солай.  Бүгінгі  біздің  кейіпкеріміз – Үшкүлтай 
Сұбханбердіқызы  ол  кезде  Қазақ  КСР  Ғылым  Академия-
сының Орталық ғылыми кітапханасында жəй ғана библио-
граф  болып  қызмет  істейді  екен.  Сөз  орайы  келгенде  айта 
кеткеннің артықтығы болмас, қолдағы алтынды бағалай біл-
мейтін  халық  емеспіз  бе,  ғалымның  елге  сіңірген  есепсіз 
еңбегінің қадірін əлі күнге бағалай алмай жүргеніміз соның 
бір  көрінісі  демеске  амалымыз  жоқ.  Əйтпесе,  еңбегіне  сай 
атақ алмай, қызметі де сол күйінде қалып келе жатуын не-
мен  түсіндіруге  болады? «Ештен  де  кеш  жақсы»  демекші, 
бəлкім  бұл  олқылықтың  орны  бүгінгі  тəуелсіздік  тұсында 
толтырылар.  Ол  пайғамбар  жасындағы  ғалым  үшін  емес, 
оның жолын қуған кейінгі жас буын үшін үлгі болар еді. 


39
«50-жылдары  алғашқы  басылымдардың  библиография-
сын дайындап жүргенімде «Қазақ» жариялаған материалдар-
ды да қоса жинаған едім. Əрине, ол кезде бұл басылымның 
бағы  ашылады  деп  ойлаған  емеспін,  олай  ойлаудың  өзі 
қылмыспен  бара-бар  уақыт-тұғын», – деп  есіне  алады  сол 
бір аласапыран кезең туралы библиограф-ғалым газетіміздің 
алғашқы  санында  жарияланған  естелігінде.  Осыған  қарап, 
Ү.Сұбханбердіқызының «Қазақтың» жуық арада ақтала қой-
майтынын біле тұрып, оған соншама уақытын бөлуіне не се-
беп болды екен деген ойға қаламыз. Сөйтсек, оның сыры да 
жоқ емес екен. Бұл басылымның қазақ баспасөзі тарихында 
орны  ерекше  екенін  енді  біле  бастадық.  Жас  ғалымды  от-
пен ойнауға жетелеген бірінші себеп осы болса, екіншіден, 
отызыншы жылдары жазықсыз жазаға ұшыраған Алаш аза-
маттарының бірінің перзенті болғаны əсер етсе керек. Өзі-
нің  айтуынша,  əкесі  Сұбханберді  мұғалімдік  қызметпен 
қоса  қазақ  баспасөзі  тарихын  зерттеумен  де  айналысқан 
екен.  Кейіннен  əдеттегідей  «халық  жаулары»  қатарында 
айыпталып, жазаға тартылған уақытта артында қалған мол 
мұрасы, оның ішінде Қазан төңкерісіне дейін шыққан қазақ 
басылымдарының  тігінділері  де  бар,  өртелініпті.  Соны 
көзден кешірген қаршадай қыз бертініректе сол мұраны қай-
та қалпына келтіріп, əке жолын жалғастыруға, оның амана-
тын ақтауға бүкіл ғұмырын арнапты. 
Бұл  жолда  алған  асулары  да  аз  емес.  Оған  библиограф-
ғалымның 1961 жылы  «Айқап»  журналының  бетіндегі 
мақалалар  мен  хат-хабарлар», 1963 жылы  «Қазақтың  ре-
волюциядан  бұрынғы  мерзімдік  баспасөзіндегі  материал-
дар», 1986 жылы «Қазақ кітаптары», 1989 жылы «Дала уа-
лаяты»  газеті: «Əдеби  нұсқалар»  атты  жарық  көрген  биб-
лиографиялық  көрсеткіштері  куə.  Бұл  дүниелердің  қай-
қайсысы  да  бір  кісінің  бүкіл  ғұмырына  татырлық,  халқы-
мыздың  ғасырлар  бойғы  рухани  азығына  айналар  құнды 
қазына екеніне ешкім дауласа қоймас. Сөйтсе де, ғалым апа-
мыз шаршап-шалдығуды білмей, бір мезгіл демалыс дегенді 
ұмытып,  қолға  алған  ісін  екі  есе  жігермен  жалғастырумен 
келеді. «Дала уалаяты» газетінің екінші, үшінші томын жа-


40
рыққа  шығарып,  төртінші  томын  баспаға  əзірлеп  үлгерген 
библиографтың тағы бір үлкен шаруаның тізгінін ұстап оты-
руы  соның  дəлелі.  Қайтсін,  жиі-жиі  жанын  мазалап,  көңіл 
түкпірінде жүрген мəселенің пісуі жеткен уақытты ұтқызып 
алмауға асығады да. Оның сыры да түсінікті. Сонау елуінші 
жылдары  қолмен  көшіріп  алып,  көзінің  қарашығындай 
сақтап  келген  «Қазақ»  газетінде  жарияланған  материалдар 
библиографиясын  халқымен  қайта  қауыштыру  о  бастағы 
асыл  арманы  емес  пе  еді?  Кеш  те  болса  соған  мүмкіндік 
туып  жатса,  оған  қалай  асықпасын.  Оның  үстіне,  бұл  ең-
бегі  осы  күнге  дейін  жарияланып  үлгерген  дүниелерінің 
шоқтығы боларына күмəні жоқ. Ол рас та. Өйткені, бұл ба-
сылым  болашақта  қазақ  рухани  мұрасының  төрінен  орын 
иемденетініне  Үшкүлтай  апай  атар  таңдай,  шығар  күндей 
кəміл сенеді.
Міне,  қолымызға  тиіп  отырған  «Қазақ»  газеті  библио-
графиялық көрсеткішінің тарихы осылай болып келеді. Бұл 
еңбек  тасада  қалған  бай  мұрамызды  игеруге  жасалынған 
алғашқы қадам екендігімен де құнды. Сонысымен де «Ғы-
лым»  баспасы  басып  шығарған  кітапты  жыртығымызды 
жамап,  жоғымызды  бүтіндеп  тұрған  қымбат  қазына  деп 
бағалауымызға  əбден  болады.  Оның  үстіне,  кітап  өз  ісінің 
шебері,  кəнігі  библиографтың  қолынан  өткенін  ескерсек, 
құнының еселей артарына күмəніміз қалмайды. Əсіресе, көр-
сеткіштің ірілі-ұсақты 18 тармаққа таратылып түзілуі көңі-
лімізден  шыққандығын  жасыра  алмаймыз.  Осылай  ету  ар-
қылы библиограф газетке жарияланған материалдарды орна-
ластырудың тиімді жолын игерген. Тақырып-тақырыпқа бө-
лінген  туындылар  əрі  оқырман  қызығушылығын  арттырса, 
əрі  уақыттарын  тиімді  пайдалануларына  септігін  тигізеді. 
Оған  бір  ғана  «Самодержавияның  аграрлық  саясаты  жəне 
қоныс  аудару  қозғалысы»  атты  тақырыпты  тілге  тиек  ету 
арқылы көз жеткізу қиынға түспейді. Бұл тақырып осы күн-
ге  дейін  тарихымызда  орны  ақтаңдақ  болып  келе  жатқан 
мəселелердің бірі екендігі белгілі. Ендігі жерде олқылықтан 
арылуды  ойласақ,  Қазан  төңкерісіне  дейін  жарық  көрген 
газет-журналдардың шоқтығы – «Қазақ» басылымына да көз 


41
жүгіртеріміз  даусыз.  Сонда  көрсеткіштің  осы  тақырыппен 
берілген мақалалары көзімізге оттай басылып, оңай жерден 
олжаға кенелгендей күй кешеріміз хақ.
Кітаптың екінші бір құнды жері – жарияланған материал-
дардың тақырыптарымен қоса қысқаша мазмұнына түсінік-
теме  берілуі.  Бұл  библиографтың  кітапты  баспаға  дайын-
дамас  бұрын  көп  ізденіп,  жалықпай  еңбектенгендігін  көр-
сетеді. Əр материалды көз майын тауыса оқып шығып, маз-
мұнын  қағазға  түсіру  айтуға  жеңіл  болып  көрінгенмен  де, 
анығында  ауыр  жұмыс  екенін  онымен  шұғылданған  кісі 
жақсы біледі. Ал тақырыбы белгілі туындыны іздеп тауып, 
қажетке  жарату  көп  қиыншылыққа  түспейтіні  белгілі.  Сол 
себепті  библиографиялық  көрсеткіш  көмегімен  ойға  алған 
ісін  орындауға  көңілі  ауған  оқырманның  кітап  авторына 
алғыстан басқа айтары болмасына шүбəміз жоқ.
  Кітапта  «Қазақпен»  қатарласа  жарық  көрген  «Алаш», 
«Сарыарқа»  газеттерінде  жарияланған  материалдардың  да 
библиографиялық  көрсеткіші  қоса  берілген.  Бұл  басылым-
дардың да осы күнге дейін дұрыс зерттеу көрмей, көпшілік 
қауымға беймəлім болып келе жатқаны белгілі. Осыны жан-
дүниесімен  түсініп,  олқылықтың  орнын  толтыруды  ниет 
еткен  ғалым  еңбегін  қалай  бағаласақ  та  жарасады.  Мұны 
шаң басқан архивтерде саусақтың ізі түспей, көмулі жатқан 
қымбат қазыналарды игеріп, халқына қайта қайтаруды өмір-
лік  мұратына  айналдырған  библиографтың  құнды  дүниесі 
деп білеміз. Бір əттеген-айы, үш басылымды жалғыз кітапқа 
тоқайластырмай, бөлек-бөлек басып шығарған орынды бо-
лар ма еді деп ойлаймыз. Аталмыш газеттердің қай-қайсы-
сының да оның жүгін көтеретінін айтып жату артық болар. 
Бұл оқырманға əрі оңай, əрі түсінікті тиер еді.
Мұны  бүгінгі  нарық  қыспағынан  өкпесі  тарылып,  күн 
көрісі қиындап отырған баспа орындарының амалсыздықтан 
тапқан жолы деп түсінеміз. Қағаз, қаржы тапшылығы артып, 
күнкөріс қымбатқа түсіп отырған уақытта кітап шығарудың 
өзі  ерлікпен  пара-пар  екені  белгілі.  Сол  себепті  де  мұны 
кемшілікке санамаймыз.


42
Тұтастай алғанда, Қазан төңкерісіне дейін араб емлесінде 
жарық көрген қазақ жазба нұсқаларын жинап-теріп жария-
лауға, оларды зерттеп, халқына танытуға бүкіл саналы өмірін 
арнап  жүрген  библиограф-ғалым  Үшкүлтай  Сұбханбер-
діқызының  тағы  бір  құнды  туындысы  дүниеге  келді  деп 
ұялмай айтуымызға əбден болады. 
«Қазақ» газеті,
1993 жылдың сəуірі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   37




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет