Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С. Абдрахманов, Н. Асқарбекова, Р. Асылбекқызы



Pdf көрінісі
бет19/22
Дата14.02.2017
өлшемі2,02 Mb.
#4133
түріБағдарламасы
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

КІЛТІ ЖОҚ ҚҰПИЯ...
Рымжан Мəжитқызы СЕЙФУЛЛИНА, 
Қарпық ҚҰСАЙЫНОВ
Ашық хат орайында
«Сəкен Сейфуллин 1938 жылы ақпанның 25-де атылды» 
деген анықтамасының аясынан алшақ түсіп жатқан деректер 
жетіп артылады.
Бұл - белгілі  журналист  Қуаныш  Ахметов  мырзаның 
«Қазақ əдебиеті» газетіндегі «Құпияның кілті кімде?» атты 
мақаласындағы  пікір (22 қаңтар, 1999 ж. ) Сол «...жетіп 
артылып  жатқан  деректерге»  қосымша  біраз  жағдайларды 
айтсақ деп едік.
Иван  Николаевич  Мудров  ақсақалдың  Сəкен  ағаны 
білетіндігі  туралы  газеттер  бетінде  жарияланған,  Жазу-
шылар  одағына  хабарлаған  жəйттері  туралы  біз  де  естіп, 
біліп жүргеміз. Содан 1990 жылдың тамыз айында ол кісіні 
əдейі іздеп Қарағандыға бардық. Қасымызда белгілі сазгер, 
сол  кездегі  «Батық»  кеңшарының  директоры  Жағыпар 
Əлімханов  бар.  Ол  жігіт  Сəкенге  аталас  туыс,  Сəкен  аға-
ның  алтыншы  атасы  Мырзамбеттен – Күшікбай,  Естемес, 
Ескене, Досқана, Балапан, Тəстен, Таймас, Дулат атты сегіз 
ұл туған Ескенеден – Сəкен аға, Досқанадан – Жағыпар. Біз 
Иван Николаевичтің үйіне кешкі сағат 5-6-ның шамасында 
келдік. Ол үй жанында 4-5 көршілермен далада отыр екен. 
Біз  Сəкен  ағаның  осындай  туыстары  боламыз  деген  соң, 
ол  кісі  бір  түрлі  қобалжып,  тебіреніп  сөйлеп  кетті.  Сөзін 
бөлмей,  ұйып  тындадық.  Сөздің  жалпы  мазмұны  сол 
Қ. Ах метов жазғанға келеді, оған дейін де біраз жазылған. 
Содан  кейін  əр  түрлі  сұрақтар  беріп,  кейбір  жағдайларды 
анықтадық.  Əңгіме  ұзақ,  сұрақтарымыз  да  аз  болған  жоқ. 
Соның кейбіреулерін келтірейік.

338
Мысалы, «Сіз  Сəкенмен 1939-1940 жылдары  бірге 
болдым  дейсіз,  ал  ресми  өкімет  мекемесінің  ол  кісі «1938 
жылы  ақпанның 25-де  атылды,  үкім  орындалды»  деген 
анық тамасы  бар  ғой,  сонда  қалай  болғаны» – дедік  Иван 
Николаевич  селк  етіп,  дірілдеп,  қатты  ашуланып  кетті  де: 
Олар  қашан  шындықты  айтып  еді,  бəрін  қолдан  жасады 
ғой, əйтпесе, соншама халық жауы қайдан шықты?» – деді. 
Ол  кісінің  өңі  мүлде  өзгеріп,  беті  жыбырлап,  аяқ-қолдары 
дірілдеп,  таяғын  маңдайына  тіреп  отырып  қалды.  Біз 
үнсіз  отырмыз,  ол  кісінің  мына  күйі  бізді  де  тұнжыратып 
жіберді.  Əлден  уақытта  өзіне-өзі  келіп:  «...балалар,  мен 
сендерге  шын  айтып  отырмын,  сендерді  түсінемін,  бірақ 
мен Сəкенмен бірге болғаным рас.
–  Мен  Сəкенді  қалай  ұмытамын.  Мүмкіндік  болғанда 
кездесіп,  əңгімелесіп  тұратынбыз.  Орыс  тілінде  өте  таза, 
əдемі сөйлейтін еді. Оның үстіне сүйкімділігі қандай! Менің 
шағын арызымды өзі жазып берген. Біраз уақыт Сəкен жоқ 
болып  кетті.  Ол  қашып  кеткен  шығар  деген  сөз  шықты. 
Апрель  айында  қар  ери  бастаған.  Содан,  эстакаданың 
астындағы  қар  кеткенде  бір  адамның  денесі  табылды. 
Мен  бірден  таныдым  –  Сəкен!  Ешбір  өзгермеген.  Егіліп 
жылап  жүріп  бір  қазақ  жігіті  екеуміз,  жалпы  қорымның 
шетінен шұңқыр қазып, Сəкенді жерледік. Бір аяқ, бір қолына 
аты-жөнін,  қойған  күні  жазылған  тақтайша  байладық.  Ол 
жерді мен өмірде ұмытпаймын», – деді – Ал сіз өзіңіз қандай 
айыппен ұсталдыңыз? – деген сұраққа: «Мен Қарағандыда 
34-шахтада  ауысым  (смена)  инженері  болып  істейтінмін. 
Бір смена аяқталған соң, лаваны екінші сменаға тапсырарда, 
лава  төбесінің  біраз  жері  жарылып,  құлайтындай  болып 
көрінді.  Мен  смена  бастығына  осы  жерді  көрсетіп,  мына 
жерді тіреуге бөрене болмай қалды, сен ағаш келісімен ең 
алдымен осы жерді тіре немесе кілет сал (ағаштарды төрт 
бұрыштап  айқастырып,  төбеге  дейін  қалап  шығу)  дедім. 
Солай келісіп мен сменаны тапсырып шығып кетттім. Енді 
16 сағатын кейін мен жұмысқа келмекшімін. Бірақ мені 12 
сағаттан  кейін  үйден  ұстап  əкетті.  Ештеңе  білмеймін.  Екі 
ай  бойы  тергеу.  Сондағы  айтатындары  «Кеңес  өкіметіне 
неге  қарсысың,  қандай  шетелдік  барлаушылармен  байла-
ныстысың,  шахта  жұмыскерін  неге  өлтірдің»  т.б.  толып 

339
жатқан  жалалар.  Ақыры  көрсетпеген  қорлығы  жоқ,  хатта-
маларына  қол  қойғызып  алды.  Кейін  сот  болғанда  бір-ақ 
білдім.  Баяғы  лаваның  төбесіндегі  жарылып  тұрған  жер 
құлап,  екі  адамды  басып  қалған.  Оны  тіреп  қауіпті  тоқ-
татуға  анау  смена  бастығының  мүмкіндігі  болмаған, 
себебі  лаваға  ағаш  жеткізілмеген.  Ол  шындықты  айтқан. 
Содан  айыпты  деп  мені  ұстаған.  Бар  айыбым  осы, – деді. 
Бірақ, 1940 жылдың  екінші  жартысында  мен  ақталдым, 
ерікті  болып  бос  жүрдік.  Содан  біраз  ақша  табайық,  елге 
киініп,  олжамен  барайық  деп,  сол  жерде  жұмысқа  бір  топ 
адам  қалдық.  Тамақ  тоқ,  жалақы  жақсы.  Сөйтіп  жүргенде 
соғыс  басталды,  елге  қайтсақ  əскерге  алатын  болды,  ал 
мұнда  Сібірге  жұмыскер  керек,  содан  өзіміз  еркімізбен 
сонда  қалып  жұмыс  істей  бердік. 1941 жылдың  жазында 
Сейфуллин де ақталды, бірақ ол кезде ол өліп қалған еді. Біз 
бір-бірімізге қарап, Иван Николаевичтің осы сөзін күдікпен 
қабылдадық.  Себебі  Сəкендей  көрнекті  адам  ақталса,  бір 
хабар  елге  қалай  жетпек  деген  ойлар  келді.  Көп  əңгіменің 
қысқаша  түйіні  осы.  Келесі  жазда  Жезқазған  облысынан 
арнайы  комиссия  құрылып,  Иван  Николаевичті  алып, 
ішінде  Сəкен  Сейфуллин  атындағы  кеңшардың  директоры 
Шəкизада  Əбілдин,  журналист  Аппаз  Қаражігітов  бар, 7 
адам Магаданға барып қайтты. Олар туралы біраз жазылды, 
нəтижесі белгілі Сəкеннің сүйегі табылған жоқ.
Сəкен  ағаның  бұл  жерде  атылмай,  тірідей  айдауға 
кеткені туралы тағы бір дерек.
«1991 жылдың март айының бір күндері республикалық 
радиодан  бізді  елең  еткізген  бір  хабар  берілді.  Хабарда 
белгілі  бір  радиожурналист  Торғай  облысы,  Арқалық  ау-
даны, Қайыңды кеңшарының тұрғыны Мырсалық Исмайлов 
ақсақалдың  Сəкен  туралы  əңгімесін  таспаға  жазып  алған 
екен.  Сол  ақсақалдың  сөзі  бойынша  Сəкенмен  лагерьде 
Құлымбетов, Жансүгіров, Майлин бəрі бірге болған. Сəкен 
есі ауысыңқырап, дауыстап əр нəрсені айтып жүреді екен. 
Бір  күні  жоқ  болып  кетеді.  Содан  Құлымбетов  ақсақал 
іздестіріп, сұрау салып, өліп жатқан Сəкеннің денесін тауып 
алады,  бірақ  жерлеуге  қатыса  алмайды.  Сол  Мырсалық 
ақсақалға  хат  жазып  мынадай  жауап  алдық.  Хат  мəтінін 
ешбір өзгеріссіз толық келтіріп отырмыз».

340
«Қарағым,  Рымжан!  Сенің  жазған  хатыңды  алдым. 
Мен  қазір 88 жастамын.  Көзім  көрмейді,  құлағым 
естімейді. Өзім 18 жыл түрмеде отырып келдім. Менің 
Сəкен туралы білетіндігім төмендегідей: Алматыда 1937 
жылдың  декабрь  айынан  бастап 1938 жылдың  март 
айына  дейін  ГПУ-дің  «сосновый  парктің»  астындағы 
түрмесіне  отырдық. 1938 жылдың  март  айында  ату 
жазасына  бұйырылдық.  Атылды  деп  хабарлады.  Бірақ 
біздерді (Сəкен тірі) жабық машинамен, жабық поезбен 
Игарка  деген  жерге  апарды.  Одан  Бодайбо  деген  жерге 
апарды.  Солопкіге  апарды. 1942-нің  аяғы 1943 жылдың 
басында сол лагерьде Ілияс Жансүгіров өлді. Өлген адамдар 
көп  болды.  Көбі  өлген  жерінде  қалды.  Сəкенді,  мен  бір 
орыс жігітімен, шұқыр ойып көмдік. Содан кейін мен ол 
жерден кетіп, бізді қайтадан Бодайбоға əкелді. Бейімбет 
Майлин Бодайбода қалды. Ол жерде отравление болады 
деп,  ол  жерді  улаған.  Ол  жерге  бару  қауіпті.  Ол  кісінің 
сүйегін тауып алу мүмкін емес.
Сəкеннің еңбектерін толық шығарып, игілігіне ұсын-
саңдар  үлкен  ғанибет  сол  ғой.  Менің  ақылым:  Сəкеннің 
сүйегін іздеп текке əуре болмаңдар, табу өте қиын.
Сəулем Рымжан! Үлкен талабың бар екен, орындалуы 
екі талай, өздерің шешіңдер. Сау бол, бақытты бол! Үй-
ішіңе тегіс сəлем.
Тілектестік ниетпен Исмайлов Мырсалық ақсақал.
7. 04. 1991 жыл».
Міне,  Мырсалық  ақсақалдың  бізге  қайтарған  жауабы, 
ешбір  өзгеріссіз  (үтір,  нүктесіне  дейін)  толық  келтіріп 
отырмыз. Хаттың түпнұсқасы сақтаулы.
Бұдан кейін сол жылы тамыз айында Қарағанды облысы, 
Нұра ауданы «Балықтыкөл» кеңшарында Сəкенмен айдауда 
бірге болған бір кісі бар деп естіп, сол кісіні іздеп бардық. 
Апарған Сəкеннің аталас туысы, сол кезде Ортау кеңшарының 
директоры Дəрібаев Қару деген жігіт. Ол Əлиев Сейіт деген 
ақсақал. Сол жылы 87-де екен. Біз жөнімізді айтқан соң əуелі 
көңілі бұзылып, біраз жылап алды. Айтқан əңгімесі мынау: 
«1938 жылы Ақмола маңындағы бір ұжымшарда комсомол 
ұйымының  хатшысы  болып  істегенмін.  Сайланғаныма 5-6 

341
айдай  уақыт  болған.  Бір  күні  қазан  айының  аяғына  таман 
қызметте  отырған  жерімде  тұтқынға  алды.  Ешқандай  сөз 
жоқ  абақтыға  əкеліп  қамап  қойды.  Күндіз-түні  жауап  алу, 
ұрып-соғу,  сен  шпионсың,  шыныңды  айт,  Кеңес  өкіметін 
қалай  құлатпақшы  болдыңдар  деген  жала  сұрақтар.  Шы-
нымды  айтсам,  ол  кезде  шпион  деген  сөздің  не  екенін  де 
білмейтінмін.
Содан 1938 жылдың наурыз айында сот болып, «саяси 
қылмыскер, 25-жылға  сотталсын»  деген  үкіммен  айдалып 
кете бардым. Содан Қиыр Солтүстіктегі, бір қалаға əкелді.
Осы  жерде  сотталғандарды  жинап,  əр  түрлі  лагерьлерге 
бөледі  екен,  карентін  қылып 30-40 күн  ұстайды  екен.  Сол 
карентінде Сəкенмен бір айдай бір палатканың ішінде жат-
тық.  Бізбен  бірге  Ақмоланың  обкомының  бір  хатшысы, 
тағы  басқа  біраз  жоғары  қызметтер  атқарған  ересек 
кісілер  болды»  Мен  сықылды  жастар  оншақты  адамбыз, 
барлығы 30-ға тарта болдық. Сəкен ағаны алғаш күннен-ақ 
таныдым,  бала  күнімде  Ақмолада  талай  көргенмін.  Оның 
үстіне Сəкеннің аты ол кезде аңызға айналып кеткен үлкен 
адам ғой. Сол палаткада аштық пен суықты көріп жаттық. 
Сөйлесу өте сирек. Көбісі үндемейді. Байқағаным үлкендер 
өте аз ұйықтайды. Азғантай əңгімелері де сол палаткадағы 
адамдар ұиықтағаннан кейін болады.
Бір күні таңғы сағат 3-4 кезінде оянып кетсем, Сəкен аға 
жəне 2-3 ересек  кісі  төрде  ақырын  əңгімелесіп  отыр  екен. 
Сонда мынаны естідім:
–  Ештеңе  түсіне  алмадық  қой.  Біз  азды-көпті  біраз 
қызметтер  атқардық,  көп  жерлерде  сөйледік,  жазғанымыз 
да  бар.  Бір  жерден  қателесуіміз  мүмкін  ғой.  Ал  мынау 
Сейіт не бүлдіре қойды екен, жігіт жас қой, оған да 25 жыл 
беріпті. Өкіметке бір бəле келді ғой деймін, əйтпесе үлкен-
кіші бəрі қалай халық жауы болып кетті? Сəкен аға осыны 
айтып,  тоқтап  қалды.  Екі-үш  күннен  соң  бізді  бөліп-бөліп 
жан-жаққа  таратты.  Содан  кейін  Сəкен  ағаны  кергенім 
жоқ.  Бірақ  бір  лагерьден  бір  лагерьге  адамдар  ауысып 
келіп  жатады.  Солардың  бірінен 1943 жылдың  жазында 
«Сəкен  қыста  қайтыс  болды»  деп  естідім,  ал  қай  жерде, 
қалай болғанын сұрамадым. Лагерьдегі адамдар бір-бірінен 
көп  əңгіме  сұрамайды.  Бас  изесіп  амандасып,  сараң  ғана 

342
сөйлесіп  тоқтайтынбыз.  Мен  Сəкен  аға  туралы  білетінім 
осы», – деп ақсақал əңгімесін тоқтатты.
Міне,  Сəкен  ағаны 1938-1943 жылдары  көрдік,  бірге 
болдық  деген  үш  қарияның  əңгімесінің  қысқаша  мазмұны 
осындай.  Бұл  кісілердің  əңгімесін  жоққа  шығаруға  ешбір 
қисын  жоқ.  Бəрі  де  абзал  қариялар.  Жəне  Сəкен  туралы 
өтірікке  барады  деуге  негіз  жоқ.  Сол  Қуаныш  Ахметов 
мырзаның  «Құпияның  кілті  кімде»  деген  сұрағы  мəңгі 
қалар.  Оған  жауап  айта  алады  деген  буыннан  қалған  адам 
өте  аз.  Бірақ  өмірде  талай  құпиялар  ашылып  жатыр  ғой, 
мүмкін  бұл  құпия  да  ашылар.  Ал  ақиқатына  келгенде 
Сəкен  ағаны  көрген,  жоқтаған  адам  аз  болған  жоқ.  Халық 
жүрегінде мəңгі ұйып қалған тұлға.
Сəкен ағаның аман калған жалғыз інісі Мəжит Сейфул-
лин де, ізденген жоқ. Бірақ ол кісі бұл өмірден сонша түңіл-
ген,  адамға  сенімі  қалмаған,  бəріне  көніп,  ішінен  тынған 
адам»  еді.  Кезінде  Сəкеннен  қаншама  жақсылық  көрген 
кейін  өзі  де  талай  жақсылық  көрсеткен  адамдарының 
өзі  сатқындық  жасап,  теріс  қарап  кеткенін  көрген.  Бізге, 
балаларының  өзіне  көп  білгенін  айтапай  кетті.  Өз  басы, 
1955 жылға дейін тиісті мекеменің құрығында болды.
Сəкен  туралы  ақиқатты  барынша  беріле  іздеген  есіл 
азамат.  Орыншайық  Ыдырысов  еді. (Алматы  облыстық 
милиция  бөлімінің  кадр  бөлімін  басқарған),  ойындағысын 
орындай  алмай  кетті.  Ол  азаматтың  ізденісін  қолдаған 
Жанатбек  Құсманғалиев,  Мəсімхан  Бейсебаевтар  болды. 
Осының  нəтижесінде  Сəкенді  тергеп,  қорлаған  Иванов 
қызметінен босатылып, шенінен айырылды. Оған əрі қарай 
жаза  қолдануға  болады  екен,  бірақ  Сəкен  ағаны  жоқтап 
қуушы  болмады.  Сəкен  ағаның  қамқоршылығын  көрген 
екі кісі ақсақал жазушы бас тартты. Сонымен, Орыншайық 
амалсыз бармағын тістеп тоқтап қалды.
Егер  сол  кезде  Жазушылар  одағында  Оралхан  Бөкеев 
сықылды  бір  табанды  адам  қолдағанда  (Сəкен  ағаның 
денесін  іздеуге  арнайы  комиссия  құрғызып,  Магаданға 
жіберуге  бірден-бір  себепші  болған,  үнемі  қадағалап 
отыр ған  осы  марқұм  Орекең  еді).  Иванов  қасқөй  жаза-
ланатын  да  еді...  Не  керек,  əңгіме  осылай  тоқтады.  Біздің 
қолымыздан келгені əкеміздің басына 1987 жылы құлпытас 

қойғанда,  сол  жерге  Сейфекеңе,  Сəкенге,  Мəлікке  де  ес-
керткіш  тас  қойдық.  Əруақтары  бірге  болсын  деп  туған 
жері  Қарашіліктен  топырақ  əкеліп  салдық.  Жыл  сайын 
көктемде əлгі туған топырағы жайылған жерде арқаның боз 
көдесі, бетегесі, қызғалдақ, сарғалдақ гүлдері түрленіп өсіп, 
жайқалып тұрады. Соның өзі бізге қуаныш. Ал 31-мамырда 
Алматыда қабылданған рəсім бойынша Талғар ауданында-
ғы «Жаңалық», «Боралдай» селосына барамыз. 1938 жылы 
атылған  саяси  құрбандардың  сүйегі  осында  деп  айтылып 
жүргеніне де 10 жылдан асты.
Сəкен  аға 43 жасында  кетті.  Ақталғанына  да  биыл 43 
жыл  толады.  Өмір  деген  осы.  Ол  кісінің  жоқтығына  көз 
жетті,  көңіл  сенді.  Оған  көндік.  Көне  алмайтын  жағдай – 
кейбіреулердің  Сəкеннің  əруағын  қорлап,  табалауы.  Сəкен 
ұлт мүддесін ойламапты-мыс, Қазан төңкерісіне қатысыпты, 
жаңа қоғамды жырлапты, т.с.с. Егер қазіргі жазушылар ұлт 
мүддесін  Сəкендей  ойласа,  басын  өлімге  байласа  халық 
оларды да көрер еді ғой. Сəкендей халқының азаматы болу 
қолынан келсе көрсетпей ме өздерін? Қазір ақ қашып, қызыл 
қуып, атыс-шабыс болып жатқан заман емес қой.
«Қазақ əдебиеті», 
№43, 22.10.1999 ж.

344
ҚҰПИЯНЫҢ КІЛТІ 
ҮШ ƏРІПТЕ
Уəш (Əбдуəли) АСАТҰЛЫ, 
Республикалық дəрежедегі зейнеткер
«Қазақ əдебиеті» газетінің 1999 жылғы қаңтар айының 
22-сі күнгі 4-санында Астана қаласындағы тілшісі Қуаныш 
Ахметовтің «Құпияның кілті кімде» атты мақаласы жария-
лануы  менің  көптен  ойымда  жүрген  пікірімді  жазуыма 
түрткі  болды.  Ол  халқымыздың  бір  тума  аяулы  перзенті 
Сəкен  Сейфуллиннің  өмірі  мен  өлімі  жазылған  əңгіме. 
Осыған  байланысты 1991 жылдың  ақпан  айында  осы  га-
зеттің  бетінде  басылған  Оралхан  Бөкеевтің  мақаласын 
оқы ған  болатынмын.  Мен  де  сол  кезде  осы  əңгіме  жайлы 
жазбақшы болып талпынып, күнделікгі қу тіршіліктен қол 
тимеп  еді.  Ендігі  айтпағым  Сəкенмен  əлденеше  рет  кез-
десіп,  танысып,  қарым-қатынаста  болған  адамның  оны 
соңғы  рет  Солтүстік  қиыр  шығыстағы  облысына  айдалып 
бара жатқанда кездестіргені жайлы болмақ. Мəселе былай 
болған екен.
Жетісуға əйгілі Сауытбек Ұсаұлы ақынның туған жиені 
болып  келетін  Смайыл  Қалипанов  ақсақалмен  сонау 1967 
жылы  жаздың  бір  шуақты  күнінде  кең  отырып  əңгіме-
лесудің  сəті  түскен  еді.  Сол  кезде  мен  Шу  өңірінде  атасы 
Бармақ,  Сауытбек,  Қылышбай,  Орақбай  сияқты  ақын-жы-
раулардың  өлең-жырларын  жұмыс  арасында  ел  аузынан 
жинап,  жазып  алып  жүретін  едім. (Ол  жинағандарымнан 
кейін – 1991 жылы «Шу өңірінің саңлақтары» атты жинақ 
кітап  шығардым)  Ол  кезде  Смайыл  жасы 70-тен  асса  да, 
ширақ, жүрісі жинақы адам еді. Бүгін арамызда жоқ осы ақ 
көңіл, əңгімешіл, суырып салма ақын Смайылдың жазықсыз 
жаламен мерт болған қазақтың адал перзенті Сəкен туралы 
айтқан əңгімесі есімде.

345
Смайыл Сəкенмен төрт рет кездескен екен.
–  Алғаш  Сəкенмен  кездескенім 1925 жылдың  жаз  айы 
болатын  деп  бастады  əңгімесін  Смайыл  қария. – Ол  кезде 
мен ауданның мал дайындау мекемесінде мал дайындаушы 
боп жұмыс істейтінмін. 
Бірде,  қасында 3-4 кісі  бар,  Шу  өңірінің  оңтүстік 
шығысындағы Жайсаң жайлауының Сарыбұлақ, Тарылған, 
Жамбылсай  деп  аталатын  аймақтарындағы  елдерден  ірілі-
уақты 50 шақты  мал  дайындап  келе  жатқан  болатын быз. 
Жайлаудың  түсе  берісіндегі  Жадыраның  белінен  асып, 
тас қайнарға  жеткенімізде  алдымыздан  қос  көрінді.  Айна-
ласында 3-4 түйе, 4-5 жылқы жайылып жүр. Бұл не қылған 
жолаушылар  екен  деген  оймен  ат  басын  соларға  қарай 
бұрдық. Жақындап келіп біреуін сөзге тартып жөн сұрағанда, 
олардың Əулиеата жақтан келе жатқанын, бет алыстарының 
Алматы екені белгілі болды. Қостың басшысы Сəкен екен. 
Мен  оның  атын  естігенімде-ақ  бірден  ой  түсіп,  реті  келсе 
əңгімелесіп  қалайын  дедім.  Сол  кездерде  оның  «Тар  жол 
тайғақ кешу» романының тараулары газет-журналдарға жа-
рияланып жүрген еді. Қолыма түскенін қызыға оқып жинап 
жүретінмін.  Отыздың  үстіне  жаңа  шыққан  менің  өлеңге 
деген  құмарлығым  зор  еді.  Ауыл  арасындағы  ойын-сауық 
тойларында əзіл айтыстарға да қатынасатынмын. Əр түрлі 
тақырыптарға өлең де жазатынмын. Сондықтан да Сəкенмен 
сөйлесуге  ниетім  қатты  ауды.  Қойын  дəптерімде  жүретін 
өлеңдерімді  оқып  беріп,  ақыл-кеңесін  тыңдайын  дедім. 
Касыма  Естай  деген  жігітті  алып  қалып,  басқасын  ілгері 
жібердім.  Сəкен  қостан  шеткерірек  бұлақ  жағасындағы 
сазда ұйықтап жатыр екен. Көп ұзамай ұйқысынан оянып, 
бұлақ суына беті-қолын жуып, біз отырған дастархан басына 
келіп  жайғасты.  Шай  үстінде  жайымды  сараңдау  сұрады 
да,  аздап  мағлұмдар  болған  соң,  одан  ары  тəптіштемеді. 
Шайдан  соң  сай-жыраларды  жағалап,  қыдырып  кетті. 
Осыны пайдаланып, соңынан қуып-жетіп əңгімеге тарттым. 
Оның романының тарауларын оқығанымды, біраз өлеңдерін 
жатқа білетінімді айттым. Осыдан бірер жыл бұрын ақындар 
айтысына  қатысып,  Қазақстанның  сол  кездегі  астанасы 
болған Қызылорда қаласына дейін барғанымды да айттым. 
Сəкен  менің  əңгімелерімді  көңіл  қойып,  ынтыға  тыңдады. 

346
Сөз арасында: «Смайыл, үстімдегі киімдерді көріп шошып 
кете  жаздаған  шығарсың.  Ұзақ  жол  тоздыртып  жіберді» – 
деп  күлді.  Біраз  өлеңдерімді  тыңдап,  жағдайымды  сұрап 
хабардар  болған  соң: «Білімің  аз  екен,  оқысаң,  ізденсең, 
бойыңдағы  ақындық  талантыңды  дамытсаң,  жақсы  ақын 
болайын деп тұрған жігітсің. Əлі де кеш емес. Бұлай жүре 
бермей оқы, біліміңді көтер», – деген мазмұндас көп ақыл-
кеңестерін айтты. Əңгіме соңында, ізет білдіріп, қонақ етейін 
деген  ұсынысыма  қарсылық  жасамады.  Естайды  дереу 
жұмсап, айдап келе жатқан малдан бір кебе қозы алдырып 
сойдырдым.  Жақын  жердегі  ауылдан  қымыз,  т.б.  дастарқан 
мəзірін алдырттым. Қостарын жаңа, суаты мол, қалың сазды 
жерге қондырып, сый-құрмет көрсетіп сыйладым. Дастарқан 
басында нелер əңгімелер шертілді. Фотоаппараты бар екен, 
Естай екеуімізді суретке түсіріп алды.
– Қаратаудан бері қарай жатқан қалың бейнеткер, момын 
халық  көрінеді, – деді  Сəкен  сөз  арасында. – Алыпқашты 
сөзі, өсек-өтірігі жоқ, меймандостығы мол екен, – дей келіп: 
Смайыл, байқауымша сен осы елдің еті тірі жігіттерінің бірі 
екенсің. Сый-құрметіңе рахмет. Ризамын. Еліңе менен сəлем 
айт.  Жолың  түссе  Алматыға  кел, – деп  арқамнан  қақты. 
Келесі  күні  мезгіл  бесіннен  ауып  салқын  түсе  бастаған 
кезде Сəкендер қостарын артып жүріп кетті.
Арада екі жылдай өткен. Жұмыс бабымен Алматыға бара 
қалдым.  Сəкеннің  қызмет  істейтін  мекемесін  сұрастырып 
жүріп,  тауып  кабинетіне  кіріп  сəлемдестім.  Ұмытпапты. 
Жылы жүз білдіріп, қарсы алды. Отбасымның амандығын, 
ел-ішінің хал-жағдайын сұрады. Қасында сол кездегі өкімет 
басшыларының бірі Қабылбек Сармолдаев отыр екен. Біраз 
отырып əңгімелестік. 
Бұдан соң тағы да екі жылдай уақыт өтті. Ауылда асыра 
сілтеудің сарқыншағы жойыла қоймаған кез. Нағашым ақын 
Сауытбекті жергілікті шаш ал десе, бас алатын, жандай шап, 
шолақ  белсенділер  қуғынға  салып  мазасын  ала  берді.  Ол 
мені  Сəкенмен  біраздан  бері  таныс  екенімді  білгендіктен, 
оның  атына  арыз  жазып,  Алматыға  барып  келуге  жұм-
сады.  Əрі  біраз  өлеңдерін  қағазға  түсіріп,  Сəкеннің  атына 
мынандай өлең-хат жазып берді: 

347
Қойыпты атымызды Алтыбек деп, 
Алтауында атты тай жоқ,
 
 
мінгенге ерттеп, 
Екі кіші бағады елдің малын 
Соныменен күн көреміз ептеп-ептеп. 
Мал бақтырған байлардың атын
 
 
 
мініп,
Ұялып көпшіліктен жүреміз
 
 
 
шеттеп.
 
Тартып алды бар малды, 
Шулады қатын баламыз 
Асыра сілтеу мына тұр, 
Қырылып қалсақ аштықтан, 
Адамды қайдан табамыз 
Барлық байлық өлеңім, 
Алдыңа барсын өнерім, 
Сəкен інім сəлем ал, тисін маған көмегің...
Алматыға келген соң Сəкеннің кеңсесіне кірдім. Қа был-
дау  бөлмесінде  отырған  əйел: «Жұмысыңызды  айтыңыз, 
мен  кіріп  айтып  шығайын» – деген  соң,  жалма-жан  қағаз 
қа рандаш алып:
Уа Сəкен! Əдейі іздеп келдім
 
 
 
Шудан,
Адамбыз малды бағып дүние куған. 
Əкелдім аманат сөз арнап сізге, 
Болған соң негізіміз бірге туған. 
Əкелдім нағашымның
 
 
 
тапсырмасын,
Тоқтаттым сізге келіп аттың басын, 
Өлеңді өлеңменен сізге өткіздім, 
Құрбымның жақтырарын –
 
 
 
жақтырмасын.
Бұл күнде заготскот кызметім,
Атқарып өкіметтің бір міндетін, 
Бір жауап айтады деп сізге
 
 
 
келдім,

348
Уақытым  жоқ  ұзақ  мерзім  кідіретін – деп  жазып, 
Сауытбектің  арызына  қоса,  жаңағы  əйелге  бердім.  Əйел 
біраздан соң қайтып шықты да,
Сізге кірсін деп жатыр, – деді.
Мен Сəкеннің кабинетіне кірдім. Сəкен орнынан тұрып, 
қолын  беріп,  жылы  жүзбен  амандасып  мені  ұмытпағанын 
айтып,  ел  жағдайын  егжей-тегжейлі  сұрады.  Сауытбектің 
хатын  оқып  шығып,  қолынан  келгенше  көмегін  беретінін 
айтты. Бұл 1931 жылдың сəуір айы болатын. Сол жылдың 
күзіне қарай Сəкеннен хат алдым. Ол арап əрпімен жазылған 
екен. Хатты өлеңмен жазыпты:
Мінеді ұзатылса қыз қараға, 
Мал бағып жүрген жансың айдалада
Жүз жылқы, бес жүз қойың бар болса да,
Артында көше қалсаң ізі қала ма?
Смайыл адамысың сахараның,
Шаһардан келіп-кетіп баһар алғын,
Өнерді бойындағы елге бермей,
Мал бағып жүргеніңе қападармын,
Демеймін, бекер əуре келісіңді, 
Білемін шылығы көп ел ішінде 
Ізденіп ілім-білім дəмін татсаң, 
Болар ең тəуір жігіт келісімді.
Даладан ас-ауқатты іздеп жүрсің, 
Күте алмай бақшадағы жемісіңді,
Сəкен, Алматы, 1931 жыл, 10 қыркүйек
Бұл  хатты  көзімнің  қарашығындай  көпке  дейін  сақтап 
жүрдім. 1933 жылдың күзінде жаламен 8 жылға сотталып, 
арызданып  жүріп,  мерзімімнен  бұрын  ақталып, 1938 
жылдың  аяғына  таман  елге  оралсам, «халық  жауы»  деген 
шығып, ел іші дүрілдеп жатыр екен. Қиянаттың қорлығын 
ба сымнан өткізіп келгендіктен тағы бір пəлеге ұшырармын 
деген  оймен  Сəкеннің  өлең  хатын,  басқа  да  жазған  өлең-
жырларымды құрым киізге орап, қораның бұрышына көміп 
тастадым.  Кейін  жақсылықтың  нышанын  көріп,  жеке  бас-
қа  табынушылықтың  зардабы  əшкерелене  бастаған  кезде 
қайтадан  қазып  алдым.  Сыз  тигендіктен  қағаз  дымқылда-
нып өше бастапты. Содан соң оны басқа қағазға көшірдім.

349
Сəкенмен  келесі  кездесуім 1933 жылдың  жазында 
өзім  сотталар  алдында  болды.  Жұмыс  бабымен  Алматыға 
баратынымды  білген  нағашы  Сауытбек  тағы  біраз  жазған 
өлеңдерін  Сəкенге  алып  баруды  тапсырды.  Сол  кездегі 
жағдайға  байланысты  болу  керек,  бұл  жолы  Сəкен  бұдан 
бұрынғы  кездесулердей  емес,  өзін  сақ  ұстағандай  кейіп 
білдіріп шешіліп сөйлемеді. Маған əлде неге үрейленгендей 
боп көрінеді. Сауытбектің өлендерінің біразын оқып шықты 
да, жақсы басуға болады» деп менің көзімше бір қара торы 
жігітке  тапсырды  «Осы  жылдың  аяғына  таман  кітап  етіп 
бастырып шығарамыз», – деді қоштасарда.
Сəкенмен  ең  соңғы  кездесуім  өзім  түрмеде  жүргенде 
болды.  Мен  ол  кезде  Забайкал  темір  жолына  қарасты, 
Хабаровскіге жақын Ледяная деген стансада, мал емдейтін 
санитар боп жұмыс істейтінмін Дəрігеріміз Морозов деген 
орыс жігіті еді. Ол бір күні мені шақырып алып: «Стансаға 
бір состав пойыз келді. Соны дезинфекциялайсыз. Дайын-
далыңыз», – деді.  Дəрі-дəрмектерім  мен  «сайман дарымды 
алып  станса  басына  келдім.  Онда  екі  қызыл  вагон  тұр 
екен. Айналасын қарулы солдаттар қоршап алыпты. Əрбір 
екінші  солдаттың  жетегінде  бір-бір  арсылдаған  шын-
жырлаулы  ит.  Вагондарды  дəрілеп,  бірінен-біріне  өтіп 
жүргенде,  вагон  жанында  солдаттар  қоршап  тұрған  бір 
топ  адамның  арасынан  Сəкенді  тани  кеттім.  Анықтап, 
жа қындап  келіп  қарасам,  онымен  бірге  Ораз  Жандосов, 
Қабылбек Сармолдаев, Құлымбетовтер де тұр екен. Соңғы 
үшеуін  Алматыға  келіп-кетіп  жүргенде  бір-екі  рет  көрген 
болатынмын. Үсті-бастары күйе-күйе, кір-кір. Қабақтары са-
лыңқы, иттер жан-жақтан абалап үріп, мазаларын алып тұр. 
Сəкенмен бірауыз тіл қатып сөйлесуге мүмкіндік болмады. 
Солдаттар жақындатпады. Алыстан ғана басымызды изесіп, 
қабағымызбен  ғана  амандастық.  Дезинфекция  жасау 4-5 
сағатқа созылды. Мұнан кейін пойыз шығысқа қарай жүріп 
кетті.
Бұл  əңгімені  айтқан  Смайыл  қария  жасы 80-ге  таяп 
қайтыс болды.
Менің  бұл  мақаланы  неге  жазып  отырғаным  белгілі. 
Сəкен  Сейфуллиннің  қайда  атылып,  қайда  жерлегені 
жөнінде  алып-қашты  əңгімелер  көп.  Смайыл  ақсақалдың 

мына  əңгімесі  жоғарыда  аталған  мақалада  айтылған 
Қ. Ахме товтың мақаласында аттары көрсетілген И.М. Мудров, 
Құнанбай  Бейсенұлы  айтқандай,  Қиыр  Шығыста  опат 
болмады ма екен деген ой туады. Ал үш əріптің ресми берген 
құжатына келетін болсақ, оған сенім аз. Сенім болмайтыны 
И.Н.  Мудровтың  үш  əріптегі  ісі  мүлдем  жойылып  кеткен. 
Ал  ол  істің  Сəкеннің  өз  қолымен  И.Н.  Мудровтың  атынан 
жазған  арызы  болған.  Міне,  осыған  қарап  мен  Сəкеннің 
өмірінің  соңғы  сəттерін  үш  əріп  біледі,  бірақ  оны  мұқият 
жасырып отыр деп ойлаймын.
Төле би ауылы, Шу ауданы, Жамбыл облысы. 
«Қазақ батырлары», №4. 2000 жыл, 2-бет.

351

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет