Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С. Абдрахманов, Н. Асқарбекова, Р. Асылбекқызы



Pdf көрінісі
бет21/22
Дата14.02.2017
өлшемі2,02 Mb.
#4133
түріБағдарламасы
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

СƏКЕН САЛЫСҚАН ҮЙЛЕР
Рымжан Мəжитқызы СЕЙФУЛЛИНА
Туған аға (біз – əкем, шешем, бəріміз Сəкенді туған аға 
дейміз) туралы бірдеңе жазғым келіп қолыма қалам алсам, 
ойым  сан  жаққа  кетеді.  Өз  басым  ол  кісіні  аз  ғана  білсем 
де əке-шешемнің айтқаны қаншама көп еді. Сəкенді көрген, 
бірге  болған  адамдардың,  тіпті  үйінде  жатып  оқыған 
Сəбит,  Ғабит  ағалардың  айтқаны  қаншама  еді.  Сəкен  аға 
ақталғаннан  кейінгі  жылдары  ол  кісілермен  ондай  жиі 
болмаса  да  əртүрлі  жиындарда,  басқосуларда  кездесіп 
жүрдік. 1964 жылдың  күзінде  əкемді  пенсияға  шығарды. 
Содан əкеміз зерігіп күні бойы үйде отыратын болды. Сəкен 
ақталып,  көңіліміз  көтеріліп,  тұрмысымыз  енді  жақсарып 
келе жатқан сықылды еді. Əкем Литфондта директор болып 
қызмет  істейтін,  күтпеген  жерде  пенсияға  барасың  депті. 
Оның  өзінің  үлкен  астары  бар.  Əкемнің  көңілін  аулап  жиі 
барып  əңгімелесіп  жүрдік.  Сондай  əңгімелердің  бірінде, – 
Папа, осы Қарашіліктен туған жеріңнен қалай, қайда көш-
тіңдер, кейінгі қоныстарың қай жер болды? – деп сұрадым. 
Сонда əкем былай деп əңгімелеп беріп еді.
– 1929 жылы  көктемде  Сəкен  аз  уақытқа  елге  келді. 
Үйде 2-3 күн болып хал-жайды білгеннен кейін сол маңда-
ғы  жақын  ағайындарды  жинатып  алды.  Тап  сол  кезде, - 
байлардың  малын  алады  екен,  жерді,  малды  кедейлерге 
бөліп  беріп,  өздерін  жер  аударады  екен  деген  суық  сөз  ел 
арасында  шыға  бастаған.  Бірақ  əзірге  ел  іші  тыныштық, 
əркім бұрынғыдай өзінше күн кешіп жатқан.
Ол кезде біздің ағайындардың ішіндегі ең ауқаттылары.
Мұстапа, Мақажан ауылдары. Бұл кіслер біздің үлкен əкеміз. 
Оспанмен  бірге  туған.  Оспан 24 жасында  қайтыс  болған, 
сонда əкеміз Сейфолла бесікте, ал апасы Шəрбəн 4 жаста, 
ал  Тахауи  деген  інісі  іште  қалған.  Бұл  балалар,  шешесі, 

364
бəрі  қолда  бар  мүлкімен,  шабындық  жері,  қыстауымен 
Мақажанның қарауында болған.
Біздің от басының ағайындар ішіндегі ең кедейі болуы, 
сол  үлкен  əкеміз  Оспанның  ерте  өліп,  Сейфекеңнің  жетім 
өскенінен.  Сəкен  Əулие-Атаға  жүрерде  мінерге  ат  таба 
алмағанда, ат бермеген де осы бай ағайындар. Сол сапарда 
қанша  күйзеліп,  ағайындарға  қатты  ренжіп  кетсе  де 1920 
жылы Əулие-Атадан қайтып келгенде сол бай ағайындардың 
еш  қайсысына  да  теріс  қараған  жоқ.  Əрине,  олар  енді 
Сəкеннің  мінуіне  де,  жегуіне  де  қос-қос  аттан  тізіп  берді. 
Осы  ағайындардың  ішіндегі  ең  дəулеттісі,  ең  айбынды, 
абыройлысы Мұстапа еді. Мұстапа өлгенде 40 күн жоқтау 
айтып жылапты. Сол ұзақ жоқтаудың көбін Жамал шешем 
кейде айтып отыратын еді. Оның бір ауызы əкемнің айтуы 
бойынша былай болатын:
Мұстапа Мақажанмен парлас еді, 
Есігін дұшпан ашып бармас еді,
Үш жүздің баласына мағлұм болған, 
Мұстапа тасты кескен алмас еді.
Сол  Мұстапа,  Мақажанның  балалары  бар,  əкейдің 
маңындағы  бір  ауыл  болып  отыратын  орташа  шаруалы 
ағайындарға Сəкен сол жолы мынаны айтты: – Туысқандар, 
қазақ  елі  ғасырлар  бойы  көшіп-қонып  мал  ұстаумен 
өмір  сүріп  келеді.  Мына  орнап  жатқан  жаңа  заманда  енді 
олай  болмайды.  Малды  азайтып,  егін  салып  отырықшы 
елге  айналу  керек,  ол  үшін  қанша  қимағанмен  қазіргі 
қыстауларыңды  тастап  анау  жайлауға,  егін  өсіруге  жайлы 
жерге  қыстау  салу  керек.  Ол  анау  Иманақ  тауының  арғы 
беті, Ақмола жақ, шұрайлы сулы жер көп. Осыны бəріңізге 
қатты тапсырамын. Бұрынғыдай көп малдан енді пайда жоқ, 
көп кешікпей-ақ оған өз көздерің жетеді. Енді бұрынғыдай 
мал жағдайымен көшіп-қонып жүру болмайды, егін салып 
отырықшы елге айналу керек – деді. Отырған жұрт Сəкенді 
үндемей тыңдады. Бірер үлкен адамдар ғана тіл қатты.
– Сəкенжан, үкімет адамысың, білесің ғой, ал бірақ ен 
жатқан  дала,  өзін-өзі  сақтап  жүрген  қой  мен  жылқы.  Егін 
салуға үйренбеген адамбыз, əзір құрал-сайман да жоқ, бұл 
бір қиын жұмыс қой. Ауылдағы болыс та ағайынын сақтап 

365
жүр ғой, сен үкімет басшысы болдың тым болмаса бізді, өз 
ағайындарыңды сақтарсың. Біз малдан айрылып ауыл бола 
аламыз ба, жан сақтай алмаймыз ғой, – деді
–  Сəкен  ашуланғанда  беті  күреңденіп  бір  түрлі  өзгере 
бастайтын еді. Ондайда ойына келгенін тура айтып тастай-
тын.  Жаңағы  үлкен  кісілер  əлгі  бай  ағайындарымыздың 
ауылынан болатын.
– Айтқанға түсінбесең отыр малыңның құйрығын ұстап. 
Ал  сіздер  менің  əкемнің  ауылындағы  ағайындар,  биыл 
жай  лауға көшкенде жер шолып, егін, қыстау салатын жер-
леріңізді  белгілеп  келесі  жазда,  егін  салысымен  қыстау 
салып алуға қамданыңыздар. Биыл жаз, қыс егінге қажетті 
құрал-сайман,  қажетті  астық-тұқым  дайындап  алыңыздар. 
Басқалары өзі білсін, – деді.
Сонымен  ағайындар  тарқады.  Сəкен  ауылда  тағы  он 
шақты күн болып, барлық адамдарға жағдайды түсіндіріп, 
келесі  жылы  көктем  шығысымен  жоғарыда  айтқанды 
істеуге көндіріп кетті. Сол жылы жаз, күз келесі жылы егін 
салумен,  көшудің  қамын  ойластырумен  өтті.  Егінге  соқа, 
тырма, күш-көлік, басқа да сайман, жабдықтар жинақталды. 
Тұқым  сатып  алынды.  Кірпіш  құятын  қалып,  құрылысқа 
қажетті  ағаш,  есік,  терезе  сықылды  заттар  дайындалды. 
Сонымен 1930 жылдың көктемі шығысымен сəуірдің орта 
кезінде əкеміз бастаған алғашқы көш Иманақты бетке алып 
жүріп кетті.
Көш  арада  үш  қонып  Иманақ  тауының  арғы  бетіндегі 
«Бестоған»  қорығынан  солтүстікке  қарай  «Өржігіт» 
қайқаңының  алдындағы  қыратқа  тоқтады.  Өткен  жазда 
жайлауда  болғанда  əкеміз  қасында  Əзімхан,  Атабай,  Тəлік 
(қазіргі  Рымбектің  əкесі)  Уəйіс  бар 5 кісі,  келесі  жылы 
үйді осы жерге саламыз деп оба тұрғызып белгілеп қойған. 
Қырат  жайыла  ылдиланып  төмендеп,  шөбі  қалың,  шүйгін 
кең алқапқа айналады. Ортасында суы мол, сыңғырлап ағып 
жатқан  мөлдір  бұлақ.  Ол  қыста  да  қатпайды.  Бұлақ  суы-
ның  ылғалы  жеткен  жер  жылдың  үш  маусымында  бірдей 
көкпеңбек болып тұрады жəне жақын жақсы жайылым, қыс 
қорық,  тебін.  Ал  үйлер  қыраттың  үстіне  салынды,  себебі, 
оған  қыста  қар  аз  түседі.  Бұрынғы  адамдар  жер  жайын, 
табиғат құбылысын жақсы білген ғой. Біздің əкеміз ауылдағы 

366
үлкендермен ақылдасып əбден өлшеп-пішіп қыстауды осы 
«Өржігіт»  қайқаңының  алдындағы  қыратқа  саламыз  деп 
шешкен. Шығыста қозы көш жерде Алшағыр тауы тұр. Бұл 
басына бүркіт ұялайтын Иманақтай құзды, жар-тасты, биік 
тау емес. Бірақ архар көп болатын, жаз киік қаптап кетеді. 
Бауыры қоңыр салқын, жаз жайлауға қолайлы.
Ал  егін  «Бестоған»  қорығына  салынды.  Бұл  қыста  қар 
қалың  түсетін,  жазда  ондаған  бұлақтарынан  су  атқылап 
тұратын,  қар  суы  мол  жиналып  жайылатын  бір  шұрайлы 
өлке. Бұрын қалай аталғанын білмеймін, кейін Сейфекеңнің 
Бестоғаны атанды. Оның себебі, сол Сейфекең егін салған 
1930  жылдан  бастап  осы  жерге  тоған  салып,  су  байлаған. 
Сонымен егінді суарған. Кейін осы Бестоғаннан оңтүстікке 
қарай  төмен  Киров  атындағы  колхоз  ұйымдастырылды. 
Қазір ол ауыл Сəкен атындағы кеңшардың Киров бөлімшесі 
(Қазір 40 шақты шаруа қожалықтары).
Қарашілікте  Сейфекең  ауылы  атанып 9 отбасы  қыс-
тайтын. Сол ауыл тайлы-таяғы қалмай түгелдей көшіп келіп 
бүкіл  жаз  бойы  үй  салып,  күздік  соярда  үйлерін  бітіріп 
кіріп алды. Ай жарымнан артық уақыт егін алуға кетті. Бұл 
ауыл алғашқы жылдары Сейфекеңнің жаңа қыстауы аталып 
жүрді де, кейін 1937 жылы əкемізді ұстап əкеткен соң Тоғыз 
үй атанды. Сол 9 үй мына отбасылары болатын:
1. Сейфекеңнің үйі.
2. Токин Хамит, Уəйіс екеуінің үйі (бұл кісілер Арқаның 
атақты  күйшісі  Сайдалы  Сары  тоқаның  немерелері  Сары 
Тоқадан – Əбу, Əбуден – Хамит, Уəйіс)
3. Ақмағамбет.
4.  Əзімхан  (Сəкен  ағаның  «Тар  жол  тайғақ  кешу» 
романында Əзімхан туралы біраз мəлімет бар, Сəкен екеуі 
өте  сыйласқан,  жақын  болған.  Ақмағамбет  екеуі  бірге 
туысқан, бірақ еншілері бөлек, екеуі екі үй болған.
5. Дəнеш.
6. Бөжек.
7.  Тəлік  (үлкен  əкеміз  Оспаннан – Сейфолла,  Тахауи 
деген 2 ұл,  Шəрбəн  атты  қыз  қалғаны  жоғарыда  айтылды 
ғой, Тəлік сол Тахауидің баласы)
8. Атабай, Сатай (еншілері бөлінбеген бірге туған ағайын-
дар.  Сатай  Сəкен  ағаны 1919 жылы  күзде  Сейфекеңмен 

367
бірге  Шуға  көшіп  кеткен  ауылдарға  апарып  салған. «Тар 
жол тайғақ кешуде» Сатай да аталады). Шешесі Болған əже 
Сеифекеңнің де Сəкеннің де кіндігін кескен.
9. Əденбай – жоғарыда аталған Дəнештің əкесінің ағасы, 
қарт кісі.
Міне, осы 9 үй кейін колхозға да бірге кірді.
1932  жылы  күзге  таман  біздер – əке-шешем,  Мəлік, 
мен  үй-іштеріміз  бен  Алматыға  көшкенде,  басқа 8 отбасы 
жылап-сықтап  бізді  Жарыққа  дейін  əкеліп  салды. 1930 
жылдың жазы біздің ауыл үшін өте қауырт, қызу жұмысты 
жаз болды. Менің есімде ерекше қалғаны – Сəкен сол жаз 
ауылға  келіп  бұрынғы  айтқаны  іске  асып  жатқанына  өте 
қуанышты  еді.  Сол  жылғы  жаз  айында  Сəкен  аға  Қазақс-
тан  өлкелік  партия  комитетінің  тапсырған  шаруасымен 
Шет ауданында болды. Қоянды жəрмеңкесінде бір жұмадай 
болып, құрылыс салып жатқан əкесінің аулына келді. Сəкен 
ел аралап жүргеннің өзінде жұмысы сондай көп болатын еді. 
Бір сəт түскі немесе кешкі ас үстінде ағайын-туғандармен, 
көршілердің  арасында  əңгімелесіп,  сұрақтарына  жауап 
беріп,  кейде  əзіл-қалжың  айтып  отыратын.  Мен  Сəкен 
ағаның қасында үйде-түзде бірге жүргенде байқағаным, ол 
кісінің түнгі 3-4 сағат ұйқыдан басқа бар тыныс, демалысы 
осындай сəттер еді. Басқа уақыттың бəрінде Сəкен жұмыс 
үстінде  болатын.  Жұмыстың  басқа  түрінен  қолы  босаса 
жазуға отыратын. Сол жазда ауыл Есен өзенінің бойында-
ғы  жайлауда  отырған.  Бұл  құрылысқа  жақын  жер.  Таң  ата 
ауылдағы  барлық  көлікке  мініп  ауыл  адамдары  құрылыс-
қа  келеді.  Сəкен  аға  бірге  келеді.  Сол  бірге  болған 25-30 
күннің  ішінде  Сəкен  аға  барлық  құрылыс  жұмысын  ауыл 
адамдарымен  бірдей  атқарды.  Білегін  сыбанып,  балтырын 
түріп балшық құйысты, кірпіш қаласты. Ауыр сырықтарды 
көтеріп үй төбесінде əперіп жүрді. Ауылдың барлық үлкен-
кішілері жабылып күніне бір үйдің қабырғасын көтереміз. 
Осы жұмыстардың бəрін Сəкен аға жарқылдап жүріп көппен 
бірге істеді. Орталарында Сəкеннің жүруі ауыл адамдарын 
бір түрлі қайраттандырып, рухтандырып жіберді. Сəкен кеше 
ғана Совнаркомның төрағасы болды ғой. Соны білетін ауыл 
адамдары,  таңдайларын  қағып: «орыстардың  ұлықтары» 
да осы біздің Сəкенжандай қара жұмыс істей ме екен, - деп 

368
айтып жүрді. Оны естіген Əзімхан: «ұлықтың да ұлығы бар 
ғой, біздің Сəкен «ұлық болсаң кішік бол» дегеннің нағыз 
өзі ғой. Сендердің үйлеріңді салып беріп, үйлеріңе бір қона 
алмай  да  кетіп  қалады  ғой, – деді.  Сəкен  ағаның  жақсы 
көретін адамдары – етікші Шөкенов Ахметбек (Əзімханның 
ағасы), кəртайыңқырап қалған Сатайдың үйлерін салғанда 
Сəкен  ерен  қимылдады.  Сонда  жүзінен  күлкі  кетпейді.  Аз 
ғана үзілісте əңгіме-дүкен. Сəкен ағаның бізге үнемі айта-
тыны жаңа қоғамның жаңа өмірдің ерекшелігі, адамның бас 
бостандығы,  бұрынғыдай  бай-кедейдің  болмай тыны,  ауыл 
мəдениетінің өсуі, оқыған, маман, хат таныған адамдардың 
көп  болатындығы.  Ауылдарда  жаңа  мектептер  көбейеді, 
дəрігерлер  болады,  т.б.  сол  сияқты  өмір  жаңалықтары. 
Шынында да Сəкен ағаның айтқандары айна-қатесіз болды 
ғой, не керек... Бұл бір естен кетпес күндер еді. Бұрын соңды 
елге келіп-кетіп жүргенде ауыл адамдары Сəкен ағамен тап 
осындай етене жақын бола алмаған шығар деймін.
Сəкен  аға  тынымсыз  еңбектің  адамы  еді.  Қолға  алған 
жұмысына өте тиянақты, барынша беріліп атқаратын. Асқа 
да,  шөлге  де  бəрімізден  төзімді  болатын.  Сол  жылы  көп 
ауылдар осылай отырықшылана бастаған. Елге кооператив 
те шыққан. Мысалы, кооператив біздің ауылға көк соқа, сүт 
тартатын сепаратор мəшинесін таратқан. Осының бəрі жаңа 
өмірдің тартуы дейтін Сəкен аға. Белгілі «Сепаратор» деген 
өлеңі осы сапарда жазылған.
Тоғыз үйдің қабырғасы түгел қаланып, төбесі жабылып, 
қора-қопсылары  дайын  болды,  егін  де  алынып  аяқталып 
қалды. Содан кейін қазан айының басында Сəкен аға қасына 
мені ертіп Алматыға атпен қайтты. Мұның өзі үлкен əңгіме. 
Қарашіліктен  кейінгі  біздің  қыстауымыз  сол  «Өржігіт» 
қайқаңында. Үйлердің орны жақсы сақталған, əлі бар – деп 
əкем сөзін аяқтады.
Содан 1967 жылы əке-шешем бəріміз елге қонаққа кел-
генде əкеме баяғы Сəкен аға кешірген, егін салған жер дегі 
9 үй қыстауларыңызды көрсет деп сұрадым. Əкем мені өте 
жақсы көретін еді, екі айтқызбай тілегімді орындап тұратын. 
Оның өзіндік себебі де бар.
Біз əке-шешемізден 6 ағайындымыз – 3 ұл, 3 қыз. Қыз 
балаларының  үлкені  мен.  Өзімді  көтеріп,  дəріптеп  айтып 

369
отырған  жоқпын.  Сол  Сəкен  аға  тұтқындалып  кеткен 
қаралы жылдарда да, кейін заман түзелген жарқын күндерде 
де  əкем  жалғыздықты,  қиындықты  аз  көрген  жоқ.  Мынау 
кешегі Сəкеннің інісі ғой, жазықсыз жапа шекті ғой, енді аз 
да болса көмектесейік деп мүсіркеген адам болмады десем 
кателеспеймін.  Тек  Ғабиден  аға  ғана  жақсылық  көрсетті. 
Өзі Жазушылар одағының 1-хатшысы болып сай ланған соң, 
менің  əкемді  сол  одақтың  əдебиет  қорының  төрағалығына 
қызметке  қойды.  Сəкеннен  кейінгі  уақыттағы  əкемнің  бір 
жарқын,  сəулелі  жылдары  сол  кез  еді.  Үйдің  іші  əбден 
жүдеген,  көңіл  басылған,  тек  жан  сақтап  кана  отырған 
балалы-шағалы адамға бұл үлкен жақсылық еді.
Осы  уақыттың  бəрінде,  əкемнің  көзі  жұмылғанша  се-
німді серігі, үлкенді-кішілі шаруасын ақылдасып жəр демін 
көрсететін адамы мен болдым. Шешемнің орны өз алдына. 
Аға-інілерім еркелеу, сіңілілерім жас. Сондай жағдайда əке-
шешемнің  қас-қабағына  қарап,  қолдан  келген  азды-көпті 
жəрдемді  жастайымнан  керсетіп  жүрген  мен  едім.  Əкем 
мені сол үшін өте жақсы көретін, бағалайтын.
Бұл  жолы  да  менің  айтқанымды  орындап  ауылдағы 
басшыларға  барып  бір  мəшине  сұрап  алып,  қасына  ауыл 
адамдарын ертіп бізді сол қыстауына алып барды «Өржігіт» 
қайқаңының  алдындағы  қыстаудың  орны  жатқан  қыратқа 
келіп  тоқтадық.  Қолмен  санағандай 9 үйдің  орны  жатыр, 
кейбіреулерінің қабырғалары да жартылай сақталған. Əкем 
жол  үстінде  əртүрлі  бұрынғы  өткен  əңгімелерді  айтып 
көңілді,  жадыраңқы  келген.  Баяғы  Сəкен  қабырғасын  қа-
ласқан  əкесінің  үйінің  орнына  келгенде  кенеттен  мəшине-
ден түсіп, буыны босап, денесі дірілдеп көзінен жас парлай 
бастады. Сөйлей алмай, тұтығып, ықылық атып, өксіп жылап 
тұрып қалды. Қасына ерген біз, ауыл адамдары, бəрі еріксіз 
жылап  қоя  берді.  Əкемнің  ойына  сол  өткен 1930 жылғы 
жаз,  əкесінен,  Сəкенмен  бірге  үй  салып  жүрген  қызық 
күндері, ағайындары ақырында олардан ешкім жоқ, жалғыз 
өзінің  қалғаны  түсіп  кетті  ғой  деймін.  Əкесі  Сейфекеңді 
де сол «Бестоғанның» маңында 1937 жылғы қазан айында 
даладан ұстап əкеткен ғой. Ол кісі де, ағалары Сəкен, Мəлік 
ешқайсысы жоқ, ол өз алдына, тіпті қай топырақтың астында 
жатқандары да белгісіз ғой. Ал сол кісілермен жүріп салған 

370
қыстауы міне, орнын көріп тұр. Осы жағдайдың бəрі қандай 
қатты адамды болса да толқытпай ма?..
Біраз тұрып əкем өз-əзіне келді. Көз жасын тиып, бойын 
түзеп  алды.  Содан  кейін  үйлердің  орнын  аралап  жүріп, 
мынау  Уəйістің,  мынау  Атабай,  Сатайдың  үйі  деп  түгел 
айтып берді. Шынында бұл бір əдемі жер екен. Қыстаудан 
оңтүстік  батысқа  қарай 10 шақырымдай  жерде  осы  маңға 
əйгілі  атақты  Сұлукөл  жатыр.  Сұлукөл  десе  дегендей 
екен.  Суы  мөп-мөлдір,  құрақты,  көз  жетер  жер  көкпеңбек 
айдын,  көл  үсті  жыпырлаған  құс,  аққу-қаздар,  үйректің 
неше тұқымы, қасқалдақ, қызғыш. Ауыл адамдарының ай-
туынша көктемгі сəуір, мамыр айларында Сұлукөлге келіп 
ұялайтын құстың санында, түрінде есеп жоқ. Əсіресе аққу, 
қаз, қаптап қалқыған көлдің əдемілігін айтып жеткізу қиын. 
Осы жердің бəрінде Сəкен аға болған ғой. Атақты «Аққудың 
айырылуын» осы көлдің жағасында жазбағанына кім кепіл. 
Оны да зерттеп жүрмін.
Сонымен 9 үйде, Сұлукөлдің жағасында болып, əкемнің 
тағы  көп  əңгімелерін  тыңдап  ауылға  қайттық.  Сонғы  рет 
бұл  жерде 1989 жылы  əкем  қайтқан  соң 2 жылдан  кейін 
шешемді, сіңілілерімді алып барып қайттым. Апарған Жаңа-
арқа  ауданының  І-ші  хатшысы  Сəкен  Əбішев.  Қасымызда 
сол кісінің үй-іші, Рымбек туысым жəне Сəкен кеңшарының 
бас агрономы Кенжеғара. Бұл жолы жолды бастаған шешем 
екеуіміз болдық. Бұрынғы жоқтарға əкем қосылды. Орнында 
қалған,  бұрынғы  күндерден  көп  жағдайды  білетін  шешем 
екеуіміз  ғой.  Өлген  артынан  адам  өлмейді  деген  рас  екен, 
біз жүріп жатырмыз.
Сол 9 үй ауыл алғашында біздің əке-шешеміз Алматыға 
көшкен соң 1 жыл қыстап, келесі жылы аштық басталғанда 
тарай бастаған екен. Содан аман қалғандары колхозға ұйым-
дасқан.  Кейін  Сəкен  аға  ақталған  соң  сол  колхоздың  не гі-
зінде  Иманақ  тауының  бауырындағы  Ынтымақ  селосында 
Сəкен-ағаның  атындағы  кеңшар  ұйымдасты.  Кеңшар  жыл 
санап  өсіп,  кеңейіп  көркейе  бастады.  Орталығында  ІІ-
жылдық  мектеп,  емхана,  аурухана,  мəдениет  үйі,  əмбебап 
дүкен, бала-бақша тағы басқа көптеген мəдени, тұрмыстық 
қажеттен  құрылыстар  бой  көтерді.  Аудан  мен  екі  араға 
асфальт жол салынды. Кеңшардың егін, мал шаруашылығы 
да аудан, облыс көлемінде жақсы көрсеткіштеріне ие болды. 
Асыл тұқымды ірі қара фермасы құрылды.

371
Сөйтіп  жап-жақсы  өркендеп  келе  жатқан  кеңшар 
сабындай  бұзылып,  соңғы 3-4 жылда 40 бөлініп,  ұсақ, 
жеке  меншік  шаруашылықтарға  айналып  кетті.  Мəдени-
тұрмыстық  мекемелер  иесіз  қалды,  көбісі  жабылды.  Асыл 
тұқымды мал фермасынан ештеңе қалған жоқ. Жекеменшік 
иесіне  жақсы  болған  шығар,  бірақ  бұрынғы  ұжымдағы 
қарапайым еңбекші адам, əсіресе зейнеткерлер, мұғалімдер, 
дəрігерлер, кеңшардың тарағанынан еш пайда көріп отырған 
жоқ.  Бұрынғы  сүттей  ұйып,  жұмысты  жабыла  істеп  əркім 
тиісті  жалақысын  алып,  мəдени,  тұрмыстық  қажетін  бірге 
көріп отырған адамдар жаңа бір күйге тап болды. Басараздық 
көбейді, атаға, руға бөліну етек алды. Осының бəрін көріп 
тағы да Сəкен ағаның тағдыры туралы ойланамын.
Совет  өкіметін  орнатуға  қандай  күресті.  Ол  өкімет 
құлады.  Жекеменішкті  таратып,  мал  бағу  ғана  емес,  енді 
оты рықшылыққа бас қосып күш біріктіріп ұжымдық шаруа-
шылыққа  жұмылдырды.  Шаруашылықтың  осындай  жаңа 
түрін жасау керек деп алдымен өз ауылын, əкесін, ата меке-
нін тастатып жаңа жұртқа көшірді. Бұрынғыдай бай, кедей 
болмау керек, ортақ меншік жəне елдің бəрі тең болуы керек 
деп, шаруашылықтың меншіктің жаңа түрін ұйымдастыруға 
қатысты. Шығармаларында соны насихаттады.
Міне,  енді  сол  еңбегінің  бəрі  еш  болды,  қазір  Сəкен 
құр ған колхозы да, атына койған совхозы да жоқ. Осының 
бəрі  Сəкен  ағаның  үлкен  традегиясы  емес  пе!  Қазір  əруа-
ғы  да  тыныш  жатқан  жоқ  шығар  деймін.  Бір  жағынан 
100-жылдық  мерейтойы  үлкен  қуаныш,  бүкіл  халықтың 
тойы секілді, екінші жағынан қарапайым халықты бақытты 
қыламын  деген  арманы,  өмірін  сарп  еткен,  еңбегі  далаға 
кеткен сықылды. Бұл қайғы емес пе!
Қайран  туған  аға,  қайтейін!  Қазір  сенің  халық  бақыты 
үшін  күресіп  төңкеріске  қатысқаныңды,  революционер 
бол ғаныңды,  Ленинді,  Октябрьді  мадақтап,  Социалистан, 
Советстан, Альбатрос, Асау тұлпар, Қызыл сұңқар деп жаңа 
өмірге  қуанып,  шығармаларыңды  жаңаша  жазғаныңды  да 
кінəғып, қате деп қарайтындар бар сықылды. Не деген ба-
қытсыз едің!
Рымжан Мажитқызы Сейфуллина
«Халық кеңесі» №130 (746) жұма,
9 қыркүйек, 1994 жыл.

372
 МЕНІҢ СƏКЕНІМ
Жайық БЕКТҰРОВ
«Менің  Сəкенім»  тақырыбы  таусылмайтын  ұзақ  еңбек 
желісі.
Сондықтан бұл тақырыпқа мен тек үзік-үзік естелік кана 
айтпақпын. 1920 жылдың күзінде алғаш Қазақ автономия-
лық  Республикасы  құрылғанда  оның  халық  Комиссар- 
лары Кеңесі төрағалығына мəскеулік В. А. Радус-Зенькович, 
одан  кейін  осы  күні  аты-жөні  көп  айтыла  бермейтін 
М. Мыр зағалиев сайланып, одан кейін 1922 жылдың аяғы-
нан 1925 жылдың  басына  дейін  Сəкен  Сейфуллин  болды. 
Міне,  осы  кезде  Сəкеннің  атағы  аспанға  шықты.  Бұған 
алдымен оның ақындығы «Асау тұлпар», «Домбыра» атты 
өлеңдер  жинақтарының  басылып,  журналдарда  «Тар  жол 
тайғақ  кешу»  романының  тараулары  шыға  бастауы  себеп 
болды. Патшаның ақ əскерінің, оның Сібірдегі қылышынан 
қан  тамған  Колчак  үкіметінің  қазақ  даласын  қанға  бояп 
ойрандағаны  мəлім.  Міне,  осы  тұста  болашақ  мемлекет 
қайраткері С.Сейфуллин Колчактың вагонына душар болып, 
Сібірден  Сарыарқаға  жаяу  жол  шекті.  Бұрын  патшаны, 
ханды, аға сұлтанды басына көтеріп, дəріптеп қалған дала 
халқы осындай жолмен мемлекет басына келген бостандық 
жолында күрескен Сəкеннің атағын аспанға көтеріп жіберді. 
Бұл даңқ ол өзі сталиндік репрессияға ұшырағаннан кейін 
де өзіне көлеңке түсірген жоқ.
Сəкеннің  осындай  даңқына  біздің  де  жастық  шағымыз 
дөп келді. Сəкен Омбының оқытушылар семинариясын бі-
тір геннен кейін, 1916 жылы осы күнгі Қарағанды облысы-
ның  Нұра  ауданында,  əйгілі  Тəукехан  ұрпағының  топыра-
ғын,  дəлірек  айтқанда  Тəукенің  алтыншы  ұрпағы  Сұлтан 
Абылаевтын үйінде мұғалім болды. Сұлтан Абылаев Шоқан 
Уəлихановтың  тетелес  қарындасы  Бəдіғұл  апамыздың 

373
оқымысты ұлы Сұлтан, Сəкеннің əкесі Сейфолламен тұстас 
кісі,  əрі  жерлес.  Сондықтан  да  ол  жас  оқытушы  Сəкенді 
1916  жылы  өз  үйінде  өзінің  баласы  Ғалымтайдың  үйінде 
оқытушы етіп ұстаған. Бұл мектеп Нұраның бір қылтасын-
да  ашылған.  Ол  «Жіңішке»  мектебі  деп  аталған  Бəдіғұл 
тоқсанға  келіп,  отызыншы  жылдарға  қарай  қайтыс  болды. 
Ал Сұлтан өзі ұзақ уақыт Ақмолада тұрып жиырмасыншы 
жылдардың  аяғына  қарай  екі  көзінен  бірдей  айырьпып, 
ақыры 1963 жылы Қарағандыда аштан өлді.
Сəкеннің 1916-17 жылдары  жазған  өлеңдерінің 
кейбірінің  астында  «С.А.  ауылы»  дейтін  белгі  бар.  Мұны 
I.  Жансүгіров  пен  С.  Сейфуллиннің  орыс  тілінде 1973 
жылы  басылған  бір  томдығына  берген  түсініктемеде  М. 
Қаратаев,  С.  Қирабаев  аңдамай  «Сарыарқа»  ауылы  депті. 
Бұл  жансақтық.  Ұлан  байтақ  Сарыарқада  мұндай  ауыл 
болуға  тиіс  емес.  Бұл  жайды  мен 1974 жылы  «Простор» 
журналының  төртінші  санында  жарияланған  мақаламда 
айттым. Бəдіғұл мен Сұлтанның суреттерін де жарияладым. 
Сəкеннің 1916 жылы осы Сұлтан ауылында жазған «Сəулем» 
атты  өлеңі  сол  кісінің  жиені  сұлу  Рахимаға  арналған. 
Рахима  осы  бертінде  қайтыс  болды,  оған  кезінде  ертедегі 
қазақ  зиялыларының  бірі  Хайретден  Болғанбаев  үйленген 
болатын.  Сəкен  Ақмоладағы  алғашқы  Совдеп  жұмысына 
осы Тəуке ханның төртінші ұрпағы, Ақмоланың бұрынғы аға 
сұлтаны  Қоңырқұлжаның  əлгі  Нұра  бойындағы  ауылынан 
аттанған  болатын.  Бұл  ауылдың  орнында  қазір  Қарағанды 
облысының «Энтуазист» совхозы тұр. Ақмолаға небəрі 50-
60 шақырым.
Сəкеннің  осы  оқытушы  болған  «Жіңішке»  мектебінің 
Жаңаарқа аудандарынан қысы-жазы аттылы жаяу дегендей, 
ол кез үшін сонау жер түбіндегі Омбыға бес-алты жыл бойы 
барып-келіп жүрді. Бұл қандай бейнет, қандай ерлік, қандай 
төзімділік!  Міне  осы  жолсапарда  Сəкен  ылғиына  біздің 
орманды сұлу алқабымызды басып өтіп жүріп, осы аймаққа 
оның меймандос еліне, сұлу Нұра бойына қызыққан, атақты 
əншілеріне, өнерпаздарына тағзым еткен. Сонда да 1926-28 
жылдары атақты «Көкшетау» дастанын жазғанда əлі ешкім 
ескі  тақырыпқа,  əсіресе  өткен  дəуірдің  əгілі  адамдары 
туралы  қалам  тартуға  батыңқырамай  тұрған  шақта  Сəкен 
ағамыз Біржан-салды, Ақан серіні, Балуан-шолақты, Үкілі 

374
Ыбырайды,  Қажымұқанды  олардың  өз  маңызына  қарай 
сүйсіне жазды. Кезінде Шаляпинді тыңдаған Сəкен – «егер 
өнерлі  елде  туса,  Үкілі  Ыбырай  алмас  еді  Шаляпинді 
қапталына» деп те жазды.
Башқұрттың  əнші  қызының  Мəскеудің  үлкен  театрын-
да Ақан серінің «Сырымбетін» асқақтата айтқанын мақтан 
етті.  Міне,  осының  бəрі  өңірдің  масаты  кілемдей  көкмай-
са  жерінде  аунап  өскен  біздің  жүрегімізге  балшекердей 
құйылады.  Кезінде  əндері  аспандағы  бозторғайдың  үнін-
дей  болған  ақындардың  ат-атағы  сұлу  ормандарымыздың 
үстінде  калықтап  тұрды.  Сол  үшін  де  біз  Сəкенді  көрмей 
тұрып-ақ жақсы көрдік.
Мен жас шағымнан осылайша көзіме, көкірегіме ұялаған 
Сəкенді алғаш рет 1932 жылдың жазында Алматыда оның 
өз үйінде көрдім. Сол жылы өзінің Новосибирь қатасынан 
жазған  «Комбайнстрой»  атты  Сəкеннің  кейінгі  өлеңдеріне 
еліктеген,  болмашы  бір  өлеңім  əріп  қателері  көп  болса  да 
«Социалды  Қазақстан»  газетінде  басылды.  Соны  сылтау 
етіп  Жаңаарқа  ауданының  өзіммен  бірге  оқитын  Ғаббас 
Əбділдин  дейтін  денсаулығы  дімкестеу  бір  жас  жігіт  мені 
Виноградов-Карл  Маркс  көшелері  мүйісіндегі  Сəкен 
ағамыздың үйіне алып барды. Өлеңім де болмашы ғана еді. 
Əрі ол кезде біз əдепті едік. Сонда да мен Сəкен ағамызға 
өлең  жайлы  тіл  қатуға  бата  алмадым.  Көп  кешікпей  Л.  И. 
Мирзоян жолдастың қолымен өлкелік комсомол комитетіне 
жауапты  қызметке  бекітілдім.  Біздің  мекемеміз  де  үкімет 
үйінде  болды.  Қазақстанның  алғашқы  күллі  көрнекті 
қайраткерлерімен  бір  есіктен  кіріп-шығып  жүрдік.  Бір 
асханадан ас іштік, бір дүкеннен тамақ алдық. Сондықтанда 
үлкен  ағаларымыздың  бəрін  көрдік.  Көбісінің  қасында 
да  жүрдік,  үйлерінде  де  болдық.  Қайырымды  мүбəрəк 
қолдарынан көмек те алдық.
Міне,  осы  кезде,  атап  айтқанда 1934 жылдың  жазында 
Қазақстан өткелі комитетінің арнаулы қаулысымен респуб-
ликамыздың батыс жəне шығыс аймақтарына бес-бес кісі-
ден  екі  арнаулы  мемлекеттік  бригада  шығарылды.  Бұл 
бригадалар  Голощекин  тұсында  ашаршылыққа  ұшыраған 
шалғайдағы  аудандарға  үкімет  тарапынан  көмек  көрсету-
ге  жіберілген.  Шығыс  аймақтарға  жіберілген  бригаданы 
Қазақстан орталық комитетінің алғашқы төраға сы Сейітқали 

375
Меңдешев  ақсақал  басқарды.  Құрамында  бес  адам  болды. 
Олармен  мен өзім, белгілі педагог аудармашы Молдағали 
Жолдыбаев, «Қазақстан халық шаруашылығы журналының 
редакторы К. Павлов еді. Біз Сарыарқада екі ай жүрдік. Мен 
Абыралы ауданын тексеріп шықтым. 
Осы  ұзақ  сапардан  оралғаннан  кейін  Сəкеннің  көршісі 
Молдағали  ағамыз  үйіне  шақырды.  Баласы  жоқ  кісі  еді. 
Мені  жақсы  көретін.  Əйелі  поляк  еді.  Молдағали  ағамыз 
Сəкеннің  көптенгі  көршісі,  əрі  досытын.  Сол 1934 жылы 
күзде  Молданың  үйіне  барғанда,  аулада  жүрген  Сəкен 
ағамызға  тағыда  бір  сəлем  бердім.  Көрікті  сұңғақ  адам. 
Оны  біз  көшеде  көбінесе  үкімет  үйінде  қызмет  істейтін 
өзінің  көптенгі  достары  Өтекин  Əлкей  мен  Қаскейдің 
қастарынан жиі көретінбіз. Оларда сері, əнші ертеде оқыған 
зиялы  кісілер  болатын.  Сəкен  ағамыз  Голощекин  тұсында 
біраз  жабығып  қалғанымен  республика  басшылығына 
Л.И. Мир зоян келгеннен былай Сəкенді жаңа басшы қайта 
көріп,  аялап  ұстады. 1933 жылдың  басында  осында  қазақ 
теа трының  шаңырақ  көтеруінің  жеті  жылдығына  орай 
«Еңлік-Кебек»  пьесасынан  үзінді  қойылғанда  да  театрда 
көр ген едім. Ойын басталғанша театрдың шағын фойесінде 
сол  кездің  дағдысы  бойынша  жұрт  екі-екіден  дөңгелене 
серуендеп  жүргенде,  Мұхтар  ағамыз  Сəкенді  қолтықтап 
жүрді. Біз бір бүйірде тұрып, атақты ағаларымызға көзіміз 
тоймай, қызыға қараймыз. Міне, осы көріністің, осы əсердің 
бəрі менің жүрегімде мəңгі сақталып қалды.
Бұлайша жүрекке қонған бейне, сұлу тұлға өз өмірінің 
күре тамырындай əлі күнге менің бойыма мықты тірек болып 
келеді. Кейін Сəкен, Ілияс, Бейімбет ағаларымыз жазықсыз 
атылып кеткенде ішімізге шоқ түсті. Сəкен өзі жазған жапан 
түзден ақсақ киіктей көбіміз өсіп келе жатып, өшіп қалдық. 
Өшпек түгіл жоғалып та кеттік. Өзіміз Ақаң (Байтұрсынов), 
Сəкен, Ілияс, Мағжан атылған Алматының ішкі түрмесінде 
азап шегіп, ыстық картсерде теріміз сыпырылып, қанымыз 
шығып  жатқанда  осы  ұлы  ағалардың  бейнелері  көзімізге 
елестеп  тұрды.  Осы  елес  оларға  деген  біздің  ыстық 
махаббатымыз  қанқұйлы  тергеушілеріміздің  қаламына  да 
мықты  ілікті.  Қазір  сол  арпалыстағы  сұрау-жауаптардың 
көшірмесі  қолымда  тұр.  Сонда  мен  А.  Байтұрсынов,  М. 
Дулатов,  С.  Қожанов,  М.  Жұмабаев,  С.  Сейфуллин  халық 

376
жаулары емес, қайта олар қазақ халқының қамқоршылары, 
мəдениет, əдебиетін өркендетушілері деп өлімге бас байлап, 
шынымды  айтып  тайсалмай  жауап  беріппін.  Мұны  мен 
бүгін өзіме зор мақтаныш тұтамын.
Сібірден  қайта  оралғаннан  кейін  де  Сəкен  ағамыздың 
өмірі,  еңбегі  қаламымнан  түскен  жоқ.  Əлімхан  Ермеков, 
Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, 
Жүсіпбек  Аймауытов,  бəрі-бəрі  менің  өз  дəрежемдегі 
əрқилы  еңбектеріме  берік  арқау  болып  келеді.  Жүсіпбек 
Аймауытовтың  «Қартқожа»  повесінің  басты  кейіпкері 
Қартқожа  бір  кезде  менің  өз  ұстаздарымның  бірі  болды. 
Осы  күн  Алматының  бір  үйінде  осы  кісімен  бірге  түскен 
суретім  де  бар.  Сейтқали  Меңдешев  ақсақалдың  қасында 
көп болғанымда ол кісі мені баласындай жақсы көріп, 1934 
жылдың қысына қарай Мəскеу, Саратов, Орал қалаларында 
бірге болғанымда Сейтақаң мені өз қасына алып, əдейілеп 
суретке түсірді.
Мен сол жылдары Ілияс Жансүгіров ағамызды да ертіп, 
əйгілі ақынға Шымкенттің қорғасын зауытын да аралат  тым. 
Сəкен,  Ілияс,  С.  Меңдешев  жайлы  естеліктерім  əртүрлі 
газеттерде  жарияланып  келеді.  Сəкен  туралы  естелігім 
«Сə кеннің  соңғы  сəттері»  деген  тақырыппен  «Жалын» 
жур налының 1988 жылғы 3-4 сандарында  қысқартылып 
басылды.  Мұны  жұрт  осы  күні  көбінде  менің  атымды 
атамай  Сəкеннің  жұбайы  Гүлбаһрамның  естелігі  деп  атап 
жүр.  Көркем  туындының  не  екенін  білетін  зерделі  жұрт 
мұндай  шығарманың  қалай  жазылатынын  біледі  ғой. 
Сөйтсе  де  ескерте  кетейін,  қысқартылып,  біраз  сөйлем-
дері  бұзылыңқырап  шыққан  осы  еңбегімде  Гулбаһрам 
жеңгемізден  алған  бірер  ғана  деректерім  бар,  өзгесі  өз 
басымнан кешкен, Сəкен өмірін көңіліме жүгірте білген өз 
əсерлерім ғой.
Осы  күн  Сəкен  жайлы  жазатындар,  жазып  жүргендер 
көп.  Қалың-қалың  кітаптар  да  бар,  бірақ  соның  көбісінде 
(Т. Кəкішевтен өзгелерінде) жан толқытатын Сəкен, Ілияс, 
Ахмет, Мағжан жəне басқалар жайлы, олардың қараңғы тас 
қапаста залымдардың қолынан қалайша оққа ұшқандығын 
бейнелейтін, қан мен көз жасы аралас туындылар əлі жоқ. 
Жазушылардың  көбісі  тек  жұрт  аузынан  естіген,  əрқилы 
қағаз  беттеріне  түскен  деректерді  бір-біріне  тіркестіріп, 

377
əртүрлі  кітаптар,  құлаш-құлаш  мақалалар  жазумен  келеді. 
Сəкеннің  осы  жуырда  Жезқазған  қаласында,  Жаңаарқа 
ауданында  өткен  ұлан-асыр  тойларында  баяндамашылар, 
ақындар  Сəкеннің  əр  қырынан  сөз  сөйлеп,  өлеңдер  оқып 
жатты. Өлең оқуға қатысушылар мұны «мүшəйра» деп атап, 
алды  машина,  арты  магнитофон  тəрізді  сыйлықтар  алып 
жатты.  Аға-інілеріміз  сөге  көрмесін,  сөйтсе  де  бұл  ретте 
өз  ойымды  айта  кетейін,  жаңағы  «мүшəйрада»  оқылған 
өлеңдердің бəрін жинағанда Сəкендердің бір күнгі, бір түнгі 
азабын  көзге  елестете  алмайды.  Бұдан 250 жыл  бұрын 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет