Бағдарламасы бойынша шығарылып отыр Редакция алқасы




бет12/17
Дата22.12.2016
өлшемі16 Kb.
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

ƏСЕТ НАЙМАНБАЕВ
«Ер Шеризат»
1
Болыпты Бағдатта бір халифа, 
Атанған əділетті заманында. 
Деуші еді оның атын ер Кəркенші,
Əсеттің міне, осылай хабарында.
Халифа хан Кəркенші ғəділетті, 
Ел билеп ғаділдікпен əмір етті.
Атанып шын ғаділ заманында,
Артылып əбүйірі қолы жетті. 
Жалғыз-ақ кемшілігі баласы жоқ,
Патшаны осы бір іс зар еңіретті. 
Қалған дəулет ес қылмас шыққан жанға, 
Артында дариядай қалса шалқып.
Біреу малға, кейбіреу балаға зар,
Дүние үшба бұлыт тұрған қалқып. 
Көшпелі керуендей шіркін өмір,
Мінезін қай пенденің айтам сарқып.
Бір күні Қыдыр келіп түсіне енді, 
Өңіндей падишаға аян берді.
— Ей, ғарып, разы бол айтамын сөз,
Баланың туар күні көп тырна қайтатын кез. 
Балаңды көрмедім деп арман қылма 
Өзіңіз дүниеден қайтасыз тез. 
Болмасын осы арасы үлкен арман,
Балаңды қол тигізіп, көрмейсіз көз.
Балаға нəсіп қылған Жүсіп нұрын,
Берейін баян қылып айтып сырын. 
Болады асқан ғаділ шын данышпан 
Ол білер балуандықтың сегіз қырын.
1
 Қаз. КСР. ҒА, п. 1628.
Ертегі Рүстем
1
 халі фəрманындай
2
 
Бағынар əміріне жеті ғалам. 
Асқан мықты балуан батыр болар
Қайлаға Сейітбаттал қылар төрін.
Сол баланы қатының табар шақта 
Өзің дүние саларсың бір ай бұрын,
Туады бір айдан соң сенен кейін,
Жақын болар нашарға байдан бейім,
Дүниеде көрмедім деп арман қылма,
Шыдаңыз ризалықпен оған шейін. 
Сөзіне Қыдыр шалдың мейірі қанды,
Ұйқыдан көзін ашып хан оянды.
Жүрегі аттай тулап, алып-ұшып,
Жақсылық, шүкір,— дейді,— тез таянды.
Ал енді сабыр қылып жыламайын, 
Артымда болса болды, ұл баянды. 
Орнынан хан қуанып тұрекелді, 
Еліне аялдамай қайтады енді. 
Той қылды, Бағдатқа қайтып келіп,
Сеөзіне түсте көрген көңілі сенді.
Осындай қуанышпен бір ай өтті,
Қатыны падишаның буаз бопты.
Əлгінде көрген түсім осы ғой деп, 
Ойдағы қасіреттің бəрі кетті.
* * *
Бір сейіл кең дүниеге қылайын деп, 
Ойына хан Кəркенші алды талап.
Шығыпты сан əскермен сахараға,
Жалғаннын, жалғыз күнін мыңға балап. 
Құмардан шығып жүрді құлан қуып, 
Келеді ажал жетер күні туып. 
Қаладан бір тоғай бар түстік жерде,
1
 Рүстем — «Шаһнаманың» кейіпкері.
2
 Фəрман — бұйрық.

168
169
He түрлі арыстандар жатқан бұғып.
Бір тозаң көрінеді құйындай боп, 
Тоғайдан келе жатыр тура шауып.
Атылған əлемденіп оқ сықылды, 
Зырқырап келе жатыр доп сықылды.
Қараса, тау сияқты бір арыстан 
Аузынан шыққан жалын от сықылды.
Арыстан келе жатыр көзі жайнап, 
Патша қарап тұрады тамаша ойлап.
Қарамай қасындағы көп ғаскерге
Ұмтылды падишаға тура бойлап. 
Ойлайды ажал болса қалмайын деп, 
Қорқуды енді ойыма алмайын деп.
Қайратсыз қапыда өлмек — қатын ісі,
Көңілімді талықсытып талмайын деп.
Зырқырап о да шықты, бұ да шықты,
Ағыны алмас қанжар аса қатты.
Аспаннан күн күркіреп жай түскендей 
Соғысып екі алып зат қаза тапты.
Екі айрылып қалыпты əлгі арыстан, 
Падиша аттан құлап жерді құшқан. 
— Қайтейін, разымын салғаныңа, 
Жеткізбей арман қылған алғаныңа,
Шам, Бағдат, билетіп жеті ықылымды, 
Көндірдің жеті жұртты фəрманыма.
Шырағым, мың күн жанған бір күн сөнді, 
Қол жетті осыншалық дəрманыма.
Жолдастар Бағдатқа жылдам апар,
Артымда тапсырамын қалғаныма. 
Орныма көзім барда хан сайлайын.
Қылайын біреуді ие мал-жаныма.
Жылаған жолдасының көңілін басты,
Падиша жолдасымен ақылдасты. 
Падиша көзі барда таққа мініп,
Халқымның бəрін жи деп əмір шашты.
Хан жатыр алтын тақта көзі жайнап,
Тəні науқас, бұлбұлдай тілі сайрап.
Алты жасар бала мен алпыста шал, 
Уəзірлер бірін қоймай келді айдап.
— Жан қоймай Бағдаттан алдым жиып, 
Беріңдер маған ұлықсат халқым қиып.
Бұл дүние енді маған жолдас емес,
Мансабым, қош аман бол, туған биік.
Хош сау бол уəзір менен қараларым, 
Сасқанда ақыл қосқан сараларым.
Орныма көзім барда хан сайлайын,
Ұлықсат берсеңіздер, жарандарым. 
Екі ұлық падишаның уəзірі бар
Бірінің аты — Шамас, бірі — Тамас.
Дос еді Тамас уəзір құдай дескен,
Жасынан патшаменен жұбай өскен. 
Шақырып Тамасқа хан айтады,
Айрылған мен бір ғаріп ақыл-естен. 
Көзіме бір күнгідей көрінбей тұр,
Хан едім жеті жұрттың кілтін шешкен. 
Бір істі бенделікпен қата қылсаң, 
Жан достым, қарызымды сірə кешпен.
Мансапты алған адам бекер алмас, 
Кейбіреу көп дəулетті көтере алмас. 
Шақырып Шамасқа хан айтады, 
Мен саған сөз айтамын естен қалмас.
Сен Шамас, падиша бол тағымды алып, 
Бұл мансап сізге аманат бізден қалып. 
Кəнеки, көз алдымда тағыма мін, 
Қыласыз он үш жылға халифалық.
Тоқтам жаз, қолыңды қой мақұл көрсең,
Бұл сөзге куə болсын тұрған халық.
Балама он үш жылда тағымды бер 
Сонан соң уəзір болып орныңа кел.
Ел жылар ханның ойлап мейірбанын, 
Сыйлаған Бағдаттың мың мен санын
Тауысып тамам сөзді болғаннан соң 
«Аһ!» — деп бір лебізбен шықты жалын.

170
171
Шыбын жан бір-ақ түтін бу секілді,
Жан тізбек ағып жатқан су секілді: 
Сонымен тағдыр жетіп хан жөнелді,
Жығылған алтындайын ту секілді. 
Қайғымен хан жөнелді қайран манап,
Шамас уəзір хан малын алды санап. 
Тура тауып падиша өзі қойды.
Лайық деп қойған еді жұрты қалап.
Бұзылды Шамас уəзір аз күннен соң, 
Бұзықтық жаман жолды қылды талап. 
Ханымға қастық қылам деп ойлап жүр,
Аз күнде бала туар жүрсем қарап.
Жоғалтсам аманатты қайтып бермей, 
Бір жолмен кім жүреді нəпсіге ермей. 
Дүниеде патшалықтан қызық бар ма, 
Жүргем жоқ хан болғанды көзім көрмей.
Азғырды шайтан кіріп жүрегіне, 
Кез болды бір жақсылық тілегіне.
Аз жылдық аманатты қайта бермей
Қалдырмақ патшалықты сүйегіне.
Аз күнде сақтансам бала туар, 
Баласы падишаның дана туар. 
Мөр басып, жұрт алдында уəде қылған,
Өскен соң елі соның сөзін қуар.
Бұл кезде буаз қатын қолдан келер,
Адам жоқ сұрайтұғын бір-ақ өлер. 
Осындай ерте бастан бір іс қылсам, 
Сөзіме осы күнде халқым сенер. 
Бұзыпты Шамас уəзір уəдесін,
Ханымның кеспекші боп енді басын.
Тамасты қонаққа шақырып ап, 
Құрметтеп бұған құйды əртүрлі асын.
Шақырған соң қонаққа Тамас келді. 
Қайдан білсін бейшара қылар қасын. 
Аузынан əуел алдап қасам алып, 
Жіберем бір жұмысқа сен барасың.
Қасыңа екі жендет қосып берем, 
Бүгін түні бұйырса бас аласың. 
Боласың тіл алмасаң өзің сондай, 
Ажалдан тілімді алсаң бос қаласың. 
Ханның буаз ханымын өлтіресің, 
Басын кесіп алдыма келтіресің. 
Қасыңа екі жендет қосып берем, 
Бүгін түн бұл қызметті бітіресің. 
Патшаның əмірі уəжіп сізге депті,
Ханымның басын келтір бізге депті. 
Бұл сөзді естіген соң Тамас сорлы 
Көзінен жасы ағып тітірепті.
Қамықты досын ойлап жаман қатты,
Апырмау, қайтіп қылам жаманатты. 
Падиша, өте жаман іс қылыпсыз, 
Бермеске қастық ойлап аманатты.
Тамас жаннан қорқып жүріп кетті, 
Аяусыз қосып берді қос міндетті, 
Шаш ал десе бас алған жалаңдаған,
Аяңдап екі жендет келіп жетті. 
Күн жауып, тұман еді себелеген, 
Именсін екі жендет неменеден,
Қасында екі жендет дос уəзір, 
Үшеуі кеп қарайды терезеден,
Панарды ақ сарайға орнатыпты, 
Бұл қылығы Тамасқа зор батыпты.
Ішінде ақ сарайдың сорлы ханым, 
Асылып бір нəрсеге толғатыпты.
Толғатып отыр екен қатты меңдеп,
Қысылып отыр екен жаман терлеп.
Ханымды көргеннен соң дос уəзір, 
Сол жерде талып қалды зар еңіреп. 
Сіздерге осы арада мағлұм қылсын,
Ұстады бірі аяқтан, бірі бастан 
Үлпілдеген ұстады қолаң шаштан, 
Аппақ ет, қызыл бетке қарамай-ақ, 
Жауыздар қылыш шапты аямастан. 

172
173
Ес жиып уəзір тұрды талған жерден, 
Денені бассыз жатқан келіп көрген. 
Тамас есін жиып түрегелсе,
Тауыпты ханым қаза жендеттерден.
Тамас енді аяңдап үйге кірді,
Қиялға қатты түсті əрбір түрлі.
Жөні жоқ патшаменен ұрысуға,
Айтуға əшкере ғып болған сырды. 
Отырды көп зарланып амалы жоқ, 
Жаны ашыр, патшадан кек алары жоқ. 
Ақ ниетпен дос едім ер Кəркенші,
Бүтіндей пиғылында зарары жоқ.
Басына, маңдайына, жан келмейтін,
Шіркін-ай, қайран досым заманы жоқ. 
Денесін дұшпандарға ұстатпайын,
Ойлайын адамдықпен мақұлынан.
Денені арқалап ап кетті жүріп,
Уəзірдің есі шығып ашуынан. 
Уəзір ашуменен кетті жүріп,
Беліне екі етегің мықтап түріп. 
Келіпті талай жерге түн ішінде, 
Отырды бір араға дымы құрып.
Қаладан бір тоғай бар түстік жерде,
Бармайды ол тоғайға тірі пенде.
Арыстан, жолбарыс пен бəлесі көп,
Барғанды шығармайды қайта жөнге.
Ашумен сол тоғайға қалған барып, 
Тоғайды енді көрді уəзір ғаріп.
Кебін-шекпен əкеліп ертең түнде 
Жаназасын оқиын көрге салып.
Аманат қып қояйын бүгін мұнда 
Келе алмас бұл тоғайға адам шалып. 
Достық хақын Кəркенші кешер ме екен,
Жолықтым бұл қайғыға артта қалып.
Орнынан біраздан сон, тағы жүрді,
Ашумен сол тоғайға келіп кірді.
Бір киімін өлімге көлеңке ғып
Қайтадан Бағдатқа мойын бұрды. 
Уəзір кеп орнына жата тұрсын.
Шамастан мен сөйлейін енді сырды.
Падиша білдіреді ерте тұрып, 
Ханымды өлтірді деп ұры кіріп.
Өтірік көп адамды тергеу ғып жүр,
He болғанын сезбейді адам біліп. 
Шамасы мұрады ма жеттім дейді,
Осындай қайламенен қулық қылып. 
Бір елге тыныш жатқан бəле салды,
Шығады хан болмаса қайдан бүлік?! 
Кеш батып мезгілінде уақты жеткен,
Тамас үйден алады кебін, кетпен.
Кешегі өзі көрген жолыменен
Қалпынша тоғайына келіп жеткен.
Болғанда түн жарымы келсе керек,
Кəркенші досын ойлап кешегі өткен.
Айпырмау, кімнен болды күнə сұмдық, 
Қайран ел бір зəлімге болды мұңдық, 
Арты қара осындай қала ма екен,
Мұратқа жетті ме екен мұндай ұрлық. 
Арқаны адалдықтың ұзын еді, 
Деуші еді, арты таяз — амал қулық.
Тамас сорлы өлікке жақындап жүр,
Біржолата өмірден көңілі суып,
Жас ағып екі көзден мөлт-мөлт етіп,
Жылай-жылай тоғайға келді жуық.
Қатынды көмбек еді кешегі серт, 
Уəзірдің толып жатыр ішінде дерт.
Ханымды қойған жерге жақын келсе, 
Болып тұр тоғай іші қып-қызыл от. 
Шошыды өртті көріп шіркін жүрек,
Жеткізер мұратына таза тілек, 
Жарық болып жарқырап тұрған əлгі, 
Өрт дегені жалғыз нұр көкке тірек.

174
175
Жақынырақ қасына барды жетіп.
Нұрды көріп келеді есі кетіп. 
Шілдедегі шыққан күн сияқтанып,
Нұр сиқы көздерінен барады өтіп.
Жақын байқап қарады бір арадан,
Жарығырақ көрінді атқан таңнан. 
Айдай балқып бір бала туған екен,
Тумай өлген қастықпен ұлы анадан.
Балаға енді келді тамаша етіп, 
Баланың бетін сүйді мойнын құшып, 
Елжіреп іші-бауыры мейірі түсіп.
Тіріліп өлген досы көрінгендей, 
Жүрегі аттай тулап алып-ұшып.
Қуанды хан Кəркенші тірілгендей.
Нышаны жақсылықтың білінгендей. 
Өшкен шырақ тамыпты жансыз тəннен,
Басында болып еді түңілгендей.
Баланың мауқын басты бетін сүйіп,
Атты деп таңым жаңа тəңірім иіп.
Уəзір өзі-өзімен ақылдасты, 
Бұл бала тұрмас дейді маған сыйып.
Бала ғой түзде туған бір ғажайып,
Есейсін осы арада есін жиып. 
Қатынды да көмбейін бір жарым ай. 
Бұл тоғайға жан келмес адам тиіп. 
Аққан су, қалың ағаш жері салқын,
Мұның тəні сасымас күнге күйіп.
Байлаулы бір терекке арыстан тұр, 
Өлекшін күшігі бар көрді түйіп.
Бала барып жармасса емізеді, 
Анасындай балаға емшегі иіп.
Бұл бала адам болар аман қалса,
Жəрдемші ғой жетімге осы киік. 
Уəзір кеп мəселе хат жазады, 
Ақылға адам еді өзі биік. 
Уəзір бастан айтып сəлем жазды, 
Бір табақ жазу қыпты ақ қағазды.
Əкесі Кəркешпіден бері тартып 
Баян қып бастан-аяқ тамам көзді: 
Хал-жайың осылайша сенің дейді,
Осы Бағдат болады елің дейді. 
Атаңның айнымайтын жолдасы едім,
Қолымнан келгені осы менің дейді.
Ер жетіп аман жүрсең, ей, шырағым,
Болады қызық күнің кейін дейді.
Айрылған жолдасынан мен сорлыға, 
Бір іздеп аман жүрсең келің дейді.
Тамас бастан айтып бəрін жазып, 
Бекітіп қолтығына желімдейді.
Арыстан көзін салды аужайына,
Ер болар жан қақпайда шаужайына,
Тамас жалғыз өзі азан айтып,
Баланың атын жазды маңдайына. 
Білмесе өзін-өзі болады жат,
Ылайық бұл жетімге қойды бір ат.
Түзде туып арыстан емізген соң,
Баланың атын қойды ер Шеризат. 
Ақтады Тамас уəзір достың хақын,
Айнымас Кəркеншіге болған жақын.
Қиссасын Шеризаттың баян ойлап, 
Шығарды Найманбаев Əсет ақын.
Тапсырды аманат деп арыстанға, 
Жəрдем бол ер Шеризат данышпанға,
Ақшам бата уəзір кейін қайтты,
Күн шыға əрең жетті ұзақ таңға. 
Тамас үйге келіп дамыл қылсын,
Зəлім хан патшамын деп əмір қылсын. 
Сөйлейін Шеризаттан бұдан былай, 
Ал Шамас патша болып тұра тұрсын. 
Сөйлейін бір əңгіме бөтен елден,
Жері бар біраз ғана сөзді бөлген.
Бала көрмей зарыққан бір бай адам,
Сейіл ғып қырық адаммен Шамнан келген. 

176
177
Жүгі бар қырық түйе тарататын, 
Бала үшін бір бейшара қайғы жеген.
Қабдолла Сағит еді оның аты, 
Бір жомарт адам еді қайыр берген.
Бағдатта он күн жатты ойын қылып,
Нашардан алғыс алды тойындырып. 
Қайтады өз еліне Қабдолла бай, 
Тоғайға бала жатқан келді жүріп. 
Баяғы тоғайдағы нұрды көрді, 
Біліп кел деп, бір-екі құл жіберді.
Өлген қатын, байлаулы арыстанмен, 
Көзі айнадай жайнаған ұлды көрді. 
Қуанды Қабдолла бай баланы алып, 
Қатынды жерге көмді кебін салып. 
Қастандықпен түзде туған бала ғой деп,
Жөнелді қонып жатпай тез қозғалып.
Жөнелді қуанғаннан жылдамырақ, 
Жүргенін жерден берді көктен сұрап.
Келіпті қуанышпен өз еліне 
Арада бір-екі айдай жолаушылап. 
Сонымен Қабдолла бай Шамға келді, 
Той қылды жиып алып тамам елді. 
Болады тойдың аты шілдехана, 
Алдым деп бала тауып айтпайды енді. 
Жиылды бай тойына Шам қаласы, 
Мəз болып қуанышпен хан-қарасы, 
Тапты деп өз қатыным лақап қылды, 
Қалыпты ел деп ойлап — өз баласы.
Өткізді қуанышпен тамам жылды, 
Адамға көрсетпейді жалғыз ұлды,
Алтын үйге асырап, тəрбиелеп.
Осылай өсіреді жас бұлбұлды. 
Шеризат — тағы қойды өз атын бұл, 
Теңгерер нұр сипатқа қызыл гүлді.
Сонымен тəрбиелеп үшке шықты,
Шеризат анық қанық білді тілді 
Молладан онға шейін сабақ оқып,
Таба алмас жауабынан ешкім мінді.
Сонымен бала келді он жасына, 
Жағымды сабақ алған молдасына, 
He қиын мəсалаға жауап тауып, 
Туғандай Шам елінің көз жасына.
Баланың əр мінезі жағымды боп, 
Алғызды Шам патшасы өз қасына. 
Жанынан жарты сағат шығармайды,
Ылайық болғаннан соң ордасына. 
Үйретті өнер, ғылым, балуандық, 
Ылайық шын ғаділге нағыз хандық. 
Халыққа шын жағымды бір данышпан,
Қылады нашарларға мейірбандық. 
Үйренді мылтық атып, қылыш шауып, 
Өнердің адам білген бəрін тауып. 
Падиша өз қасынан шығармайды, 
Сөзіне, сипатына көңілі ауып.
Шеризат он екіге аяқ басты, 
Ақыл, білім-өнерге жаннан асты.
Шерумен сахарада сейіл қылып,
Көтерді мың жарым бұт қара тасты. 
Шеризат өзі күшті нақ балуан, 
Маңына дұшпан баспай, аулақ қашты. 
Болыпты асқан мықты, асқан сұлу, 
Шырайлы алтын айдар бану шашты. 
Қайратпен ер атағы мағлұм болып, 
Сайлауға əскербасы ақылдасты.
Əр сөзді айтса керек ебіменен, 
Көңілі ердің қызар көгіменен.
Шынмашын мемлекеті қалың Қытай,
Жау болды Шам шаһарының еліменен. 
Жау болды қан төгуге тым құмартып,
Араға сөз қоспайын енді ұзартып. 
Жиналып сексен мың қол қытай жұрты,
Келіпті Шам шаһарға шеру тартып.
Шам шəһар жай-жайына жатқан қамсыз,
Қыруға бейбіт елді еш күмəнсыз.

178
179
Ішінде қытайлардың жүретұғын,
Бар еді көптен қойған екі ер жансыз.
Сол келіп падишаға қылды хабар,
Қол келді пəлен жерге деді сансыз.
Қол келді Шам шəһарының қаласына,
Халықтың қорқу түсті арасына.
Патша «Тез жиыл!» деп əмір қылды,
Аяғы он жастағы баласына. 
Алпыстағы шалменен атқа мініп, 
Қысраудың дайын болсын даласына.
Шеризат патшаменен бірге шықты,
Сол кезде майдан жерге келді жетіп, 
Ту тігіп əрбір жерден сан көрсетіп.
Əскердің осы келген бəрі мықты, 
Қорқады кетеді деп əлде нетіп,
Шеріктің осы келген бəрі мықты,
Қаптап жүр күннің көзі машрықты,
Ішінде осылардың он мың зəңгі,
Қисапсыз палуан екен олар тіпті.
Патшаның қолындағы бас палуаны,
Жекеге Шамнан дағы бір ер шықты.
Ақырып майдан жерде күш көрсетіп,
Жау жақтан он кісіні əлек қыпты. 
Майданға үнді палуан келе қалды, 
Найзамен əлгі адамды іліп алды. 
Қолына тиген адам топырақтай 
Шəйіт боп он бір кісі дүние салды. 
Бұл батыр заты үнді сайып қыран,
Атағы дүнияға болған ұран. 
Осы жолы қаратам өз дініме,
Болмаса, бірін қоймай бəрін қырам. 
Сөзіне тұрар емес адам шыдап, 
Падишаға əскері барды жылап. 
Шеризат қолын қусырып түрегелді, 
Ұлықсат падишадан енді сұрап.
Шеризат алтын айдар кекілденген,
Ерлігі Рүстемдей өкімденген. 
Патша айтты: шырағым, бала едің, 
Бойың өсіп, бұғанаң бекімеген. 
Асынды алтын қылыш, тұлпар мініп, 
Ел қайран қалды мұның түрін көріп.
Екі көзі оттанып шам сияқты, 
Кеудесі зораяды қарсы керіп. 
Атылған əлемденіп оқтай болып, 
Жəне қорқу ойында жоқтай болып.
Зəңгіге жас балуан жетіп келді, 
Өртенген қалың шөпке оттай болып.
Балаға зəңгі балуан көзін салды, 
Нұрына, сипатына қайран қалды. 
Жайнаған ай мен күндей жап-жас бала, 
Зəңгіге жетіп келіп қаһарланды.
Зəңгі айтты:— жіберді екен неғып қиып, 
Көңілім босап барады бойым иіп.
Басыңа не күн туды, ей жас бала,
Арнаулы балуанның кебін киіп. 
Мектепте сабақ оқы сен, ей бала, 
Ақыл қылып айтамын қорқу сала.
Саған лайық іс емес, қайт шырағым, 
Артын ойлап білерсің болсаң дана.
— Ей, зəңгі, жақсы айтасың жаны ашып, 
Он үшке биыл келдім, аяқ басып.
Бұрын-соңғы жұртымның батырлары,
Жаспын деп жалтармаған жаудан қашып. 
Біздің елге қарсылық ондай қылық, 
Баламын деп болмасқа сөзге жасып.
Аямай əбден көрсет ерлігіңді,
Бұл ажал бəрімізге болды нəсіп.
Өзіңіз бала ғой деп ойыңа алма,
Жас қой деп, жарамсыз деп, қапы қалма
«Ал, ұр» деп кезек беріп қарап тұрды. 
Жар болсын жас манапқа жалғыз ғана.
Зəңгіге кезек беріп тұрды сонда, 
Мың батпан күрзіменен ұрды сонда 

180
181
Тұлпары тізесінен жерге кіріп, 
Қалқаны басындағы сынды сонда,
Қалған жоқ шама келсе баланы аяп,
Сынуға дулығасы қалды таяп.
Шеризат ашуланып түгі шықты, 
Зəңгіден тигеннен соқ ащы таяқ.
Ерлігі Шеризаттың байқалғандай,
Шеризат жаудың бетін қайтарғандай. 
Зəңгіні ат үстінен жұлып алды, 
Шын қыран тырнағынан қан тамғандай.
Аспаннан жарқ-жұрқ етіп жай түскендей 
Қара жер сықырлады шайқалғандай, 
Ерлігін екі жақ та тұрды сынап 
Маңына бара алмады адам шыдап. 
Денесін екі бөліп лақтырады 
Алмадай қолыменен басын бұрап. 
Отырып біразырақ қылды дамыл,
Келіңдер соғысуға көрсең қабыл.
Жекеге адам батып шықпаған соң 
Келіңдер деп шақырды мыңнан жабыл.
Падиша қуанғаннан айқай салды, 
Күшіне Шеризаттың қайран қалды.
Жөнелді қайта қашып қытай халқы
Олжа ғып ат пен тонды жиып алды.
Адамның ер Шеризат — асыл тасы,
Ақылдаса көрмей ме көздің жасы, 
Жылына жалунасы он мың алтын 
Сайлады Шеризатты əскербасы.
Жандай дос патшаға сондай жақын,
Ақтады бір сапарда жолдас қақын.
Тарту ғып оқушыға қалдыруға 
Шығардым əңгіме үшін Əсет ақын.
Оқыған ер Шеризат асқан молда
Жауапқа тілі жатық жəне жорға.
Адасқан ата-анадан кер бұлан ғой
Түсіп тұр көзін ашпай жібек торға. 
Моншаға бір күн түсіп терлеп еді,
Тұр екен қолтығында қатты беріш 
Абайлап бұрын байқап көрмеп еді.
Өзінен ақылды жан озбап еді, 
Көңілі бұдан бұрын тозбап еді, 
Қолына қопарылып жетіп келді,
Тырнақпен төңірегін қозғап еді.
Қараса беріш емес, таққан тұмар
Бүктеген қағаз екен ұмар-жұмар. 
Ойлайды оқып ашып көрейін деп 
Жас күнде көз түсер деп таққан шығар.
Көптен бері тағылған тұмар екен.
Ойлайды осы маған жаққан шығар. 
Бір жақсы қасиетті дұға болса, 
Соғыста əр бəледен қаққан шығар. 
Мөрі бар ашып көрсе инабатты, 
Оқыса ішіндегі сөзі қатты. 
Ахуалын бастан-аяқ мəлім қылған, 
Мері екен Тамастың жазған хаты. 
От шықты сонда аузынан жалындай боп, 
Қайғысы ішіндегі қалыңдай боп.
Ғұмырым бекер босқа еткен екен 
Өрт алған Қызылбастың малындай боп. 
Жіберді жылап-жылап ер Шеризат
Қалмады бишарада сабыр мен зат.
Атамның алтын тағын не қылайын.
Анамның арманда өткен жаны қымбат.
Жылайды ашуменен жігерленіп,
Бойда қуат қалмады, қайғы жеңіп.
Тұла бойы өртенген от сияқты 
Үйіне жын соққандай келді меңіп. 
Бағдат енді болды есі-дерті, 
Жігіттің қан төгуге айтқан серті. 
Келді де атасына жауап қылды. 
Бір сапар жол жүруге болған еркі,

182
183
— Ай, ата, сапар жүрем рұқсат бер,
Тірі күнде таниын ел менен жер.
Дүниежүзін аралап қыз таңдайын, 
Жар іздеген көп болған мен тұстас ер.
— Ай, балам, жар іздесең, жарасады,
Барма деп атаң қайтып таласады. 
Бір жылдан көп кешігіп кетпе балам,
Ақылдан ғаріп атан, адасады.
Шеризат жолға шықты алдын ойлап, 
Алтын алмас қанжарын белге байлап,
Қанатын қыран сермеп ұша тұрсын. 
Тыңдаңыз жамағаттар тамаша ойлап. 
Сөйлейін Бағдатта Шамастан мен 
Алдамшы залым еді серттен қашқан.
Əйелін Кəркеншінің басын кесіп,
Зорлықпен бір момынның орнын басқан.
Нұры тең, əгəр көрсең жасы құрдас,
Сипатын көрген адам сабыр қылмас.
Лəйлі түрі секілді асқан сұлу, 
Туыпты Шамастан да бір қаламқас.
Қойыпты ханшаның атын Гүлшат, 
Əйелден асып туған бұл асыл зат, 
Салдырған бір бау шарбақ түстік жерге. 
Шарбаққа еркек жыныс бармайды жат.
Хан тамам уəзірлерге əмір қылған,
Жан барса ұлықсатсыз алынар бас. 
Шарбаққа екі есік бар берік құрған, 
Күзетші екі айдаһар адамға қас. 
Дүниеге мұндай сұлу келген емес. 
Бір көрген мың көрсем деп болады мас.
Ханша салтанатпен жатыр еркін,
Қызық қой табылғанға дүние шіркін, 
Қасына екі қызды ертіп алып,
Ханша мұнараға шықты бір күн. 
Аспанға күннен түсті күннің нұры,
Шеризат келе жатып көрді мұны.
Бірі мағриб, біреуі машриқтай,
Аспанда екеу болған көрді күнді, 
Сөйлейді қасындағы қырықтың бірі,
Бұл күннің мəлім дейді бізге сыры. 
Бағдаттың патшасының ханшасы, 
Анау күн Гүлшат дейтін қыздың нұры.
Шыққанды мұнараға сүйетұғын 
Ол қыздың толып жатыр айтсам жыры. 
Атасы қолы жеткен зор падиша 
Таусылмас мақтауының мыңнан бірі. 
Шеризат неден қорықсын күшіменен,
Балуан айдаһардай түсіменен.
Қызы деп Шамастың естіген соң 
Өзіне ұйғарады ішіменен. 
Шарбаққа қалған екен бір күндік жер, 
Қызға бастап жөнелді Шеризат ер.
Əуелі патша қызын көрмекші боп
Көңілі солай соқты бұл талапкер. 
Қыз көрді мұнарадан тозаң шаңды,
Жүк артқан қырық түйеге қырық адамды.
Келеді Шам шəһары тарапынан 
Ішінде біреуі бар нағыз қанды.
Келеді бау-шарбаққа тура беттеп, 
Көшпелі керуендей түйе жектеп.
He қылған жан екен деп қарап тұрды
Тырнағын жолбарыс қой жұмған бүктеп. 
Қыз айтты бұл қырық адам батыр екен, 
Біреуі сайып қыран асыл екен. 
Атамды жан екен деп көзіне ілмей
Əдейі-ақ бізге келе жатыр екен.
Осылар не болмаса білмеген жан, 
Əгар білсе, көзіне ілмеген жан.
Бір ғаламат бар екен ойларында 
Бұл қалайша кеудесін сүйреген жан. 
Нөкерлер алдынан шық құрмет алып,

184
185
Келеді кім де болса қырсықтанып. 
Күзетші айдаһарды қайтер екен,
Білерміз шын ерлігін сонда нанып.
Бақшаға соны айтқанша, келіп қалды,
Айдаһар Шеризатқа көзін салды,
Аужайын Шеризаттың байқаған соң 
Айдаһар басын шұлғып құрмет алды. 
Мінгені Шеризаттың боз арғымақ, 
Қараса жүгеніне күмістен ақ 
Бейне өзі падишаның баласындай
Сəулесі — жанып тұрған бір шам-шырақ,
Қыз Гүлшат көңлі сүйді, көзі көріп, 
Босады тас жүрегі майдай еріп,
Алдынан ханшалар құрмет етіп 
Кіргізді сарайына ұлықсат беріп.
Ханша құбылады киім киіп,
Лебізі бір-біріне жылы тиіп.
Үстіне Шеризаттың қыз келеді 
Көрген соң көрісуге көңлі сүйіп. 
Асылдың құралыпты қиюы кеп, 
Пиғылы бірін-бірі көрмеді жек.
Отырды бір сағаттай əдеп сақтап 
Сұрамай бірін-бірі сіз кімсіз деп.
— Қыз айтты: Сіз — майысқан райхан гүл, 
Бекер қарап отырма, бір жауап қыл.
Еркек жыныс көрмеген ерке басым 
Əкемнен басқаменен қоспаушы ем тіл. 
Сарайда бүгінгі күн сені көрдім
Қай бақшадан ұшып ең қыран бұлбұл?
— Шамнан шыққан адам ем жаһан кезген,
Жұмыс бар бірер ғана сіздің елден. 
Жарамды сипатыңды көргеннен соң, 
Жұмысым, міне, осы менің келген. 
Сыртыңнан болып едім төрт жыл ғашық,
Əкеңнен жасқанарсың болсаң жасық.
Он бестен он алтыға шыққан жылы 
Отырмын сарайыңда душарласып.
— Қыз айтты:— Болатұғын балуан өктем, 
Біразырақ ағат бар сізден кеткен.
Ұрлықшы падишаға лайық па
Келдіңіз ұлықсатсыз не себептен?
Шеризат жауап берді қызға жайлап:
— Бақытыңды отыр екен əкең байлап. 
Күншілік қып көрмеген аңқау басым
Қызға бола жүрем бе қарыз ойлап.
Батыр аңғал болады деген сөзге
Қыз тоқтатты жауапты сабыр ойлап.
Қыз күлді қабақ қағып пердені ашып, 
Мейлінше ойнап күлді екі ғашық. 
Екі нұр айрылма деп бұл жалғанда, 
Басқа қыз шашу шашты жапырласып.
Қызбенен он күн жатты күліп-ойнап, 
Жастықтың қызығына бар ма тоймақ? 
Сонда да Шеризаттың қабағы — түн.
Бұрынғы еткен істі біраз ойлап. 
Қиналып анда-санда демін алар, 
Қыз сынап дерті бар деп қайран қалар.
Қасында қайғысына басу болып 
Бақшада ханшамен сауық салар. 
Бір адам киік қуып келген екен, 
Бақшадан қырық адамды көрген екен, 
Осындай, қыз қасында адам бар деп,
Патшаға барып хабар берген екен. 
Падиша естіп білді сондай тілді, 
Қырық адам қорықпайтүғын неткен жынды. 
Соларды барып байлап алып кел деп,
Балуаннан дайын жиды екі мыңды.
Дейтұғын Арсы, Қарсы екі батыр, 
Соғысқа бір-біреуі мыңға татыр. 
Жұмсады осы екеуін қыз бағына 
Дұшпанға салып кел деп заман ақыр. 

186
187
Соларды қоя берді басшы қылып, 
Азаппен өлтір дейді қатты қылып. 
Алдымен қызды өлтір деп көп тапсырды
Дұшпанға қазір барып сал деп бұлік.
Қасына екі мыңды қосты санап, 
Шарбақты олар түнде алды қамап. 
Шарбақты əскер қамап күзетіп түр,
Алуға кім табылар арашалап, 
Қыз Гүлшат терезеден көзін салған, 
Қасқырды байқап көрді қамап алған.
Айтады Шеризатқа кете көр деп,
Басыңнан қазір өтер пəни жалған.
Сөйлейді Шеризатқа қорқып сасып: 
— Шырағым кете көр деп түнде қашып,
Наданнан жасық туған боларсың деп, 
Сөйлейді күлімсіреп аузын ашып, 
Баласы надан ханның жасық ескен,
Жата бер күндегідей сескенбестен. 
Тамашаны көрерсің таң атқан соң, 
Бүгін түнде қоя тұр ескерместен. 
— Əкеңнің алғаным жоқ малын тартып. 
Ғашық болып келіп ем сені қалап. 
Жаусыраған əкеңе жасыл берер
Əскерменен алмаса арашалап. 
Қолынан ханшаның алды тартып, 
Құшақтап ақ білегін мойнына артып,
Құшақтап ханшаны қалды жатып, 
Дұшпанға көрген емес көзді сатып, 
Ханша жауабына болады таң, 
Қорықпайтын батырларда болады заң. 
Басымды бір аңғалға қайдан қидым, 
Аңғал ма қорықпайтын неғылған жан?
Шеризат таң атқан соң тұрды дейді, 
Түрегеп беті-қолын жуды дейді.
Жамылып бір шапанды иығына, 
Аяңдап сайға таман жүрді дейді. 
Арсы атпен тұр екен, Қарсы жаяу.
Есіктің алдын алып тұрған таяу.
Хан əмірін орнына келтірмекші
Күші жетсе онда жоқ бұларды аяу.
Шеризат шыға келді күнше жайнап,
Тұтаған сіріңкеден отша қайнап.
Шыдамай Шеризаттың ызғарына
Бұлар кейін шегінді тамаша ойлап. 
Арыстың бұл жабысты етегінен
Бір тартқанда келіпті жетегіне. 
Екеуін қатарынан өлтіріпті. 
Дұшпаны бұдан аман кетеді ме! 
Арысты ат үстінен жұлды сонда, 
Батырды қыз тамаша қылды сонда. 
Шеризат қарғып ұшып лашындай, 
Атына біреуінің мінді сонда. 
Мың қойға жалғыз тиген қасқырдай боп, 
Əскерді дəл екі мың қырды сонда.
Қайратын Шеризаттың тамаша ғып,
Қыз қарап терезеден көрді сонда.
Қоймады екі мыңның бірін аман, 
Түсіріп бастарына ақырзаман
Өлтірмей бір-екеуін ұстап алып,
Шеризат алып келді үйге таман.
Екеуін айдап үйге кіргізеді,
Ерлігін ер Шеризат білгізеді.
Құлағын екеуінің кесіп алды,
Бұл сөзім тыңдаушыны күлгізеді.
Хат жазды падишаға сəлем айтып,
Қайтарып сол екеуін жүргізеді.
Əуелі хатқа жазды: «Аман ба хан?
Қырылды кеселіңнен екі мың жан. 
Кеселің, жамандығың толып жатыр,
Жазуға түгел айтып жетпейді сан. 
Ауысқан бір залымсың ақыл-миың

188
189
Елге оңай, сөз аяғы саған қиын. 
Сен үшін іздеп келген мен бір дұшпан
Болады осылайша жайы-күйім». 
Екеуі алып келіп берді хатты,
Мына сөз падишаға жаман батты. 
Құлағы жоқ қу шұнақ кімді аясын. 
Ей, патша, кек алмасаң, құдай атты. 
Айтады көргендерін падишаға, 
Жамандап сол дұшпан деп Шеризатты 
Падиша хабар салды жан-жағына,
Шарпитын алты күндік аймағына.
Бек қатты падишаға қорқу түсті 
Батырдың шыдай алмай салмағына.
Қорықпай ер Шеризат падишадан
Гүлшаттың жатып алды шарбағына.
Іздеп келген дұшпаны хан Шамас, 
Болып тұр ілінгендей тырнағына.
Шамас елін жинап ақылдасқан, 
Дұшпаннан кек алмақ боп мақұлдасқан.
Досы Шеризатқа көмек қылған, 
Ал енді сөз сөйлейін ер Тамастан. 
Тамас бұл сөзді естіп ойға кетті, 
Ойласа, Шеризаттың уақыты жетті. 
Санаса сол тарихтан бері қарай, 
Он үш жыл туғаннан он күн өтті. 
Тұлпардан туып қалған жорға құлын, 
Бөтен елде өскен ғой бұдан бұрын.
Ойлайды Шеризат деп осы келген, 
Көрместен оймен білді ханның ұлын.
Сол мекен келіп жатқан кегін жоқтап,
Дірілдеп тұра алмады бойы тоқтап. 
Туып ең өлген тəннен қарағым-ай. 
Бəйшешектей бүрлеген жаңа шоқтап.
Жас та келіп қалыпты, кемел толып, 
Бір қайла — іс қылайын сырттан шолып. 
Алдайын падишаны деп ойлайды 
Соғыс боп қан төкпесін осы болып.
Қасына падишаның жетіп келді, 
Қысылып отыр еді өңі солып.
Былай деп патшаменен ақылдасты,
Патшаның қорқып тұрған көңілін басты.
Қан төгу бекер босқа келіспейді, 
Қайламен ойлау керек қылар істі.
Қисапсыз батыр еді Арыс, Қарыс, 
Екеуін өлтіріпті аш жолбарыс.
Қырыпты екі мыңды бір сағатта.
Ерлігін болып тұрмыз көрмей таныс. 
Болмайды қайламенен алдап алмай,
Жан білмес оңайлықпен қырғын салмай. 
Осы ақыл падишаға жарап кетті
Жақсы ақылды кім қойған қабыл алмай.
Жарамас мұндай іске менен басқа, 
Мінеки, алпыс екі келдім жасқа, Падиша,
Саған бола бір қызмет қып 
Көңіліңді сендірейін айнымасқа.
Тамас өзі білгіш, асқан зерек, 
Əр іске ашу — дұшпан, ақыл керек, 
Қасына жолдас алмай жалғыз өзі, 
Баруға қыз бағына шықты бөлек, 
Тамас қыз бағына сапар қылды
Көруге ер Шеризат қызыл гүлді.
Мұнараның басынан қыз бен жігіт, 
Уəзірді келе жатқан бұлар көрді.
Бұл кім деп келе жатқан қыздан сұрар, 
Оралып өлмеген жан келетұғын. 
Медеуім, тиянағым, қайран ағам, 
Жақыным, бір өзіне сенетұғын. 
Шын досым іші ғаділ артта қалған, 
Жақыным адасқанда жолға салған. 
Шеризат аттан түсіп, жаяу тосып.
Алдымен Тамасты күтіп алған.
Алдынан əдеппенен жаяу барып, 

190
191
О да түсе жүгірді уəзір ғаріп, 
Екеуі айтпай танып көріседі, 
Көрісіп мауқын басты, мейірі қанып. 
Шеризат, бұлтқа кірген шолпаным деп, 
Кəркеншінің баласы сұлтаным деп
Құшақтап Шеризатты көп жылайды, 
Шашақ шаңға тимеген тұлпарым деп.
Сонда қыз ашық білді сұлтан ерді,
Баласы Кəркеншінің нағыз шерді. 
Сарайға уəзірді бастап кіріп, 
Бұрынғы бастан өткен сөзді терді. 
Сөйлесіп сөз бітпейді таң атқанша, 
Бітеді қиын жұмыс талаптанса.
Туғызған бейшараны жансыз тəннен,
Кек қумай қалай болар қарап қалса.
Кеңеспен сол түн таңды атырыпты,
Көңілі көп сөйлесіп басылыпты.
Еліңе мəн-жайыңды білдірейін,
Халықпен таныстырмақ тақырыпты. 
Білмейді елің сенің мына сөзден, 
Бірталай кəрі адам бар ескі көзден.
Шырағым, өз еліңмен соғыс қылма 
Қайтыңыз, ашу — шайтан бұл мінезден.
Шырағым, мен қайтамын елге таман,
Келемін ертең түсте болсам аман. 
Соғыспа, өз еліңмен қан төгіспе,
Соғысқан өз елімен болар жаман. 
Құрметтер Тамасты халық сыйлап, 
Тамас Бағдат халқын алды жинап. 
Бұл сырды бастан-аяқ айтып еді 
Жылады зар еңіреп, халық шулап.
Қарашы, Тамастың ақылына, 
Артын ойлап іс қылған жақынына 
Шамас қайтіп қиып қастық қылды,
Толғатқан Кəркеншінің қатынына, 
Ұғынды мына сөзді жас пен кəрі, 
Қорғайды Тамасты елдің бəрі. 
Бақшаға амандаса келіп жатыр, 
Бейшара Бағдаттың адамдары. 
Келіпті Бағдаттың кəрі-жасы, 
Шамас, о да келді елдің басы. 
Халайық падишаны байлап келді,
Ғазазіл шайтан ғой деп іш анасы
Мойнына арқан тағып жетектеген, 
Көрген адам ұрады кесекпенен.
Көмірдей болған екен дүзі қара, 
Лажсыз əрең келді таппай шара.
Шығарды Кəркеншіні қайтіп естен,
Ақылы жоқ қарашы, қас масқара. 
Еліне батыр болды разы шат, 
Бітірдік жұмысымды қылған қажет.
Сұраққа залымдарды алып келді,
Алуға Шамастың аузынан дат. 
— Сенбісің сертті бұзған, Шамас залым?
Халыққа қылған ісің болды мəлім.
Бес күндік дүниеге қызығып ең.
Шамас, енді қандай болды халің?
Падиша қойып еді əкем жазып, 
Шешемді жəне өлтірдің нəпсіге азып. 
Жансыз тəннен туғыздың ай, ақымақ. 
Осынша қылып едім қанша жазық?!
Ай, шайтан, уəдесін өзі кескен,
Досыңды дұшпан санап құдай дескен.
Ойламай қайтып қылдың бұл қылықты,
Сертіңнен көпке берген сескенбестен,
Ақымақ, уəдесіз сен бір жынды, 
Іздеді ақырында халқым шынды, 
Жатасың ғұмырыңша ғазап тартып,
Көрмейсің жарық дүние ай мен күнді.
Шеризат қанды-қанмен жумаймын деп,
Абақты хүкім қылды темір үйді. 
Шеризат хат жазады жан-жағына,
Шəрінің алты күндік аймағына. 

192
193
Неше күн той-тамаша ойын қылып, 
Орнатты алтын тақты қыз бағына. 
Алыпты ер Шеризат елін баулап, 
Тəубе деп көңлі тынды жауын жаулап. 
Жіберді Шамда қалған атасына, 
Алтын арба, күймесін қоңыраулап.
Шамдағы Қабдолланы алғызыпты,
Артына ғаділдігін қалғызыпты. 
Бұл қисса тамам болды мұныменен 
Өлең қып мəселенің түріменен. 
Шығарып парсы сөзден өлең қылдым,
Қазақтың əңгімелі тіліменен. 
Бір жүріп Қали мұны алған екен, 
Əсет ақын Найманбай ұлыменен,
Талай ақын жалғаннан көшіп жатыр,
Дүние жолдас болған жоқ біріменен.

1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17


©emirsaba.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал