Зұлқарнайын қиссасы. Александр Македонскийдің аңызға
айналған бейнесі ертеден-ақ ақындардың қиялын қызықтырып, өзіне
тартқан. Оның шын бейнесі уақыт өткен сайын қиялмен түрленіп, түрлі
шығармаларда түрлі таңғажайып оқиғалар қосылып, Александрдың
шынайы өмірбаянына ұқсамайтын басқа біреу болып шыққан. Көбіне
идеал патша бейнесінде жүрген. Сөйтіп, біздің жыл санауымыз
бойынша І ғасырдың өзінде-ақ туған романдарда Александр аты ғана
алынғаны болмаса, заты ойдан шығарылған аңыздан тараған еді. Мұның
өзі көпке белгілі, Қожанасыр əңгімелеріне əр халық өз фантазиясынан
туған күлкілі оқиғаларды қосып, өзінше өзгертіп айтып, бұрынғыларын
дамытып, кеңейте беретіні сияқты, Александр туралы аңыздар да
мол тарап, олар батыс пен шығыста «Александрия» деген өзінше бір
жанрға айналып кеткен. Александр жайындағы романдарды Низами,
Науаи дастандарын зерттеген ғалым Е.Э.Бертельс жоғары бағалайды:
«...Александр жайлы шығыс романдарының біз үшін үлкен маңызы
бар. Бұлар жай ғана көркем шығармалар емес, сол роман жазылған
дəуірдегі саясаттың, саяси танымының жиынтығы. Оларды тек тарихи-
əдеби жағынан ғана зерттеп қоймауымыз керек... Бұл шығармалардың
барлығы да тарихта болған бір ғана Александрды мадақтауға
құрылмаған, басқа да бірқатар идеал бейнелерді қастерлеуден туған
жиынтық тұлға. Оны шығарушылар көбінесе, шын Александрды біле
бермеген»
1
.
Александр туралы аңыздар араб-парсы елдерінде де осындай
жолмен жайылған. Бұл аңыздар кейін құранға кіргізілген соң, айрықша
мол тарап кетті.
Араб-парсыда Ескендірді белгілі-белгісіз ақындардың көбі жырлап
прозалық шығармалар да, көптеген дастандар да туғызған. Низами,
Жəми, Науаиге қоса Табари, Абу Али Мухаммед ибн Мухаммед Балами
1
Бертельс Е. Э Роман об Александре и его главные версии на Востоке. М—Л , 1948,
стр. 2.
58
59
(«Хроника», X ғ.), Фирдоуси («Шаһ-нама», X ғ.), Абу Бекр Мухаммед
ибн əл-Валид əл-Фахри ат-Туртуши («Сирад ал Мулук, XI ғ.), Абу
— Хамид Мухаммед ибн Мухаммед Газали («Ат-Тибр əл-масбук фи
Насихат əл-Мулук», XI ғ.), Амир Хосров (XIII—XIV ғ.) ақындар да
жазған. Бұлар бір-бірінен көшірілген аудармалар емес, əрқайсысы
өзінше жазылған нəзира шығармалар.
Зұлқарнайын қиссасын жазу үшін Рабғузидің көп тараған аңыз-
əңгімелерді, өзінен бұрын жазылған кейбір кітаптарды қарап, оқығаны
байқалады. Оларды өз сөзімен баяндап берген, өз шығармашылығының
елегінен өткізген. Бір оқиға əрқилы нұсқалармен айтылса, оны да
көрсетіп отырған. Мысалы: «Ескендірдің» «Зұлқарнайын» — «Қос
мүйізді» делініп аталуының мəнісін əркім əртүрлі түсіндіреді. Біреулер:
«Құрна» араб тілінде «мүйіз» деген сөзді білдіреді. Ал «Иуна» — көптік
жалғауы, «екі» мағынасын білдіреді, содан барып «Қос мүйізді» делін-
ген,— дейді.
Қиссада екі аңыз-əңгіме айрықша көңіл аударады.
Зұлқарнайын көп елді жаулап Үндістанға жетеді. Əскерімен қалаға
жақындағанда үнділердің патшасы бұл келе жатқан кімнің əскері екен
біліп кел деп бір аса білікті уəзірін жібереді. Уəзірі ұзын кісі екен.
Зұлқарнайын оны көріп, еңкейіп басын тұқырайтады. Үнді уəзірі
саусағымен мұрнын ұстап, маңдайын сипайды. Зұлқарнайын күліп
жібереді. Қасындағылар бұл ишараттық мəнін сұрағанда, ол: «Менің
басымды тұқыртқаным — «Бойы ұзынның ақылы қысқа болады» деуші
еді, ақылың, білімің аз шығар дегенім. Ол маған: «Мұрын қуысыма
дейін, басым, тұла бойым толған білім»,— деп жауап берді»,—-дейді.
Зұлқарнайын ірімшік толы ыдыс алып, үндінің алдына қояды. Үнді
қайыра ине шаншып қайтарады. Зұлқарнайын иненің бəрін балқытып,
жұмарлап қап-қара қылып күйдіріп қолына береді. Үнді сыртын
сүртіп-сүртіп қайтарады. Зұлқарнайыннан қасындағы кісілер тағы
да мəнісін сұрайды. Ол: «Ыдысқа ірімшік салып бергенім — біздің
біліміміз осындай көп дегенім. Оның ине шаншып қайтарғаны — біз
де қалыспаймыз, біліміміз жыпырлаған инеден көп дегені. Инелерді
балқытып қарайтып бергенім — «түрің қара екен, пиғылың қандай?»
дегенім еді. Ол: түрім қара болса да, көңілім ақ, адалмын деп жауап
берді»,— дейді.
Бұл əңгімеден патшаны ақылды, білікті адам ретінде суреттеп,
идеал бейнені көрсетуге ұмтылу жайы байқалады.
Түркі халықтарында айтатын ойын тұспал сөзбен меңзеп,
жұмбақтап айтып көрсеткен, сөйтіп, ақыл-білім сайысына түскен
білігі жоғары данышпан қарттар, ақылды қыз-келіншектер, жігіттер
жайындағы əңгімелер, ертегілер мол айтылады. Олар қазақтың
шешендік сөздерінде, ертегі аңыздарында да көп. Мысалы, Қарашаш
сұлу мен Жиренше шешен жайлы əңгіме-ертегілер, «Ақылды əйел»,
«Мафрузаның оқиғасы», «Орман молда мен Өтеш қу», «Жиренше
шешеннің істері» тағы басқалар. Рабғузи қиссасындағы жоғарыдағы
əңгіме де осылай ойдан туып, дамып, Зұлқарнайынға телініп айтылған
болуы мүмкін.
Екінші əңгімеде Зұлқарнайынға Ысрафилдің тас беруі айтылады:
Зұлқарнайн бірінен соң бірін кеп елдерді жаулап алады. Бір күні
Зұлқарнайын Ысрафилді көреді. Ол бір тас береді. Зұлқарнайын бұл
тастың не мағынасы бар екенін біле алмай, хакімдерінен сұрайды. Олар:
«Тасты таразыға тартып көріңіз, неден ауыр екен»,— дейді. Таразыға
тартып еді, ол тастың ауырлығына тең келетін зат табылмады. Топырақ
салып еді, тасты басып кетті. Қызыр: «Мұның мəнісі — адам тірлікте
ешнəрсеге тоймас, бетін топырақ жапқанда ғана тояды деген»,—
дейді.
«Зұлқарнайын қиссасындағы» əңгімелердің екі түрлі бағыты
байқалады. Бір— Зұлқарнайынның пайғамбарлығын көрсетуге көбірек
көңіл бөлінген, таңғажайып оқиғалар араласқан əңгімелер; екіншісі
— Зұлқарнайынды, оның іс-əрекеттерін адам, адамдық қалыпта
суреттейтін үлгі, өнеге ретінде айтылған, өмірге сыйымды оқиғаларға
құрылған əңгімелер (Зұлқарнайынның үнділікпен сөйлесуі, топырақтан
басқаға тоймаған тас, т. б.).
Зұлқарнайын туралы ертегі-аңыздар Рабғузи нəр алған түркі
халықтарының ауыз əдебиетінде, оның ішінде қазақ фольклорында
көп айтылады. «Мүйіз шығады деймісің» деген сөздің төркіні де
Зұлқарнайын əңгімесінен шығып жатыр. Мəні: «Зұлқарнайынның
күштілігі екі мүйізінен екен» дейтін аңызды тұспалдағаны. Аңыз-
ертегі 1946 жылы шыққан «Қазақ ертегілерінің» 1-томында бар.
Қысқаша нұсқасы Қазақ КСР Ғылым академиясының Орталық ғылыми
кітапханасында сақтаулы
1
.
Жүсіп — Зылиха қиссасы. Жүсіп пен Зылиханың махаббаты
жайлы аңыз талай ғасырлар бойы ақын мен жыршының өлеңінде,
əңгімеші-шешеннің көмейінде тербеліп, жыр-өлең, əңгіме-ертегі
1
151-папка. Тапсырған Ə.Марғұлан. 1939.
60
61
түрінде күні кешеге дейін айтылып келген, Шығыста көп тараған, көп
жырланған сюжеттің бірі. Фирдоусидің «Иусуф вə Зулайха», Əлидің
«Қисса-и Иусуф», Дүрбектің «Иусуф вə Зулайха», Жəмидің, Шаййад
Хамзаның «Иусуф вə Зулайхасын» айтсақ та, бұл аңыздың шығыс
елдеріне қаншалықты жайылғанын аңғаруға болады.
«Жүсіп — Зылиханың» ең көне нұсқасының бірі Фирдоуси жазған
дастан. Парсы əдебиетінің жетік маманы, Фирдоуси шығармаларын,
өмірін зерттеушілердің бірі Е. Э. Бертельс Фирдоусидың бұл поэмасына
Библиядағы Иосиф Прекрасный мен оның əйелі Пентефрия жайлы
аңыз, Құрандағы Жүсіп оқиғасы, осы аңыздың кейбір кітаптардағы
апокрифтік версиялары негіз болды, оқиғасын солардан алды деп
көрсетеді
1
.
Көпке белгілі, Құранның 12-сүресінде «Жүсіп» əңгімесі əңгіме-
лердің ішіндегі ең жақсысы, көркемі, бұрын белгісіз деп көрсетілген
2
.
Яғни бұл əңгіме құраннан бұрын еш жерде жазылмаған, естілмеген
болып шығады. Алайда, Жүсіп жайлы мифтік əңгіме-аңыздар арабтар
арасында исламға дейін де белгілі болған, көне Египетте кең тараған
3
.
Тəуратты зерттеуші З.Косидовский Иосиф туралы мифтік əңгіме көне
бір тайпалардың, басынан кешірген тарихи оқиғаларын бейнелейді.
Жүсіптің басынан кешірген жағдайларында көне бір тайпалар өмірінің
көрінісі бар деп есептейді.
Айтылған пікірлерді жинақтай келіп, шығаратын қорытындымыз:
Жүсіп туралы аңыздардың түпкі тамырлары көне мифтерден
тарайтындығы, кейін сол ауызша, жазбаша аңыз-əңгімелерден əр түрлі
версиялармен тарап кеткендігі. Ол Фирдоусиге дейін де тəурат пен
Құраннан басқа түрлі діни кітаптарда біршама жазылған. Фирдоуси
сол аңыздарды жинақтап, қорытып, өзінше нағыз көркем шығарма
етіп жазып шыққан болса, одан кейінгі ақын-жазушылар алдыңғы
материалдардың үстіне Фирдоуси жазған «Иусуф вə Зулайханы» да
оқып, өз шығармаларына өзек қылған.
Фирдоуси поэмасы, сюжеті құраннан алынғандығына, басты
геройлары мұсылман пайғамбарлары — Жақып пен Жүсіп екендігіне
қарамастан, мистикалық əуеннен алшақ.
«...Бұл тақырыпқа Фирдоуси айрықша реалистікпен қараған,
1
Бертельс Е. Э. Абу-л-Касим Фирдоуси и его творчество Л.—М, 1935, стр 59.
2
Крачковский И. Ю Қоран. 12-суре.
3
Климович Л. И. Ислам. М, 1965, стр. 50.
таңғажайып (діни) кереметтердің бəрін екінші орынға ысырып, оларға
тым аз орын қалдырған, сараң баяндаған»
1
— дейді Е.Э.Бертельс. «Тіпті
Фирдоусидың «Шаһнамасы» бізге жетпеген күнде «Жүсіп» поэмасына
қарап-ақ, оны дүниежүзі əдебиетінің, парсы əдебиетінің тарихында ең
құрметті орынға қояр едік»,— деп баға берді.
«Жүсіп — Зылиханың» түркі тіліндегі ең көне нұсқалары: Əлидің
«Қисса и Иусуфі» мен Рабғузидың «Қисса Иусуфі». Бірі — өлеңмен,
екіншісі қара сөзбен жазылған.
Екеуінің де негізгі сюжеті бір, бірақ аздап айырмашылықтары бар.
Мəселен Əлидегі Жүсіпті көру үшін құдықта мың жыл отырған Мысыр
көпесі Мəлік ибн Дағридың түсі, Жүсіптің көркіне қайран болып,
халықтың аштығын ұмытқаны Рабғузиде кездеспейді.
Фирдоуси творчествосын жетік білетін ленинградтық ғалым
Г.Т.Тагирджанов Əлидің, Рабғузидің, Шаййад Хамзаның «Жүсіп —
Зылихасын» Фирдоусимен салыстыра қарап, Əли мен Рабғузи өзде-
рінен бұрын туған көп үлгілердің ішінен Фирдоуси жырына айрықша
сүйенеді, оқиғасы ғана емес, жекелеген жолдарында да ұқсастық бар
деген қорытындыға келген
2
.
Бір ғана «Жүсіп қиссасы» емес, Рабғузи кітабындағы əңгімелердің
əрқайсысының негізі қайдан алынды, оларды автор творчестволықпен
қалай пайдаланды, Рабғузидың нəзирашылдығы қай дəрежеде деген
мəселелер арнайы зерттеулерді қажет ететіні даусыз.
М. Əуезов Тұрмағамбет ақынның «Рүстем-дастанына» жазған алғы
сөзінде:
...«Рүстемнің жайы жалғыз Фирдоусиден басталмайды. Ол
турасындағы көне ақыз, əңгімелер Фирдоусиден бұрын да көп
жайылған болатын.
Осы баспада оқушыға ұсынылып отырған «Рүстем-дастан» жыры
Фирдоусидін, «Шаһнамасынан» жасалған аударма емес. Ол арғы-
бергі (соның қатарында Фирдоусидің де еңбегіне ауысқан) ауызша
да, жазбаша да хикаялардың бəрінен құралып, қазақ халқы арасында
ертегіше тарап кеткен батыр жорықтарының жиынтық жыры.
...Сонымен Рүстемнің жайы туысқан тəжік əдебиетінің ұлы
классигі Фирдоусидің «Шаһнамасында» болғанымен, мынау еңбекті
1
Бертельс Е. Э. Абу- л-Касим Фирдоуси и его творчество. Л.—М, 1925, стр. 60
2
Тагирджанов Г. Т. «Влияние поэмы Фирдоуси», «Иусуф и Зулайха» .. Палест. сб.
вып. 21. (84), Л , 1970, стр. 46—51.
62
63
Фирдоусидің, «Шаһнамасынан» тікелей жасалған аударма демейміз,
сол Фирдоуси үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп
жазған Рүстем жөніндегі дастанның, қазақша варианты дейміз»,—
деген еді
1
.
Біздіңше, М. Əуезовтің көрегендікпен айтқан осы пікірі — аударма-
нəзиралық шығармаларды тексеру бағытында үлкен ой тастайтын
мағыналы сөздер. Пікірдің негізгі мəні Рабғузи творчествосына, оның
ішінде «Жүсіп қиссасына» əбден қатысты деп ойлаймыз. Рабғузи
қиссасын жазғанда Фирдоусиді ғана оқып қоймаған, араб-парсы
тілдеріндегі «Қисас-ұл əнбия» кітаптарды, Фирдоусиден бұрынғы
Жүсіп жайлы жазба шығармаларды, ауызша таралған аңыздарды,
фольклорлық үлгілерді естіп, білген. Соларды пайдалана отырып,
өзінше жазған. Ол ылғи «бағзы бір жерде айтады», «бағзы біреулердің
айтуы бойынша» деп отырады. Кейде кітаптың аттарын, авторын
көрсетіп кетеді: «Тəфсір» кітабы, Əбу Исхақ Нишабуридің «Қисас-ұл
əнбиясы», «Шейх Хусейн Басари, Ғабдолла бин Ғаббас...». Автор көп
жерде өз жанынан өлеңдер қосып, өзінше баяндайды.
«Жүсіп қиссасының» негізгі сюжетінде бұрыннан белгілі Жүсіп
— Зылиха қиссаларынан анау айтқан айырмашылық жоқ:
Жақыптың он екі баласы бар еді. Он екінің ішіндегі ең көріктісі,
Жақыптың аса жақсы көретін сүйікті баласы Жүсіп-тін. Бір күні Жүсіп
таңғажайып түс көреді. Түсінде ол ағаларымен жерге ағаш тігіпті.
Ағаштар көгере бастапты. Жүсіптің ағашы бəрінен биік өсіп, көкке
жетіпті. Басқа ағаштар Жүсіптің ағашына иіліп сəлем беріп тұр екен.
Жүсіптің түсін есіткен ағалары намыстанып: «Жүсіп атамызға өзін
бізден артық қылып көрсетіп, жақсы атану үшін, «түс көрдім» дегенді
ойлап тауып жүр»,— деп жақтырмайды. Жүсіп екінші рет түс көрді: оған
он бір жұлдыз, күн, ай көктен сəлем берді. Ол түсін атасына айтып еді,
Жақып басқа балаларының қызғанышын оятпас үшін: «Бұл көргеніңді
ешкімге айтпа, ағаларың жамандық ойлап жүрмесін»,— дейді. Бірақ
Жүсіп пен Жақыптың əңгімесін оның Рубил атты үлкен ұлының
шешесі естіп қойып, өз баласына айтады. Ол басқаларына жеткізеді.
Содан Жүсіптің ағалары қатты ашуланып, оны өтірікші, мақтаншақ
санайды. Тезірек көзін жойып, құтылмаққа дұға қылысады.
Көктем келді. Бір күні Жақыптың балалары серуендеп қайтпаққа
1
Тұрмағамбет Ізтілеуов. Рүстем-дастан. Алматы, 1961, Алғы сөз. 7-бет.
жиналып, атасына: «Жүсіпті бізбен бірге жібер, аң аулап, көңіл көтеріп
қайтсын»,— дейді. Жақып мұның алдында жаман бір түс көріп, ұйқы-
күлкіден безіп, шошып жүр еді. Түсінде: тау басында отыр екен.
Төменде Жүсіпті он бөрі ортаға алып, жемекке амал қылып жүр екен.
Ішінен біреуі бөлініп шығып басқаларын қуады. Сол кезде Жүсіп жерге
кіріп кетеді.
Жақып балаларының сөзінен сескеніп, Жүсіпті жібергісі келмейді.
Бірақ Жүсіптің өзі де өтінген соң, көңілін қимай, босатады.
Ағалары Жүсіпті алдап, айдалаға ертіп апарады да, оны қалай
өлтіруді кеңеседі. Бірі: «Таспен ұрып өлтірейік» — десе, екіншісі:
«Пышақпен бауыздап кетейік»,— дейді. Жүсіп жылап, жалынады.
Яһуда деген ағасы оның көз жасын көріп аяп: «Қоя берейік», — дейді.
Оған басқалары ұрсады. Ақыры, олар Жүсіптің аяқ-қолын байлап,
терең құдыққа тастайды. Олар қайтып келіп, Жақыптың алдына
жығылып, жылайды. «Жүсіпті қалдырып кеткен жерімізден бөрі жеп
қойыпты»,— дейді. Жолда бір лақты сойып, Жүсіптің көйлегін қанға
былғап əкелген еді, соны береді. Жақып жылайды. «Сол жеген бөріні
көрсет»,— дейді. Балалары бір бөріні ұстап əкеледі. Ол Жақыпқа:
«Жегенім жоқ»,— дейді. Жақып балаларының қастық қылғанын сезеді.
Балалары əкесі біліп қоймас үшін қайта барып Жүсіпті өлтіріп, басын
кесіп əкелмекші болады.
Сол кезде Мысырдан Шамға сапар шегіп келе жатқан бір керуен
құдықтағы Жүсіпті көріп, шығарып алады. Ағалары келеді. «Бұл —
біздің қашып кеткен құлымыз, қаласаңдар, сатамыз. Сатып алсаңдар,
аяғына шынжыр кісен сал, ыңыршақ түйеге мінгіз, Шамға апарғаннан
кейін бөтен елге сатып жібер», — дейді. Керуен басы айтқандарын
істеуге уəде береді. Ол Жүсіпті Мысырға апарып, Мысыр патшасына
сатады. Патшаның əйелі Зылиха Жүсіпті көріп ғашық болады. Жүсіп
оның құлы болса да, əдемі киіндіріп, жасандырып, жақсы ұстайды.
Бір күні Жүсіпті оңаша алып, оны өзінің сүйетінін айтады. Жүсіп
көнбейді, қашады. Зылиха ұстаймын деп етегінен тартып қалғанда,
киімі жыртылып кетеді. Патша келіп қалады. Зылиха пəлені Жүсіпке
жабады. Сонда 4 айлық бала сөйлеп, куə болады «Жыртылған етегі
алдыңғы жағында ма, артқы жағында ма, соны біліңдер»,— дейді.
Патша көріп, түсіне қояды. Жыртылған артқы етегі екен. Зылихаға:
«Сен қашпағансың, қуғансың — дейді. Алайда, ел өсегінен қорқып,
Жүсіпті зынданға салады. Бір күні зынданға патшаның аспазы мен
аяқшысы түседі. Екеуі түс көреді. Жүсіп түстерін жорып: аяқшының
64
65
өлетінін, аспаздың үш күннен соң құтылатынын айтады. «Құтылғанда
патшаға менің кінəмнің жоқ екенін айта бар»,—дейді. Айтқанындай
аспазды шығарып алып кетеді. Құтылғанмен, ол Жүсіптің өтінішін
ұмытып кетеді.
Патша түс көреді. Түсінде: жеті бас бидай — жаңа шығып келе
жатқан жеті бас бидайды жейді, жеті арық сиыр — жайылып жүрген
жеті семіз сиырды жеп қояды. Мұның шешуін ешкім білмейді. Сонда
аспаздың есіне Жүсіп түсіп, патшаға айтады. Жүсіп патшаның түсінің
сырын шешіп береді: «Жеті жыл тоқшылық болады, қамбаға бидай
сыймайды, одан соң жеті жыл аштық келеді, құрғақшылық болады,
егін шықпайды», — дейді. Патша разы болып, Жүсіпті зынданнан
шығармақшы болады. Ол: «Зындандағы кісілердің бəрін босатсаң,
шығамын»,— дейді. Патша келіседі. Зындандағылардың бəрін
босатады. Зылиханы шақырып алады. Зылиха Жүсіпті сүйетіндігін,
бірақ оның өзіне қарамағандығын, патшадан қорыққаннан өтірік
айтқанын шынайы баяндап береді.
Жүсіп содан былай патшаның барлық шаруасын басқарады. Жеті
жыл бойы астықты қамбаларға толтырып қор жинайды. Ашаршылық
келеді. Жұрт қырылады. Тек Мысыр елі ғана тоқ болады. Жан-жақтан
ағылған адам астыққа ақшасын да, малын да салып, ақыр аяғында
өлмес үшін Мысыр еліне өздері де құл болады.
Жүсіптің ағалары да ашығып, Мысырда астық сатады екен дегенге
осында келеді. Жүсіп бұларды таниды. Ал, олар Жүсіпті кішкене
күнінде көргендіктен танымайды.
Жүсіп ағаларына мол астық бергізіп, əкелген ақшасын да қабының
ішіне қоса салдырады. Ендігі келгенде үйде қалған ибн Иауминді
(Жүсіп екеуі бір анадан туған) алып келуді бұйырады. Ағалары еліне
келіп, атасына болған жайды баяндап, көрген сый-сияпатын айтып
тауыса алмайды. «Ибн Иауминді алып кел» — деген сөзін есіткенде,
Жақып: «Жүсібімнен айрылдым, енді мұны жіберіп тағы пəлеге душар
болармын, жібермеймін!» — дейді.
Айды: Иүсүфті алыб бардыңыз, келтүрмəдіңіз. Енді мұны һəм алыб
барсаңыз келтүрмегəйсіз.
Айтты: Жүсіпті алып кеттіңіз, (қайтып) əкелмедіңіз. Енді мұны
алып кетсеңіз, (қайтып) əкелмессіз.
Ұзамай əкелген астықтары таусылған соң, Жақып амалсыздан
Ибн Иауминді ертіп, балаларын Мысырға тағы жібереді. Жүсіп Ибн
Йауминді көрген соң жүрегі елжіреп, оңаша шығып жылайды. Ақыры,
інісіне өзінің Жүсіп екенін айтады. Соңында əкелі-балалы Жақып пен
Жүсіп бір-бірімен көріседі. Жылай-жылай соқыр болған Жақыптың көзі
ашылады. Жүсіп ағаларын бірнеше сыннан өткізіп барып кешіреді.
Күндердің бір күні Мысыр патшасы өліп, орнына Жүсіп патша
болады. Шалқақтаған тұрмысы көзінен бұлбұл ұшқан Зылиха
кедейленіп, жалғыз қызметшісімен ғана қалады. Өзі қартаяды. Сонда да
болса Жүсіпті есінен бір сəтке де шығармайды, аһ ұрумен күн өткізеді.
Бір көріп қалсам деп, Жүсіптің өткен-кеткен жолын тосады.
Бір күні Жүсіп аңға шығады дегенді естіп, жолға барып отырады.
Көп əскерлермен Жүсіп өтіп бара жатқанда:
Маула тағала арығ құлны ұлуғ мəртəбəга йеткерүр, патшаһ қылұр,
йазұқ қылған падшаһны ұлұғ мəртабадын түшүрүб, залыл қыұүр,—
теді.
— Маула тағала таза (адал) құлды ұлық мəртебеге жеткізер, патша
қылар, жазық қылған (жазықты болған) патшаны ұлық мəртебеден
түсіріп, залал қылар,— деді.
Жүсіп Зылиханы танып, «Зылиха!» — деп дауыстайды. Зылиха
Жүсіптің даусын есіткенде, талып қалады. Есін жиып, Жүсіпті əлі
күнге тосып жүргенін, мал-жанын, жастық-сұлулығын Жүсіптің
жолына құрбан еткенін айтады. Жүсіп өмір бойы ғашықтық арманына
жете алмай, шерменде болған Зылиханы аяп, іші жылиды. Түсінеді.
Көп ұзамай Зылихаға некеленеді.
Қиссаның оқиғасы қалың, барынша, өз əлінше қызық, тартымды.
Негізгі арқауы — махаббат, сүйіспеншілік, адамгершілік. Қашаннан
адамзат атаулының ізгі арманы, асыл мұраты, сенім, мақсаты, осы
тақырыпта орайласып, жол тауып, тоғысып жатқан жоқ па? Жүсіп
қиссасының да қадим заманынан адам баласының жүрегіне жылылық
төгіп, ескірмей келе жатқаны да содан болар...
Махаббатсыз дүние бос,
Айуанға оны қосыңдар,—
демекші, жер бетінде адам тұрғанда, махаббаттың қайғысы мен
қуанышы жүректі тебірентпей сірə да тұра ала ма?! Адамның туған
жерге, адамның адамға, ата-анаға, балаға, ғашыққа деген махаббаты да
мəңгілік. Махаббаттың қайғы-қуанышы, сəтті-сəтсіз жақтары əркімді-
ақ толғандырған. Ал көне дəуірдегі діни сенім адамдары соның бəрін
құдайдың құдіретті күшінен деп түсінген. Мұндай түсінік Рабғузи
қиссасында да айқын аңғарылады.
66
67
Қиссадағы бүкіл оқиға, іс-əрекеттің басын құрап тұрған негізгі
екі өзек бар: Жақып пен Жүсіп, Жүсіп пен Зылиха. Қисса осы екі
өзектің бойымен өрбиді. Ата мен баланың сүйіспеншілігін, ағайынды
адамдардың бір-біріне жауыздығын, Жүсіп пен Зылиханың оқиғаларын
баяндау арқылы автор жауыздықтан, күншілдіктен жирен, өйтпесең
өзің қор боласың, ата мен бала, бір-біріңді Жақып пен Жүсіптей сүй,
махаббатқа берік болсаң, Зылихадай мақсатыңа жетесің деген ғибрат
тастайды. Рабғузидың, кітапқа осы қиссаны кіргізуінің басты мақсаты
үлгі-өнеге беру:
Аларның ишлəрідін сеңа хабар бердім, ғибрат алғыл, бұ қыссада
башрат айа сеңа ғибрат бар.
Олардың істерінен саған хабар бердім, ғибрат ал, бұл қиссада
басынан аяғына дейін ғибрат бар.
Шығарманың бұрын да қайта-қайта жазылып, айтылып қалыптасқан
композициялық тұтастығы бұл қиссада да сақталған.
Мұнда да оқиғаның басталуы, дамуы, шиелінісі, шарықтау шегі,
шешімі сияқты композициялық бүтіндік беріп тұрған элементтерді
табуға болады. Рабғузи ескіден келе жатқан қарапайым классикалық
əдісті қолданған. Оқиға не аяғынан, не ортасынан алынып басталып
кетпей, басынан бастап, бірте-бірте өрбиді. Қиссаның басталуы мен
аяқталуының арасында бір адамның бүкіл өмірі жатыр. Оқиғаның басы
Жақыптан, оның балаларымен, Жүсіппен таныстырудан басталады.
Сюжеттің байланысы — Жүсіптің түс көруі, ағаларының
күншілдікпен құдыққа тастайтын жерінен оқиға шиеленіседі.
Онан Жүсіптің құлдыққа сатылуы, Зылиханың ғашық болып, өзіне
көндірмекші болуынан оқиға дамып, Зылиханың Жүсіпті зынданға
салдырған тұсында шарықтау шегіне жетеді. Шешімі Жүсіптің
атасымен, ағаларымен қосылып, Зылихамен некелесуі.
Негізгі өзекті оқиғалар осымен бітеді. Соңында Жүсіптің, Жақыптың
одан арғы хал-жағдайларынан мəлімет бар. Арман-мұраттарына жеткен
Жақып та, Жүсіп пен Зылиха да ұзақ өмір сүріп, дүниеден өтеді:
Зылиха Иүсф бірла он секіз иыл тіріклік қылды,
беш ұғұл, екі қыз тұғды, андан соң офаты болды.
Бұрын-соңды жазылған Жүсіп жайлы қиссалардың біразында
Зылиханың жастық шағы баяндалатын. Онда Таймус шаһтың қызы
Зылиха түсінде көркі жаннан асқан бір сұлу жігітті көріп ғашық
болады. Ол: «Атым — Жүсіп, Мысыр патшасымын, іздесең содан
табасың»,— дейді. Қызының ғашық отына түскенін естіп, Таймус шаһ
дереу Мысыр патшасына хабар қылады. Ұзамай екі жақты келісіммен
Зылиха күйеуге шығады. Қараса, күйеуі түсінде көрген жігіт емес.
Зылиха қайғыға түседі.
Бұл оқиға Рабғузи қиссасында жоқ. Қиссада: Жүсіпті бір көруге
бола, құдыққа түсіп мың жыл жатқан адам, ашыққан халықтың
Жүсіптің көркіне есі кетіп, тамақты ұмытқаны сияқты аңыздар да
кездеспейді. Оның себебі, Рабғузидың қиссасының өзінен бұрынғы
жазылған сюжеттеріне талғаммен қарағанынан, лайықсыз, ретсіз деп
есептеген сюжеттерін кіргізбегендігінен болса керек.
Бірақ бұл шығарма түгелдей діннің əсерінен таза дегендік емес.
Əрдайым Жүсіпке Жəбірейілдің келіп, құдайдың əмірін жеткізуі,
Жақыптың Əзірейілден «Жүсіптің жанын алдың ба?» — деп сұрауы,
Жүсіптің пайғамбарлықтары тəрізді тұстары діни сенімнен туған
эпизодтар.
Қиссадағы негізгі кейіпкерлер — Жүсіп, Зылиха, Жақып,
Жүсіптің ағалары. Бұларды қазіргі шығармалардың қаһармандарымен
салыстырып, солардың даралану, сомдалу дəрежесінен қарауға болмас.
Сол заманның түсінігін, талғамын танытатын, адам баласының
көркемдік, эстетикалық биік дəрежеге жету жолындағы сан ғасырлар
бойы жинақтаған тəжірибе-талаптары деп бағалаған сыйымды болар.
Оның үстіне Рабғузидың «Қисса-и Жүсібі» мұндай көлемді жанрда
түркі тілінде жазылған шығармалардың алғашқыларының бірі екенін
ескерсек, автордың аса қиын жұмысты игеріп шыққанын аңғаруға
болады. Шығармада адамның шым-шытырық іс-əрекеті, сезімі,
күйініш-сүйініштері, қайғы-қуаныштары да мол көрінген. Жүрек
əмірі барлық істің билеушісі болып кететін тұстары аз емес. Мұндай
жағдай Зылиханың қаракеттерінен байқалып қалады. Сондықтан да
Зылиха ондай кездерде шындыққа жақын, əрі сұлу, əрі ақылды əйелдің
бейнесі болып керінеді. Зылиханың басты қасиеті — алған мақсатынан
қайтпайтындығы, махаббаттың ыстық-суығына беріктігі. Ол Жүсіп
үшін мал-жанын құр-бан қылып, су қараңғы, кедей кемпірдің күйіне
түссе де, патшалық, байлықтан айрылдым демейді. Жүсіпті бір көрсем
деп алыстағы үміт сəулесіне бар күйін бағыштап, жүрегіне талып
жеткен əлсіз жылуына жұбанып, көңілін суытпайды. Қаншама рет
көнбей кетсе де, Жүсіптің жолың тосудан жалықпайды.
Иығлайу көзлары көрмас болды... қашан ач болса,
аһ Иүсф тейүр ерді, сусаса аһ Иүсф тейур ерді...
68
69
Жылаудан көзі көрмейтін (соқыр) болды. Ашықса да «аһ! Жүсіп»
— дейтін еді, сусаса да «аһ, Жүсіп!» — дейтін еді...
Ақыры Зылиха өзінің Жүсіпті шын жүрегімен сүйетінін дəлелдеп,
оған Жүсіптің көзін жеткізді. Зылиханың құсадан жиналған іштегі
ыстық жалыны Жүсіптің қолындағы қамшысының алтын сабын ерітіп
жібереді.
Жүсіп: «He тілегің бар?» дегенде: Зылиха айтты: «Əуелі —
жастығым, екінші — көркім, үшінші — көрер көзім (болсын). Бұл үш
қажетім орындалған соң (ең) басты бір қажетімді айтамын».
Сөйтіп, Зылиха сұлу, жас кейпіне түскен соң, Жүсіпті ынтық,
құштар қылады. Енді Зылиханың баяғы шерменде күйінде Жүсіп
қалып, Зылиха тартқан азапты ол да тартады. Сонда барып, Зылиханың
өткен уақыттарының тақсіретін түсініп, ғашықтық отын ол да бастан
кешіріп, Зылихадай сұлудың сырт сымбатына да, жанының тазалығына
да тəнті болады. Зылиха ақылдылығымен Жүсіпті жеңеді. Зылиханың
ақылды əйел екендігін «құлына ғашық болыпты» деп өсектеген
əйелдердің өздерін Жүсіпке тəнті етіп, өз бармақтарын өздеріне
кестіретін зпизодынан айқын аңғаруға болады. Зылиханың сонымен
бірге қаталдығын Жүсіпті көнбеді деп зынданға салдырған тұстарынан
көреміз. Бірақ кейін өзі бар кінəны мойнына алып, патшаға Жүсіпті
сүйетіндігін ашық айтудан қаймықпайды.
Зылиха қиссада осындай өмірдегі шын адамға тəн мінез-
құлықтарымен біршама жанды бейнелеген. Зылиха—асыл арманы,
шынайы сезімінің іске асуы үшін күресе алатын əйел.
Жүсіп кейпіне оны «пайғамбар» етіп көрсететін діни болмыстар көп
араласқан. Аса жағымды, үлгілі, идеал адамның бейнесінде суреттемек
болған. Жүсіп қорлық көріп қиналғанда, аспан түнеріп, дауыл соғады.
Ол қуанғанда, шайдай ашылады. Ыстықтан қорғап, көлеңке түсіріп
төбесінде бұлт жүреді.
Бұл сияқты нанымсыз жайлармен қатар Жүсіптің бойынан
қарапайым, адамға тəн сын-сипатын да көруге болады. Жүсіптің атасына,
бауырларына деген шын сүйіспеншілігі, ақылдылығы, адалдығы əсерлі
бейнеленіп, қиыншылық көруі аяныш туғызып отырады. Кішкене
күнінде ағалары құлдыққа сатып жібергеннен бастап, атасы Жақыпқа,
іні-қарындасына сəлем айтып, сағынып жылауы, соңында астық алуға
келген ағаларын көргенде іштей қиналуы, білдірмей жас төгуі оның
аса бауырмал, адалдығын көрсетеді.
Айдылар: Иүсф атлығ ұғлы бар ерді, аны сүйəр ерді,
ол ғайыб болды ерса, аңа йығлайу көзі кермас болды, — теділар,
Иүсф аны ештіб ниқаб ічінда көп йығлады.
Айтты: Жүсіп атты ұлы бар еді, оны аса сүюші еді, ол ғайып болған
соң, жылағаннан көзі соқыр болды,— деді. Жүсіп оны естіп, перде
ішінде көп жылады.
Жүсіптің адамдық, адалдығы қиссаның өн бойынан аңғарылып
отырады. Ол ағалары өзіне қандай қастық қылса да, «таспен ұрғанды
аспен ұр» деген аталы ойдын, мағынасын жөн тұтып, алдына келіп,
аяғына бас ұрып, көздерімен жер шұқып тұрған ағаларын босатып қоя
береді. Керісінше, сыйлап, арамдықты адамдықпен жер соқтырады.
Жүсіпті патша зынданнан босатамын дегенде, ол зындандағы-
лардың бəрін босатсаң ғана шығамын, əйтпесе мені де қозғама
деп тұрып алады. Талай жыл дəм-тұзды бірге татысқан, мұңы бір
жолдастарын тастап кетпей, бірге алып шығады. Оларға бір-бір ат
мінгізіп, шапан кигізіп, құрмет қылады. Бұл жайдан да жолдасын
жау қолында қалдырмас ер жігіттің адамгершілігі Жүсіптің бойынан
табылатынын аңғарамыз.
Жүсіптің көзі көріп, көңілі сенбей жатып, көрінгенге ұрынбайтын
ұстамдылығы алғашқыда Зылиханың айтқанына көнбей, сұлудың
құрған торына түспеуінен көрінеді. Өзін-өзі тыйып ұстап, соқыр
сезімге ерік бермейді.
Ол патша болғанда да ақылдылығы арқасында елін аштықтан
аман алып қалады. Басқа патшалықтың халқы малы бары малын
сатып, малы жоғы ақшасын беріп, ақыр соңында астық үшін өзін
сатып құл болып жатқанда, Жүсіптің халқы ондай қорлық көрмейді.
Жоқ-жітіктерге қайыр-садақа деп астықты тегін беріп тұрады. Бұл
жайлардан адамзаттың қашаннан əділ де ақылды, қайырымды патшаны
армандағаны аңғарылғандай. Ауыз əдебиетінде көп таралған ақылсыз
патшаға ақылды уəзірдің жағымды қылығын қарсы қойып, ақыр
соңында өзін патша қылатын мотивтердің əсері айқын сезіледі.
Қиссадағы басты кейіпкерлерге Жүсіптің əкесі Жақып пен ағалары
да жатады. Жақып бейнесі баласын шын сүйген атаның махаббат-
мұңына, шынайы сезіміне толы. Жүсіптен қапыда айрылған Жақыптың,
ботасын жоғалтқан інгендей боздап жылауы, қайғы мен шерден бүк
түсіп, қартайып, су қараңғы соқыр болуы аяныш туғызады. Бұл тұстарда
тірі адамның, шын өмірдегі баласын сүйген əкенің кейпі көрінеді.
Алайда, Жақыптың істерінде де Жүсіптің бойындағы «кереметтер»
сияқты діни, фантастикалық эпизодтар баршылық.
70
71
Жүсіптің ағалары аттары, кескін-кейпі бөлек, əртүрлі адамдар
болса да, қиссада аса дараланбайды. Зұлымдық пен жауыздықтың бір
түйдек жиынтығы сияқты.
Жүсіптің ағалары шығарманың басында қатыгез, қызғаншақ,
жауыз болып көрінеді де, аяқ шеніне қарай қателерін түсініп, қылған
істеріне өкіне бастайды. Мінез-құлықтарына өзгеріс енеді. Жүсіп
өзімен шешелес Ибн Иауминді ұры деп алып қалғанда, ағалары, «Бізді
де алып қал, атамыздың сүйікті ұлын тастап кетіп, тағы да қайғыға
салмайық»,—дейді, серіктікке өз іштерінен Шамғұнды қалдырады.
«Рабғузи қиссаларындағы» бір топ қисса-хикаяттар тарихи деректі
оқиғалардан алынып, өмірде шын болған, өткен жайларға құрылған.
Жазушы сонау VI—VII ғасырларда араб халифатында болған тарихи
елеулі оқиғаларды, фактыларды жүрдім-бардым құрастыра салмай,
көркем де бейнелі тілмен əңгімелеуге тырысқан. Творчестволық
шабыттың шарықтау кезінде көңіл қылын тербеткен əсем бояуларды
шындықтың бір өңді полотносына шебер қолмен үстемелей жағып,
қиялмен қосып, нақты болмысты бұрынғыдан да ерекшелендіріп
шығарған, оқиғаның неғұрлым əсерлі болатын жағын көздеген. Сол
шабытты шарықтау əсерімен кейде шындықтан алыс кетіп қалатын
тұстары да ұшырасады.
Қиссадағы əңгімелерде тарих пен аңыз араласып жатыр. Мысалы:
Мұхаммед, Əбубəкір, Омар, Осман, Əли, Хұсейндер—VI—VII
ғасырлардағы мұсылман мемлекетінің билеушілері, патшалары, дінге
үндеушілері, феодалдар. Кітапта осы билеушілердің шын тарихынан
алынған əңгімелер де көп, «əулиелігін, пайғамбарлығын» баяндайтын
қияли аңыздар да бар.
Тарихпен тікелей ұштасып жатқан əңгімелерден — деректі оқи-
ғаларға, тарихи адамдардың өміріне байланысты жайлардан сол дəуірдің
сипаты көрінеді. Бізді қызықтыратын да осы жағы. Бүл жағынан кітап
көне тарихты зерттеушілер үшін де керекті. «...Қачан расул ғалейһи-
с-салам дүниедын нəфл қылды ерса, Ғайшаның хұжресіде қойдылар,
халифалық Əбу Бəкр хақында болды, екі йарым йыл халифа ерді, андын
соң офаты болды, қачан Əбу Бəкр дүниадын барды ерса, мунафықлар
барча баш көтардылар, мекеліклар уч бөлөк болдылар, мекеліклер
бірла мəдиналықлар йағы болдылар».
Қазақшаласақ: «Расул алейһи-с-салам дүниеден өткен соң, Айшаның
үйіне қойылды. Əбубəкір халиф болды. Екі жарым жыл халиф болды,
онан соң опат болды. Əбубəкір дүниеден өткен соң, барша екі жүзділер
бас көтерді. Меккеліктер үшке бөлінді. Меккеліктер мен мəдиналықтар
бір жақ болды»,— деген жолдарды оқимыз. Бұл хабарда Мұхаммедтін,
жақын серігі Əбубəкір өлген соң тақтың таласқа түскенін, түрлі рулар
арасында тартыстың күшейгенін айтып отыр. Əбубəкір, Рабғузи
көрсетіп отырғандай, 632—634 жылдар арасында халифтық құрған
адам.
Кітапта Əбубəкірден кейінгі Халиф Омардың (634—644) өмірінен
де біраз деректер дəл көрсетілген:
«Ғомарны шаһид қылмақ себебі ол ерді, бірагу келді: Ай халифа,
бұ қул менің сөзімні тұтмас, не іш қылайым? Ғомар бұйырды, ол құлға
ихтисаб қылмақ керак, ол кіші Ғомар сөзі бірла ол құлны ихтисаб
қылды, ол құл кеме сақлаб, Ғомарны намаз үстінде тұтүб, пычақ бірлан
ұрды».
“Омардың өлу себебі былай: біреу келді. (Айтты) «Ай, Халиф,
бұл құлым менің сөзімді тыңдамайды, (құлды) не қылайын? Омар
бұйырды: ол құлды жазалау керек. Ол кісі Омардың айтуымен ол
құлды жазалады. Ол құл кемеден аман қалып, Омарды намаз үстінде
ұстап алып, пышақ салды”.
Омар, шынында, иран құлының қолынан қаза тапқан.
1
Рабғузи осы
тарихи оқиғаны əңгімелеп жазған.
Рабғузи Əлидің халифтық құруы туралы əңгімесінде де ірі
феодалдар арасындағы ел басқару үшін болған талас-тартыстан хабар
береді.
Кітапта Əли мен Фатиманың балалары — ағайынды Хасан мен
Хұсейндердің оқиғасы да қызғылықты баяндалған. Хасанның өлімін
былай суреттейді: Хасанның некелі əйелі — армян шаһының қызын
ибн Мағауия кісі жіберіп азғырады. (Ибн Мағауия — тарихтағы
Муавияның баласы Иезид I болуы керек.) «Əли тұқымының бағы
тайды. Дəулет бізде. Хасанды өлтір, тақты өзім аламын, бір өлкенің,
барлық əйел затының билігін саған беремін»,— деп алдайды. Ибн
Мағауияның сөзіне сеніп қалған əйел Хасанды у беріп өлтіреді.
«Хасанға қасд қылды, Хасан рузаһ тұтар ерді, һауа ыссығ ерді,
ахшам шəрбəт бірла ағыз ачар ерді, хатүны ол шəрбəтқа ағу салды,
Хасанға берді, алыб ічті ерса, көңлі бұлғанды, бағры үйрүлді, ағызға
келді, Хұсейнге кіші иібарді».
«Хасанға қастық қылды. Хасан ораза тұтар еді. Ауа ыстық еді.
1
Беляев Е. А. Арабы. Ислам и арабский халифат в раннее средневековье. М., 1965,
стр. 154.
72
73
Ақшамда шарбатпен ауыз ашатын еді. Қатыны шарбатқа у салды.
Хасанға берді. (Хасан) Алып ішіп еді, жүрегі бұзылды, жаны үйіріліп
аузына келді. Хұсейінге кісі жіберді».
Хасан өлген соң əйел Иезидке хабар жібереді. Иезид: «Ғали ұғлыға
офа қылмадың, меңа не офа қылғайсын теб алмады».
«Əли ұлына опа қылмадың, маған не опа қыласың»,— деп
алмады.
669 жылы ағасы Хасан өлген соң Хұсейн Мединеде тұрды. Ол кезде
патша Муавия еді. Муавия өлгеннен кейін орнына Иезид патша болды.
Иезидті ұнатпағандар əр жерден көтеріліс ұйымдастырып, əрқайсысы
өз адамдарын қолпаштай бастады. Көтеріліс жасағандарға Хұсейн де
қосылып, билікті өзі алмаққа амал жасайды. Айласы іске аспайды. 300
адаммен Меккеден Куфаға кетіп бара жатқанда, Кербаланың шөлінде
Муавияның Зайад деген бауырының баласы Ғубайдолла оны көп
əскермен қоршап алып, құртып жібереді. Бұл ұрыс тарихта «Кербала
трагедиясы» деп аталады.
Рабғузидың Хұсейн туралы əңгімелерінде осы тарихи оқиғалардың
желісі айтылады.
«Кербалаға түшті, Кербаланың құмлары қантек қызармыш ерді...
білді кім хал не тұрар». «Кербалаға жетті. Кербаланың құмы қан сияқты
қызарар еді, халінің нендей боларын білді».
Кітапта: Таиф, Мысыр, Қанған, Палестина, Куфа, Шам, Мекке,
Медине, Кербаланың құмы сияқты қала, жер аттары кездеседі.
Ай, жұлдыз, аспан денелерінің аттары да бар: Хамал, Төрт сары
1
,
Қозы, Арслан, Үлку, Шаян, Балық, тағы басқалар.
Рабғузи шығармашылығының айтарлықтай жетістігінің бірі — оның
өз жанынан шығарған өлеңдері. Онда осы дүниедегі, шынайы өмірдегі
тіршіліктің сұлулығын, табиғаттың əсем полотноларын, жыл мезгілін,
көктем айындағы жер-дүниенің нəзік сырларын сезімталдықпен
суреттейді.
Күн хамалға кірді ерса, келді ғалам наурұзы,
Кечті бəһмəн зəмһар йер қыш қалмады қары, бұзы.
Күн кіламың көркі артыб тірілүр өлміш жаһан
Тілің безерлаб нақыш бірла безанүр бұ йер йүзі.
Таң атарда төрт сарыдын ыснайұр бад саба.
1
Төрт сары — төрт жақ, төрт тарап, төрт құбыла, шартарап.
Аудармасы:
Күн бабына кіргенде еніп, келді ғалам наурызы,
Қашып енді қыс кетеді қалмас жерде қар-мұзы.
Күн-кілемнің көркі артып, өлі жаһан тірілер
Тіл өрнегі нақышындай құлпырады жер-жүзі.
Таң атарда төрт сарыдан соғар самал қызуы... (131-б.)
1
Рабғузи тағы бір өлеңінде түндер бойы сарылып, қаламы мен
қағазына табынып, ой меруертін іздеп, «Кейінгіге бір асыл сөз
қалдырсам» деген арманы жолында шарқ ұрған ақынның, жазушының
тынымсыз еңбегін өз жағдайы арқылы образды бейнелейді.
Назым:
Ош түкаттым бұ кітабны, ай йаранлар, йер йүзі,
Бір йыл ічре кечті аның йай-қышы, йаз-күзі.
Ой қобардұм, үзүм үздүм — сөзні түздүм түнлемен
Ерте тұрдұм, хамə ұрдүм имкəніб тун-күндүзі.
Бағ қобардым тал йығачлық йаш йабұрғақ, ал чечак
551—552 бет
2
.
Аудармасы:
Міне, біттім бұл кітапты, ей жарандар жер жүзі,
Жыл ішінде өтті оның көктем-қысы, жаз-күзі.
Ой қопардым, жүзім үздім—сөзді түздім түнімен —
Ерте тұрып қалам тарттым, еңбек еттім төзіммен.
Бақ өсірдім тал-ағашты, жас жапырақ, қызыл гүлімен...
Қорыта келгенде, Рабғузи кітабында əңгіме болатын мəселелер:
жер, дүние, тіршіліктің, діннің пайда болуы, пайғамбарлардың өмірі,
махаббат, зұлымдық, адамгершілік, достық, қастық, адалдық, адамдық,
ақылдылық, надандық, тағы басқалар. Жаратылыс жайындағы
əңгімелері өмірге жанасымсыз діни мифологиядан туған.
Ал, махаббатты, адамгершілікті, ұнамды, ұнамсыз қылықтарды
суреттейтін шығармаларында гуманистік идеялар айтылады.
«Жамандықтан жирен, жақсылықтан үйрен» дейтін өсиет, үлгі бар. Бұл
тұстарда діни фантазия көмескіленеді.
1
«Қисас-и Рабғузи». Қазан, 1859. Бастырған Р. Амирханұғлы.
2
«Қисас-и Рабғузи». Қазан, 1859.
74
75
Мысалы «Жүсіп — Зылиха қиссасы», данышпан қарт Лұқманның
əңгімелері, «Қарлығаш пен маса», «Аһил Хайруан қиссасы», Дəуіт,
Сүлеймен патша туралы қиссалардағы біраз хикаяттар — кітаптағы
басқа қиссаларға қарағанда идеясы жағынан жоғары тұрған
шығармалар.
Достарыңызбен бөлісу: |