ТЫҢТУМА ƏДЕБИЕТ. «МАХАББАТНАМА»
Орта Азия, Қазақстан, Оңтүстік Сібір, төменгі Еділ, Каспий бойында
ежелден ру-тайпа болып өмір сүріп келе жатқан түркі халықтарының
қоғамдық тіршілігінде, тарихында XIII—XIV ғасырларда үлкен
əлеуметтік оқиға болды. Оларды Шыңғысхан бастаған Монғол
шапқыншылары басып алды. Моңғол шапқыншылары Орта Азияны
айналасы үш жылдың ішінде бағындырып үлгерді (1219-1221).
Моңғолдардың мұнша тез жеңіске жету себебі: ру-ру болып түрлі
хандықтарға бөлініп жүрген түркі халықтарының бытыраңқылығынан,
өзара жауласқан хандарының алауыздығынан, ел басқарушыларының
бүкіл халықтың тағдырын ойлағаннан гөрі, қара басын көбірек
күйттеуінен еді. Византиядан кейінгі ең бай кітапханасы бар Отырар,
ірі сауда, мəдениет орталықтары болған Ясы (Түркістан), Сығанак,
Сауран, Сүткент, т. б. қалалар қирады.
Шыңғысхан жаулап алған жерлерін төрт ұлына бөліп берді. Дешті
Қыпшақ (қыпшақтар мекендеген далалар) жері Шыңғыстың үлкен
ұлы Жошыға тиді, ол Алтын Орда мемлекеті деп аталды. Мемлекеттің
орталығы Еділдің төменгі ағысы жағындағы Бату сарайы, Берке сарайы
калалары болды. Сарай каласынан Қытайға дейінгі- сауда-саттьқ жолы
созылып жатты. Персиямен, Византия, Иран, Русьпен, Египетпен
экономикалық, мəдени алыс-беріс жасалды.
Моңғолдар Дешті Қыпшаққа түгелдей көшіп келіп қоныстанған
жоқ. Мұнда əскері, ел билеушілері, олардың туған – туысқандары ғана
келді. Əскердің де біразы жергілікті халықтан, тұтқындардан құралған
еді. Сондықтан шапқыншылықтан кейін де тұрғын халықтың ежелгі
құрамы, тірлігі, тілі өзгерген жоқ. Мемлекеттің тілі қыпшақ тілі болып
қала берді. Сол елде мекендеген түркі халықтарының тілінде əдеби
шығармалар туды. Атап айтқанда, Əлидің «Қисса Иүсүфі» (1233ж),
Сəйф Сараидың «Гүлстан бит — түркиі» (1391ж), Хұсам Катибтің
«Жұмұжұмасы» (1369-70), Рабғузидің «Қисса Иүсүфі Рабғузиі» (1310),
Хорезмидің «Махаббатнамасы» (1353), тағы басқалар.
«Махаббатнама» — көне дəуірдегі жазба ескерткіштердің ішіндегі
ең бір мəнді, қызғылықты дастан. Дастанның екі көшірмесі 6ap.
Бipi ұйғыр əрпімен, екіншісі араб əрпімен жазылған. Ұйғыр əрпімен
жазылғаны — ертерек кездегі көшірмесі (1432). Араб көшірмесі
кейінірек жазылған (1503—1509). Екеуі де ғылымда танылған,
транскрипцияланып, белгілі дəрежеде зерттелген. Түркі тілдерінің
ішінде өзбек, қазақ тілдеріне толық аударылған.
Қазақ КСР Ғылым академиясының қолжазба қорында Ташкент Тіл-
əдебиеті институтындағы фотосуретінен көшірілген қолжазба бар (п,
1937). Кітапханаға оны ғалым Ə. Қоңыратбаев тапсырған.
Ұйғыр əрпімен жазылған нұсқасы A.M.Щербактың аудармасы
арқылы жақсы таныс («Оғызнама», «Махаббатнама», М., 1959). Араб
əрпімен жазылған нұсқасын Э.Н.Наджип транскрипциялап аударған
(«Махаббатнама», Э.Н.Наджип, 1961).
Бұл екі басылымның жетістік, кемшіліктері Г.Ф.Благованың
1
,
А.Н.Кононовтың
2
мақалаларында жақсы айтылған.
Ұйғыр нұсқасына қарағанда араб нұсқасы əлдеқайда толық,
құрылысы түсінікті, дұрыс сақталған. Сондықтан қазіргі қазақ тіліне
де осы Э.Н.Наджип жариялаған арабша түпнұсқадан аударылды.
Дастанның түрікше бөлімдері түпнұсқасынан, ал парсыша бөлімдері
орысша аудармасынан, өзбекшесін салыстыра қарай отырып
аударылған.
Дастан жайлы алғашқы мағлұмат, пікірді əйгілі ғалымдар
В.В.Бартольд пен А.Н.Самойлович айтқан.
В.В.Бартольд 1924 жылы жазған мақаласында (Новая рукшись
уйгурским шрифтом в Британском музее. ДАН, 1924, Апр.-июнь)
Бақыр Мəнсур көшірген нұсқа туралы хабарлайды. A.H.Самойловичтің
мақаласында Британия музейіндегі арабша көшірмесі лингвистикалық
жағынан талданады.
1
Благова Г. Ф. Два издания рукописей «Махаббатнаме».— “Народы Азии и Африки”.
1953, № 2, стр. 209—212.
2
Кононов A. H. Рецензия. Қараңыз: Вопросы языкознания. 1963, № 5, стр. 131—
136.
90
91
Дастан əдеби шығарма ретінде алғаш Е.Э.Бертельстің мақаласында
қарастырылған («Новый мир», 1939, № 9).
Қазіргі уақытта «Махаббатнаманың» тілдік-лингвистикалық
ерекшеліктері жақсы зерттелді. Бұлардың ішінде XIII—XIV ғасырдағы
қыпшақ-оғыз ескерткіштерінің тілін түбегейлі тексеріп келе жатқан
Москва ғалымы Э.Н.Наджиптің еңбектерін атап айтуға болады.
Ғалым «Махаббатнама» сияқты көне ескерткіштерді тек бір тайпа,
бір ұлыс қана емес, түркі халықтарының біразының құрамына енген
халықтардың ортақ мұрасы деп таниды: «Осы дəуірде Алтын Орда
территориясында, онымен одақтас Египетте туған əдеби ескерткіштер
қазіргі татар, қырым татарлары, башқұрт, өзбек, қазақ, түрікмен,
əзірбайжандардың ата-бабаларының ортақ мұрасы»,
1
—дейді.
Туысқан республикалардан Б.В.Валиходжаевтың, С.Қасымовтың
жұмыстарын айтуға болады. С.Қасымовтың еңбегінің аса сəтті де нақты
шыққан бөлімі дастанның өлең құрылысын талдайтын жерлері деп
ойлаймыз. Онда ғалым арабтың өлең өлшемі—аруздың түркі өлеңінде,
«Махаббатнамада» қолданылуы жайлы жақсы айтқан. Алайда, автор
шығарманың тілдік қасиетін, аралас тілде жазылу ерекшелігін,
XIII—XIV ғасырлардағы тарихи жағдайды ескермей, оны таза өзбек
халқының мұрасы деген ойды ұстанады. (Ол кезде «Махаббатнаманың»
тілдік-лингвистикалық жағынан əлі зерттеле қоймағандығынан болуы
мүмкін.) Бұған керісінше, Москва, Ленинград түркітанушылары оны
бірауыздан ортақ мұра деп қарайды.
«Махаббатнаманың» жан-жақты танылып, халық мұрасына
айналуы жолында қазақ зерттеушілері де азды-көпті үлес қосты.
С.Аманжолов «Қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясының
мəселелері» деген кітабында, Р.Бердібаев 1966 жылы шыққан «Ежелгі
мəдениет куəларында» бұл поэманың əдеби-тілдік мəні аса құнды
шығарма екендігін, болашақта зерттеу мəселесін кең қолға алу
керектігін айтты.
Шығарманың идеялық бағытына, тарихи мəніне белгілі ғалымдар
Б.Кенжебаев («Қазақ əдебиеті тарихының мəселелері», А., 1974) пен
X.Сүйіншəлиев те («Қазақ əдебиетінің қалыптасу кезеңдері». А., 1967)
кезінде дұрыс баға берді.
Поэма қазақ тілі мен əдебиетінің тарихына байланысты оқулық,
1
Наджип Э.Н. Кыпчакско-огузский литературный язык мамлюкского Египта XIV в.
Автореферат. М., 1965, стр. 39.
хрестоматия кітаптарына енгізілген. ҚазҰУ-дың қазақ əдебиеті
кафедрасында арнайы ғылыми жұмыс жазылып, басылып шыққан
(А.Қыраубаева. «Махаббатнама» жəне ол жөнінде түсінік. КазГУ. 1983,
А., 1985). Екінші рет Ө.Күмісбаевтың аудармасымен жарияланды.
(«Оғыз наме», «Мухаббат наме». А., 1986.) Дастан зерттеушілер
назарына тез түскенімен, оның көптеген мəселелері, атап айтқанда
өз тұсындағы көршілес елдер əдебиетімен ішкі байланысы, ондағы
қоғамдық ой-пікірдің көрінісі, түркі əдебиетіндегі поэзия жанрының
қалыптасып, дамуына тигізген өзіндік əсері, тағы басқа жақтары əлі де
типологиялық зерттеулер үстінде жаңалықтармен көрінетіндігі сөзсіз.
Біз «Махаббатнаманы» түпкі бастаулары V—VIII ғасырларда
жатқан ежелгі əдебиетіміздің XIII—XIV ғасырлардағы елеулі көркем
туындысы деп, өз тұсындағы жер жүзі мəдениетіндегі озық ағымдармен
байланысты, сонымен қатар берідегі қазақ поэзиясының тіл, стиль
дəстүріне қатысты деп қараймыз.
* * *
Поэманың авторы — Хорезми. Ақынның толық аты-жөні, туған,
өлген жылдары белгісіз. Ол Сыр бойындағы қала-кенттердің бірінен
шыққан.
437. «Махаббат нама» жырын біттім мұнда,
Бəрін де жаздым Сырдың жағасында.
440. Бұл кітабым болып тұр Мысыр қанты,
Жеті жүз елу төртінші жылы аяқталды, —
дейді өзі.
Хорезми өлеңді парсы, түркі — екі тілде бірдей жазған. Оған дəлел
— ақынның парсы тіліндегі намалары. Хорезмидің бұрын да парсы
тілінде кітап жазғандығын аңғартатын жолдар бар:
33. Күлім қағып: Ей, пəленше — айтты жайын,—
Келтір бері сыйыңды бізге лайық.
34. Көңілдің теңізінде гауһарың мол,
Парсыша кітаптарын, ғаламға жол.
Екі-үш тілді бірдей білу — XIII—XIV ғасыр ақындарының
көпшілігіне ортақ қасиет. Өйткені ерте дəуірлерге назар салсақ, бір
замандарда билеген, үстем болған ру-тайпалардың тілі мемлекеттік
қатынаста, ішкі жағдайда, көркем əдебиетте, ғылымда негізгі роль
атқарған. Бір кезде араб тілі үстем болса, келе-келе Қараханидтер,
Сельжуктер тұсында парсы, одан қыпшақтар үстем болған кезде түркі
92
93
тілі тарих сахнасына шықты. XIII—XIV ғасырларда əдебиет, ғылым-
білім саласынан түгел шығып кетпеген парсы тілі де негізгі əдеби тіл
болды. Белгілі ғалым Е.Э.Бертельстің осы туралы мына пікірін кел-
тіре кетейік: «IX ғасырда негізгі əдеби тіл болған араб тілінің орнын
X ғасырда парсы тілі басты. Араб тілі тек ғылым мен дін саласында
қалып, XI ғасырда парсы тілі ғылымға да енді. Ал көркем əдебиетте
үшінші тіл — түркі тілдері қосылды. Бірақ бұлар — үш түрлі əдебиет
емес, үш түрлі тіл байлығын пайдаланған бір ғана əдебиет» («Новый
мир», 1939, № 7).
«Махаббатнама» дастаны 946 жол, яғни 473 бəйіттен тұрады.
Барлығы он бір арнау өлең. «Хикая»—58 жол. Ақын алғашқыда он бір
емес, он арнау өлең жазбақшы болған да, ол ойын кейін өзгерткен. Оны
мына бəйіттен көруге болады:
382. Сөз осыған жетті, тамам болды,
Бұрын он тарау деп едім, енді он бір болды.
Дастанның 4, 8, 11-арнаулары парсы тілінде жазылған.
Шығарманы бастамас бұрын тəңірге сыйынып, медет сұрау—
ертедегі əдебиетке тəн дəстүр. Онда Хорезми тəңірдің ұлылығына бас
иіп, оның құдірет-күшінің шексіздігіне таңданады. Дүниеге күн мен
түнді — екі жарық гауһарды, адамға сүю, ғашықтық сезімін «бергені»
үшін, махаббатты, сұлулықты жаратқаны үшін тəңірді мадақтайды:
2. Екі жарық гауһарды ғаламға берген,
Махаббат кенішін адамға берген.
Ақын табиғаттың сан алуан тамашаларының симметриялы сырына
ғажаптанады:
3. Аспан дəптерін түнге ұстатып қойған,
Жаһан жаратылысын сөзге ұстатып қойған.
5. Ауада сұңқар жемі — жаратты қуды,
Толған айдай құбылтты бір тамшы суды.
9. Жер үстіне құдыретімен дария жаратты,
Сəдептің інжуі лала жаратты
1
.
Ақын бұл жерде дүниедегі қарама-қарсылықтың бірлігіне талдау
жасап, өз түсінігін контраст арқылы қызғылықты суреттеп отыр. Оның
фантазиясы тікен мен гүлдің бір сабақта өніп-өсуі, ұлу қауашағында
1
Ұлу қауашағындағы інжу.
асыл тас — інжудің сақталуы, құрғақ қамыстан тəтті дəмнің шығуы,
ауада ұшқан сұңқардың жемі болуы үшін қудың жаралуы, тағы басқа
табиғат сырлары ойға қалдырады, сөйтіп өмір жайлы өзіндік философия
тудырады.
20. Түн. Ақшамда көрінді мейрам айы,
Мұхаммед Хожабек — дəулет құмайы.
21. Бұйырды — өрге шатырлар тігілді,
Ыдыстар келтірілді, кең мəжіліс құрылды.
Мəжіліс — жақсы ақын, əншілердің сайысы түрінде өтетін əдеби
кеш. Мəжіліске жиылғандарға ақындар өз шығармаларын оқып беретін
болған. Оған тыңдаушылар ретінде де, ақын ретінде де атақты сұлтан,
хандар қатысып отырған. Дастанда аталып отырған Мұхаммед Хожабек
кім?
Хорезмидің тұстастарының бірі болған атақты хан Жəнібекті
білеміз (1342—1357). Бірер зерттеушілердің пікірінше, поэмадағы
Хожабек — осы Жəнібек. Бірақ Хорезмидің: «Патшалардың патшасы
Жəнібек ханға етенесіз»,— деген сөзі Хожабек пен Жəнібектің бір адам
емес екендігін дəлелдейді. «Махаббатнама» туралы ең көп зерттеу
жүргізген белгілі ғалым Э. Наджип дастандағы Мұхаммед Хожабектің
кім екендігін анық нұсқамаған. Ал Салых Қасымовтың пікірінше,
Мұхаммед Хожабек — Құтлұғ Темірдің інісі. Музыканы, поэзияны
қадірлей білген, өзі де өлең шығаратын адам болған. Сонымен
Мұхаммед Хожабекті Жəнібектің қол астына қараған Алтын Орда
əмірлерінің бірі деуге болады.
Мұхаммед Хожабек есімі поэманың, басында көбірек қайталанып
отырады да, негізгі бөлімінде айтылмайды. Дастанда ол бір рет ұзақ
мадақтаумен берілген.
Ақын Мұхаммед Хожабекті суреттей отырып, оны шын өмірдегі
адамнан гөрі, өз пікірінше патша болуға лайық идеалға жақындатып
шығарған. Ақынның айтуынша, Мұхаммед Хожабектің қасиеттері
мынадай:
1. Сырт келбеті келіскен сұлу:
71. Дидарың елге жақсылық төгер,
Сəулетіңе Мүштары
1
да бас иер.
1
Мүштары — Юпитердіц шығыс елдеріндегі аты.
94
95
78. Сипатыңды жазар болса көк дəбірі
1
,
Түгесілмес мың жылда мыңнан бірі.
2. Ақылды:
72. Ұлысты биледің ақылыңның күшімен
Ұрыста қан тамар қамшыңның ұшынан,
3. Батыр, жауынгер:
76. Соғысқа кірер бейне тойға кіргендей,
Ашыққан бөрі қойға кіргендей.
77. Егер сені Рүстем
2
десем, сол атаққа жарайсың,
Қылышыңмен жаудың сапын қақ айырып жарасың.
4. Мырза, жомарт:
70. Мың жыл кейін тірілсе егер Хатымтай
3
Жер өбер ед естіп сенің атыңды-ай.
Дастанның негізгі сюжеттік өзегі, идеясы екінші бөлімде, он бір
арнаудың (нама) бойында жинақталып айтылады. Бастан-аяқ сұлуға
ғашық болған жігіт ынтықтығы. Қыздың жауап сөзі жоқ.
«Махаббатнама» — XIII—XIV ғасырлардағы түркі халықтары əде-
биетінің озық үлгілерін дамытқан, Қайта өрлеу дəуірінің элементтерін
бойына дарытқан озық шығарма.
XIII—XIV ғасырлардағы шығыс əдебиетінің тілі негізінен парсы
тілі болғандығына қарамастан, өзі сол тілді жетік білсе де, Хорезмидің
өз шығармасын түркі тілінде жазуы Қайта өрлеу мəдениетінің
белгілерімен үндесіп жатыр.
Қайта өрлеу идеяларының XIV ғасырдағы түркілер əдебиетіне,
оның ішінде Хорезмиге жетуі, біздіңше, таңданарлық құбылыс емес.
Бұл Шығыс ренессансының жəне көршілес елдермен қарым-қатынастар
арқылы қайта өрлеген жер жүзілік мəдениеттің түркілер əдебиетінен
де көрініс тапқандығы болса керек.
Хорезми де Қайта өрлеу кезеңінің суреткерлері сияқты көне грек
философтарын пір тұтады, ал оның кейіпкерлері əрбір қиын жағдайдағы
өз халін сол ұлылармен салыстырып бағалайды:
1
Көк дəбірі — Көк жұлдызы.
2
Рустем — «Шаһнаманың» кейіпкері.
3
Хатымтай — Атымтай, шығыс əдебиетінде жомарттығымен əйгілі болған
кейіпкер.
43. Аплатон саған ғашық болса сыр айтып,
Ұмытар ед желге ұшырып, барлық ойын, райын.
281. Қадірімді өлсем білер, таңданар,
Ғашық болса — Аплатон да жынданар.
Ой образдарына Фирдоуси, Низами кейіпкерлерін мысал етіп
теңестіре сөйлейді. Сөйтіп, ол ақындардың шығармаларын жақсы
білетіндігін, қадірлейтінін байқатқан:
74. Сен тойласаң Хатым өзі ұялар,
Сен соғыссаң, Рүстем де жұбанар.
105. Қөңілің Шырын сөзіңе — Фархад болу арманы,
Көзің Кашмир жадыгөйін де арбады.
273. Сөзің — Шырын, жаның сақы Хұсраудың езінен,
Мəжнүн болар Лəйлі сенің ару жүзіңнен.
Хорезми дастанының көркемдік сипатын арттырып, оны Қайта
өрлеу идеясына жақындататын бір қасиеті — адамның ішкі жан
дүниесіне, сезім толқуына үңіліп, психологиясын бейнелеуге ұмтылыс.
Ол сұлу қызға ғашық болған жігіттің қыздан жауап ала алмай күйінуін
суреттейтін бөлімдерінде жақсы байқалады.
120. Кісінің сірə сенсіз не жаны бар,
Өмірдің ондай мəнсіз не сəні бар?!
116. Күлгеніңде оймақ ернің үлбірер,
Сонда сені пері көрсе, ол да мендей телмірер.
Хорезми жер бетіндегі қызықтың бəрі о дүниелік өмірдің қасында
түк емес деп уағыздамайды, қайта мұнда адамның қасиетті сезімін,
адамгершілікті, асыл махаббатты ардақтап, сүю бақытын басқа
қияли қызықтарға айырбастамайтынын жыр етеді. Ол құдайға, дінге
сене отырып, оның догмаларына қарсы шығады. «Маған тірліктегі
қызығым қымбат, ол болмаса ұжмағың керек емес, қызық, шын тірлік
осы өмірде»,— дейді. Автордың ойынша, өлім — адамды шын рақатқа
апаратын жол емес, қайта өмірдің бітіп, таусылуы. Мұндай көзқарас
діннің схоластикалық қағидаларына қарсы шыққан Қайта өрлеу
дəуіріндегі пікірлерімен үндес жатыр.
118. Хақтағала, еркін, деп берсе кеңес,
Маған сенсіз жұмақ та керек емес.
145. Сен болмасаң өлімге бел буғанмын,
Бастан саған ғашық болып туғанмын.
96
97
Жігіт ғашығына «бар мақсатым — сенің жолыңда, бақытты ет»,—
деп жалынады. Жүзін бір көруге құмар болады. Ол бəрібір сүйгеніне
қосыла алмайды. Сюжет мақсатына жете алмаған жігіттің сүйгеніне
бақыт тілеумен, оның аяулы болып қала беретінін білдірумен бітеді.
Хорезми мұнда азабы да, қайғысы да мəңгілік асыл махаббатты
биікке көтереді. Шынайы сезімге романтикалық əсер бере, еліттіре
жырлайды. Жүрек біреу, ол таңдаулы, қалаулы бір адамға ғана тиісті
дейді:
261. Неғыламын айта беріп, тие беріп шамыңа,
Жүрек біреу, құбыла біреу, сүймек біреу тағы да.
262. Махаббаттың құпиясы бар мың түрлі,
Жан шыққанша сақтар жүрек бұл сырды.
Хорезми дастанында мұсылман ережесіне қарама-қайшы келетін
шарапты мадақтау, сол арқылы адамды табиғатына тəн еркіндікте
суреттеу байқалады. Исламға дейін, көне Иран əдебиетінен басталған
бұл шарапты мадақтау салты сол əдебиеттің орта ғасырдағы
классикалық дəуірінде, дін қысымшылығына қарсылық ретінде алынып,
Омар Хайям, Хафиз сынды ақындар творчествосында философиялық
жинақтау, түйіндеу биігіне жеткен болатын. Парсы əдебиетін жақсы
білген Хорезми де осындай өз заманы үшін озық идеяны қолдаған.
Дастанда шapaп ішіп, көңіл көтеруге, жүректегі қайғы-мұңды жууға
шақырған жолдар əр арнаудан соң, мəснауи сайын қайталанып айтылып
отырады.
125. Кел, ей, сақы, көтер көңіл-қабақты,
Ішсін бұл жүрт, келтір мөлдір шарапты. Немесе:
150. Кел, ей, сақы, келтір Жəмшид ыдысын,
Шарап жазар көңілімнің құрысын.
Аяқтау бөлімі, негізгі сюжеттен бөлектеу, тілек, ескерту ретінде
берілген. «Мінəжат», «Қыйт’а», «Кітапты аяқтау», «Оқушыға тілек»,
«Фард» деген кішкене-кішкене тақырыпшалардан тұрады. «Мінəжатта»
автор: «Сонша еңбекпен жазған шығармамды жұртқа хош көргізе
көр!»— деп тілейді.
Автордың негізгі мақсат, ойы «Қыйт’ада» көрінген. «Қыйт’а»_
дəстүрі бойынша, мұнда ақынның басқа ешбір жерде жазбаған
шын сыры, көзқарасы айтылуы тиіс. Ақын онда: «Екіжүзділікпен
жарамсақтанбаймын, тордағы құстай тұтқын емес, кеңдікте
қалықтаған еркін құспын. Қандай бір сұлтан болса да, оны мал үшін
мақтамаймын»,— дейді.
Соңында: «Махаббатнама» кітабы қыжыраның 914 жылы бітті»,—
деген жазу бар. Ескеретін бір жағдай, осы соңында қойылған дата
көшірмешінікі де, алдындағы:
440. Бұл кітабым болып тұр Мысыр қанты,
Жеті жүз елу төртінші жылы аяқталды,—
дегендегі көрсетілген дата — автордыкі. Біреуі шығарманың жазылған
жылын (754 қыжыра), екіншісі көшірілген жылын (914 қыжыра)
білдіреді.
Дастанда шым-шытырық оқиға, көп образ жоқ. Негізгі бейнелер
екеу: жігіт, сұлу қыз.
Дастанда көрінетін ғашық жігіт автордың өзімен біте қайнасып,
бір адам болып кеткен. Кейде автор оған өз атын қосып жіберіп те
отырады.
Жігіт — сүйгеніне жан-тəнімен берілген ақылды да, парасатты жан.
Оның сүйген сұлуына деген ынтықтығы, жан-тəнімен берілген адал
жүрегі ғашығын неге теңерін білмей, бар асылды басына үйіп-төгіп,
айға да, жұлдызға да салыстыруынан аңғарылады.
Қыз поэмада жігіттің аузынан суреттеледі, сол арқылы оқиғаға
араласып отырады.
Дастандағы сұлу қыз портретін жасау үлгісі қазақ ауыз əдебиетіндегі
арулардың сыртқы сұлу келбетін образды бейнелеулерге жақын
екендігі аңғарылады. Портреттеудегі жақындықты кейінгі қиссашыл
ақындардан да мол тауып салыстыруға болады. Поэмада сұлудың тек
сыртқы əсемдігі суреттеледі де, оның іс-мінезімен, жан дүниесімен
тұтас көрінетін толық образы жоқ.
Сақы
1
. Бір замандарда Иран, Орта Азия елдерінде жаугершілікте
қолға түскен сымбатты жігіттерді ел билеушілер өздеріне шарап
құюшы етіп алатын болған. Сақылар əн салып, өлең де шығара алатын
сұлу жігіттерден іріктелген. Олар өзі туып өскен жер мен құлдықтағы
елін мəдени жағынан жақындастырушылар да болды. Себебі жүрген
жерінде өз халқының өлең-жырын айтумен бірге, өз репертуарларын
жаңа өлең, жаңа сюжеттермен де толықтырып отырған. Содан сақинама
деген лирикалық жанр тараған. Бір қызығы, осындай сақылардан ел
билеушілер де шыққан. Мысалы, Фирдоуси тұсында Иран тағына
1
Короглы X.Г. Взаимосвязи эпоса народов Средней Азии, Ирана и Азербайджана.
М, 1983, стр 21—24.
98
99
патша болған Махмұд бір кезде құл екен. Өзі түркі тайпаларынан
шығыпты. Кейін ол өз қызметшісі Аязды əмір етіп сайлапты. Осыдан
барып құлдан патша болған қарапайым еңбек адамдарының образы
Орта Азия əдебиетіне кең таралып кеткен. («Аяз би» ертегісі.) Жыртық
шапанын босағаға іліп қойып: «Аяз, əліңді біл», — деген сөз содан
қалса керек.
* * *
Түркі халықтары əдебиетінің жанрында араб, парсы терминдері
көп қолданылады. «Қисса», «Хамса», «Нама», т. б. Олардың біразы
қазіргі қазақ əдебиетінде де кездеседі (сапарнама, жолнама).
Хорезми өз творчествосында наманы қолдану арқылы түркі
халықтары əдебиетінде намашылыққа кең жол ашты. Наманың
жанрлық формалары көп:
1. Эпикалық поэмалардың циклі (Шаһнама).
2. Жеке поэмалар (Ескендірнама, Шайбанинама, Бабурнама, т. б.).
3. Саяхатта, сапарда көрген-білгені, алған əсері жайындағы
шығарма.
4. Өлеңмен жазылған арнау (Хорезмидің «Махаббатнамасы»,
Ходжендидің «Латафатнамасы», Амиридің «Дахнамасы»). Бұлардың
ерекшелігі сол: арнау ретінде ынтықтық, сүйіспеншілік сезімдер,
ғашықтық мұң баяндалады.
Осы соңғы формадағы намаларда ғашықтық нəзік сезімдер бір-
біріне жазған арнаулар арқылы көрінеді.
Хорезми «намашылыққа» жол ашып қана қойған жоқ, оны дамытты.
Оның поэмасында жігіттің сұлу қызға ынтықтығы баяндалады да, қыз
жауабы жігіттің өз сөзінен белгілі болады.
Бұл тəсіл сол кездегі əдебиетте тың жаңалық болатын. Кейін мұндай
«намалар» лиро-эпикалық поэмаларға айналып кетті.
«Махаббатнама»— лирикалық поэма.
Дастанда араб, парсы, түркі поэзиясының өлең түрлері мол
қолданылған. Олар төмендегідей:
Бəйіт — екі жол өлең. Бұл қазіргі қазақ өлеңдерінде де
қолданылады.
Ғазал — араб, парсы поэзиясында XIII—XIV ғасырлардан бастап
қалыптасқан өлең түрі. Ғазалдың əйгілі шеберлері Хафиз, Сағди
болған. Мұнда көбіне сүйіспеншілік, махаббат сезімдері жырланады.
Ғазалдың алғашқы екі жолы бір-бірімен ұйқасады да, ары қарай шалыс
ұйқас болып келеді. Ғазалдың тағы бір ерекшелігі — соңғы бəйітте
міндетті түрде автордың аты айтылуы тиіс. Дастанда осы ерекшелік
сақталған. Хорезми ғазалдары 8—12 бəйіттен тұрады.
Мəснауи — араб, парсы, түркі əдебиетінде кездесетін өлеңнің
формасы. Əр екі жолы өзінше ұйқасады. Қазіргі əдебиетіміздегі кезекті
ұйқасты өлең сияқты. Мəснауи «Махаббатнама’ да» көбіне үш бəйітті
болып келеді:
Қыйт’а — түркі өлеңіне араб, парсы поэзиясынан ауысқан түр.
Ұйқасы a—б—в—б—г—б болып келеді. Ақындар шын сырын, арман-
тілегін осында айтады. Ғазалдан айырмашылығы соңында автордың
аты кірістірілмейді. Хорезмиде қыйт’адағы бəйіт саны — бесеу.
Фард — ғазал, мəснауи, қыйт’а сияқты түркі өлеңінің формасы, араб
тілінде жеке, біреу деген мағына береді. Ұйқасы, мазмұны жағынан
шығарманың негізгі сюжетінен бөлек, өз алдына тұратын екі жол өлең.
«Махаббатнаманың» соңына көшірмеші қосқан фард мынау:
473. Тілегім сол, пірім-ау, дүниені қаратқан,
Ұмыта көрме пендеңді, құдайым, өзің жаратқан.
«Махаббатнама» дастаны аруз өлшемімен жазылған.
Дастанның тілі бай да, көрікті. Автор сөзді образды, айшықты,
ажарлы қолдана білген. Онда эпитет, теңеу, метафора сияқты сөзге
сұлулық беретін көркемдік құралдар мол.
Сұлулықты, əдемілікті, мəңгі өлмейтін нəрсені көркем тілде күнге,
айға теңеп айту көне уақыттардан бері келе жатса керек. Мұның
мысалы «Махаббатнамада» жиі кездеседі.
Көркем теңеу кестесінің күрделі, образды ойды бейнелеуін мына
жолдардан да көруге болады:
44. Бал-шекердей тəтті тоты тіліңіз,
Түсірді ауға неше жандар құмайын,
47. Өзің деп келген Хорезмиді есірке,
Есіркегеніндей шаһтардың құлы менен малайын,
76. Соғысқа кірер бейне тойға кіргендей
Ашыққан бөрі қойға кіргендей.
Батырды, жауынгерді аш бөріге теңеу — түркі əдебиетінде көнеден
келе жатқан дəстүр. Мысалы:
Əкем қағанның қосыны бөрідей болыпты,
Жаулары қойдай болыпты.
(Орхон—Енисей ескерткішінде)
100
101
Қойға тиген қасқырдай,
Алқымынан тамақтап.
(«Қобыланды»)
Дастанда көрікті сөз кестелері метафорамен де өрнектелген.
Метафора да аса көп қолданылған тəсіл:
114. Ғашықтықтан танды естен көктің өзі,
Ай — сенің жүзің, Зуһра — сырғаңның көзі.
153. О, күн секілді күллі əлем шырағы,
Нұр жүзіңіз —жұмақтың гүл бағы.
159. Мың жан сенің сымбатыңның пидасы,
Қарашығым — бір қалыңның пидасы.
161. Қос бұрымың, — көңілімнің панасы,
Қос босағаң — жанымның сəждеханасы.
Дастанда бастан-аяқ қайталанып келіп отыратын мəснауиден басқа
да сөз басындағы қайталау бар («Сəлемді жеткіз»,— деген тіркес
бірнеше қайталанады).
Бұдан басқа «айт», «қашан» сөздері де бəйіт басында қайталана
айтылып, мазмұнға үстеме əсер, рең беріп тұр. Оқушыны сол сөздің
мағынасына айрықша назар аударуға бағыттайды.
Дастанның бүгінгі оқушысын да таң қалдырып, мақұлдататын
ерекше бір қасиеті бастан-аяқ айтылатын бір-ақ нəрсе — ғашықтық,
сүйіспеншілік жайы болса да, осы бір-ақ жайды кісіге жалықтырмай
жеткізу құдіреті ақындық қуаттан туған салыстырудың, баламалардың,
бейнелі сөз айшықтарының əсерлілігінде. Мысалы, ұйқыдағы бақыт,
бақыттың таңы, жүректің көзі, қыздың сұлу жүзі — жарқыраған түнгі
ай, құлағындағы сырғасы, айналасындағы жұлдыз болуы, ернінен
көк шалғынның хош иісі бұрқырауы, жүректің жасыл түсіп, қырман
өртенгендей өртенуі, сұлудың алдында шаһтың мат болуы, тағы басқа
толып жатқан ақындық аңғарымпаз көзбен табылған тың бейнелеулер
оқушысын тəнті етеді.
147. Кездессем деп тартынбадым талаптан,
Қандай ұзақ болса да түн таң атқан.
149. Енді қанша бақытым ұйықтап жатар?—
Сенімен бір жолықсам,— таңы атар.
186. Ерніңнен жас шалғынның хош иісі бұрқырар,
Алдыңда сенің керексіз боп күн тұрар.
403. Ғашықтықтан өзіңе күн сарғайып батады,
Махаббаттың шатыраштай ойынында
шаһтарың да мат алды.
Достарыңызбен бөлісу: |