Өмір туралы бір пәлсафа ой
Болып тұр ғой осы кезде заманымыз «бүкір»
Болғанмен қажымаймыз, барына дейміз шүкір.
Жетпегенге қайғырып, қапаланбашы, ағайын,
Таусылып мүжілме, мойыма, жоғына түкір.
Әрқашан көңілде болмасыншы ешбір кір,
Тілеймін қолдасын жебеуші, әруақ, пір.
Одан да не жетсін шұрқырасып сағынышпен,
Табысып дос-туыстармен болғанға бір.
Өмірді өткінші ойланып көңілге түй,
Құшақтап дос-туыстарды, жарыңды сүй,
Құбылған бұл өмір өтеді, жылыстап кетеді,
Қайырылмас, қайталанбас осы күй, осы сый.
Бәрі де өзгермек бұл алдамшы өмірде,
Дөңгеленген дүние де, шалқыған көңіл де,
Соның бәріне әсер етеді құбылған уақыт
Кезінде өзгертеді-ау мені де, сені, бәрін де.
Қуат барда бойымызда қамданайық,
Бұл өмір шіркін өткінші ойға алайық,
Кетпей тұрғанда тұғырдан табанымыз тайып,
Тату-тәтті тірлікті бағалап, аялайық.
Өнерге сапар
Дәл өзі боп көрсете аламасам да мықтылығын ақындықтың,
Сездірсем деп талпынамын қылығын, соған жақындықтың,
Әйтеуір бір нәрсенің бойымда дарыған барын ұқтым,
Белгісін байқата қоймасам да ой салар ақылдылықтың.
Ауылы алыс жерде деп ұғамын бас иер ұлылықтың,
Жырыңнан көрсету қиын-ақ нышанын сүйсінтер сұлулықтың,
Үрдісінен шыға алмай жүрсем де мойындатар тапқырлықтың,
Сапар шегіп келемін, шекпенін киіп бейнетқор пақырлықтың.
О, жүрек
О, жүрек! Аласұрып неге дүрсіл қағасың,
Бұл қылығыңмен қайда апарып соғасың?
Өтінемін, сабаңа түс, жаймашуақ күйге көш,
Өрекпігеннен осы, не жақсылық табасың?
Өмір деген тар жол, тайғақ кешу, мехнат,
Жаралған ба едің қиыншылығына көну үшін?
Өмір – қуаныш, шаттық, біле білсеңіз рахат,
Жаралған ба едің қуаныштарын сезу үшін.
Өмір – теңіз, толқындары жатқан тулап,
Жаралдың ба, дүлейге қарсы тұру үшін?
Тыныштық тапса долы теңіз жайма шуақ,
Сол шуақтан ләззат тауып қану үшін.
Ойласам сені сан қилы күйге енемін,
Шарқ ұрған, шарықтаған сезімбісің?
Сан бұралған жолында дүние әлемнің,
Қиыншылығына қарсы тұрар төзімбісің?
Жалпақ әлем дүниені сезіммен бірге,
Жаралдың ба, тебіреніп кезу үшін.
Пешенеңе жазған ба тағдыр әлде,
Өмір жүгін көтеруге, төзу үшін?!
Ауыл
Көкке көтерілген көк түтіннің өзі,
Көзіңді қызықтырған қайран ауыл,
Алмағайып басыңа бір заман келіп,
Болып тұр ғой бұл күнде халің ауыр.
Күйзелген күйің бар, майысты қабырғаң,
Ер батқан аттай, болды-ау арқаң жауыр.
Басыңа түсті бір кезең іскерлікті сынаған,
Қайткенде болмақшы жағдайың тәуір?
Сары уайымға салынсаң өнбейді ештеңе,
Одан да тер төгіп, талпынып еңбек ет.
Қиыстырып қисынын тап, шаруаңды меңгер де,
Тек сонда көрерсің жемісін, жасалар құрмет.
Еш нәрсе негізсіз бет алды бола алмас,
Байлықтың тамыры – маңдай тер, еңбекте,
Жасалса ісің ақылмен, өзегің еш талмас,
Шығарсың ойлаған мақсатты биік-белеске.
Достарыңызбен бөлісу: |