Өліара кезеңдегі өмір
Жаралғаннан, мына пәни дүние-жалғанда,
Бітіспеген жақсысы мен жаманы еш
Қатарласқан әр уақыт қызығы мен қиынын да,
Көріп келеміз өмірді, толған егес.
Жер-анада мекендеген неше түрлі жандар бар,
Пәк пейілді, ақ көңілді, жаны таза салдар бар.
Ептестіріп ебін тапқан, байлыққа ие қулар мен
Ар-ожданның шеңберін аттап өтпес бар сабаздар.
Адал еңбекпен өткізген бар өмірін момындар бар,
Момақансып, жайлап жүріп, жұтатын жылымдар бар.
Қара ниет, пиғылы арам, жалт бергіш зұлымдар мен
Тозаққа тең күндер кешіп, қажыған құлдар да бар.
Батылы мен елпеңі де, сүйкімсіз бен көркемі де,
Батыры мен қорқағы да, жексұрын мен жайсаңы да.
Кәрісі мен балғыны да: ақ, сары, қара түстісі де,
Имансыз бен құдайшыл да, жағымпаз бен жампозы да.
Бәрі де жүр: адамы да, хайуаны да жер бетінде,
Баяғыдан қалыптасқан ала-құлалық бұл өмірде.
Күштілері әр кезде де алқынбай-ақ асуды асса,
Әлсіздері құлап жатыр, шыға алмай өр-кезеңге.
Мәңгілікке мәнін жоймас, игеріп те ұғып болмас,
Күрделігі осы ма еді, өмір деген ғажаптың?
Азаптың мойынтырығынан небір пақыр құтыла алмас,
Бар өмірі ағып жатқан, өзені боп тозақтың.
Айтылып келген қағида-заң социализм дәуірінде:
«Адам адамға дос, бауыр, туыс» - делінген де,
Жоққа шықты, жарамсыз боп ол да қалды бұл күнде,
Артқа жүзген үйректей халық сасқан, әбігерде.
Қаңсыған бос бөшкедей күй кешкен қалалар да,
Азып-тозып айрылды келбетінен ауылдар да.
Тығырыққа тірелді-ау ел басқарған бастар да,
Байсалды ақыл айта алмай тұр басқалар да, не шара?
Түйін
О, қара жер! Мыңқ етпестен барлығын да,
Көтеретін неткен ғажап, төзімді ең.
О, халайық! Қайыспайтын қабырғалы қара нардай,
Қыңқ етпейтін, шіркін, қандай ғана көнімді ең!
Қорытынды
Өмір заңы еш нәрсе тегіннен тегін берілмек емес,
Дүниені жайлаған бітіспейін теке-тірес.
Жетемін деп ойлаған мақсатқа талпынып,
Әр адам ашады өмір атты аренада күрес.
Достарыңызбен бөлісу: |