2.1. Балабақша тәрбие бағдарламасының ерекшелігі мен қазіргі кезде қолдану жағдайының формалары мен түрлері
1992-1999 жылдары білім саласындағы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасы мен орта білімнің даму тұжырымдамасы және білім берудің мемлекеттік стандарттары дайындалып бекітілді. Қабылданған нормативтік-құжаттар негізгі заң ережелеріне сүйенді. Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары" көрсетілген: 1. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының негізінде әзірленген.
2. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін бағдарламалары қарастырылған.
1999 жылы 7 маусымда Қазақстан Республикасының Білім туралы заңы қабылданды[3]. Аталған заңның 23-бабында мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту туралы төмендегі мәселелер қарастырылған:
Мектепке дейінгі тәрбие отбасында және мектепке дейінгі ұйымдарда жүзеге асырылады.
Мектепке дейінгі ұйымдар отбасымен қатар алты жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқытуды, олардың дене және психикалық денсаулығын қорғап, нығайтуды, дамуында ақауы балалардың жеке қабілеттерін да-мытуды және оған мұқтаж балаларға қажетті түзету жасауды жүзеге асырады.
Мемлекеттік білім беру мен денсаулық сақтауды басқару органдары мектепке дейінгі ұйымдар мен отбасына қажетті әдістемелік көмек көрсетуді ұйымдастырады.
4.5-6 жастағы балаларды мектепке барар алдында даярлау міндетті және ол отбасында, мектепке дейінгі ұйымда жалпы білім беру бағдарламаларының шеңберінде жүзеге асырылады. Ол мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін жасалады.
Балалардың міндетті мектепалды даярлығы тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 22 қарашадағы №1762 бұйрығымен бекітілген. Тұжырымдамада мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен жалпы білім беретін мектептерде 5-6 жастағы балаларды міндетті мектепалды даярлаудың Ережесі ұсынылған. Оның негізгі мазмұнында ҚР-да мектепке алдын-ала даярлау қажеттілігін туғызатын факторларды, жалпы білім беретін бағдарламалар мазмұнын, оны мақсат-міндеттерін, балаларды дене және психикалық денсаулығын қорғау мен нығайтуды, баланың әлеуметтік мінез-құлқының қалыптасуын, ақыл-ой дамуы мен мо-тивациялық даярлығы, құрбы-құрдастарымен, қоршаған ортамен қарым-қатынас деңгейі қарастырылған. Осы тұжырымдаманы іске асыру шарттары қарастырылады.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағдарламалары -мектепке дейінгі ұйымдардың оқу-тәрбие жұмысының мақсатын, міндеттерін, мазмұнын айқындайтын мемлекеттік құжат. Онда мектепке дейінгі тәрбие теориясы мен тәжірибесінің дамуындағы жаңалықтар қорытындыланып берілген. Бағдарламада білім беру жүйесінің алғашқы буыны мектепке дейінгі ұйымдардың алатын орны, әр түрлі жас тобындағы жүргізілетін оқу-тәрбие жұмысының мазмұны қарастырылады, тәрбиешінің басшылық рөлі көрсетілген. Бағдарламалардың құрылымдық ерекшеліктері мен мазмұны, әр жас тобының күн тәртібі, қимыл-қозғалысын жетілдіру, ойын-сабақтар өткізу мүмкіндіктері әр жылдарда толықтырылып, байытылып отырады.
Мектепке дейінгі ұйымдарға арналған бағдарламалар мектепке дейінгі жастағы балалардың денесі шыныққан, ақыл-ойы ұшқыр, адамгершілік жағынан мінсіз, еңбексүйгіш, эстетикалық талғамы бай етіп тәрбиелеу міндетін қояды. Онда әрбір баланың жас ерекшелігі, жеке басының өзіндік ерекшелігі, психикалық-физиологиялық ерекшелігі ескеріледі. Балабақша балалардың жан-жақты дамуына қамқорлық жасайды олардың талап-тілегін, қажетін ескеріп, мазмұнды да қызықты іс-әрекетін (ойын, еңбек, оқу) ұйымдастырады. Балалардың көңіл-күйінің сергек, қуанышты болуын көздейді. Балабақшада оқыту мен тәрбие бағдарламалары негізінде педагогикалық үдерісті ұйымдастырып, бірізді, жүйелі болуын қадағалайтын, оның талаптарын орындауға жауапты басты тұлға - тәрбиеші. Ол бағдарламаға сүйене отырып, әрбір топтағы тәрбиелеу мен білім беру мазмұнының келесі топта қайталанбауын қадағалайды және дұрыс ұйымдастырылуына басшылық жасайды.
Сонымен Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік стандарты, мектепалды даярлығы тұжырымдамасы, "Балалардың құқығын қорғау конвенциясы", мектепке дейінгі тәрбие бағдарламалары мен оқу-әдістемелік құралдарының балабақшада басшылыққа алатын маңызды құжаттар екені дәлелденеді.
Әдістемелік нұсқау. Дәріс мазмұнында ұсынылған мектепке дейінгі ұйымдарда қызмет істеу үшін басшылыққа алатын нормативтік-құқықтық құжаттарды іздеп, тауып түп нұсқа (немесе көшірмесін) материалдарды жинақтап портфолио дайындауы қажет. Студенттер барлық нормативтік-құқықтық қүжаттардың мазмұнымен танысып, мағынасын түсініп, оны тәжірибеде пайдалана білуге бағыт алып үйренуі керек. Мектепалды даярлыққа арналған оқу-әдістемелік кешендері мазмұнымен таныс болулары шарт.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 1.001-2009 «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты ҚР білім берудің алғашқы сатысы ретінде мектепке дейінгі тәрбиені ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
Бір жастан бастап үш жасқа дейінгі ерте балалықшақ - бала өміріндегі ерекше кезең. Баланың ақыл-ойының, денесінің дамуы мен адамгершілік қасиетінің негіздері осы жаста қалыптасатындықтан, ересектердің балаларға тікелей әсер етуі ерекше болады.
Ерте жастағы (1 жастан бастап 3 жасқа дейінгі) балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Алғашқы қадам» бағдарламасы отандық мектепке дейінгі педагогика және ерте жастаға балаларды тәрбиелеу мен оқыту тәсілдері тәжірибесіне негізделеді, сондай-ақ «Балабақшадағы оқыту мен тәрбиелеудің типтік бағдарламасы» мазмұны мен базалық принципіне сүйенеді[60].
Бағдарлама мазмұнын іске асыру ерте жастағы баланың жан-жақты дамуына, олардың денсаулығын сақтауға, келесі жасқа табысты өтуге мүмкіндік туғызады.
Бағдарламада екі-үш жастағы баланың дене және жүйке жүйесі мен психикасының дамуына талдау жасалған, топта балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру, мектепке дейінгі ұйымдардың отбасымен ынтымақтастығын құру бойынша нұсқаулар берілген. Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдардағы және отбасындағы күн тәртібінің үлгісі мен оларды ұйымдастыру бойынша нұсқаулары ұсынылады.
Бала тілін дамытуға, өзіне-өзі қызмет ету дағдылары мен мінез-құлық ережелерін қалыптастыруға басты назар аударылады. Ерте жастағы балаларда заттармен әрекет жасау дағдыларының дамуымен өздік тәжірибесі молаяды, көру, есту және сипап сезу сияқты қабылдау түрлері жетіле түседі. Сондықтан, бағдарламада берілген осы жастағы балаларға арналған күн тәртібі уақытты есепке алу арқылы ғана емес, сондай-ақ жеке тұлғалық және мазмұнды-тәрбиелік бағытты қамтамасыз ету есебінде құрылады. Баланың танымдық іс-әрекеті икемділік, маусымдық, отбасы тәрбиесімен сабақтастық ұстанымдары негізінде құрылуы тиіс.
Маңызды орын бағдарламада оның құрылымдық компоненттері мен мазмұнын тұтастай қамтитын ойын әрекетіне беріледі.
Бағдарлама, ең алдымен, балалардың жеке және біріккен әрекеттерін тиімді үйлестіру барысында жас ерекшеліктерін ескере отырып, жеке даралықты, денені дамытуға, психикасын және эмоционалды жетістігін нығайтуға бағытталған.
Осыған байланысты, «Алғашқы қадам» бағдарламасындағы білім беру міндеттері бес білім беру салалары: «Денсаулық», «Таным», «Қатынас», «Шығармашылық», «Әлеуметтік ортаның» үйлесімді бірігуі арқылы іске асады, әрқайсысының жеке кіші бөлімдері мен өзінің мақсатты бағыттары бар.
Білім беру салаларының мазмұны:
- денсаулық сақтау;
- коммуникативті-тілдік;
- танымдық;
- шығармашылық;
- әлеуметтік орта құзыреттіліктерін қалыптастыруды қамтиды.
«Денсаулық» білім беру саласында денсаулық сақтау құзыреттілігін қалыптастыру, балалардың денсаулығын нығайту, бала ағзасының функционалды мүмкіндіктері, дене қасиеттері мен өмірлік маңызды қимыл-қозғалыс дағдыларын жетілдіруге әсер ететін мақсаты, міндеттері мен жұмыстардың мазмұны анықталады.
«Денсаулық» білім беру саласының базалық мазмұны:
- дене шынықтыру ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті;
- балалардың өмірі мен тәрбиесін ұйымдастыру арқылы өздік қимыл әрекеті, мәдени-гигиеналық дағдылар, салауатты өмір салты мен сауықтыру-шынықтыру шаралары ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жүзеге асады.
«Таным» білім беру саласында баланың танымдық құзыреттілігін, сенсорлық эталондар жүйесін, зерттеушілік, заттық әрекетті қалыптастыру, баланың қоршаған ортада бағдарлануын кеңейту және молайту бойынша педагогикалық жұмыстардың мазмұны, міндеттері мен мақсаттары көрсетілген.
«Таным» білім беру саласының базалық мазмұны:
- сенсорика;
- құрастыру;
- қоршаған ортамен таныстыру ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жүзеге асады.
«Қатынас» білім беру саласының мазмұны бала тілін дамытуға, коммуникативті-тілдік құзыреттілігін қалыптастыруға, белсенді және белсенді емес сөздік қорын, грамматикалық құрылымды, тіл мәдениетін, баланың байланыстырып сөйлеуін жетілдіруге бағытталған.
«Қатынас» білім беру саласының базалық мазмұны:
- тіл дамыту;
- көркем әдебиет;
- қоршаған ортамен таныстыру ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жүзеге асады.
«Шығармашылық» білім беру саласы бала бойында шығармашылық құзыреттілікті қалыптастырып, қоршаған ортаға эстетикалық қарым-қатынасын, классикалық және ұлттық өнер құралдары арқылы көркемдік даму, балалардың көркем шығармашылығының түрлерін кіріктіруді қарастырады.
«Шығармашылық» білім беру саласының базалық мазмұны:
- сурет салу;
- мүсіндеу;
- желімсіз жапсыру;
- музыка ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жүзеге асады.
«Әлеуметтік орта» білім беру саласы балалардың әлеуметтік құзыреттіліктерін қалыптастыру бойынша жұмыстардың мазмұны мен міндеттерін біртіндеп күрделендіру тізбесінен тұрады. «Әлеуметтік орта» білім беру саласының базалық мазмұны балалардың түрлі әрекеттерінде іске асырылады және тұлға аралық қарым-қатынастарды құруға мүмкіндік туғызатын эмоциялар мен маңызды себеп түрінде қарастырылады.
Білім беру салаларының барлық бөлімдері бағдарламалық материалдарды меңгеру көрсеткіштері тізімімен аяқталады.
«Алғашқы қадам» бағдарламасында мектепке дейінгі ұйымдар жұмысының нақты жағдайлары, өңірлік компонентті ескере отыра, педагогикалық үдеріс мазмұнына түзету енгізу мүмкіндіктері қарастырылған. Бағдарлама қосымшасында барлық білім беру салалары бойынша ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті тақырыптарының үлгісі берілген. Педагогке топтағы педагогикалық үдерісті ұйымдастыруға шығармашылықпен қарау мүмкіндігі ұсынылады.
Базистік оқу жоспарына сәйкес бағдарламада ұзақтығы 7-15 минут болатын 7-9 сабақ (ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті) берілген. Ерте жастағы балалардың ұйымдастырылған оқу-танымдық әрекеті шағын топтағы ойын түрінде жүргізіледі. Бағдарлама бала әрекетінің барлық түрлерінің психологиялық жайлы болуын қарастырады.
Бағдарлама мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытудың сапалы жаңа жолдарын көрсетеді және ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті үдерісінде ғана емес күн бойында күнделікті балаларға педагогикалық ықпал жасауды да қамтиды.
«Алғашқы қадам» бағдарламасында тұлғалық-бағдарлы, балаға жекелей қарау, тұлғаның адамгершілік бастамасын, әлеуметтік мінез-құлық және қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру, балалардың қызығушылықтарын, жалпыадамзаттық құндылықтарды, қазақ халқының салт-дәстүрлерін ескере отыра ұйымдастырылатын ерте жастағы балалардың ойын, қимыл белсенділігін дамытуға басты орын берілген.
Ерте жастағы балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі «Алғашқы қадам» бағдарламасының мазмұны тәрбиешінің осы бағдарламадағы әдістемелік нұсқаулар мен дидактикалық материалдарды пайдалану арқылы жетістікке жетеді.
Бағдарлама құрылымы
Бағдарлама түсінік хаттан, ерте жастағы балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру, балалардың жас ерекшелік мүмкіндіктерінің сипаттамасынан, күн тәртібінің үлгісінен, бес білім беру саласының бағдарламалық мазмұнынан, ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін іске асыратын базалық мазмұнынан тұрады:
- «Денсаулық» білім беру саласы - дене шынықтыру;
- «Қатынас» білім беру саласы - тіл дамыту, көркем әдебиет, қоршаған ортамен таныстыру;
- «Таным» білім беру саласы - сенсорика, құрастыру, қоршаған ортамен таныстыру;
- «Шығармашылық» білім беру саласы - сурет салу, мүсіндеу, желімсіз жапсыру, музыка;
- «Әлеуметтік орта» білім беру саласы - балалардың барлық іс-әрекет түрлері. Мектепалды даярлық бойынша қарастырылатын мәселелер: мектепалды жасындағы оқыту үдерісі, балабақшадағы дидактика ілімінің қалыптасуы (П.Ф.Каптерев, Е.И.Тихеева, Р.С.Буре, В.Г.Нечаева, Г.Н.Година, З.И.Истомина, Н.К.Крупская, Е.А.Флерина, Т.Подьякова, т.б.). Мектепалды топтары мен сыныптарында балаларды оқыту ерекшеліктері, оқыту мазмұны, әдістері, принциптері. Оқытудың негізгі формасы - сабақ. Оқыту технологияларын қолдану жолдары. Аталған топтардағы оқыту мен тәрбиелеу бағдарламаларына көңіл бөлу. Баланың мектепке жалпы дайындығы - бұл, физиологиялық, психологиялық түрғыдан адамгершілік, ерік-жігерінің және денсаулығының қалыпты жағдайда болуы. Баланың жалпы дайындығы дұрыс болмаса оқуға құлқы болмайды, жеке тұлға ретінде қалыптасуына кедергі келтіріледі. Баланың психологиялық дайындығы - оқу түрткісінің (мотивінің) қалыптасуына байланысты болмақ. Негізгі түрткілер ішінде оқу түрткісі, яғни менің көп білгім келеді, оқуды, жазуды, есеп шығаруды үйренгім келеді деген ең маңызды мәселелер қалыс қалып қояды. Мұндай түрткілер баланың психологиялық тұрғыдан дайын болған кезде ғана көрініс береді. Бұл түрткілер бірден пайда болмайды, біртіндеп қалыптасады. Олар танымдық қызығушылығы берік бола бастағанда, жаңа білім негіздерін қабылдағанда пайда болып, үлкендердің мадақтау, бағалауы нәтижесінде бекітіліп отырады. Баланың арнайы дайындығы - бұл, алғашқы білім-білік дағдыларымен қарулануы, яғни бірінші сыныпта берілетін білім мазмұнының (математика, ана тілі, жазуға үйрету, айналамен таныстыру, т.б.) қарапайым білім негіздерімен қамтамасыз етілуі болып табылады. Бұл жерде осы мәселелерге сәйкес балабақша мен бастауыш сыныптардағы білім мазмұны сабақтастығы мәселесіне баса назар аударылады. Ғалымдардың зерттеулерін зерделей келе (Н.И.Алексеева, С.И.Волкова, Т.Чепель, А.М. Счастный, Н.А.Федосова, Т.Яковенко, т.б.) сабақтастық мәселесін жаңаша тұрғыда қазіргі экономикалық, әлеуметтік жағдайларға байланысты шешудің бірқатар жолдарын қарастырғанын байқаймыз. Олар: біріншіден, аталған сатыдағы білім берудің өзіндік мақсаттарының айқындалуын, білім мазмұнының бірыңғай жүйелі құрылуын, баланың тиімді дамуы арқылы білім берудің келесі сатысына көшуін қамтамасыз етілуін қарастырады, Екіншіден, білім беру жүйесінің әрбір әдістемелік компоненттерінің байланысы мен үйлесімділігінің болуын қамтамасыз етеді, яғни: мақсаты, міндеттері, мазмұны, әдістемесі, ұйымдастыру түрлері. Аталған сабақтастық сақталу үшін мектепке дейінгі кезеңдегі іргелі жаңалықтар ретінде жетекші әрекеттерінің дамуы қарастырылса, бастауыш сатыда қарқынды дамуы мен жағдайында жеке жұмыстарды, мектепке дейінгі кезеңде қалыптасып болмаған қасиеттерін түзетуге арнайы көмек көрсетуді, жетекші әрекеттер арқылы қоршаған ортамен өзара қарым-қатынас формаларын дамытуды қамтамасыз ететіндігі байқалады. Отбасында баланы мектепке даярлауда: ҚР Конституциясында отбасын нығайту, аналар мен балаларды қорғау және тәрбиелеуде отбасы жауапкершілігін арттыру, отбасында балаларды мектепке даярлау олардың отбасындағы өмірі мен тәрбиесін ұйымдастыру, әр түрлі типті отбасында балалардың жеке басын қалыптастыру, ата-ана тәрбиесі және олардың міндеттері, халық тәжірибесіндегі отбасының балаларды тәрбиелеудегі мектепке даярлаудағы орны (А.Сейсембаев, Б.Баймұратова, Д.Муталиева, М.Сәтімбекова, т.б.), отбасында мектепке даярлаудың мақсат-міндеттері, озық іс-тәжірибелер, ата-аналармен жұмыс және ата-аналарға педагогикалық білімді насихаттау мәселелерімен тереңірек танысуы қажет.
Бағдарлама - отбасында, мектепалды топтары мен сыныптарында балаларды оқу мен тәрбиелеу мақсат-міндеттерін, мазмұнын айқындайтын негізгі құжат. Мектепке дейінгі оқу, тәрбиелеу бағдарламаларының қалыптасу тарихы (1932, 1934, 1938, 1953, 1962, 1964, 1970, 1989, 1999 жылдар), мектепалды даярлық, 2000 жылғы Балбөбек бағдарламасы. Бағдарламалар мазмұны негізінде тәрбиешілер балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды, олардың талап-тілегін, қажетін ескеріп, мазмұнды, қызықты іс-әрекетін (ойын, еңбек, оқу) ұйымдастырады. Мұнда баланың даму, жас ерекшелігі, жеке басының өзіндік ерекшелігі, психологиялық ерекшелігі еске алынады. Оқу-тәрбие мазмұны тәрбиенің мақсат-міндеттеріне сай айқындалған. Әрбір топта балалардың күнделікті тұрмысын ұйымдастыру және тәрбиелеу, сабақтарда оқыту мәселесіне басты көңіл бөлінген[59].
Бүгінгі қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, бойында ұлттық сана мен психология қалыптасқан парасатты азамат тәрбиелеп өсіру - отбасының, балабақшаның, барша халыңтың міндеті. Замана алға қойған бұл міндеттерді өз мәнінде шешу үшін мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мазмұнын түбегейлі жаңарту көзделуде. Қазіргі өмірдің өзінен туындап отырған талаптарды орындау, жаңалыққа жаршы болу үзіліссіз тәрбие негізінің бастау бұлағы - мектепке дейінгі ұйымдардан басталғаны орынды. Осы орайда, еркін елдің ертеңін баянды ету бағытында жүзеге асырылып жатқан саяси, әлеуметтік жағдайларды ескере отырып дайындалған білім, ғылым саласындағы ресми құжаттар тәжірибеде қолданылуда.
Бағдарламалар әр басылымында жаңартылып, мазмұны байытылып, ұлттық ерекшеліктер ескеріліп, өңделіп, толықтырылып отырған. Мысалы: "Балбөбек" бағдарламасына тоқталайық.
Бағдарламаның мақсаты: Балабақшадағы тәрбиелеу мен білім беру мазмұнын жаңарту, сәбилік шақтан бастап жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету, мейірімділік, ізеттілік, әдептілік, бауырмалдыққа, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлыққа баулып, адамдық қасиеттерді қалыптастыру, баланың жеке дара дамуын қамтамасыз ету және өмірлік дағдыларды қалыптастыру. Тәрбиелеу мен білім беруді кіріктіре кешенді жүргізудің тиімді тәсілдерін айқындау.
Бағдарлама негізіне осы салада еңбек етіп жүрген отандық және шетел ғалымдарының мектеп жасына дейінгі балалардың жас және психологиялық-физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, іріктеп, бейімдеумен ұсынған адамзаттық қоғамдық-тарихи тәжірибесін қамтитын компоненттері - білім, іскерлік пен дағдылар, шығармашылық әрекет және өмірлік эмоционалдық қатынас тәжірибелерін алу көзделді.
Көзделіп отырған ауқымда білім, іскерлік пен дағдыларды қалыптастыру баланың жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бағдарлама ең алдымен баланың дене және эмоционалдық саулығын нығайту, дара ерекшелігін дамыту, өз бетімен білім алудың жолдарын игеру үшін жағдай туғызуға бағытталған.
Бағдарлама төмендегідей ұстанымдарға негізделеді:
адам тұлғасы дамуының маңызды кезеңі ретіндегі мектепке дейінгі балалықтың өзіндік құндылығын сақтау;
бала тұлғасын қалыптастыру мен дамытуда олардың жетекші әрекеттерін негізге алу;
тәрбиелеу, оқыту және дамытудың өзара байланыстылығын сақтау, балалардың дене, ақыл-ой, сезім, тілдік, көркемдік, адамгершілік, еңбек тәрбиесіне жағдай туғызып, дамытуды қамтамасыз ету;
• педагогикалық ықпалдың тиімділігін арттыру
және бала мен тәрбиешінің уақытын үнемдеу мақсатын-
да балалардың алуан түрлі іс-әрекеттерін кіріктіру. Бұл
балаларда заттар мен құбылыстар арасындағы байланыс-
тар мен өзара тәуелділік туралы түсінікті, қоршаған
әлемнің біртұтас бейнесін қалыптастыруға ықпал етеді,
жетекші әрекет - ойынға және өз бетімен дербес әрекет етуге, шығармашылыққа уақыт көбірек беріледі.
Оқыту мен тәрбиенің үзіліссіздігін, бір топ пен екінші топ арасындағы сабақтастықты сақтау үшін, балаға игерту көзделетін қарапайым білім негіздерінің біртіндеп кеңейтілуі.
Бағдарламаның басты ерекшеліктері:
әрбір жас кезеңдеріне сәйкес бала игеруге тиісті білім, іскерлік пен дағдылардың бағдарламалық мазмұны "Тіл - халық қазынасы", "Ойна да ойлан", "Әуенді қимыл-қозғалыс", "Өнер көзі-халықта", "Имандылық-инабаттылық" деген атаулармен блоктарға топтастырылып берілді;
бағдарламалық мазмұнды іске асыру үшін "Отбасы, балабақша, ойыншықтар", "Жыл мезгілдері", "Қазақстан-республикам менің", "Жануарлар дүниесі" деген ірі тақырыптар ұсынылып, олардың міндеттері көрсетілді;
осы міндеттерді жүзеге асыру үшін балалармен жүргізілетін жұмыс түрлерін бір-бірімен кіріктіре отырып, кешенді формада ұйымдастыру ұсынылды;
жоғарыда көрсетілген тақырыптарға орай, аптаның бір күні тәрбиелеу мен білім берудің арнайы бір блогына баса көңіл бөлініп, қалған тәрбие түрлері алғашқымен сабақтас, кіріктіріле жүргізіледі, білім-білік, дағдылар-ды меңгерту, іс-әрекеттің алуан түрлерімен алмастырылып, үзіліссіз, біртұтас үдеріс түрінде жүзеге асады. Мысалы, дүйсенбіде өткізілетін "Тіл - халық қазынасы" блогында негізгі көңіл баланың тілін дамытуға, сөздік қорын байытуға, байланыстырып сөйлеуге үйретуге аударылып, басқа іс-әрекет түрлерінің (сурет салу, қимыл-қозғалыс жасау, математика және т.б.) элементтері оны толықтырып, бекітуге қызмет етеді;
серуенге шыққанға дейін жеке және шағын топпен арнайы жұмыстар жүргізіліп, қайталап, жаттықтыру арқылы тәрбиелеу мен білім беру мазмұны тиянақталады;
• мектеп жасына дейінгі балаға берілетін адамгершілік тәрбиесінің мазмұны халықтық педагогикаға негізінде, ұлттық құндылықтармен байытылып, "Имандылық - инабаттылық" деген атаумен өз алдына блок ретінде берілді, онда балаларды әлеуметтендіру мәселесі, маңызды өмірлік дағдыларды қалыптастыру көзделеді.
Бала тәрбиесінің негізі отбасында қаланатындықтан, халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан отбасылық бала тәрбиесі дәстүрлерін, фольклорлық мұраларын балабақшада педагогикалық үдерісті ұйымдастыруда кеңінен пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды.
Халық даналығынан туындаған нақыл, әңгіме, ертегі, мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаштар баланың ой-өрісін, тілін дамытып, дүние танымын жетілдіруге ықпал етері сөзсіз. Балаға бұл рухани мұраларды игерту белгілі бір жүйеде, олардың жас ерекшелігіне сай, түсінігіне лайықты, басқа тәрбие жұмыстарымен сабақтас берілуі тиіс. Соған орай, бұл блокта "Адамдық - асыл мұрат", "Жер байлығы - ел байлығы", "Еңбек түбі - зейнет", "Бабалар өмірі — ұрпақтарға өнеге", "Әдептілік - әдемілік", "Ақ боз үй" тақырыптары ұсынылды. Мүнда көзделген мәселе - баланы сәбилік шағынан бастап, тазалық, әдептілік, ізеттілік, жомарттық, мейірімділік, еңбексүйгіштік ру-хына баулып, имандылық-инабаттылыққа жататын жағымды мінез-құлық ережелерінің қарапайым негіздерін бойына сіңіру. Туған еліне, жеріне сүйіспеншілікке баулып, ұлтжандылыққа, басқа халықтарға бауырластыққа, достыққа тәрбиелеу.
Аптаның алдыңғы күндері жүргізілетін тәрбие жұмыстары жұма күні толықтырылып, ойын-тәжірибе сағаты, сахналық көріністер, ойын-ермектер арқылы қайталанып, тиянақталады. Бұл күн - ата-аналар үшін ашық есік күні болып есептеледі. Балабақшадағы ұйымдастырылатын іс-шараларға ата-аналардың қатысуы, тәрбиешілер және балалармен бірге ұйымдастыруы ба-рысында, балалар үлкендермен ілтипатты қарым-қатынас жасауға үйренеді. Осылайша, бағдарлама мазмұнын бірлесе жүзеге асыруда отбасы мен балабақша арасында педагогикалық ынтымақтастық қалыптасып, бала тәрбиесі ортақ мүддеге айналады.
Бағдарламада мектеп жасына дейінгі баланың жетекші әрекеті - ойын түрлерін арнайы ұйымдастырылған сабақтар барысында кеңінен қолдану, сондай-ақ күні бойғы басқа уақыттарда алуан түрлі ойындар ұйымдастыруға, өз бетімен ойнауына жағдай туғызу қажеттігі баса көрсетілді. Себебі, ойын барысында баланың дене және рухани жан дүниесі, ақыл-есі, ой-қиялы дамиды, тұлғалық бейнесі қалыптасады. Ойын баланың қоғамдық тәжірибені меңгеру тәсілі, яғни, ол өзгелердің пікірімен санасуға, ортақ тіл табысуға, шешім қабылдауға, т.б. көптеген әлеуметтік, өмірлік дағдыларға осы ойын арқылы қол жеткізеді.
Бағдарламада бала құқығын қорғау мәселесі бойынша, баланың еркімен санасу, оның талап-тілегіне, жеке-дара ерекшелігіне назар аударып, бағыт беріп отыру, дербес әрекетін дамыту, жеке тұлғасын қалыптастыру мәселелері де білім мазмұнының аясына алынды.
Бағдарлама республикадағы мектепке дейінгі ұйымдардағы оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырудың бағытын айқындайтын мемлекеттік құжат болып табылатындықтан, әрбір тәрбиеші бағдарламаның мазмұнын жан-жақты терең түсініп, онымен жұмыс істеуге даяр болуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |