Ф-ОБ-001/033
І. Балабақша тәрбие бағдарламасының ерекшелігі мен қазіргі кезде қолдану жағдайының ғылыми практикалық негіздері
1.1. Балабақша тәрбие бағдарламасының мақсаты мен міндеттері
Бүгінгі таңда мектепке дейінгі тәрбие жүйесі әр елде алуан түрлі даму деңгейінде болып отыр. Оның басты себептері: мектепке дейінгі тәрбиеге мемлекет пен қоғамның қатынасына, қоғамдағы әлеуметтік экономикалық жағдайларға, әр елдің салт-дәстүрі мен мәдениетіне, аймақтық ерекшеліктер-іне де байланысты болмақ. Педагогика көп жағдайда сол елдегі қолданыстағы заңнамаға немесе жетекші идеологияға тәуелді дамиды. Мектепке дейінгі ұйымдар елдің не әлеуметтік қызмет көрсету, не денсаулық сақтау ұйымдарына немесе білім беру жүйесіне қарайтын болады. Осыған байланысты мектепке дейінгі ұйымдардың жұмыс бағыттары, педагогикалық дайындық деңгейлері өзгереді. Мектепке дейінгі ұйымдар әлеуметтік қамсыздандыру министрлігіне қарайтын елдерде (Австрия, Англия) ата-аналар қалауымен балаға күндізгі қамқорлық түрінде ұйымдастырылуы басым болса, Білім министрлігіне қарайтын елдерде (Ирландия, Қытай) ерте жастан оқыту үдерісі басым. Ал кейбір елдерде мектепке дейінгі білім беру енді-енді министрліктер қарамағына еніп отыр (Түркия, Жапония) [19;-56б].
Тәрбие сапасы педагогтардың кәсіби біліктілігіне байланысты. Көптеген дамыған елдерде тәрбиешілердің дайындығы жеткілікті жоғары деңгейде (Германия, Франция, Англия, АҚШ, т.б.) болып, олар әр түрлі ба-ғыттарда (музыкалық, дене тәрбиесі, ақыл-ой, тәрбиесі, эстетикалық) жұмыс жүргізе алады және балалардың дамуының өсуін бақылай біледі. Бұған физиологияны, балалар психологиясын, әлеуметтануды терең меңгеру ықпал етеді. Әлеуметтану оларға балалармен, ата-аналармен жұмысты сауатты құрып тіл табысуға көмек жасайды, жұмысты дербес және шығармашылықпен ұйымдастыруға әсер етеді. Әр түрлі елдердегі мектепке дейінгі ұйымдардың оқу-тәрбие үдерістерін салыстыра келе, түрлі қоғамдық-әлеуметтік жағдайларға қызмет еткеннің өзінде қоғамда бала тұлғасының дамуын көздейтін, олардың ғылыми негізделген заңдылықтарда көрініс табатын ортақ белгілері, ұстанымдары байқалады: отбасында, балалар ұжымында, қоршаған ортада, дүниетануда өзінен, отбасынан, балалар тобынан бастап, елді, құрлықты, жер шарын, ғарышты тануға бағытталуы; өзіне-өзі қызмет көрсетуде, шығармашылық табыстарында, ұмтылыстарында, т.б. тәуелсіз, дербес болуға барған сайын ұмтылу; өз бетінше ойлау, өз ойын, сезімін еркін жеткізу, еркін сөйлеу, түсініп оқу, түсініп тыңдау; балаға шектеуге болмайтын тұлға деп қарау, барлық жауапкершіліктің ата-анаға жүктелуі, мектепке дейінгі ұйымдарды оларда бар қабілет икемдерді дамытады деп санау[22].
Мектепке дейінгі білім беруді ұйымдастыруда белгілі бір жүйесі қалыптасқан Батыс Еуропа мен Америка елдерінде қазіргі бар модельдерді үш түрге топтастыру тенденциясы байқалады: Латын еуропалық (Франция, Бельгия, Швейцария, Италия), скандинавиялық (Финляндия, Швеция) және англо-саксондық (Улыбритания, АҚШ, Канада) Латын Еуропалық модель өздерін "отбасынан тыс тәрбие" деп атайды, 2-5 жас аралығындағы балалардың басым көпшілігі дамыған (Франция мен Бельгияда - 95%, Италияда - 85% дейін). Франциядағы осындай "мектеп-ана" моделі 4 және 5 жастағы балалардың бәрін міндетті қамтуды көздейді. Алайда, олардың бағдарламалары бірыңғай емес: бастауыш мектептен үйлестірілгендері де, тіптен үйлестірілмегендері де бар. Бұл екінші жағдайда тәрбиеленген балаларды мектепке барғанда, бейімделу түрғысынан қиындықтарға ұшыра-тады.
Скандинавиялық модельдің шведтік үлгісі мейлінше жалпы талаптарға жақын келеді. Олар 7 жасқа дейінгі барлық балаларды міндетті қамтыған және ата-аналары жұмыста болатын 7 жасар 1-сынып оқушыларын да қам-қорлыққа алған. Олардың жоғарғы сапалығына ықпал ету үшін арнаулы бақылау ұйымдары құрылған және ондағы оқу-тәрбие жұмысы ғылыми негізделген жағдайда ғана жүргізіледі. Оқу-тәрбие бағдарламасының орын-далуын мемлекет мойынына алған, ата-аналар 10%-ын ғана төлейді. Балаға 1,5 жасқа келгенде мектепке дейінгі білім беру ұйымына қамтылуына кепілдік беріледі.
Англо-саксон моделі (Ұлыбритания, АҚШ, Канада) мынандай сипаттармен ерекшеленеді: баланы өз тағдырын өзі анықтауға құқы бар тәуелсіз тұлға деп түсіну, теория мен тәрбие тұжырымдамаларының плюрализмі, мектепке дейінгі білім беруде мемлекет үлесін шектеу. Осының салдарынан ол елдерде орталықтанған басқарумен қаржыландыру жоқ, олар жергілікті билік ұйымдары құзырында, сондай-ақ бұл іске әр түрлі ұйымдар мен жеке адамдар қатыса алады. Бұл модельде бағдарлама сан алуан, сонымен бірге жергілікті жағдайлар мен баланың жеке ерекшеліктеріне, ата-ананың қаржылық мүмкіндіктеріне сәйкестендірілуге икемділігімен си-патталады. Бағдарламаның және бір ерекшелігі балабақшадағы оқу-тәрбие үдерісінде ата-анаға субъектілік орын берілген: күн сайын белгілі бір ата-ана тәрбиеші жанында болып, оған көмектесуі міндеттелген[22;-64б].
Англо-саксон үлгісіндегі мектепке дейінгі тәрбие мемлекет құзырында болмағандықтан, оның балабақшадан тыс әрі қамқорлық көрсететін, әрі оқу-тәрбие үдерісін жүзеге асыратын көптеген түрлері бар:
"үйдегі қамқорлық" - бала тәрбиеші мен күтуші тәрбиесінде болады, бірақ тәрбие өз үйінде жүргізіледі;
"күндізгі отбасы қамқорлығы" - бірнеше отбасы бірлесіп, бір үйде балаларды күндіз қамқорлыққа алады, тәрбиеші мен күтуші жалданады және міндетті түрде ата-аналардың біреуі болады;
-. "күндізгі қамқорлық орталығы" - отбасынан тыс арнаулы орында ұйымдастырылған жеке меншіктегі балабақша;
- балалар мектебі - бастауыш мектепке дайындау сы-
ныбы.
Біздің көзқарасымызша, жалпы ұлттық мүдде тұрғысынан алғанда, мектепке дейінгі балабақша ісінің орталықсыздануының елдердің даму ерекшеліктеріне лайықтылық сипаттары төмен.
Әр түрлі елдердегі мектепке дейінгі ұйымдардың ұйымдастырылуына олардың типтері, қамтылатын балалардың жас мөлшері, мақсат-міндеттері, бағдарламалары (білім мазмұны), әдіс-тәсілдері өзіндік ерекшеліктері бола тұра мақсаттары мен көздейтін нәтижелерінің бағыттастығы мен үндестігін көруге болады.
Англияда мектепке дейінгі ұйымдар жүйесін ұйымдастыруда балалардың жас мөлшері басты факторлардың бірі ретінде танылады. Мысалы, Англияда мектепке дейінгі білім беруде 3-5 жас аралығындағы балалар қамтылады. Ал 5 жастан бастап олар міндетті мектептік білімге тартылады. Ал 3 жасына дейін сәби ана тәрбиесінде болуы дұрыс деп есептеледі. 3-5 жастағы сәбидің жас және психологиялық ерекшелігіне қарай мектепке дейінгі ұйымдар Англияда отбасы жағдайына неғұрлым жақын түрде құрылуды көздейтін күндізгі яслилер (муниципалды және жеке меншікті), толық ясли емес яслилік сыныптар, ойын топтары, аналар мен балалар клубтары (керегінде анасы қасында болады), күтушілер институттары, "мүмкіндіктер" топтары, т.б. әрбір тәрбиешіге 10-13 баланы қарау жүктеледі[19;-82б].
Білім бағдарламаларында бала өзінің жеке және жас ерекшеліктеріне қарай ойын арқылы қоршаған айналадағы болмысты белсенді танып білуші, қоршаған орта жағдайын белсенді пайдаланушы ретінде танылады, педагог пен баланың ортақ әрекет етуі көзделеді, балаға жеке дара тұрғыдан ықпал ету, ізгілік бағыт тұжырымдамалық ұстаным болып табылады.
Мектепке дейінгі ұйымда Англияда бірыңғай ұлттық бағдарлама болмайтындықтан, білім мен тәрбие берудің мазмұны түрлі вариативті сипат алған. Алайда білім беру мекемесінің өзінде дайындалатын бағдарламаларының бәрінде де баланың қуат мүмкіндіктерін дамытуға қажетті жағдайлар жасау жолымен дене, ақыл-ой, эстетикалық, адамгершілік және әлеуметтік тәрбиенің тікелей жеке балаға бағытталып жүргізілуі, жүзеге асуы мақсат етіледі. Балабақша тек мектепке дайындау орны деп емес, бала өмірінің дербес те мәнді кезеңі деп қаралады. Сондықтан, оқыту жеке пәндерге жіктелмейді. Мұнда маңыздысы оқуға деген түрткінің (мотивтің) қалыптасуы деп есептеледі. Бағдарламаларда (Англия) әлеуметтік тәрбиеге жоғары мән береледі. Ол бала бойына қарым-қатынас дағдыларын, ұжымда жүріп тұруды, қоршаған әлеммен бірлестікте өмір сүре білуді үйретуге бағытталған. Бағдарламалардың ізгілік бағыттары әлеу-меттендіруді қоршаған адамдардың құқықтары мен еркіндіктеріне құрметпен қарауды төзімділік пен ынтымақтастықты, барлық балаларға тең мүмкіндіктер жасауды мақсат етіп қойылуымен анықталады. Баланың мектепке дейінгі тәрбиесінде ақыл-ойды дамыту оқу мен жазуға үйретуден бұрын қойылады. Оқыту баланың білмейтінінен емес, білетінін қолданудан басталады, соған негізделеді, сөйтіп, табысқа сүйену әдісі арқылы өзіне-өзі сенімділік, оқуға деген оң түрткі қалыптасады, баланы өзін-өзі танытуға бағыттайды. Мектепке дейінгі ұйымда сабақтың топтық формасы қолданылмайды, әр баламен жұмыс жеке ұйымдастырылады. Осыған орай негізгі әдіс-ойын болып табылады. Баланың ақыл-ой дамуы ойын әрекеті барысында жүзеге асады. Ағылшын ғалымдары баланың тілін дамытудың үш сәтін ұйымдастыруға ерекше мән береді: ойын айта білуге, тыңдауға және түсінуге икемділік. Бұған барлық мектепке дейінгі ұйымдарда күш салынады. Ағылшынның мектепке дейінгі педагогикасында эстетикалық тәрбие баланың шығармашылық бастауларын жүзеге асыру жолы деп қаралады. Бұл түптеп келгенде, өзіне-өзі сенімділікке, өз қадір қасиетін сезіп білуге, өзін-өзі бақылауға, өзін және айналаны құрметтеуге жеткізеді деп есептеледі. Эстетикалық және адамгершілік тәрбиесін осы мақсатта біртұтас жүргізуге тырысады.
Дене тәрбиесіне бірінші кезекте мән беріледі. Дене қуатының, ағзаның толық сапалы дамуы, оны нығайту, салауатты әдеттерді, мәдени-гигиеналық дағдыларды қалыптастыру міндеттерін жүзеге асыру жолға қойылған.
Ағылшын педагогтары баланың сөзбен айта алмаған сезімдерін сурет салу арқылы жеткізуге үйрету керек деп санайды. Мүсіндеуде көбінесе пластилинді қолданады.
Адамгершілік тәрбиесі жалпы адамгершілік құндылықтарымен бірге экологиялық, діни және жыныстық тәрбие элементтерін сіңіруді қарастырады. Мұнда қоршаған орта, радио, теледидар, көркем әдебиет, көркем-өнер, музыка кең қолданылады.
Бала бойында дербес өмір сүруге, ұжымда жүріп-тұруға, қажет болатын өзін-өзі қызмет көрсету икемділіктерін қалыптастырып, дамытуға мән беріледі. Сабақ формасының қолданылмауы, оның орнына ойын әре-кетінің негізгі ұйымдастыру формасы ретінде жүзеге асырылуы бала бойында әлеуметтендіру тәрбиесінің қарқынды қалыптасуына ықпал етеді деп саналады.
АҚШ-та 90-жылдардан бері қарай даму деңгейі тежелген балаларды қалыпты дамыған балалармен интеграциялап оқыту тәжірибесі кең тараған. Оның мәні: интеграцияланған топтық өмір тәжірибесі негізінде дұрыс мінезге тәрбиелеу, әлеуметтік-коммуникативтік және функционалдық дағдыларды дамыту. Интеграциялық топтарда арнаулы мамандар баланың даму ерекшелігіне қарай әрекеттер ұйымдастырып, нәтижеге баланың өз бетінше жетуін көздейді. Күнделікті жұмыс барысында орындалу сапасына қарай олар түзетіліп, жетілдіріліп отырады[22;-93б].
Германиядағы мектепке дейінгі педагогикада Ф.Фребель жүйесі әлі де сақталған. Мұнда мектепке дейінгі ұйымдар үшін бірыңғай ұлттық бағдарлама жоқ. Әр балабақша өз бағдарламасын жасайды. Алайда балабақша тәрбиешілерінің дайындық деңгейлеріне ерекше көңіл бөлініп, аса жоғары талаптар қойылады. Тәрбиешіге оның қандай деңгейдегі маман болуына қарамастан, керекті сапалар айқындалған. Олар: шығармашылық
өнерінің болуы (ағаштан, қағаздан, металдан, балшықтан, т.б. түрлі қызықты жұмыстар жасай білу міндетті), отбасылармен, әртүрлі орталықтармен, балалармен әлеуметтік жұмыс жүргізу дағдыларын меңгеруі, дұрыс тәрбиелеу жөнінде белгілі әдебиеттерді білу. Өз бетінше бағдарлама жасай алу, эмпатияға қабілеттілік (жанашырлық сезіміне), пікір таластыратын даудан қайтпау, оларды шеше білу, икемнің болуы, т.б. Оқу-тәрбиеде күштеу қолданылмайды. Ол балалардың шығармашылығын қолдай отырып, ойнауға, өзара қарым-қатынасқа көбірек көңіл бөледі.
Американдық және германдық мектепке дейінгі балалар мекемелерін ортақтастырған тенденциялар байқалады: оқу курсын интеграциялық сипатта құру, яғни жеке пәндер бойынша жіктеп оқытудан бас тарту; оқу үдерісін қатаң жоспарлаудан бас тарту; оқу топтарында бала санын неғұрлым аз етіп құру және олардың жоба бойынша бірлесіп жұмыс істеуіне, шығармашылық түрдегі зерттеу әдістерін қолдануға ыңғайлы болуы көзделеді. Жекелей оқу, еркін ойнау бәрі де бала тарапынан қалауы бойынша әрі өз бетінше жүзеге асады, педагог тек сұрақ қою, түсіндіру, жаңа әрекеттерді көрсету, ұсыну баланың мінез-құлқын бақылаумен шектеледі, мұнда бала әрекетінің неғұрлым белсенді сипат алуына жету мақсат етіледі. Бұлайша оқуды ұйымдастыру "бала дамуы деңгейіне сәйкес тәжірибе арқылы оқыту" деп аталады, ол заттық-кеңістіктік және әлеуметтік орта жағдайында ойластырылып жүзеге асырылады, олар күнделікті жүргізілетін тесттілік зерттеулерге негізделеді.
Дейтұрғанмен, бала тәрбиесін бұлайша ұйымдастыруда сындарлы мәселе де жоқ емес. Мысалы: біріншіден, баланың өз қалауымен ғана жүзеге асырылатын "тәжірибе" сабақтары өзінің дамытушылық мүмкіндігі жағынан баланың дамуын қамтамасыз ететін деңгейде болады деуге сену қиын; екіншіден, тәрбиешінің рөлі тым тарылғанын, шектелгенін айтпауға болмайды; үшіншіден, баланың даму деңгейінің қажетті мүмкіндіктерін анықтауда бір тестілік ақпарлардан қорытынды шығару жеткіліксіз, мұнда тәрбиешінің бақылаулары мен ата-ана мүдделерін де ескеру керек болады.
Францияда мектепке дейінгі тәрбие ұйымдары мектептің бір бөлшегі ретінде Ұлттық білім беру министрлігіне қарайды. Олар, негізінен "мектеп-ана" типінде өмір сүреді. Сондай-ақ, жекеленген сыныптар түрінде, мек-тепалды дайындық ретінде мектеп жанында жұмыс істейді. Егер қайсы бір ата-ана баласын мектепке дейінгі тәрбие ұйымына бергісі келмесе, онда себептері негізделген өтініш жазып, балаларын мемлекеттік ұйымдар тарапынан ұйымдастырылатын тиісті тесттіден жыл сайын өткізіп отырады. Францияда бала 6 жасында оқуды, жазуды, санауды білетін, қажетті әлеуметтік дағдыларды меңгерген болуы міндетті деп есептеледі.
Францияда мектепке дейінгі ұйым мақсаты бөлекше жүйеленеді: баланы зерігуден сақтау, белсенді әрекет, қуаныш сезімін сіңіру. Ал міндеттерінде дене тәрбиесі, адамгершілік және ақыл-ой тәрбиесі алдыңғы орында, одан кейін өз қатарларымен қарым-қатынас дағдылары, одан соң барып жазу, есептеу, оқу дағдыларын меңгеру жүзеге асырылады.
Тәрбиешілерге оқу-құралдарын өз еркінше таңдауға, әдіс-тәсілдердің қалауынша қолдануға ерік берген. Сондықтан тәрбиеші бар оқу құралдарын пайдаланбай, басқа ізденістер жасауға құқылы. Олар қалай оқытқысы келсе де өз қалауымен жасайды, балалармен табиғи тең құрметтеу қатынасы орнатылады. Оқу пәндері негізгі (француз тілі, математика -15 сағат) және дамытушы (адамгершілік, бақылауға үйрету сабақтары, қол еңбегі, музыка, тарих, география - 6 сағат, дене тәрбиесі -6 сағат) болып жіктеледі. Барлығы бір аптада - 27 сағат жүргізіледі. Балабақшадағы білім беру Жан Пиаже іліміне негізделеді: оқу деген - баланың ортамен ықпалдастығының үдерісі, оның заттық әрекеттері, бұлардың барысында мінез тұрақтылығы қалыптасады. Әдістемеде М.Монтессори идеялары қолданылады: сөз алдында сурет жүреді, оқудан бұрын жазуға үйрету көзделеді.
Қытайда мектепке дейінгі ұйым жүйесінде білім мазмұны ең алдымен гигиеналық дағдыларды сіңіру, дене қимыл-әрекетін белсендендіру, тіл дамыту, табиғат және қоғамдық түсіністік, математика, музыка, өнер, адамгершілік тәрбие сияқты құрылымнан тұрады.
Адамгершілікке отанға сүйіспеншілік, халыққа, отбасына, тәрбиешіге және құрбыларға, ұжымдық еңбекке, қоғамдық пікірді сыйлауға, альтуризмге, бөлісуге ұмтылыс, салмақтылық, сынға төтеп беру, адалдық, үлкенге құрмет, әлеуметтік мінез-құлық, қонақжайлылық, сенім мен оптимистік сезімдерді тәрбиелеу кіреді.
Қытайдың мектепке дейінгі тәрбие жүйесінің шектен тыс қаталдығы, бір қалыптан шықпайтын кенжелеп қалғандығы сынға ұшырап келеді. Тәрбиешілер баланың тәртібіне және мінез-құлқына аса шектеу қойып, бақылау жасайды, ойындарды да аса тар шеңберде жүргізеді. Балалар сабаққа өте енжар қатысады, тәртіпке, ересек адамдардың айтқанына толық мойын ұсынады. Бірақ, Қытайдағы мұны ерекше қамқорлық ретінде бағалап, ата-аналар да балалар осындай ортада тәрбиеленеді деп есептейді.
Музыкалық қабілеті бар балалар жоғары бағаланады. Еңбекқорлық, бір беткейлік дәстүрлі құндылықтар деп саналады.
Жапонияда мектепке дейінгі ұйымдар мемлекет қарауындағы Денсаулық сақтау министрлігінің қамқорлығында. Балалар мекемелері жеке дербес бағдарламалармен жұмыс істеуге құқылы, алайда олар Білім министрлігінің жалпы әдістемелік мұраттарымен сәйкестендіріледі. Оларда да балалар 3-5 жас аралығында қамтылады. Негізгі типтері: ясли (туғаннан 3 жасқа дейін) ясли-бақша (туғаннан 6 жасқа дейін), балабақша (5-6 мек-тепалды дайындық), дамуы тежелген балалар үшін (0-6 жас).
Жапон елінде мектепке дейінгі балалар ұйымдары баланы мектепке дайындауды мақсат етеді. Олар Еуропа, АҚШ-тағыдай бұл кезеңді дербес даму үрдісі деген көзқарас орын алмаған. Осы орайда оқу, негізінен, 5-6 жас аралығында ғана әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, дене тәрбиесі, қоғамтану пәндері бойынша жүргізіледі[22;-96б].
Австралияда мектепке дейінгі тәрбие ұйымдары елдегі толық қамтуды көздемейді. Балалар бақшасы (мемлекеттік), отбасылар бақшасы және күтуші сияқты түрлері өмір сүреді. Балабақшада ата-аналар баланың онда болған уақытын әрбір сағат бойынша төлейді (күніне 3-8 сағатқа дейін), егер баланы алуға кешіккен болса, күтуші оны үйіне алып кетеді, ата-ана әрбір сағат үшін тағы да айып төлейді. Мектепке дейінгі ұйымдары, негізінен, жеке меншікте. Балалар мектепке 5 жасынан баратындықтан, мектепалды дайындықты жүзеге асыру көзделмейді. Жалпы елде мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарында барлық баланың 1/5 бөлігі ғана қамтылады. Төлем бағасы жоғары болғандықтан ата-аналар есепшотына мемлекет белгілі бір мөлшерде дотация ретінде ақша аударып отыру тәжірибесі қолданылады. Австралиядағы мектепке дейінгі білім бағдарламаларының ерекшелігі - баланы қандай да болмасын білімге іскерлік дағдыларға үйрету үшін оны баланың өз даму деңгейіне сәйкес тапсырмалар арқылы, баланың өз күші мен білімге жетуіне бағыттауды көздеуінде.
Қорыта айтқанда, әлем елдерінде мектепке дейінгі білім беру ісінде балаларды жалпы адамзаттық құндылықтар рухында тәрбиелеуді ұйымдастыру да едәуір бай тәжірибелер жинақталған. Сәбидің өмір дағдыларын қалыптастыра отырып, шығармашылық қуат мүмкіндіктерін ізгілік тұрғыдан ашуға, дамытуға алдағы уақыттарда өзін-өзі танытуына негіз қалыптастыруға басымдық беріледі.
Әлемдік тәжірибедегі білім беруді ұйымдастыру әр алуан болуымен бірге ортақ тенденциялар байқалады. Олардың негізгілері мектепке дейінгі ұйыммен қамтылуға тиіс балалардың жас мөлшері; мектепке дейінгі ұйымдардың типтері; білім беру тұжырымдамалары мен бағдарламаларындағы және білім мазмұнындағы мақсат-міндеттер, олардың құрылымдық ерекшеліктері; балаға білім беру, тәрбие берудің (сабақтық) формалары; жабдықтары, тәрбиелеу әдістері; мамандар мен ата-аналардың рөлі. Сонымен қатар, қазіргі шетелдік мектепке дейінгі педагогикадағы тенденция деңгейінде жаңа көкейкесті мәселелерге назар аударылуда, оларды шешуде түрлі бағыттағы мектепке дейінгі ұйымдар ұйым-дастырылуда. Солардың бірі - Орталық Еуропа елдерінде пайда болған экологиялық балабақшалар. Қоршаған ортаны қорғау қажеттігі, салауатты өмірге ұмтылушылық, табиғатқа сүйіспеншілікті арттыру сияқты себеп-терден олардың саны көбеюде. Экологиялық балабақшаларда гүл өсіру, жеміс, бақша өсіру қолға алынған. Балалар олардың өсуін өз қамқорлықтарына алып, өсу үдерісіне бақылау жүргізеді. Бөлме өсімдіктерін күтіп зерттейді, табиғи тәсілдермен өсімдік зиянкестерімен күреседі. Олардағы ойыншықтардың едәуір құрамын табиғи заттар құрайды: ағаш ойыншықтар, емен жаңғақтары, ұлу қауашақтары, түрлі әсем тастар, құм, қой жүні, т.б. Жиһаздардың да жасалуы қадағаланады. Пайдаланылатын желімді, бояуларды балалар өздері дайындайды. Мұнда тиісті шараларға, мерекелерге арнап нан пісіру, тамақ дайындау ата-аналар және балалардың қатысуымен іске асырылады. Балабақшаның алаңында түрлі табиғи жабдықтар жасалады.
Балабақшада экологиялық көзқарасты қалыптастыру бағдарлама негізіне алынады. Экологиялық сабақтарға, әңгімелерге, ойындарға, іс-әрекеттерге жеткілікті орын беріледі. Экологиялық бағытта орман балабақшалары да құрылады (Дания). Мұнда табиғатты қорғау, табиғатқа сүйіспеншілік сезімдері оқу-тәрбиесі орман жағдайында ұйымдастыру арқылы жүзеге асады, әр баланың денсаулығын нығайту көзделеді. Әр топта 15 баладан орман ішінде жылжымалы вагондарда жұмыс істейтін орман балабақшаларында балалар күні бойы демалады, ойнайды, орман өсімдіктерін, жан-жануарларды бақылайды, дене шынықтырады, ормандағы табиғи материалдардан ойыншықтар жасайды, орман бұтақтарын тамашалай-ды, ұйымдасып әңгіме тыңдайды (орманшыларды, тәрбиешілерді, ата-аналарды), кітап оқиды. Әр баланың арқа қоржынында өзінің сүйікті ойыншығы және тамағы болады. Күн сайын жаңа алаңда тамақтанады. Тамақ қалдықтарын жинап, үйлеріне алып кетеді. Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея, т.б. елдердегі мектепке дейінгі білім мекемелерінде экологиялық тәрбие бағдарламаларда жетекші мән алған. Олар тек табиғатқа сүйіспеншілік сезімін баулумен шектелмейді, ең алдымен күнделікті тұрмыста дұрыс мінез танытуға үйретеді, атап айтқанда жер, су, ауа, энергия, өсімдік және жануарлар сияқты табиғи қорларды дұрыс сақтауға балаларды бағыттап отырады[45]. Мектепке дейінгі балалар мекемелерінде экологиялық тәрбиеге жаңа тұрғыдан келу мынандай мазмұн құрайды:
- тұрмыстық қалдықтар, қашан және қайда пайда
болады, қалдықтарды түрлеріне қарай жеке-жеке айы-
ру, әр түріне қарай жеке жерлерге жинау;
- қалдықтарды өңдеу ісі және қалдықтар көп қалатын жерлерді қадағалау;
қалдықтарды мейлінше болдырмау жолдары, үй тұрмысында өз әрекетінде қалдықсыз өмір сүруге, үнемшілдікке, қырағылыққа үйрену;
қалдықтарды ойындарда, тұрмыста екінші қайтара пайдалана білу;
денсаулыққа зиянды заттарды, тағамдарды танып, айыра білу, оларға сақтықпен қарау;
қалдықтардан компост (биологиялық тыңайтқыш) жасаудың пайдасы;
экологиялық теориялық түсініктер алумен бірге экологиялық шараларға, жұмыстарға мүмкіндігінше қатысып, тәжірибе алу.
Сонымен мектепке дейінгі білім беруге тән жалпы әлемдік үрдістерді жинақтап айтқанда, ол мынаған саяды: тәрбиешілер баланың қоршаған ортамен қуанышты және алаңсыз айналысуын, мейілінше дербестігін, білуге құмарлығын, түрлі тәсілдермен өзін таныта алуын ынталандыратын жағдай, орта жасайды[46]. Оқыту мен тәрбиелеу күштеусіз бедел мен ынта-ықыласқа не-гізделіп, жоғары деңгейдегі кәсіптік сапада атқарылады. Ол отбасы және мектепке дейінгі ұйымдардың махаббаты, жүрек жылуы, сүйіспеншілігі, баланың жеке басына құрметі, ойын, қамқорлық, мейірімділік қарым-қатынасқа негізделеді. Сол елдегі заңнамалар олардың ұйымдастырылу тәртібіне, тәсілдеріне сапаларына ықпал етеді. Мектеп жасына дейінгі бала-ларды тәрбиелеу, денсаулығы мен күтімін жақсарту, ана мен балаға қамқорлықты күшейту - Қазақстан Республикасының Қаулы-қарарларынан қаға беріс қалған емес. Оған дәлел, 1918-1920 жылдары Алматы (Верный), Қызылорда, Орал, Торғай қалаларында 115 балабақша, ал 1932 жылы 441 бақша ашылып, оның 35-і қазақ тілінде жұмыс істесе, 1939-1940 жылдары Қазақстандағы балабақшалар саны (маусымдық балалар алаңдарын қоса есептегенде) 550-ге жетті, оның ішінде 60-тан астамы тәрбие жұмысын қазақ тілінде жүргізді. Әлі іргесі нығайып, буыны бекімеген еді. Балабақшаларда отбасында сәбилерді тәрбиелеу олардың денсаулығын, күтімін жақсарту, сәбилі аналарға жәрдем көрсету мақсатында сол кездегі "Әйел теңдігі" (1926 ж. Редакторы С.Есова) журналы "Ана мен бала тәрбиесі" деген бөлім ұйымдастырды. Бұл бөлімді педагог-жазушы, журналист Нәзипа Құлжанова басқарды. Журнал бетінде қазақ ауылындағы отбасында бала күтімін, денсаулығын жақсарту жайында мақалалар жарияланды. Сонымен қатар Н.Құлжанованың "Мектептен бұрынғы тәрбие" (Орынбор, 1928 ж.) "Ана мен бала тәрбиесі" (Қызылорда, 1927 ж.) атты екі еңбегі жарияланды. Осының өзі сол кездегі ауыл-селодағы шалғайдағы қызыл отауларда ашылған маусымдық және тұрақты жұмыс істейтін балалар мекемелері мен отбасы тәрбиесін дұрыс ұйымдастыру, балалардың денсаулығы мен күтімін жақсарту жұмысына басшылық жасады[50].
Балалар мекемелерінің жыл санап қанат жая бастауы, бұл мекемелерде жұмыс істейтін педагогтар мен тәрбиешілерді оқу құралдарымен қамтамасыз ету, ғылыми білім негіздерімен қаруландыру сияқты маңызды про-блемаларды шешу қажеттігін туғызды. Аталған іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында Халық ағарту Комиссариатының жанынан 1932 жылы республикалық әдістемелік кабинет құрылды. Осындай игілікті істер Қазақстанда педагогика ғылымының негізін қалауға, тәрбиешілер қауымына ғылыми-педагогикалық, әдістемелік басшы құралдар әзірлеуге мүмкіндік жасады. Алғаш рет 1924-30 жылдары Орынбор қаласында ғылыми-педагогикалық мақалалар жинақтары басылып шықты. 1929-1936 жылдар аралығында балабақшалар Жарғысы және мектепке дейінгі балалар үйлері мен балабақша тәрбиешілеріне арналған практикумның жұмысы туралы нұсқау хат, т.б. материалдар қазақ тіліне аударылып, шалғайдағы ауылдарда жаңа ұйымдаса бастаған маусымдық бөбекжай (ясли), балабақша тәрбиешілері үшін басты құрал ретінде таратылды.
Осындай игі істер сөз болғанда, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мұғалімі Әміржан Сыздықовтың Б.Мұхамеджановпен бірлесіп жасаған "Жас шебер" деген еңбегі де назар аударарлық. Бұл кітапша мектеп жасына дейінгі сәбилер мен бастауыш мектептің бірінші сынып оқушыларын қол еңбегіне үйрету, тілін дамыту жұмыстарына арналған. Кітапшада заттың сапасы, ненің неден жасалатыны, қайда болатыны, адамдар ол затты қайдан алатыны туралы мәселелерге көңіл бөлініп, тіл дамыту, қол еңбегіне үйрету, айналадағы өмірді бақылату жұмыстары кешенді түрде қарастырылған[51].
Алғаш жарық көрген әдістемелік оқу-құралдар, ғылыми мақалалар жинақтары балабақшадағы тәрбие жұмыстарын дұрыс ұйымдастыруда тәрбиешілерге бағыт беріп, жәрдем көрсетіп отырды.
Ежелден тәлім-тәрбие құралы - балаларға арналған ауыз әдебиеті мұралары, қазақ жазушыларының өлең-әндері, әңгімелері көркем суретті кітапшалар көптеп жарияланды. Дәлірек айтсақ, 1929-36 жылдар аралы-ғында жарық көрген "Алтын сандық" (1935 ж.), "Шәркей", "Жұмбақтар" (1930) "Өтірікке бәйге" (Б. Майлин), "Қазақ әдебиеті", "Билер дәуірінің әдебиеті" (С. Сейфуллин), "Өлеңдер, Әңгімелер жинағы" (С. Бегалин,1932) шығармалары ауыз әдебиеті мұраларын кеңінен қамтиды. Сондай-ақ, орыс халқының классик жазушылары - С. Маршактың "Бұл не деген жаңғалақ", К. Чуковскийдің "Кірқоймас", А.Бартоның "Жылауық" тәріздес бала психологиясына сәйкес келетін, ойлануға мәжбүр етерлік әңгіме-өлеңдері қазақ тіліне аударылып, сол кездегі бала тәрбиесін жүзеге асыру ісіне үлес қосты.
1947 жылы "Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбие жұмысының 4-бесжылдықтағы мақсаттары мен міндеттері" деген тақырыпта ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференцияда үш бесжылдыққа қоры-тынды жасалды. "Қазақстан жазушылары балаларға", "Қазақстанның табиғи байлықтары", "Жас бөбекті қазақтың ою-кесте өнерлеріне үйрету", "Қазақ фольклорының тәрбие жұмысындағы маңызы", т.б. тақырыптарда баяндамалар жасалған.
Республика экономикалық және ғылым жағынан нығайып, өркендеген сайын баланы отбасында, мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиелеу, оларды болашақ оқу-ісіне дайындау міндеті айқындала түсті. Балабақшалардың жедел дамуы, ондағы тәрбиеші педагогтарды ғылыми-әдістемелік, әдеби-оқу құралдарымен қамтамасыз етуді қажет ете бастады. Яғни, 1956 жылы республикада 888 балабақшада тәрбиеленуші бала саны 48 мыңға жетті.
Бесжылдықтар ішінде жүзеге асырылған ғылыми теориялық мәдени жұмыстар нәтижесінде және де бұрынғы КСРО-ның Педагогика ғылымдары Академиясының мектепке дейінгі педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтының көрнекті психолог-педагог ғалымдары (Л.С.Выготский, Д.Б. Эльконин, А.П.Усова, Е.И.Тихеева, О.И.Соловьева, т.б.) жүргізген ғылыми зерттеулер негізінде Қазақстанда мектепке дейінгі педагогика жеке ғылым ретінде дами бастады[52-53].
Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі педагогиканың дамуы Ы.Алтынсарин атындағы педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтындағы мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің жұмысымен тікелей байланысты. Бұл бөлім 1958жылы ашылды. Бөлімнің алғашқы меңгерушісі Аэлита Александровна Анциферова (1958-1964), мұнда үш ғылыми қызметкер Бөшен Баймұратова, Вера Никифоровна Андросова, Лидия Алексеевна Давиденколар қызмет атқарады. 1966-1976 жылдары мектеп жасына дейінгі педагогика секторы құрылып, оны Б.Баймұратова басқарды, 1976-1980 жылдары осы институтта бастауыш білім беру және мектепке дейінгі әдістемелік бөлімінде аға ғылыми қызметкер міндетін атқарды. 1980 жылдан бастап сол бөлімнің меңгерушісі болды. 1958-1964 жыл аралығында мектепке дейінгі балаларды адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу, ана тілінде сөйлеуге үйрету, сөз қорларын дамыту, бала-бақшадағы нәрестелерді бөбекжайдағы сабақ үдерістерінде тәрбиелеу мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді[54].
Зерттеу нәтижесінде "Балалар бақшасында тәрбиелеу" бағдарламасының тіл дамыту, әдеби шығармалар оқу - деген бөлімдері түпнұсқа материалдар негізінде жасалып, қазақ балабақшалары үшін алғашқы бағдарлама 1964 жылы іске қосылды.
Тіл дамытудан оқу әдістемелік еңбектер (Б. Баймұратова) жазылып, оның еңбекке тәрбиелеудегі рөлі туралы А.А.Анциферова кандидаттық диссертация қорғады. Нәрестелерді сабақ үдерісінде тәрбиелеу мәселелері туралы әдістемелік құрал дайындалды. (Л.В. Давиденко).
1965-70 жылдары "Ақыл-ой тәрбиесінің психологиялық-педагогикалық мәселелері" деген тақырып бойынша төмендегідей зерттеулер жүргізілді: "Мектеп жасына дейінгі ересек балалардың поэзиялық шығармаларға қызығушылығын арттыру" (В.Н.Андросова), "Сәбилердің сөз қорымен сөйлеу тілінің даму ерекшеліктері" жайында (Б.Б.Баймұратова), "Нәрестелердің қимыл-қозғалыс жасауының психологиялық ерекшелігі" (Л.А.Давиденко) [54].
Бұл тақырыптарды зерттеуде көзделген негізгі мақсат: балабақшалардағы тәрбиелеу, білім беру жұмысының жалпы жағдайын; балалардың білім-білік деңгейін анықтау, озат тәрбиешілердің тәжірибесімен танысу, тиімді әдіс-тәсілдерді іздестіру, балабақша бағдарламасы мазмұнын жетілдіру, зерттеу нәтижесіне сүйенілген ғылыми-әдістемелік құралдар дайындау. Аталған тақырыптар қорытындысы бойынша үш монографиялық еңбек, төрт оқу-әдістемелік құралдары жазылды.
2 жастан 4 жасқа дейінгі топтар үшін күн тәртібі, тәрбие жұмысының күнтізбелік жоспарлары жасалып бағдарламасы жетілдірілді. Аталған еңбек "Мектеп" баспасы арқылы (1967-1970) жарияланды.
Зерттеу негізінде А.В.Андросова "Развитие интереса к поэзии у детей старшего дошкольного возраста" (1969ж.), Б.Баймұратова "Сәбилердің сөздік қоры мен сөз игеру ерекшелігі" деген тақырыптарда (1971ж.) диссертация қорғады. Л.А.Давиденко "Нәрестелердің ойыншықтармен қимыл-қозғалыс жасауының психологиялық ерекшелігі" деген тақырыпта монографиялық еңбек жазды.
Зерттеу жұмыстары бойынша әсіресе қазақ тілінде жарияланған бағдарламалар, ғылыми-әдістемелік құралдар жаңа ашылған қазақ балабақшаларында тәрбие жұмысының сапасын жақсартуда, тәрбиешілердің білімін жетілдіруде, айрықша маңызды болғанын атап айту керек. Осы жылдары бөлім қызметкерлері зерттеу жүргізген екінші мәселе - Қазақстандағы ауылдық балабақшалар туралы. Зерттеудің мақсаты: ауылдық балабақшалардағы тәрбие жұмысын ұйымдастыру, басқару ерекшелігін, күн тәртібінің орындалуы, ойлау, сөйлеу, іс-әрекет үдерістерінің дамуын анықтау, ауыл балабақшаларына басшылық жасау бағытында оқу-әдістемелік құрал дайындау.
Зерттеу қорытындысы бойынша "Қазақстанның ауылдық балабақшалары" деген еңбек жазылды. Бұл еңбек екі тілде - орыс, қазақ тілдерінде кітапша болып жарық көрді. (1967 ж.). Қазақ тіліндегі нұсқасын Б.Баймұратова жазды. Зерттеу жұмыстарының алғашқы қорытындылары бойынша 1969 жылы мамыр айында қазақ балабақшалары қызметкерлерінің республикалық семинар-кеңесі өткізілді. Ол кеңесте "Республикадағы балалар бақшаларының жағдайы және оны жақсарту шаралары жөнінде" мәселелер қаралды. "Ана тілін үйретудің негізгі формалары мен әдіс-тәсілдері" туралы институттың мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің меңгерушісі Б.Баймұратова баяндама жасады. Алдыңғы қатарлы балалар мекемелерінің меңгерушісі, тәрбиешілері Н.Бақтықұлова (Орал облысы, Казталовка селосы), О.Ешпанова (Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы), Ж.Сәпиева (Гурьев) облысы, Махамбет ауданы), т.б. баяндамалар жасап, озат тәжірибелер жайында пікір алысты. Жаңа бағдарлама іске қосылған 1964 жылдан бергі уақыт ішінде (1964, 1971, 1972, 1974, 1976, 1979, 1980, 1981, 1982) республикалық, облыстық семинарлар, айлық курстар өткізіліп, бақшадағы оқу-тәрбие жұмыстарын замана талабына сәйкес қайта құру, тәрбиелеу, білім берудің сыналған әдіс-тәсілдері туралы сөз болды. Осындай жұмыстар өз нәтижесін көрсетті. Республика көлемінде жұмыс істейтін көптеген бақшалардағы тәрбие мазмұны біршама алға басып, тәрбиеші-педагогтардың білім-дәрежесі жетіле түсті. Алдыңғы қатарлы тәрбиешілер тәрбие жұмысын шығармашылықпен ұйымдастыру деңгейіне көтерілді.
1971-1975 жылдары мектепке дейінгі тәрбие бөлімінде үш ғылыми қызметкер - Б.Баймұратова, Г.С.Галеева және Р.М.Жұмағожина жұмыс істеді[55].
Институттың ғылыми-зерттеу жұмыстары жоспарында бекітілген мәселеге сәйкес мына тақырыптар зерттелді.
1. Әдеби шығармалар оқу үдерісінде балалардың
ауызша сөйлеу тілін дамыту (Б.Б. Баймұратова).
Ауыз әдебиеті - адамгершілікке тәрбиелеу құралы; Қазақстанда балабақшалардың дамуы (1941-1945) (Р. Жұмағожина).
Ересек балаларды азаматтыққа тәрбиелеу (С. Галеева) [55].
Зерттеуде көзделген басты мәселе: балабақшалардағы тәрбие мазмұнын жетілдіру, оның даму кезеңдеріндегі тәрбие жұмысының қойылысын, балалардың білім, мінез-құлық дағдыларының қалыптасу деңгейін байқау.
Бұл бағыттағы жұмыс қорытындысында бөлім қызметкері Р.М.Жұмағожина "Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбиенің дамуы" (1941-1945) жайында ғылыми-монографиялық еңбек жазды. Төрт оқу-әдістемелік құрал, қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы, мектеп жасына дейінгі балаларды байланыстырып сөйлеуге үйрету, әдеби шығармалар және тіл дамыту бағдарламасы жасалды.
1976 жылы мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш бөлімдері біріктірілуіне байланысты бөлім ішінде мектепке дейінгі тәрбие жөнінде ғылыми қызметкерлер тобы құрылды. Онда Б.Баймұратова, Г.Дүкенбаева[56], М.Сәтімбекова қызмет істеді. Топтың қызметкерлері 1975-1980 жыл ішінде 6 жастағы балаларды балабақшадағы даярлық топтарда және мектептің даярлық сыныптарында мектепке даярлау мәселесін зерттеді. Зерттеу жұмысы қалалық және облыстық (Алматы, Жамбыл, Талдықорған облыстары) балабақшаларда жүргізілді. Осы зерттеу нәтижесінде 6 жастағы даярлық топтар мен сыныптар үшін бағдарламалар, оқу-әдістемелік кешені (суретті әліппе, математика, сауат ашу, тіл дамыту әдістемесі, хрестоматиялар, баланы мектепке дайындау мәселелері, күн тәртібі, үйдегі еңбек, тіл дамыту, т.б.) жасалып, тәжірибеге енгізілді[56].
Мектепке дейінгі тәрбие саласында мамандар дайындау бағытында А.К.Меңжанованың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Ол "Балаларды көркем шығарма туындылары арқылы адамгершілікке және еңбекке тәрбиелеу" (-Алматы: Рауан, 1991), "Мектепке дейінгі педагогика" (- Алматы: Рауан, 1992) атты монографиялардың және балаларға арналған көптеген еңбектердің авторы. Бұл еңбектер - мектепке дейінгі кезеңдегі білім беруге қосылған құнды қазыналар.
Сондай-ақ, маман дайындау барысында М.Т.Тұрыскелдина[36], Қ.М. Меңдаяқова[28], Ж.Ы.Ыдырысова, Т.А.Левченко[39], Х.Т.Шерязданова[8], А.Қ.Аймағамбетовалардың еңбегі зор. Қ.Аймағамбетова 1961-1980 жылдарда Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында алдымен ғылыми қызметкер, ал соңғы 1970-1980 жылдар аралығында он жыл бойы "Мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш сынып" бөлімінің меңгерушісі ретінде зерттеу жұмыстарына басшылық жасады[58]. Ол 1980-1984 жылдары Қазақтың Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының "Мектепке дейінгі педагогика" кафедрасында доцент, 1984-2001 жылдар аралығында "Мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім" факультетінің деканы қызметін атқарды. Республика көлемінде мектепке дейінгі тәрбие мамандарын дайындауға зор үлес қосты.
1980-1989 жылдары аралығында жедел шешімін табуды қажет ететін негізгі мәселелердің бірі 6 жасқа қараған балаларды мектепке даярлау еді. Оған себеп қазақ тіліндегі балабақшалардың аздығынан балалардың көпшілігі балабақшаға қамтылмай, отбасы тәрбиесінен келетін. Ал, мұндай жағдай 6 жастағы баланы бірінші сыныпта оқыту үдерісін дұрыс ұйымдастыруға қиындықтар келтіретінін көрсетті. Сол себепті бөлім қызмет-керлері 6 жастағы балаларды мектепке дайындау мәселесімен шұғылданды.
Зерттеу қорытындысында балабақшадағы даярлық топтар үшін бағдарламалар, оқу-әдістемелік кешені, суретті әліппе, оқитын суретті мәтіндер, суретті математика, нұсқаулар, әдеби-хрестоматия, сюжетті сурет-тер, сауат ашу нұсқауы, дидактикалық материалдар, диафильмдер жасалып, балабақша және мектеп тәжірибесіне енгізілді.
1981-1985 жылдары бөлім қызметкерлері "Мектепте және балабақшада баланы 6 жастан оқытудың педагогикалық мәселелері" деген тақырып бойынша 6 балабақша мен 11 мектепте зерттеу жүргізді. Зерттеу қорытын-дысы бойынша жаңа бағдарламалар, оқу-әдістемелік құралдар кешені жасалып, "6 жастағы балаларды оқыту мәселелері" тақырыбында ғылыми-әдістемелік еңбектер жинағы дайындалып, "Мектеп" баспасы арқылы та-ратылды.
Ы. Алтынсарин атындағы педагогика ғылымдарының ғылыми-зерттеу институтында (директоры профессор Н.Н. Нұрахметов) 1992 жылдың қаңтар айында мектепке дейінгі тәрбие мәселесімен шұғылданатын зертханада сегіз ғылыми қызметкер еңбек етті. 1986-1990 жылдарда мектепке дейінгі ғылыми-қызметкерлер "Қазақ балабақшаларында оқыту және тәрбиелеу" мазмұнын жетілдіру" жөнінде зерттеу жүргізді. Жеке тақырыптар:
Балабақшада 6-7 жастағы балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамыту (Б. Баймұратова).
Баланы ойын арқылы адамгершілікке тәрбиелеу және сауат ашу проблемалары (Г.Х.Дүкенбаева).
Математика сабақтарында балалардың логикалық ойлау қабілетін дамыту (М.С.Сәтімбекова).
Бейнелеу өнері негізінде баланың көркемдік талғамын қалыптастыру (Ф.Н.Жұмабекова).
Көркем әдебиет арқылы баланы адамгершілікке тәрбиелеу (Ө.С.Әмірова).
Мектепке дейінгі кезеңдегі дене тәрбиесі негіздері (С.Ғ. Бәтібаева).
Мектепке дейінгі жастағы отбасы тәрбиесі (Г.Л. Өтебаева).
Шағын құрамды балабақшалардағы оқыту мен тәрбие әдістемесі (Г.Х.Дүкенбаева, С.С. Әуелбаева).
Балалар үйіндегі оқу-тәрбие мәселелері (Ж.Жайлаубекқызы).
Институттың 1990-1995 жылдарда жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарына сәйкес:
"Қазақ балабақшасында балаларды тәрбиелеу, білім беру мазмұнын жаңарту".
"Шағын құрамды қазақ балабақшаларында тәрбиелеу, білім беру жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктері".
3. "Мектеп жасына дейінгі балаларды отбасында
тәрбиелеу мәселелері", т.б. тақырыптарды зерттеу ұйғарылды.
Зерттеу нәтижесінде бағдарламалар жетілдірілді, ғылыми-әдістемелік еңбектер жазылды. "Біздің кітап" (2-кітап) оқу құралы қайта жаңартылды.
М.С. Сәтімбекова "Қызықты тапсырмалар жүйесі арқылы алты жастағы балалардың математикалық білімін жетілдіру" деген тақырыпта кандидаттық диссертация (1991 ж.) қорғады. 1992 ж. А.К.Меңжанованың жоғары мектеп студенттеріне арналған "Мектепке дейінгі педагогика" оқу құралы, сондай-ақ,"Көркем әдебиет арқылы балаларды адамгершілікке тәрбиелеу" атты монографиялық еңбегі жарық көрді[32].
Қазақстанның өз алдына шаңырақ көтеріп, тәуелсіз ел атануы саяси-экономикалық, мәдени өмірін жаңарту бағытында түбегейлі жаңартулар енгізуді талап етті. Осыған орай, мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбие-леу, білім беру жұмысын қазақ тілінде іске асыру мәселесін отбасы мен балабақшадан бастау көзделіп отыр. Өйткені ел өміріндегі ұлы өзгерістерді жемісті де сәтті іске асыру - қоғам болашағына жауап беретін жан-жақты жетілген, білімді, парасатты жаңа азамат тәрбиелеп өсіруді көздейді. Бұл мәселе - баланың нәрестелік шағынан, отбасы, балабақша, мектеп болып бірыңғай сабақтастықта біртіндеп үздіксіз жүзеге асырылатын ұзақ үдеріс.
Аталған ғылыми тақырыптар мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбие мазмұнын жаңарту мақсатында жасалған тұжырымдамаға сәйкес іске асырылуда. Институттың ғылыми кеңесі бекіткен тақырыптар бойынша зертхана қызметкерлері ұлттық салт-дәстүрлерге негізделген, төл туынды эксперименттік "Балбөбек" бағдарламасының жобасын дайындап, бөбектерге оқу-әдістемелік құралдар, дидактикалық материалдар кешенін жасап, эксперименттік балабақшаларда байқаудан өткізді.
Жаңадан жасалған бағдарламада көзделген басты мәселе - бақшада тәрбиелеу, білім беруді кіріктіре кешенді жүргізу. Яғни, бұрынғы дәстүр бойынша жеке пәндік жүйеде өткізілетін тәрбиелеу мен білім беру маз-мұнын кіріктіре жүргізу арқылы апталық жүктемені азайту, балалардың денсаулығын нығайту, еңбек әрекетін жасай білуге үйрету, ізгілікке, мейірімділікке тәрбиелеу, еңбекке баулу.
Педагогика ғылымдарының кандидаты Б.Баймұратованың ғылыми жетекшілік жасауымен аспиранттар Ә.С.Әмірова "Мектепке дейінгі ересек балаларды қазақ балалар әдебиеті арқылы адамгершілікке тәрбиелеу" және А.Бақреденова "Орыс тілді қазақ балаларын ана тілінде сөйлеуге үйрету әдістері" атты тақырыптарда диссертациялық жұмыстарын аяқтап, қорғады[35].
Қазақстанда мектепке дейінгі педагогика кенжелеп дамып келе жатқан ғылым саласы. Оның себебі, соңғы жылдарға дейін қазақ балаларын балабақшада, отбасында тәрбиелеу, күнделікті өмірге қажетті қарапайым білім негіздерін меңгерту, олардың ой-өрісін, дүниетанымын ұлттық бағытта жетілдіру, өнерге, еңбекке баулу ісіне жете көңіл бөлінбеуі; қазақ тілінде жұмыс істейтін балабақшалардың аздығы; олар үшін ғылыми-әдістемелік басты құрал жасауға жете назар аударылмауы.
Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында институтта мектепке дейінгі тәрбие мәселесінің мазмұнын қазіргі талап деңгейінде дамытуға басшылық жасау көзделді. Осыған орай, зертханаға кіші ғылыми, аға ғылыми қызметкерлер қабылданып, кейіннен аспирантураға түсіп, кандидаттық диссертацияларын қорғады (Ә.С.Әмірова, С.Ғ.Бәтібаева, Ф.Н.Жұмабекова, Г.К.Өтебаева, т.б). 2000 жылы "Мектепке дейінгі тәрбие институты" құрылып (директоры С.Ғаббасов), онда үш зертхана қызмет жасады. Олар: "Мектепке дейінгі тәрбие", "Мектепалды даярлық", "Отбасы тәрбиесі" зертханалары. "Мектепалды даярлық" зертханасы Семей мемлекеттік институты жанынан филиал ретінде құрылып, мектепалды даярлыққа арналған тұжырымдама және оқу-әдістемелік кешендерін дайындады. Институт ғалымдары қысқа мерзім ішінде мектепке дейінгі тәрбиеге арналған оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету бағытында 15 оқу-әдістемелік еңбек жариялады. 2003 жылы мектепалды білім беру сапасын арттыру мақсатында 82 аталымдағы 19 жаңа әдістемелік кешені "Аруна", "Алматы кітап", "Мектеп" баспаларынан жарық көрді. Олар Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша 33 мектепке дейінгі ұйымдар мен мектеп жанындағы мектепалды сыныптарында байқаудан өткізілді. Сондай-ақ, 20-дан астам ғылыми әдістемелік мақалалар педагогикалық басылымдарда жарияланды. Аталған институт ҚБА Астана қаласына көшірілуіне байланысты таратылды.
Достарыңызбен бөлісу: |