«Балалар әдебиеті» пәнінен студенттерге арналған ДӘріс материалдары



бет15/21
Дата14.02.2023
өлшемі222,12 Kb.
#67971
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   21
Негізгі әдебиет:
1Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті. Алматы, 1974.
2Ахметов Ш. Қазақ совет балалар әдебиеті. Алматы, 1976.
3Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. Алматы, 1965.
4 Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы(құраст.Ш.Ахметов).
-Алматы: «Мектеп»,1980.-354б.

  1. Қазақ балалар әдебиетінің классикалық үлгілері. Алматы: Арда, 2011

6 Шынашақ: Қазіргі балалар поэзиясының антологиясы /Құраст.: М.Әлімбаев, Қ.Баянбаев.–Алматы: Балауса, 1992. – 544 б
Қосымша әдебиет:
1Қазақ совет балалар жазушылары.А., 1987
2 Сөзстан. А., 1983

Дәріс - 11.
Тақырыбы: Қазақ балалар прозасы. М.Гумеров «Құпия дәптер» повесі, С.Баязитов әңгімелері, Н.Сералиев повестері.
Жоспары:
1 Қазақ балалар прозасының даму сипаты.
2 М.Гумеров «Құпия дәптер» повесіндегі кейіпкерлер әлемі.
3 С.Баязитов әңгімелерінің тақырыптық, идеялық ерекшелігі. Кейіпкерлер әлемінің суреттелуі.
4 Н.Сералиев повестері тақырыптық, идеялық ерекшелігі. Кейіпкерлер әлемінің суреттелуі.
Дәріс мақсаты: Қазақ балалар прозасының даму жолдарын айқындау. М.Гумеров «Құпия дәптер» повесі, С.Баязитов әңгімелері, Н.Сералиев повестеріне әдеби талдау жасау.
Дәріс мәтіні:
Машқар Гумеров Базретдинұлы 1927 жылдың 11қарашасында Башқұртстан АССР-і, Аскино ауданы, Кубияз ауылында туған. С.М.Киров атындағы ҚМУ-ді бітірген.1954-1956 жылдары «Қазақстан пионері» газетінде әдеби қызметкер,бөлім меңгерушісі,сондай-ақ «Қазақстан» (1957-1958), «Жазушы» (1958-1975), «Жалын» (1976)баспаларында редактор болып қызмет істеді. «Ұя» атты тұңғыш әңгімесі 1953жылы «Пионер» журналында жарияланды.Бастырған белгілі жазушы Мұқан Иманжанов.Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ана мен бала» (1954), «Үш күн,үш түн» (1958), «Асыл дәрі» (1960), «Қос шынар» (1963), «Орман дәрігері» (1964,ертегі), «Хазірет қараған ауыл» (1970), «Шыңырау» (1977), «Тоғыз тосқауыл» (1977, I том), «Жұмбақ сәуле» (1981), «Алыстан келген қонақ» (1985), «Құпия дәптер» (2 басылым) (1987),повестер мен әңгімелер жинақтары т.б. суретті кітапшалары жарық көрді. Машқар Гумеров көркем әдебиетке сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған.
Машқар Гумеровтың «Шыңырау» атты повесті Рахат атты баланың айналасында болып жатқан оқиғаларға,өзін қоршаған адамдарға олардың сан қилы әрекеттеріне ойлы көзқараспен қарап,жіті бақылап,өз ой-пікірін түйіндегені рет-ретімен,жүйелі түрде баяндалады.Бас кейіпкер ретіндегі Рахат-Сасанның асырап алған баласы.Шығарманың басында –ақ Рахат Сасан мен Ұлғазардың қақтығысына куә болады.Жазушы кейіпкердің ой-санасын бірте-бірте дамытып,түрлі оқиғаларға араластырып,ширықтырып,ширата береді.Дегенмен,алғашқы кезде Рахат көп нәрсенің байыбына бара алмаған аңғал бала кейпінде көрінеді.Повестте Рахаттың ата-анасы турарлы толық мәлімет берілмейді.Тек оның әкесі абақтыға қамалған соң,шешесі Сасанның қасына көшіп келген.Баланың өзі де әке-шешесі жайлы көп ойлап,сағынып, елегізи бермейді.Тек анда-санда Рахат әкесінің кейбір сөздерін есіне алып қоятыны бар. Әкесі айтушы еді:өмір деген-ой-қиялдың жұмыс істеп тұрғанның өзінде,әншейін бір елес,көрген түс сияқты нәрсе,ой қиялың жұмыс істемесе,сен үшін өмір де,оның елесі де жоқ деп,ойлап тұрса,сол рас-ау.Мәселен,ұйықтаған кезінде Рахат құрдымға шын батып кеткендей ғайып болады да,оянған сәтте әлгі құрдымнан жол тауып құтылғандай,тіршілігі қайтадан басталады.Әке сөзін ұмытпай,жадында сақтап естиярлық байқатып, өзі ісіне мән беріп,үңіле түсуі Рахатты ойын баласынан гөрі ой баласына жақындата түседі.Сонымен бірге повесте М.Гумеров Рахаттың өзіне өзі туралы пікірін түйіндеткізеді. «Өз пікірінше,Рахат-осы ауылдағы ең тапқыр баланың бірі.Сабаққа да алғыр.Оған қоса өнерлі-қабырға газетінің суретін салатын да өзі. Рахат-ары да,жаны да таза бала.Көңілі аппақ, ниеті түзу,пәк сезім иесі.Ол-дүниге құмартпайды.Ол үлкендер арасындағы қат-қабат,шым-шытырық қақтығыстардың тез шешілгенін қалайды,әрі Сасанға жаны ашиды.Жазушы шығармада Сасанға,Алмаға,Ұлғазарға, қиқар шалға,тіпті анасына да Рахаттың көзімен қарап,баға бергізіп ой қорытады.
Алма бар сырын ішіне түйіп,іштен тынып жүрген,ал оған ғашық жігіт Ұлғазар Сасанмен «Жұлдызы қарсы» кейіпкер ретінде танылған.Қиқар шал шығарма басында Сасанды қолдап,әділ, адал адам болып көрінгенімен де,оның да ішкі есебі бар екен.Ол-Сасанның байлығы.Рахаттың анасы да мол дүниеге қызығып,оған баласының ие болғанын қалайды екен.Осының барлығына көзі жеткен Рахат мұндай тірліктен бас тартады.Ол өз болашағына асығады,еркіндікті аңсайды.Жазушының ойы шығарма арқылы «Ұрлық түбі-қорлық» ұғымын ашып көрсетіп,доссыз адам өмірінің сәнсіз де мәнсіз екендігін ұғындыру,сонымен бірге дүниеқұмар,екі жүзді жандарды әшкерелеу болса керек.
«Құпия дәптер» повесінде мектеп өмірі,балалар арасындағы қарым-қатынас, мектеп пен оқушы,мұғалім мен оқушы арасындағы байланыс мәселесі көтеріледі.Жазушы балалардың әрбір әрекетіне талдау жасап,ішкі дүниесіне үңіледі.Шығарма кейіпкерлері Саймасай,Түктібай,Төкеш,Зипа т.б әр түрлі оқиғалар кезінде өзіндік ой-сезім,қимыл-әрекет үстінде көзге түседі.
«Бірінші тоқсан» повесінде көтерген мәселе ауыл мен қала балаларының арақатынастары,өзіндік сана-сезім ерекшеліктерін көрсету болса керек.Ауыл мен қала... екі ұғым,екі тіршілік,екі көзқарас,екі бөлек әлем.Ал осы бір өзгешеліктердің балалар өміріне әсері қандай десек,Машқар Гумеровтың «Бірінші тоқсан»повесінен жауап алуға болатын сияқты.Жазушы Машқар Гумеров қай шығармасында болмасын,балалар өміріне дендеп еніп,олардың мінез-құлық,іс-әрекет,ой қиялына жіті үңіліп, үнемі қадағалап,қырағылық танытып отырады.Ол шығарма кейіпкерлерінің мақсат-мүддесін,таным-түсінігін шебер бейнелеп,шынайы шығарма тудыра білген жазушы.
Саид Баязитов 1926 жылы Татар АССР-ның Саба ауданы, Юлбат ауылында туған.1953жылы Гоголь атындағы педагогикалық институтын бітірген.1953-1957 жылдары орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып қызмет істеген.1957-1961жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Қызылордадағы облысаралық бөлімшесінің әдеби консультанты,1961-1963 жылдары Москвадағы жоғары әдебиет курсын тыңдаушысы болған.Алғашқы әңгімелер жинағы 1954жылы «Күтпеген кездесу»деген атпен жарық көрді. Саид Баязитовтың балаларға арнап шығарған «Арал робинзондары» және «Майлы қалаш», «Тюльпандар гүл шашқандар» әңгімелер жинағы жарық көреді. Саид Баязитов те өзінің балалық шағымен шығармашылық жолы жайында былайша толғанады: «жеті жасымда үй ішімізбен Қызылорда облысының Сырдария ауданы «Кооператор» колхозында тұратын нағашы апамның қолына көшіп келдік.Нағашы апам жалғыз болатын,келгеннен мені бауырына басты да сол кісінің ұйғарымымен менің туған жерім де ресми түрде осы ауыл болып кетті»-дейді.Қазақ балалар әдебиетіне өз үлесін қосқан Саид Баязитов 1981жылы дүниеден өтті. Жазушы өз әңгімелерінде балалардың ой-сезімдерін,арман-мұраттарын, достыққа деген көзқарастарын балғын қауымның мінез-құлқына сай бейнелеп жеткізеді.Сондай әңгімелердің бірі «Том Сойердің туысы» деп аталады.Бұл әңгімеде Мақсұт атты баланың ыңғайсыз жағдайды сезінгені баяндалады.Диірменге бидай тартқызуға атасына бара жатқан бала жолдағы жиделік тоғайынан қатты қорқады екен.Сондықтан ол қасына досын ертіп бару үшін«Том Сойердің туысы»деп аталатын кітапты бермек болып келіседі.Шынында атасының үйінде мұндай кітап жоқ болатын.Мақсұт жолда келе жатып алдағы оқиғаны ойлап мазасызданады.Өз ісіне ұялып,күйзеле бастайды.Мақсұт өзі жіберген қателікті жөндемекші де болады.Кітапты әкеп бермекші боп атасының үйіне кірген Мақсұт қайтып шықпай қойып,Сағатты тағы да босқа тостырып қояды.Алайда Сағат бәрін біледі екен.Бірақ Мақсұтқа еш ренжімепті.Мұны түсінген бала қатты қуанып,онымен айырылмас дос болып кетеді.
«Уәде» әңгімесінде де достық тақырыбы қозғалады.Әңгімеде адалдық, шыншылдық,уәдеге беріктік тәрізді қасиеттерді бойларына жинақтаған балалар бейнесі көзге түседі.Ал «Тәтті қауын» әңгімесінде керісінше Қайырбек атты баланың ойсыз әрекеті,аңғал қылығы сөз болады.Ол піскен қауынды айыру үшін бүйіріне үшбұрышты шақпақ салып,кескен жерлерінен ауа кіріп,қаншама қауын бүлініпті.
«Көгілдір үйрек әңгімесі» тағы бір тың мәселені көтереді. Шығармадағы кейіпкерлердің көгілдір үйрек балапанын қорғап қалған әрекеттері-үлгі тұтарлық іс.Табиғатты қорғау әр адамзат баласының борышы екендігі белгілі.Осы талап деңгейінен балалар қауымының табыла қалғандары қуантады. Жазушының «Майлы қылыш» атты әңгімесі бала тәрбиесін назардан тыс қалдырмау қажеттігін дәлелдей түседі. «Отты бала» әңгімесінде балалардың іс-әрекеттері өте қызықты шыққан. «Тапқыш» ойынының шарты бойынша балалардың бір тобы жалауды жасырып, екінші топ оны тауып алуға міндетті болады.Алтай мен Шәден ойын шартын бұзып,жалауды қанша жасырғанымен,ең соңында жеңіліс табады.Күтпеген жерден Иса атты баланың ойлап тапқан айласы арқасында жалау қолға түседі.Бақытты балалық шақты бастан кешіп,алаңсыз жүрген балалардың жарқын келбеті аңғарылады. «Бал дәурен балалық шақтың ажырамас бір бөлігі-ойын.Баланың дамуына іс-әрекеттің рөлі өте зор.
«Айдарлыдағы айлар» повесі жазушының Мұқан Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесіне еліктеуден туған шығармасы.Дегенмен Саид Баязитовтың да айтар өзіндік ойы бар екен.Повесте ауыл өмірі,еңбек адамдары,мектеп, балалар мен мұғалімдер тіршілігі туралы баяндалады.Саид Баязитовтың «Айдарлыдағы айлар» повесінде қиындықтан қорықпайтын,жақсы мен жаманды айыра алатын,өмір тәжірибесінен өткен әрі қарапайым,әрі белсенді адамдар бейнесін жасауға ұмтылған.Шығармада Күләй шешей көрегендігімен,Шолпан қыз байыптылығымен,Балтабай ақкөңілдігімен,Әсия ақжарқындығымен танылады.Повесть қарапайым тілмен баяндалып жазылған.
Нәсіреддин Сералиев 1930жылы 25қазанда Қызылорда облысы,Қармақшы ауданы,Қашқансу ауылында туған.1952жылы Қызылорда пединститутын бітірген,1952-1958жылдары «Ленин жолы» газетінде тілші,1958-1962жылдары «Үгітші блокноты», «Ақ желкен», «Балдырған» журналдарында әдеби қызметкер,1962-1965жылдары Оңтүстік Қазақстан газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі,1964-1984жылдары Қазақстан жазушылар одағының кеңесшісі,жауапты хатшы болды. Шығармалары 1952жылдан жариялана бастады.Әңгімелер жинақтары «Ұшталмаған қарындаш» (1950), «Намыс» (1959) деген атпен шықты. Балаларға арнап «Ақ пен қара лақ» (1961), «Әңгелек» (1964), «Ақбөпе» (1966) атты кітаптар жазды.Бұл туындыларда балалардың думанды қызық өмірі,арман-қиялы,мінез-құлқының қалыптасуы суреттеледі.Ауылдың өмірін, жастардың адамгершілік қасиеттерін,моральдық бейнесін суреттеген повестері- «Ақ қайың» (1967), «Алтын ғұмыр,алғашқы махаббат» (1975), «Дәукен атайдың немерелері» (1978)т.б жарық көрді.
Нәсіреддин Сералиев«Дәукен атайдың немерелері» әңгімесінде Дәукен атаймен оның немерелерінің бастан кешкен оқиғаларын жинақтай келіп, топтама әңгімелер үлгісінде ұсынады.Бұл әңгімені оқып отырғанда ақкөңіл әрі қулықшыл Дәукен атайдың қызықты іс-қылығына,Тұраш, Сапаш,Ақбөпе, Ақбота,Әнеш сияқты балалардың бастарынан кешірген қилы-қилы оқиғаларына,балалар әлемінің кіршіксіздігіне,пәктігіне сүйсінесің.Ең алдымен «Дәукен атай мен көрші балалар» деп аталған бөлімде Тұраш пен Сапаштың адамгершілік қасиеттері бойларына жинақтап азамат болып қалыптасуына оң әсерін тигізіп жүрген атайдың бейнесімен танысамыз. «Намыс» деп ат қойған шағын әңгімеде екі баланы өзара күрестіріп қана қоймай,жігерлерін қамшылап, «намыс» дегеннің қандай болатындығын ұғындыруы өте әсерлі баяндалған.Ал «Ойын» әңгімесінде қарт пен балалар арасындағы келісті жарастық сөз болады. «Дәукен атайдың немерелері»атты топтама әңгімелердің бірінде кішкентай Ақбөпенің сәбилік кіршіксіз сезімін,өзіне тән шағын түсінігін,әр нәрсенің сырын білуге ұмтылған талпынысын бала ұғымына сай тілмен әңгімелейді. «Әнештің бастан кешкендері» деген бөлімде Дәукен атайдың тағы бір немересі Әнуар өз өмірінде із қалдырған оқиғаларды әңгіме етіп құрастырып жазып шыққаны баяндалады.Бұл юморға толы.Әнуар әңгімесін белгілі бір мақсатпен жазады.Од-жазушы болу. «Атаманмен айқас» бөлімінде әңгіме кейіпкері Әнеш тағы бір қырынан көрінеді.Ол досын жақтап,кластағы «атаман» Әзімнің жағасына жармасып,таяқ жеді.Осылайша досының намысын қорғап қалды.Кейіпкер бойынан достыққа деген адалдық, намысқойлық, жігерлілік тәрізді асыл қасиеттер бой көрсетеді. «Қарлығаш немесе мамамның әңгімесі»деген бөлімде кейіпкер өзінің сотқарлық көрсетіп, торғай атпақ болған жерінен анасының көріп қойып ұрсып,сосын өз басынан өткізген оқиғасын айтып бергенін әңгімелейді.Жалпы алғанда, «Дәукен атайдың немерелері» деген әңгімесі арқылы жазушы қазақ балалар әдебиетінде ата-әжелер мен немерелер арасындағы жарасты сыйластықты, қала мен ауыл балаларының қарым-қатынасын орынды көтере білген. Жазушы «Бор» атты әңгімесінде де бала жанын,мінез-құлқын,іс-әрекетін жақсы біліп,түсінетіндігін танытады.Бұл әңгімеде Кәдірдің қолындағы борды көріп,қанша сұраса да ала алмаған Сәдірдің шу шығарғаны баяндалады. Әжесі келіп, немересіне ақылын айтып,ескерту жасайды.Ал «Түйме» әңгімесінде өзінің алғашқы еңбегіне қуанып мәз болған Ермек атты баланың әрекеті сөз болады. «Жаз,соғыс,Шойтық және басқалар» повесіне жазушы Ұлы отан соғысы жылдарында қазақ ауылындағы балалардың үлкендерге қолғабыс тигізіп, колхоз жұмысына араласып,еңбектің алғашқы сатысынан өту жолдарын арқау етеді.Повесте кішкентай Жұмаштың туыстық сезімі,аңғалдығы, көрсеқызарлығы,еңбек етуге деген талпынысы қарапайым тілмен еркін өрілген. «Қаңтар» повесінде Ұлы отан соғысы жылдарында қазақ ауылындағы тұрмыс ауыртпашылығына,тағдыр тауқыметіне қарамай,бір –біріне қол ұшын созып,адамдық қасиеттерін сақтап қалған ауыл адамдарының азаматтық әрекеттері әсерлі әңгімеленеді. Нәсіреддин Сералиев пен Саид Баязитовтың кітабына алғы сөз жазған Әбілмәжін Жұмабаев «Қаңтар» повесі туралы: «Шығарма өзегі-достық.Және ел ішін қайғы-қасірет, аштық-жалаңаштық жайлаған қатал да қаһарлы жылдардағы достық... Повестің «Қаңтар» деген ызғарлы атынан соғыс ызғары анық сезіледі»- деген пікір білдіріпті. «Ыстық күлше» повесінде балдәурен балғын шағын таршылық-тораппен, қайғы-қасіретпен өткізген жасөспірімдердің нәзік сезімдерін, мұңлы көңіл күйлері,ізгі арман-мақсаттары,ерекше бір нәзіктікпен өріле кестеленеді. Нәсіреддин Сералиев Ұлы отан соғысы жылдарында үлкендермен қоса тұрмыс ауыртпалығын,таршылықтың қыспағын қатар көрген балалардың асыл мұраттарын, кіршіксіз сезімдерін,жан дүниелерінің пәктігін балғын оқырман жүрегіне жетерліктей етіп,өте тартымды түрде зор ықыласпен бейнелейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет