4. Дәріс мазмұны: Қимылдың объектіге қатысы болып келуіне қарай етітіктің түбірлері сабақты және салт етістіктер болып екі топқа бөлінеді. Етістіктердің барлығы субъекті жасайтын амал-әрекетті немесе процесті білдіреді. Осы процесте амал не іс-қимыл объектіге тікелей тіреліп, яғни сабақталып, немесе іс-қимыл объектіге тірелмей, жанай жүзеге асырылады.
Етістіктің салт және сабақты болып бөлінуі оның жалпы грамматикалық семантикасына байланысты. Кейбір етістіктер предикаттық қызметте жұмсалғанда, объектінің тура толықтауыш болып келуін, яғни табыс септігі сөз болып келуін талап етеді. Ал етістіктердің екінші бір тобы табыс септігі сөздің келуін қаламай-ақ, оған салт күйінде жалғана береді. Мысалы, Сен ауылды көр де, тез кері қайт, деген сөйлемді алып қарастырайық. Осы құрмалас сөйлемдегі көр етістігі бірдемені /ауылды/ көру керектігін білдіріп, сол сөзбен сабақтасып тұр да, қайт етістігі ондай объектіні керек етпей, тек кері келу туралы мағына беріп тұр.
Яғни, сөйлеуде не сөйлем ішінде табыс септікті сөзді, демек тура толықтауышты сөзді керек ететін семантикасы бар етістіктерді сабақты етістіктер деп атайды.
Ал, табыс септікті сөзді керек етпейтін, кімді-нені деген сұрауларға жауап күтпейтін етістіктерді салт етістіктер деп атайды.
Етістіктердің салт және сабақты болып берілуі түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде де, екі түрде келеді:
Ешқандай грамматикалық көрсеткішсіз – ақ, түбір күйінде өзінің ішкі лексикалық мағынасына қарай салт және сабақты болып келетін етістіктер: Мысалы, қайғыр, қуан, отыр, өс, өн – салт етістіктер. Аш, айт, бақ, бер, ек, ем т.б. – сабақты етістіктер
Арнайы грамматикалық көрсеткіш арқылы салт және сабақты болып берілетін етістіктер.
Тіл ғылымында белгілі категориялардың арнайы морфемасыз, өзінің ішкі мағынасына қарай бөлінуін грамматикалық топ /разряд/ деп атайды.
Грамматикалық категорияның арнайы морфема арқылы берілуін категориялық форма деп атайды.
Салт және сабақты етістіктердің арнаулы формалар арқылы жасалуын олардың ауыспалы түрі деп атайды.
САЛТ ЕТІСТІКТЕР. Салт етістіктер екі түрде жұмсалады:
1) Тура салт етістіктер. Бұған түбір етістік күйінде тұрып, табыс септігін меңгермейтін етістіктер жатады. Бұл етістіктерде салт етістік мағынасын білдіретін арнаулы грамматикалық форма болмайды, салттық мағына етістіктердің өз бойында, лексикалық мағынасында сақталады. Мысалы, ау, бар, бұқ, жат, жұқ, жүр, кел, көн, күл, кір, қал, қаш, нан, өз, өс піс, сал, ти, ол, тоң, төз, тұр, түс, ұш, шық, ық, айны, айық, ақса, бекң, құла, бұлқын, дегді, есір, елті, жарыс, жүгір, зерік, күрес, қажы, қуан, құлшын, отыр, өкін, сергі, ұмтыл, үде т.б.
2) Ауыспалы салт етістіктер. Салт етістіктердің бұл түрі сабақты етістіктерге жұрнақтар жалғану арқылы жасалады. Ол жұрнақтар - өздік етіс ырықсыз етістің жұрнақтары. Яғни, тіліміздегі өздік етіс пен ырықсыз етіс жұрнақтарын жалғаған етістіктер – сабақты етістіктердің салт етістікке айналған түрі. Мысалы, ора – сабақты етістік. Егер осы етістікке өздік етістің формасын (-ң) жалғасақ, салт етістік болып шығады: ора-оран. Немесе ырықсыз етістің -л жұрнағын жалғасақ та, салт етістік шығады.
Қазақ тілінде салт және сабақты етістік категориясы етіс категориясымен тығыз байланысты.
Салт етістіктердің мағыналық ерекшеліктері сан алуан. Ол туралы етістіктің мағынасы туралы тақырыпта айтылған болатын.
САБАҚТЫ ЕТІСТІКТЕР. Сабақты етістік объекті арқылы пайда болады. Объекті болмаса, сабақты етістіктер де болмайды. Сабақты етістіктердің табыс септігі тура толықтауыштымеңгеру қабілеттілігі екі түрлі жолмен көрінеді: ә) Тура сабақты етістіктер. Тура күйінде тұрып, өзінің ішкі мағынасы арқылы қимыл-әрекет объектіге тікелей бағытталып, яғни, лексикалық мағынасы арқылы табыс септігі сөзді керек ететін етістіктер. Мысалы, аш, айт, бақ, бер, ек, ем, жаз, жай, қи, үз, сеп, сыз, тап, тер, үй, шеш, ыс, іл, іш, айда, апар, емде, әкет, болжа, еге, күре, бүрке, еле, жалға, жама, жасыр, жұмса, сапыр т.б.
Осы етістіктердің қай-қайсысы да қолдану процесі кезінде, нені-кімді деген сұрауларға жауап беретін табыс септігі сөздерге сабақталады.
Тура сабақты етістіктердің грамматикалық көрсеткіші жоқ.
2) Ауыспалы сабақты етістіктер. Етістіктің түбіріне арнаулы жұрнақтар жалғану арқылы сабақты етістіктер қалыптаса алады. Ол жұрнақтар - өзгелік етістің жұрнақтары: -т, -ыт, -іт, -дыр, -дір, -тыр, -тір, -ыр, -ір, -ғыз, -гіз, -қыз, -кіз. Мысалы, кейбір ғалымдар кез-келген етістікке өзгелік етістің жұрнағы жалғанса, өзгелік мәні туады деп есептейді. Шынында да, олай емес. Өзгелік мәні тек сабақты етістіктерге өзгелік жұрнағы жалғанатын болса ғана, пайда болады. Ал салт етістікке өзгелік етістің жұрнағы жалғанатын болса, онда өзгелік мәні емес, бар болғаны сабақты етістік ғана пайда болады. Мысалы, кел сөзін алайық. Мен оның істегенін алдына кел-тір-дім. Өзгелік етістің жұрнағы жалғанғанымен, өзгелік мағынасы жоқ. Қимыл иесі-мен. Демек, тек сабақтылық мәні ғана пайда болып тұр.
Осындай, салт етістіктің өзгелік етіс жұрнағы арқылы сабақты етістікке айналуын тіл ғылымында етістіктің каузатив формасы (каузативная форма глагола) деп атайды.
БОЛЫМДЫ ЖӘНЕ БОЛЫМСЫЗ ЕТІСТІКТЕР.
Амал не іс-әрекеттің болу-болмауы туралы түсінік – табиғи нәрсе. Болымды-болымсыздық категориясы – барлық сөз табына тән категория. Олардың берілу формасы әр түрлі болып келуі мүмкін, ал болымды-болымсыздық туралы мағына барлық сөз таптарында көрінеді. Мысалы, адам-адам емес, ақ-ақ емес, үшеу-үшеу емес, алыс-алыс емес т.б. Сондай-ақ саясат-бисаясат. Шара-шарасыз, қам-бейқам т.б.
Болымды-болымсыздық категориясы есімдерде үш түрлі форма арқылы беріледі:
Емес сөзінің тіркесуі арқылы.
Тілде өте сирек кездесетін би, -бей, префикстері арқылы.
Мағыналары қарама-қарсы болып келетін антонимдер арқылы.
Мысалы, ақ-қара, үлкен-кіші, аз-көп, кәрі-жас т.б.
Болымды-болымсыздық категориясы сол сияқты, етістікке де тән болып келеді. Етістіктердегі бұл категорияның берілуі есімдерге қарағанда өзгеше болып келеді.
Етістіктің болымды мағынасы арнайы көрсеткіштер арқылы жасалынбайды. Яғни, етістіктің болымды түрі түбір, туынды түбір және күрделі етістік түрінде келетін етістіктерден тұрады.
Ал етістіктің болымсыздық категориясы екі түрлі тәсілмен жасалады:
1. Синтетикалық тәсіл арқылы жасалыну жолы етістіктің түбіріне (негіз,туынды түбір, күрделі етістік), етіс жұрнағынан кейін, кейде етіс жұрнағынсыз да болымсыздық мәнін беретін –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе, жұрнағы арқылы жалғану арқылы жасалады. Мысалы, аш-ашпа, көр-көрме, кел-келме, оқы-оқыма, кешік-кешікпе, бас-баспа т.б.
Міне, осы жұрнақтар арқылы істің не амалдың болғанын, болатынын емес, болмағанын не болмайтынын білдіреді. Болымсыздық формасын қабылдаған етістік өзінен кейін рай, шақ, есімше, көсемше, категорияларын береді. Мысалы, келмегісі, кел, келмеді, келмеген, келмеп еді т.б.
Болымсыздық формасын күрделі етістіктерге де жалғай береді. Стильдік мақсатка сай болымсыздық жұрнағы кейде жетекші етістікке, кейде көмекші етістікке, ал кейде екеуіне бірдей жалғанып келеді. Мысалы, келмей қойды, келе қоймады, келмей қоймады. Соңғысы қолданыс белгілі бір стильдік талапқа бағытталған, семантикалық мәні де алдыңғылардан бөлек. Яғни, болымсыздықты білдіреді.
Отыр, жүр, тұр, қалып етістіктері болымсыздық жұрнағы да, сұраулық шылау да жалғана береді. Басқа етістіктердің негізіне сұраулық шылау тіркесіп келіп айтылмайды. Мысалы, отыр-ма, жүр-ме, тұр-ма – бұлар болымсыз формалар. Ал отыр ма, жүр ме, тұр ма – бұлар сұрау мәнді тұлғалар. Бұларды бір-бірінен екпін өзгешелігі арқылы айыра аламыз. Отырма, жүрме, тұрма болып келетін болымсыз формалар СЕН деген есімдігімен қиысып келіп сен отырма, сен жүрме сен тұрма формасында қиысады және болымсыздық жұрнақтарына екпін түспейді.
Ал сұраулық шылауы форма отырма, жүрме, тұрма ІІІ жақ жіктеу есімдігі ОЛ, ОЛАР мен ол отыр ма, ол жүр ме, ол тұр ма түрінде келіп қиысады және олар (сұраулы шылаулар) екпінге ие болады.
2. Аналитикалық тәсіл арқылы берілу жолы. Болымсыздық мағынасы кейде аналитикалық тәсіл арқылы да беріледі. Яғни, Е көмекші етістігінің болымсыз түрі мен жоқ сөз етістіктерімен тіркесіп келіп, болымсыздық мағынасын береді.
Бұл екі сөз де негізінен есімше тұлғасындағы етістіктермен тіркесіп келіп, болымсыздық мәнін береді: Келген емес, келген жоқ, келер емес, келетін емес, алатын емес, алған емес, алған жоқ т.б.
Егер емес, жоқ сөзі болымсыз етістікпен тіркессе, болымды форма пайда болады. Бұл стилистикалық қажеттіліктен пайда болады. Мысалы, алмаған емес-алды, көрмеген емес – көрді т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |