Барлығы – 45 сағат



бет83/96
Дата06.01.2022
өлшемі1,13 Mb.
#12956
1   ...   79   80   81   82   83   84   85   86   ...   96
Байланысты:
Мор.Ниязғалиева

4. Дәріс мазмұны: Етіс категориясы өзге түркі тілдеріндегі сияқты өз алдына жеке бөліп қарауға келетін дербес грамматикалық категория болып есептеледі. Етіс категориясы- түбір етістіктен туатын грамматикалық категория. Етіс формалары өзі мен жалғанған түбір етістікпен лексикалық мағына жағынан бір болып келіп, жарыса өмір сүреді. Етіс категориясы іс-әрекетпен субъекті мен объекті арасындағы қатынасты білдіреді. Бұл категория етістіктің басқа категорияларынан өзінің мағыналық және тұлғалық өзгешеліктері, сондай-ақ, синтаксистік қызметі арқылы ерекшеленеді. Мысалы:

  1. Ол одан жөн сұрады.

  2. Олар бір-бірінен жөн сұрасты.

  3. Ол одан жөн сұратты.

  4. Одан жөн сұралды.

  5. Ол өзі сұранды.

Міне, осы сөйлемдердегі етістіктерді бір-бірімен салыстырып көрелік. Бұл етістіктердің құрамындағы /сұрады, сұрасты, сұратты, сұралды, сұранды/ жедел өткен шақтың формасын алып тастағаннан кейін сұра, сұрас, сұрат, сұрал, сұран етістіктерін алып қарасақ, лексикалық мағынасы бірдей. Бұлар бір түбірден өрбіген. Ол түбір – сұра. Ал басқасы осы түбірден – с, -т, -л, -н арқылы жасалып тұр. Олардың лексикалық мағыналары бір болса да семантикалық мәндерінде бір-бірінен айырмашылық бар.

Етіс формасы сөйлемнің грамматикалық құрылысына өзгеріс енгізіп отырады. Мысалы, 1 сөйлемде қимыл иесі бір адам екенін білсек, 2 сөйлемде қимылға бір субъекті емес, екі не одан да көп субъекті қатысқанын біле аламыз. Сондай-ақ, жөн-жосықты бір-бірінен сұрағанын білеміз. Бұл сөйлемнің құрылысын өзгертеді. Субъекті бірнешеу, және олар амалға ортақтас. 3-сөйлемнің құрылысы алдыңғыларына қарағанда өзгеше: әрекетті жасатырушы бір адам да, оны жасаушы бөгде адам екенін біле аламыз. Ал 4-сөйлемдегі семантика мүлде бөлек. Бұл сөйлемде жасаушы да, жасаттырушы да көрінбейді. Сөйлемде амалды жүзеге асырушы адам сол амалдың әрі субъектісі, әрі объектісі болады. Яғни, амал субъектінің өзі үшін жұмсалады.

Сонымен етіс категориясы дегеніміз не?

Етіс категориясы деп амалды объекті мен субъектіге қатысын білдіретін формаларды айтамыз.

Етіс формалары түбір етістіктерге де, туынды етістіктерге де, күрделі етістіктерге қажетінше жалғана береді.

Етістіктерді классификациялау мәселесі:

Етістерді түрлерге бөлу мәселесі қазіргі қазақ тілінде ортақ пікірге келмеген проблема. Академиялық грамматикада, сондай-ақ, А.Ысқақовтың оқулығында етістерді аффикстердің түрлеріне қарай, мағыналары мен қызметіне қарай 5 түрге бөледі:


  1. Негізгі етіс.

  2. Өздік етіс.

  3. Ырықсыз етіс.

  4. Өзгелік етіс

  5. Ортақ етіс.

Даулы талас негізгі етіс төңірегінде басталады. Негізгі етістің арнаулы аффикстік көрсеткіші жоқ. Бұл етіс басқа етістерге негіз, таяныш болады деп есептейді А.Ысқақов.

Маманов етістің бұл түрін жоқ деп есептейді. Ол етістер санын 4 деп есептейді. Ол өзінің пікірін негізгі етістің көрсеткіш формасының жоқтығымен дәлелдейді. «Негізгі етіс деген жоқ, етістің негізі ғана бар.»

2. Өздік етіс. Өздік етіс формасында берілетін қимыл не әрекеттің иесі көбінесе адам не жанды зат болып отырады. Кейде қимыл иесі жанды зат болмай, табиғат атауы не басқа бір зат болып келеді: Көк бұлт көлеңкесін көлге түсіріп, айнала қарай сыланды. Осы сөйлемдегі өздік етіс формасында беріліп тұрған етістік – сыланды. Қимыл иесі – бұлт. Ол – метафоралы қолданыс. Өздік етістің негізгі формасы: -ын, -ін, -н жұрнағы.

Өздік етіс, көбінесе, сабақты етістіктен жасалады. Алайда, етістіктердің бәрі, соның ішінде сабақты етістіктердің бәрідерлік өздік етіс мағынасын бере алмайды. Мысалы, баянда, оқы, үз, апар секілді сабақты етістіктерді алып қарйық. Бұл етістіктерден сабақты етістік жасалмайды. Себебі, адам өзін-өзі баяндауы, оқуы, үзуі, апаруы мүмкін емес. Сондықтан қимыл иесінің өзіне бағыттауға, өзіне қарата жұмсауға мүмкін болатын қимылдарды білдіретін етістіктер ғана өздік етіс бола алады. Яғни, қимыл иесі /адам/ өзін-өзі жууы, өзінің шашын өзі тарауы, өзін-өзі сүртуі мүмкін. Осыдан етістіктің жуынды, таранды, сүртінді сияқты формалары қалыптасады да, оны өздік етіс формалары деп түсінеміз.

Өздік етіс мәнін беретін басқа да формалар бар. Негізінен, ырықсыз етістің тұлғалық көрсеткіші болып келетін – ыл, -іл, -л аффиксі көптеген етістіктермен қосылып, өздік етіс мәнін береді. Мысалы, аурудан жаз-ыл-у, и-іл-іп бүг-іл-у, бұр-ыл-у, оқуға бер-іл-у, кер-іл-у т.б.

Бұл аффикстерді жеке сөздің құрамынан айыра алмаймыз. Тек контекстік қолданыста ғана ажырата аламыз.

Мысалы, жаз-ыл, көр-ін, тазала-н сияқты етістіктерді алып салыстырып көрелік:

1. Өздік етіс: 2. Ырықсыз етіс:

Мен тізімге барып жазылдым. Хат жазылды.

Ол дәрігерге көрінді. Алыстан бір үй көрінді.

Жолаушы тазаланып жуынды. Қора тазаланды.

-ық, -ік, -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік жұрнақтары арқылы да өздік етістің мәні беріле береді. Мысалы, қан-ық, бу-лық, и-лік, бас-тық, көн-дік т.б.

Сондай-ақ, қате-лес, орна-лас, жайға-с сөздерінде және т.б. сөздерде -с, -лас, -лес аффикстері де өздік етіс тудыра алады.

-лан, -лен, -дан, -ден, -тан, -тен күрделі аффиксі арқылы жасалған есім негізді туынды етістіктер өздік етіс мағынасында жұмсала береді. Мысалы, әуре-лен, қату-лан, қаһар-лан, мейір-лен т.б. Себебі, бұл аффикстер – құранды аффикстер. Оның құрамында –н жұрнағы бар. Бұл жұрнақтар арқылы жасалған етістіктер салт етістіктер болады.

2. Ырықсыз етіс. Етістің бұл түрі етістіктің түбіріне -ыл, -іл, -л жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: Тақта сүрт-іл-ді, қазан ас-ыл-ды, кір жу-ыл-ды, жиналыс баста-л-ды, жүк түсір-іл-ді т.б.

Ырықсыз етіс баяндауыш қызметінде жұмсалған кезде қимыл иесі айтылмайды. Сөйлемде қимыл иесінің кім екені белгісіз болады. Ырықсыз етістің жұрнағы етістіктің мағынасына қимылдың өздігінен, яғни ырықсыз істелетінін анықтайтын мән жамайды. Амалды кім істегені /субъектісі/ көрінбейді де, объектінің қызметі активтенеді.

Мысалы: 1. Үміт кір жуды. 2. Кір жуылды.

а) Үміт – субъект, қимыл иесі, бастауыш,

кір – объект, толықтауыш,

жуды – предикат, субъектінің қимылы, баяндауыш.

б) Кір – объект, бастауыш,

жуылды – предикат, баяндауыш. Ал субъект сөйлемде айтылмай, белгісіз қалып отыр. Ырықсыз етісті басқа етіс түрінен оқшаулап көрсететін бір ерекшелік бар. Етістіктің негізіне бірнеше аффикстер жалғанған кезде ырықсыз етістің формасы соңынан жалғанады. Яғни, ырықсыз етіс формасын қабылдаған етістік одан ірі етіс аффикстерін қабылдамайды.

Ырықсыз етіс те өздік етіс сияқты сабақты етістіктен туындайды. Ырықсыз етіс - өздік етіспен салыстырғанда, әлдеқайда көп қолданылатын өнімді форма.

Ырықсыздық мәні кейде өздік етістің формасы –ын, -ін, -н жұрнағы арқылы да беріледі. Мыс, ал-ын-ды, сөй-ле-н-ді, сайла-н, байла-н, бөл-ін т.б. Түбір етістіктің соңғы буынында л дыбысы келсе, ырықсыз етіс жұрнағы –ын, -ін, - н, түрінде келеді. Алайда, ырықсыздық мәнін тудыруда бұл жұрнақтар өнімді қызмет атқармайды. –лын, -лін, -ныл, -ніл күрделі жұрнақтары да ырықсыз етіс жасайтын қосымшалар ретінде қолданылады. Мысалы, ет же-лін-ді. Жоқ ізде-лін-ді, ат байла-ныл-ды т.б. Ырықсыз етістің бұлай жасалуы сирек кездесетін құбылыс.

3. Өзгелік етіс. Етістің бұл түрі өзге етістерге қарағанда жиі қолданылатын түрі. Өзгелік етіс субъектінің қимылы объектіге тікелей емес, екінші біреу арқылы бағытталатынын білдіретін сабақты етістіктің грамматикалық формасы. Бұл Мамановтың өзгелік етіске берген анықтамасы. Яғни, қимыл иесі амалды өзі істемей, екінші біреуге істететінін көрсететін форма. Мысалы: ал-дыр, жаз-дыр, жұл-ғыз, ұста-т, көбейт-тір.

Ал академиялық грамматикада ырықсыз етіс тұлғасындағыдан басқа сабақты және салт етістіктер өзгелік етіс аффикстерімен тұлғаланып қолданыла береді деп тұжырымдайды.

Шынында да, бұл тұжырым дұрыс па? Енді осыған тоқталып көрелік. Өзгелік етіс жасайтын жұрнақтар мыналар: -т, -тыр, -тір, -дыр, -дір, -қыз, -кіз, -ғыз, -гіз. Академиялық грамматикада берілген анықтамаға сүйенсек, тек ырықсыз етісте тұрған етістікте тұрған басқа етістіктердің бәрі салт және сабақты екеніне қарамай өзгелік етіс формасын қабылдап, өзгелік мәнін бере алады. Мысалы, отыр, ақ, тоқта сөздерінде ешбір ырықсыздық мәні жоқ. Демек, біз өзгелік етіс формасын қосып, өзгелік мән тудыра аламыз:


  1. Айша ағаш отырғызды.

  2. Айдарбек қасқырды өлтірді.

  3. Мұрат арықтан су ағызды.

  4. Айымбек аттарын тоқтатты.

Анықтама бойынша өзгелік етісті форманы жасадық. Алайда, ол форма бар ма? Айша ағашты басқаға емес, өзі отырғызды. Басқа қимылдар да өздері арқылы жасалған. Қай сөйлемде болмасын қимыл иелері тікелей бастауыш ретінде қолданылып тұр.

Бұлар өзгешелік етіс емес. Тек салт етістіктен сабақты етістік жасалып қана тұр. Бұл пікірді қостайтындар кейде етіс теориясынан ауытқып, жаңсақ түсінікке дейін барып жүр.

Мысалы:


  1. Шофер машинасын жайлап көпірден өткізді.

  2. Нәзипа Анарды жылатты.

Осы сөйлемдердегі қимылдың түп иелері – шофер мен Нәзипа. Бірақ, қимылды өзі орындап отырған жоқ, қимылдың тікелей иесі машина мен Анар деп түсіндіреді. Яғни, объектіні агенске айналдырады.

Қимылдың иесін – субъект, қимылдың тікелей орындаушысын – объект, ал баяндауышты предикат деп атайды. Яғни, өзгелік етіс мәнін туғызу үшін, агенс сөзі керек. Салт етістіктен өзгелік етіс жұрнағы арқылы жасалған сабақты етістіктер агенсті керек етпейді. Салт етістіктен сабақты етістікке айналған етістік тұлғасын өзгелік етіс жұрнақтарының бірі жалғануы керек. Мысалы, отырт-тыр, тоқтат-тыр, сөндір-т, азайт-тыр т.б.

Өзгелік етіс жұрнақтарының жалғану тәртібі:

а/ - т жұрнағы көбінесе дауысты дыбысқа және сонар дыбысқа бітетін негіздерге жалғанады. Күре-т, оқы-т, жүгір-т, жөнел-т, қуан-т, азай-т т.б.

б/ - тыр,-тір,-дыр,-дір жұрнағы қатаң және сонар дыбысқа біткен етістік негіздеріне жалғанады. Мысалы: ал-дыр, бер-дір, жап-тыр т.б.

в/ - қыз,-кіз,-ғыз,-гіз жұрнағы дауыссызға біткен түбірлерге жалғанады. Мысалы: жина-т-қыз, отыр-ғыз т.б. Кейде өзгелік етіс жұрнақтары бірінің үстіне бірі 3-4 ретке дейін жалғана береді. А.Ысқақов оқулығында бұл құбылыс тиісті үстеме мағына жалғайды деп түсіндіріледі. Бұл дұрыс тұжырым. Оны біз мынадай салыстыру арқылы анықтай аламыз: сөйлеу-сөйлету, сөйлеттіру, сөйлеттірткізу, алу-алдыру, алдырту, алдыртқызу, алғыздыру т.б.

6. Ортақ етіс. Ортақ етіс салт және сабақты етістіктерге осы етістің морфологиялық көрсеткіші болып есептелетін –с,-ыс,-іс жұрнағы жалғану арқылы жасалады.

Ортақ етіс қимылдың бірнеше субъектіге ортақ екендігін білдіреді. Бұл мән көпшілік жағдайда күрделі –лас, -лес,-дас,-дес,-тас,-тес жұрнақтары арқылы беріледі: ақыл-дас, тату-лас т.б.

Ортақ етіс баяндауыш тұлғасында жұмсалған кезде оның бастауыштары мынадай түрде келеді:


  1. Жіктеу есімдігінің көптік түрінде: Біз бір-бірімізді ұғынысқандай болдық. Олар қолтықтасып келе жатыр.

  2. Зат есімнің көптік түрінде: Екі сұңқар таласса, бір құзғынға жем болар. Аттар тебісті.

  3. Жинақтық сан есім түрінде: Екеуі енді ғана түсініскендей болды.

  1. Біз етістіктердің түріне толық тоқталып өттік. Сонымен, негізгі етіс категориясы қазіргі қазақ тілінде болмайды деп айта аламыз. Морфологиялық көрсеткіші жоқ етіс болмайды. Ол етіс емес, етістіктің негізі ғана. Мектеп оқулықтарында етістіктң 4 түрі берілген. Ғалымдар оларды үштен сегізге дейін бөліп жүр. Қазіргі қазақ тілінде етіс категориясын кең зерттеген ғалым – А.Қалыбаева. «Қазақ тіліндегі етіс категориясының», сондай-ақ, Ы.Мамановтың «Етістіктің» атты еңбегінде де етістер туралы кең әңгіме болған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   79   80   81   82   83   84   85   86   ...   96




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет