Дәріс № 3 Тақырыбы: Табиғатты пайдалану құқығы.
Дәрістің мақсаты: Табиғатты пайдалануды басқарудың құқықтық негіздері.
Экологиялық құқық туралы түсінікті қалыптастыру.
Негізгі түсініктер: табиғатты пайдалану құқығы, табиғат пайдалану құқығының
қағидалары, объектілері және субъектілері.
Жоспары: 1. Табиғатты пайдалану құқығының түсінігі. Табиғат пайдалану құқығының қағидалары
және негізгі белгілері.
2. Табиғат пайдалану құқығының түрлері, объектілері және субъектілері. Жалпы және
арнайы табиғат пайдалану. Табиғат пайдалану құқығының мазмұны және кепілдіктері.
3. Табиғат пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттері. Табиғат пайдалану құқығын
қорғау.
4. Табиғат пайдалану құқығының пайда болу, өзгертілу және тоқтатылу
1. Табиғатты пайдалану құқығының түсінігі. Табиғат пайдалану құқығының қағидалары
және негізгі белгілері.
Экологиялық құқықтың аса күрделі және көп жақты институттарының бірі табиғат
пайдалану құқығының институты болып табылады. Қазақстан Республикасының
қолданыстағы заңына сәйкес меншік құқығы тек жер қорына ғана қолданылады; жер
қойнауы, су, орман, жануарлар дүниесі, атмосфералық ауа тек пайдалану құқығында
беріледі. Сондықтан экологиялық қатынастардың аса көп мөлшері табиғат пайдалану
институтына қатысады.
Жалпы мағынасында табиғат пайдалану деп адамның өзінің әр алуан өмірлік
қажеттіктерін (экономикалық, экологиялық, рухани, мәдени-сауықтандыру, имандылық-
эстетикалық қажеттерін) қанағаттандырумен итермелейтін адамның табиғатпен өзара
әрекеті ұғынылады. Мысалы, ҚР “Қоршаған ортаны қорғау туралы” Заңына сәйкес
табиғат пайдалану-адамның шаруашылық және өзге де қызметінде табиғи ресурстарды
пайдалану.
Табиғат пайдалану ұғымын экологияны пайдалану ұғымынан айыра білу керек. Егер
табиғат пайдалану адамның әралуан өмірлік қажеттерін қанағанттандыру үшін табиғи
ресурстардың тәртібі ретінде ұғынылатын болса, онда экологияны пайдалануда ең
алдымен қоршаған ортаны және тұтастай алғанда экологиялық жүйені барынша сақтау
мүддесі үстем болады.
Табиғат пайдалану құқығы объективтік мағынасында – табиғат объектілерін пайдалану
мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың
жиынтығы болып табылады.