Философиялық тұрғыда "постмодерн" термині XX ғасырдың II жартысындағы философиялық ой мен мәдениеттің спецификасын белгілеу үшін қолданылады. Постмодерндік философия Жак Лакан, Жак Деррида, Жорж Батай, Жиль Делез, Мишель Фуко, Ролан Барт, Ричард Рорти, т.б.еңбектерінде берілгенмен философиялық сөздіктерде аталған ойшылдардың творчестволары "постмодерн" терминінсіз берілген. Бұл -терминді қолдануда қалыптасқан дәстүрдің жоқтығын білдіреді. Өйткені, Р.Барт, Ж.Лакан, М.Фуконы - француз структурализмінің, ал Р.Рорти-америкалық философияның аналитикалық бағытының өкілдері, Ж.Деррида-деконструкциялық философияны жасаушы ретінде болса, Ж.Батай шығармашылығында сюрреализм, экзистенциализм, структурализм элементтері көптеп кездеседі. Яғни, постмодернизм көптеген интеллектуалды және мәдени ағымдардың - прагматизм, экзистенциализмнен бастап психоанализ, герменевтика, аналитикалық философия және феминизмге дейінгі -ықпалымен қалыптасқанын көрсетеді. Сөйтсе де постмодернистік ой – аталған ағымдардың ешқайсысына толық енбей, олардың '"қырын" ғана жанап өтеді.