Батыс тарих философиясыныњ негізгі


 ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТАРИХИ САНА МЕН



Pdf көрінісі
бет25/32
Дата05.05.2023
өлшемі1,93 Mb.
#90520
түріМонография
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   32
4 ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТАРИХИ САНА МЕН 
ЗАМАНАУИ ТАРИХ ФИЛОСОФИЯСЫ 
4.1 Қазақстанда тарихнамалық ғылымдардың
қалыптасуы мен даму ерекшеліктері
Қазақ халқы тарихының ғылыми-тарихи тұрғыда зерттелуі, егер біз 
шежіре мен тарихи ауызекі дәстүрді есепке алмасақ, XVIII-XIX 
ғасырлардан бастау алады. Батыс Еуропаның Шығыс елдерін жаппай 
отарлауынан кейін бұл бодан елдердің өткені мен салт-дәстүрін зерттеу 
мақсатында метрополия ғылымның шығыстану немесе ориенталистика 
деген салаларын қалыптастырды.
Ориенталистика саласының саяси астарлы мақсаты болғанымен, 
оның ғылымға қосқан үлесі де болды. Бүкіл Шығыстың жан-жақты 
ерекшеліктерін 
зерттеумен 
айналысқан 
ориенталистиканың 
қазақстандық шығыстану құрамдас бір бөлігі болды. Шығыстың елдері, 
оның ішінде ислам елдері ғылыми және технологиялық даму жағынан 
Батыстан анағұрлым артта қалғандықтан, өзінің тарихи өткені мен 
рухани-мәдени мұрасынан да көз жаза бастаған еді. Осы тұрғыдан 
алғанда шығыстанудың осы мұраны қағазға түсіріп сақтап қалудағы 
маңызын жоққа шығаруға болмайды. Алысқа бармай-ақ, мысалы үшін, 
бүгінгі күні исламның қасиетті кітабы – Құран кәрім туралы 
зерттеулердің ең көп шоғырланған орталығы Колорадода (АҚШ) болса, 
ал хадистер туралы ғылыми мәліметтердің басым көпшілігі француз 
тілінде жинақталып, зерттеулердің негізгі орталығы Парижде 
шоғырланды. Бұл исламдық адамгершілік, мәдени құндылықтардың 
мұсылман емес қауымдардың арасына таралуына ықпал етті. 
Ориенталистердің кейбіреулерінің зерттеушілік әрекет барысында 
біртіндеп ислам ғұламаларына айналып кеткенін де еске алуға болады.
Қазан төңкерісіне дейінгі тарихи мәселелерді зерттеумен айналысып 
келген зерттеушілердің көпшілігі сол заманғы саяси жүйенің 
идеологиялық жамылғысын айтпағанда, аталмыш дәуір авторларының 
қалдырған тарихи-этнографиялық материалдарын ақпараттылық пен 
репрезентативтіліктің әртүрлі деңгейінде бір-бірімен байланыссыз, 
тұйық күйінде қарастырады. Тарихи деректер мен жекелеген еңбектерді 
сол дәуірдегі жалпы ғылыми танымның, философиялық және қоғамдық-
саяси, жаратылыстанымдық-ғылыми және тарихи ойдың даму 
ерекшеліктерінен тыс, осылайша фактографиялық тұрғыда жарыққа 
шығару көп жағдайда құрғақ эмпиризммен шектеліп, тарих ғылымының 
әдістемелік және танымдық қырларын жемісті түрде негіздеуді 
қиындатады.
Қазақстанның орысша тарихнамасы жаңазамандық дүниетанымдық 
және ғылыми төңкерістің нәтижесінде пайда болған ойлау логикасы мен 
еуроцентристік 
дүниетанымдық 
жүйені 
басшылыққа 
алып, 


181 
зерттеулерінде мұны әдіснамалық арқау ретінде пайдалана отырып, оны 
өз танымдық мәдениетіне енгізгенін айта кету керек. Орыс зерттеушісі 
М.А. Баргтың атап өткеніндей, өткен тарихи дәуірлердің тарихнамасын 
түсіну «бір мәдени-тарихи дәуірден екіншісіне өту барысында жүзеге 
асатын және тарихнамадағы «төңкерістердің» алдын алатын әлеуметтік-
тарихи 
және 
дүниетанымдық 
құбылыстарды 
қаншалықты 
танығанымызға қарай ұлғая түседі» [26, 18 б.]. Ресейде Батыспен тығыз 
байланыстар бекіп, капиталистік қатынастар орныға бастаған бұл 
дәуірде орыстың зиялы қауымы батысеуропалық ойлау формасы және 
рухани мәдениетімен қатар, бұратана халықтарға қатысты империялық-
шовинистік пиғылдармен де қаруланғаны жасырын емес. Дегенмен, 
қазақ тарихына байланысты орыс тарихнамасының сіңірген еңбегін де 
теріске шығаруға болмайды.
Еуропалық ғылыми білімнің шығыстану тармағы ретіндегі орыс 
тарихнамасы аталмыш кезеңде негізгі екі бағытпен сипатталады: 
практикалық және академиялық. Бұл екі бағыттың өкілдері үшін де 
белгілі бір методологиялық ұстанымдар ортақ болғанымен, олардың 
ғылыми әрекеттерінің нақты мазмұнына келгенде кейбір ерекшелік 
белгілер табылады.
Кеңестік дәуірде тарих ғылымы да бүкіл қоғамдық сана мен барлық 
ғылым салалары сияқты маркстік-лениндік қондырғының қол астында 
қалып, осы әдістеменің толық ықпалында болды. Бұл әдістеме бойынша 
өткен шақ туралы ғылым ретіндегі тарихи білім өз бойына алдыңғы 
қоғамдық-экономикалық формациялардың дамуының заңдылықтары 
туралы, оның ішінде әртүрлі қоғамдық таптардың әлеуметтік-саяси 
тәжірибесі туралы да көзқарастардың кешенін кіргізуі тиіс еді. К. Маркс 
пен Ф. Энгельс өздерінің «Коммунистік партияның манифесі» атты 
еңбектерінде өмір сүрген барлық қоғамдардың тарихын таптар күресінің 
тарихы деп анықтағаны белгілі. Әрбір нақты тарихи уақиғаның мәнін 
талдауда тек таптық тәсілді қолданғанда ғана бүкіл-әлемдік тарихи 
үдерісті тұтас құбылыс ретінде қабылдауға болады деп түсіндірілді 
немесе В.И. Лениннің сөзімен айтқанда, тек сол ғана «адамдардың 
ынтасының немен анықталатынына, қайшылықты идеялар мен 
ұмтылыстардың қақтығысы неден туатынына түсінік береді» [138, 58 
б.]. Бұқара халық пен таптардың объективті идеялары мен ұмтылыстары 
ең алдымен сәйкес қоғамдық қатынастарды қамтамасыз ететін қоғамның 
экономикалық құрылысымен, өмірдегі нақты-тарихи материалдық 
базиспен анықталады. Қоғамдық қатынастардың барлық жиынтығының 
органикалық құрамдас бөлігін әлеуметтік күштердің бүкіл кешенінің, 
яғни, ең алдымен, идеологиялық, құқықтық және моральдық-
адамгершілік күштердің өзара әрекетін өз бойына енгізетін саяси 
қатынастар құрайды. Міне, осы заңдылықтар жалпы адамзат тарихына 


182 
ортақ деп есептелді және осындай формациялық тәсіл тоталитарлы 
отаршылдық езгісіндегі қазақ тарихына да таңылды.
Бұл заманда маркстік-лениндік рухтағы философияның тек 
қоғамдық-саяси өмірдегі идеологияның негізгі құралы болып қана 
қоймай, бүкіл жаратылыстанымдық және әлеуметтік-гуманитарлық 
ғылымдардың әдістемелік негізі болғаны да белгілі. Сондай-ақ ол 
өмірдің барлық дүниетанымдық қырларын түсіндіріп беретін бірден-бір 
дұрыс әмбебап ілім рөліне ұмтылды. Рухани саланың кеңестік дәуірге 
тән ерекшеліктеріне орай сол заманғы адам ментальдылығында үстемдік 
еткен бұл ілімнің өзіндік орнын жоққа шығаруға болмайды. 
Кеңес дәуірінде Қазақстандағы тарих ғылымы да орталықтағы 
сияқты мейлінше идеологияландырылған сипатымен ерекшеленді. 
Сондықтан да тарихи проблематиканың негізгі тақырыптарын елдегі тап 
күресі, қазан төңкерісінің тарихи рөлі, социалистік өндіріс, 
буржуазиялық өмір тәртібін сынау, интернационализм, мәдени төңкеріс 
және т.б. құрады да, тарихнама барынша тенденциялық тұрпатта болды. 
Дегенмен, қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихы, дәстүрлі 
шаруашылығы мен мәдениетіне қатысты тақырыптардың да көтеріліп, 
олар туралы орасан зор тарихи-этнографиялық материалдардың 
жинақталып, тарихи ғылымының дамуына оң ықпалын тигізгенін де 
айта кету керек.
Жалпы алғанда, кеңес дәуірінде отандық тарих ғылымы бет-бейнесін 
өзгертуімен қатар, өз дамуының барысындағы сапалы түрде жаңа 
деңгейге көтерілді. Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде қазақ халқының 
тарихына байланысты тарихи-этнографиялық мәліметтердің үлкен 
көлемі ғылыми айналымға енді, отандық кәсіби тарих ғылымы 
қалыптасу кезеңінен өтті. Кәсіби тарих ғылымын қалыптастыруда және 
елімізде 
тарих 
саласындағы 
ғылыми-зерттеу 
жұмыстарын 
ұйымдастыруда екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған ҚазақКСР 
Ғылымдар академиясы құрамында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, 
археология және этнография институты үлкен рөл атқарды. 1930-шы 
және 1950-ші жылдар аралығында қазақтардың қазан төңкерісіне дейінгі 
де, кеңестік дәуірдегі де тарихын қорытуға арналған ұжымдық тарихи 
зерттеулер пайда болды [139]. Ең алғашқы мұндай еңбектердің қатарына 
С.Д. Асфендияровтың [140] және М.П. Вяткиннің [141] еңбектерін 
жатқызуға болады.
Түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының шығу тегі 
мәселесіне деген тарихшылардың, этнографтардың, антропологтардың, 
лингвистердің қызығушылығының өсе түскенін 1942 жылы Ташкент 
қаласында өткен Орта Азия мен Қазақстан халықтарының этникалық 
тарихы бойынша КСРО ҒА сессиясының материалдарынан аңғаруға 
болады [142]. Бұл материалдарды осы аталмыш уақыт аралығында кең 
көлемдегі тарихи деректерді (жазбаша, этнографиялық, фольклорлық, 


183 
археологиялық, антропологиялық, лингвистикалық) талдау нәтижесінде 
ғалымдардың көпжылғы және жан-жақты ғылыми ізденістерінің белгілі 
бір деңгейдегі қорытындысы деп бағалауға болады.
Қазақстан мен Орта Азиядағы этногенетикалық процестер туралы 
білімдердің тереңдеуіне А.Н. Бернштамның, А.Х. Марғұланның, С.В. 
Киселевтің, Л.Р. Қызласовтың, С.П. Толстовтың, К.А. Ақышевтің, М.П. 
Грязновтың, 
М.В. 
Воеводскийдің, 
М.Қ. 
Қадырбаевтың, 
С.С. 
Черниковтың [143] және т.б. археологиялық ғылыми ізденістері көп 
ықпал етті. Аталған авторлар Қазақстан мен Орта Азияның ертедегі 
мәдениеті өте жоғары деңгейде болғандығын және бұл аймақтың тарихи 
үдерістің тек объекті болып қана қоймай, субъекті де болғандығын, яғни 
жекелеген кезеңдерде саяси тарих саласында болмасын, рухани 
мәдениет саласында болмасын, дамуға ықпал етіп, адамзат мәдениетінің 
жасампаздарының бірі болғандығын ғылыми тұрғыда дәлелдеп жазады. 
Осы зерттеушілердің еңбектерінің нәтижесінде қола дәуірінің мәдениеті 
– андронов мәдениеті туралы көзқарас кеңейіп, дәлдене түсті. 
Деректерді ғылыми сараптау негізінде Қазақстан территориясындағы 
көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығының сабақтастығы 
айқындалып, 
бұл 
мәдениет 
өкілдерінің 
біздің 
жеріміздегі 
этногенетикалық үдеріс барысындағы энеолиттік этномәдени субстрат 
екендігі анықталды.
Аталмыш кезеңде біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықта 
кең байтақ еуразиялық кеңістікте болып өткен этносаяси үдерістерде 
ерекше рөл атқарған ерте темір дәуірінің сақ тайпаларын ғылыми тарихи 
тұрғыдан зерттеу едәуір алға басты. Мәселені талдау тек археологиялық 
материалдарға ғана емес, ежелгі грек және ежелгі парсы жазба 
деректеріне негізделді. Бұл ғалымдарға зерттеудің деректемелік көзін 
кеңейтіп, бұл этностық дәстүрдің тасымалдаушыларының саяси және 
әлеуметтік-экономикалық қатынастары, материалдық және рухани 
мәдениеттері туралы тарихын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. 1960-
жылдардың соңында Есік қорғанынан табылған сақ көсемі – «алтын 
адамның» даңқы күллі әлемге тарады. Сақ дәуірінің тарихы мен 
мәдениетін, мифологиясы мен өнерін зерттеуде К.А. Ақышевтың еңбегі 
зор болды [144].
Біздің заманымыздың бірінші мыңжылдығынан бастап қытайлық 
жазба деректерде «у-сун» деген этнониммен белгілі Жетісу жерін 
мекендеген көпсанды халықтардың атауы кездеседі. А.Н. Бернштамның, 
М.В. Воеводскиийдің және М.П. Грязновтың археологиялық зерттеу 
жұмыстарынан кейін «үйсіндер» туралы мәліметтер К.А. Ақышевтің, 
Ю.А. Зуевтің, И.И. Умняковтың еңбектерінде ғылыми-зерттеу нысанына 
айналды [145]. Ю.А. Зуевтің жұмыстарының маңызды абыройы 
ғылымда қытай транскрипциясы бойынша белгілі түрік тілдес мәдени 
лексиканың этнонимдерін, эпонимдерін, топонимдерін және өзге де 


184 
элементтерін, 
яғни 
жекелеген 
ономастикалық 
категорияларды 
этимологизациялаудың нәтижесінде үйсіндерді түркі тілдес этностық 
қауым ретінде анықтауы болды. Қазақстан тарихын қалпына келтіруде 
археология ғылымының ұшан-теңіз жұмыс атқарып отырғанын ерекше 
атап өтуге болады. Жоғарыда аталған зерттеушілердің қалаған ғылыми 
дәстүрін К. Байпақовтың, З. Самашевтің, С. Жолдасбаевтың, Н. 
Алдабергеновтің, М. Елеуовтің, Ә. Төлеубаевтың, Ж. Таймағамбетовтің 
және т.б. абыроймен жалғастырып келе жатқанын ескеру керек.
Қазақстанның ерте дүниедегі тарихының білгір мамандарына 
айналған осы жоғарыда аталған авторлар еуразиялық кеңістіктегі 
этногенетикалық және саяси үдерістердегі ғұн және қаңлы 
тайпаларының рөлін, олардың бір-бірімен генетикалық байланыстары 
жөнінде, 
осы 
тайпалардың 
саяси-әлеуметтік 
жағдайы 
және 
шарушылығы мен мәдениеті жөнінде құнды ғылыми еңбектер жазды 
[146]. Және бұл авторлардың барлығы дерлік Қазақстан территориясын 
мекендеген осы тайпалардың түрік текті екендіктерін мақұлдайды. 
Прототүрік заманы туралы мәселе – ежелгі Қазақстанның этникалық 
тарихнамасындағы ең осал қырлардың бірі. Біздің заманымыздың 
бірінші мыңжылдығында түркі елінің ұйысуының саяси және 
этномәдени алғышарттары түзіле бастаған кезеңде әр алуан этностық 
бірлестіктердің нақты этногенетикалық рөлі туралы ғылыми ақпараттың 
үзіктілігі деректемелік көздің әлсіздігімен ғана емес, ғылымда 
этногенетикалық 
үдерістің 
жеткілікті 
негізделген 
әдістемесі 
болмауымен де түсіндіріледі.
VI-VIII ғасырлардағы түркі қағанаттарының тарихнамасы саласында 
біршама жетістіктерге қол жеткізілді. Мұның себебі бұл кезеңге қатысты 
әртүрлі сипаттағы қытай, парсы, византия, араб жазба деректерінің 
молшылығымен қатар, табылған жерлеріне орай «орхон-енисей» деген 
шартты атаумен белгілі төл алфавитті қолдану арқылы түркі 
қағандарына, әсіресе, Білге-қағанға, Тоныкөкке, Күлтегінге, Елтеріс-
қағанға, Қапаған-қағанға арнап балбал тастарға жазылған эпиграфиялық 
ескерткіштердің болуы еді. XVIII ғасырдан ғылыми айналымға енген 
бұл сына жазуының кілтін дат ғалым В. Томмсен тауып, оны орыс 
ғалымы В. Радлов жүргізіп оқып шыққаннан кейін бұл ескерткіштер 
ориенталистік ғылымның игілігіне айналды. Бұл бағытта В.М. 
Жирмунский, С.Г. Кляшторный, Н.А. Кононов, С.Е. Малов, 
Ә.Құрышжанов, М.Томанов және т.б. тарихшылар мен лингвист-
түркологтардың еңбектері ерекше атап айтуға тұрарлық [235-239].
Еліміздің тарихындағы ең маңызды кезең XV ғасырда қазақ 
халқының қалыптасуы мен Қазақ хандығының құрылуы болып 
табылады. Қазақ хандығының құрылуы мен даму тарихына қатысты 
қалам тартқан танымал тарихшылар қатарына мыналар жатқызылады: 
Е.Б. Бекмаханов, М.Х. Әбусейітова, К.М. Байпақов, В.В. Востров, Н. 


185 
Ибрагимов, С.Г. Кляшторный, Н.Н. Мингулов, М.С. Мұқанов, К.А. 
Пищулина, Т.И. Сұлтанов, В.П. Юдин және т.б. Осы ғалымдар өз 
зерттеулерінде шығыстық жазба ескерткіштердің үзінділерін мейлінше 
көбірек пайдаланып, оларды ғылыми айналымға енгізе отырып, отандық 
деректану ғылымының қалыптасуына елеулі үлестерін қосты.
1950-жылдары қазақстандық тарих ғылымында көшпенділердің 
дәстүрлі әлеуметтік қатынастарының формациялық сипаттамасы 
мәселесі 
ғалымдардың 
арасында 
үлкен 
пікірталас 
тудырды. 
Авторлардың басым көпшілігінде қазақтардың көшпелі қоғамының 
феодалдық сипаты еш күмән тудырған жоқ, бірақ ғылыми ізденістер мен 
пікірлердің алшақтығы номадизмнің қоғамдық құрылымының, ең 
алдымен, әлеуметтік-экономикалық құрылымының ерекшеліктері 
жөнінде болды. Сондықтан болар барлық көшпендітанымдық 
зерттеулерде күні кешеге дейін «патриархалдық-феодалдық қатынастар» 
деген ұғым қолданыс тауып келді, ал бұл маркстік формациялық 
теорияға сәйкес келе бермейтіні белгілі. Бұл көшпенділердің қоғамдық 
қатынастар құрылымында екі бастаудың да – феодалдықтың да, 
патриархалдық-рулықтың да симбиозын көрсетті.
Осы мәселенің түбіне тереңдеген сайын көшпенді ортадағы 
меншіктік қатынастардың ерекшелігіне байланысты екі қарама-қарсы 
көзқарас 
айқындалды. 
Көшпендітанудың 
негізгі 
теориялық-
методологиялық және нақты-тарихи сұрақтары белгіленген бұл мәселе 
әуел бастан ғылыми тәсілдердің айғақтық материалдарын беру деңгейі 
жағынан әр алуан пікірлердің түйіскен тұсы болды. Мұның айшықты 
көрінісін 1955 жылы Тәшкент қаласында өткен Орта Азия мен Қазақстан 
ғалымдарының, сондай-ақ одақтың жетекші көшпендітанушыларының 
ғылыми сессиясының материалдарынан аңғаруға болады.
Сессияда негізгі баяндама жасаған Л.П. Потапов пен оның 
жақтастары, олардың пікірінше, ортағасырлар дәуірі мен жаңа 
замандағы көшпелі қоғамның феодалдық идентификациясының негізгі 
өлшемі болып табылатын жерге жеке меншіктің көшпенді ортада 
болғандығы туралы тезисті жақтады. Бұл жорамалдың негізіне Маркстің 
жерге жеке меншіктің абсолюттік монополиясы феодалдық қоғамдық 
жүйенің қызмет етуінің негізгі факторы (принципі) деген белгілі 
қағидасы себеп болды .
Ал бұған қарама-қарсы көзқарасты ұстанушылар, негізінен В.Ф. 
Шахматов пен С.Е. Толыбеков, көшпенділік жағдайында феодалдық 
меншіктің нысаны ретінде, номадтардың өндірістік қатынастар 
жүйесіндегі құрылымқұраушы элемент ретінде малды қарастырды [148]. 
Көшпелі ортада өндірістік үдерісті ұйымдастырудың ерекшеліктеріне 
орай жер берілген экономикалық жүйенің заттық-материалдық негізі, 
жалпы ортақ шарты ғана болып табылады [149].


186 
Осы жылдары көшпендітанудың негізгі мәселесі – көшпенділердің 
меншік қатынастары мәселесі – пікірталастың өзегіне айналғанымен 
мәселенің әдістемесіне іс жүзінде айқындық әкеле қойған жоқ. Кейінірек 
көшпенді-қазақтардың 
қоғамдық 
қатынастары 
мәселелері 
С.З. 
Зимановтың [150], Д.К. Кішібековтың [151], Н.Е. Масановтың [152] 
көлемді де терең монографияларында кеңінен зерттелді.
Қазақ қоғамының дәстүрлі әлеуметтік құрылымын анықтаудағы 
қайшылықтар да осы маркстік формациялық кестеге сай келмеуі себепті 
туындады. Дегенмен, қазақтың дәстүрлді қоғамындағы батыр, би, 
төлеңгіт, тархан сияқты әлеуметтік категориялардың ғылыми 
әдебиеттерде ашылғанын айта кету керек. Номадизмнің дәстүрлі 
әлеуметтік құрылымының ерекшеліктерін зерттеуде көшпенділердің 
күрделі қоғамдық байланыстарында бір-біріне сатылы түрде бағынатын 
өндірістік, институционалдық, идеологиялық, моральдық-этикалық және 
т.б. қатынастарды ескере отырып, негізгі таптармен қатар, «аралық» 
әлеуметтік түзілімдердің рөлін анықтайтын типологиялық тәсіл қажет.
Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанның тарихын тарихи-
этнографиялық зерттеудегі қомақты жетістіктердің қатарына қазақ 
халқының дәстүрлі материалдық және рухани мәдениеті бойынша 
жазылған бірқатар зерттеулерді жатқызуға болады. Қазақтардың мәдени 
мұрасындағы этникалық өзгешелікті айқындауға мүмкіндік беретін бұл 
бағыттағы зерттеулерге тарихшы-этнографтармен қатар, өнертанушылар 
мен әдебиеттанушылар да өз үлестерін қосты. Әсіресе Х.А. 
Арғынбаевтың, Т.К. Басеновтың, Ө. Жәнібековтың, Ә. Қоңыратпаевтың, 
М. Мағауиннің, Ә.Х. Марғұланның, Е.А. Масановтың, М.М. 
Меңдіқұловтың, М.С. Мұқановтың, Қ. Өмірәлиевтің, А.С. Орловтың, 
А.А. Потаповтың еңбектері оқырман қауымға кеңінен мәлім болды. 
Бұлардың еңбектерінде қазақ халқының дәстүрлі материалдық және 
шаруашылық мәдениеті, қолданбалы өнері, декоративті-монументалды 
өнері, астрономиялық ұғым-түсініктері, тілі мен әдебиеті, фольклоры 
мен поэзиялық мәдениеті ғылымның әр алуан қырынан зерттеледі.
Қазақ халқының жиырмасыншы ғасырдағы тарихнамасы кеңес 
дәуіріндегі сыңаржақтылықпен жазылғаны белгілі. Ал шындығында 
қазақтар осы ғасырдың бірінші жартысының өзінде осыған дейін 
бірнеше ғасырларда көрген нәубетін жинақтап қосқаннан сан мәрте 
асып түсетіндей зұлымдықтарды бастан кешірді. Ғасырдың басында 
ұлттық сананың оянуы, зиялы қауым мен қоғамдық-саяси қозғалыстар 
мен партиялардың құрылуы, ұлт-азаттық күрестің етек алуы 
большевиктердің билік басына келуімен тоқтап қалды. Голощекиннің 
ұйымдастырған 
«кіші 
қазаны», 
коллективтендіру 
мен 
индустриалдандыру барысында социалистік құрылыс үшін «мал 
дайындау» мен «астық дайындау» деген желеумен қазақтардың бар 
малынан айрылып, аштыққа ұшырауы, 1930-жылдары «Алаш» 


187 
қозғалысының өкілдерінен бастап (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, 
М.Дулатов, 
М.Жұмабаев 
және 
т.б.), 
Шәкәрім, 
С.Сейфуллин, 
І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендиаров және т.б. мәдениет және ғылым 
қайраткерлерін, сондай-ақ Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, 
О.Жандосов, А.Досов, А.Асылбеков, С.Сәдуақасов және т.б. көрнекті 
мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлерді жұлып кеткен саяси қуғын-
сүргін, Ұлы отан соғысы – міне, бұл кезеңде қазақ халқының басына 
түскен зұлматтың толық емес тізімі, осындай.
Кеңес дәуіріндегі Одақ құрамындағы социалистік республика 
ретіндегі Қазақстанның тарихына қатысты қалам тартпаған тарихшы 
кемде-кем болар. Мұндағы негізгі тақырыптар қатарына мыналарды 
жатқызуға болады: Қазан төңкерісінің рөлі, жаңа экономикалық саясат 
және оны сынау, азамат соғысы, тап күресі, партия ішіндегі алауыздық, 
социалистік құрылыс, сауатсыздықты жаппай жою және мәдени 
төңкеріс, индустриалдандыру мен ұжымдастыру, ұлы отан соғысы, тың 
игеру, 
комсомол 
құрылыстары, 
социалистік 
өндіріс 
пен 
стахановшылдық бәсеке және т.б. Осы тақырыптардың төңірегінде 
жазылған еңбектердің барлығы дерлік коммунистік партия мен 
социалистік құрылысты мадақтаумен ерекшеленеді. Соғыстан кейінгі 
жылдар сталиндік тоталитарлық жүйенің толық орнаған кезеңі еді. 
Сталиннің қабылдаған «ВКП(б)-ның қысқаша курсы» ғылым мен 
әдебиет, мәдениет пен өнер салаларындағы нағыз «цензуралық құжатқа» 
айналды.
Бұл жылдардағы ең даулы саяси үдеріс «XIX ғасырдың 20-40-
жылдарындағы 
Қазақстан» 
атты 
еңбегінде 
осыған 
дейінгі 
буржуазияшыл-ұлтшылдардың тұжырымдамасының жалғасын ұстанды 
деген айып тағылған «Бекмахановтың ісі» болды. Жас ғалымның 
шыншыл және батыл ойлары коммунистік идеологияның догмаларына 
сүйенген кеңестік тарих ғылымының шеңберіне сыймады және сол үшін 
1951 жылы Ғылымдар академиясынан шығарылып, жиырма бес жылға 
сотталды. Е.Бекмахановтың ісі жалғыз болған жоқ. Әділетсіз саяси 
айыптаулардан А.Жұбанов, Қ.Жұмалиев, Б.Сүлейменов, Е.Ысмаилов 
және т.б. көрнекті ғалым-қоғамтанушылар зардап шекті. Ә.Әбішев, 
Қ.Аманжолов, Қ.Бекхожин, С.Бегалин сынды ақын-жазушылар саяси 
қате жіберді деп айыпталды. ҚазақКСР ҒА Президенті Қ.И. Сәтпаев, 
сондай-ақ аса көрнекті жазушы әрі ғалым М.О. Әуезов саяси қуғын-
сүргіннің салдарынан Мәскеуге қашуға мәжбүр болды.
1956 жылы КОКП ХХ съезінде «жеке басқа табынушылықты игеру» 
туралы мәселе қойылып, әкімшіл-әміршіл жүйеге қарсы тұңғыш рет 
дауыс көтерілді. Алайда бұл «жылымық» алысқа бармай, қайта құру 
дәуіріне дейін кеңестік ел онан ары қарай тоқырау бағытындағы кері 
даму жолына қайта түсті.


188 
Қазан төңкерісіне дейінгі және, әсіресе, кеңестік дәуірдегі 
Қазақстанның тарихына байланысты еңбектер көп жазылғанымен, осы 
кезеңдерге қатысты тарихнамалық еңбектер саусақпен санарлықтай. 
Бұл, бір жағынан, тарихнаманың дербес ғылыми сала және арнаулы 
дисциплиналық пән ретінде кенже пайда болуымен түсіндіріледі. 
Қазақстандық тарихнама ғылымының танымал өкілдері қатарына Г.Ф. 
Дахшлейгерді, Д.И. Дулатованы, Н.В. Ерофееваны, Ж.Қ. Қасымбаевты 
және т.б. жатқызуға болады [153].
Кеңес дәуірінде қазақ халқының тарихи санасының, әсіресе 
бұқаралық санасының дамуына тарихшылармен қатар, әдебиетшілердің 
әсері болды. Осы орайда кеңестік жылдары қазақтың тарихи санасын 
жоғалтпай, сақтап қалуға, қазақтың көшпелі қоғамы ерекшеліктерінің 
реконстукциясын жасауға өз шығармаларында І. Есенберлин («Алтын 
орда», «Көшпенділер» трилогиясы), М. Мағауин («Қобыз сарыны», 
«Аласапыран» дилогиясы), Ә. Кекілбаев («Үркер», «Елең-алаң»), С. 
Сматаев («Елім-ай») сынды жазушылардың өзіндік үлес қосқанын айта 
кету керек. 
Бұлардың арасында қазақ әдебиетінде ең көп роман жазған (17 
роман), қазақ жазушылары арасында роман жанрында тыйым салынып 
келген тарихи тақырыпқа қалам тартып, алғашқы болып тарихи зерде 
тамырына қан жүгіртіп, тұншыққан сананы қапастан шығаруға жол 
салған, ұлт рухын тірілткен жазушы ретінде Ілияс Есенберлиннің орны 
оқшау ерекше тұлға. Ілияс Есенберлиннің алты кітаптан тұратын тарихи 
эпопеясы сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихты көркемдік 
пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі болып қала бермек.
Тарихи шығарма сол өткен заманның әлеуметтік-эстетикалық 
реконструкциясы ғана емес, онда бүгінгі уақыттың да философиялық 
концепциясы жатады. Тарихи шығармалардың өмір танытқыштық мәнін 
айтқан кезде, онда бүгінгі рухани тіршілігімізге қатысты көп мәселелер 
қамтылатынын ескеру керек. І. Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын 
Орда» романдарын өткенді айта отырып оны қазіргі өмір 
құбылыстарына байланыстыра білу - көркем шығарманың эстетикалық 
актуальдығын арттыратын көркемдік фактор екенін дәлелдейтін, уақыт 
рухы көрінетін, жаңа концепция әкелген шығармалар деуге болады. 
Қазақ тарихының соңғы бірнеше ондаған жылы түн-түнекті, меңіреу күй 
кешіп, өзге халық тарихының қосағында болғаны кім-кімге де белгілі. 
Мұның өзі қаншама буын ұрпақтың жандүниесіне әсер етіп, 
дүниетанымына салқынын тигізді, акыл-парасаты аяқ асты болды. Осы 
тұрғыдан келгенде жеке жазушының ғана емес, бүкіл казақ әдебиетінің 
тарихында әлеуметтік терең мәнді туынды болып қалған «Көшпенділер» 
трилогиясында Шыңғыс әулеті билеп тұрған дәуірлердегі ұлт тарихына 
тереңдеп еніп қадам жасауы қазақ әдебиеті мен көркемдік әлеміне алғаш 
рет І. Есенберлин әкелген жаңалық пен батылдық еді.


189 
1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі алғашқы 
бесжылдықта өзге де ТМД елдері сияқты біздің тәуелсіз республикамыз 
да көптеген қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-
рухани өзгерістерді бастан кешірді. Ұлттық тарихтың беттерінен 
айшықты орын алатын аса маңызды өзгерістер қатарына елдің егемендік 
алуы, тұңғыш Президенттік және Парламенттік сайлаулар өткізу, 
тәуелсіздігімізді жұртшылықтың мойындап, БҰҰ-на мүше боп кіру, 
мемлекеттік рәміздерді, нысандарды және Ата заңды қабылдау, ұлттық 
валютаны және банк жүйесін қалыптастыру, жоспарлы экономикадан 
бас тартып, нарықтық қатынастарға түсу, елді саяси-әкімшілік тұрғыдан 
реформаландыру және т.б. жатқызуға болады. Тәуелсіз халықтың 
қоғамдық санасындағы түбегейлі өзгерістер тарихи тағдырдың 
тәлкегімен ұмыт болған ұлттық дәстүр мен мәдениетті, тіл мен тарихи 
өткенді қайта жаңғыртуымен сипатталады.
Бұл тұрғыдан алғанда біршама жетістіктерге қол жеткізілді. 
Тұншығып келген дәстүрлі әдет-ғұрыптар жаңғыртылып, наурыз, ораза 
айт, құрбан айт мейрамдары жыл сайын тойлана бастады. Шындыққа 
шөліркеген халық тарихи ақтаңдақтардың беті ашылуына байланысты 
кезінде кеңестік идеологияның қысымымен бұрмаланған жәйттермен 
және есімдермен қайта қауышты. 1998 жылы қазақтың рухани 
мәдениетінің асқар тауы Абайдың жүз елу жылдығы ЮНЕСКО 
шешімімен халықаралық дәрежеде тойланса, келесі жылы жыр алыбы 
Жамбыл мен заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың жүз 
жылдығы аталып өтті.
1998 жылдың «Халық бірлігі мен ұлттық тарих» жылы деп аталуы 
төл тарихты тану арқылы Қазақстан халықтарының береке-бірлігін, 
ынтымағы мен жарастығын, достастығы мен туыстастығын онан әрі 
нығайту мақсат етті. Осыған байланысты отандық тарихты саралап 
танудың басты бағыттарының біріне қазақ халқының тарихы мен 
мәдениетінің негізқұраушы тиянақтап талдау жасау қажеттілігі 
туындады.
Сондықтан да бұл бағыттағы атқарған істер мен жүргізілген шаралар 
өте ауқымды болды. Төл тарихымызды, елдік дәстүр, халықтық тағдыр-
талайымызды танып-білуде, ескерткі мұрағаттарымызды жинастыру мен 
сараптауда біраз жетістіктерге қол жетті. Бұған дейін қол жетпей жүрген 
деректер, білмей жүрген рухани қазыналар жарыққа шыға бастады. 
Шетел мұрағаттарынан да туған тарихымызға қатысты құжаттар 
жинақталып, оқырман игілігіне ұсыныла бастады. Осы жинақтаған 
мәдени мұра мен рухани қазынаны талдап, жіктеп, қоғамның игілігіне 
жарату зиялы қауым мен ғалымдарға үлкен міндеттер жүктеді.
Бұл міндеттің, әсіресе, ауыр жүгін тарихшы-мамандар арқалады. 
Елімізге есімдері белгілі М. Қозыбаев, К. Байпақов, К. Нүрпейісов, М. 
Қойгелдиев, Т. Омарбеков, Н. Әміреқұлов, Б. Көмеков, Ж. Абылғожин, 


190 
Т. Сұлтанов сынды майталман мамандар қыруар жұмыстар атқарды. 
Беті жабулы архив құжаттары мен дерек көздері ғылыми айналымға 
енгізілді. Әсіресе Т. Омарбеков пен М. Қойгелдиевтің есімдері сол 
кездегі оқырман қауым мен студент жастар арасында қуғын-сүргін 
құрбандары болған қазақ зиялылары туралы шындықты мұрағат 
деректері негізінде жариялаған тарихты жаңғыртушылар ретінде есте 
қалды.
Дегенмен тарихшыларға ғылым майданының бұл бағытында 
Елбасының өзі үлгі көрсетіп тұрғандай. Оның «Тарих толқынында» атты 
еңбектері отандық тарих ғылымына тәуелсіздік жағдайында жаңа 
әдістемелік, тұжырымдамалық бағыт-бағдар беріп тұрған тәрізді. 
Кеңестік тарихнаманың отаршылдық астары айқындалып, қазақтың 
балама тарихтары пайда бола бастады. Қ.Данияров, Күзембаев, С. 
Қоңдыбай және т.б. авторлар өз еңбектерін жаңа балама еңбектер деп 
есептейді. Кейбір авторлар, мысалы, дарынды тарихшы С.Қоңдыбай 
өткенді қайта қарауда қазақтың тарихын мифологияландыруға дейін 
ұмтылды [154]. Патриоттық көңіл-күйден туындаған бұл еңбектердің 
көпшілігінде тарихи шындықтың ұшқыны бар екенін де теріске 
шығаруға болмайды. Қанша дегенмен де отандық тарихшыларға жалаң 
эмпиризмнен арылып, тарихи айғақтарды терең дүниетанымдық 
түбірімен, мәдениеттанымдық қырымен толықтыру арқылы мәселені 
салмақты түрде қою, өткенді қазіргімен байланыстыра білу жетіспейтін 
тәрізді. Сондықтан ұлттың өткен тарихи мен дәстүрлі рухани-
дүниетанымдық тұғырларын қалпына келтіруде философия маңызды 
орын алады. 
Жекелеген ғылым салалары табиғат пен қоғамның нақты қырларын 
зерттеумен айналысса, ал философияның пәндік аймағы адам мен 
әлемнің арақатынасын қамтиды. Осыған сәйкес ғылым ұлттықтың 
ауқымынан тыс жатса, ал философия өзінің бастауын мифологиядан, 
діннен алатындықтан әлемге деген қатынастың этностық сипатымен, 
мәдени ерекшелігімен тығыз байланыста болады. Демек, әлемде қанша 
ұлттық жетілген мәдениеттер бар болса, сонша ұлттық философиялық 
жүйелердің болатындығы белгілі. Ал қазақ халқының кейінгі ұрпаққа 
қалдырған рухани мол мұрасын ескерсек, қазақ философиясы туралы сөз 
қозғау орынды да әрі маңызды. 
Қазақ мәдениетінің өткені, оның терең рухани қыртыстары мен 
болмысы, бүгінгі мәдени ахуалдың қайшылықтары мен келешегі 
мәселелерін зерттеу өзінің көкейтестілігімен көзге түсіп, отандық 
философия ғылымына маңызды міндеттер жүктейді. Егер Батыста кәсіби 
формадағы университеттік философия үстемдік етсе, қазақтардың 
ұлттық дүниетанымы көркемдік және діни міндеттердің дәстүрлі 
түрлерінде басым болып келеді. Бұл мәселе қазіргі кезде 
еуроорталықтық ойлау тәсілінен арылған қазақ философиясының 


191 
болашағы туралы мәселені күн тәртібіне қояды. Қазақтың төлтума 
мәдениетін қалпына келтіру, халықтың тарихын жан-жақты түсіну үшін 
де, оның дүниетанымдық негізі мен әдістемелік құралын қалыптастыру 
қажет. 
Өркениетіліктің әлемдік озық үлгілеріне ілесу мен ұлттық 
мәдениетті замана талаптарына сай жаңғырту философия ғылымымен 
қатар, мәдениеттану саласына да келелі міндеттер жүктейді. Қазақ 
мәдениетінің тарихы мен теориясына деген қызығушылық аталмыш 
ғылым саласының елімізде жедел қарқынмен дамып, осы уақытқа дейін 
әртүрлі бағыттағы бірқатар мектептердің қалыптасып үлгеруіне әкелді. 
Олардың ішінде тарихи-мәдени ұстанымдағы мектепті, мәдениет 
философиясы мектебін, этнографиялық-мәдениеттанулық, әлеуметтік 
мектептерді, көркем мәдениеттанулық бағытты, мәдениеттанудың 
постмодерндік мектебін атап өтуге болады. 
Қазақстанда 
тарихи-мәдениеттанулық 
бағыт 
өзгелерімен 
салыстырғанда анағұрлым ертерек қалыптасқан. Бұл бағыттың 
құрамына философтармен қатар тарихшылар, әдебиетшілер мен тіл 
мамандары, психологтар кіреді және өз зерттеулерінде олар 
хронологиялық ұстанымды көбірек қолданады. Ш. Уәлихановтың 
ғылыми еңбектерінен бастау алатын аталмыш бағыт кеңестік және 
қазіргі дәуірдегі тарихшылар - Ә. Марғұланның, Х. Арғынбаевтің, Ә. 
Хасеновтің, А. Қалышевтің, К. Әжікеевтің, А. Ғалиевтің, Н. 
Әлімбайдың, С. Өтенияздың, В. П. Юдиннің, Н. Масановтың 
еңбектерінде, сондай-ақ тіл-әдебиет мамандары мен психологтар – Е. 
Тұрсыновтың, Ш. Ыбыраевтың, Ж. Дәдебаевтың, Ж. Жарықбаевтың, М. 
Мағауиннің, А. Сейдімбектің және т.б. шығармаларында Андрон, 
Беғазы-Дәндібай дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі қазақ этномәдениетінің 
әлеуметтік-шаруашылықтық, саяси-құқықтық, көркем шығармашылық 
қырлары баяндалады. Ал қазақтың дүниетанымы мен философиясының 
тарихы өзінің әртүрлі қырларында А. Қасымжановтың, Д. Кішібековтің, 
Ә. Нысанбаевтың, Т. Ғабитовтың, Ғ. Есімнің, С. Ақатайдың, М. 
Орынбековтың, А. Қасабектің, Т. Әбжановтың, Ж. Молдабековтың, І. 
Ерғалиевтің және т.б. еңбектерінде қарастырылады. 
Қазақстандық мәдениеттанудағы беделді мектептердің бірі мәдени-
философиялық 
бағыт 
болып 
табылады. 
Мәдениеттің 
жалпы 
философиялық 
мәселелерімен 
айналысатын 
ғалымдардың 
дені 
Философия және саясаттану институтында шоғырланған (Қ. Әбішев, Қ. 
Нұрланова, М. Бурабаев, А. Хамидов, Ю. Колчигин, Г. Соловьева, С. 
Нұрмұратов, Г. Шалабаева, Ғ. Құрманғалиева, А. Кенесарин және т.б.). 
Мәдениет 
философиясы 
мәселелерінің 
әртүрлі 
қырларымен 
отанымыздың бірқатар ғылым мен білім ошақтары айналысады. 
Олардың ішінде мәдениет философиясы мамандығы бойынша 
диссертациялық кеңес жұмыс жасайтын Абай атындағы мемлекеттік 


192 
педагогикалық университетті (білікті мамандар қатарына Б. Байжігітов, 
Н. Шаханова, Ж. Мүтәліповтер жатқызылады) және мәдениет тарихы 
мен теориясы мамандығы бойынша диссертациялық кеңесі бар әл-
Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (құрамында Б. Нұржанов, 
С. Темірбеков, Т. Ғабитов, Ә. Наурызбаева, А. Құлсариева, Қ. Затов 
сынды мәдениеттанушылар қызмет етеді) атап өтуге болады. 
Қазақтың ұлттық дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын, оның рәміздік 
астарларын 
зерттеуге 
деген 
ғылыми 
қызығушылық 
мәдени-
этнографиялық зерттеулер шоғырының қалыптасуына әкелді. Бұл 
бағыттағы кезінде Ш. Уәлиханов салып кеткен сүрлеуді Ө. Жәнібеков, 
Ә.Төлеубаев, М. Хасанов, Ж. Қаракөзова, Н. Шаханова және т.б. онан 
ары жалғастырды. Ал дәстүрлі өнер мен ауыз әдебиетінің мәселелерін 
мәдениеттанымдық тұрғыда зерттеу Қ. Нұрланованың, Б. Байжігітовтің, 
М. 
Балтабаевтың 
және 
т.б. 
басқаларының 
есімдерімен 
байланыстырылатын көркем-шығармашылық бағытында дамытылды.
Қазақстанда постмодерндік мәдениеттанудың қалыптасуы туралы 
айтқанда, алдымен есімізге Ә. Қодардың бастамасымен жарияланатын 
«Тамыр» журналының төңірегіне топтасқан авторлар еске түседі. Ә. 
Қодардың, Н. Садықовтың, Н. Оспанұлының, Ж. Баймұхамедовтың, Д. 
Амантайдың шығармалары мен аудармаларында номадологиялық өмір 
стратегиясы, орталықсыздандыру, дискурс, гипермәтін, гипершындық 
сияқты тақырыптарға басты көңіл аударылады. 
Қазақстандағы бұл мәдениеттанулық мектептер мен бағыттарды 
толық қалыптасып бітті деп әлі айта алмаймыз. Бұл біздің елімізде 
дербес пән және жеке ғылым саласы ретіндегі мәдениеттанудың, өзге 
батыс 
елдерімен 
салыстырғанда, 
кеш 
пайда 
болып, 
кенже 
дамығандығымен байланысты. Дегенмен, мәдениет туралы ғылыми 
білімнің осындай жалпы құрылымы мен көлемі бүгінгі мәдениеттану 
ғылымының мазмұнын құрайды.
Ғасырлар тоғысындағы 2000 жылдың елімізде «Мәдениетті қолдау 
жылы» деп жарияланғаны белгілі. Халық пен ұлттың болашағы, оның 
мәдениеті мен білімділігінің деңгейі ғасыр басында қаланған іргетастың 
беріктігіне байланысты. Бұл шара сол бір жылдың ішінде өткізілген 
науқан болып қана қоймай, өзінің заңды жалғасын тапқаны көңілге 
қуаныш ұялатады. Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың 
ұсынысымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қолға алына 
бастап еді. Енді міне оның алғашқы жемістері де қолға тиіп қалың 
оқырманның игілігіне жарауда. Осы бағдарлама бойынша тарих 
саласында «Түркітілдес деректердегі Қазақстан тарихы» сериясында 
бірінші (Өтеміс қажы. Шыңғыс-наме) және екінші томдар (Көне түрік 
бітіктастары мен ескерткіштері: Орхон, Енисей, Талас), «Орыс 
деректеріндегі Қазақстан тарихы» сериясы бойынша бірінші, екінші, 
үшінші (Қазақстан тарихы мен этнографиясы бойынша дипломат А.И. 


193 
Тевкелевтің жорналдары мен қызметтік жазбалары) томдары, «Қытай 
деректеріндегі Қазақстан тарихы» сериясы бойынша бірінші том 
(Саяхатнамалар мен тарихи-географиялық еңбектерден таңдамалылар), 
«Моңғол деректеріндегі Қазақстан тарихы» сериясы бойынша бірінші 
және екінші томдар ( «Алтын топшы», Лұбсанзандан) жарыққа шығып 
үлгерді. Сондай-ақ философия саласында да «Әлемдік философиялық 
мұра» және «Қазақ халқының философиялық мұрасы» сериялары 
бойынша әрқайсысы жиырма томнан тұратын еңбектер мен аудармалар 
жарияланды.
Қазақтың тарихнамасы мен тарих философиясы отандық әлеуметтік-
гуманитарлық ғылымда әлі күнге дейін арнайы түрде зерттеле қоймаған 
тың тақырыптардың бірі. Тарихтың философиялық, мәдениеттанымдық 
мәселелері, тарихи-мәдени үдерістің мәні мен мазмұны, тарихтың 
онтологиясы мен гносеологиясы, тарихи сана мен таным мәселелері, 
тарихнаманың теориясы мен методологиясы, тарих ғылымының 
логикалық-әдістемелік мәселелері шетелдік және ресейлік ғылыми 
әдебиеттерде біршама терең зерттелген. Бұл бағытта, әсіресе, Р. Арон, 
М. Бахтин, Н.А. Бердяев, Н. фон Гартман, Г. Зиммель, Б. Кроче, Х. 
Ортегга-и-Гассет, Г. Риккерт, П. Рикер, Э. Трельч, А.Дж. Тойнби, Ф. 
Фукуяма, С. Хантингтон, К. Ясперс секілді оқымыстылардың есімдері 
ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл авторлардың еңбектері «әлемдік 
философиялық мұра» сериясында тәржімаланып, қазақ тілді оқырманға 
қарай жол тартты. Алайда тарихты, оның ішінде әлемдік тарихтың үлгісі 
ретіндегі еуропалық тарихты әртүрлі қырынан қарастырған бұл 
ойшылдардың назарынан тарих сахнасынан шығып қалған кейбір 
өркениеттер, оның ішінде көшпенділер өркениеті тыс қалды. Ал 
еуразиялық ұлы дала көшпенділерінің соңғы тұяқтарының бірі – 
қазақтардың тарихы ресейлік және кеңестік отаршылдықтың ықпалымен 
жазылды. Ал шежіреге негізделген даланың ауызша тарихнамалық 
дәстүрі ғылыми әлемде мойындала қоймады. Отандық ғылымдағы осы 
ақтаңдақтардың орнын толтыруға, тарихи және мемлекеттік сананы 
орнықтыруда «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы осы 
«Қазақ халқының философиялық мұрасы» атты аталмыш томдар 
тізбегінің қосатын үлесі де орасан зор болмақ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет