Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 26 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі



Pdf көрінісі
бет13/26
Дата17.01.2017
өлшемі0,95 Mb.
#2079
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   26

ЖАПЫРЫП ЖАУДЫ ЖЕҢГЕН СОҢ
Футбол əуесқойлары өздерінің нақсүйер командасы жарыс 
кестесінің қай деңгейінде келе жатқандығын, жоғарылағанын не 
төмендегенін үзбей қадағалап отырады жəне оған бейтарап, сүлесоқ 
күйде қала алмайды. Белгілі бір дəрежеде əдебиет сыншысының 
жағдайын (əрине, шартты түрде) осы футбол əуесқойларымен 
салыстыруға болар еді. Бірақ басын ашып алатын басты бір 
айырмашылық – футбол əуесқойы өзі қалаған бір команданың 
тағдырына ғана күйініп сүйінсе, сыншы өзінің белгілі бір жанкүйер 
жазушысы ғана емес, жалпы əдебиеттің тағдырына, əрбір ақын-
жазушының тағдырына ортақтасады. Оның жақсысына жанымен 
қуанып, кемісіне кейіс білдіреді. Бұлай болмаған жағдайда ол шын 
мəніндегі əдебиет сыншысы болуы да неғайбыл.
Жазушының көз алдында қанаттанып, көз алдында ұядан ұшып, 
көз алдында аяқтанып келе жатқаның көрудің өзі əдебиетші үшін 
ерекше бір ғанибет. Жаңа бір шығарманы қолыңа алғанда, автордың 
бұрынғыдан өзгергені, өскені бар ма əлде өшкені бар ма деп 
қарайтының да содан болуға тиіс. Қалмұқан Исабаевтың «Бетпе-
бет» романын оқығанда біз дəл осындай ойда болдық.
Қалмұқанның қазақ əдебиетіне келуінен бастап қазіргі жеткен 
жеріне дейінгінің бəрі де біздің буынның көз алдында болып ке-
леді. Біз оның «Ажал құрсауында» атты алғашқы көлемді еңбегін 
де, майдан өмірінен жазған əңгімелері мен Аягөздің Айғызы жай-
лы, болашақ Ертіс – Қарағанды каналының құрылысы жайлы жазған 
очерктерін де қалдырмай оқығанбыз. Тіпті кейбіреулерін редак-
цияда қызмет істеп жүрген кезімізде қалам тигізіп, қолымыздан 
өткергеніміз де бар. Демек, ол шығармалардың бəрі де бізге таныс, 
ол жөнінде Қалмұқанның бізден жасырып-жабар сыры жоқ.
Автордың бар жазғанын қазбай-ақ, осы сөз болып отырған соңғы 
романының өзін-ақ алып қарайықшы. Жазушы кітабының аяғында: 
«Варта-Ильменау (ГДР) – Алматы. 1953-1963» деген сөздермен 
соңғы ноқат қойыпты. Бір шығарманың жазылуы үшін аз уақыт 
емес – дөңгелек он жыл. Бұл шығарманың қолжазбасын автор алғаш 
рет 1954 жылы Жазушылар одағына əкелген екен. Содан бері ол сан 
өзгеріп, мүлде жаңаша жазылғаны байқалады. Тіпті өткен жылғы 
талқыланған қолжазбаның өзіне жазушы көп-көп сапалық өзгерістер 
енгізіпті. Жұртшылық пікіріне құлақ асып, оның орындысын пай-
далану – жазушыға жақсылықтан басқа дəнеңе бермейтіндігінің бір 

190
191
мысалын Қалмұқанның осы романынан көруге болады. Расында да, 
екі ауыз сын айтылса, жалына қол апартпай қотырына қалушылық 
жұрт пікірінен əлдеқандай бір өшпендік іздейтін орынсыз секемшіл-
дік өсемін деген жазушының ауыл үй қонатын мінезі емес.
Суреттеп отырған өмірді бүге-шігесіне дейін жете білу жазушы-
ға жүктелетін ең бірінші міндет екендігі мəлім. Қ. Исабаев роман-
ындағы бізді қуантқан бірінші жағдай міне осы жазушының өзі жа-
зып отырған объектісін жете білетіндігі. Роман оқиғасында «аталы 
– өлесің, атасың – өлтіресің, міне соғыс деген осы» деп төтесінен 
тартатын долбар жоқ, қайта жарақты жаумен жағаласып, көп өмірді 
көзімен көрген адамның бұлтартпас куəлігі, тікелей алған əсері, 
шынайы сезімі бар. Əрине, соғыс шындығын жазу үшін, алдымен 
«окоп шындығын» білудің зор маңызы бар екені баяғыдан айтылып 
келе жатқан ақиқат. Алайда, майдангердің көзбен көргенінің бəрі 
көркемдік шындық бола бермейді. Демек, топтау, жинақтау, обобще-
ние дегендер бұл тақырыпта да аса қажет. Қалмұқан осы кітабында 
өз тəжірибесін өмірдің болуы мүмкін басқа да жайларымен жап-
жақсы тоғыстырғаны көрініп тұр.
«Бетпе-бет» романы жазушының бұдан бұрын жарияланған 
«Ажал құрсауында» атты шығармасының жалғасы болып саналады. 
Ол шығармасында неміс фашистерінің концлагерінде тамұқтың аза-
бын тартқан совет патриоттарының ерлік істері, нацистер орнатқан 
зұлмат дүниесіне қарсы астыртын күресі, ол күрестің жеңіспен 
аяқталуы, лагерьдегі əр алуан ұлт өкілдерінің интернационалдық 
ынтымағы баяндалған болса, «Бетпе-бет» романында неміс фашизмі 
күйрегеннен кейінгі алғашқы кезеңнің оқиғалары суреттеліп, совет 
адамдарының фашизм бұғауынан енді ғана азат етіліп шыққан Гер-
манияны демократиялық жолға бұру жолында жүргізген күресі бей-
неленген.
Оқиға Германияның Шмальштадт деп аталатын шағын қаласында 
болады. Соғыстың ақырғы күндерінде американдықтар келіп 
оккупациялаған бұл қала келісім бойынша совет əскерлерінің қолына 
өтеді. Автор осы күннен бастап қалада демократиялық тəртіптің 
қалыптасып нығаю процесін жəне бұл істе даңқты Совет Армиясының 
атқарған ізгі миссиясын реалистік тұрғыда көркем бейнелеуге та-
лаптанады. Адалын айту керек, бұл жөнінен автордың қол жеткен 
табыстары жеткілікті. Əсіресе қолжазбаның сюжет ұтқырлығы 
қызықтырады. Фашистер үкіметі құлап, бұрынғы əкімшілік бор-
дай тозып, қирап жатқан қаланың тіршілігі, əр алуан топтағы 
адамдардың іс-əрекеттері, мұндай жағдайда əркезде-ақ кездесе бе-
ретін анархиялық мінез-құлықтар жанды бейнесімен көз алдыңа ке-
леді. Жəне бұл автордың айтуы бойынша емес, оқушы күтпеген шым-
шытырық, қиян-қилы қызық əрі шындық оқиғалар арқылы беріледі. 
Жазушылық шеберліктің жете шыңдалмағандығынан болған кейбір 
шұбалаңқылық болмаса, кітап тұтастай алғанда қызыға оқылады. 
Басталған белгілі бір эпизодтың немен тынатынын оқушы асыға 
күтіп отырады. Міне, осындай жағдайда оқушының күтпеген шешім-
дерге кенет тап болатын сəттері де жиі ұшырасады. Əрине, осының 
бəрі де сюжеттің қызықтығынан, оқиғаның ұтымдылығынан болса 
керек. Жəне айта кету керек, сюжет, оқиға тартымдылығы дегенде, 
бұл романда қым-қуыт детектив те жоқ, мұнда кəдімгі күнбе-күнгі 
қала тіршілігінен туып отыратын шынайы картиналар, шынайы 
өмірдің қиыншылықтары бар.
Қалай болғанда да, автор өзі қалап, саналы түрде əдейі барып 
отырған қиын да күрделі тақырыпты жақсы біліп, жете меңгергендігін 
таныта алған. Əрине, соғыс тақырыбына жалпы Одақ көлемінде, 
соның ішінде, қазақ əдебиетінде де жазылған шығармалар аз 
емес. Біз олардың көпшілігінен-ақ фашист басқыншыларының 
айуандығын, совет адамдарының отаншыл ұлы жүрегі мен патри-
отизмін, жанқиярлық ерлік істерін көретін едік. Ал, Қ. Исабаевтың 
бұл романынан ұзақ жылғы соғыстың тауқыметін тартып, əбден 
қажыған қарапайым халықтың өліп-талып аңсап жеткен бейбіт 
өмірге алғашқы бетбұрысын, «уһ» деп алған алғашқы тынысын та-
нимыз. Жеңілген елде осы бір кезеңдегі алуан түрлі идеялық бағыт-
бағдарға, əртүрлі саяси көзқарастарға ұшырасамыз. Бұл романнын 
оқушыға, əсіресе, Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңдерінің 
не бір ауыртпалықтарын тарих оқулықтарынан ғана білетін жас 
ұрпаққа берері көп. Олар бұл кітаптан өздері бұрын естіп, оқып, 
біліп жүрген көп жағдайларды көркем бейнелер арқылы көз алдына 
елестетеді.
Жазушы көп жағдайда өз оқушысын соғыстың зардаптарынан 
жирендіру, бездіру арқылы баянды бейбітшілікке ұмтылдыруға, 
соғысқа қарсы тəрбиелеуге тырысады. Соғысқа қарсы, бейбіт өмір 
үшін, болашақ ұрпақтың бақыты үшін күрес – кітаптың ең басты, 
өзекті идеясының бірі. Алайда автордың соғысқа қарсылығы наци-
фистік қарсылық емес. Ол əділетсіз басқыншылық соғысқа қарсы. 
Бұл идея шығарманың бүкіл өнбойынан аңғарылып отырады.
Əрине, көркем шығарманың ерекшелігі сол – мұнда идея жалаң 
берілмейді, алуан-алуан оқиғалар, талас-тартыстар үстінде, кез-

192
193
десу-кеңесу, айну-ажырасу, түңілу-түсінісу т.б. сол сияқты тір-
шілікке тəн харакеттер үстінде тоғысатын адамдар характерлерінің 
қақтығыстары арқылы беріледі. Демек, көркем шығарманың идея-
сын жеткізушілер – ондағы образдар, адам тұлғалары.
Ендеше, «Бетпе-бет» романындағы образдар жүйесіне қысқаша 
тоқталып өту қажет.
Жазушы романдағы кейіпкерлер санын шамадан тыс тоғытып, 
көбейтіп жіберуден бойын аулақ салыпты. Бұл орынды да. Өйткені 
кейіпкер саны қаншалықты көп болса, характер жасау, оларды өзіндік 
ерекшеліктерімен даралау жазушыға соншалықты қиындыққа түсер 
еді.
Романдағы бас кейіпкер – қаланың коменданты – майор Төлеген 
Ақылов. Біз оны генерал Сугробовтың қабылдауында болып, осы 
қалаға жолдама алып келген кезінде қала тіршілігіне батыл арала-
сып, қызметке қызу кірісіп кеткен бойда көреміз. Жылдар бойына 
фашизмнің үгіт-насихаты уландырып, большевиктер, коммунистер, 
советтер, жалпы орыстар жайында буржуазияның жүргізіп кел-
ген өсектері санасына əбден сіңген жергілікті халықтың, əсіресе, 
интеллигенцияның тілін тауып жұмыс істесу Төлегенге оңай 
соқпайды. Бірақ жеңістен өзгені білмеген Совет Армиясының 
ержүрек офицері, партияның адал ұлдарының бірі Төлеген сол 
қиыншылықтарды салқынқанды сабырлылықпен жеңе біледі. Ол 
Совет Армиясының немістің қарапайым халқына дос көңілден 
басқа ешқандай дұшпандығының жоқ екендігін, оның ойлайты-
ны немістің соғыстан арып-ашып, шаршап-шалдығып шыққан 
қарапайым халқының қамы, соның болашағы екендігін сөзімен де, 
бүкіл күнделікті іс-əрекетімен де көрсете біледі. Сөйтіп Совет Одағы 
саясатының əділдігіне тұрғын халықтың көзін жеткізіп, олардың 
арасынан көптеген достар табады. Халық енді совет адамдарына 
сенімсіздікпен үрке қарауды қойып, өз қаласында қалыпты өмір, 
демократиялық тұрақты əкімшілік орнатуға белсене аталысады. 
Бұл жөнінде ол көбінесе неміс жұмысшы тобының өкілдері Вернер 
мен Паулые, т. б. адал неміс азаматтарына, əр алуан антифашистік 
топтардың өкілдеріне арқа сүйейді. Соғыстан əбден қираған қаланың 
көшелерін, кварталдарын иіс-қоқыстан тазалату үшін, ол жиналған 
жұртқа өздері қатты құрметтеп, сыйлайтын белгілі ғалым профес-
сор Клаус Гиптнерді сөйлетеді. Төлегеннің ұйымдастырғыштық, 
басшылық қабілеті əсіресе заводта болған диверсияны, балалар 
бақшасындағы зиянкестікті, Шмальштадт басында қаза тапқан совет 
жауынгерлеріне ескерткіш орнату, сондай-ақ профессор Клаустың 
өзін өзі атып өлтіру себептерін ашу сияқты ірі-ірі операциялардың 
тұсында кеңінен ашылып танылады. Шығарманың өн бойында 
Төлеген жат елге советтік үлгі-өнеге мен социалистік гуманизм идея-
сын таратушы адал патриот, қажырлы күрескер, үлкен жүректі шын 
мəніндегі совет азаматы болып танылады. Төлеген өзінің семьялық 
жеке өмірінде алуан бақытсыздық жайларға да тап болады. Бұл 
бақытсыздық оны Германияға артынан əйелі Үміт іздеп келгеннен 
кейін басталады. Жеке адамға табыну кезеңінің сұрқылтайы Əмір 
сияқты залымның алдау-арбауына түскен Үміт мінезі Төлегеннің 
көз алдында өзгере береді, өзгере береді. Бірде тіпті жанжалға дейін 
барып қалатын жайлар болады. Əуелгі кезде Төлеген ашуын ақылға 
жеңгізіп, сабыр сақтап, мəселені ушықтырмай қоя салады. Ол тіпті 
бір рет əйелінің аузынан арақ иісі шығып, масаңдау боп жатқанын 
білсе де, осылай үндемей қалады. Ақыр аяғында жанына балаған 
жарының дүние жинап, Алматыдағы жеңгесіне қайта-қайта посыл-
ка салып, жалпы айналадағы өмірге, адамгершілік мəселесіне деген 
көзқарасы күн санап, көз алдында сабындай бұзылып, өзгеріп бара 
жатқанын бір емес, бірнеше рет көрген Төлеген Үмітті ақтық рет 
ашық əңгімеге, бүкпесіз сырласуға шақырады. Бірақ ол «мезгілінен 
қолын кеш сермеген» еді. Бұл кезде Төлегенді Совет елінің дұшпаны 
етіп көрсеткен Əмірдің азғырындысына əбден иланып, көңілі 
тұрақтаған Үміттің көз алдында өз күйеуінің болашағы күңгірт тар-
тып, бірте-бірте қараңғы қапасқа айналып біткен-ді. Сондықтан да 
ол күйеуі шақырған ашық əңгімеден бой тартып, ақырында себебін 
айтпастан Алматыға қайтып кетеді.
...Міне, əйелін елге қайтатын пойызға шығарып салуға келген 
Төлеген Əмір мінезіне жəне əмірлер дүниесіне қатысты көңілде 
жүрген көп сұрақтарына жауап іздеп, генерал Сугробовтың каби-
нетінде отыр. Бірақ ол кезде абырой-атақты жалған жолдан іздеп 
жүрген Əмір əрекеттері тек Төлеген үшін ғана емес, талай-талай сыр-
лар түйген қарт генерал үшін де шешілуі қиын жұмбақ оңайлықпен 
тарқатылмайтын түйін еді. Əрине, қарт генерал мұндай мінездердің 
түп төркіні мен тамырлары əмірлерден гөрі əріректе, тереңіректе 
жатқанын шамалайтын. Жүрек түкпірінде жиналған сұрауларын 
бүкпесіз ақтарып, ашық айтып шыққан майор Ақыловқа айтары 
аз болғандықтан да, генерал оның соңынан ұзақ қарап, өзі білетін 
ержүрек адал офицер мен Əмір түсірген көрсетінді шағымдардың 
арасынан ұқсастық таппай үнсіз отырып қалған-ды.

194
195
Жазушы Төлегеннің осы мəселелер жөніндегі ой толғаныстарын, 
іштей тебіреністерін психологиялық, эмоциялық жағынан əсерлі 
де сенімді етіп бергені бірден байқалады. Өз көңіліндегі жұмбақ 
сырлардың шешуін таба алмаған Төлеген ақырында армиялық 
қызметтен босатуды сұрап командованиеге арыз жазады...
Романның эпилогында бір кездегі неміс қаласында совет комен-
датурасында қызмет істеген қарағандылық жас солдат Рамазанға 
жолыққан Үміт сөзінен оқушы Төлеген Ақылов партиямыздың 
тарихи XX–XXII съездерінен кейін Мемлекеттік қауіпсіздік коми-
тетіне қызметке шақырылғанын біледі. Сонау бір жылдарда шешуі 
табылмаған қиын жұмбақтың сыры да Төлегенге енді ғана анық 
болғанын оқушы айтпай сезінеді. Сонау кезде есік-терезесі үнемі 
қымтай жабылып тұратын оперативтік бөлімнің офицері Əмір Бай-
тасов бөлмесіндегі онсыз да ала көлеңке сұрқайлықты сұстандыра, 
көңілсіз күңгірттікті күшейте түскендей, келген адамнан көз ал-
май, əрқашан пенснелі көзілдіріктің астынан сүзіле, сыздана қарап, 
төр алдында тұратын портрет оқушының көз алдына келеді. Міне, 
жұмбақ сыры да осында болатын.
Бірде Төлегенге Марго деген жезөкше əйел өзінің 18-ге жаңа 
толған жас қызын əкеп көрсетіп, қалған өмірінде сол қызының 
бақытын сатып күн көрмек ойы бар екенін ашық айтады. Əрине, 
ойда жоқта болған мынау масқара оқиғаның тұсында Төлегеннің 
бұл əйелге не айту керектігі жөнінде ойға қалуы заңды нəрсе. Бұл 
түптеп келгенде екі дүние – капитализм жəне социализм дүниелері 
туғызған қарама-қарсы екі түрлі моральдың жүзбе-жүз беттесуі, 
екі түрлі идеологиялық тəрбие жемістерінің сынға түсер шағы еді. 
Сондықтан да жазушы, əйел əңгімесінен кейін үнсіз қалған бас 
кейіпкерінің басынан кешкен халін былайша баяндайды:
«Маргоның өмір сүрудің өзі айтып отырған сорақы бейнесіне 
сенетініне шəк келтіруге болмайды. Дəл осы жерде оған дүниенің 
көлеңкелі, жарық сəулелі екі беті болады деудің өзі артық еді... мұны 
осындай бір отырыста түсіндіре қою мүмкін емес. Марго ұсынысыңа 
қарсы бір ауыз сөз айту, дəл қазір оның үмітін шорт кескенмен бір-
дей. Ал үміті ақталмай, кесілген адам сорақылықтың қандайына 
болсын құлаш сермеуге бар».
Ой соңын осыған сайған Төлеген қызды шешесінен үнсіз алып 
қалады да, артынан балалар бақшасына жұмысқа орналастырып, 
тəрбиелейді. Кейін бақ ішінде оңаша жолыққанда, марголарды 
жəбірлеп келген адам қорлағыштарды есіне алған Төлеген уыздай 
жас қыз Бригиттаға əйел намысын қорғау, адам атын ардақтап биік 
ұстау дегеннің не екенін үйретуге бел байлайды. Оны Альбертпен 
бірге педагогикалық курсқа жібереді. Кейін біз оқудан қайтып, 
жұрт алдына бақытты семья құрып, қол ұстасып келіп тұрған 
Демократиялық Германияның жаңа сапалы жастарын көреміз. 
Германияның болашағы, неміс халқының болашағы осы жастардың 
қолында деген сенім аңғартады автор. Кейін біз Маргоны да күйеуге 
тиген қызын мақтаныш тұтып келіп тұрған ана ретінде, жұрт қатарлы 
өмірге қосылған əйел тұлғасында көреміз.
Жазушы бұл образды жалпы фашизмнің, капитал дүниесінің 
тудырған мерездерінің бірі ретінде əдейі алған. Мəселен, ол совет ко-
мендатурасына алғаш келген бойда кезекші офицердің «əлеуметтік 
жағдайыңыз қандай?» деген сұрауына: «Бұл дүниеде мен түсіне бер-
мейтін сұраулар көп, офицер мырза, мынауыңыз да соның бірі»– деп, 
ал «ендеше, күнкөріс кəсібіңізді атаңыз?» деген сұрауға: «мен ту-
ралы бірдеңе жазғыңыз келсе, еркек үшін туған əйел дей салыңыз» 
– деп жауап қайырады. Бақытын балалық шақтан жоғалтқан бишара 
əйелдің бойына капитал дүниесі еккен моральдық тəрбиенің сиқы 
осындай. Бұл оның қырсығып айтқан сөздері емес, көңілі сөнген 
имандай шындық дүниесі. Міне, осы əйел де сана саңлауы ашылып, 
түнде ұшқан көбелектей, жарыққа талпына бастайды. Бірақ, амал 
не, Марго бейнесі өзінің даму эволюциясы, түзу жолға түсу процесі-
мен толық көріне алмай, алғаш жоспарланған схема күйінде қалып 
қойған. Асылында адамның іштей жаңару, өзгеру процесі аса күрделі 
процесс. Демек, осы тұрғыдан оның түзелуіне совет адамдарының, 
демократиялық жаңа құрылыстың қандай əсері тиіп жатқандығы жет-
кілікті дəлелденбеген. Оқушы онымен біресе дұшпандар ықпалында, 
біресе адал ниетті адамдар жағында жүрген жерінде оқта-текте ғана 
кездесіп қалып отырады. Бұл образды кітапқа белгілі бір мақсатпен 
кіргізгеннен кейін оны характер ретінде, логикалық шегіне жеткізе 
мүсіндеп шығу, əрине, қажет-ақ еді.
Кітапта бұл сияқты көптеген оқиғалар бас кейіпкер Төлеген бей-
несін толықтырып, соның характерін сомдауға қызмет атқарып тұр. 
Бұл ұтымды да, орынды. Бірақ осы орайда айта кететін бір нəрсе – 
Төлегеннің əрбір бастаманы жүзеге асыру үшін, тіпті кейбір қатерлі 
мəселелерге кірісу үшін қаланы жалғыз аралап кете беруі сенімсіз-
деу. Қанша дегенмен, ол күні кеше ғана тізе бүккен жаудың қаласы, 
əлі қалыпты əкімшілік орны, тұрақты тəртіп жоқ қала ғой. Ол қалада 
Зурен сияқты кешегі фашист баскесерлері, Финк, Анзольм, Гунтер 

196
197
сияқты дұшпандар, американ разведкасының жалдамалылары қап-
тап жүргенде, совет комендантының атқосшысыз, күзетсіз күндіз-
түні жалғыз жүре беруінің шындық болуы екіталай.
Жазушының əдемі ойланған тұлғаларының бірі – капитан Де-
денов. Оның барлық туған-туысқаны фашистердің қолынан қаза 
тапқан, ал өзі майданда орасан зор ерлік көрсеткен батыр жауынгер. 
Ұлы Отан соғысы бойына неміс фашистері уақытша басып алып, 
билік жүргізген жерлерінен көріп келе жатқан айуандықтың іздері 
оның адал жүрегіне өшпес жара салып, қара қан болып қатқан. 
Бірақ осы өшпенділік оның саяси көзқарасына да шымылдық боп, 
немістің қарапайым халқы мен неміс фашизмінің екеуі екі басқа 
екенін ол көпке дейін түсіне алмай жүреді. Оның ойынша ешбір 
неміске аяушылдық болмауға тиіс, өйткені оның бəрі фашист. Бұл 
қате көзқарасынан ол Төлегеннің төзімділікпен жүргізген, ай-
тып, түсіндірген тəрбие жұмыстарынан, көрсеткен жеке басының 
үлгілерінен кейін ғана қайта бастайды.
Бірде ол қала халқын жұмысқа зорлықпен шығарып жүреді. Мұны 
көрген Төлеген оған: «Мұныңыз не? Халыққа неге күш жұмсайсыз?» 
– десе, ол: «Смоленскіде олар оқ жұмсаған» – деп жауап береді. 
«Смоленскіге фашистер барған, ал Шмальштадтқа кім келіп отыр?!» 
– деп, Деденов сөзін Төлеген бірден қайырып тастайды. Бұл арқылы 
ол совет адамының атқаруға тиісті миссиясын ескертіп өтеді.
Бомбадан қираған қаланың кварталдарын аралап жүріп, бір 
қараңғы подвалдан Деденов егеуқұйрық тышқандар талаған немістің 
үш жасар жетім қызын тауып алады да, оны балалар бақшасына тап-
сырып, сырттай қамқорлық жасап жүреді. Бұл аянышты хал немістің 
қарапайым халқына деген Деденовтың көзқарасының түзелуіне 
үлкен əсер етеді. Табиғатында адал, ержүрек, екі сөйлеуді білмейтін 
бірбеткей Деденовты Төлеген өзі ұсынып, комендатураның аға офи-
цері қызметіне тағайындатады.
Роман соңында ғана оқушы партиямыздың тарихи XX-XXII съез-
дерінен кейінгі шұғыла шуағында еркін тыныстап жүрген Деденов 
жайында хабардар болады. Ол, Рамазанның айтуынша, Қарағанды 
облысының бір селолық ауданында құрылыс-монтаж басқармасының 
бастығы болып істейді екен.
Деденов тұтастай алғанда, сом тұлғаланған, характер тұтастығы 
бар, əдемі мүсінделген образ. Тек жазушыға бір ғана ескерте кететін 
жай – Деденовтың əуелгі кезде арақ ішіп, мас болып алса болды, 
фашистерді қырамын да жоямын деп айғай-шу шығаратын эпизод-
тарды қайталай берудің кажеті жоқ.
Неміс халқының прогресшіл күштерінің өкілі ретінде алынған 
бургомистр Вернердің жəне оның əйелі, бір кездегі антифашист 
Элизабеттің, прогресшіл педагог əйел Мюллердің образдары бас-
аяғы жинақы, олпы-солпысы жоқ жап-жақсы шыққан образдар. 
Сондай-ақ романдағы əр алуан оқиғалар тұсында көрініс беріп 
қалып отыратын қарт жұмысшы Пауль, немістің болашақ прогрес-
шіл жастарының өкілдері Бригитта мен Альберт т.б. бірсыдырғы 
сəтті шыққан.
Біз бұл ретте қарт профессор Клаус жайында ғана бір-екі ауыз 
сөз айта кетпекпіз. Клаус – саясатпен көп ісі жоқ, жалпы адамгер-
шілікті, гуманизмді ереже тұтқан, өз халқының жанындай сүйген 
адал ұлы, ғылымның нағыз типтік өкілі. Ол қандай саяси өкімет 
болса да, оның қызметіне тек неміс халқына тигізетін жəне тигізіп 
отырған пайдасымен ғана өлшеп баға береді. Онда көптеген жылдар 
бойы фашистердің коммунистер жөнінде жүргізген үгіт-насихаты-
нан санаға əбден сіңіп калған сенімсіздік те табылады. Дегенмен-
де ол Төлегенмен бетпе-бет жолығып сөйлесіп, қаланы тазартудың 
неге керек екенін түсінгеннен кейін, орыс коммунистерінің мақсаты 
мен істерін кешегі фашистердің əрекетімен салыстырып барып, со-
дан соң ғана жаңа тəртіпке оң ыңғайын береді. Сөйтіп ол митин-
гіге жиналған көптің алдында сөз сөйлеп, халықты жабыла жұмыс 
істеуге шақырады. Сөзін жерде қалдырмайтын қала жұртшылығына 
профессордың бұл сезінің үлкен əсері болады. Жаңа тəртіптің тұсында 
мемлекет меншігіне берілген бұрынғы капиталист Генрих заводын-
да өмір бойы зерттеу жұмысын жүргізіп келе жатқан ғалымды Батыс 
Германиядағы американ разведкасы ұрлап əкетпек те болады. Бірақ 
оны бұл қауіптен завод жұмысшылары құтқарып қалады. Ақырында 
ол американ разведкасының телефон арқылы «профессорды Москва 
ұрлап əкетпекші» деген арандатушылық лақаптарының құрбаны бо-
лып, өзін өзі атып өлтіреді. Оның өлімінің себебін Төлеген бастаған 
топ кейін барып ашады. Бұл арандатушылыққа қатысқан Анзольм 
мен Финк, Иохим Гюнтер əшкереленіп қолға түседі.
Клаус образы – романның табыстарының бірі. Алайда автор 
ғалымның бойындағы, мінезіндегі аңқаулықты, ғылымның кей-
бір типтік өкіліне тəн парықсыздықты көбірек қызықтай беріп-
ті. Профессор ғылыми қызмет үстінде, саяси қызмет үстінде тіпті 
көрінбейді десе де болғандай. Сондықтан да бұл қызық образ бір-ақ 
қырынан көбірек көрініп, жан-жақты ашылмай қалғаны байқалады. 
Мəселен, оның өз еліміне себеп болған телефондағы əңгімені не 

198
199
күйеу баласы бургомистр Вернерге, не қызы Элизабетке, не құдай 
қосқан қосағы Лоттоға немесе ескі досы Паулье айтпай, ішқұса боп 
ауырып жатып, ақыры ағылып өлуге дейін барудың дəлелі жеткілікті 
болып шықпаған.
Дұшпандар тобынан ең күшті шыққан – бұрынғы фашистік режим 
тұсындағы хауфтштурмфюрер СС Зурен образы. Ол кешегі фашист, 
бүгін американдық разведкаға сатылған азғын, неміс халқының, 
жалпы коммунистердің бітіспес жауы. Бірақ сөйтіп жүріп, оның 
кітаптың аяғында совет комендатурасы ашқан балалар бақшасынан 
өзінің жалғыз ұлы Гельмутты тауып алып, сол үшін ғана Төлегенге 
өзі келіп беріле салуы, ал Төлегеннің оның сөзіне бірден сеніп, ба-
лалар бақшасына өзі ертіп баруы, сосын муниципалитетке, Вернерге 
жіберуі де шындыққа келіңкіремейтін тəрізді. Мұның өзі автордың 
осы образ арқылы айтпақ болған ойын табиғи жолынан едəуір тай-
дырып жібергенге ұқсайды.
Екінші бір қызық тағдыр – Финктің тағдыры. Ол алғашқы им-
перия тұсында бургомистр болған, ал фашистердің тұсында оларға 
да адал қызмет еткен, енді мына демократиялық тəртіптің тұсында 
да ол муниципалитетте қаланың сауда-саттық мəселесін басқарушы, 
жауапты қызметте жүр. Бұл – неміс бюргерлерінің нағыз типтік 
өкілі. Ол Зурен арқылы американ развед-Қасымен байланыс жасап, 
демократиялық құрылысқа қарсы қастандық əрекеттер жүргізеді. 
Ақырында Клаус өлімі тұсында əшкереленіп қолға түседі. Бірақ 
автордың бұл кейіпкерді шамадан тыс жетесіз, ынжық етіп жібер-
ген жерлері жоқ емес. Бұл алуандас кемшіліктің көбінің төркіні 
мен тамыры, түптеп келгенде, жазушы шеберлігінің қалыптасып 
үлгірмегендігіне саяды. Шығарманың тілінде де ала-құлалық көп. 
Автор кейіпкерлерінің сөздік мінездемесін жасауға, диалог құруға 
едəуір төселіп қалған. Мəселен, ғалым Клаус пен СС офицері 
Зуреннің немесе антифашист Элизабет пен жезөкше əйел Маргоның 
сөйлеген сөздері əрқайсысының өз бойларына үйлесіп, жарастық 
тауып тұрады, олардың характерлерін аша түседі. Олар дəл солай 
сөйлеуге тиісті, басқаша болуы мүмкін емес сияқты болып көрінді. 
Ал енді осының есесіне суреттеулер мен баяндауларға, кейіпкерлер-
дің портреттерін жасауға, пейзаждық суреттер сызуға келгенде жа-
зушы жорғасынан жаңылған жылқыдай шоқырақтай береді, қаламы 
мүлде доғал тартып қалады. Аракідік кейіпкерлердің іс-əрекеті 
көрінудің орнына автордың сыдыртпа жалаң баяндаулары килігіп 
кететін кездері де баршылық.
Дегенмен, жазушы тіл ұстарту жөнінде де, біз қараған бұрынғы 
шығармаларынан анағұрлым ілгерілегендігі, ерінбей еңбектенгендігі 
байқалады. Біздің қазақ жазушыларының халықаралық тақырыпқа 
бара бермейтіндігін ескерсек, бұл романды Қ. Исабаевтың едəуір ба-
тыл басқан қадамы деп бағалауға болады...
1964.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет