Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 26 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі



Pdf көрінісі
бет12/26
Дата17.01.2017
өлшемі0,95 Mb.
#2079
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   26

ЖАСТЫҚТЫҢ ӨЗІ – ЖАЙСАҢ ЖЫР
Əдебиетке əр қаламгер əртүрлі жолмен келетіні мəлім. Демек, 
əрқайсысының былайғы творчестволық тағдырлары да əрқилы 
қалыптаспағы табиғи құбылыс. Біреулер келген бойда-ақ талан-
тымен жарқ етіп танылып, өз төңірегінде дабыр-дүбірін, мадақ-
мақтауын, қолпаш-қошеметін ілестіре келсе, бағзы біреуінін 
дарынынан дақпырты бұрын жүретіні де болады. Ал əдебиет 
табалдырығын айғай-шусыз ептеп басқан сыпайы қадаммен аттап, 
ерінбей еткен еңбегі арқылы өз орнын тапқан қаламгерлер де аз 
емес. Осындай жазушылардың бірі – Əзілхан Нұршайықов. Ол орта 
мектеп партасынан тұрар-тұрмаста маңдайларына майдан тірлігі 
бұйырып, əдебиетке жорық жолынан келіп қосылған буынның өкілі. 
Творчестволық сəт сапарын журналист ретінде жазған очерктері 
мен əңгімелерден бастаған Əзілханның «Алыстағы ауданда», «Тың 
бастығы», «Ертіс жағасында», «Жомарт өлке» жинақтары көпке 
таныс. Алайда, жазушы көңілін көбірек белген тақырып – жастық 
өмір, жаз өмір, жақсы өмір. Сондықтан да оның «Жазушы» баспасы-
нан шыққан «Махаббат жыры», «Əсем», «Ботакөз», «Ескі дəптер» 
атты повестерін жұртшылық жылы қабылдады.
1970 жылдың аяғында оқырман қауымның қолына Əзілханның 
«Махаббат, қызық мол жылдар» атты романы тиді. Бұл шығарма, 

178
179
бəлки жазушының өзіне етене жақын, бауыр басқан сүйікті 
тақырыбына арналғандықтан да болар, əйтеуір автор қаламының 
барған сайын төселіп, талантының толысу жолында екенін 
танытарлық туынды. Романды оқып шыққан бір əдебиетші таяуда: 
«Үндемегеннен үйдей роман шығыпты», – деп əзілдегені бар. Ия, 
əзілмен айтылса да, осы сөздің төркіні шындыққа тірелетін тəрізді. 
Кітаптың соңғы нүктесі қойылған бетті жауып қойып, оқығаныңның 
бас-аяғын жинақтап, оймен тұтас шолып шыққанда, алуан түрлі 
адамдар тағдыры тағы да анталап, көз алдыңнан кетпей тұрып 
алады. Əсіресе бас кейіпкерлер Ербол мен Меңтай жайы көңіліңді 
əлдебір мұңмен сыздата сырқыратқандай күйге енесің. Сөйтесің де, 
көптеген беттерін көз оқығанмен, көңіл тоқи алмай сырғанап өте 
шығатын, сыншылардың ресми атауынша «ортаңқол, сұрқай» делі-
нетін кейбір шығармалардай емес, мынау дүниеліктен өзіңнің анаң 
биіктеп, жаның байып, сезімің серпіліп қалғанын сəтті аңғарасың. 
Көркем шығарма өз оқырманын əрі бейтарап күйде қалдырмай, 
еліктіріп ертіп ала жөнеледі. Бұл оның ең бірінші табысы, тегінде 
шығармада эстетикалық əсері, эмоциялық күші деп соны айтатыны. 
Біз оқып шыққан роман оқырманды осындайға жетелейтін жақсы 
шығарма. Тіпті кейбір ситуациялар өмірдің шым-шытырық бұралаң-
бұлтарыстары жайында баяндалатын беттер тұсында автормен етене 
пікір таластырып, полемикаға барып отыратын да сəттер болады.
Романның бас кейіпкері – майданнан қайтып, университетке 
оқуға түскен жас жігіт Ербол. Шығарма оқиғасына өзек болған да 
Ерболдың əңгімесі. Ол – сұрапыл соғыстың бар бейнетін бастан 
кешіріп, жеңіспен оралған жауынгер, өмірден көріп-түйгені бар 
жігіт. Ол парасатты, оқығаны да, тоқығаны да мол, пайымдағыш Ер-
бол сияқтылар үшін жорық жолдарының өзі бейбіт кездегі ондаған 
жылдардан ала алмайтындай білім мең тəжірибе жинауға болатын 
тұтас бір университет екені даусыз.
Күні кеше майданда блиндаждың есігі алдына келіп түскен 
баяу жарылатын снарядты, басқа еш адам бас көтере алмай бұғып 
қалғанда, алысқа көтеріп апарып, қауіпсіз жерге жеткізіп жаруға 
батылдығы жеткен Ербол бүгін мына бейбіт өмірде күнде көріп, 
қасында жүрген, өзі ұнатқан қызға көңіл білдіруге келгенде ба-
тылсыз, именшек. Ерлігі елге аңыз болған алып батыр Самсонның 
Далила алдында құрдай жорғалайтыны сияқты, мұның өзі де бір 
махаббаттың күші, жазылмаған заңы тəрізді. Өз жүрегіне сене 
тұра, бар ықыласымен сүйе тұра, қыздың да «кет əрі» емесін біле 
жүре, тіпті алғаш сырласқанда қыз аузынан бұл емеурінді ести тұра, 
махаббаттың əлгі бір нəзік те белгісіз заңы буа берген Ербол ұяңдық, 
именшектік салдарынан өз несібесінен көпе-көрнеу өзі айрылып 
қалды. Патриархат заманынан, ата-анадан қалған жол-жоралғы 
бойынша алғашқы қадам ер азамат тарапынан болуы, ұсынысты 
күйеу жасауы, ал «əйел жолы жіңішке» деп, қалыңдық тарапынан 
инициатива жасалуына шек қою бары əлімсақтан мəлім ақиқат. 
Алайда жұртқа мəлім осы ақиқатты автор бояуын баттастырмай, 
бадырайтпай, Ербол мен Меңтай кешкен халдерді баяндау арқылы 
соншалықты лирикалық нəзіктікпен шебер суреттеген.
Романның оқырманды ойға жетелейтін сəттері мен беттері 
молшылық. Асылында, əйел заты, ер адамның бойынан ақыл-пара-
сат, ой, көрік көргісі келетіні өз алдына, соған қоса шамалы батылдық 
та іздейтінін Ербол сан классиктен оқыған да болар. Кейбір қыздар 
жігіттің шамадан тыс ұяңдығын ақылдылық, ұстамдылық не ізеттілік 
деуден гөрі жетесіздікке таман жақын апаруды тəуір көріп тұратыны 
да содан болу керек. Сыңайы, қыз жігіт бойынан батылдық іздеген-
де, ертеңгі жұптық өмірде өзіне деген қамқорлық пен қорғаныштың 
кепілін көргісі келетін тəрізді. Бізде адам өзіне жар таңдағанда, емес 
дос іздегенде, өз көңіліне, өз мінезіне, өз характеріне үйлесім іздей-
ді деген пікір жиі айтылып, үстем болып келеді. Біздіңше, осының 
да шындығын мойындай отыра, керісінше, адам ең алдымен өзінде 
жоғын іздеп, сонысын тапқанда ғана өз гүлін, өз мұратын тапқандай 
болатын тəрізді. Өйткені өз бойында барды идеал тұту ия менмен 
тəкаппарлық, ия тоқыраумен шектес жатыр. Меңтайдың Ербол 
бойынан көре алмағаны, онысын өзі ашып айтпаса да, осы батылдық 
еді. Бірақ сонысынан кейін қыз өзі опық жеді.
Неге екені белгісіз, өзіңе ешбір бөліп бергені, қосып қойғаны 
болмаса да, өмірде бір мұрат тұтып, көңіліңе тоқ санап, көре қалсаң, 
көңілің өсіп, жаның семіретін, немесе, керісінше, өзіңе ешбір 
қиянаты, жаманшылығы болмаса да, сəлемдесе сала қасынан тезірек 
кеткің келіп тұратын адамдарың болады. Шығарманың бас кейіп-
кері Ербол оқырман ретінде менің өзіме осылайша, қарадай сыйлап 
тұрғың, құрметтеп өткің келетін адам (образ) ретінде əсер етті.
Зер сала ойлай келе, мен оның нəпсіге тежеу саламын деп, гүлін 
үздіріп алған осалдығын да, алғаш көргенде-ақ өзінің кім екенін 
едіреңдеген дөкір мінезінен көрсетіп, ондай адамдардан не күтуге 
болатынын айтпай танытып тұрған Ошақбаев сияқты əлдебір есірік-
ті өзі ертіп барып, өмірлік тəжірибесі жоқ жас қыз Меңтайды қолы-

180
181
нан жетелетіп қоя берген қателігін де кешіргендеймін. Бұған оның 
барынша ақ көңіл адалдығы, біреуге зəредей қиянат, жаманшылық 
жасауға бара алмайтыны өз жүрегі мен адамгершілігі себеп болды. 
Кейіпкердің осы бір қасиеттері қай оқырманды болса да, біржо-
ла баурап алады. Ербол, сөз жоқ, пəк таза жанның, шын мəніндегі 
үлкен жүректің адамы. Жазушы оны осы дəрежеде тамаша сомдап, 
мүсіндей білген.
Романдағы тағы бір басты кейіпкер – Меңтай. Əке-шешеден жас-
тай айрылған, жалғыз ағасы майданда қайтыс болған тəжірибесіз 
жас қыз Тұмажан Ошақбаев сияқты жексұрынның алдауына түсті. 
Өлер алдында ағасы жазып қалдырған хаттағы «осы жігіттің етегі-
нен ұста» деген соңғы өтінішін өсиеттей тұтқан адал жан жер басып 
жүрген жұрттың бəрін өзіндей адал санады. Жарық дүние сонымен 
бірге арам пиғылды алаяқтардың да мекені екенін ескермеді. Алайда 
оқырман Меңтайдың аңдамай шалыс басқан қадамын айыптамай-
ды қайта жанашырлық сезіммен, жүрек жылылығымен аяп, аялап 
қарайды. Ал оқушы назарын былайша шегелеп ұстау жазушылық 
зор шеберлікті талап ететінін ескерсек, роман авторы өз миссиясын 
ойдағыдай атқарғандығын көреміз.
Меңтай тартқан жан азабы мен шеккен қасірет Ербол сезімін 
мұқамады, қайта өршіте, ұштай түсті. Ол Меңтайды бұрынғыдан да 
құлай, беріле сүйді, ақыры ұғысып, қосылды. Бірақ, өкінішке қарай, 
жас жұбайлардың жақсы, тату-тəтті өмірі ұзаққа бармай, Меңтай 
балаға босанып, қаза болды.
Оқырманды ойға шомдырып отырған да оқиғаның осылай қилы-
қилы соқпақпен келіп тоғысуы. Егер жазушы екі жасты осындай си-
туациядан айырып, ертегідей бақытты тұрмыспен аяқтатса, шығарма 
осері əлсірер еді. Демек, мұның өзі Ербол мен Меңтай тағдырының 
оқырман қауымды бейтарап қалдырмайтындығының кепілі. Ал 
оның кейіпкермен бірге қуанып, бірге өкініп, жақсылы-жаманды 
жайларды өз басынан өткергендей халде болуы, сөз жоқ, көркем 
шығарманың кұдіреті.
Романда Ербол мен Меңтайға қарама-қарсы алынған, оқырман-
ның жеркеніш қана емес-ау, өшпенділік сезімін қоса туғызатын 
ұнамсыз бейне – Тұмажан. Ол жазушы суреттеуінде басынан аяғына 
дейін аяр, алдамшы, алаяқ, эгоист. Оның өмірге қояр талабы – өз 
басының қамы, айтар сөзі – «Ошақбаев опық жемейді». Бір қарағанда, 
ол бірыңғай қара бояумен жасалған сияқты əсер қалдыруы мүмкін. 
Ал зер сала қарағанда, мүлде басқаша.
Ол Меңтайдың тəжірибесіздігін пайдаланып, оған дөрекілеу 
батылдығын қоса жұмсады да, əп-сəтте ішекке салып пісірген 
уыздай жап-жас, пəк таза Меңтайдың жанын жаралап, арын лас-
тап əлем-тапырық күйге түсірді. Өз басым Ошақбаевтың онысынан 
əуелде адам табиғатына жат оспадар ештеңе көрген жоқ сияқты едім. 
Өйткені қыз оның уəде берген, күні ертең некелі жары болам деген 
қалыңдығы болатын. Тек соңынан пойызд үстінде дарақы неменің 
аузынан Ербол естіген опасыздықтан кейін ғана, бұл жоспар со-
нау сұрапыл соғыста өлім халінде жатқан қыз ағасына хат жазды-
рып алған сəттен бастап құрған тұзағы, алдын-ала жасалған аярлық 
екенін сезгенде ғана жазушының бұл кейіпкерге беріп отырған мі-
нездемесіне, образдық концепсиясына қол қоюға мəжбүр болдым.
Оқиға, негізінен, Меңтай мен Ербол төңірегіне құрылғандықтан, 
біз бұларға көбірек бөгелдік. Əйтпесе, романдағы Бүркітбай – 
Сəлима оқиғасы да, Заман мен Тана тағдырлары да композициялық 
желіден өз үйлесімін тауып, əдемі өріліп, лайық орындарын алған. 
Бұл линиялардың əрқайсысы өзінің заңды жолымен дамыған 
табиғилық қалып танытады. Ал бас кейіпкерлерді қоршап, оқиғаға 
жиі араласып отыратын адал дос, ақылды қыз Майра да, күлдіргі тіл-
ді, ойнақы мінезді, ізетті іні Жомартбек те, аңқылдақтау, тілі өткір, 
бірақ кейде ашық боламын деп, ашықауыз боп кететін, кей тілек-
терімен мещандыққа да жақын барып қалатын Зəйкүл, бұйығылау 
Қанипа – əрқайсы да сахнаға өз жүктерімен, өзіндік характерлерімен 
шығыпты. Мынасы артық, анасы кем деп жату қиянат. Біраз универ-
ситет тəрбиешілері – профессор ғалымдар мен журналистер қауымы 
да айтпай танылғандай шебер мүсінделіпті.
Ə. Нұршайықовтың романына, əсіресе, студент жастар қауымы 
ерекше мəн берді. Өйткені бұл «жүзім – жаз, көңілім – көктем кең 
пейілді, жақсының жүрегіне құмар едім»,– деп ақын Қасым Аман-
жолов ағамыз айтқандай, жандары жайдары, жақсылыққа құштар 
жастар жайлы хикая. Ал жастықтың өзі тұла бойы тұнып тұрған 
жайсаң жыр. Автордың бұл шығармасын «...жастықтың жалынды 
жыршысы жəне жас қаламгердің жанашыр қамқоршысы, жалықпас 
ұстазы болған жазушы Мұқан Иманжановқа арнауында осындай 
мəн бар тəрізді.
Осының бəрін ескере отырып, бұл романды жарыққа шыға сала 
оқырман қауымды өлең еткізген, соңғы жылдардағы елеулі құбылыс, 
таңдаулы, тамаша туынды, махаббат (Ербол, Меңтай) пен зұлымдық 
(Тұмажан) жайында дастан деп бағалау əбден орынды.
1972.

182
183
ЖАРАЛЫ ЖЫЛДАР ЖАЙЫНДА
Мен өткен жыл демалыс алып, туған аулыма барып өскен 
Қазақстанның ең шығыс ауданының мен туып-өскен ауылынан бес-
алты километр жерде «Байкісі көлі» аталатын жер бар. Сол көлдің 
қайқайыс қабағыңа шыға келгендегі үлкен тас əлі жатыр. Айда-
лада адасып қалған жүргіншідей тақыр кезеңнің үстін жападан-
жалғыз жайлаған осы тас талай тарихқа куə болған шығар. Біздің 
ауыл үшін бұл тастың есте қалар, ескерткіш болар тағы да бір жайы 
бар. «Еңбек» аталатын шағын ауылдың еразаматы кешегі Ұлы Отан 
соғысы жылдарында майданға аттанғанда, осы кезең үстіндегі үлкен 
тастың жанында тұрып, жаяулы-жалпы шығарып салған туған-
туысқандары мен ел-жұртына соңғы рет қош айтып, алты шақырым 
жерде артта қалған ауыл-аймағына соңғы рет көз тастайтын еді. Ал 
Бөртек тауының етегіндегі аядай шұқырға тығылған ауылда тұрып 
қарағанда, кезең үсті көз жеткісіз көкжиекпен астасып жатқандай 
көрінетін. Сондықтан да болар, менің бала көңіліме еразаматты ел-
жұртының ыстық құшағынан, туған ұясынан көз таса ғып əкетіп 
бара жатқан дəл осы кезең болып көрінуші еді. Жалғызын күткен 
зарлы ана да, жарын күткен жарым көңіл ару да сол кезеңнен асып 
қасқайып жатқан жіңішке қара жолға сарғая қарайтын. Ал соғыс 
бітіп, азаматтардың аман қалғандары елге оралғанда жолаушысын 
күтіп отырған үй кезеңнен қылт етіп асқан қараны көріп, «кеп қалды, 
кеп қалды» десіп əбігерге түсетіні де дəл бүгінгідей есімде.
Мүмкін, менің балалық түсінігім болар, əйтеуір біздің ауыл 
адамдарына соғыс аталатын зұлмат сол кезеңнің ар жағында болып 
жатқан тəрізденетін.
Ер-азамат қан майданда жүргенде тылда еңкейген кəріден бастап 
жас өспірім балаға дейін еселеп еңбек еткен шақ еді ол. Тау ішінде-
гі пішен басынан кір-қоңыңды жуғызып, моншаға түсіп қайту үшін 
анда-санда бір келгенде, ауылда сөредегі құртқа тауық шығып кет-
песін деп, құрығын қасына қойып, көлеңкеде ұршық иіріп отырған 
қарт əже мен ағаш үйдің іргесінде асыр салған бірді-екілі ешкі-лақтан 
басқа көзге түсер дүние шамалы екенін көргенде бала «көңілдің жай-
лауынан ел көшкендей» талай-талай құлазып сала беретін шақтары 
да болған еді. Ауыл көркі азамат екенін бала да болсақ, қатты сезі-
нетін едік.
Соғыс жылдарында жас жүректі жаралаған шындықты жазушы 
Жəрдем Тілековтың «Шалғай шепте» атты повесін оқып тағы бір рет 
еске алып отырмыз.
«Шалғай шепте» – жазушының 1953 жылы жеке кітап болып бас-
падан шыққан «Қайнар» атты повесінің жаңадан жазылған вариан-
ты. Кезінде жазушының бұл повесіне көптеген сындар айтылған бо-
латын. Автор сол айтылған сындардан тиісінше қорытынды жасап, 
кітаптың көптеген тарауларын қайта жазып, көп түзеткен көрінеді. 
Повесть Шығыс Қазақстан облысындағы бір колхоздың жай-жапса-
рын баяндау арқылы Ұлы Отан соғысы жылдарына тəн жағдайды 
көрсетеді. Мұнда тыл мен майданның берік байланысы, совет 
адамдарының моральдық-саяси бірлігі, достығы, қарапайым еңбек 
адамдарының патриотизмі мен қырағылығы ерекше көзге түседі.
Шығармада ерекше назар аударатын бас кейіпкер Есенəлі бей-
несі. Ол революциядан бұрын кісі есігінде күн кешкен малай, Совет 
өкіметі орнап, колхоз құрылысы нығайғаннан кейінгі өмірінің көбін 
ол мал соңында өткізеді. Шағын ғана қысырақтың үйірін мыңнан 
асырған қарт жылқышы еңбек рақатына бөлеңіп, халық құрметіне 
ие болады. Колхоз председателінің орынбасары болып жүрген 
шағында соғыс басталып кетеді де, елуден асқан сауатсыз қарттың 
үлесіне колхозды басқару жүктеледі. Сауаты аз болса да, өмірлік 
тəжірибесі мол, тұрмыстан түйгені көп талай қарт соғыс жылда-
рында шаруашылықтың тізгінін өз қолдарына алып, уақыт сынынан 
сүрінбей өткені мəлім. Міне, колхоз басшыларының дəл осындай 
өкілдерінің бірі – Есенəлі. Ұнамды кейіпкер ретінде бейнеленген 
Есенəлі образын жасауда жазушы бірыңғай бояумен мінсіз харак-
тер жасаудан бас тартыпты. Есенəлі үлкен коллективті басқару ісіне 
бірден икемделіп кете алмайды, əралуан қақтығыс, қателіктерді бас-
тан кеше жүре, өзінің логикалық жолымен бірте-бірте өсіп жетіледі. 
Ол кем ойлап, келте қайырудың салдарынан бірбеткей кетіп, өзім 
білемнің тұйығына тіреліп те қалады. Бірақ ол халық алдындағы жа-
уапкершілік пен борышты ешқашан да естен шығармайды. Əуелгі 
кеште колхозшылардың жалпы жиналысын шақырып, бастық болу-
дан бас тартуға да көңілі кеткен қартты бұл қимылдан тежеп қалатын 
да осы жауапкершілік сезімі еді.
Жазушының өз сөзімен айтқанда, «Социалистік Қазақстан» га-
зетінен басқаның бетін ашып көрмеген қарттың бойында уақыт та-
бынан қалған ескілік əдет-ғұрыптар да жоқ емес. Мəселе оның өз 
колхозында шошқа өсіруге қарсылығында ғана емес. Ол басшылық 
қызметтерге тағайындалған Мария, Үлжан сияқты жастарды еңбекте 
сынап, көзі жеткенге дейін жалпы əйел жөніндегі ескі түсінігінен 
айнымай, «байтал шауып бəйге алмастың» ауқымында жүреді. 
Жарқанат сияқты жасырынып жүрген жауға пана бергенде де оның 

184
185
ойың да ағайыншылық, ымырашылдық сезім мол болатынды күйеуі 
майданға кеткенде орнын басып, парторг болып қалған немере келіні 
Мақтымға да ол əуелгі кезде саяси басшы деп қарамай, қайнағаның 
алдын кесіп көлденең өтпес келін деп қарайды.
Еңбек үстіндегі қайратына риза болғаннан кейін Əділ ұстаның 
қызы Ұлжанға кіші баласы Ғалым үшін сырттай тон пішіп, құда 
түсіп қоятын да сол Есенəлі. Бірақ ол өз бойындағы осындай 
осалдықтардың бəрін де жеңе білді. Дойыр қамшыны бекем ұстап, 
ал қарындаш ұстаса, қалтырап қоя беретін əлуетті қолына бірте-бір-
те кітап ала бастады. Қысылшаң кездің қиындықтары егде тартқан 
шағында Есенəліні оң мен солын тануға, ненің дұрыс, ненің бұрыс 
екеніне ой жіберуге, басшыға тəн байсалдылыққа үйрете баста-
ды. Сөз болып отырған повесть жайында пікір білдірген сыншы 
Серік Қирабаевтың: «Түптеп келгенде, мұның өзі бір адам басын-
да түйіскен ескі мен жаңаның тартысы» деп бағалауы əбден орын-
ды. Міне, Есенəлі өз бойындағы ескілікті кештеу болса да кемел 
оянған жаңалыққа жеңгізіп, барлық іс-əрекетін, мақсат-мүддесін 
отаншылдық, патриоттық сезіміне билетті. Осы бетбұрыс оны пар-
тия қатарына енуге жетеледі. Повестің аяғында біз Коммунистік 
партияның мүшесі болған Есенəліні көреміз.
Ол Жарқанат сияқты зұлым жау əшкереленгенде өзінің 
ашықауыздық жасағанына іштей қиналып, ар-ұжданы алдында, 
халықтың, партияның алдында қылмысты, кінəлі санайды. Мұны 
ол аудандық партия комитетінің секретары Болатовқа ашық айтып, 
мойындайды. Əйелі Нұрғайша жұмыста жүргенде бір самауыр шай 
қойып іше алмаған Есенəлі балалы-шағалы əйелдің үрдісіне түсіп 
отырған міндеттің соншалықты ауыр екендігін де іштей мойындай-
ды. Міне Есенəлі образын айқындап, характер тұтастығын сақтауға 
септігін тигізетін осындай шағын эпизодтарды жазушы өте ұтымды 
пайдаланған.
Ұнамды кейіпкерлер тобынан ауылдық советтін председателі 
əрі колхоз партия ұйымының секретары Мақтым бейнесі де назар 
аударады. Жазушы бұл кейіпкер арқылы Ұлы Отан соғысы кезінде 
ер-азаматтың орнын басқан іскер басшы, ұстамды, адал дос, айны-
мас жар бола білген қазақ əйелдерінің типін жасауды мақсат еткен 
тəрізді. Осы тұрғыдан алғанда бұл образдың да оқушыны сенді-
рерлік шынайы шындығы бар.
«Шалғай шепте» повесіне бірқатар баспасөз беттерінде оқушы 
жұртшылық лебіз білдіріпті. Солардың кейбіреуі Мақтым образын-
да шынайы сенімділік жетіспейді дегенді айтады. Біздің топшыла-
уымызша, бұл пікірге қосылу қиын.
Соғыс кезінде өзінің адал еңбегі, айнымас көңілімен майдан ер-
леріне рухани күш берген асыл арулар да, апта айналмай-ақ көрінген 
еркек кіндікке көз сүзген бірлі-жарым көңілі арсыз көрсеқызарлар 
да болды. Бірақ қалай болғанда да, тыл өміріндегі еңбектің шынайы 
ерлері жеңілтек жолбикелер емес, Мақтым типтес əйелдер екен-
дігін көрсету – жазушының негізгі мақсатының бірі болғандығы 
байқалады. Повестегі Мақтым, Ұлжан, Мариялар – əлгіндей үлкен 
жүрек пен шынайы сезімнің өкілдері. Автор Мақтымды сырттай 
мақтай беруден аулақ. Ет жүректі пенде болғандықтан, оның да айна-
лада болып жатқан оқиғаларға күйінетін, сүйінетін, тіпті нəзік əйел 
жанының шаршап, шалдығатын шақтары жиі кездеседі. Қалдыбай 
сияқты мансапқор алаяқ «майдандағы жары Ербөлек хабарсыз кетіп-
ті» деп қағаз жібергенде, ол ел жоқ жерде егіле жыласа да, көз жасын 
көпшіліктен жасырып жүреді. Өйткені ол жарын күткен жақсы əйел 
ғана емес, көпшіліктің саяси жетекшісі, ауылдағы үкіметтің бас-
шысы. Ақылды əйел оны да ұмытпауға тиіс. Ал өз дегені болмаса, 
өзгенің тіліне көне бермейтін қыңыр қайынаға Есенəлімен сөйлескен 
шақтарында ол əрқашан тіл таба біледі. Мұндай кездерде ол өзінің 
келін екенін де ескеріп отырады, сөйте тұра асау қайынағаны адасқан 
бетінен алдаусыратып елеусіз қайырып алады. Қайсар қайынағаны 
морт сындырып алмай, аңдаусыз иіп əкеледі. Жаны таза, адал, бірақ 
сонымен қатар аңқау қарт астық келіннің айтқанына қалай көніп 
қалғанын өзі де сезбей қалады.
Əрине, жазушы Мақтымды партия ұйымының секретары екен 
деп, мінсіз, тас мүсін жасаудан аман
Бір мысал келтірейік, сүрбойдақ Қалдыбайдың Мақтымды қолға 
түсіріп алмақ ойы бар. Осы ойын жүзеге асыру үшін ол көрші 
колхоздың бастығы, өзінің туған інісі Жарлыбайдың үйінде қой 
сойғызып, Мақтыммен бірге қонақ болады. Іңір арасында аспен бір-
ге аздаған арақ-шарап та ішіледі. Мақтымның атының тұсауы əдейі 
ағытылып, ауылға қашып кетеді де, Мақтым сол үйге қонуға мəжбүр 
болады. Міне шам сөніп, бір келіншек, бір бойдақ жігіт төр алдында 
қатар салынған екі жер төсекте жатыр. Екеуі де ұйқысыз. Жазушы 
осыдан кейінгі халді былайша суреттейді:
«...жыл бойы сəби баласын құшақтап қана жалғыз жатып, көктем 
таңын көзінен атырған Мақтым, сақа бойдақтың неліктен дөңбекшіп 
жатқанын сезіп үрейленді. Тіпті сол бойдақ көрпе сыртынан сыбыр-
ласа, жауыз нəпсісі ақыл-санасын матап тастамас па?..
Біраздан соң Қалдыбай Мақтымға қарай аунап түсіп, ептеп аяғын 
созды. Келіншек шатақ шығарса, «өзім емес, аяғым ғой, о жаққа 

186
187
менің аяғымды кім апарып тастаған» демек пе, онысын өзі біледі, 
бірақ башпайы көрпеге тиді... Мақтым «тарт аяғыңды» демегесін, 
Қалдыбай жорғалап барса, үлкен көрпені бүркене тұйықтап, ора-
нып алыпты, сыртынан қол арта құшақтады... Көрпе сырты болса 
да, еркектің құшағы Мақтымды дірілдетіп жіберді... Тұла бойы біре-
се қызып, біресе тоңып дірілдейді... Нəпсі құрғыры: «аш көрпеңді, 
лəззəт бер» деп тұншықтырып, қыздырып барады да, ақылы: «Жоқ, 
бұл құшақтап жатқан Ербөлегің емес» деп желпи береді. Ақырында 
ақыл жеңіп, Мақтым серпіле сілкіп жіберді Қалдыбайды. Езіліп 
қалмаса да, қабырғасын қайыстыра қысқан зіл салмақтан жеңіліп, 
тынысы кеңіп қоя берді...». (177-бет).
Бұл үзіндіде Мақтым да ет жүректі пенде, онда да сезім, онда 
да адамға тəн осалдық бар. Оның толқуы заңды да, əсерлі де. Бірақ 
жеме-жемге келгенде əйел нəпсі жетегіне ермей, ақылына тізгін 
берді. Бұл – оның əйелдік парасаттылығы, асыл тəкаппарлығы еді. 
Біздің ойымызша Мақтым сəтті шыққан ұтымды тұлға.
Айта кететін бір жағдай – жалпы шағын повесте кейіпкер-
лерді топырлатып, көбейте бермей, жазушы өзін барынша сараң 
ұстапты. Бұл да автордың пайдасына жұмыс істеп тұр. Сол санаулы 
кейіпкерлердің бірі – қарт дихан, Есенəлінің ежелгі досы Дмитри 
Колосов. Ертеден-ақ тағдыр табыстырған екі қарт бұ күнде ауылы 
аралас, қойы қоралас дегендей тату көрші. Бірақ осы екі қарттың 
арасында да кейбір күндері қақтығыстар болмай қалмайды. Колхозға 
бастық болған Есенəлі мал шаруашылығы саласын бірінші етіп 
ұстағысы келсе, ескі дихан, тексеру комиссиясының председателі 
Колосов егін жайын бұрын ойлайды. Ақырында жалпы жиналыс-
та аудандық партия комитетінің секретары майдан үшін, Отан үшін 
бұл екі шаруашылықтың екеуі де бірдей қажет екендігін дəлелдеп 
түсіндіреді. Есенəлінің мінезінен бірқатар ескілік əдет-ғұрып, теріс 
мінездер байқайтын Дмитрий Колосов қарт досына көпке дейін 
партияға кіруге кепілдік бермей жүреді. Бұл мəселе де повестің 
аяғында барып бір-ақ шешіледі. Ақыры екі қарт өз еріктерінен 
тыс, бір-біріне бауыздау құда болып, Мария Есенəлінің Ғалымына 
тұрмысқа шығады. Біз Есенəлінің өз баласына Ұлжанды айттырып, 
сырттай құда болып қойғанын білеміз. Сөйтіп, ақырында, жаңалық 
ескі əдет-ғұрыпты жеңіп, өз дегенін істейді де, екі жас қол ұстасып, 
Москваға оқуға аттанады. Дəл сол күні Ұлжан Алматыдағы мал 
дəрігерлік-зоотехникалық институтты бітіріп ауылға оралады.
Ұлжан – он жылдықты бітірісімен сиыр фермасына жұмысқа 
барып, институтта сырттан оқиды. Ұлы Отан соғысының ауыр 
жылдарында ол Есенəліге орынбасар болып, шаруашылықты бір-
ге басқарысады. Боранда ыққан жылқыны ебін тауып алып қалып, 
азаматтан артық қайрат көрсететін де, жауыз Жарқанат Таутанды 
атып өлтіріп, енді Есенəліге екінші рет оқталғанша артынан келіп 
құрықпен қолдың қарынан ұрып қаруын түсіретін де Ұлжан. Бірақ 
осы қимылы да, ісі де еркекке бергісіз, өзі оқыған, тəрбиелі қыздың 
махаббат мəселесінде өз жүрегін өзі анық біліп ала алмай, сергелдеңде 
жүруі сендіре бермейді. Неге екені белгісіз, ол сол ауылға жаңа кел-
ген жас зоотехник Таутанға есі кетіп, ғашық болады. Бірақ ол кезде 
жас қыздың махаббатының жігіт өз бойын қашық ұстайды. Бұған 
да повесте жеткілікті дəлел жоқ. Енді біраздан соң жігіт үйіріле 
бастағанда қыз сырт бере бастайды. Іле Таутан дұшпанның оғынан 
қапылыста қазаға ұшырайды. Күйінген қыз нəлі тартып ауырып та 
тұрады. Содан кейін ол Есенəлі мен өз əкесі құдалық жайынан да ха-
бардар болып, Ғалымды да жүрегінің бір бұрышына сақтап жүреді. 
Бірақ Ғалым Марияны сүйіп, соған қосылады да, Ұлжанның махаб-
баты не ол емес, не бұл емес əрі-сəрі күйде қалып қояды. Бұл тəп-
тəуір образдың тұтастығына едəуір нұқсан келтіреді. Жалпы Ұлжан 
махаббатында шынайылықтан гөрі шүба көбірек тəрізді.
Шынын айтайық, жазушының жас зоотехнигі Таутан – Ұлжандай 
қыздың махаббатына ие болып, онымен қоймай, ол махаббатты 
қабылдамай қоятындай жігіт емес. Таутан – кітаптағы шықпаған 
образдардың бірі. Ол тіпті оққа ұшып өлгенге дейін əр тұста бір шошаң 
етіп көрінгені болмаса, еш жерде не бір азаматтық ісі, не бір білім, 
парасаты ия жігітшілігімен көзге түспейді. Оны автор колхоздың 
зоотехнигі депті. Бұл колхоздың бүкіл мал шаруашылығын шырқ 
айналдыратын маман болуы керек. Ал Таутанымыз мал тұқымын 
асылдандыру жөнінде тəжірибе жасап жүрген біреу болған да қалған. 
Мұның өзін де көбінесе автордың баяндауынан білеміз. Оның өз ха-
рактерін ашып, жарқырай көрінетін жері – аудан орталығында осы 
мəселе жайлы Қалдыбай Құлмұқановпен айтысы, сосын боранда 
жылқы малын құтқару тұсы болса керек еді. Жоқ, ол бұл екеуінде 
де сол бос белбеу, аузынан сөзі, қолынан бөзі түскен жасық күйде 
қалған. Сол боранның артынша құла-құнанның үстінде келе жатып, 
оққа ұшқаннан басқа Таутанның тындырғаны шамалы. Осы жігітті 
жазушы бізге үлкен жаңалықты бастаушы жас ғалым, ақыл-парасат 
иесі, Ұлжандай қыздың махаббат идеалы деп таныстырғысы келеді. 
Əрине, оқушы қауым автордың айтқанына емес, көрсеткеніне сенеді. 
Ал Таутан көрінбей жатыр. Ол схема күйінде қалып қойған образ. 
Жазушы бұл образды логикалық шешімге дейін алып бара алмаған 

188
189
да, сондықтан да болар, повестің ортасынан асар-аспаста-ақ оққа 
ұшырып тынады.
Баспасөз бетінде пікір айтқан жолдастардың бірқатары-ақ 
Жарқанат образына тоқталып, өкпе білдіріпті. Шынында, осы об-
раз да шықпай жатыр деген пікірдің жаны бар. Бұл бір кезде ақтар 
қашқан жылдары шетел шекарасына өтіп кеткен Шонжарбай ұлы 
Қараман деген қудың өзі екен.
Міне, осы ниетпен Қайнар ауылына орналасқан Жарқанат со-
вет адамдарының моральдық-саяси берік қамалына соқтығып 
беті қайтып қалады да, тек Таутанның істеп жатқан жұмысын 
төңіректейді. Əр жерде бір көрінгеннен басқа аршынды əрекет, 
дұшпандық қимыл жасай алмай, сөйтіп жүріп, колхоздың майданға 
көмекке жинаған ақшасын жеп, өзін өзі оп-оңай ұстап береді де, 
Таутанды атып, қашады. Бірақ Есенəлінің қамшысынан қашып 
құтыла алмай, қолға түседі.
Осы оқиғада да жасандылық басым. Өйткені бір түкпірдегі кол-
хозда мал тұқымын асылдандыру жөнінде тəжірибеге берілген он 
шақты ірі қара үшін американ разведкасының арнаулы агент жі-
беруі де екіталай. Қалай болғанда да, ол көркем шығармаға кейіп-
кер ретінде кіргеннен кейін кесек-кесек дұшпандық əрекеттерімен 
көзге түсіп, образдық сипатқа ие болуы керек еді. Демек, сын айтқан 
жолдастардың Жарқанат тұлғасы шықпай жатыр деуі осыдан болуға 
тиіс.
Соғыс жылдарында азаматы майданға кеткен ауылда қалып, 
ебін тауып екі асап, «аңқау елге арамза молданың» керімен жүрген 
жылпос активсымақтардың болғаны да мəлім. Повестегі Қалдыбай 
бейнесі соларды көзге елестетеді. Бірақ жазушы осы тұлғаны 
мүсіндеуде де бір жақты кеткенін байқамапты. Біздің кейбір 
шығармаларда жағымсыз кейіпкерлердің басына жаманшылық ата-
улыны үйіп-төгіп жапсыра беретін бір дерт бар. Бұл сапар осын-
дай схемадан Жəрдем Тілеков те қол үзіп кете алмаған. Əйтпесе, 
жағымсыз тип ретінде тəп-тəуір мүсінделіп келген Қалдыбайды 
алып барып, өз келінімен (туған інісінің əйелі) жақындастыру сияқты 
тұрпайылыққа ұрындырудың қажеті жоқ еді.
Дегенмен, осындай-осындай елеулі кемшіліктері бола тұра, по-
весть белгілі бір кезеңнің көптеген шындығын оқушының көз ал-
дынан өткереді, өткенге ой салуға мұрындық болады. Ал əлгіндей 
кейбір кемшіліктерді көрсету жазушының болашақ жұмыстарына 
жəрдемін тигізер деген ойдамыз.
1963.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет