Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 94 Қазақстан Республикасы



Pdf көрінісі
бет36/38
Дата06.04.2017
өлшемі3,75 Mb.
#11193
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38

Абай және поэзия тілі

Қазақ  халқының  рухани  және  мәдени  өмірінің  тарихында 

ерекше  орын  алған  Абайдың  есімі  және  бір  тұста  айрықша 

аталуға тиісті. Ол – қазақ халқының ұлттық жазба әдеби тілінің 

даму барысындағы істеген қызметі мен атқарған рөлі.

Әдеби тілдің әр алуан кезеңдерін, сан салалы тармақтарын 

(стильдерін)  бастауда,  оның  даму  барысында  жаңаша  бағыт 

сілтеп,  жаңа  тенденциялар  ұсынуда  жеке  қаламгерлердің 

қызметі, орны, үлесі болуы әбден заңды. Абайдың есімін қазақ 

әдеби тіліне жанастыра сөз еткенде, осы тұрғыдан келу қажет.

Сонымен қатар Абай – поэзия атты ерекше өнердің шебері. 

Сондықтан  ұлы  ақынның  поэтика  дүниесін  талдап-тану  – 

өз алдына бір проблема. Мұнда да Абай – тек «өз қаламын» 

көрсетіп қоюшы емес, қазақ поэзиясы тіліне сапалық өзгерістер 

жасаушы, жаңа принцип-бағыттар сілтеуші, барды синтездеп, 

жоқтарды енгізуші. Осы қырынан келгенде, әңгімені, біздіңше, 

мынадай мәселелерге топтап қарастыруға болады:

1)  поэзия  тілінде  «творчестволық  контекст»  дегеннің 

айқын көрінуі;

2)  өлең тілінің сөздік қазынасының өзгеруі;

3)  фразеология  саласындағы,  образдар  дүниесіндегі 

өзгерістер мен сонылықтар (революция деуге болады);

4)  жеке  сөздерді  таңдап  қолданудағы  жаңа  принциптер, 

оларды поэтизмге айналдыру тәсілдері;

5)  өлең  архитектоникасы  және  өлең  құрылысы  мен  тілдік 

амалдардың қарым-қатысы;

б)  поэзия  тіліндегі  акцент  құбылысын  (дыбыстық  гар-

монияны)  жасауға  тілдік  элементтерді  жаңаша  пайдалану 

принциптері;

7) өлең синтаксисіндегі түбірлі өзгерістер;

8) өлең құрылысындағы (шумақ, тармақ, өлшем, ұйқас) ре-

форма, жаңалықтар.

Абай қазақ поэзиясында «творчестволық контекст» (сурет- 

кердің  өзіндік  қолтаңбасы)  дегеннің  айқын  көріну  дәстүрін 

бастады. Творчестволық контекст дегеніміз – жазушының көр- 

кемдік-бейнелеуіш  тұлғасын  тікелей  көрсететін  тілдік  факті- 



532

лер  жүйесі  болса,

114

  бұл  аспектіден  келгенде,  Абай  тілі  өзіне 



дейінгі,  өзімен  тұстас  қазақ  көркем  сөзі  тілінен  ерекшеленіп 

тұрады.  Абайда  ақындық  индивидуалдықты  көрсететін 

белгілер  аз  емес.  Мысалы,  заттың  немесе  құбылыстың  сыр-

сипатын  әр  жақтан  айқындай  түсетін  жаңа  эпитеттерді  мо-

лынан  енгізу  (айталық,  асау  жүрек,  мұз  жүрек,  үрпейген 

жүрек,  қырық  жамау  жүрек  дегендердегі  эпитеттерді  не-

месе  сүтпен  енген  надандық,  нұрлы  сөз,  нұрлы  ақыл  сияқты 

образдарды  қараңыз),  стильдік  мотив  пен  экспрессиялық  бо-

яуы қалың сөздерді шоғырлап келтіру, кейбір грамматикалық 

тұлға-тәсілдерге  образдық  жүк  арту,  бұрын  қазақ  поэзиясы 

қолданбаған  фразеологизмдердің  жаңа  типтерін  енгізу  т.т. 

туындының Абай қаламынан шыққандығын танытады.

Абай  қазақ  өлеңінің  сөздік  құрамының  түрін  өзгертті, 

бұрын  поэзияда  көп  қолданылмайтын  сөздер  тобын  енгізді, 

поэтикалық  лексиканы  жеке  өлеңнің  жанры  мен  стиліне 

сәйкестендірді.  Осы  арқылы  өлең  тіліне  қатысқан  сөздердің 

бір-біріне «иек артуы», стильдік жүк арқалауы, экспрессоид-

ке  айналуы  күшейді.  Абай  өлең  тілінің  айқын,  дәл,  жинақы 

(аз  сөзді)  болу  принципін  енгізді.  Ол  үшін  қазақ  қауымына 

бейтаныс,  айналадағы  шындыққа  жанаспайтын  образдардан 

сақ болу тәсілін берік ұстады. Поэзия тілін жинақы етіп беру-

де ақын өлең жасау техникасын да пайдаланды, өлеңнің жеке 

тармақтары мен шумақтарының сыйымдылығын арттырды.

Ең  үлкен  өзгеріс-жаңалықты  Абай  қазақ  поэзиясы  тілінің 

фразеология  саласына  енгізді.  Атап  айтқанда,  сандаған  жаңа 

фразалар  ұсынды,  образды  тіркес  жасаудың  жаңа  жолдарын 

көрсетті, бұл орайда перифрастиканы системаға айналдырды.

Реформа  іспеттес  өзгеріс-сонылықтарды  Абай  тілдің  син-

таксис  саласында  жасады.  Бұл  тұжырымды  оның  поэзиясы-

на  да,  прозасына  да  қатысты  айтуға  болады.  Абай  ұсынған 

синтаксистік  амалдар  осы  күнгі  нормалардың  негізі  болып 

танылады.  Ақын  айтпақ  идеясына  ырғағы  мен  өлшемі  сай 

түсетін өлеңнің соны түрлерін іздеп табады, ұсынады. Ал бұлар 

өлеңнің синтаксистік құрылымының өзгеше болып келуін та-

114


 Махмутов X.X. Некоторые вопросы теоретической стилистики // Филологичес- 

кий сборник. - Алма-Ата, 1965. - Вып. 4. - С. 226.



533

лап етеді. Мысалы, Абайдың аралас буынды, әртүрлі тармақты 

«Қатыны  мен  Масақбай»,  «Тайға  міндік»,  «Кешегі  Оспан», 

«Ем  таба  алмай»,  «Қызарып,  сұрланып»  тәрізді  өлеңдерінің 

синтаксистік  түзілісі  –  қазақ  поэзиясында  бұрын  болмаған, 

мүлде  тың  құбылыс.  «Сөз  түзелді,  тыңдаушы,  сен  де  түзел» 

деп  жаңашылдыққа  шақырған  ойшыл,  ақылды  лирикалық 

геройдың  өзінің  моральдық-этикалық,  азаматтық  талап-

талғамын, күйініш-мұңын білдіретін «Сегіз аяқ», «Бай сейілді» 

сияқты өлеңдерінің өлшемі мен ырғағының сонылығына орай, 

олардың синтаксистік құрылымы да жаңа, өзгеше. Абай өлеңді 

композициялық  бөліктерге  ажыратуды  жүйелі  түрде  енгізді, 

өлең түзілісіне инверсияның жаңа түрлері мен тасымал амал-

дарын  кіргізді,  өлең  сөзде  проза  синтаксисіне  жуық  келетін 

конструкцияларды  қосты.  Қысқасы,  Абай  өлең  синтаксисін 

оның тақырыбы, идеясы және стилімен үндестірді.

Міне, схема түрінде ғана баяндалған бұл проблемалардың 

әрқайсысы  –  бір-бір  монографиялық  тақырып.  Мақалада 

осылардың біреуінің бір ғана қырына назар аудартпақпыз. Ол 

– ұлы ақынның жеке сөздерді өлеңнің мазмұнына (идеясы мен 

тақырыбына), шарттарына (ұйқасына, өлшеміне, композиция-

сына) орай қолдана білу принциптері мен шеберлігі жайлы.

Өлең  тіліне  пайдаланылған  сөздер,  ең  алдымен,  образды 

дәл  беретін  және  оқырман  сезіміне  әсер  ететін  болуы  керек. 

Бұл – аян нәрсе. Бірақ сол әсерлілік, образдылық үшін де жеке 

сөздердің  өз  бойындағы  мағынасы,  экспрессивтік  бояуымен 

қатар, олардан тыс өзге шарттар да қажет.

Сөйлеу тәжірибесінде, әсіресе көркем әдебиетте сөздер тек 

бір нәрсені (затты, сынды, қимылды) атап қана қою қызметін 

атқармайды,  айналасындағы  басқа  сөздерге  де  қызмет  етеді. 

Демек,  сөздің  белгілі  бір  мақсатты  өтеуі  үшін  контексте 

оның өзге сөздерге де иек артуы, яғни бір-бірлеріне «қызмет 

көрсетулері» керек екенін Абай өте жақсы сезінген. Сондықтан 

да бір өлеңнің ішіне семантикалық бояулары жағынан үндес, 

бірін-бірі  айқындап,  толықтыра  түсетін  сөздерді  шоғырлап 

келтіреді.  Мысалы,  «Байлар  жүр  жиған  малын  қорғалатып» 

деген  шағын  өлеңінде  ақын  өз  заманындағы  қоғамның  аса 

жағымсыз типтерін суреттейді. Сондықтан мұнда сұм-сұрқия, 



534

қу, білгіш деген зат есімдерден бастап, қорғалату, Құдай ату, 

бұтып-шату, есіру, ісіп-кебу (ауыспалы мағынада), қабару (бұл 

да), ит ырылдату, белшесінен шығынға бату, әбден сілесі қату, 



Құдай қалжыратып құмар қылу деген етістіктерді қолданады. 

Бұлардың әрқайсысы экспрессоид – әрқайсысында жағымсыз 

қылық, іс-әрекетті білдіретін мағынамен қатар, сол мағынаны 

әсерлі етіп көрсететін бояу бар жоқтан барды жай айту емес, 



бұтып-шату,  құр  мақтану  емес,  өсіру,  жай  шығынды  болу 

емес, шығынға белшесінен бату, жай құмар қылу емес, Құдай 



қалжыратып  құмар  қылу  т.т.  Бұлардың  әрбіреуі  осындай 

экспрессияға ие болса, олар бір жерге шоғырланып берілгенде, 

әсері одан әрі күшейіп өлеңді «жұмыр», тұтас дүниеге айнал-

дырады.


Абайдың  «Сегіз  аяғы»  –  оның  ақындық,  азаматтық  ар-

ұжданының  толғанысы,  дүниеге,  болмысқа  деген  көзқарасы, 

биік  материя  туралы  философиясы.  Сондықтан  ақын  мұнда 

абстракт  ұғымдарды  талғайды,  оларды  білдіретін  сөздерді 

таңдайды. Бұл өлеңде қызыл тіл («толғану» «философия» → 

«сөз» → «өлең»), ой, әдет, қайрат, сөз («толғау» → «фило-

софия»), мінез, насихат, салт, өсек, нысап, ұят, дәулет, несіп, 

еңбек,  ар,  өтірік,  ұрлық,  зорлық,  тамағы  тоқтық,  жұмысы 

жоқтық,  қулық,  сұмдық,  күлкі,  мақсұт,  амал,  қорлық, 

абұйыр,  талап,  ғылым,  дерт,  қулық,  алдау,  жалғыздық  де-

ген  40-қа  жуық  абстракт  ұғым  атауын  қолданады.  Бұлардың 

шоғырланып келуінде стильдік мән бар: осы сөздерді таңдап, 

талғап  келтірудің  арқасында  өлеңге  «философиялық»  си-

пат  беріліп  тұр.  Әрине,  поэзияға  қатыстырылатын  сөздердің 

өлеңнің мазмұнына тақырып жағынан үйлес келуі – өз-өзінен 

заңды  талап,  бірақ  әңгіме  оларды  қалайша  беруде.  Оларды 

Абайша бір жерге шоғырлап келтіргенде, сол өлеңнің мазмұн 

жағынан тұтастығы жасалумен қатар, олардың әрқайсысының 

семантикалық  мәні  әсерлене  түседі:  бір-біріне  иек  арта-

ды,  бірін-бірі  сүйемелдейді.  Мұндай  сөздер  бір  тақырыптас 

болғанмен,  әртүрлі  мағыналы,  тіпті  әрқилы  сөз  табынан  бо-

лып келуі де мүмкін, сонымен қатар бір ұғым төңірегінде топ-

талатын тақырыптас (соотносительные) элементтер болуы да 

мүмкін.  Соңғы  құбылыс  аса  үлкен  сөз  тапқырлығын,  сино-


535

нимика байлығын сұрыптай білуді қажет етеді. Бұл тұрғыдан 

алғанда, қазақ поэзиясының тілі Абай қаламы арқылы тағы бір 

көрнекі белгіге ие болды. Тегі, ақынның тапқырлығы да, образға 

шеберлігі де сөз тандауда көрінеді. Мысалы, таңдап алынған 

тақырыптас сөздер тек бір ұғым төңірегіне қазықтаулы болып 

қана қоймай, автордың айтпақ идеясына дөп келетін, оқырман 

сезіміне  әсер  ететін,  көбінесе  поэтизм  болуға  «дәмелі»  эле-

менттер болулары керек.

Өлеңге қатыстырылатын жеке сөздерді таңдауда, біздіңше, 

Абай ұсынған және бір амал – сөздік тобы мен шығарма стилінің 

сәйкестендірілуі. Егер өлең суреттеу стилінде ұсынылса, оған 

таңдалынатын  сөздік  көбінесе  көзге  көрінетін  картинаны 

береді. Мысалы, «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңі су-

реттеме мәнеріндегі тұңғыш тамаша үлгі болып табылады. Құс 

салудың нақтылы суретін беру үшін ақын қыранның аспанға 



қайқаң  қағып  шыққанын,  түлкінің  аузын  ашып  қоқақтап 

тұрғанын,  қанат-құйрықтың  төмен  қарай  құйылғанда,  су-

ылдап  ысқырғанын  көрсетеді.  Бұл  өлеңді  оқып  отырғанда, 

тіпті  көзге  елестейтін  картина  ғана  емес,  құлаққа  естілетіні 

де  бар  сияқты.  Мұндай  картиналарды  беруде  ақын  іс-әрекет 

пен  жанды-жансыз  заттардың  атауларын  тура  мағынасында 

да  жұмсайды.  Бұл  да  –  бұрынғы  қазақ  поэзиясының  тілі 

үшін  мүлде  тың  болмаса  да,  кәнігі  құбылыс  емес-ті.  Мыса-

лы,  «Қатыны  мен  Масақбай»  деп  аталып  жүрген  өлең  стилі 

жағынан өзгелерінен («Сегіз аяқ», «Қартайдық»-тардан) тіпті 

басқаша екені мәлім. Бұл – «от басы, ошақ бұтына» арналған 

«күнделікті тұрмыстық» өлең. Соған орай мұнда тұрмыс-салт 

лексикасы  молынан  келтіріледі  және  қарапайым  тұрмыстық 

сөздердің  барлығы  да  тура  өз  мағынасында  жұмсалады. 

Сондай-ақ  «Сұр  бұлт  түсі  суық  қаптайды  аспан»,  «Қараша, 

желтоқсан мен сол бір-екі ай», «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды» 

шығармаларында  ақын  айтпақ  ойын  белгілі  бір  картинаны 

суреттеу  арқылы  береді.  Сондықтан  бұларда  жыртық  киім, 



шуда жіп, үй жамау, кемік сүйек, сорпа-су, ыс, отын, қи, үйген 

жүк, шидем тон т.б. осылар сияқты сөздер номинативтік тура 

мағыналарында жұмсалған әрі шоғырланып берілген. Ирония, 

сарказм мәнерінде жазылған өлеңдерінде мысқылдау, шаншу, 


536

келекелеу  бояуы  күшті  етістіктердің  шоғырланып  келтірілуі, 

ол  үшін  кейде  тіпті  құржаң-құржаң  ету,  тоңқаңдау  сияқты 

сөздерден  де  қашпауы  тағы  да  Абайдың  стиль  мен  тілдің 

үйлесімін сақтағанын танытады. Өлең тілі үшін сөз таңдауда 

аса  үлкен  әңгіме  ақынның  синонимдер  мен  антонимдерді 

пайдалануы  жайында  болмаққа  керек.  Синонимика  –  поэ- 

зия  тілінің  ең  бір  қажетті  құралы.  Суреткер  оларды  дұрыс 

қолдана білу арқылы идеясын дәл беру, образдарды әсерлі етіп 

шығару  сияқты  шарттарды  жүзеге  асырады.  Ұйқас  жасауда 

да ақын синонимдерді «көмекке шақырады». Бір сөзді тармақ 

тіпті  кейде  бір  шумақ  ішінде  қайталамау  сияқты  қарапайым 

эстетикалық  талапты  өткеру  үшін  де  синонимдердің  бірден- 

бір  құрал  болып  табылатындығы  аян.  Синонимдердің  бұл 

«қадір-қасиетін»,  табиғатын,  қызметін  қазақ  поэзиясы  тілі 

қашанда  жақсы  біліп,  жақсы  пайдаланып  келген  болатын. 

Әсіресе  синонимдердің  өзге  сөздермен  тіркесу  қабілетін 

қазақ ақын-жыраулары өте дәл, шебер пайдаланған. Мысалы, 

Бұхар жырау байды құрсағы құшақ десе, биені құрсағы жуан 

дейді. Оның «Уақытымыз жеткен соң, Мезгіліміз өткен соң» 

деп, уақыт пен мезгіл синонимдерін кезектестіруі; Дулаттың: 

«Қыс болса тапшы қызылдан, Жаз болса шола жұтымнан» деп  



тапшы,  шола  сөздерін  орынды  келтіруі  үлкен  поэзияның 

қажетін  өтеп  тұр.  Мағыналас  сөздерді  қатар  келтіру  арқылы 

айтпақ  ойды  әсерлеуді  қазақ  ақындары  жақсы  білген.  

Дулат: «Талайын алдың тартқандай Кем мен кетік, кенденің» 

дегенінде үш синонимнің басын бір «қазанға сыйғызады».

Абай қазақ поэзиясы тілінің осы тәсіліне иек арта отырып, 

бұл орайдағы шеберлікті одан әрі көтерді. Ең алдымен, Абай 

синонимдердің  мағыналық  реңктерін  айтпақ  идеясына  сай 

пайдалануды көздейді. Мысалы, бағу сөзі кей реттерде қарау 

етістігінің  синонимі  болып  түсетіндігі  белгілі.  Бағу  сөзінде 

нақтылы  затқа  қарау  емес,  абстракт  нәрсеге  қарау  мағынасы 

бар. Сондықтан да ақын: (құс салудың) «суретін көре алмассың 

көп  бақпасаң»  немесе:  «Өз  хатыма  өз  көзім  ұялып  қорқып 

баға алмас» деп келтірсе, бұл жерлерде «бағылатындар» – аб-

стракт нәрселер (аңшылықтың суреті, хаттың мазмұны). Бағу 

сөзінің  семантикалық  осы  нюансын  пайдаланып,  Абай  оны: 


537

«Көкке бақтық Алла деп, Тамаша етіп құдіретін» деген жол-

дарында келтіреді. Бұл – Лермонтовтың И я гляжу на небеса.  

С  покорною  душой  деген  тармақтарының  аудармасы.  Бұл 

жердегі көктің өзі – аспан емес, Құдай ғой, оны Алла деп Абай 

өзі анықтап тұр, ал Алламыз – нақтылы зат емес, сондықтан 

көкке қарадым деп шын ақын айта алмас еді.

Абайдай  ұста  әйел,  қатын,  ұрғашы  синонимдерінің  де 

мағыналық бояуларын орынды пайдаланады: әйел мен ұрғашы 

сөздерін көбінесе жалпы әйелзат туралы әңгіме болған сәттерде 

келтірсе, қатын сөзін нақтылы біреудің әйелі туралы айтылған 

орайда  жұмсайды:  «Әйел  жақсы  болмайды  көркіменен...», 

«Әйел  адам  гүлмен  тең»  деген  жолдарда  жалпы  әйелзат  сөз  

боп  тұр.  Ал:  «Түңлікбайдың  қатыны,  атың  Шәріп»  десе, 

нақты кісі Түңлікбайдың жұбайын ауызға алып отыр. Тегі, бұл 

синонимдік  қатардың  ішіндегі  әйел  сөзінің  әдеби  норма  бо-

лып қалыптасуы кейінірек болғанда, оған бұл сөздің «жоғары 

стильде»,  яғни  сыпайылық,  жалпылық  мағынада  дифферен-

циациялануы  себеп  болғаны  байқалады.  Абайда  да  қатын 

сөзі  40-тан  астам  рет  кездессе,  әйел  сөзі  одан  әлдеқайда  кем  

(7-8 рет) ұшырасады, соған қарамастан бұл – синонимдік қатар 

түзуге, оның ішінде семантикалық реңкі айқындалып, стильдік 

жүк арқалауға жетіп тұрған элемент. Мұндай сәл реңктері бар 

синонимдерді  ажыратып  кәдеге  асыруға  Абай  бейім  тұрады. 

Тіпті Алла, Құдай сияқты семантикалық үстеме реңксіз «таза» 

синонимдердің өзін ретіне қарай жұмсауға (таңдауға) барады: 

ислам діні сөз болған жерде Құдай мен Тәңірі сөздерінен гөрі 

қаламына Алла сөзі тезірек оралады, ал әңгіме жалпы Құдіретті 

күш,  Жаратушы  жайында  болса,  Құдай  «өтімді»  (сондықтан 

да  болар,  Абай  бұл  сөзді  160  рет  қолданған),  ал  түркі 

халықтарының «өз Құдайы» – Тәңір кезекші синоним ретінде 

әлдеқайда  кемдеу  (40  шақты  рет)  ұшырасады.  Бұл  әсіресе 



Тәңір тобы, Тәңірінің құрған тезі, Тәңірі – қазы, тас – таразы 

сияқты аллитерациялы тіркестер жасау үшін таңдалынады.

Абай да, өзгелер сияқты, синонимдерді қатарынан қолданып, 

айтпақ  ойының  экспрессиясын  күшейтеді:  «Түзу  кел,  қисық, 



қыңыр,  қырын  келмей»,  «Есер,  есірік  болмасаң,  тіршіліктен 

пайда  жоқ»,  «Тыным,  тыныштық  көрмеген»,  «Абайлаңыз, 



538

байқаңыз,  Елдің  жайы  солай-ды»  т.т.  Синонимдерді  қатар 

келтіру  үшін  үлкен  шеберлік  керек,  өйткені  синонимдердің 

барлығы  бірдей  бір  сызықта  тұра  алмайтыны  мәлім.  Бір 

қатарда тұратып синонимдер көбінесе түбірлес элементтер бо-

луы мүмкін (тыным ~ тыныштық; есер ~ есірік; шалықтап 

~  шалқып)  немесе  плеоназмдар  болуы  мүмкін  (әуелесін  ~ 

қалқысын:  әуелеудің  түбірі  –  әуе  –  «аспан»,  ал  қалқысын 

дегеннің түбірі – қалық, көне түркі тілінде бұл да – «аспан») 

я  болмаса  морфологиялық  құрылымы  бірдей  сөздер  болуы 

мүмкін (тиянақсыз ~ байлаусыз; жас өспірім ~ көк өрім). Осы 

заңдылықты ұлы зергер жақсы сезінген.

Қатар  түзей  қолданылған  мәндес  сөздер  әртүрлі  тұлғада 

келіп,  бірін  бірі  толықтыра,  айқындай  түседі.  Мысалы, 

«Жақындай бер жуықтап» дегенде, біреуі – көсемше, екіншісі 

–  тиянақты  тұлғада  келтірілген  синонимдер,  олар  өзара  бір-

біріне  өте  жақын,  бірін  бірі  күшейтіп  тұр.  «Өтірік  берген 

қағаздың  Тауып  алып  жалғанын»  дегенінде  де  сондай:  өзі 

өтірік қағаздың жалғанын тағы ескертеді. 

Сын есім, үстеу синонимдерді де қатар қолдану айтылмақ 

ойды мүлде әсерлі етіп жібереді: «Мұқым қазақ баласы Тегіс 

ақыл сұрапты», «Босқа ұялып, текке именіп», «Сорлы жүрек 

мұнша ауыр Неге қатты соқтығар?» т.б. Абай әсіресе бір сөзді 

қайталай  бермес  үшін  синонимдерді  кең  пайдаланады:  «Рас 

сөздің кім білер қасиетін, Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сен-

бек»,  «Әркімде  бар  туысқан...  Жақсыға  біткен  ағайын».  Сол 

сияқты бәле ~ кесапат, алаш ~ жұрт ~ ел, қулық ~ алдау т.т. 

тәрізді  синонимдік  тізбектер  бір-біріне  кезекші  болып  түсіп, 

өлең тілін құбылтып отырады.

Синонимдерді  белгілі  бір  жазушы  тіліне  байланыстырып 

қарастырғанда,  оларды  екі  тұрғыдан  алып  талдау  қажет:  бірі 

–  олардың  сол  контекстегі  мән-мағынасын  ашу,  екіншісі  – 

автордың бір ұғымдас сөздердің өзгесін емес, дәл сол берілгенін 

неліктен  таңдағандығын,  арқалап  тұрған  жүгін  көрсету. 

Біздің жоғарыда сөз еткендеріміз – алғашқы аспектіден қарап 

талданғаңдар. Екінші тұрғыдан да материалды молынан тауып, 

ұзақ сөз етуге болады. Өйткені тіл қадірін жақсы білген, «өлең 

деген – әр сөздің ұнасымы» деп өткен Абайдай ақынның сөздің 


539

анасын  емес,  мынасын  таңдауының  кез  келгенін  дәлелдеуге 

болады.  Абайдың  ақындық  құдіреттілігі  де,  поэзия  тілін 

ұстартудағы үлкен еңбегі де, кейінгіге қалдырған үлгі-өнегесі 

де  осы  жерде:  сөзді  таңдап  талғап  қолданысында.  Мысалы, 

Әбдірахманның  әйелі  Мағышқа  шығарып  берген  жоқтауы 

–  метафоралы  образдарға  толы  шығарма.  Осы  толғаудың 

бір  жерінде:  «Қызықтың  заңғар  басынан  Қорлыққа  кеттім 



жығылып», «Құдай қосқан қосақтан Жалғанда қалдым жары-

лып. Қайғыңда қалдым қамалып, Қызығым кетті сырылып»– 

дейді.


Мұнда ақын құлау сөзін емес, оның синонимі – жығылуды 

таңдайды. Әдетте заңғар биіктен бір нәрсе құлар болар, жығылу 

– өзі аяқ басып тұрған жеріне құлағанда немесе әрі кеткенде 

аттан не түйеден құлағанда болатын қимыл. Ал егер Абай «бір 

нәрсенің  биік  басынан  құладым»  десе,  ол  –  қалыпты,  дұрыс 

құрылған, бірақ экспрессиясы жоқ нейтрал сөйлем болар еді. 

Сірә, тілдегі кейбір норманы әдейі бұзып, әдеттегі қалпынан 

өзгертіп қолдану қашан да белгілі бір стильдік мақсат көздейтіні 

белгілі:  ал  биіктен  құладым  демей,  жығылдым  дегендегі 

мағыналық диссонанс осы қолданыстан тосын мән іздеттіреді, 

өзіне  көңіл  аудартады.  Оның  үстіне  қызықтың  заңғар  басы, 

қорлыққа жығылу деген тіркестердің ішінде таңдалған сино-

ним өзінің стильдік жүгін одан әрі айқындап, жоғары көтеріп 

тұр.  Сол  сияқты  Мағыш:  «Құдай  қосқан  қосағымнан  айрыл-

дым»  демейді,  жырылып  қалдым  дейді,  оның  көріп  келген 

қызығы жай етіп кетпейді, сырылып кетеді. Демек, құлау ~ 



жығылу, айырылу ~ жарылып қалу, өтіп кету ~ сырылып кету 

деген  қатарлардың  екінші  сыңарларын  Абай  әдейі  қалайды, 

таңдап алады.

Тағы бір-екі иллюстрация алалық: «Өлең жиған тырбанып, 

Ән үйренген ырғалып, Сорлы Көкбай қор болды-ау, Осынша-

дан құр қалып!» дегенде, өлең шығарған немесе жазған емес, 



жиған  деген  сөзді  автор  әдейі  алғанға  ұқсайды.  Өлең  жию, 

әрине,  шығару,  жазу  синонимдерімен  тепе-тең  емес,  бірақ 

дәл осы контексте бұлардың орынды эквиваленті болып тұр. 

Өйткені  өлең  үлкен  юмормен  жазылған,  сондықтан  мұнда 



тырбанып, ырғалып сөздері де әдейі орын алған. Сол себептен 

540

«сорлы Көкбай» өлеңді не шығармайды, не жазбайды, жоқтан-

бардан «жияды». Мұнда өлең жазған тырбанып десе, нағыз 

сынау, кемсіту реңкі болар еді. Өлеңді тырбанып жазғаннан 

гөрі  тырысып  жию  (құрастыру)  әлдеқайда  зілсіз,  әзіл-оспақ 

түрінде айтылған сөз боп шығады.

Абайдың сөз таңдап, тап басуын әсіресе аударма өлеңдері- 

нің  тілінен  жаксы  көруге  болады.  Аударып  отырған  шығар- 

маның идеясын дәл беруде сөз таңдаудың мәні орасан зор. Ау-

дарма көшірме болмай, екінші тілдегі поэзия болуы керек, ол 

үшін  әрбір  сөздің  бояуы,  көзге  ілінер-ілінбес  семантикалық 

реңктері,  өзге  сөздермен  тіркесу  қабілеті  –  баршасы  іске 

қосылуы қажет. Сондықтан Абай әсіресе аударма өлеңдерінің 

тіліне қыруар еңбек сіңіргені байқалады. Ол Пушкин, Лермон-

тов  шығармаларының  мазмұнын  қазақшалап,  идеясын  беріп 

қоймайды, осы екі суреткердің өз қолтаңбаларын, өз «иістерін» 

сақтауға  күш  салады.  Ол  үшін  жеке  сөздерді  таңдайды, 

синонимдерді  сұрыптайды.  Мысалы,  Лермонтовтың  «Пусты-

ня  внемлет  Богу»  дегенін  «Елсіз  жер  тұрғандай  боп  Хаққа 

мүлгіп» деп аударады. Мұнда внимать етістігінің кітаби көне 

поэтикалық  элемент  екенін  Абай  іштей  сезінеді,  сондықтан 



тыңдап, құлақ салып сөздерін емес, мүлгу сөзін алады. Хақты 

(Құдайды)  жай  тыңдауға,  оған  жай  құлақ  салуға  болмайды, 

жан-тәнімен  беріліп,  не  бұйырса  да  мойын  сұнып,  мүлгіп 

тыңдау  керек,  осы  себептен  Лермонтов  та  внемлет  Богу  деп 

тегін алып отырған жоқ. Абай осыны сезінген.

Міне,  бұл  талдаулардың  барлығы  мынадай  тұжырымға 

әкеледі.  Тілдегі  бай  синонимдік  қатарларды  өз  орындарында 

қолдана  білу  бірнеше  қажеттікті  өтейді.  Бірі  –  жазушының 

(бұл жерде Абайдың) образды дәл беру, айтпақ идеясын айқын, 

әсерлі  етіп  жеткізу  шеберлігін  көрсетеді,  екінші  –  жалпы 

әдеби,  оның  ішінде  поэзия  тіліндегі  сөз  айналымын  күш- 

ейтеді,  сөздік  қазынасын  арттырады.  Соңғы  мақсат  үшін 

пайдаланылған  амалдардың  бірі  –  тілдегі  бар  синонимдерді 

өлең тіліне тарту болса, екіншісі – кейбір сирек кездесетіндерін 

де  активтендіру  (мысалы,  Абайда  безу  сөзінің  күсу  синонимі 

еркін жұмсалған), үшіншісі – бірқатар көне сөздерді айналымға 



541

түсіру  (мысалы,  Абай  ежеттес,  әз  тұту,  даттау  сөздерін 

синонимдік қатар ретінде қолданады), төртінші – жаңаларын 

жасау  (мысалы,  Абай  кем  көру  тіркесінің  синонимі  ретінде 



қоңыр  көру  фразасын  қосады),  бесінші  –  өзге  тілдердегі 

мағыналас  сөздерді  синоним  етіп  жандандыру  (мысалы, 



жолдастық сұхбаттастық; соңғы сөз көп орайда әдеттегі 

«әңгімелесу, сырласу» мағынасында емес, араб тіліндегі екінші 

мағынасында  («общение,  дружба»)  келеді:  «Арзан,  жалған 

күлмейтін шын күлерлік, Ер табылса жарайды қылса сұхбат...», 

«Жолдастық, сұхбаттастық бір үлкен іс» т.б.), айбаттайды ~ 

даттайды қатары да – осындай.

Жалпы лексикалық элементтерді, оның ішінде синонимдерді 

сұрыптап,  таңдап,  тауып,  поэзия  тіліне,  жалпы  әдеби  тілге 

қатыстыруда,  оларға  әдейі  стильдік  жүк  артуда  Абай  көзге 

түсерлік  еңбек  сіңірді.  Бұл  –  талабы  мен  таңдауы  зор  әдеби 

тілдің  белгісі.  Қазақ  тілі,  оның  көркем  әдебиеті  мен  ауызша 

шешендік  үлгілері  бұрыннан  да  синонимикаға  бай  болатын. 

Оны кезінде ғалымдар жақсы байқап атаған болатын. Монғол, 

алтай  тілдерін  зерттеуші,  фин  тіл  маманы  Г.И.Рамстедтің: 

«Нужно  лишь  обратиться,  например,  к  казахским  текстам  в 

труде  Радлова,  чтобы  найти...  как  монгольский,  так  и  тюрк-

ский фольклор обладает, – там, где он наиболее развит, – бо-

гатым  набором  синонимов,  парных  слов  и  рифмующихся 

слов»,


115

  –  дегеніне  қарағанда,  тіпті  қазақтың  ауыз  әдебиеті 

тілінде  синонимиканың  бай  сала  екенін  көреміз.  Ал  халық 

ауыз  әдебиеті  тілі  мен  ірі  жазба  әдебиет  уәкілі  –  Абайдың 

қолданысын салыстырсақ, бұл лексикалық топтың поэтикалық 

құралға айналуы сандық та, сапалық та өзгеріске ұшырады деп 

аламыз.

Поэзия  тіліне  сөз  таңдауда  көркемдеуіш  элементтердің  



бірі  ретінде  антонимдерді  пайдалануды  да  Абай  қостап,  әрі 

қарай  жетілдіреді.  Ұлы  ақын  айтпақ  ойларын  ізгілік  пен 

жамандық,  өмір  мен  өлім,  қас  пен  дос,  білім  мен  надандық 

сияқты  кереғар  полюстерді  сөз  ету  арқылы  білдірсе,  оның 

115

 Рамстедт Г. И. Введение в алтайское языкознание. Морфология. - М., 1957. - 



С.17.

542

тілдегі көрінісі – антонимдері жиі пайдаланады. Абай тіліндегі 

антонимдердің  барлығы  дерлік  образды  күшейту  үшін 

қолданылған. Ішім өлген, сыртым сау, Бүгінгі дос – ертең жау 

деген екі жолдың өзінде барлық ұғым қарама-қарсы полюстерді 

білдіреді: іш//сырт, өлген//сау, бүгін//ертең; дос//жау. Кейбір 

сөздердің контекстегі мағынасын антонимдік сыңарына қарай 

тануға  болады.  Мысалы,  «Бұл  сөзді  тасыр  ұқпас,  талапты 

ұғар» деген жолда тасыр сөзі мағына жағынан талапты сөзі- 

нің қарсысына қойылған. «Надан жөндіге жөн келмей, Білер 

қайдағы  шәргезді»  деген  жолдардағы  сирек  қолданылатын 

шәргез сөзінің мағынасы жөнді-ге қарама-қарсы екенін тануға 

болады.


Қысқасы,  Абай  поэзиясы  тіліндегі  синонимдер  мен  анто-

нимдерге  жасалған  өте  шағын  талдау  арқылы  ақынның  жеке 

сөздерді  поэтизмге  айналдыру  тәсілдері  мен  принциптерін 

көрсеттік.  Сірә,  өлең  тексінің  барша  сөзі  поэтизм  болмайты-

ны аян. «Лексикалық поэтизм дегеніміз – белгілі бір кезеңдегі 

поэзия  тілінде  пайда  болған  немесе  іріктеліп  шыққан  сөздер 

мен оралымдар»

116


, яғни өлеңнің көркемдік мүддесін өтеу үшін 

қалыптасқан  элементтер  болса,  Абай  тілінің  лексикалық  по-

этикасын арнайы зерттеу қажеттігі даусыз.

Сөйтіп, Абай поэзиясы тілінің ерекшелігін сол поэзияның 

тақырыбы мен жанрына қарай және ақынның бұрынғы тілдік-

көркемдік дәстүрді жалғастыру сипаты мен жаңалықтар енгізу 

дәрежесіне  қарай  талдап,  тану  қажет.  Бұл  –  бір.  Екіншіден, 

ұлы сөз зергерінің индивидуалдық шеберлігін, творчестволық 

контексін зерттеп білу қажет. Бұл орайда көптеген ізденістер 

мен  табыстар  бар  екенін  айтамыз.  Абайдың  ақындық, 

жазушылық  творчествосымен  қатар,  оның  тіліне  де,  қазақ 

әдеби  тілін  дамытудағы  орны  мен  қызметіне  де  зор  көңіл 

бөлген әдебиеттанушылардан ұлы Мұхтар Әуезовтің, Қажым 

Жұмалиевтің, Зәки Ахметовтің ғылыми еңбектерін, тіл маман-

дарынан – Құдайберген Жұбановтан бастап, Ісмет Кеңесбаев, 

Нығмет  Сауранбаев,  Ахмеди  Ысқақов,  Ербол  Жанпейісов, 

116 

Виноградов В. В. Поэтика н ее отношенне к лингвистике и теории литературы 

// Вопросы языкознания. -1962. - № 5. - С. 5.



543

Құлмат  Өмірәлиев  және  осы  мақала  авторының  мақалалары 

мен монографияларын атауға болады. Абайдың тіліне арналған 

зерттеулердің  қай-қайсысында  да  әзірге  ұлы  ағартушы-демо- 

крат ақынның қазақтың жазба әдеби тілінің даму барысындағы 

орны, атқарған қызметі, қосқан жаңалықтары сөз болып келеді 

де  оның  тілдік  шеберлік  лабораториясы  жан-жақты  терең 

зерттелмей  жатыр,  яғни  қолымызда  Абай  творчествосына 

қатысты лингвостилистикалық монографиялар әлі жоқ. Абай-

дай  алыптың  әдеби  мұрасы  мен  оның  тілі  –  бес-он  адамның 

бес-он жылда тындырып тастайтын зерттеу объектісі емес. Бір 

жарым ғасырлық тарихы бар пушкинтану қандай күрделі, әлі 

аяқталмаған ғылым саласы болса, күні кеше басталған абайта-

ну да – көп күшті, көп білімді, көп ізденуді қажет ететін, ұзақ 

жылдық еңбекті тілейтін филологиялық ғылым тармағы.

Туғанына  140  жыл  толуын  атап  отырған  ұлы  жазушының 

тілін  әрі  қарай  барлық  қырынан  зерттей  түсу  қазақ  лингвис- 

терінің де алдағы ізгі істерінің бірі болмақ.



Қазақ ССР ҒА Хабарлары. - Тіл, әдебиет сериясы. 

- 1985. - №4. - 17-25-б. 

544


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет