Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 94 Қазақстан Республикасы



Pdf көрінісі
бет2/38
Дата06.04.2017
өлшемі3,75 Mb.
#11193
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   38

СӨЗ – ӨЛЕҢНІҢ АРҚАУЫ

Әдебиет – тілмен әдебиет.

 (Мұхтар Әуезов)

Бұл тараудың атын «Сөз және поэтикалық образ» деп беру-

ге де болады. Өлеңді өлең ететін – әйтеуір тіл, әйтеуір сөздер 

жиынтығы емес, сол өлеңде белгілі бір уәжді қызмет атқаратын 

сөздердің қолданысы.

Көркем  шығармада  айтылмақ  ойдың  теңеу,  эпитет,  мета- 

фора, метанимия, әсірелеу, шендестіру, қатарластыру т.б. сияқ- 

ты көріктеу құралдары мен амалдары арқылы көрінуі ғылым- 

да  поэтикалық  образ  (бейне)  деп  аталады.  Біздің  бұл  зерт- 

теуіміздегі әңгімеміздің дені поэтикалық образ, яғни сөз-образ 

жайында болмақ. «Образ» деп қарастыратынымыз – көріктеу 

элементі болып келетін жеке сөздер мен сөз тіркестері. Көркем 

шығармада  сөздің  тура  мағынасында  қолданылуын  әдебиет 

теориясы автология деп атаса, бейнелі (фигуралды, ауыспалы) 

мәнде жұмсалуын металогия деп атайды. Мұнда талдайтында-

рымыз негізінен металогияға жатады.

Поэтикалық образ жасауда жазушы мен ақын сөзге иек ар-

тады.  Тіл  –  образдың  көрінісі  болса,  образ  сол  шығарманың 

идеялық мазмұнының көрінісі

6

. Ол сөз белгілі бір экспрессивтік 



(әсерлі) бояуы бар сөз болуы да мүмкін, сондай-ақ мағынасында 

ешқандай әсерлі реңкі жоқ сөз болуы да мүмкін. Бірақ соңғы 

топ образ жасауда стильдік жүк арқалап, өз бойында жасырын 

жатқан  қосымша  мағыналық  реңктерін,  ғылыми  терминмен 

айтсақ, семаларын немесе «тақырыптық өріс» дегенді құрап, 

образ жасайды. Сөзбен берілетін образ дегеннің өзі екі қырынан 

көрінеді: бірі – тақырыптық өріс арқылы туатын идея образы, 

екіншісі  –  сөз-образ.  Мысалы,

 

Абайдың  «Өкінішті  кеп  өмір 



кеткен  өтіп»  деп  басталатын  өлеңі  философиялық  толғаныс 

болғандықтан,  мұнда  ойшыл  (адам),  жан  (адам),  татулық, 



жылмаңдық,  адамдық,  достық,  көңілдің  кешуі,  өкпе  сызы, 

жүрек жігі, көңіл жүгі, кірлемеген көңіл деген сөздер «рухани 

дүние» деген тақырыптық топ болып, «толғанған ақын» деген 

образды ұсынып тұр. Немесе Махамбет ақынның көп өлеңдері 

6

 Тимофеев Л.Н. Проблемы теории литературы. - М., 1955. - С. 79.



22

қолына қару ұстап, ұрыс майданына шыққан жауынгер обра-

зына арналғандықтан, бұларда қару-жарақтың бейнелеуіш ата-

улары: балдағы алтын құрыш болат, толғамалы ақ мылтық, 



садақ  толған  сай  кез  оқ  сияқты  сөздер  мен  ұрыс-соғыс  іс-

әрекеттеріне  қатысты  етістіктер  «әскери  тақырып»  өрісін 

құрап, күрескердің я болмаса ұрыс-шайқастың образын береді.

Ал жеке сөз-образ дегенге келетін болсақ, бұл да поэтикалық 

сөз  кестесінің  элементі.  Мысалы,  Дулат  (Бабатайұлы)  ақын- 

ның:


Көргеннің көзі тойғандай,

Топты ортадан ойғандай

Сәулетіңнің сағымы

Бұтағына шынардың



Күнді әкеп іліп қойғандай

Сәндісің, жаным, сәндісің, –

деген шағын өлеңінде бірнеше сөз-образ бар. Айталық, мұнда 

шынар – образ. Шынар – ең биік ағаш, сондықтан оның бұта- 

ғына  ілінген  затқа  адам  қолы  жетпейді,  сұлу  қыз  да  екінің 

бірінің қолы жете бермейтін жан. Демек, шынар – қол жетпейтін 

нәрсенің образы. Сол сияқты күн де – сөз-образ: күн – нұр ша-

шып, айдай әлемді жарқыратады, сұлулық та күн сияқты нұр 

себеді,  адам  жанын  сүйсіндіреді,  демек,  күн  сөзі  образ  үшін 

жұмсалған.

Сөз-образдарды  Абайдан  келтірсек,  тіл  құдіретіне  тәнті  

боламыз.  Мысалы,  оның  жастарға  арнап:  Сен  де  бір  кірпіш 

дүниеге Кетігін тап та бар, қалан – дегенінде кірпіш те, кетік 

те,  қалану  етістігі  де  –  сөз-образдар,  өйткені  бұл  сөздер  өз- 

дерінің  тура  мағынасында  келмей,  белгілі  көркемдік  жүк 

арқалап, образдар галереясын жасап тұр: мұндағы кірпіш – тас 

емес, адамның, жас адамның образы, кетік те бұл жерде – үй 

қабырғасының немесе тостағанның кетігі емес, қоғам өмірін- 

де әр адамның алатын орны, атқаратын пайдалы қызметі деген- 

нің образы, қалану етістігі болса, бұл да өзінің номинативтік 

мағынасында емес, ауыспалы, астарлы мәнде жұмсалып тұр: 

бұл жердегі қалану – адамның қоғамда өз орнын тауып, қызмет 

етуі.


Абайдан тағы бір мысал келтірейік. Жол азық – қарапайым 

тұрмыстық  сөз,  ал  Абай:  «Кеш  деп  қайтар  жол  емес,  Жол 



23

азығым мол емес» десе, бұл тіркес тұлғалық өзгеріске түспей-

ақ мағына жағынан қосымша жаңа үнге («обертонға») ие бо-

лып тұр: мұндағы жол дегеннің өзі – метафора, ол – өмір, осы 

өмірдегі  ақынның  мақсаты,  күресі,  жол  азық  –  сол  күресте 

жұмсайтын  құралы,  демек,  соңғы  тіркес  сөз-образ  болып 

шыққан.


Зерттеуші  З.  Ахметов  дұрыс  көрсеткендей,  Абай  өлеңде- 

ріндегі жол, жартас, жүрек, соқпақ сияқты сөздер – метафо-

раланып жұмсалған сөз-образдар. Бұлар да – өздері жұмсалған 

контексте  қосымша  мағынаға  ие  болған  обертондар  (музы-

ка  термині  болыл  саналатын  обертон  сөзі  дауыстың  негізгі 

әуеніне белгілі бір реңк, тембр бояуын үстейтін қосымша тон-

үн) .

Көркем әдебиеттегі, оның ішінде поэзия тіліндегі сөздерді 



талдағанда,  «орфографиялық  сөз»  нысанаға  алынбауы  керек, 

яғни жазылып көрініп (не естіліп) тұрған сөзді зерттеу мақса- 

тын  емес,  сол  сөздің  сол  қолданыстағы  мағыналық  ерекше- 

лігін,  Б.А.  Ларинше  айтқанда,  «мағыналық  обертондарын», 

яғни жазушының не ақынның осы сөз арқылы қандай идеяны 

(ойды)  айтпақ  болғанын  және  оқырман  ол  сөздің  мағынасын 

қандай  деп  қабылдайтынын  көрсетуді  көздеу  керек

7

.  Ал  бұл 



ерекше мағына немесе «мағыналық обертондар» сөздердің бір-

бірімен арақатысынан, біріне бірінің тигізетін әсерінен пайда 

болады  да,  жазушының  (ақынның)  айтпақ  ойының  үдесінен 

шығады. Бұл жерде әнңгіме лексикалық (тура) мағынасында әр 

алуан экспрессиясы бар бояулы сөздер туралы емес, мағынасы 

қалыпты, жай (бояусыз) сөздер жайында.

Бірақ сөздердің қай-қайсысына да ерекше мағыналық реңк 

қосып жұмсауға болады немесе сөздің өз бойындағы қосалқы 

мағыналық  реңктерді  (сема  деп  аталатындарды)  пайдалануға 

болады. Тегі, поэзия – сөздің бар қабілетін ашатын, сөз мағы- 

насының  небір  нәзік  қырларын  көрсететін  майдан.  Мысалы, 

Абай:  «Мен  қажыған  арықпын,  Қатын-бала  қонағы»  дегенде 

«арыған, жүдеген» мағынасындағы арықпын деген қарапайым 

сөзді «дүниеден түңілген, күрестен шаршаған, қалған өмірінде 

өзін  тек  жай  отбасы  мүшесі  есебінде  санаған  адам»  деген 

метафоралық  образ  үшін  пайдаланған.  Мұнда  қонақ  сөзінің 

қосалқы реңкі кәдеге жаратылған, демек, бұл сөз де образ.

7

 Ларин Б. А. Эстетика слова и язык писателя. - Л., 1974. - С. 36.



24

Лексикалық (негізгі, тілдік) мағынасында белгілі бір әсерлі 

бояуы  жоқ  сөздерді  метафора-образ  етіп  жұмсау  қазақ  поэ- 

зиясында  бұрыннан  жақсы  дамыған  әдіс  болатын.  Мысалы, 

Кемпірбай  Бөгембайұлы  (1834-1895):  «Ішіне  арғын,  найман 

салдым  айғай»  дегенінде  айғай  сөзінің  қалыпты  лексикалық 

мағынасын  «уытты  өлең  сөз»  дегенге  ауыстырып,  метафора-

лап, образ жасап тұр. Немесе Жанақ ақын (1770-1856): «Шынар 

құлап, түбінде қалды шірік. Өз қолыңнан ұрыға бердің құрық» 

дегенінде шынар да, шірік те, ұры да, құрық та сөз – образдар: 



шынар – біртұтас қазақ қоғамының образы, шірік – сол еркін 

елдің тәуелді, отаршылық күйге түскенінің образы, ұры – отар- 

лаушы немесе езуші топ өкілінің образы, құрық – әкімшілік, 

билік тәртіптерінің бейнесі.

Демек, бұл образдардың барлығының да жасалуына көрсе- 

тілген  сөздердің  мағыналық  кұбылулары  себеп  болып  тұр. 

«Сөз құбылуы» терминін біз соңғы жылдарда тіл білімінде өз 

алдына жеке шығарылып, айтыла бастаған, орысша «словопре-

образование» деген категориялық ұғымның қазақша баламасы 

ретінде  ұсынып  отырмыз.  «Сөзжасам»  (словообразование), 

«сөз өзгерісі» (словоизменение) «сөз кұбылуы» (словопреобра-

зование) деген терминдердің алғашқысы – лексикология сала-

сына жататын категорияның атауы, екіншісі – грамматиканың 

объектісі,  үшіншісі  –  лингвостилистика  деп  аталатын  ғылым 

саласының,  яғни  тілдің  колданыстағы  көрінісін,  көркемдік 

қызметін зерттейтін саланың термині. Демек, біздің бұл еңбекте 

қарастыратын  объектіміз  –  осы  соңғысы.  Өйткені  поэзия  сөз 

мағынасының қыр-сырының көрінуіне, мағыналарының жыл-

жуына: ауысуына, толығуына, тарылуына жол ашады. Екінші 

сөзбен  айтсақ,  сөздер  поэтикалық  қызметінде  өзінің  мүмкін 

(потенциалды) және жасырын («ұрын») жатқан мағыналарын 

ашады,  мағыналық  қабаттасуларға  жол  береді.  Сөзді  әсіресе 

эмоциялық-бағалауыштық  қызметте  жұмсауға  келгенде  өлең 

тілі – бірден-бір «ұлы жіңгір алаң». Сондықтан Абай өлеңдері 

тілінде сөз арқылы поэтикалық образ жасаудың үлгілерін тану 

– зерттеуіміздің өзекті тұсының бірі болмақ. Абай сөз арқылы 

поэтикалық образдарды қалай берді деген әңгімені қозғаймыз. 

Бұл әңгіме әсемдік әлемі туралы болмақ.



25

ОБРАЗДЫҢ ЭСТЕТИКАЛЫҚ ӨРІСІ (ЗОНАСЫ)

Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз, 

Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз.

(Абай)

Сөз алды-артында (әрине, көбінесе алдында) анықтайтын, 

айқындайтын сөздермен келіп те, жеке тұрып та образ жасай 

алады. Мысалы, Абайдың: Мәз болады болысың Арқаға ұлық 



қаққанға. Шелтірейтіп орысың Шенді шекпен жапқанға де-

ген  өлең  жолдарындағы  шекпен  сөзінің  өзі  тың  образ  болып 

тұр: шекпен жабу – «әкім етіп қою», «ауыл-ел басқарту» деген 

ауыспалы мәнде келген қолданыс. Осы шекпен («әкімдік») об-

разын айқындап, оның алдына шенді сөзін келтіргенде, образ 

одан сайын ажарланып, оқырман сезіміне ерекше әсер беретін 

тіркеске айналған. Демек, образды айқындап, оны әр қырынан 

танытар  өрісін  қеңейтетін  көріктеу  құралын  әдебиеттану 

ілімінде эпитет деп атайтынын білеміз. Бұл терминді, Ахмет 

Байтұрсынов  көркейту  немесе  көркейте  айқындау  деп  ата-

са

8

,  Қажым  Жұмалиев  халықаралық  ортақ  термин  –  эпитетті 



қолданады

9

, Зейнолла Қабдолов А. Байтұрсыновтың терминін 



жөн көреді

10

 .



Эпитет  –  адамның,  заттың,  құбылыстың  бір  белгісін:  сы-

рын, сипатын, қасиетін атап көрсететін сөз, бірақ осы қызметте 

келетін жай анықтауыш сөзден эпитеттің айырмасы бар. Жай 

анықтауыш заттың, құбылыстың, адамның өзіне тән қалыпты 

сынын  (белгісін,  қасиетін,  түрін,  түсін  т.б.)  білдірсе,  эпитет 

өзі  атайтын  белгіні  бейнелеп  (образдап)  көрсетеді;  өйткені 

бұл белгі сол заттың, адамның, құбылыстың табиғи, қалыпты 

белгісі  емес.  Мысалы;  Абайдың:  «Кәрі  қой  ептеп  сойған 

байдың  үйі,  Қай  жерінде  кедейдің  тұрсын  күйі?  Қара  қидан 

орта  қап  ұрыспай  берсе,  О  да  қылған  кедейге  үлкен  сыйы» 

8

 Байтұрсынов А. Шығармалары. - Алматы, 1989. - 155-б.

9

 Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. - Алматы, 1960. - 107-111-бб. 



  Жұмалиев  Қ.  Қазақ  әдебиеті  тарихының  мәселелері  және  Абай  поэзиясының  тілі.  

- Алматы, 1960. - 195-б. 

10

 Қабдолов 3. Әдебиет теориясының негіздері. - Алматы, 1970. - 226-б.


26

деген  шумағында кәрі қой,  қара  қи, орта  қап,  үлкен  сый де-

ген тіркестердің кәрі, қара, орта, үлкен деген анықтауыштары 

қойдың, қидың, қаптың, сыйдың қалыпты, өздеріне тән белгі- 

лерін  атайды,  ол  белгілерді  білдіріп  тұрған  сөздер  өздерінің 

тура мағыналарында қолданылған, сондықтан бұлар – эпитет-

тер емес, жай анықтауыштар. Ал Абайдың: «Қырмызы қызыл 

жібек  бозбалалар  Оңғақ  бұлдай  былғайды  бір  дым  тисе» 

дегенінде қырмызы мен қызыл жібек деген сөздер бозбаланың 

бір  қасиетін,  белгісін  атап  тұрса,  ол  белгі  –  адамның  табиғи 

қасиеті емес, сондықтан бұл жердегі қырмызы, қызыл жібек 

деген сөздер – ауыспалы мағынада бейнелеп айтылған эпитет 

анықтауыштар.

Эпитеттер тұрақты, тұрақсыз немесе тавтологиялық (үйрен- 

шікті,  көп  қайталанатын)  және  метафоралық,  синкреттік  деп 

бөлінеді. Тілдердің қай-қайсысында да бір нәрсенің (адамның, 

заттың,  құбылыстың,  ұғымның)  белгілерін  бейнелеп,  әсерлі 

түрде атайтын әрі сол атаумен үнемі бірге қолданылатын эпи-

теттер  болады.  Олардың  көбі  өздерінің  тура  мағынасында 

келеді, бірақ анықтап тұрған сөзімен тіркесіп, белгілі бір об-

раз  үшін  жұмсалады.  Атап  айтқанда,  образдың  эстетикалық 

зонасында оның өзіне тән анықтамасы болады. Бұлар тұрақты, 

тавтологиялық эпитеттер болып саналады. Мысалы, Абайдың 



аппақ ет, қып-қызыл бет, қызыл жүз, тар төсек, бұраң бел, 

қызыл арай дегендері тұрақты эпитеттермен келген тіркестер, 

ал тәтті қыз, асау жүрек, ит жүрек, ыстық қайрат, долы 



қол  сияқты  тіркестеріндегі  қыздың,  жүректің,  қайраттың, 

қолдың бір белгісін атап тұрған тәтті, асау, ит, долы деген 

анықтауыштар өздерінің тура мағыналарында емес, ауыспалы 

мәнде  келіп,  тұрақсыз  эпитеттер  болып  тұр,  яғни  тәтті  болу 

барлық қыздың (жалпы адамның) белгісі емес, жүректің асау 

болуы, ит болуы да өзіне тән тұрақты белгі емес.

Міне,  осы  тұрғыдан  келгенде,  ақынның  қай-қайсысы  да 

эпитетті көркемдік белгілердің константты (тұрақты) жиынын 

да, өз қаламынан туған авторлы түрлерін де пайдаланады.

Қазақ поэзиясы қай кезеңде де тұрақты эстетикалық өрісі 

бар  образдарды  пайдалануды  көріктеу  тәсілдерінің  бірі  етіп 


27

келген.  Және  бұл  тәсіл  –  ауыз  әдебиеті  тілінен  келе  жатқан 

дәстүр. Айталық, батырлар жырларындағы образдардың көбі 

қару-жарақ,  сауыт-сайман,  батырдың  өзі,  оның  аты  сияқты 

ұғымдармен келеді және олардың атаулары тұрақты эпитеттер-

мен  тіркесте  жұмсалып,  образ  жасайды.  Мысалы,  батырдың 

портретін берген жыр жолдарынан: «Жауырынына қанды көбе 

сыймаған» дегенді оқысақ, мұндағы қанды көбе тіркесі образ 

үшін жұмсалып тұр: жай сауыт емес, әрдайым ұрыс майданын-

да болатын батыр киетін көбе, сондықтан ол қанды эпитетімен 

тіркесіп, батыр портретін бейнелі түрде сипаттап тұр.

Батырлар жырларында да, көркемдік жағынан бұл жанрмен 

іліктес XV-XVII ғасыр жыраулары тілінде де қару-жарақ, сау-

ыт-сайман  атаулары  мен  ер  жігіт,  ел-жұрт,  тұлпар  сөздері 

көбінесе жалаң қолданылмайды, тұрақты эпитеттермен келеді 

және ол эпитеттердің өзі бір сөзден тұратын дара да, көп сөзді 

суреттеме  түріндегі  күрделі  де  болады.  Мысалы,  бұлғары 

садақ, бұқар жай, көк сүңгі, толғамалы найза, шашақты най-

за,  алмас  қылыш,  ауыр  қылыш,  алтын  қалпақ,  жез  телпек, 



ақ  сүңгі  дегендер  жалаң  эпитеттермен  келсе,  алдаспан  ауыр 

қылыш,  толғамалы  ақ  сүңгі,  алтын  құндақ  ақ  берен,  бада-



на көзді кіреуке, торт қырлаған көк сүңгі, тобылғы торы ат 

сегіз құлаш ақ шатыр, алты сан алаш, он екі баулы өзбек, алты 

айшылық Еділ, қырық қақпалы Қазан, тоғыз санды торғауыт, 

он  сандайын  оймауыт,  алпыс  үйлі  арғын  деген  тіркестерде 

образдың курсивпен теріліп көрсетілген константты (тұрақты) 

белгілері өте күрделі. Бұл суреттемелік әрі образдың әсерлі бо-

луын  –  экспрессиясын  күшейтеді,  әрі  өлең  сөздердің  өлшем, 

ұйқас, ырғақ сияқты қажеттіктерін өтеуге көмектеседі.

Біздің байқауымызша, авторы мәлім, ауызша тараған қазақ 

поэзиясы тілінде – ХV-XVIII ғасырлардағы ақын-жырауларда 

– образға алынатын сөздерді тұрақты эпитеттермен беру көр- 

кемдеудің нормаға айналған ең бір ұтымды тәсілі болған. Мы-

салы, XV ғасырдың соңы, XVI ғасырдың алғашқы ширегінде 

жасап  өткен  Доспамбет  жырау:  «Толғамалы  ала  балта  қолға 

алып,  Топ  бастадым  –  өкінбен.  Тобыршығы  биік  жай  салып, 

Дұспан аттым – өкінбен. Ту құйрығы бір тұтам Тұлпар міндім 


28

–  өкінбен»  десе,  бұл  жолдардағы  балта  да,  жай  да,  тұлпар 

да – образ үшін алынған сөздер. Олар образ болып жұмсалуы 

үшін жай өздері ғана аталмауы керек, образ әсемдік, әсерлілік 

үшін  ұсынылады,  демек,  осы  әсемдікті,  әсерлілікті  беретін 

анықтамалардың – эпитеттердің қажеттігін поэзия тілі жақсы 

сезінген.

Белгілі  бір  атаулар,  мысалы,  толғамалы  ақ  найза,  қозы 



жауырын  қу  жебе  сияқты  қару-жарақ  аттары  ғана  емес,  кез 

келген образ болып тұрған сөз қазақтың өлең толғауларында 

әрдайым дерлік эпитеттермен беріледі. Мысалы, XV ғасыр жы-

рауы Қазтуғанда: «Жабағылы жас тайлақ Жардай атан болған 

жер. Жатып қалған бір тоқты Жайылып мың қой болған жер» 

дегенінде тайлақ та, атан да, тоқты да, қой да туған жерді 

– кұтты мекеннің образын беру үшін айтылып тұр, яғни бұл 

жерде әңгіме тайлақ пен атан, тоқты мен қой жайында емес, 

осылар  арқылы  суреттелетін  «ақ  ала  ордасы  қонған»  қайран 

жұрты – өзінен қалып бара жатқан отаны – Еділ жұрты жай-

ында. Осы бір «қайран жұртының» қасиетін суреттеу үшін жай 

тайлақ емес, жабағылы жас тайлақтың, жардай атан болуын, 

жай тоқты емес, жатып қалған бір тоқтының мың қой болып 

өсіп-өнуіне қолайлы жағдайы бар – суы мол, шүйгіні қалың ме-

кен екенін айту үшін қажет болып тұр.

Бұл тәсіл, бір жағынан, қазақ әдеби тілінің фразеологиялық 

қазынасын тұрақтандырып, молайтса, екінші жағынан, фразе- 

ологиялық модельді қалыптастырды, яғни тұрақты эпитеті бар 

тіркестерді жасаудың пәрменді құралына айналдырды.

Міне, көріктеудің осы тәсілін қазақ сөз зергерлері ұрпақтан 

ұрпаққа,  кезеңнен  кезеңге  жалғастырып  сөз-образдардың 

эстетикалық өрісін тұрақтандырып, фразеология қорын біздің 

күндерімізге жеткізді. Бірақ бұл қор бүгінде штамп қалпында 

түгелдей актив қолданылмайтынын білеміз.

Абай  қазақтың  бай  дәстүрлі  (тұрақты)  эпитеттерін  еркін 

пайдаланған  және  оларды  әрдайым  дерлік  образдық  элемент 

ретінде жұмсаған. Мысалы, Лермонтовтан аударған бір шумақ 

өлеңінде: «Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға, Алла асыраған 

бендесі  аш  бола  ма?  Ер  жеткен  соң  сыймайсың  кең  дүниеге, 


29

Тыныштық  пен  зар  боласың  баспанаға»  дегенінде  мұндағы 



кең жайлау, кең дүние дегендер – тұрақты эпитеттермен кел-

ген тіркестер, екеуінде де кең деген эпитет – стильдік жүгі бар 

құралдар: кіп-кішкентай бесік – жас нәресте үшін жайлаудай 

кеңістік, ал өскен соң, кең жайлаудай бесік түгіл, кең дүниенің 

өзі тарлық етеді деген идея-образды беруге жұмсалып тұр.

Абайдың  көркем  тілінде  бұл  сияқты  тұрақты  эпитеттер 

қаншама молынан кездессе, өзі келтірген авторлық жаңалары 

одан кем емес. Соны эпитеттер ұсыну үшін Абай синкреттік 

амалды кеңінен пайдаланған, яғни семантикалық жағынан бір-

бірімен үйлеспейтін (тіркеспейтін) сөздерді тіркестіруді жүйеге 

айналдырған.  Мысалы,  «Көрмеген  көп  дүние  көл  көрінді 

Кірелмеген  көңілдің  ашығында»  дегенінде  кірлемеген  эпитеті 

мағынасы жағынан өзі анықтап тұрған көңіл сөзіне жанаспауға 

тиіс, өйткені кірлейтін нақты зат (киім, төсек т.б.) болса керек 

еді, ал көңіл – нақты зат атауы емес, дерексіз (абстракт) ұғым 

атауы.  Бұл  жерде  кірлемеген  деген  сөз  –  метафораланып,  әлі 

жамандық  көрмеген,  барлығына  үмітпен  қарайтын  адамды 

бейнелеп атайтын образ.

С.  Есенин  поэзиясындағы  метафораларды  зерттеуші  

Н.А. Басилая мұндай метафоралық тіркестерді бинармдар деп 

атайды


11

, яғни мағыналық өрісі мен тіркесу қабілеттері әртүрлі 

сөздердің  бірі  метафораланып  (мағынасы  ауысып),  екіншісі  

метафоралап  (қасындағы  сөздің  мағынасын  ауыстыртып) 

тіркесуі бинарм болып шығады. Мысалы, Есенинде кездесетін 

руки  березы,  кости  березы,  мольба  берез  дегендерде  береза 

сөзі – метафоралайтын сөз, ал оның алдындағы сөздер – мета-

фораланып тұрғандар. Абайда да үміттің аты, саңырау қайғы 

деген  тіркестер  бинармдар:  мағынасы  жағынан  тіркесімдік 

қабілеті  жоқ  сөздердің  бірі  мағынасы  ауысып  (ат,  саңырау), 

екіншісі  –  тіркескен  сөзінің  мағынасын  ауыстыртып  (үміт, 



қайғы) тұрған метафоралық қолданыстар.

Эпитеттер  бір  нәрсенің  белгісін,  қасиетін,  сынын  айқын- 

дайтын болғандықтан, көбінесе екі-үш сөзден кұралған тіркес- 

пен келеді. Масалы, қызыл тіл дегеннің өзі тұрақты эпитетпен

:

 

11



 Басилая И.А. Метафора в поэзии С. Есенина // Слово в русской советской поэзии. 

- М., 1975.



30

келген тіркес болса, Абай оған толғауы тоқсан деген эпитет 

қосып, бұл образдың экспрессиясын одан сайын күшейтеді.

Бізге дейінгі зерттеушілер де атап көрсеткендей, Абай бір 

ғана жүрек сөзін әр алуан эпитетпен жұмсайды, олардың ішін- 

де жылы жүрек, ет жүрек деген бірен-сараны ғана тұрақты 

эпитетпен  келгендері  болса,  қалған  14-15-і  –  Абайдың  өзі 

ұсынған эпитеттермен айтылған образдар: сорлы жүрек асау, 



жүрек, жалын  жүрек,  үрпейген  жүрек, кірлеген  жүрек,  ын-

талы жүрек, жаралы болған жүрек, асыл жүрек, мұз жүрек, 

сұм жүрек, ызалы жүрек. Бұлардың барлығы да – образдар. 

Абай  жалпы  жүрек  сөзін  150-ден  астам  рет  жұмсағанда,  ол 

қолданыстардың дені «адам, адамның ішкі дүниесі, сезімі» де-

ген ауыспалы мағынада келген екен.



Жүрек  сөзі  адамның  өзіне  тән  ынталы,  сорлы,  жаралы, 

ызалы, ауру, асыл, сұм деген сын-сипат атауларымен келгенде, 

оның адамға қатысты образды беріп тұрғаны айқындала түседі. 

Ал  «Үрпейген  жүрек  басылмай,  Талапты  көңіл  елермес... 

Кірлеген жүрек өзі үшін Тұра алмас әсте жуынбай. Жүрегім 

менің  қырық  жамау  Қиянатшыл  дүниеден»  деген  өлең 

жолдарындағы  эпитеттер  жүрек  сөзімен  берілген  образдың 

экспрессиясын арттырып, қазақ поэзиясында бұрын кездеспе-

ген тың поэтикалық дүниелерді береді.

Абайдың  мағынасы  жағынан  бір-бірімен  үйлеспейтін  сөз- 

дерді тіркестіріп, көбінесе авторлық тың эпитеттерді ұсынуын 

(жалтаңдаған  жас  жүрек,  мен  –  сынық  жан  т.б.  сияқты)  

Қ. Жұмалиев орыс көркем сөзінің үлгісі, Абайға дейінгі қазақ 

поэзиясында кездеспеген тың тәсіл дегенді айтады. Ал мұқият 

іздестірсек, бұл – сонау Ахмет Ясауи поэзиясынан келе жатқан, 

ертеректегі қазақ өлең-жырларынанда табылатын поэтикалық 

көне тәсілдердің бірі екенін байқаймыз. Мысалы, Қожа Ахмет 

Ясауи  хикметтері  тілінде  қолданылатын  «Дүр-у  гәуһар  сөзін 

аламға  сачса...  Ешітсә  жан  құлағы  бірлә  һәр  йар...  Күнәһім 

дәрдидін  дәрмәнда  болдум,  Бу  ит  нәфсім  білә  арманда  бол-

дум... ишқ, дүкәнін, құрдум..., сондай-ақ шауқ шарабы, көңүл 



көзі,  жан  булбулы,  көңүл  мүлкі,  тариқат  базары,  хақиқат 

дарйиасы, ишқ бағы, татиқатны(ң) бурақы (жүйрігі)» деген 

31

тіркестерінде  бірі  дерексіз  ұғым,  бірі  деректі  зат  атауларын 

білдіретін сөздер болып образ жасап тұрғанын көреміз.

Ал  қазақ  ақын-жыраулары  тілінде  Абайдағыдай  жиі  бол- 

мағанмен,  бұл  тәсіл  арқылы  жасалған  тіркестер  бар  екенін 

айта  аламыз.  Мысалы,  Кемпірбайдың:  «Тәуекел  дариясы-



нан бетім жудым» дегенін, Жанақтың: «Қыр соңыма түсіп ап 

сұм  кедейлік»  дегенін  оқысақ,  мұндағы  көрсетілген  эпитет-

тер  қалыпты  емес,  авторлық  қолданыстар  екенін  байқаймыз. 

Бірақ  зерттеуші  Қ.Жұмалиев  Абайда  семантикасы  жағынан 

үйлеспейтін  сөздермен  келтірген  эпитеттердің  өте  мол 

екендігін  және  аударма  өлеңдерінде  жиі  ұшырасатындығын 

дұрыс көрсеткен

12

.

Абайда  жүйеге  айналған  бұл  тәсіл  тек  аударма  емес, 



төлтума  өлеңдерінде  де  жиі  қолданылғандығы  көзге  түседі. 

Жоғарыда келтірілген жүрек сөзі ғана емес, кейбір ұғым атау-

ларын түрлі жақтан сипаттау үшін, ақын олардың эпитеттерін 

құбылтып  отырады.  Мысалы,  ой  сөзі  –  философ  Абайда  жиі 

қолданылатын  объект,  сондықтан  оның  тілінде  қуатты  ой, 

ескі  ой,  ылай  ой,  ұйықтаған  ой,  ауыр  ой  деген  тың  эпитетті 

тіркестер  бар.  Сөз  сөзі  де  Абай  үшін  «салмақты»,  ауқымды 

ұғым  атауының  бірі,  осы  себептен  қайран  сөз,  басалқа  сөз, 

түгел сөз, жел сөз, жылы сөз, бос сөз сияқты біршама кәнігі 

эпитетті варианттарымен қатар, ақын іші алтын, сырты күміс 



сөз, буулы сөз, қуаты күшті нұрлы сөз, жабырқаңқы сөз де-

ген жаңа қолданыстарды ұсынады. Бұлар семантикалық алшақ 

ұғымдардың  тоғысуынан  жасалғандар:  жабырқау  –  адамға 

тән сипат, әрі кетсе «адам» мәнінде жұмсалатын көңіл сөзімен 

тіркесуге бейім, ал сөздің жабырқаңқы болуы – образ. 

Сөз деген сөзге көп ретте Абайда тіл сөзі контекстік сино- 

ним болып келеді. Тіл сөзі де тура мағынасымен қатар, «айтыл- 

ған (не айтылмақ) ой, өлең, сөз» деген ауыспалы мағыналарда 

да  қолданылғандықтан,  ақын  мұның  да  эстетикалық  өрісін 

кеңейтеді: бұрынғы ащы тіл, қайран тіл сияқтылардың үстіне 

мінсіз тіл, шыншыл тіл, буынсыз тіл, толғауы тоқсан қызыл 

тіл деген жаңа эпитеттермен келген тіркестерді қолданады.

12

 Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. ... - Алматы, 1960. - 191-

192-б. 


32

Абайда жүрек, тіл, сөз дегендерден басқа да көңіл (сынық 



көңіл,  жанып,  сынып,  суынып  қалған  көңіл,  жаралы  көңіл, 

кірлемеген көңіл, қара көңіл, шын көңіл, қайран көңіл, боямасыз 

ақ көңіл), өмір (алдамшы өмір, қу өмір, асау өмір, тентек өмір

сияқты сөздердің де эстетикалық өрісі кеңіген.

Қысқасы,  Абай  ең  алдымен  поэтикалық  образ  жасайтын 

тірек  сөздерді  активтендіреді.  Жоғарыда  келтірілген  жүрек, 



сөз, тіл, ой, көңіл, дүние, өмір сияқты сөздер

 

білдіретін ұғым- 



дар – адамның ішкі дүниесін, жалпы өмірді толғаған ойшыл 

ақынның философиялық объектілері. Ақынның мақсаты – бұл 

ұғымдарды тек атап қою емес, оларды сан қырынан суреттеу 

болғандықтан, бұл атаулардың эстетикалық өрісі де әрі тың, әрі 

кең болып келген.

Әрине, жиі қолданылатын таңдаулы сөздер ғана емес, бірді-

екілі  рет  кездесетін  сөздердің  де  авторлық  (соны)  эпитет-

пен  келуі  –  Абай  тілі  үшін  таңданарлық  құбылыс  емес.  Тың 

эпитеттер  ақын-жазушылардың  қай-қайсысында  да  болады, 

бірақ оқыс көрінетін әрі синкреттік амалмен (мағынасы жуыс- 

пайтын  сөздерді  тіркестіру  тәсілімен)  жасалған  эпитеттердің 

жүйелі түрде көрінуі Абай тілінен басталады. Айталық, ыстық 



қайрат,  нұрлы  ақыл,  жылы  жүрек  дегенінде  қайрат,  ақыл, 

жүрек  сөздерінің  эпитеттері  осы  ұғымдардың  өздеріне  тән 

қасиет  емес,  бірақ  үш  тіркестің  үшеуі  де  –  әсерлі,  соны  ас-

социация  беретін  құрылымдар,  «Асау  жүрек  аяғын  шалыс 

басқан» деген өлең тармағы – бастан-аяқ синкреттік қолданыс: 

жүректің  асаулығы  да  семантикалық  үйлесімі  жоқ  сөздердің 

«ынтымақтасуы», аяғын шалыс басқан деген де дәл осындай. 

Осы іспеттес: «Күйлі, күйсіз бәйгеге Қажыды көңілім көп ша-



уып»  деген  жолдар  да  ақынның  айтпақ  идеясының  астармен 

(метафорамен)  берілгенін  көрсетеді.  Көңілдің  бәйгеге  шабуы 

– соны образ, ал ол бәйгеге көңілдің кейде күйлі, кейде күйсіз 

кезде түсуі де осы образды одан сайын күшейтіп, «әр сөздің 

жаңа ұнасымын тапқан». 

Тың образды одан сайын еселеп күшейту – Абай қаламына 

тән  сонылық.  Мысалы,  «Жапырағы  қуарған  ескі  үмітпен 

Киял  қып  өмір  сүріп,  бос  жүріппін»  дегенінде  ескі  үміт  де-



33

ген кәнігі эпитеттің үстіне жапырағы қуарған деген және бір 

эпитетті  еселеп  келтіріп,  образдың  экспрессиясын  мейлінше 

арттырған.  Бұл  қатарды  көбейте  беруге  болады.  Мысалы, 

«Қараңғы, саңырау қайғы ойды жеңген – десе, қайғы сөзінің 

қараңғы» деген эпитетпен берілуі – тыңнан қабылданатын об-

раз, яғни тың ассоциация, ал оған саңырау эпитетін үстегенде, 

бұл образдың беретін әсері мүлде күшейіп, бұрынғы қазақ по-

эзиясы жұмсамаған жаңа қолданысты көреміз. 

Сөйтіп,  «өлең  деген  –  әр  сөздің  ұнасымы»,  деген  тезис 

ұсынған  Абай  сол  ұнасымның  бірін  тұрақты  және  тұрақсыз, 

яғни  дәстүрлі  және  авторлық,  немесе  контекстік  эпитеттерді 

қолданудан тапқан.

Абай өлеңнің «іші алтын, сырты күміс» болуын қалағанда, 

ол  поэзияның  терең  (көп)  мәнді,  аз  сөзді  болуын  көздейді, 

сондықтан  сырттай  әсерлі  көрінетін  қызыл  сөздерден  аулақ 

болу принципін ұстайды. Осы себептен де дәстүрлі эпитеттерге 

әрдайым иек арту өзінің айтпақ ойына сай келмей, көп сөзділікке 

апаратынын  Абай  жақсы  сезген.  Эпитеттердің  константты 

түрлері ақынның жаңа идеяларына, яғни поэтикалық жаңа об-

раздарына, өлеңнің жаңа тақырыбына сай түсе бермейтінін де, 

олардың құр жылтырақ артық сөз болып шығатынын да талант 

құдіреті  жақсы  сездіреді,  сондықтан  Абай  соны  эпитеттерді 

молырақ ұсынады және ол эпитеттердің көркемдігі, әсерлілігі 

бұрынғылардан артық болмаса, кем еместігін біле тұрғанмен, 

кәнігі түрлеріне құлағы үйренген оқырманға жаңа эпитеттердің 

шу дегенде әсерлі болып естілмейтінін де сезеді. Сондықтан 

«көкірегі  сезімді»  оқырманға  –  «өлеңі  бар  өнерлі  інілеріне» 

– өз поэзиясын «әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз, түбі терең 

сөз  артық,  бір  байқарсыз»,  –  дейді.  Н.  В.  Гоголь  Пушкиннің 

өлеңдері туралы: мұнда қызыл сөз жоқ, тұнып тұрған поэзия 

бар деген екен, сол сияқты Абайда да әсіре қызыл сөз жоқ, түбі 

терең сөз (поэзия) бар екенін көреміз.

Ақын тіліндегі эпитеттерді сөз еткенде әрі теориялық, әрі 

Абай тілін нақты талдауға қатысы бар бір мәселеге тоқталуға 

тура келеді. Ол – етістік тұлғаларды эпитет деп тануға немесе 

танымауға  байланысты  әңгіме.  Ахмет  Байтұрсыновтан  кейін 



34

әдебиет теориясын кең көлемде сөз еткен ғалым Қ.Жұмалиев 

эпитет  болатындар  алдымен  сын  есім  деп  алып,  содан  кейін 

көсемше мен өткен шақ есімше тұлғалары дейді

13

. Қазақ ауыз 



әдебиеті үлгілерінде тұрақты эпитеттер жиі кездеседі дей келіп, 

оған мысалдардың бірі етіп: «Сары өзеннен өткенде, Тас суын-

дай сарқырап, Тарлан атпен Көбікті, Артынан кетті барқырып» 

деген жолдарды көрсетеді. Мұндағы барқырып, сарқырап де-

ген көсемшелерді эпитет деп белгілейді.

Әдебиет  теориясынан  оқулық  жазған  3.  Қабдолов  етістік 

тұлғаларды эпитет болады деп ашып айтпағанымен, Жұмекен 

Нәжімеденовтен: «Тентек үн кетіп еді дауылдап бір, Аңқиып әр 

жерде бір ауыз қапты» деген өлең жолдарын келтіріп, ондағы 

аңқиып  етістігін  эпитет  деп  табады

14

.  Әдебиет  теориясымен 



арнайы шұғылданған З. Ахметов те Абайдың «Болыс болдым, 

мінекей» өлеңіндегі ұйқасқа шығарылған шыбындап, қырындап, 



суылдап... деген етістіктерді эпитет деп санайды.

15

 



Етістіктің есімше тұлғасының эпитет болып келуі дау туғыз- 

байды, өйткені есімшелер есім орнына қолданыла береді. Ал  

көсемше тұлғалар мен ашық райдағы етістіктерді эпитет деп 

санауға  келгенде,  пікір  таластыруға  тура  келеді.  Эпитет  (ай- 

қындау) дегенге заттың, кұбылыстың сипатын, сапасын анық- 

тайтын суретті сөз (3. Қабдолов) немесе «адамның не заттың,  

не табиғат құбылыстарының өзгеше белгілерін көрсету, олар- 

дың бейнесін оқушылардың көз алдына елестету, ой-қиялына 

әсер ету үшін қолданылатын көркем сөз» (Қ. Жұмалиев) жа-

татын болса», етістік заттың белгісін, сипатын, сапасын емес, 

қимылын,  іс-әрекетін  атайды.  Демек,  жоғарғы  анықтамалар- 

дың  дұрыс  берілгеніндей  эпитет  дегеніміз  –  заттың  бір  бел- 

гісін,  сынын,  қасиетін  сын  есімдердің  немесе  оның  орнына 

жұмсалған  сөздердің  бейнелеп  сипаттауы  екен.  Заттың  тек 

белгісі емес, қимылы, іс-әрекеті де бейнелі түрде сипатталуы 

мүмкін. Мысалы, «Мәз болады болысың Шелтірейтіп орысың 

Шенді шекпен жапқанға» дегенде шелтірейтіп деген көсемше 

13

 Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай шығармаларының 

тілі. - Алматы, 1960. - 194-б.

14

 Қабдолов 3. Әдебиет теориясының негіздері. - Алматы, 1970. - 227-б. 

15

 Ахметов 3. Өлең сөздің теориясы. - Алматы, 1973. - 80-б.


35

тұлғасы  арқылы  ақын  әрекеттің  («шенді  шекпен  жабу»  – 

көтермелеудің)  орындалу  сынын  бейнелеп  (шелтірейтіп 

жабу) көрсетіп тұр. Бірақ бұл – біздіңше, эпитет емес, әсерлі, 

бояулы  етістіктің  стильдік  мақсатта  қолданылуы  болып  та-

былады. Шелтірейту – өз бойында экспрессиясы бар етістік, 

ғылыми терминмен айтсақ, ингеренттік экспрессиялы сөз. Ал 

көркем әдебиетте өз мағынасында жағымды не жағымсыз боя-

уы жоқ, сезімге тиер әсері жоқ бейтарап мәндегі етістіктердің 

не мағынасын ауыстырып, немесе қосымша мағыналық реңк 

үстеп қолданылуы жиі кездеседі, бұл контекске қарай ажыра-

тылатын (адгеренттік) экспрессия болады. Мысалы, Абайдың: 

«Арсыз  адам  арсаңдап,  арсылдайды,  Әр  жерде-ақ  керегеге 

танылса  да»  деген  жолдарындағы  арсаңдап,  арсылдайды  де-

ген етістіктер метафораланып (мағынасы ауысып), контекстік 

экспрессоид дегенге айналып тұр. Осы жерде біз экспрессоид 

терминін атауға мәжбүрміз. Мүмкін, оны қазақшалап әсерсөз 

(әсерлі  сөз)  деген  атаумен  беруге  де  болар.  Экспрессоид  – 

белгілі  бір  стильдік  мақсатпен  қолданылған,  оқырманға  әсер 

ететін,  экспрессиялы  сөздер  немесе  тұлғалар,  тіркестер.  Ах-

мет  Байтұрсыновтың  тілімен  айтсақ,  «көңіл  күйінен  шығып, 

көңілге күй түсіретін сөздер».

Контексте  белгілі  бір  жүк  арқалап,  айтылмақ  ойға  әсерлі 

үн  үстейтін  сөздер  тек  етістіктерден  емес,  өзге  сөз  таптары-

нан  да,  тіпті  одағай,  шылаулардан  да  табылады.  Мысалы, 

Абайдың: «Сорлы Көкбай жылайды, Жылайды да жырлайды» 

деген жолдарындағы да шылауының бұл контекстегі қызметі 

жай емес: «жылай-жылай отырып жырлайды» деген қосымша 

мағыналық реңк беру үшін екі етістіктің арасына келтіріп тұр 

(бұл – өте сирек кездесетін қолданыс). Демек, мұнда да деген 

шылау белгілі стильдік қызмет атқарып, айтылмақ сөздің әсерін 

күшейтетін элемент ретінде келтірілген. Тағы бір мысал. Абай 

ақын  Татьянаның  аузына:  «Көрген  жерде-ақ  мен  сені  «Осы 

екен ғой – сол дедім» деген сөздерді салғанда, яғни осылай деп 

Онегинге хат жаздырғанда, осы контекстегі сол деген есімдік 

– экспрессоид: «Татьянаның түсіне кіріп, өміріне ортақтасып, 

ішіне  толғау  салған  ғашығы»  деген  күрделі  ұғымды  бір  ғана 



сол деген есімдік бойына сыйғызып тұр.

36

Осы  сияқты  текст  ішінде  оқырман  сезіміне  әсер  ететін, 

белгілі  бір  стильдік  мақсатпен  қолданылған  сөздер  неме-

се  сөз  тұлғалары  болады.  Қазақша  құбылту  деп  атап  жүрген 

троп түрлерінің, яғни эпитет, метафора, метонимия, синекдо-

ха, гипербола, литота, перифраз, эвфемизмдердің қай-қайсысы 

да  экспрессивті  (әсерлі)  элементтер  болып  келеді.  Бұларды 

сол  әсерлілігіне  қарай  экспрессоид  деп  те  атайтындығын 

жоғарыда айттық. Қандай тәсілмен жасалса да, экспрессоидтер 

көркемдеуіш-бейнелеуіш  қызмет  атқарады.  Ал  қазақ  көркем 

сөзінде экспрессоид болып жұмсалатын етістіктердің мәні өз 

алдына зор, айрықша бөліп әңгіме ететін объектілердің бірі деп 

санаймыз.


37



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет