Шығармашылығы. Ол артына жиыны бес мың жолдан асатын, бес поэзиялық жинақ («Қарлығаш», 1911; «Тумыш»,1911, Уфа; «Бала Тұлпар»,1911,Уфа; «Аға Тұлпар»,1914, Орынбор; «Тұрымтай»,1918, Уфа;) және мерзімді баспасөзде жарияланған өлеңдерден тұратын мол мұра қалдырды.
«Ойға келген пікірлерім», «Өрнек», «Бәдел қажы» атты прозалық- философиялық толғаныстары жарық көрген. Халық аузында жүрген ақын, жыраулардың мұрасын, эпостық жырларды жинап 1910-12 жылдарда Орынбор қаласынан «Шайыр», «Көкселдір» деген атпен шығарды.
Ақын шығармашылығының негізгі тақырыбы халық тағдыры, дәуір, заман сипаты, өмірдің өзекті мәселеллері болды. Тек өлең жазумен шектелмей педагогикалық еңбегімен басылып үлгірмеген «Әділ мен Шандоз» новелласын жазуы, «Қауысбай мен гернштейн» атты фельетонымен қазақ сатирасында фельетон жанрының негізін салды.
«Тумыш» -көне түркі тілінде «жүйрік туған құлын» деген мағынаны білдіреді. «Бала Тұлпар», «Аға Тұлпар» - жоғарғы деңгейге жету жолындағы сатылар.
Ғұмар Қарашевтың «Тумыштағы» өлеңдері ел ағаларымен және имандылық жасын ұстар моллалармен сырлау сипатында. Ақын жинаққа енген өлеңдерніңі қай-қайсысында да ұрпақ тәрбиесін, әйел-ана ролін, ғылым-білімнен кенже қалған надандықты тебірене толғап, халыққа қызмет етуді насихаттаған.
Ғұмар Қарашев «Бала Тұлпардың » мұқабасындағы төрт тармақта және жинақ соңындағы қорытынды өлеңінде ақ сөйлеп, ғибрат етуді мақсат етеді. Бұл-ақынның бүкіл шығармашылығына ортақ нысанасы. Ақын «Бала Тұлпарда» қазақ халының өткен дәуірлердегі елдік, ерлік салтын, бағзы әдет-дағдымен сән-салтанатты, ел қамын ойлар ерлер мен береке бірлікті аңсай еске алып, заманның, кісі құлқының бұзылуын, әдепсіздік пен екіжүзділік, мейірімсіздік пен жікке бөлінушіліктің балалап, заман азып, қазақтың бағы қайтуын қапалана, қайғыра жырлайды.
Ақын «Қарлығаш» жинағында жоғарыдағы аталған жинақтарындағы ой-пікірлерін дамыта түскен. Ұсынар жолы: тырану, қаракет ету. Ақын оны: «Құдай да қарекет етсең, жарылқармын» деген деп иландыра, сендіре толғайды. Ел үстінен күн көрген надан сопыларды сынайды. Оны Қарлығаш аузымен айтқызады. Өнер-білімге ұмтылмай енжар жүрген халықтың қырсыздық-жалқаулығына ашына тіл қатады.
«Аға Тұлпар» жинағында Ғұмар Қарашевтың ақындық шоқтығы бұрынғыдан да биіктей түскен. Ол сөзімен айтқанда «Заман жайын көзге алар» шын азамат ақын ретінде танылады. Ақынның бұл жинағында болмыс, ғарыш әлемі хақындағы өлеңдері де бар.
Ал кеңес өкіметінің жерді, жеке меншікті тәркілеуге салу саясатына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, «Тұрымтай» жинағында эзоптық мағынамен большевиктерді торғай бейнесімен, ал езілген қазақ халқын құлпырып өсіп келе жатқан егінмен теңеп, мазмұнына саяси мән береді. Торғай бейнесіндегі большевиктерге қарсы тұратын тек ұйымдасқан халық, олардың Алаш Орда төңірегінде топтасқан зиялылар – бейне ретінде, тұрымтаймен көрсетілген.
Ғұмар Қарашевтың Сырым батырды зерттеп, ол туралы тамаша дастан жазып қалдырғаны жайлы мәлімет Ханғали Сүйіншалиев еңбегінде кездеседі.
Ғұмар Қарашев жоғарыда аталған жинақтарында «Көкселдір» мен «Шайырда» бағзы жырауларымыздың жыр-толғауларын жинап бастырған еді. Жыраулық өнерден барынша сусындаған ақын оны өз ақындық жолында пайдалана білді. XVIII-XIX ғасырларда ақындық институт әсерімен сахнадан шыққан жыраулық дәстүрді Ғұмар Қарашев ғасыр басында қайта жаңғыртты. Ғұмар Қарашев, сонымен қатар Абай дамытқан реалистік поэзиядан көп үйренген. Бұл әсіресе ақынның шығармашылық өмірінің соңғы кезеңінде анық сезіледі. 1918 жылы жарық көрген “Тұрымтай” жинағы бастан аяқ Абай үлгісінде жазылған. Замандасы М.Бекмұхамедовтың жазуынша, 1916 жылы бір отырыста Ғұмар Қарашев Абайды “бұрын-соңды қазақ ақындарының ішінде оан тең келетіні жоқ” деп бағалайды.
Достарыңызбен бөлісу: |