ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУДА
Бір сөзбен «қызғаныш» деп атаса да болар еді
Майқанова науқастанып қалыпты, сабағы болмады. Бұған, əрине, біз
пəлендей қайғыра қойған жоқпыз. Қайта жек көретін мұғалім ауырып,
сабаққа келмей қалса, балаларда одан үлкен қуаныш бар ма? Кластың іші
мəз-мейрам улап-шулаған дауысқа толып кетті. Добымызды алып,
дүркіреп, волейбол алаңына қарай жүгірдік. Класта бірімен бірі бақас екі
команда бар. Орын-орнымызға тұра қалдық та, ойынды дереу бастап
жібердік.
Егер сенбесеңдер, келіп көрулеріңе болады, мен волейболды жаман
ойнамаймын. Ал бұл жолы ерекше бір шабытпен ойнадым. Талай қыңыр
доптарды қиырдан қағып алып, жалт-жұлт етіп, жан таппай жүрмін.
Мүмкін, тобымен келіп, біздің ойнымызға қыздар қарап тұрғандықтан
осылай шығар. Жанардың алдында нашар ойнауға менің қандай қақым бар.
Кейбір шебер қимылдарым өзге түгіл өзімізді де сүйсіндіреді. Бір рет қиын
бір допты жығылып жатып алғанымды қайтерсің. Етпетімнен төрт
тағандап дік ете қалдым, бірақ допты аспандата қағып та үлгердім.
– Өй, жарайсың.
– Өлме, Қара Қожа!
– Молодец! – деген дауыстар жамырап кетті. Орнымнан лып етіп, тез
түрегелдім де, қыздар жаққа көз салдым. Олар да мəз. Жанар... Япыр-ау,
Жанар қайда? Мыналардың ішінде Жанар жоқ қой. Бағанадан бері мен
Жанар қарап тұр екен деп, жанымды пида етіп ойнап жүрсем...
– Сегіз де – сегіз. Тепе-тең. Допты оң жақ береді. Доп беру менің кезегім
екен. Аяқ астынан еңсемді əлдеқандай көңілсіздік басты да, қалай болса,
солай ұра салдым. Доп торға барып тиді.
– Өй, саған не болды?
– Не қара басты, Қара Көже?
– Мұның не-ей. Аш өзегіңе түсіп кетті ме?
– Қолымнан шығып кетті, – деп сылтаураттым. Біздің команда ұтылып
қалды.
– Мен ойнамаймын, – дедім. Орныма жүгіріп барып, басқа бір бала тұра
қалды.
Жанар қайда? Оның класта орнынан тапжылмай кітап оқып отыратын бір
əдеті болушы еді. Қолымның шаңын шарт-шұрт қағып, мектепке қарай бет
алдым. Кластарда сабақ жүріп жатыр. Жетінші кластың есігі сəл ашық тұр
екен. Тарихшы Оспановтың даусы саңқылдап естіледі. «Аз ұлттар теңдік
алғысы, өздерінің ұлттық қасиеттерін сақтап қалғысы келсе, бірігулері
керек. Қорқау империалистер онсыз олардың дыбысын да шығармайды...»
Өзіміздің класқа кірдім. Кірдім де, сілейіп тұрып қалдым. Көргенімнен де
менің мұны көрмегенім артық еді ғой. Класта Жанар мен Жантас екеуі ғана
отыр. Басқа ешкім жоқ. Отырғанда жайдан жай отырған жоқ. Бір партада –
Жанардың партасында біріне-бірі тақала түсіп, əлдеқандай бір суретті
журнал оқып отыр. Беріліп оқып отырғандары соншалық, бастары түйісіп
кеткен. Маған бір-бір көз тастады да, екеуі өздерімен өздері бола берді.
Оқып отырған Жантас еді.
– Не оқып отырсыңдар? – деп, мен қастарына келдім. Назар аудармайды.
Көзімді салып байқасам, олардың мұнша қадалып отырғандары чех
саяхатшылары Зигмунд пен Ганзелктің Африка туралы жазған очерктері
екен. Барын салып, мəнерлеп, құбылтып оқиды Жантас қу. Жанар оны
ұйып тыңдап отыр.
Не істерімді білмей, сілейіп тұрдым да қалдым. Ішімде əлдеқандай бір отты
құйын көтерілгендей болды. Мен Жанармен бір де бір бұлай отырып
көрген жоқпын. Неткен ақымақпын десеңші, сабақ болмай қалғанда, өстіп
қызық бір журнал тауып əкеліп, Жанарға оқып беру бұған дейін ойыма неге
келмеді екен. Жантастың қуын...
– Жүр волейбол ойнаймыз, – деп, Жантасты иығынан жұлдым. Сол кезде
Жанар шытына қарап:
– Қожа, бөгет жасамашы, – дегені бар емес пе. Мəссаған керек болса. Мен
оның аузынан осындай сөз естимін деп ойлап па едім. Төбемнен ыстық су
құйып жібергендей жидіп түстім.
Өз орныма бардым. Портфелімді алып, ақтара бастадым. Не іздегенімді
өзім де білмеймін. Жүрегім дүрс-дүрс етіп, қабына соғады. Мисызбын-ау,
мисызбын! Ештеңе ойлап табуды білмеймін. Қашан да басқалардың ісіне
қызығып, қызғанып тұрам. Менің де басым жұмыс істейтін заман болар ма
екен, болмас па екен.
Портфелімді орнына қайта қойып, сыртқа шығып бара жатырмын. Жанар
мен Жантас əдейі қарамауға, оларға мен де назар аудармауға тырыстым.
Дегенмен, есіктен шыға беріп, көз қиығымды бір тастап өттім. Дəл осы
минутта Жанардың да маған қабағының астынан сүзіле қарап қалғанын
аңғардым. Көздеріміз бір сəтке түйісіп өтті. Қателеспесем Жанар
күлімсіреген тəрізді болды. Маған күлімсіреді ме, жоқ əлде тыңдап
отырған очерктің қызығына елтіді ме. О жағын мен талдап, пайымдай
алған жоқпын. Жанар күлімсірегеңде, мен ашу шақырып, қабақ шытқандай
бір қыр таныттым да, есіктен сыздап, тығылып шығып кеттім.
|