ЖИЫРМА ЕКІНШІ ТАРАУДА
Бақа мен қаздың шуы, жайлаудан мамамның келуі,
əжемнің мені қорғауы сөз болады
«Бір айналдырғанды құдай шыр айналдырады» деген сөз бар. Соңғы екі-үш
күннің ішінде басымнан кешкен оқиғалар мені есімнен тандырды.
Майқанованы талдырып түсірген бақаның шуына Əбдібайдың шатағы
ұласты. Біз жеген қаз дүкенші Əбдібайдікі екен. Оның көкбет қатыны келіп,
біздің үйдің əлегін аспанға шығарды. Шіркіннің айтпаған сөзі, атпаған оғы
қалсайшы: «Ұрысың! Қарақшысың! Баскесерсің! Қаршадайыңнан осыны
істеп жүрсің, жүре бара кім болам ғой дейсің. Əлі біреудің басын кесіп,
сотталасың. Итжеккенге айдаласың». Мен өзімді өзім онша біліңкіремей
жүреді екем, Əбдібайдың қатынының айтқандарына қарап, төбе шашым тік
тұрып кетті. «Япыр-ай, шынымен-ақ осындаймын ба?» деген ойға қалдым.
Əйелінің соңынан түтігіп Əбдібайдың өзі келіпті. Жұрт оны жұмыртқадан
жүн қырыққан Əбдібай, қу бастан қуырдақтық ет алған Əбдібай, шық
татырмас шығайбай Əбдібай – деп бекер айтады деймісің. – «Қазым – қаз
емес еді. Асыл тұқымды қаз еді. Ондай қазды бұл аудан түгіл облыс
көлемінен таппайсың» – деп, оның төлемі үшін біздің бағлан қара қозыны
алып кетті. Бұнымен де тынбады, мені желкелеп директорға алып барды.
Ахметов қатал адам. Шынымды айтсам, мен оның алдына барған сайын
қалтырап тұрам. Сусылдаған қызылкүрең шашы желп-желп етіп қабағы
түксиіп, шүйлігіп қарағанда сұп-суық көздері адамның өңменінен өтеді.
Майқанованы талдырып түсірген бақаның кесірінен мен кеше осы
кабинетте бір сағаттан артық болып, жарты өмірімді беріп шығып едім.
Енді міне, түн айналмай тағы бір шұрқан арқалап жəне мөлиіп келіп
тұрмын.
Əбдібай қайдағы жоқ пəлені көкітіп, қаздың оқиғасын есірте баяндап берді.
Ахметов сызданған қалпы, үнсіз отырып тыңдады. Оқта-текте көзін ғана
бұрып, маған қарап қояды. Мен еріксізден жерге қараймын.
Əбдібайды тыңдап боп, Ахметов стол үстіндегі телефонның тұтқасын
бұрай бастады. Жайлауды сұрады. Одан сатылап сүт фермасы, бірінші
бригадамен жалғасты. Телефонға мамамды шақырып алды.
– Бұл кім. Саламат боларсыз, Миллат апай. Шаруаңыз күйлі ме. Бұл
Ахметов қой, мектептен. Аманшылық, түгел аман. Миллат апай, сізге
айтайын дегенім мынау еді: сіз ертең қалайда ауылға келіп кетсеңіз. Ма-
ңызды бір шаруа болып тұр. Қожа жайында. Біз ол жөнінде өзіңізді
қатыстыра отырып, педсоветте арнаулы мəселе қарамақшымыз. Балаңыз
нағыз бір оңбаған жолға түсіп алған...
Менің өзегіме шыжылдап қайнап тұрған ыстық майды қотарып құйып
жібергендей болды. Арқа-басым шымырлап, терлеп кетті. Тап қазір
алдымдағы жер тесік болса, көзімді шарта жұмып, күмп берген болар
едім...
Ахметов ұзақ сөйлесті мамаммен. Сонан кейін трубканы орнына қойды да:
– Жайлаудан шешең келеді, сонан соң сөйлесеміз, бар, – деді маған.
Мектептен құр сүлдерімді сүйретіп шыққандай болдым. Байғұс мамам, əлгі
əңгімеден кейін қандай күйге түспекші. Ішкені ірің, жегені желім болады
ғой. Онсыз да көңілі жарым адамды азапқа салып өлтіретін болдым-ау.
Қожа өйтіп қойды, Қожа бүйтіп қойды, Қожа бүлдірді деп, былтыр да жыл
бойына Майқанова оның құлағын талай сасытып еді. Енді міне, оқу
басталғанына бір ай болмай жатып, тағы басталды...
Біздің қораның төбесінде жуырда ғана үйілген жас жоңышқа бар еді.
Келген бойда үйге кірместен соның үстіне шықтым да иттің ұясындай
шұқырлап алып, етпетімнен жатып қалдым. Ешкімді көргім, ешкімге кө-
рінгім келмейді. Сан-сапалақ ойлар басыма бірі кіріп, бірі шығады.
«Педсоветте қарағанда, не айтпақшы? О, тəңірім, осы бір шұрқан-
шулағаннан құлағым демалыс алатын, менің де тыныштық табатын күнім
бола ма, жоқ па. Осы аурудан жаным қалса, ендігі аурудың алдымен кетер
едім, деген екен біреу. Сол айтпақшы, осы жолы бір жайлы болсам, бұдан
былай қой аузынан шөп алмайтын момақан болып жүрер едім-ау».
Осындайда сүйеу болудың орнына Сұлтан досым қарасын көрсетпестен
тағы да зым-зия жоғалды. Оңбаған өтірікші диірменші Иванның торын
əкеліп берем деп алып еді, апарып берген де жоқ. Тор əне, біздің үйдің
төбесінде жатыр. Адамшылық дегеннен жұрдайсың-ау, Сұлтан. Енді сенің
маңыңа да жолай қоймаспын.
Əрқилы мазасыз ой тепкісінде қалжырап жатып, ұйықтап кеткен екенмін.
Тұмсығымның дəл астынан трт-трттрт-трт деген дауыстан селк етіп
ояндым. Көзімді ашып алсам, төңірек ала көлеңке, кеш батып қалыпты.
Мен жатқан кез бесін шені еді. Қалай көп ұйықтағанмын.
Есіктің дəл алдына босағаны тірей келіп тоқтаған үш дөңгелекті
мотоциклді көрдім. Одан екі адам түсіп жатыр. Бірі еркек, бірі əйел.
Мотоциклдің иесін танып, əлгіден бетер селк ете қалдым, Қаратай еді.
Қасындағы менің мамам.
Көше жақтан қолына ошақ ұстап, əжем келе жатыр.
– Миллатпысың. Ат-көлігің аман ба. Мотоциклге мініп келген адамға
əжемнің «ат-көлігің аман ба» деуі маған сөкеттеу көрініп кетті.
– Мына ошағыңыз не, – деп сұрады мамам.
– Балалар тиіскен бе, бір сирағын түсіріп тастапты. Соны бағана ұстаға
апарып тастап едім.
– Əй, жарықтық-ай, не керегі бар мұның. Пайдаланып жатпаған соң
тастамайсыз ба лақтырып.
– Неге тастаймын. Мүлік емес пе. Əкем марқұмнан қалған бір көз ғой.
Жайша келдің бе?
– Жұмысты тастап, жайша адам келуші ме еді. Əлгі жер-əлемді шулатып,
өрт қойып жүрген бұзақы баланың əлегі.
– Бұзақы болып ол не істепті. Ел тонап, кісі өлтіріп пе, – деді əжем.
– Біреудің қазын ұрлап сойып жеу – ел тонаған емес пе екен. Сабақ үстінде
мұғалімді шошытып талдырып жыққан адам тұра бара кісі өлтіруден де
тайынбас.
– Бақа əкел деген өздері көрінеді ғой. Бір Қожа емес, осында өзге балалар
да мұғалім əкел деді, соямыз деп, көлшіктен бақа ұстап алып жүрген. Енді
соның бəріне баяғы аты шулы Қожа кінəлі.
– Сонда əкелген бақаны оған мұғалімнің сумкасына салып қой деп пе?
– Əдейі салды деймісің, тарбаңдаған неме өзі кіріп кетті де.
Оңбай кетейін, əжемнің сөзі мені елжіретіп жіберді. Балапанын қорыған
мекиендей шыр-шыр етіп, сотқар немересін қамқорына алуын қарашы. Əй,
жаным əжем, қайырымды əжем, менің кінəлі екенімді біле тұрып өстесің-
ау.
– Балаға қоруыш болғанның жөні осы деп, оның терісін де дұрыс, дұрысын
да дұрыс деп, сіз бүлдіріп жүрсіз. Бір мезгіл жазғырып, қатал ұстасаңыз ол
мұндай жолға түспеген болар еді, – деді мамам.
– Менің Қожашым тірі болса, ешкімнен кем болмайды. Өсе келе өзі-ақ
түзеліп кетеді. Сабырбек нағашысына тартқан. Ол да жас кезінде осы
секілді шығаннан шыққан сотанақ еді. Бұл қайта оқу оқып, мұғалімдердің
айтқанын орындап, кейде əтіншік боп жүр ғой. Ал Сабырбек нағашысы
осындай күнінде молданы қақ басқа таяқпен бір салып қашқан болатын.
Кейін есейіп, балалы-шағалы бола бастағанда, өзі-ақ түзеліп кетті. Қожатай
да сөйтеді. Бала күнінде баланың бəрі тентек, – деп əжем шатынап ала
жөнелді.
– И-и-и-и, жарықтық-ай, – деп мамам қолын бірақ сілтеді. – Сіздің мына
өсиетіңізді тыңдап өскен бала қалай оңсын.
|