Міндеттілік модальділік Міндеттілік модальділік (модальность должествования) етістік қимылды жасауға субьектінің міндетті екенін білдіреді. Тілде міндеттілік мағынаны білдіретін мынандай аналитикалық форманттар бар: -у керек, -уге тиіс, -у қажет. Мысалы, Менің сол жерге дәл сол күні баруым керек. Міндеттілік мағынаны болымсыз түрде де айтылады, ол үшін емес, жоқ көмекшілері форманттарға тіркеседі. Мысалы, Оған ескерту керек емес.
Сөйлемдегі міндеттілік модальділік тұлғада етістіктер аналитикалық тұлғадағы етістіктерге жатады. Мысалы, Сен оған барлығын айтуға тиіс емессің [85,285].
Ниет-пиғыл модальділігі Сөйлеуші кісі қимылды жасауға субьектінің ынтасы ауғанның, ниеті түскенін білдіруі ниет модальділігі (модальность намерения) деп аталады. Мысалы, Менің жазғым келеді. Оның көргісі келеді. Бұл сөйлемдердің алғашқырларында сөйлеуші субьектінің қимылды жасауға ниетті екенін білдірген. Соңғы сөйлемде сөйлеуш өзінің қимылды жасауға ынталы екенін білдірген [85,282].
Ниет модальділігі түбір етістіктерге -ғым кел аналитикалық форманты қосылу арқылы жасалады. Бұл формант арқылы жасалған қимылдың кімге қатысты екені яғни жақ мағынасын -ғы, -гі, -қы, -кі жұрнағынан кейін жалғанатын тәуелдік жалғауы білдіреді. Мысалы, Ол шешесін бұрыннан бері көргісі келген. Ниет модальділігі қимылдың өмірде болған, болмағанын, болатын, болмайтынын яғни қимылдың шындық өмірге қатысын білдірмейді. Ол тек сөйлеушінің қимылға қалай қарайтынын ғана білдіреді [85,286].
Сөйлеушінің қимылға қатысты ынтасы, ниеті қашан пайда болғанын білдіру үшін аналитикалық формантқа шақ көрсеткіштері жалғана алады. Мысалы, Сенің барғың келеді, оның оқығысы келеді және т.б. Олар қимылдың жасалған шағы емес, сөйлеушінің ниетінің пайда болған шағын ғана білдіреді. Бұл осы формантта рай форманты емес екенін дәлелдейді, өйткені бір етістік әрі қарай қалау рай, әрі ашық райдың шақ формаларында тұра алмайды. Сондықтан да тюрколог ғалымдар А.А.Юлдашев, қазақ тілі ғалымдарының –ғы кел формантын қалау райға жатқызбайды [85,287].