Бұйрық рай. Бұйрық рай айтушының басқа біреуді іс-әрекет істеуге түрткі болу, қозғау салу, ұсыныс жасау, кеңес беру, бұйыру, тыйым салу сияқты толып жатқан мағыналық реңктерді білдіреді [119,228].
Н.Т.Сауранбаевтың пікірінше бұйрық рай айтушы, тыңдаушы және бөгде де қатысты деп саналады. Әдетте бұйрық райдың I жағы қалау райға жатады. Алайда бұл мағыналық жағынан жүйелі болса да, грамматкалық жақтан қате деп саналады. Өйткені қалау райдың I жағының ерекше формалары бар және қалау райдың I жағы I жақ жіктік есімдігін қажет етеді. Бұйрық райдың II, III жағы болғанда, I жағы болмауы логикалық жағынан да мүмкін емес. Бұйрық райдың I жағы істің, әрекеттің, қимылдың сөйлеушінің өзііне арналғандығын көрсетеді [122].
Қазіргі қазақ тіл білімінде бұйрық райдың үш жағының бар екендігі дәлелденді. Өйткені бұйрық рай тек қана үнемі бір жақта емес, үш жақта да бұйрықты мағынада қолданыла бермейді. Сондықтан оларды әртүрлі грамматикалық категорияларға жатқызу дұрыс емес.
Бұйрық рай айтушының тыңдаушыға немесе тыңдаушы арқылы бөгде адамға бұйыруы немесе сұрауын білдіретін және белгілі қосымшалар арқылы берілетін рай түрі. Бұйрық райдың ең негізгі мағынасы-бұйыру мағынасы болып табылады [122,65].
Бұйрықтық мағына негізінен 2-жаққа қатысты айтылады. Мысалы, Солдаттарға тамақ ішсін деп айт [124,67].
Бар, қараңдар, құлағың сал!
Жина, ұмтыл, қаш, тығыл! [124,71].
Бұйрық мағынаға жарлық, команда, бұйрық, тілек, тапсырма және т.б. модальді реңктер жатады.
1 жақ жекеше түрде -айын, -ейін, -йын, -иін, көпше түрде -айық, -ейік, -йық, -иік жалғаулары жалғанса, 2 жақ арнайы түрде жалғаулары жалғанбайды. Мысалы, Бүгін олармен бірге барайық [124,69].
Шартты рай.
Шартты рай қимыл, іс-әректтің болу-болмау, орындалу мүмкіндігін, шартын білдіріп, етістік түбіріне, лексика-грамматикалық тұлғаларына -са, -се жалғануы арқылы жасалады. Шартты райлы етістік көп жағдайларда жедел өткен шақ тұлғасы ретінде қолданылып, көбіне шартты бағыныңқылы сөйлемдердің баяндауыштары ретінде қолданылады [108,96].
Қазақ тілінде шартты рай роліндеггі етістік әрқашан шарттылық мәнді білдіре бермейді. Кейде ол шартты рай тұлғалы етістік мезгіл бағыныңқы сөйлемнің немесе да, де шылыауларымен тіркесе отырып, қарсылықты бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы қызметін де атқара алады.
Жұмыстан қалт етіп қолы босаса, есік алдына шықса, ауыл үйді қыдырса, болмаса абысын-ажындарымен әңгімелессе, қолынан ұршығы түспейді [124,94].
Сонымен қатар шартты райлы етістік тілек, арман, мақсат сияқты модальділік мәнді білдіріп, тиянақты мәнде сөйлемнің баяндауыш қызметін де атқара алады. Мысалы, Олар мен жайлы естіп бір қуанып қалса ғой [124,102].
Сонымен қатар шартты райда тұрған етістік жіктеліп келеді де, ғой, еді, екен,етті, ма, ме сұраулық шылаулар сияқты көмекші сөздермен тіркесе отырып, сөйлемді аяқтап, сөйеушінің тілек-арманын, өтініш-өкінішін, болжам, ниетін т.б. Білдіреді: барсам екен, сөйлесең етті, барсаңыз ғой, жолықса еді.
Қазіргі қазақ тілінде шартты райға міндетті түрде -са, -се жұрнағын жалғау дәстүрлі деп санайды.
Ы.Маманов шарттылық райының формаларына: а) -ар, -ер, -р еді; б) -ған,
-ген, -ген, -кен бол+ар, -ер, -р еді, -атын, -етін, -йтын, -йтін еді аналитикалық форманттарын жатқызады, -са, -се екен аналитикалық форманттарын қалау-шарттылық райы деп көрсетіп, шартты райға -са, -се жұрнағын жатқызған [123].
Молда деген аты болмаса, Тезекпай кісі атын да жаза алмайды [124,92].
Ағасы болмаса, бұ қызда не жазық бар еді? [124,91].
Қыстауға қонса, бата оқу болса, мал өлсе, құрбандық берсе, бас пен жамбас молданың алдына тартылатын [124,93].
Мені жауып отыра алмайды [124,138].
Түзге шықса, екеуі төңірекке көз салар еді.
Бұл хатты анау-мынау әйел оқыса, қуанғаннан секіріп түсер еді [124,197].
Жан дегенде жалғыз әкем мені жек көрсе, енді мен кімге сиямын? Деп қайғырды [124,183].
Қазақ тілінде синтаксистік конструкцияларды ажыратқанда, шартты райы бар сөйлемдер көбінесе қиындық туғызады. Өйткені осындай конструкцияларда шартты рай әртүрлі синтаксистік қызметке ие болады. Кейбір сөйлемдерде ол қалау-тілек мәніндегі баяндауыш рөінде қолданылса, кейде жеке сөйлемдерді байланыстыратын амал ретінде қолданылады. Кейде ол жеке тұрып, сөйлем мүшесі бола алмай, басқа бір сөздің жетегінде қолданылады. Осындайда ол жалғаулық қызметін атқарады. Шартты рай тұлғалы топ құраса, кейде қыстырма сөйлемдерді құрауға да қатысады [109,611].
Достарыңызбен бөлісу: |