Жақсының жақсылығы сол болар Жаманменен бас қосып,
Сөйлемекке ар етер;
Жаманның жамандығы сол болар,
Сөйлесе дәйім бетін қара етер;
Бір жақсыға басың қосып сөз айтсаң,
Сол жақсы жамандығың жақсылыққа жыр етер.
Бір жаманға басың қосып сөз айтсаң,
Сол жаман сырың сақтамай,
Әрдайым дұшпаныңа әр ісіңді қор етер.
Жауынды күні көп жүрме, Жар жағасы тайғақ-ты.
Жаманға жақыным деп сөз айтпа,
Күндердің күні болғанда
Сол жаман өз басыңа айғақ-ты!
Асау тулап жықпасқа
Артқы айылдың беркі игі,
Жағаға дұшпан қолы тимеске
Артыңда туысқанның көбі игі.
Күндердің күні болғанда
Қырға шықпас жаманның
Барынан да жоғы игі!
Асқар, асқар, асқар тау, Асқардан биік тау болмас,
Басына балапан шырлап ұшып қона алмас,
Бүркіттен қыран құс болмас,
Баулуы жетпей бөрі алмас.
Бидайықтан алғыр құс болмас,
Бұйырмаса екеу түгіл бір де алмас.
Сұңқардан сұлу құс болмас,
Қауырсыны қатпай ұша алмас.
Ағайынның ішінде
Бір жақсысы бар болса,
Қоңқалаған көп жаман
Сол жақсыны көре алмас.
Сол жаманның басына
Қиын қыстау іс келсе,
Бағанағы жақсысын
Қос арғымағын қолға алып,
Күнінде іздесе де таба алмас.
Қоғалы көлдер, қом сулар Кімдерге қоныс болмаған,
Саздауға біткен қара ағаш,
Кімдерге сайғақ болмаған
Жағына жалаң жібек байлаған
Арулар кімнен қалмаған.
Жағы түкті жылқы айуан
Иесін қайда жаяу салмаған.
Жалп-жалп еткен жапалақ
Жазыда кімге жолдас болмаған.
Сар шыпшықтай шырлатып
Ғазырейіл кімдерге құрық салмаған
Сақалына сары шіркей ұялап
Миығына қара шыбын балалап,
Жазыда мал іздеген қазақтың
Басы қайда қалмаған.
Күлелік те ойналық,
Киелік те ішелік,
Мынау жалған дүние
Кімдерден кейін қалмаған!