БАЙСА – жал, семіз жылқының жалы. Жалы (желкелік майы) тұтам тұтар болады, тікірейген, әбден семірген жылқының жалы екі құлағының арасына дейін келеді. Қазақ “жалы құлағынан асқан, шөгежегі майысқан” дегенде сырттағы жалпылдаған жалды (қылды) айтпайды, майын айтады.
Балаңқылар батпаған
Байсасы таудай Мәмбет бар. (Шалкиіз)
БАЙТАҚ – 1.Ұшы-қиыры жоқ, кең.
2. Белгілі бір этникалық-территориялық тұтастық (хандық, ел, жұрт).
Алаштан байтақ озбаса,
Сыпайшылық сүрмен-ді. (Шалкиіз)
БОСТАН – 1. Бұтақ, берек, үрім. Көбіне теректің, қарағайдың бостаны делінеді. Терек осал ағаш, оның бұтағының бостан аталуы да, бәлкім, сондықтан болар.
2. Басы бос, еркін, ерікті.
3. Кең, бос.
4. Гүл-жазира, бау-бақшалы өлке.
Бостаны бар-ды теректің,
Болаты бар-ды беректің. (Шалкиіз)
БӨКЕН – 1. Далалы жерде мекендейтін, аша тұяқты жүйрік аң.
2. Ақбөкен
Буыршынның жалғыз қырқар азуы
Бөкеннің желп етер төрт саны (Шалкиіз)
БӨРІ – 1. Қасқырдың екінші қосымша аты.
2. Ожар, ұр да жық.
3. Аспанның оңтүстік бөлігіндегі шағын шоқжұлдыз.
4. Ежелгі түрік қағандарының дербес жасағына берілетін атақ.
Ау, бөрілер, бөрілер
Бөрімін деп жүрмендер (Шалкиіз)
БУДАН – зат. Әр түрлі тұқымды бір-біріне телуден шыққан жаңа тұқым, дүбара.
Арғымақтан туған будан бар
Күнінде көрінім жерді алғысыз. (Шалкиіз)
БҰЗ – мұз, мәңгі мұз – мұзарт.
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі. (Қазтуған)
Бұз үстіне от жаққан.
Бұзбай бұлан пісірген.(Шалкиіз)
БҰЛДЫ – 1.сын. Бұлы бар ақшалы, ауқатты.
2.ауысп. Бағалы, құнды, қымбат, арзан емес.
3.диал. Бет алды лағып кететін, артық сөйлейтін адам.
Жиған малың тәрік етер,
Атың, тоның бұлды етер. (Шалкиіз)