Фонема ұғымының түрлендірілуі. Фонема терминін алған Бодуэн де Куртенэ ұсынды. Ғалым ауызша тіл мен жазу- екі басқа, бір-біріне сәйкеспейтін дүниелер. Жазу оптика немесе геометрияның пәні болса, дыбыс- жалпы акустиканың пәні. Бұл екеуін осылай өзара байланыссыз алып қарасақ, әрине, олардың арасында ешқандай сәйкестіктер болмайды: «Тек оларды адам санасымен, психикасымен байланыста алсақ қана арақатынасын түсінеміз» (Истрин 1961:210) деді.
Бодуэн де Куртенэ мектебі тұңғыш рет тілтұтынушының санасында бүкіл дыбыс түрленімдері емес, шектеулі бір түрі ғана өмір сүретінін айқындады. Оны «психофонетикалық альтернант» (орынбасар), «фонема», «морфеманың құбылмалы (подвижной) компоненті» (1881), «психикалық эквивалент» (балама) (1894), «санадағы өзгеремейтін елес», «сөйлеушінің санасында өмір бойы тұратын өзгермейтін құбылыс» (Истрин 1961:63), дыбыстың морфологиялануы, семантикалануы деп атады. Сөйтіп, дыбыс-реалды, фонема- адам санасында өмір сүретін психикалық элемент ретінде танылды. Сонда жазу мен тіл арасы адам психикасы арқылы байланысатын болып шықты.фонема жазу- көру, айту- есту елестері бар адам психикасына қатысты категория болып табылады (Истрин 1961:212).
Бодуэн де Куртенэнің фонема ұғымын тауып, оны ғылыми айналымға енгізу тіл білімі деңгейлеріне жаңалық әкелді. Әсіресе жазу теориясының көтеріліп, іргелі зерттеулердің тууына жол ашты. Орфография прициптерін айқындауда, басты принциптерді тануда жаңа көзқарастарды тудырды. Бәрінен бұрын ауызша тіл мен жазудың арасында алшақтық болатынын, жазба мәтін тілдің толық сипатын таныта алмайтынын, ауызша тілдің хатқа түсірілмейтін сан алуан реңктері болатынын ашты. Сонымен, фонема ұғымының саралануы жазу теориясының табан тірейтін тұғырына айналды. С. М.Кузьминаның жазу теориясының пайда болуын 1) фонологияға дейінгі; 2) фонологиялық кезең деп екіге бөлетіні сондықтан (Кузмина 1981:2).
Л.В.Щерба фонема (дыбыс типі) адам санасында елес (представление) түрінде өмір сүреді деді. Мысалы, орыстілді адам брат, о брате дегенде [а]-ның екі түрлі айтылып отырғанын білсе де, неге оны бір ˂а˃ деп танитынын оның психикасында бір ғана ˂а˃-ның елесі барлығынан деп жауап береді (Щерба 1983:16). Сондықтан да осы елес-түсінік арқылы адам сөз дыбыстарын таниды. Мысалы, тілі жаңа шығып жүрген бала «далаға баламын» деген сөзді [р] дыбысымен айттым деп ойлайды. Егер оған далаға баласың ба? деп сұрасаң, ызаланып, «жоқ, далаға баламын» деп қайталар еді. Себебі баланың санасында [р] фонемасы бар.
Сондықтан Б.Куртенэ семантикаланған дыбыстың ғана тілдік мәні болатынына тоқтады. (Топоров В.Н. 1960: 35). Яғни ауыздан шыққан дыбыс түрі көп, бірақ ол дыбыстың мағына ажыратушылық сипаты ғана тілдің дыбыстық деңгейін құрайды деді. Л.В.Щерба да семантикалануға басты мән берді (Щерба Л.В. 1983:17). Ғалым сөйлеу кезіндегі дыбыстық түрленімдерге назар аудара отырып, ол айырмашылықтар- дың жай құлаққа байқалмайтынына: «Бұның жауабы қарапайым: себебі бқл айырмашылықтар мүлде мағына ажыратпайды (Щерба Л.В. 1983: 17) дейді.
Сөйтіп, тілтұтынушы санасында сол тілдің мағына ажыратушылық, сөзтанымдық қызметі бар шағын ғана дыбыстық қоры өмір сүретіні белгілі болды.
Сондықтан ғалымдардың мынадай анықтамалары пайда бола түсті:
а) «Қарапайым қатардағы тұтынушы аңғара бермейтін тілдегі құлаққа шалынатын дыбыстардың түптегінде дыбыстардың ішкі, идеялды жүйесі тұрады. Олар психологиялық құрылғының дайын үлгісі ретінде жұмыс істейді (Сапир).
ә) «Фонема-дыбыс» жай дыбысқа сәйкес емес, жай дыбыс фонеманың бір ғана белгісін алып тұрады, фонема-дыбыс, ол барлық дыбыстық белгілердің жиынтығы» (Реформатский А.А. 1970:245);
б) «Фонеманың сөзайырымдық қызметі өзара айырымдары арқылы жоғары тілдік бірлік- морфеманың ажыратуынан көрінеді» (Реформатский А.А., 1970).
в) «Сөйтіп, тіл-тілде көптеген артикуляциялы-акустикалық дыбыс түрленімдері болады және сол түрленімдер жинақталған белгілі бір мөлшердегі дыбыстар болады» (Ветвицкий В.Г., Иванова В.М., Моисеев А.И. 1974:21).
г) «Фонема- бұл идеалды дүние, сол дыбыс жиынтығы белгілі бір фонетикалық жағдайда жеке дыбыс ретінде көрінеді». «фонемалар- бұлар тілдегі әлеуметтік жағынан айқындалған дыбыстар және мұндай дыбыстар әр тілде әртүрлі, бірақ белгілі бір сандық шегі бар» (Реформатский А.А. 1970:129).
Ал фонеманың сөз мағынасын ажырататын дыбыс екенін алғаш айтқан кавказ тілдерін зерттеуші П.К.Услар болды (Яковлев Н.Ф. 1970:129). Р.И.Афанесев, В.Н.Сидоров фонеманы сөздің әлеуметтік мәні бар дифференциалды элементі деді (Афанесев Р.И. Сидоров В.Н. 1970). Бұл тұжырымдарға Қ.Жұбановтың фонема бір сөз бен екінші сөзді айыруға жарайды дегені (Жұбанов Қ. 1999:501) сәйкес.
Сөйтіп, фонема абстракті единица ретінде адам санасында өмір сүретін бір жақты құбылыс болды. Фонема- ауызша тіл мен жазба тілдің арасын байланыстыратын аралық категория.
Фонема- сөз жасайтын (конститутивті), сөз айыратын (дистинктивті) (Яковлев Н.Ф. 1970) және жеке тұрып мағына беретін фонологияның кіші бірлігі. Фонема сөздің дыбыс құрамын екшеп, сөздің естілімін туралайдығ форма айыратын, мағына айыратын шектеулі дыбыс құрамы арқылы сөз мағынасын ажыратады.