Әл-Идрисидің мәліметтеріне қарағанда, қимақтардың патшасы алтындап тігілген киім мен алтын тәж киген. Ол қимақтардардағы алтын балқыту технологиясын былай суреттеген: «Әдет (қимақтардың) бойынша, алтынды жинап, суға шаяды, оны тазартып, сұрыптап алғанан кейін алтын түйіршектерін сынаппен араластырып, қоспаны сиырдың қиымен балқытады. Сөйтіп осындай жолмен едәуір мөлшерде алтын жинап алады».
Қимақтар қағанының орталығы, оның ордасы Имекия (немесе Кимекия) қаласында болды, ол темір қақпалы дуалмен бекітіліп қоршалды. Қалада оның сансыз көп әскері мен қазынасы болды. Шынына келгенде, қаған билігі мен мемлекеттік өкімет арасында айырмашылық болған жоқ.
ІХ-Х ғасырлардағы араб шығармаларында түрік тайпаларының алғашқы мемлекеттік құрылымдары туралы мәліметтер кездеседі. Түрік халықтары жайлы көптеген нақты мәліметтерге ие болған әл-Яқуби: «Түркістан мен түріктер бірнеше халықтар мен мемлекеттерге (мамаликтерге) бөлінеді… Әр түрік халқы жеке мемлекет, олар бір-бірімен соғысып тұрады», деп жазды. Араб географы Ибн әл-Факих: «Түріктерде оғыздар, кимек және тоғыз оғыздар құрметтеледі, олардың әрқайсысыларының патшалары бар» деген мәліметтер келтіреді. Кимек билеушісінің құдіреті жоғары болған.
Саяси-әлеуметтік дамудың барысына карай, ру-тайпалық қауымнан мемлекеттік құрылымға дейінгі сатыда олардың басшылары мансаптық дәреженің төменгі сатысынан жоғарғы сатысына дейін өciп отырады. Қимақтардағы қаған, ябғу, шад, тұтұқ лауазамдарының көне түріктер ортасында болғандығын дереккөздерден кездестіреміз. Мұның өзі өзара сабақтастықты білдіреді. Көне түрік мемлекеттік құрылымдарындағы дәстүрлі әкімшілік-территориялық жүйе - қанаттар жүйесі - Кимек мемлекетінің басқару құрылымында көрініс тапты. Бірлестіктің шығыс жағы Ертіс маңында болды, батыс жағы - Жайық пен Ембі өзендерінің аралығын қамтыды.
Қимақтарда көне түркі жазуы болған. Ертіс бойында және Тарбағатайда ескі қорғандардан табылған, сына жазуылар Қимақтарға жатады. Қимақтарда жазу болған деп топшылауға дәлел бар. Мұны Әбу Дулафтың мына сөзінен көреміз: «Оларда қамыс өседі, бұл қамыспен олар жазады». Тегі қимақтар қамыс қаламмен жазып, мұнда ежелгі түрік әліппесін пайдаланған болуы керек. Мұны Ертіс бойынан, Тарбағатай тауларынан табылған заттар-мезгілі ІХ-Х ғасырларға қатысты түрік жазулары бар қола айналар да көрсетеді.