Қимақ қағандары жауынгер болған. Бірақ көршілес халықтардың бір-біріне жасап отырған шабуылдары көп жағдайда бейбіт қатынаспен аяқталып отырған.
Әл-Идрисидің жанама деректерін негізге ала отырып, қимақтардың қағаны Енисей қырғыздарының еліне де шапқыншылық жасаған деп топшылауға болады. «Қырғыз елі қалаларының бәрі, - деп жазады әл-Идриси, - үш күн ішінде жүріп өтетін аумақта орналасқан. Ол қалалар төртеу, үлкен дуалдармен қоршалған ол қалаларда еңбексүйгіш, жауынгер, ержүрек халық тұрады, олар қимақтардың өзінің көршілерімен әрқашан дерлік соғысып жүретін соғыс құмар патшасының пысықтығынан өте-мөте қауіптенуге тиіс».
Парсы тарихшысы Гардизи (ХІ ғ.) қимақтар арасындағы көшпелілер «өз мырзаларының малын бақты» дейді, сондай-ақ «қысқа арнап олар әрқайсысы өзінің шама-шарқына қарай қой, жылқы немесе сиыр етін сүрлеп алады», - деп көрсеткен. Әл-Идрисидің жазуынша, тек шонжарлары ғана қызыл және сары жібектен киім кие алған, сол арқылы олар өздерінің қатардағы көшпелілерге қарағанда артықшылық жағдайын көрсеткен. Нақ сол авторлардың мәліметтеріне қарағанда, қимақтардың қалаларында атты әскермен қоса жаяу әскер де болған.
Қимақтардың қонысы туралы ертерек айтқан Гардизи, ол қимақтар мен қыпшақтар Ертіс бойын мекендеген десе, әл-Идриси қимақтардың он алты қаласы болғанын, оның он екісі Ертіс өңірінде екендігін көрсетеді, қалалар сауда жолында орналасқан. Әл-Идриси айтуы бойынша, осында қимақтардың астанасы да орналасқан. Қимақия астанасы жайлы Әл-Идриси былайша баяндайды: «Город царя Хакан-значительный город, окруженный укрепленный стеной, с железными воротами. У царя в городе имеется значительная охрана, войска и снаряжение».
Әл-Идриси шығармасынан келтірілген үзінді, қимақ хақанының баласы Джанахтың кітабынан алынған. Өкінішке орай, бұл кітап сақталмаған. Әл-Идриси бұл кітапты қимақтар жайлы негізгі дерек ретінде бірнеше рет атап өткен. Осы Джанахтың кітабының негізінде Әл-Идриси қимақ қалаларын суреттеп, сипаттап кетеді: «Қимақтарда он алты қала бар... Карантия бірінші қимақ қаласы, үлкен қала, оның ұзындығы 9 миль, еңдігі 3 миль, ол Гаган деп аталатын үлкен көлдің жағасында орналасқан. Карантиядан қимақ патшасының қаласына дейін 25 күн жүріс және бұл жол батыстан шығысқа қарай созылады. Бұл көл өзінің атауын Гаган қаласынан алған. Гаган аталған көлдің батыс жағында орналасқан. Гаганнан Дамурияға дейін батыс бағытында 4 күндік жүріс.