Қимақ билеушісі едәуір құдіретті болған. ІХ ғасырдың аяғы-Х ғасырдың басында қимақ қағанаты қалыптасқан уақыттан бастап, олардың патшасы түріктердің ең жоғары атағымен қаған (хақан) деп атала бастады. «Қаған-түріктердің ең басты патшасы. Қаған - хандардың ханы, яғни парсылардың шаханшах дейтіні сияқты, басшылардың басшысы»,-дейді Х ғасырдағы ортаазиялық ғалым әл-Хорезми. Қаған атағы ябғу атағынан екі саты жоғары тұрған.
Қимақтардың қағанының қолында нақты билік болды, ол өз мемлекеті шегінде билеушілерді тағайындаған, ал олар тайпа шонжарларының өкілдері болған. Қағанның билігі ғана емес, сонымен қатар оның айналасындағы тайпа ақсүйектерінің билігі де мұрагерлік бойынша өтіп отырды. Қимақ қағанының он бір басқарушысының үлестері мұра бойынша сол басқарушылардың балаларына беріліп отырған.
Тайпалық бірлестіктер құрылған кездегі сияқты қимақ қағанатының құрылу үрдісінде де әскери институттар зор рөл атқарды. Басқарушылар сонымен қатар әскери жетекшілер де болып, олар қағаннан қызметі үшін үлестер алып отырды. Үлестік иеліктер әскер жасақтап отырды. Бұл үлестердегі этникалық орта, негізінен алғанда, көбінесе белгілі бір тайпаның өкілдерінен құралды. Үлестік-тайпалық жүйе қоғамдық құрылыстағы ірі өзгерістердің салдарынан туды. Әдетте, үлестердің иелері қимақ қағанына бағынышты болды.
Әскери және әкімшілік негіздердің біріктірілуі салдарынан ірі тайпалық бірлестіктерді басқарып отырған билеуші көсемдер көшпелі жеке шаруашылығын нығайтуға және өздерінің саяси салмағын орнықтыруға ұмтылып отырды. Олардың кейбіреулері қолайлы жағдай туғанда мемлекеттегі жоғарғы билікті басып алуға ұмтылған жартылай тәуелді «хандарға» айналды.
Қимақтар елін суреттеген кезінде Шығыс Қазақстан даласында туған, Қимақ қағанының ұлы Жанақ ибн Хакан әл-Кимеки (Х немесе ХІ ғғ.) жазған кітапта пайдаланған араб географы әл-Идриси (ХІІ ғ.) қимақтарда осындай «хандар» басқаратын бірқатар дербес иеліктер бар екенін жазады. Бұл қалалар мен бекіністерде «хандар» көптеген әскер ұстаған. Олардың байлықтары мен қоймалары қалаларда және адам жете бермейтін таулы аймақтарда орналасқан, «ханның» (малик) нұсқауы бойынша мұқият қорғалатын бекіністерде сақталды.