Абайтанудың өзге ғылым салаларымен байланысы. Абай есімінің дүниежүзілік көлемде танылуы.
Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүние жүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гетелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы дүниежүзілік ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті.
Абай туралы (кітаптар, мақалалар, фильмдер т.б.):
«Абайдың өмірбаянына қосымша материалдар» — Мұхтар Әуезовтің мақаласы. “Абай Құнанбайұлының шығармаларының” 1940 жылы шыққан 2 томдық жинағының 2 томында жарық көрді.
«Абай — қазақтың ұлы ақыны» — Мұхтар Әуезовтің туындысы (Б. Кенжөбаевпен бірге). Абайдың туғанына 100 жыл толуына байланысты 1945 ж. жарық көрген.
«Абай елі» — альбом-шежіре. Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай 1994 ж. «Өнер» баспасынан шыққан.
«Абай елінде өткізілген мереке» — Мұхтар Әуезовтың очеркі. Мұхтар Әуезовтың очеркі. Ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойында көрген-сезген жайлардан туған ойларын жазған. Очерк «Қазақ елі» журналынын 1945 жылғы 3-4-санында, кейін Мұхтар Әуезовтың 20 томдық шығармалар жинағында (18-кітап, 1985) жарияланды.
«Абай еңбектерінің биік нысанасы» — Мұхтар Әуезовтің мақаласы. Абайдың туғанына 100 жыл толуына байланысты жазылып, алғаш рет «Социалист Қазақстан» (18. VIII. 1945), «Ленин туы» (23. VIII. 1945), «Алтай большевигі» (26. VIII. 1945) газеттерінде жарияланды.
«Абай жолы» эпопеясының тарихи негіздері» — монография. Авторы Л. Әуезова. 1969 ж. орыс тілінде «Ғылым» баспасынан жарық көрген.
«Абай Құнанбаев творчествосын зерттеудің маңызды мәселелері» — Мұхтар Әуезовтің мақаласы. Алғаш рет 1954 жылы «Қазақстан мұғалімі» газетінің 1 шілдедегі санында жарияланды.
«Абай Құнанбаев қазақ халқының ақыны және ағартушысы» — (10. VIII. 1945) газетінде жарияланған. Мақалада Абайдың ақындық өмір жолымен қалың окырманды таныстыру мақсат тұтылып, негізінен өмірбаяндық деректер қамтылған.
«Абай Құнанбаев» (150 жылдық мерейтойына) — Мұхтар Әуезовтің ғылыми еңбектерінің жинағы. Абайдың 150 жылдық мерейтойына байланысты «Санат» баспасынан 1995 ж. жарық көрген.
«Абай Құнанбаевтың 100 жылдық мерейтойына әзірлік жөніндегі ойлар» — Мұхтар Әуезовтің 1940 ж. жазған мақаласы Ә. Тәжібаевпен біріге).
«Абай» (деректі фильм) — деректі фильм. 1954 ж. Алматы киностудиясы шығарған.
«Абай» (диафильм) — диафильм. 1956 ж. Мәскеу «Диафильм» студиясы шығарған.
«Абай» (жарнама кітапша) — осы аттас операның қойылымына арналған орыс тіліндегі жарнама кітапша. 1958 ж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігі шығарған.
«Абай» (кинодрама) — жазушының кинодрамасы. Қолжазба жазушы мұрағатында сақтаулы (№141-папка), араб әрпімен жазылған, көлемі 53 бет.
«Абай» (әдеби журнал) — 1918 ж. Мұхтар Әуезов негізін салған (Ж. Аймауытовпен бірге) әдеби журнал. С. Шикібаев ұйымдастырған «Уақ қарыз серіктестігінің» демеуімен 12 саны жарық көрген.
«Абай» (әдеби сценарий) — жазушының әдеби сценарийі. Автор Абайдың ақындық өнepiн суреттеуді шәкірт ақындар шығармашылығымен қатар өрбітуді мақсат еткен.