3. Кеңестік дәуірдегі әр қилы көзқарастар. Абай мұрасын тереңірек танып білуде істелген жұмыстың өнікті саласы – оның шығармаларын тікелей нақтылы зерттеу нысанасына алған ғылыми зерттеу жұмыстары.
Ақын мұрасын ғылыми тұрғыдан танып білу жолындағы ізденістердің көп аялдаған мәселесі – Абай дүниетанымы мен ақын мұрасының рухани нәр алған арналарына келіп тірелетін еді. Ақын мұрасының бұл жағы кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарынан бастап-ақ өткір қойылуының себептері де бар. Өткен дәуір мұрасына қатынас жасағанда біз ол мұралардың тек демократиялық бағыттағыларын ғана алуымыз керек деген таным ұсталуы себепті, өткен дәуірдің әдеби мұраларын тудырған қайраткерлер шығармаларына зерттеу жүргізілгенде, олардың дүниетанымын анықтау міндеті анықтау зерттеу зерттеу ісінде күн тәртібіне алдымен қойылып отырды. Осы себептен де 30 жылдардың ақырына дейін Абайдың әдеби мұрасы туралы болып келген пікір сайысындағы басты талас Абай дүниетанымы маңына үйірілді. Бірақ айрықша көтеріліп, зерттеу нысанасына қойылып отырған, Абай дүниетанымын ғылыми тұрғыдан зерттей отырып, анықтауға түрлі жағдайларға байланысты мүмкіндік болмау себепті, бұл күрделі де қиын мәселенің шешілуін тежей түсті. Мұның 40 жылдарға дейін түпкілікті шешім таба алмау себебі, мына жағдайларға байланысты еді:
30-жылдардың екінші жартысына дейін Абай шығармалары, әсіресе, оның көзқарасы мол көрініс берген қарасөздері жарияланбай келді.
Абай мұрасы туралы арнайы түрде жазылған ғылыми зерттеу түрінде жазылған еңбектердің болмауы, бола қалған күнде де оның теріс методологиялық негізде жазылуы.
Мұны дұрыс бағытта шешуге сол дәуірде біздің әдебиет дүниесінде орын тепкен әр түрлі (тұрпайы социологиялық, формалистік, компаративистік) жат көзқарастардың зардабы да аз тимейді.
Зерттеу тәжірибесіне молыққан, даярлығы бар дарынды ғылыми мамандар жетіспеді. Яғни барының өзі саналы түрде қуғындалып, өмірден аласталып жатты.
Осы себептерге байланысты соғысқа дейінгі дәуірде Абайдың дүниеге көзқарасы арнайы ғылыми зерттеудің нысанасына алынбай ат үсті жалпылай, жол-жөнекей сөз етіліп келді.
Абай мұрасының бұл сияқты күрделі саласын зерттей отырып, пікір айтуға М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, М.Сильченко, Н.Сауранбаев, Т.Елеуов, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Жиреншин, т.б. ғалымдар араласты. Бүл жылдары, алдымен, Абай дүниетанымының қалыптасуына әсер еткен, яғни, рухани нәр алған қазына көздерін анықтаудың міндеті көтерілді. Абай дүниетанымының қалыптасуына ықпал еткен рухани құбылыстардың табиғатын терең танып білмейінше, ақынның дүниетанымының күрделі сырын, терең тамырын толық ашу, танып білу қиын болуы себепті, ол құбылыстардың өзіне тән ерекшелікті даралып, арқайсысының шегін танып білу – Абайдың дүниеге көзқарасын ғылыми тұрғыдан танудағы алғышарт ретінде алға қойылды.