2. 40-жылдардағы еңбектер. 1941-1951 жылдар аралығындағы зерттеудегі ерекшелік – монографиялық зерттеулердің пайда болуына байланысты бұл тақырыпты бұрынғыдай жалпылама сөз етпей нақтылы зерттеу нысанасына алу арқылы дұрыс тұжырымдар жасалып жатты. М. Сильченконің 1945 жылғы жүз жылдық мерейтой қарсаңында «Абай» деген атпен басылым көрген еңбегі ерекше атап өтуге болады. Абай өмірбаяны мен әдеби мұрасы туралы орыс тілінде жазылған бұл еңбектің бағалы жағы – ақын мұрасын жүйелі түрде кең насихаттауында жатыр.
40 - 50 жылдары Абай өмірі мен шығармашылығын зерттеу ісі кең көлемде жүргізіліп, жаңа белеске көтерілді. Абайдың қоғамдық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалық пікірлерін, ақындық тілін, композиторлық өнерін, аудармаларын тереңдеп тексерген еңбектер жарық көрді. Абайтану ғылымына Қ. Жұмалиев, Т. Тәжібаев, Қ. Мұхамедханов, М. Сильченко, Ы. Дүйсенбаев, Б. Ерзакович, Х. Сүйіншәлиев, М. Мырзахметов, А. Ысқақов, Р. Сыздықова секілді ғалымдар салмақты үлес қосты. 40-50 жылдарды Абай мұрасын зерттеуде монографиялық еңбектердің жарық көруі мен бірнеше диссертациялық еңбектің жазылуы абайтану ғылымының даму үстінде екендігін көрсетті.
Ақынның 100, 150, 160, 165 жылдық мерекелері тұсындағы өзгерістер.
Абайтану ғылымы еліміз тәуелсіздік алған жылдары ғана коммунистік идеология ұстанған қатаң қағидалардың тар шеңберінен шығып, ғылыми өрісін еркін кеңейтуге мүмкіндік алды. Абайтанудың екінші тыныс алып, жаңа белеске көтерілуінің бел ортасында ұлттық әдебиеттану ғылымының қара шаңырағы – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тұрды. Еліміздегі қайта құру кезеңі басталған тұста сол кезде институт директоры болған іскер басшы Ш.Елеукенов ұлы ақын шығармашылығын зерттеу ісіне баса назар аударып, қазақ әдебиетінің тарихы бөлімін Абайтану және қазақ әдебиеті тарихы бөлімі етіп қайта ашты. Бұл бөлімге көрнекті әдебиеттанушы-ғалым Ш.Сәтбаева жетекшілік етіп, абайтанудың өзекті мәселелеріне байланысты біршама жұмыстар тындырды.
Абай шығармаларының бұл екі томдық академиялық толық жинағы абайтану тарихындағы үлкен жетістік еді. Оның үстіне ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша ұлы ақынның дүниежүзілік деңгейде аталған 150 жылдық мерейтойына жасалған қомақты тарту болды. Сол жылдары Абай өмірі мен шығармашылығына байланысты дайындалған жинақтар мен жазылған зерттеулердің барлығы дерлік осы мерейтой шеңберінде орындалды. Олардың қатарында 1994 жылы шыққан “Абай және қазіргі заман” зерттеулер жинағы абайтанудың өзекті мәселелерін қамтыған жаңа көзқарастармен ерекшеленсе, Ж.Ысмағұловтың “Абай: ақындық тағылымы” монографиясында ұлы ақынның дарынды суреткерлікті дана ойшылдықпен ұштастырған кемеңгерлік кемелдігі ашып көрсетілді.
Ақын мерейтойы аталып өтілген 1995 жылы республика баспаларынан Абай шығармашылығына байланысты елуден астам аталыммен ғылыми-танымдық кітаптар мен зерттеулер, тақырыптық өлеңдер жинақтары жарық көрді. Еліміз тарихында алғаш рет “Абай” тұлғалық энциклопедиясының шығуы үлкен мәдени, ғылыми оқиға ретінде есте қалды.
Сол жылы шыққан ғылыми еңбектер арасында академик З.Ахметовтің “Абайдың ақындық әлемі” атты монографиясы ерекшеленіп тұрады. Мүлдем жаңаша, тәуелсіздік талаптары биігінен жазылған тың еңбекте поэзияны, сөз өнерін қазіргі заман деңгейінде түсіну тұрғысынан Абайдың ақындық тұлғасының өзгешелігі, ақынның шындықты тануы, суреттеуінің нақтылығы мен тереңдігі ашып көрсетілген. Ғалым Абай шығармаларын жүйелі түрде талдай отырып, ақынның ұлттық көркемдік-эстетикалық дәстүрлермен тығыз байланысын, әрі оның жаңашылдығын, орыс классикалық және әлем әдебиеті жетістіктерін жете игеруін қиюын қиыстырып көрсете алған. Академиктің көп жылғы ізденістері нәтижесінде жазылған бұл кітап абайтанудағы жаңа сөз, жаңа пайымдауға негізделген еңбек деп қарастыру керек. Монографияда Абайдың ақын, ойшыл, ағартушы, композитор, ұлт ұстазы, қоғам қайраткері ретіндегі сан қырлы талантының астарлы сыры, суреткерлік шеберлігі терең зерттелген.
Абайтану саласында аз ғана уақыт жұмыс істесе де, құнды зерттеулер қалдырған әдебиетші, архивтанушы Бейсенбай Байғалиевтің еңбегін атап кеткен абзал. Абай шығармаларының 1995 жылғы екі томдық толық жинағын дайындауға қатысқан қарымды қаламгердің ұзақ жылдар тірнектеп жинап зерттеген, Абайдың өмір жолына байланысты кей көлеңкелі тұстар мен күмәнді сауалдардың ақиқатын ашқан “Абай өмірбаяны архив деректерінде” атты монографиясы 2001 жылы басылып шықты.