Жоғары мектеп педагогикасы жоғары оқу орны жағдайындағы оқу-тәрбие процесінің заңдылықтарын, жоғары білім алудың ерекше проблемаларын қарастырады.
Коррекциялық педагогика дамуында түрлі кемістіктер мен ауытқушылықтары бар балалар мен үлкендерді тәрбиелеудің, білім берудің және түзетудің теориялық негіздерін, принциптерін, әдістері мен құралдарын жасайды.
Естімейтін және нашар еститіндерді оқыту мен тәрбиелеу мәселелерімен сурдопедагогика шұғылданады, көзі көрмейтіндерді оқыту мен тәрбиелеу мәселелерімен - тифлопедагогика, сөйлеу кемістіктері барлармен – логопедия, ақыл-есі кемдерді оқыту және тәрбиелеу мәселелерімен – олигофренопедагогика шұғылданады.
Педагогика тарихы түрлі тарихи дәуірлердегі педагогикалық идеялардың дамуын педагогикалық практикамен бірлестікте қарастырады.
Дербес әдістеме педагогикалық ғылымдардың ерекше тобын құрайды, ол білімнің нақты саласын (мектептегі оқу пәндерін) оқытудың заңдылықтары мен ерекшеліктерін қарастырады.
Өмірге қоғам талабына сәйкес соңғы кезде педагогиканың отбасы педагогикасы, этнопедагогика, өндірістік педагогика, әлеуметтік педагогика және т.б. салалары пайда болды.
Педагогика, басқа ғылымдар сияқты, басқа ғылымдармен, әсіресе адамзаттық ғылымдармен өзара тығыз байланыста дамиды.
Жоғарыда атап көрсетілгендей, педагогика философияның негізінде жетілді, содан тармақталып бөлініп шықты. Педагогика өзалдына дербес ғылым бола отырып, философиямен, оның салаларымен байланысты үзбейді. Қандай да бір философиялық тұжырымдамалар кез келген педагогикалық теорияның негізінде жатады. Философиялық ғылымдармен байланыс педагогикаға тәрбиелеу мақсаттарын анықтауда, адамның мәнін, табиғат пен қоғамның даму заңдарын және т.с.с.-ды түсінуге көмектеседі. Педагогика философияның адамгершілік эстетикалық тәрбие проблемаларын шешуге ықпал ететін этика, эстетика сияқты салаларымен тікелей байланысты.
Әлеуметтану деректері – заманауи қоғамның жағдайы туралы философиялық білімнің тағы да бір саласы – педагогикаға оқыту мен тәрбиелеудің «көкейтесті» проблемаларды ғылыми тұрғыдан зерттеуді орталықтандыру үшін қажет. Мысалы, әлеуметтанушылар облыста, қалада, ауылда және т.с.с. балалардың мектепке дейінгі қоғамдық тәрбиеге жеткілікті дәрежеде қамтылмағандықтары жөнінде ақпараттар берді. Соның салдары ретінде, балалардың мектепте оқуға дайындығының төмен екендігі анықталды. Педагогтың алдына: мектепке дейінгі мекемеге бармайтын балалардың даму деңгейін қалай көтеру керек деген проблема туды. Үйде тәрбиеленетін балалардың жанұясына түрлі көмек түрлері қарастырылды; халыққа қосымша көмек аясы дамытылды; мектептердің жанында мектепалды топтар ашылды және т.с.с.
Педагогика адам психикасының даму заңдылықтарын зерттейтін психологиямен етене байланысты. Педагогика, өз кезегінде, балалардың психикалық процестерінің, тәртібінің жағымды өзгеруіне ықпал ететіндей тәрбиелеу мен оқытуды қалай ұйымдастыру керек деген мәселелерді зерттейді. Барлық педагогикалық проблемалардың психологиялық негіздемесі бар. Ақыл-ой тәрбиесі проблемасы таным процестері мен ақыл-ой даму теориясына сүйенеді; тәрбиелеу заңдылықтары тұлғаның психологиялық теориясын ескеру арқылы ашылады. Педагогикалық іс-әрекет қорытындылары психологиялық көрсеткіштер негізінде шығарылады. Мысалы, оқыту нәтижелері жөнінде білім көлемі, оның беріктігі, бейнелілігі, қорытылғандығы, ақыл-ой іс-әрекетінің қалыптасқандық дәрежесі бойынша бағаланады. Балалардың тәрбиеленгендігі істерінің мақсаттылығымен, оны түсінгендік мөлшерімен, өздігінен істей алу деңгейімен және т.с.с. көрсеткіштермен анықталады. Оқыту мен тәрбиелеу аясындағы кез келген мәселе психологиялық-педагогикалық ұстанымды талап етеді.
Психология мен педагогиканы интеграциялау шекаралық салалар – психопедагогиканың, педагогикалықпсихологияның тууына алып келді.