«Шығарма талдау»
Мақсаты:
Білімділік. Оқушы шығарма жазуды үйренеді, өз ойын түсінікті, сауатты жазуға дағдыланады.
Дамытушылық. Оқушының шығармашылық, белсенді ойлау деңгейін дамыту.
Тәрбиелік. Оқушының өзіндік «Менін» қалыптастыру. Өз ойын еркін айта білуге үйрету.
2. Жасы. Бірінші класс пен он бірінші класс аралығы.
3. Уақыты. Шығарма талдауға 10 минуттан 40 минутқа дейін уақыт беріледі.
4. Мұғалімнің даярлығы. Шығарма талдау технологиясы мен оқушының жас ерекшелігін білуі, оқушының өзіне деген сенімін туғызудың оқу нәтижелілігін арттырудағы ролін меңгеруі.
5. Керекті материалдар. Оқушының шығарма дәптерлері.
1) Мұғалім оқушыларға тапсырма береді. Мысалы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша еркін тақырыпқа шығарма жазу. Тапсырманы дұрыс орындау жолдары түсіндіріледі. Оқушының қате жіберу қаупі оның шығармашылығын тежейтіні белгілі. Сондықтан тілдік білікті дамыту кезінде оқушыларды сауатты жазуға үйретумен қатар, қате жіберуден қорықпауға дағдыландыру қажет.
2) Барлық оқушы жұмысты үйде немесе класта орындайды.
3) Жұмыстардың ішінен өзіндік ерекшелігі бар шығармалар таңдалынып алынады. Мұғалім жұмысты түзетпейді, ескерту жазбайды.
4) Класс жұмысында оқушылар 5-7 адамнан тұратын шағын топтарға бөлінеді.
Жұмыс жасау тәртібі түсіндіріледі.
А. Шығармадан сізге не ұнады. (Кемшілігі туралы айту қажет емес, әр оқушы кемінде бір жақсы тұсын көрсету қажет).
Ә. Әр топтың ішінде шығармасы талданатын оқушылар белгіленеді.
Б. Содан соң әр топ шығарма талдауға кіріседі. Шағын топтың бір мүшесі шығарманы бастап оқиды. Шығарманың авторы өз шығармасы туралы пікірді таңдайды.
Зерттеулер бұл процестің оқушыларды өзге адамдардың жұмысы мен бойындағы жақсы жақтарын көре білу дағдысын қалыптастыратынын дәлелдейді. Оқушы жақсыны тани білу ғана емес, өзгенің жетістігін баяндай білуді үйренеді. Бұл әдіс шағын топта ғана емес, жалпы класс ұжымында жағымды ахуал мен өзара қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал етеді. Өз шығармасы туралы жақсы пікір естіген оқушы өзінің жетістіктерін есінде сақтайды да, өз қабілеті мен өзіндік «Мені», өзіне деген сенімі қалыптасатыны байқалған.
Мұғалім топтық жұмысқа қатысып шығармаға талдау жасауға, сәтті шыққан жақтарын анықтауына болады. Егер топта жағымсыз ескертулер болған жағдайда мұғалім дер кезінде түзету жұмыстарын жүргізуі қажет. Жұмыс аяқталған соң шығарма авторына сөз беріледі.
Тест
Мақсаты:
- оқушылардың ақпаратты меңгеру деңгейін жылдам анықтау;
- өтілген тақырып бойынша білімді бақылау және бағалау.
Мұғалім оқушыларға бақылау өткізілетін тақырыпты, сұрақ санын, әр сұраққа берілетін уақыт деңгейін хабарлайды.
Оқушыға жұмыс үстінде сұрақ қоюына, түсінбеген жерін сұрауына мүмкіндік беріледі.
Сұрақ ауызша, жазбаша, тақтада, кодоскоп немесе диапроектор арқылы беріледі.
Оқушылар жазбаша түрде жауап береді.
Әр жауаптың соңына жауап берілгендігі туралы белгі қойылғандығын мұғалім тексеріп шыққаны дұрыс. Сұрақ саны 5,10,15... болуы, яғни бес еселенген түрде болуы қажет.
Жұмыс аяқталған соң дұрыс жауап парағы таратылады. Оқушылар өз жауаптарын дұрыс жауапқа сәйкес тексереді. Әр дұрыс жауапқа1 ұпай беріледі.
Оқушылар өздерінің дұрыс жауаптарын санайды. Сұрақ саны 5 болса, дұрыс жауап саны бағаға айналады. Егер 4 дұрыс жауап болса, оқушы «4» алады. Егер сұрақ саны 10 болса, дұрыс жауап саны екіге бөлінеді, ал 15 сұрақ берілсе, дұрыс жауап қосындысы үшке бөлінеді.
Мұғалім тақтаға 5 санын салып, «5» алған оқушыларды анықтайды. Оқушы білімін бағалаудың бұл тәсілі арқылы мұғалім оқушының материалды меңгеру деңгейін анықтайды, ал оқушы өз мүмкіндіктерін бағалай алады.
Материалды класта жаттау технологиясы
Мақсаты:
материалды класта жаттау дағдысын қалыптастыру (өлең, ереже, анықтама т.б.);
оқушылардың есте сақтау қабілетін дамыту; белсенділігін қалыптастыру;
ынтымақтастықты тәрбиелеу.
Бұл технология оқу материалын есте сақтау дағдысын қалыптастыру мақсатында кез келген сабақта қолданылуы мүмкін.
1. Мұғалім алдын ала оқушыларға сабақтың мақсаты мен жұмыс тәртібін түсіндіреді, тапсырма беріледі. Барлық оқушылар жұпқа бөлінеді.
2. Бірінші оқушы өлеңнің алғашқы жолдарын оқып, мағынасын түсінуі қажет. Жол саны оқушының жас ерекшелігіне сәйкес беріледі. Екінші оқушы көршісін тыңдап есінде сақтайды.
3. Сөздіктер мен қосымша әдебиеттер арқылы таныс емес сөздерге түсінік беріледі, талданады. Кей жағдайда оқушы сұрақтарына жауап беретін эксперттік топ құруға болады.
4. Бірінші оқушы өлең жолдарын қайталап оқиды. Екінші оқушы ішінен оқиды, тыңдайды.
5. Бірінші оқушы кітапты жабады, екінші оқушы өлең жолдарын есіне түсіреді. Бұл жұмыс екінші оқушы қашан толық жаттағанша қайталанады.
6. Екінші оқушы кітапты алады да, ал бірінші оқушы өлеңді жатқа қайталау қажет.
7. Жұптар өзара алмасады. Бірінші және үшінші оқушы есте сақтаған өлең жолдарын кезекпен айтады. Одан соң оқушылар өлеңнің келесі жолдарын жаттауға кіріседі. Жұмыс осы үлгімен жалғаса береді, ал өлеңді толығымен жаттаған оқушы шағын топтың алдында жатқа айтады. Мұндай тілдік тренинг оқушыны класс алдында жауап беруге дайындық болады және есте сақтау қабілетін дамытады. Жаттауға берілетін материал түрі де, көлемі де әртүрлі болуы мүмкін.
Сонымен, оқыту үрдісінде оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін белсендіруде дәстүрлі әдістер мен жаңа әдіс-тәсілдерді, технологияларды өзара сабақтастықта пайдалану, дәстүрлі сипаттағы жұмыс түрлерін жаңаша тұрғыда өзара ықпалдастықта пайдалану оң нәтиже береді деп есептейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |