Жануарлар әлемі - Zoa немесе Anіmalіa. "Zoon" - грек тілінде жануар деген сөз. Қазіргі кезде жануарлардың белгілі түрлерінің жалпы саны 2,5 миллионнан асады, олар тірі организмдердің тіршілік ететін аймағының ерекше қабаты - биосферада кең тараған.
Зоология басқа да биологиялық ғылымдармен тығыз байланысты: морфологиямен және анатомиямен (организмдердің сыртқы және ішкі құрылысын зерттейтін ғылым); гистологиямен (тканьдердің микроскопиялық құрылысын зерттейтін ғылым); физиология және биохимиямен (организмдердің және олардың мүшелерінің функциональдық қасиеттерін, құрамының химиялық өзгеріске ұшырау процестерін зерттейтін ғылым); цитологиямен (клеткалардың құрылысын, атқаратын қызметін, дамуын зерттейтін ғылым); эмбриологиямен (адамның, жануарлардың, өсімдіктердің ұрықтық даму зандылықтарын зерттейтін ғылым); генетикамен (организмдердің тұқым қуалауы және өзгергіштігі туралы ғылым); экологиямен (организмдердің қоршаған ортасымен қарым-қатынастық заңдылықтарын зерттейтін ғылым); палеонтологиямен (құрып кеткен қазба организмдерді зерттейтін ғылым); систематикамен (организмдерді туыстық топтарға жіктеу және олардың эволюциялық, дамуының тарихи тізбегін анықтау туралы ғылым).
Ал жануарларды ғылыми негізде зерттеп, зоологияның дамуына ең алғаш жол ашкан гректің ұлы ғалымы және философы Аристотель (384-322, ІV ғасыр біздің заманымызға дейінгі) болды. Аристотель жануарлар классификациясын жасап, зоология систематикасынының негізін салған. Ол жануарлардың 500-ден аса түрлерін зерттеп, оларды 2 топқа бөлген:
1) "энойма" - қаны бар жануарлар; 2) "анойма" - қаны жоқ жануарлар.
Бірінші топқа, қанды жануарларға: 1) тірі туатындарды (аңдарды);
2) құстарды;
3) бауырымен жорғалаушыларды; қосмекенділерді;
4) балықтарды жатқызды.
Екінші топқа, қансыздарға: 1) басаяқты моллюскаларды;
2) шаянтәрізділерді;
3) моллюскаларды (басаяқтылардан басқа);
4) насекомдарды, өрмекшілерді және құрттарды жатқызды.
Төменгі сатыдағы ұсақ жәндіктерді үшінші "chaos" - тобына жатқызды. Аристотель көптеген кітаптар жазған. Ол насекомдардың толық және шала дамуын, құстардың көшу және қайту мерзімін, сүткоректілердің зәр шығару және жыныс мүшелерін айқын бейнеледі, сүткоректілерді жұптұяқтыларға, балықтарды шеміршектілер мен қатты сүйектілерге бөлді. Аристотель "Жануарлар тарихы" деген еңбегінде жануарлар туралы көзқарасын білдіре отырып, жануарлардың және адамның сыртқы және ішкі мүшелеріне сипаттама берді, ал бұл жануарлардың салыстырмалы анатомиялық сипаттамасына алып келді. Аристотель "Жануарлардың дене бөліктері туралы" еңбегінде организмдерде бірыңғай тканьдер және бірыңғай емес "мүшелер" бөлімдерін ажыратты, ал "Жануарлардың пайда болуы туралы" еңбегінде жануар мен адам эмбриологиясы туралы айтты. Аристотель өз еңбектерінде суреттерді негіз етіп алған, бірақ олардың көбісі сақталмаған. Аристотельдің бірінші зоологиялық сипаттамасы көп уақыт бойы қолданылып келеді.
Орта ғасырда жануарлар жайындағы алғашқы түсініктердің бастамалары әрі қарай дами алмады, өйткені феодалдық коғам жағдайында табиғатқа тәжірибе жасау және зерттеу жұмыстарын жүргізу діннен тайғандардың ісі деп саналып, зерттеушілер қатты қуғынға ұшыраған. Тек XV ғасырдан бастап капитализмнің, өнеркәсіптің, сауданың дамуымен қатар зоология да дами бастады.
XVІ - XVІІ ғасырларды жинақтау ғасыры деп атауға болады. Жануарлар, өсімдіктер әлемі туралы негізгі түсініктер қалыптаса бастады. Жануарлардың көптүрлілігі, олардың ішкі құрылысы туралы да шығармалар шыға бастады. Олардың авторлары швед ғалымы К. Геснер және француз ғалымдары Г. Ронделе, П. Белона.
Зоологияны дамытуда үлкен үлес қосқан голланд ғалымы Антон ван Левенгук (1632-1723) және ағылшын ғалымы Роберт Гук (1635-1703). А. Левенгук қарапайым құрылысты микроскоптарды жасап, тұңғыш рет бір клеткалы тірі жәндіктерді ашты, ал Р. Гук өсімдік тозағашының құрылысын зерттеп, оның клеткадан тұратынын анықтады. Р. Гук "Микрография немесе үлкейтетін шыны арқылы ұсақ денелілердің физиологиясын бейнелеу" (1665) деген еңбегінде тұңғыш рет "клетка" ұғымын қолданды.
XVІІІ ғасырда швед ғалымы Карл Линнейдің (1707-1778) жасаған системасын жұртшылық мойындады. Ол өзінің "Табиғат системасы" (Systema naturae, 1735) деген үлкен еңбегінде өсімдіктер мен жануарлардың негізгі ұқсастықтары мен айырмашылықтарына сүйене отырып, ең кіші бірлікті түр деп атап, ұқсас түрлерді - туысқа, туыстарды - отрядтарға, ал отрядтарды класқа біріктірді. К. Линней өсімдіктердің 7540 түрін зерттеп, оларды 24 класқа бөлді, ал жануарлардың 4200 түрін зерттеп, оларды 6 класқа бөлді: 1) Сүтқоректілер - Mammalіa; 2) Құстар - Aves; 3) Хайуандар - Amphіbіa - бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділер; 4) Балықтар - Pіsces; 5) Насекомдар - Іnsecta; 6) Құрттар - Vermes (бұл класқа моллюскалар және басқа да омыртқасыз жануарларды жатқызған).
К. Линнейдің өсімдіктер мен жануарлардың түр және туыс аттарын латын тілінде атауды ұсынуы ең негізгі бағалы жаңалығы болды. Мұны ғылымда қосарлы немесе бинарлық ("би" - екі) номенклатура деп атайды. Осы күнге дейін барлық елдің ғалымдары түрлерді қосарлы аттарымен атауды қолданып келеді. Мысалы, Cіmex lectularіus - төсек қандаласы, С. hіrundіnіs – құс қаңдаласы, Tabanus sabuletorum - құм сонасы, Т. subsabuletorum - тоғай сонасы, Т. brunneocallosus - тақыр сонасы, Т. bovіnus - өгіз сонасы. Түрлердің барлық особьтары үшін туыс аты ортақ болады. Мысалы, төсек және құс қандаласына Cіmex туыс аты ортақ. Ал соналарға Tabanus туыс аты ортақ. Туыс аты түр атының алдынан үлкен әріппен жазылады.
К. Линней ботаника тіліне өзгерістер енгізіп, ботаникалық тіл қорын жетілдірді. Ботаникадан еңбектері: "Ботаника негіздері", "Ботаника философиясы", "Өсімдіктер туыстары", "Өсімдіктер түрлері" т. б. К. Линней табиғат туралы метафизикалық түсініктерді толық қуаттап, түр өзгермейді жаратушы қанша түр жаратса, сонша түр тіршілік етеді деген үғымда болған.
XVІІІ ғасырдың аяғында және XІX ғасырдың басында органикалық дүние жөнінде эволюциялық көзқарастар тұрғысынан пікірлер айтыла басталды. Француз ғалымы Жорж Луи Бюффон (1707-1788) өзінің "Табиғат тарихы" (1749) деген еңбегінде үй жануарларының өзгеріске ұшырайтындығын дәлелдеген.
Эволюцияны қолдаушылардың бірі француз ғалымы Жан Батист Ламарк (1744-1829) болған. Ол өзінің "Зоология философиясы" (1809) деген еңбегінде, жер тарихының ұзақ жылдар бойында сыртқы ортаның әсерінен организмдердің үздіксіз өзгеріп отыратындығын көрсеткен.
Республикамыздағы паразитология мен гельминтологияның дамуына өздерінің үлестерін қосқан Галузо, Р. С. Шульц, Е. В. Гвоздев, К. Б. Сванбаев т. б.
Қазіргі кезде жануарлар дүниесін мынандай 23 типке бөледі: 1. Саркомастигофора типі - Sarcomastіgophora
2. Споралылар типі - Sporozoa
3. Книдоспоридиялар типі - Cnіdosporіdіa
4. Микроспоридиялар типі - Mіcrosporіdіa
5. Кірпікшелілер немесе Инфузориялар типі - Сіііорһога
6. Тақталылар типі - Placozoa
7. Губкалар типі - Spongіa
8. Ішекқуыстылар типі - Coelenterata
9. Ескектілер типі - Ctenophora
10. Жалпақ құрттар типі - Plathelmіnthes
11. Немертиналар типі - Nemertіnі
12. Жүмыр құрттар типі - Nemathelmіnthes
13. Скребнилер типі - Acanthocephales
14. Буылтық құрттар типі - Annelіda
15. Буынаяқтылар типі - Arthropoda
16. Онихофоралар типі - Опусһорһога
17. Моллюскалар немесе жұмсақ денелілер типі - Mollusca
18. Қармалауыштылар типі - Tentaculata
19. Тікентерілілер типі - Echіnodermata
20. Погонофоралар типі - Pogonophora
21. Қылтанжақтылар типі - Chaetognatha
22. Жартылай хордалылар типі - Hemіchordata
23. Хордалылар типі - Chordata