Бірінші бөлім (Роман) ТҰҢҒИЫҚта бірінші тарау кездесу



Pdf көрінісі
бет20/25
Дата23.07.2022
өлшемі1,94 Mb.
#37875
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25
ЕКІНШІ ТАРАУ
СƏБИДЕН СƏЛЕМДЕМЕ
1
Н...ның бір жақ шетінде, қаладан оғашырақ кірпіш заводы болушы еді.
Революциядан кейін бұл завод тоқтап, үйлері бұзылып, аңырайып кірпіш
күйдіретін орлар мен кетиген сарай қабырғалары қалған.
Қалада переворот боп, əкімшілікті ақтар мен алашорда алғаннан кейін,
атыста өлген совдепшілерді жəне соғыстан жазамен атылғандарды кірпіш
сарайдың ішіне үйіп, олардан белгі қалмау үшін денелерін өртеп жіберуге
ұйғарды.
Амантайды еліктердің де, тірілердің де арасынан іздеп таба алмаған


олар, оны қашып кетті деп жорыды. Тірі қалғандардың ішіндегі Асқар мен
Кузнецовты олар атуға қаулы қып, ол туралы жоғарғы жерлерінен сұраған
еді: «бастықтарын мұнда жіберіңдер, оларды мұнда тергейміз» деген жауап
алды.
Асқардың өлі-тірісін білмеген Ботагөз, босандым деп оранып-
шымқануға дəті шыдамай, жұрт көзінен ұрланып кірпіш сарайға барды.
Бұл переворот болғаннан үш күн соң еді. Сарай ішінде жүзден астам елік
жатыр екен. Өліктердің біреуінде де бүтін дене жоқ, бəрінің де қиянаттық
азаппен өлгендігіне денелерінде айқын таңба бар. Маңайда күзетші
көрінбейді. Ақтардың азабы аз дегендей, құзғын қарғалар мен иттер де
өліктерді басынып алған.
Ботагөз Амантайды да, Асқарды да өліктердің ішінен таба алмады.
Оның тапқаны Балтабек. Балтабектің ажалы – жарасы жазылды ма деген
жүрегін тағы сыздатты. Бірақ, амал қанша, оның зарын кім тыңдайды.
Өліктерді тағы да ақтарған ол бір адамның киім, дене жобасы Амантайға
келеді, бірақ, бет-пернесі бұзылған, «осы Амантай болар» деп жорыған
Ботагөз, көрші жігіттің біреуін жалдап, түнде ұрлатып алып, Балтабек пен
оны көмдірді.
Асқардан хабар-ошар болмай қайғының қара теңізіне тұншыққан
Ботагөз, бес-алты күннен кейін, мынадай хат алды:
«Білетін жолдастардың айтуына қарағанда Амантай нағашың оққа
ұшып өлген,– деп жазған еді Асқар,– бұл бізге үлкен қаза. Амантай
қазақтың еңбекші бұқарасының ішінен қайнап шыққан құрыш болат еді.
Оны жанымдай жақсы көруші едім. Ескерткіш болсын – баланың атын
Амантай қой. Сенен екінші өтінішім: мені қорғауға, ізденіп шығаруға
шамаң келмейді. Менің басым бəйгеге тігілді. Жау қақпаны аяққа мықтап
түсті. Алдымда не күн туғалы тұрғаны маған қараңғы. Не күтсе де бір
тəуекел! Оны келешек көрсетер. Ал, сен мені уайымдаймын деп баланы
жүдетпе. Бір баланы ептеп асырарсың! Баланы оңдап өсірсең, маған
көрсеткен жəрдемің сол. Кім біледі: егер ауыр азапты қалжыраған дене
көтере алмаса, артымызда нəсіл деген аты қалар!»
Баланың аты оған шейін қойылған жоқ еді. Асқардың тірі қалғанына
қуанған Ботагөз, бала туралы тапсырмасын орындап, атын Амантай қойды.


Жас баланы ғылым жолымен күтуді Ботагөз білетін еді. Өткен қыстың
басында Асқар Омбыға барып, Ботагөздің жүкті болғанын есіне алып, бала
тəрбиелеудің жолдарын үйрететін бірнеше кітаптар əкеп берген. Оларды
Ботагөз тегіс оқып шыққан.
Бала туып, Асқардың «баланы оңдап өсір» деген хатын алғаннан кейін
Ботагөз тұтқынға түскен серігін қайғыра отыра, баланың тəрбиесін де кітап
айтқан жолдан аудырған жоқ. Баланы жақсы өсіруге бас себептер күн, таза
ауа, таза киім, таза тамақ, таза орын. Бұлардың бəрінен де тарықпаған сəби
Амантай екі беті құндыздай құлпырып, балтыры бесіктей, дені сау боп өсті.
Қырқынан шыққан кезінде денесі екі-үш айлық баладай болды. Жас
баланы кескінінен айыру қиын, дегенмен, бет бітімі аумаған əкесі сияқты.
Асқар тұтқынға алынғаннан кейін, Ботагөзге жоғарыда айтылған бір
ғана хат бере алды. Оған Ботагөз жауап жазып, түрме күзетшісі арқылы
берейін деп іздеп еді, əлде неменеге күдіктеніп, ақтар ол күзетшінің өзін
қамап қойғаны мəлім болды. Содан кейін Асқармен қатынасы үзілді. Хат
былай тұрсын, ас та бергізбейді. Бірақ хаттаса, қатынаса алмағанмен, ас
бере алмағанмен, оның абақтыда жатуының өзі Ботагөзге медеу боп жүр
еді. Бір күні Асқар түрмеде жоқ деген хабар алды. Өлтіріп тастағаны, не бір
жаққа жібергені белгісіз болды. Ботагөз састы. Не істеуді, хабарын қалай
алуды білмеді. Совдеп құлағаннан кейін Ботагөз «өзімді де тұтқынға
алатын шығар» деп қауіптенген еді. Бірақ қауіптенгенмен қайда қашады?
Барар жер жоқ. Сондықтан ол, «тəуекел!– деп ойын бекітті,– ажалды да,
бейнетті де күтіп алайын!»
Ақтардың штабынан, алашордада күн сайын тұтқын адамдарын. күткен
Ботагөз, Асқардың абақтыдан жоғалған хабарын естіген соң шыдап отыра
алмады, «менің бұл қалада екенімді олар білмей отырған жоқ,– деп ойлады
ол,– енді бойтаса болуымның орны жоқ, тəуекел деп алашордаға барайын
да, Асқардың хал-жайын сұрайын, өлі я тірісін білейін! Азар болса өзімді
де ұстар. Қайтем, көнем! Амантайды көтеріп ала барайын. Олар да адам
баласы ғой, мүмкін аяр!»
Ботагөз баласын орап көтерді де алашорда комитетіне барды. Ол барса,
кеңседе: Мадияр, Алексей жəне Сарыбас отыр екен. Мадияр Ботагөзді
еркін танымайтын еді. Сондықтан Ботагөз кабинетіне кіргенде: «Бұл қай
келіншек!» дегендей, ол көз астымен қарады да, үндемеді. Ботагөзді
танитын Алексей мен Сарыбасқа бұл келу таңқаларлық көрініс болды.


– Я,– деді Сарыбас сызды күлкімен қарап,– жол болсын, сұлу келіншек!
Не деп сөз қатарын білмеген Алексей: «амансыз ба?» деп қолын
ұсынды, Ботагөз оның қолын алды.
– Сіз танисыз ба, бұл кісіні?–деді Сарыбас Мадиярға:
– Ж-ж-жоқ!
– Таныстырайын: Досанова Ботагөз! Қаталаспасам, солай болар, сұлу
келіншек?
– Сол-ла-ай-ммма?!.. Сөйлеңіз!–деді Мадияр.
– Жөнімді біліп отырсыз,– деді Ботагөз Мадиярға,– келген жұмысымды
айтайын. (Ол аз кідірді.)
– Сөйлеңіз дедім ғой.
– Асқар туралы еді.
– Асқар?.. А-а-а!.. Я, ия, оның несі туралы?
– Көруге мүмкіншілігі болар ма деп келіп ем.
– Мүмкін қасында тұрғыңыз келетін болар!–деді Сарыбас,– оған
ұлықсат əперуге болады.
– Көруге?–деді Мадияр, сүзіле қарап,– ха-ха!. Көруге! Болмас ол, жас
ханым.
– Коммунисті «ханым» дейсіз, сіз де қызықсыз-ау, ашуланса қайтесіз?–
деді Сарыбас.
Мадиярдың ойы қалжыңда емес, Ботагөздің өзін еркін ұстауында.
«Досың да, дұшпаның да ер болсын» деген мақалды дұрыс санайтын
Мадияр, жауының алдындағы Ботагөздің бұл қайратына іштей сүйсініп те
тұр.
– Көруге болмаса, дəм беруге ұлықсат етіңіз?– деді Ботагөз.


– Болмайды, ханым.
– Ең болмаса, мұнда бар я жоқ хабарын жəне қашан сотталатынын
айтыңыз!
– Он да не істемексіз? Адвокат жалдамақсыз ба?
– Құзғынбаевты жалдар!–деді Сарыбас,– айтпақшы, Құзғынбаев та
абақтыда екен ғой, Асқармен екеуі күнде ақылдасып жататын болар.
– Ие, ие, ол солай!–деді Мадияр, Сарыбастың сөзіне елегізе қараған
Ботагөзге,– біздің ауылда бір мақтаншақ айтатын еді «қасқырды керегінде
соғып ап, керексізінде өсірем» деп, сол айтқандай, Құзғынбаевты керегінде
асырадық та, керексізінде қамап қойдық. Жас келіншек, мен сені естігенім
болмаса, жүздескенім жоқ. Айтуда да солай еді, көзіме де солай көрініп тұр,
сіз сөзге түсінетін адам сияқтысыз. Сізді əурелемей қысқасын айтайын:
Асқар туралы сізге хабар бере алмаймын. Бұдан былай бұл мекемеге, бұл
мəселемен келмеңіз? Ұқтыңыз ба?
– Түсінікті!– деді Ботагөз, жалынуды ар санап жəне жалынудан өнер
ешнəрсе жоғын шамалап. Ботагөз шығып кетті. Кеңседегі үш адам оны
қадалған көзқараспен жөнелтіп қалды.
– Хаталық!– деді Мадияр, зілденіп,– сөз жоқ, хаталық! Хаталастық!
Əлгіні қамау керек еді.
– Бұған Алексей Андреевич не айтар екен?– деді Сарыбас.
– Орынды кекету!– деді Алексей,– қабылдаймын.
Алексейдің бұлай деуі: Н...да переворот болған күннің ертеңінде
жазалау экспедициясын бастап, Алексейдің қарындасы Лизаны алған
офицер Кабанов келді. Сол күні ақтардың штабында большевиктердің
қалдығын құрту туралы сөз боп, Сарыбас Ботагөзді абақтыға алуды
ұсынды. Бұл ұсынысқа Алексей, əуелде: «кеше ғана жас босанды, есін
жинасын, содан кейін көрерміз» деп отырып, Мадияр мен Сарыбас өз
сөздерін қуаттай берген соң, «солай-ақ болсын!» деп ризаласты. Бұл
мəжілісте Лиза да бар еді, «жас босанды» дегенге елегізген Лиза: «ол кім?»
деп сұрап еді, Алексей қарындасының есіне Ботагөздің онымен баяғыда
бірге оқығанын түсірді.


– А-а-а, білдім!–деп Ботагөзді көз алдына елестеткен Лиза, оны
абақтыға жабуға қарсы болды, өз көңілінде: «баяғыдан кейін көргем жоқ.
Қандай боп өсті екен? Көрейін, сөйлесейін. Мүмкін, біздің кісі боп кетер»
деп дəмеленді.
Өткір, өз ортасына ықпалды Лиза мəжілісте ұсынысын өткізді. Ертеңіне
ол Ботагөзді іздеп, пəтерінен тапты. Көптен көрмеген соң, Лизаның
кескінінен ол жаңылған екен. Сөйлесе келе таныған соң, Лиза оған оны
аяйтындығын, қатерден қорғағысы келетінін, большевиктерді жақтау
пікірінен қайтудың қажеттігін айтты. Ботагөз Лизаны бетке соқпады. «Есім
жоқ, жиналайын, ойланайын, бірер айға шейін маған ешбір ақыл
айтпауыңызды өтінем» деді. Лиза есек дəмелілеу боп қайтты, содан кейін
тағы бірер іздеп барып, пəтерінде жолықтыра алмады.
Алексейдің Сарыбасқа: «орынды кекету, қабылдаймын» деу себебі,
қарындасы Лизаның Ботагөзге қамқорлық жасауына жол бергенін есіне алу
еді.
Алексейдің көзі Ботагөзге бұл жолы бұрынғыдан да артық қадалды.
«Жақсы əйелдің бала – шешек атқан гүлі» дейтін еді,– деп ойлады Алексей,
Ботагөз шыға жөнелгенде, соңынан қадала қарап отырып,– бала туғаннан
кейін қандай сұлуланған өзі!.. Бұрын да сұлу əйел енді тіпті құлпырып
кетіпті! Өзіне үйленер ме еді?» деп қорытты Алексей ойын.
Сарыбас пен Мадиярдың ойы бір түйінде еді. «Бұл көзге шыққан
сүйел,– деп ойлады олар,– оны сылып тастау керек, баласын да, өзін де
құрту керек!»
Мадияр бұл ойын Алексейге сыпайылап айтып еді: толқыған көңілді
Алексей былқылмен: «көрерміз» дей салды да, өз ішінде, «оған жолығу
керек екен!» деп орнынан тұрып, тысқа шығып кетті.
– Көрдің бе, былқылдауын – деді Мадияр Сарыбасқа – осы офицердің
осы əйелде ойы бар.
– Ол бұрыннан мəлім мəселе.
– Ол ойы орындалмасын де! Көрерсің, Алексей алам десе осы келіншек
оған тиеді.


– Жоқ, тимейді.
– Жақсы көріп емес, залымдықпен тиеді. Мен кісі танысам, осы əйел
залым. Егер Алексейге тисе, оның ең зор мақсаты сені мен мені құрту.
– Оны істей алар ма екен?–деді Сарыбас үрейленіп.
– Істейді. Сондықтан бұдан құтылу керек.
– Қалай?
– Екі жол бар: біреуі – егер Алексей көнбесе, осы қалаға келіп жатқан
трибуналдың бастығына айту керек. Ұғындырсақ, трибунал сөз жоқ, ол
келіншекті жазалайды.
– Алексейді өшіктіріп алмасақ?
– Өшікпейді, тəйірі! Өшігетін ол оған ғашық деймісің. Жəй, көрсе
қызар, нəпсі құмар офицерлігінен елтіп жүргені емес пе.
– Екінші жолыңыз ше?
– Ұрыларды жалдап өлтірту!..
2
Үйіне беттеп келе жатқан Ботагөздің ойы: үстіндегі іске татыр
киімдерін сатып амалдап, Қызылжарға жету болды. «Қызылжарда завод та
көп, жұмыс та көп,– деп ойлады ол,– соның біреуіне орналасармын. Жақын
жерге барсам, Ержан да көз-құлақ болар».
Осы ойға табанын тіреген ол, аяғын жылдамырақ аттап, үйіне келсе,
есік алдында бір жат жігіт тарантас майлап жатыр екен.
– Есенсіз бе?–деді жігіт, Ботагөз қасына келгенде, бойын жазып.
– Танымайтын жігіт болғасын, Ботагөз тоқтап амандаспай, қасынан өтіп
кетті.
Үйден орап алып шыққаннан ұйықтаған Амантай əлі оянған жоқ еді.
Баланың тиыштығын қымбат санайтын Ботагөз: «оянып кете ме» деген


қорқынышпен аяғын ұшынан басып, демін ептеп алып, аспа бесікке баланы
ақырын салды. Үйдің таза ауасы мол болсын деп терезені ашты. Жел
улемесін деп есікті жапты. Содан кейін ауыз бөлмеге шығып еді, манағы
арба майлаған жігіт ауыз бөлмеде қолын сабындап жуып жатыр екен.
– Тағы да амандасайыншы,– деді жігіт Ботагөзге қарап,– денің сау ма?
– Шүкір,– деді Ботагөз, ішінен: «осынша қадала амандасқан бұл кім?»
деп ойлап.
– Құрбым, сен мені танымай тұрған шығарсын,. Танымайтын жөнің
бар. Сен мені бұдан бұрын көрген жоқсың. Мен мына Есіл өлкесінде
тұратын елдікімін. Ементай деген кісінің баласымын. Еліміз бұл арадан көп
жер. Бір жолаушыға атымды жалдап келіп ем, қасымда оқуға түсем бе деп
келген бір жігіт бар. Сенің кім екеніңді осы үйдегі кемпірден естідім.
Сөзден сөз шығып отырып айтты. Жəне қасымдағы жігіт те біледі екен.
Жаза баспасам, сен Асқардың əйелі болатын шығарсың?
– Болсақ болармыз,– деді Ботагөз күмілжіп:
Скамейкаға қолын сүртпестен отырып, Асқармен қалай таныс екендігін
жігіт түрегеп тұрған Ботагөзге баяндады. Кеңесіне қарағанда ол жігіт 16
жылы приемға ілігіп, майданға кеткен екен. Жолда, вагонда қатты ауырып,
Калуга қаласында жолдас жігіттерінен қалып қойып, больницаға түскен
екен, онда көп жатқан екен.
– Өлім халінде, кірпігім ғана қимылдап жатыр ем,– деді жігіт,– орысша
киінген бір жас қазақ жігіті көзіме ұшырай кеткенде денемдегі ауруым
серпіліп жүре бергендей болды. Жас жігіт менің қасыма келгенде жылайын
деп ем, күшім жоқтығынан ба, қуанғандықтан ба – көзімнен жас шықпай
қалды. Сол жігіт Асқар екен. Менің балнесте жатқанымды естіп əдейі іздеп
келіпті. Өзім бұрын орыстың «но» деген сөзін білмейтін, қала-қалаға аз
шыққан момын жігіт ем. Балнесте тілімді түсіндіре алмай сілем қатып еді.
Асқар келгеннен кейін тілді де түсіндім, ауруымнан да айыға бастадым.
Күнде келіп-кетіп, ол мені жазылғанша күтті. Маған көп ақша жұмсады.
Сонымен не керек, сауығып, зауытқа жұмысқа түсіп, жігіттер елге
қайтқанда мен де бірге қайттым. Асқардың халін естіп, ішім ашып отыр.
Əй, садағаң кетейін Асқар-ай, ондай бауырмал, ондай көпшіл жігіт дүниеде
сирек шығар! Нашарға етінен ет кесіп беретін жігіт еді. Жалғыз мен емес,


талай жылаған жігіттің көз жасын құрғатып еді, «көп тілеуі көл» деген,
сонда менімен бірге болған мың шамалы жігіттің қайсысы болса да
Асқардың жолына өзін құрбандыққа шалуға даяр. Түбі қайырлы болар.
Ешнəрсе етпес. Таныстырып қояйын, өз атым Асан.
– Қасымдағы жігіт кім дедіңіз?–деп сұрады Ботагөз, біраз үндемей
тұрып.
– Сағит.
– Пəмелиясы кім?
– Бектеміріп.
Осы кезде баланың дыбысы шыққасын Ботагөз төргі бөлмеге кіріп,
оянған Амантайды құрғатып, емізіп отыр еді, Асан төргі бөлмеге кірді де,
екі терезенің арасындағы орындыққа отырды.
– Кішкенеңнің бауы берік болсын!– деді жігіт,– «Ат ұстар» ма, «қырық
жеті» ме?
– «Ат ұстар».
– Бəр-рек-келді!
Асанның есіне «ат тұяғын тай басар» деген мақал түсіп, аузын жия
қойды. Ботагөздің көңіліне келер деп ойлады. Екінші – ол сөзге Асқарды
қимады.
«Жас балаға көз тиеді» деген қазақтың ырымын Ботагөз елемейтін еді.
Сондықтан ұйқысы қанып, тамаққа тойған баланы ол алақанына салып
секіртіп, біраз ойнатты.
«Тіпə-тіпə, тіл-аузым тасқа!– деді ішінен Асан.– Əкесінің аузынан түсіп
қалған екен, бақыр!»
Далада жұмысы боп түрегелген Асан, есікке бара берді де, теріс қарап
қалтасынан күмəжнигін алып, Ботагөзге Николайдың қағаз бір сомын
ұсынды.


– Балаңа көрімдік!–деді ол, беріп жатып,– күмісі құрғыр осы күні жоқ
қой, мынаны ырым қыл!
«Тəңір жарылғасын» айтып, бір сомды қалтасына салып, баланы орап
алып Асаннан аз кейін Ботагөз ауыз үйге шықса, қойдың семіз етін Салиха
табаққа салып жуып жатыр екен. Бұл үйге ондай ет көптен келген жоқ еді.
Ол кезде есік алдына ағытқан арбаның үстіне отырып, Асан қамытының
бірдемесін жөндеп жатыр еді, қасында Сағит.
Ботагөз Сағитты танымай, арбаның қасынан өте беріп еді:
– Асқардың əйелі осы кісі,– деген Асанның сыбыры құлағына естіліп
қалды.
Амандасқысы келген Сағит, Ботагөзге ұмтыла беріп, қуып жетіп
амандасуды ерсі көргендей тоқтады. «Сағит осы ма?» деген ой келді, оны
сезген Ботагөзге.
Н... қаласы «Бұқпа» деген бір кішкене таусымақтың ығына салынған
еді. Таусымақтың аты «Бұқпа» болуын əркім əр түрлі жориды. Біреулер:
бұқпантай, аласа тау болғандықтан қойған дейді. Ал енді, біреулер: осы
таудың басына «Бұқпа» деген батыр көмілген дейді. Бірақ қайсысы расын
ешкім білмейді. Таусымақтың оңтүстігін ала біткен, бергі жарынан арғы
жарына адамның көзі жетпейтін қаланың бір қабырғасын түгел ораған
дария шалқар көл бар. Көлдің аты «Бұқпа». Тау қаланын, күнбатыс
оңтүстігін қоршай, қалаға қорған сықылданып біткен.
Қаланың бұл таудың етегіне салынуын жұрт екі түрлі ертегі ғып
айтады: біреуі–«жаугершілік заманда, қазақ Россияға жаңа бағынған кезде,
қала салуға қорған сықылды тау екен деп, осы «Бұқпаға» əдейі салыпты».
Екінші – «Қазақ бағынғаннан кейін, өкімет əскері дуан саламын деп осы
жаққа шығыпты. Іздеген орны Көкшетау екен дейді. Көкшетауды іздеп келе
жатқан патша өкіметінің солдаттары жолда Көлбай, Жанбай деген
батырларға жолығыпты. Жөн сұраған солдаттарға Көкшетауды сілтеуге
батырлар қимай, Көкшетау осы деп «Бұқпаға» алып барыпты. Солдаттар
Көкшетау осы екен деп, Бұқпаға діңгек қағып, келесі жылы дуан түсіпті».
Бұқпантай кішкене тау болғанмен «Бұқпа» əдемі тау. Бір жағынан
қарағанда ол тау да емес, Өйткені тауға меншікті тас онда өте сирек


кездеседі. «Бұқпа» тауында тас жоқтың қасы. Оның тауы қорған
сықылданып біткен кəдімгі топырақты жер. Қорған таудың үстіңгі қыртысы
қалың қара топырақ. Сондықтан май мен сентябрь араларында жасыл
барқыт жабуы бар жиған жүк сықылданады да тұрады.
Таудың биігінде ара-тұра сайлар кездеседі. Оларда өскен шоқ-шоқ
қайың мен қарағай. Жазды күні сайрандағысы келген халық – тауға
өрмелеп шығып, сайлардағы ағаштардың ішіне сіңіп, шайын құйып,
қымызын сапырып, етін асып, гармонын ойнап, өлеңін айтып... деген
сықылды рахаттанады да жатады.
«Бұқпа» тауының солтүстік күнбатысын «Бұқпа» көлінің оңтүстік
күнбатысы сиыр мүйізденіп ораңқырап тұрады. Таудың көл жақ беті
жарқабақтау. Сол қабақтан арбалы ат жүре алатын жол түскен.
Асқар абақтыға түспей тұрып «Бұқпа» тауының үстінде сайрандауға
ара-тұра Ботагөз екеуі шығатын еді. Асқар қамалғасын, тауға баруды
қойған Ботагөз, Амантай қырқынан шығып қолға көтеруге жарағасын,
балаға таза ауа жұтқызу ниетімен тағы да шығатын болды. Сол дағдысымен
ол, есік алдындағы арба үстінде қамытын оңдап отырған Асанның қасынан
өткесін, тура тауға жөнеліп, төбесіне шықты.
Таудың үсті қаптаған кісі екен. Олардың қалың ортасына кіргісі
келмеген Ботагөз, көлдің қабағына тақалған жердегі бұрын Асқармен кеп
отыратын бір сандықша тасқа отырды. Көлдің тау жақ жиегінде сирек
өскен қамыс болатын еді. Осы қамыстың іші қайығының шынжырын судың
түбіне шөктіріп, бір орыннан қозғалмай қармақ салған адамдар екен.
Ондай қармақты Асқар мен Ботагөз де талай рет салған. Көлдің балығы
өте көп болатын. Ерінбей отырған кісі, таңертеңнен кешке шейін салған
қармағына іліккен балықты арбамен алып қайтатын.
Асқармен отыратын сандық тасты, Асқармен қармақ салатын көлді
көргенде есіне Асқар түскен Ботагөз, күн ол күні желсіз, бұлтсыз өте əдемі
болғанмен, ұзақ жүре алмады. Тауға шыға ойнаған Амантайды жаялығынан
босатып, құрғатып, күн көзіне ұстап, күлдіріп, аз отырды да, өткен күннің
еске түскен минуттары кеудесін сыздата бастағасын, баланы орап алып,
үйіне қайтты.
Ботагөз үйінің алдына келсе, арба үстінде «Сағит па?» деп


жорамалдаған жігіт қана отыр екен, Асан жоқ.
– Денің сау ма, Ботагөз?–деді жігіт арбадан түсіп, Ботагөзді қарсы алып.
Ботагөз «шүкір» дей қойған жоқ. Бірақ Сағит қарсы жүргесін тоқтады.
Мана ол Сағитқа көз тоқтатып қараған жоқ еді. Сағиттың кескінін ол енді
көрді: орта бойлы, жауырынды, денесі талдырмаш, жалпақ беттеу қара
бұжыр, шамасы 18–19 дағы жігіт екен.
– Мен Сағит деген жігіт болам,– деді Сағит Ботагөзге,– Асқардың
жақсылығын көп көріп ем. Сізді де бірер көрдім. Мен көргеннен өзгеріп
қапсыз. Əлгінде тани алмадым. Денің сау, аман жүрсің бе? Асқарды да
естідім. Ақыры қуаныш болсын! Қиын болған екен. Тумаңыз қайырлы
болсын!..
– Мен сізді білем,– деді Ботагөз.– Асқар сізді көп айтатын еді. «Зерен
бала еді» дейтін еді Асқар, «егер оқыса адам боп кететін бала еді, жетім
бейшара қайда жүр екен деп» соңғы кезде іздеп тауып алуға сұрау сала
бастаған еді, бірақ ол тілегіне жете алмай...
Одан əрі сөйлесе, көз жасы сөзбен жарысатын болғасын, Ботагөз сөзін
де, жасын да зорлықпен бөгеді.
Біраздан кейін қайғысын жадыратқан Ботагөз бен Сағит арбаға қатар
отырып, Асқар жайында біраз кеңестер сұрап, өз жайын да қысқаша айтты.
Оның сөзіне қарағанда 1912 жылы Асқар Итбаймен Петербург кеткенде
Сағит Кенжетай үйінде қалып, бірер ай тұрғаннан кейін əкеңнің жиені едім
деп біреу қамқорсып алып кетіпті. Ол адам келесі жазда Сағитты орыс
қаласында мал бағатын бір жатаққа жалдап, содан 1916 жылға дейін көбіне
қала арасында мал бағу, егін салу жұмысында жүріпті. 16 жылы Көкшетау,
Қызылжардың арасына шойын жол салу жұмысы басталғанда, бір жыл жер
қазуда болыпты. 1917 жылы Көкшетау елі, Жайылған деген болыста,
ауылдық мектепте мұнын, бір немере ағайыны мұғалім болып, сол мұғалім
Сағитты қасына алып 1917 жылдың күзінде сабақ оқытыпты. 18 жылдың
январында Н... қаласында мұғалімдер жиылысы боп, сонда Сағитты
оқытқан мұғалімді земства Асанның еліне жіберіпті. Мұғалім Сағитты сол
елге ала кетіп, қыстай оқу оқытып, қазір: «алдағы қыста Омбыда
мұғалімдік курс ашылады» деген хабармен Асанға еріп, Н...ға соны білу
үшін келген екен.


Сағит кеңесін аяқтағанда бір жақтан Асан да келді. Осы кезде үйден
Салиха шығып, қонақтарға ас піскендігін айтты.
– Үйде кездессең,– деді Асан, Ботагөзді дəмге шақырып,– мал басын
жейтін жолын, бар адам ең. Ретсіз жерде кез келдің,. Ол дүниеде болмаса,
бұл дүниеде Асқардың жақсылығын қайыра алмаймын. Аз дəмді көптей
көріп, бірге отырып же. Қай қазақтың əйелін асқа шақырып отырмыз.
Əркім не істесе өзі үшін істейді. Сені жұрт Асқардың əйелі деп сыйлайды.
Асан да, Сағит та құрақ ұшып, Ботагөзді жақын тартқанмен, «бөрі
арығын білгізбес» деген мақалды еске алып, Ботагөз күн көріс жағынан
сыр бермеп еді; ол айтпағанмен, оның жайын жолаушылар Салихадан
естіген екен.
Ертеңіне Сағитты алып еліне қайтуға ыңғайланған Асан, атын
жекпестен бұрын Ботагөзді оңаша шығарып сөйлесті.
– Жарықтығым!– деді ол,– тілеуім алдымдағы жас жігітпін! Ниетім ақ.
Ақ ниетіммен айтамын: «сыпайы сырын жасырмас» деп мынау жас балаңа
да, өзіңе де қиын боп тұр екен. Сен ұят, намысты қойып, мына біздің елге
жүр. Бай болмағанмен өзіме-өзім тоқ шаруалы жігітпін. Мінер ат, киер
киім, ішер ас бар. Өзге байлықтың керегі де жоқ. Үйде шешем бар. Басқа
жаным жоқ. Келіншегім биыл опат болды. «Кебін кигеннен түңіл, кебенек
кигеннен түңілме» деген. Тірі болса Асқар ертең-ақ босанар. Баласы мен
əйелін аман-есен қолына тигізсем, оған одан үлкен олжа болмас. Асқардың,
жақсылығын қалай қайтарам деп жүр ем. Құдай айдап əдейі кез келгендей
болдың. Бұл имандай сезім.
Асанның шын жүректен шыққан сөзіне Ботагөз сенді. Сондықтан
«пəлен-түген» деген бұрма, қалтарыс сездер айтуды орынсыз көрді.
О
сы кезде сырттан Сағит келді.
– Жасырын сөздерің жоқ па?– деді ол.
– Жоқ.
Ботагөзге айтқан сөздерін Асан Сағитқа да айтты.


– Дұрыс. Достық сөз, жан ашыған сөз, сені Асан кем ғып ұстамайды.
Жақсылығы тиген Асқардың əйелі сен түгіл, айдаладағы алты аласы, бес
бересі жоқ мен де мінезінің жақсылығынан Асанға үйір боп жүрмін. Маған
да жақсылығы тиіп жүр,– деді Сағит,– бұл арада бөтен кісі жоқ қой,– деді
ол, жан-жағына қарап алып,– əлгінде мен барып отырғанда Мадиярға бір
офицер келді. Осындағы ақтардың бастығы дейді. Соның сөз ыңғайы
жаман екен. Ботагөзге бұл арадан кетпесе болатын емес. Тегі осы арадан
тез аттанайық. Сөз түрлерін мен жаман көрдім.
Бұл «түрі жаман сөзді» Ботагөз жорамалдап, кескіні сұрланайын деді.
– Жұмысын, бітсе қайтайық,– деді Асан Сағитқа.
– Жұмыс бітті. Күзге қарай Омбыға оқуға баратын қағазымды алдым.
Ас ішейік те жүрейік. Сонымен бізбен бірге елге жүресің ғой, Ботагөз?..
– Қайдан білейін...
– «Қайдан білейінді» қой. Достық сөзді ұқ. Кемшілік көрсең, обал-
жазығың мына Асан мен менің мойнымда.
– Жарайды,– деді Ботагөз аз ойланып, жыламсырап.– Бармағанда не
істеймін. Салт басым, сабау қамшым болса Асқардың жолында өлер ем.
Мына бір кішкене болып...
Ботагөз бетін басып, өксіп-өксіп алды.
– Жылама,– деді Ботагөзге Асан мен Сағит қосынан,– бұған да
шүкіршілік ет. Көз қырын салар жан болмаса қайтер ең. Қазақтың «берсең
аларсың, ексең орарсың» деген мақалы бар. Асқардың жақсылығына
жақсылық көрсетуге басымызды беруге даярмыз. Жақсымен жолдас
болғанның жақсылығы осында.
Жолаушылар түскі астарын ішкеннен кейін ат жегіп жүргенде, Ботагөз
жылап отырып, Салихаға сырын айтып еді, Салиха мақұл да көрді, қуанып
та кетті. Салиханың қимағаны Амантай. Амантайға оның сүйіспендік
ықласы ете кеткен еді. Иісі сіңіп, үйреніп қалған нəрестеден айрылу есіне
түскенде – о да жылап, бірақ артқы халді ойлады да, шын ықласымен
батасын берді.


– Мені қайда деп ақтар сұрап келсе,– деді Ботагөз,– баласымен шығып
кетті, содан жоқ, қайда кеткенін білмеймін дерсіз, əнкей.
Кемпірмен жылап айрылысып, Ботагөз жолаушыларға еріп жүріп кетті.
– Мен сендерге бір ақыл айтайын,– деді Сағит, қаладан ұзап шығып, ат
шалдырған бір жерде,– Ботагөз, сен көңіліңе ауыр алма, Асан, сен де қарсы
болма.
– Айт!
– Мына Асанның ауылының қасында Байтөбет деген ақсақал бар. Мен
соның қолында тұрам. Коммунистерге өш. Егер Ботагөз Асқардың əйелі
екенін білсе, сөз жоқ, көрсетеді.
– Ол рас,– деді Асан,– білсе пəле.
– Бұл пəледен құтылатын жол оңай,– деді Сағит.
– Ботагөзді ол елде танитын адам жоқ. Сендер көңілдеріңе ауыр
алмаңдар. Асан, сен Ботагөзді жолдағы бір мойыны алыс жерден əйелдікке
алған болып бар. Ал, Ботагөз, сен тиген болып бар.
Бұл сөздерге Асан қызарыңқырап сасып қалды. Ботагөз кескінін бұзған
жоқ.
– Саспа!– деді Сағит,– несіне сасасың. Көңілдерін, адал болса сасатын
не бар? Мынадай қиын халде амал жоқ, соны істеу керек. Əйтпесе,
Ботагөзді біліп қалса, Ботагөзге де, саған да жаман болады. Жандарыңда
қастарың бар ма?
Біраз ойланып отырып, Ботагөз де, Асан да Сағиттың сөзін мақұл көрді.
Ботагөз бен Амантай кеткесін, үйреніп қалған Салиха үйіне сыймай
іңірде жылап терезе алдында отыр еді, саудыр-саудыр еткен қарулы
біреулер кіріп келді.
– Шам жақ!– деді біреу орысшалап.
Зəресі ұшқан Салиха, шамын тапқанмен сіріңке таппай сасып еді,


сіріңкені үйге кіргеннің өзі жақты.
– Асқар Досановтың қатыны қайда?–деп сұрады біреуі үй ішін көзімен
шолып.
– Нету.
– Қайда ол?
– Не знаем.
– Как не знаем? Знаешь!
Жай да, қысып та, қазақшылап та, орысшылап та, ноғайшылап та
сұрағанмен, Салиха: «мой дом дауна пошол, шара өтірім пошол. Бараншук
сам тащил. Потом не пришол!» дегеннен бір тайған жоқ.
Мадияр Салихаға шынын айтқыза алмай қажыды.
– Мұны ұрып болмайды,– деді Мадияр, əбден қалжырағансын,– бұған
жалғыз-ақ шара бар.
– Арестовайт!
3
– Апа, биенің бас сауыны болды ғой. Жамал екеуін, сауып
келсеңдерші!– деді төсегінен тұрып, киініп жатқан Асан.
Оның «Жамал» дегені – Ботагөз. «Ботагөздің кім екенін айтсам, жұртқа
жайылып кетіп масқара болмасын» деп ойлаған Асан, өзге түгіл өзінін,
туған шешесіне де аты-жөнін айтпаған.
Асан Н... қаласынан қайтып үйіне кеп: «жолдағы бір елден алдым» деп,
Ботагөзді таныстырғанда, шешесі ішінен: «есік көргенді алма, бесік
көргенді ал» деген еді деп ренжіді. Жақын абысындарына бұл сырын
бастапқы кезде ол ішкірнелеп айтты да:
– Өлген келінім жақсы еді,– деді ол, көзіне жас ап, абысындарына,–
біреудің əлпештеген баласы еді. 16 жасында қолыма келді. Туған қызымнан


кем болған жоқ. Бейшара жастай өліп кетті. Ал, Асан мына бір шүйке
басты əкелді. «Түсі игіден түңілме» деген сөз бар еді, түсі жаман емес.
Бірақ «есік көрген адам», не боп шығарын кім білсін. Талай жерде жақсы
қыз бар еді, олар беретін де еді, баланың не білгенін қайдан білейін!..
«Есік көргенді алма» деген мақалдан Масаты шошынғанмен, іле ол
ойынан қайтты. Ботагөз жатып жастық, иіліп төсек боп, іші-бауырына
кіріп, үйінің ішін де, ыдыс-аяғын да тап-тұйнақтай ғып ұстап, орамал-
дастарқанды,
көйлек-көншекті
кірлетпегеннен
кейін,
Масаты
абысындарына енді мынаны айтатын болды:
– «Ат мінсе ауынан» деген еді. Тіл аузым тасқа! Келінім көңілімнен
шықты. Жүре бұзылмаса, əзірге ұнайды. Мінезі жақсы болғанмен, өлген
келінім салақтау еді. Ал, мынау Жамал келгелі үй ішім бір түрлі таза боп
кетті. Асқа да, үй ұстауға да өте бап кісі. Тегі бір үлкен орынға келін боп
түскен адам-ау деймін. Əркім қылығынан жағады: сол шіркіннің ана бір
нəрестесін ішімнен шықпаса да, əлдекімнің баласы болса да жақсы көріп
барам. Баласы алтын асықтай, бүлдіршіндей əп-əдемі. Ал, Асанжанның
ықыласы келінге құлап болған. Жақсы көргендігінен бе, немене? Кейде
атын атамай, Ботагөз дейді. Ол не дегені екенін білмеймін!
– Көзі ботадай қап-қара боп мөлдіреп тұрғасын айтады да,– деді
абысындары күліп,– жақсы көрген жастар бірін-бірі не демейді?..
Ботагөзді осындай жақсы көретін Масаты:
– Қалқам, биені езін, саудырып келсең қайтеді?– деді киініп жатқан
Асанға,– баланың оянатын уақыты болды, жылап қалар.
Асан тез киініп, беті-қолын сумен шайып, көнек көтерген Ботагөз биеге
жөнелді.
Асанда бие екеу еді. Бірақ екеуі де емшектері бір тұтам, лашық үйдей
денелі, құнарлы биелер. Екі құлынға қаққан қысқа желі – ауылдың қасынан
екі жүз саржандай жерден жүретін қара жолға жақын.
Асан мен Ботагөз желі басына жеткенде, аржағында жақын тұрған
сайдан пар жеккен бес-алты арбалы шыға келді. Жүрістері қатты.
Не айт, не той, не жаназа, не болмаса тағы бір сондай жиылыс болмаса,


мұнша тобыр арбалы адам бұл арада жүрмейтін. Ал құлағы түрік Асан
ондай жиын бар деп естіген жоқ та.
– Мыналар кім болды екен?– деді Асан Ботагөзге,– биені олар кеткесін
сауайық. Желге жақындап қалды ғой.
Қатты желіспен келе жатқан арбалардың алды желі басында кісі
көрінгесін аттарын тежеп, саябырлап кеп, желі тұсына тоқтады. Барлық
арбаға мінгендер де шаһарша ки-інген: үстерінде пальто, бастарында
қалпақ.
– Мадияр!– деп сыбыр ете түсті Ботагөз Асанға, бетін арбалыларға бір
қырындата беріп.
– Оның кім?– деді ақырын Асан.
– Кейін айтармын.
– Əй жігіт!– деді осы кезде Мадияр Асанға.– Бері келіп кетші!
Асан қасына барып сəлем берді.
– Сауар көбейсін!– деді Мадияр Асанға,– бұл қай ауыл?
– Құттыбай ауылы.
– Анау терінде екі ақ үй бар қай ауыл?
– Байтөбет ауылы.
– Ə, Байтөбет ауылы сол ма? Кəне, жүр онда!– деді Мадияр атшысына.
– Таныспадық?– деді Асан жөнін білгісі кеп.
– Жолаушымыз.
– «Жолаушылар» жүріп кетті. «Жөнін айтпағаны қалай?» деп ішінен
ренжіген Асан, Ботагөздің қасына кеп:
– Əлгі кім?– деп сұрады.


– Мадияр деген кісі. Əнеугі мен тұрған қаладағы алашорда комитетінің
бастығы.
– Мұнша адам қайда барады?
– Биені сауғасын айтайын. Сауын етіп барады. Қайда бара жатқанын
мен білдім.
– Жарайды.
– Желі басына отыра тұрайық,– деді Ботагөз Асанға, биені сауып
болғасын,– мен əлгі кеңесті айтайын. Сағит бұдан бес-алты күн бұрын
«Жас азамат» газетінен мынадай хабар айтқан еді: Семейде алашорданың
əскері жасалған. Ондай əскер Торғайда, Қостанайда, Оралда жасалған. Енді
осы маңайдан да əскер алмақ боп алашорда адамдары келеді деген. Бұлар
соған келе жатыр деп ойлаймын.
Былай пысықтығы болмаса, Асан саясаттан қараңғы жігіт еді.
– Олар солдатты кім үшін алады?– деп сұрады ол Ботагөзден.
– Өздері үшін алады.
– Жоға, кіммен соғысу үшін?– дегенім ғой.
– Совет өкіметімен, большевиктермен соғысу үшін.
– Ел оның солдат алам дегеніне бере қоя ма?
– Қайдан білейін. Берсе беріп те салар.
– Ай, бермес, соғысқа кім құмар дейсің? Бермеймін десе не қылады?
Асанның солдатқа баруға қарсы ойын білген Ботагөз моментпен
пайдаланып, Асанды алашордаға қарсы үгіттегісі келді.
– Солдат алғанмен алашорда қанша ұзаққа барар дейсің?–деді Ботагөз.–
Ұзаққа бармайтыны –бұлар ел ішінен байларды ғана жақтайды. Өткен
жылы Орынборда болатын съезге, Қызылжар, Омбыда болатын съезге ылғи
шонжарлар барған жоқ па?


– Съезге шонжарлар жүретін əдеті ғой. Кедей съезден не алады?
– Жоқ, олай емес, Совет өкіметі келсе, съезге шонжардан біреуді де
кіргізбейді, ылғи кедей ғана қатынасады.
– Кедей съезден не алады?
– Съезде кедейлер өкімет сайлайды. Ол өкімет кедейдің жоғын
жоқтайды.
– Жоқтағанда не береді?
– Жер, суға кедей ие болады. Кедейді жейтін байларды, болыстарды
Совет өкіметі кедейге жығып береді.


– Алашорда ұзаққа бармайтынын қайдан білесін?
– Оны мен əулиелікпен біліп отырғам жоқ. Алашорда азғана байды
жақтайды. Кедейге олардан жақсылық жоқ! Халықтың көпшілігі кедей.
Сонда көп жеңе ме, аз жеңе ме?
– «Көп қорқытады» деген мақал бар. Көп жеңуін жеңеді ғой. Бірақ
мыналар мылтықпен жеңбесе.
– Кедейде мылтық жоқ па?
– Қайда, ол мылтық?
– Ол мылтық Совет өкіметінің, Совет əскерінің қолында.
– Олар қайда?
– Ресейдің көп жері Совет өкіметінің қарауында. Олар соғысып, жеңіп,
бері қарай келе жатыр.
– Мыналардың қызылдарды қырып тастадық, советті құртып жібердік
дейтіні қайда?
– Өтірік айтады! Дұшпан солай демей не деуші еді?
– Əй, Ботагөз,– деді Асан серпіліп,– оқымаған да бір, соқыр да бір. Біз
түк білмейміз. Сен əйел де болсаң оқығаның бар адамсың. Мына
алашордаға сен Асқарды ұстады деп те өшігетін шығарсың. Ол өз алдына
тұра тұрсын, өшігетін жолың бар, бірақ сен оны қоя тұрып, маған
шыныңды айтшы: Совет өкіметі құрып кетпеуі анық қой?
– Анық!
– Совет жеңіп келе жатқаны рас па? Өз шыныңды айтшы! Мадиярға
өшіккендіктен айтпа!
– Не деп қарған дейсің?
– Қарғанбай-ақ қой. Сенем. Егер бұл сөзің, рас болса, жұрттың солдат
беретін не ақысы бар?


– Бермеу керек, бергізбеу керек. Көп «бармаймын» деп отырып алса,
түк те қылмайды. Болыстар, байлар береміз дейді. Бірақ орда съезінде
«солдатқа баратын жігіт орнына кісі жалдап жіберуге ерікті» деп қаулы
қылған.
– Ойбай-ау, ол баяғы прием жылында болған жұмыс қой. Ол байларға
қолайлы қаулы. Байлар баласын алып қалады да, орнына кісі жалдап
жібереді. Жалданатын кедей. Жоқ, оған кедей көне қоймас! Ана жылы
кедейдің аузы күйген. Енді кедейді алдай алмас!
– Үйде отырып күйінгенмен болмайды,– деді Ботагөз Асанның бетін,
ішкі сырын көргесін,– алдын ала қимылдап, жігіт бермеуге тырысу керек.
Ол үшін жігіттердің арасына сөз жүгірту керек.
– Ол оп-оңай. Осы елден приемға ілігіп акопқа барып қайтқан жігіттен
бұған бір жігіт те көнбейді. Көндірмеудің міндетін мен өзім-ақ алам. Басын
бастап берсең, ар жағын ел ішінің өзі де таратып əкетеді.
– Асан, сен бұған ыстықтай сұғынба!– деді Ботагөз.– Егер солдат берме
деп ашық атқа мінсең сені Совет өкіметін жақтады деп алашорда
жаптырып тастайды.
– «Жаптырады» деп өлімге айдағанына бара береміз бе?
– Солдатқа кісі бермейік деген хабарды астыртын тарату керек. Бұл
жұрттың қышыған жеріне тиетін сөз. Тез тарайды. Жəне солдат бермейді
де.
– Оның да рас екен.
4
Байтөбет аулында солдат алу туралы болған алашорда адамдарының
жиылысына 22 болыстың халқы қатысты. Жырақ жерден келгендердің
көпшілігі би, болыс, ауылнай, ақсақал, атқа мінер, жабайы халқы
қатынасқан – жақын болыстар ғана. Бірақ бұл жабайы халық шақырумен
келген жоқ. «Солдат алады» деген хабар естіген соң өздері келді.
Алашорданың атап шақырғандары – беделді ақсақалдар, би, болыстар ғана
еді.


Омбыдан жəне Н... қаласынан келген алашорда оқығандары жиырма
шақты адам. Мойны алыс жердегі болыстардан келген би, болыс,
ақсақалдар үш жүздей адам.
Міне, осы үш жүз жиырмадай адамды сый қонаққа есептеп, аулының
үстінде жиылыс болған Байтөбет, өзге байлардан жалғыз-ақ көмек сұрады.
Ол – тігетін ақ үй.
– Өзге расходын өзім көтерем,– деді Байтөбет,– əруақ шақырып,
атымды атап келгесін, азар болса бір базардан алатын пайдам кетер, бір
жылғы төлім кетер.
Маңайдағы байлар он бес шақты ақ үй тігіп бергеннен кейін Байтөбет
айтқан сертіне жетті. Ас-су былай тұрсын, қонаққа тігілген он бес шақты
үйдің ішіне керекті төсенішті де ол өзінен жеткізді.
Асқа екі үй арналған еді: біреуі – ас пісіретін үй, біреуі – пісірген асты
сақтайтын үй. Ас пісіретін үйде ошақтан қазан күні-түні түспейді. Ас
сақтайтын үйде қант пен бауырсақ қапшық-қапшық боп үйіліп жатты.
Күнінде екі мезгіл беретін еттің бір мезгілі суып ши үстінде даяр тұрады.
Қонаққа беретін етке Байтөбет күніне бір ту бие, бір тайдан жықты да
отырды.
Байтөбеттің бұл мырзалығына жұрт қайран қалды.
– Дастарқаны кеңиін деген екен!– десті біреулер.
– Сауданың пайдасынан түскен ақша үйіңе қапшықтап кіріп жатса, сен
де мырза боларсың!– десті біреулер.
Оқушыларға Байтөбетті қысқаша таныстыра кетейік: бұл сол елдегі
аталықтың біреуі. Əкесі Майлы үш ағайынды, үшеуі де момын, бірақ мол
дəулетті адам екен дейді. Майлы би болған. Бірақ «əділ» болған. Ұрлыққа
қатты тыю салған. Ұрының қолын кестірген. Намаз оқымағанға дүре
салдырған. Дінді қатты ұстаған. Ақырында хажыға кетіп, Меке жолында
өлген. Байтөбет үш əкенің ортасында тел боп жалғыз өскен адам. Бұдан
басқа еркек кіндікті баланы Майлы да, өзге аға-інілері де көрмеген.
Байтөбет 18 жасында əкесімен билікке таласып, əкесі Мекеге кетерде
тартып алыпты. Содан өкпелі кеткен əкесі мақұлдығын бермей өлді деген
сөз бар.


Мекеге Байтөбет те барды. Ол бір емес, үш барды. Сүйте тұра, жұрт
оны «орыс хажы» дейді. Олай дейтіні: намаз оқымайды. Ораза ұстамайды.
Дəрет алмайды. Ескі молда, ишанға қарсы. Оның жақтайтыны – жəдит. Бұл
елден үйіне ең алғаш жəдит мұғалімін жалдаған осы Байтөбет.
Байтөбеттің өзінде оқу жоқ. Бар оқуы – жас кезінде ескі молдадан
білген намаздық. Бірақ ол, зиректігімен қазақшаны да, орысшаны да өз
бетімен біліп алған. Екі тілде де жаза, оқи біледі. Осындай зиректігі
арқасында жəне пысықтығы арқасында ол қала-далаға көп шығып, көп
жерді, көп елді көрген. Көп адаммен таныс болған. Талай оқығандармен де
танысқан. Соның біреуі – Мадияр.
– Əттең оқымай қор болған адам,– дейтін Мадияр, Байтөбет туралы,–
егер Францияда туса Наполеон болатын-ақ кісі.
Ойға-қырға көп жүріп салақ қарағандықтан, соңғы кезде төмендеген
шаруасын Байтөбет революциядан кейін алыпсатарлықпен көтеріп алды.
Оның революциядан кейінгі кəсібі: ел атынан өтірік «проговор» жасап,
кооперация ашқан боп, товар алып, сонымен сауда қылу. Осы сауда екі
жылдың ішінде оның шаруасын бір болыстағы байлардың маңдай алдына
шығарды.
Байтөбеттің саяси көзқарасы бар. Оның жақтайтыны – алашорда.
Алашорданың
уездік,
облыстық
съездеріне
ол
тегіс
қатынасты.
Орынбордағы барлық алашорда жиылысының, бəрінде де болды. Алаш
азаматтары оны таниды. Мадиярдың оны іздеп кеп түскен себебі осы.
Алаш азаматтарын Байтөбет төбесінен тік тұрып күтті.
– Ел тырп етпейді,– деп сендірді ол қонақтарын,– сұраған жігіттеріңізді
сөз жоқ бергіземіз!
Алашорда адамдарына Байтөбет бұлай уəде бергенмен, ірге тыңдап
жүргендердің ара-тұра оңаша шығып кетіп сөйлеген сөздері одан басқа
болды.
– Байтөбеттің сөзі не бола қойсын!– десті ірге тыңдағандар өзара
кеңескенде,– 16 жылы солдатқа жігіт беріңдер деп басшы болып, түбімізге
бір жеткен. Ендігі қалжағына көнбеспіз. Берсін, өзінің, анау инеліктей
қатқан оқудағы жалғыз баласын!


Қонақтарын күтуге Байтөбет сол елдегі епті жігіттердің бəрін жинаған
еді. Ішінде Асан да бар.
Қонақтарға шай, қымыз беріп, табақ тартысып, жер-ошақ маңында
болып, жүгіріп жүріп қызмет еткен Асан ара-тұра ірге тыңдаушылардың да
сөзіне қатынасып қойды.
Ол қатынасып қана қойған жоқ, сөйлескен адамын қайрады.
– «Азғын елдің түбіне тақсыр жетер» дегендей,– деді ол
сөйлескендеріне,– «тақсыр-тақсыр» деп болдық қой. Тоғытқан қойдай
соғысқа айдап апарып, кедейдің балаларын оқығандар мен байлар ана
жылы бір қырған. Со да жетер. Солдат бергісі келсе байлар мен болыстар
өз балаларын берсін. Олар да солдаттың дəмін татып көрсін, қалай болар
екен. Ал, кедей атаулы бір жігіт бермеу керек, білгенін қылсын! Не қылады
дейсің? Түк те қылмайды.
«Түк те қылмайдының» артынан Асан кеңестеріне: «осылардың арты
бос көрінеді» деп те қойды.
– Оны қайдан естідің?– дегендерге:
– Өздері айтып отыр. Күбірлеріне құлақ түріп жүрмін. Өздерінде зəре
жоқ. «Тəйт!» десе үркейін деп үрейленіп отыр. Сөз түрлеріне қарағанда,
қызылдар жақын жүр ме деп ойлаймын.
Даладағы жұрттың арасында «солдат бермейміз!» деген сөзден
Мадиярдың хабары болған жоқ. Болысқа, атқа мінерлерге сеніп қалған
олар, елдің тұтқасы қолымызда деген сеніммен, керекті жұрт жиналғанша
жата берді. Байтөбеттің тамағына да, сөзіне де тойды. Байтөбет сөзін ел екі
қылады деген ой олардың басына кірген жоқ.
Жиылыс ашылған күні, күн əрі жел, əрі аздап сіркіреген жауын еді. Күн
ашылуына қараса: бұлт түрінен бір жұмаға созылатын ақ жауын болатын
белгісі бар. Сондықтан Мадияр жиылысты ашып, салқын ауаға бүріскен
жұртты өзінің ық жағына отырғызып, бір сағатқа жақын сөз сөйледі.
Оның сөзін жұрт онша құлақ қойып тыңдаған жоқ. Ең алдымен
алашорда сенген байлар мен беделді ақсақалдардың өздерін шала тыңдады.
Олардың шала тыңдауы солдата қарсылықтан емес, «сөйлесін, сөйлемесін,


əйтеуір берілетін солдат қой» дегендіктен еді.
Мадиярдан кейін оның серіктерінен бес-алты жігіт сөйледі.
– Кəне, не айтасыңдар, халық?– деді Мадияр, бұйығып отырған жұртқа.
– Не айтамыз?– деді алдыңғы қатарда отырған болыстар, ақсақалдар,–
ел боламыз деп жатқан азамат болса, «ел» деген елі біз болсақ, сұраған
салдатыңды береміз.
– Осыдан басқа сөз жоқ па?– деп Мадияр масаттанған кескінмен жан-
жағына қарап тұр еді.
– Менде сөз бар,– деді бір жігіт түрегеп.
– Сөйле!– деді Мадияр.
– Сөйлесем – сөз қысқа. Салдатқа бармаймыз!
– Неге?–деді Мадияр қабақ түйіп.
– Біз бір рет барғамыз – сол жетер!
– Қашан?–деді Мадияр тесіле қарап.
– 16 жылы?
– Ол патша заманы. Онда бармаймын деуін, жол. Ал мынау солдатқа
барсаң – өз еліңді қорғайсың.
– Кімнен?
– Балшабектерден.
– Олар кім?
Мадияр жамандай түсіндірген болды.
– Егер менің басымда еркім болса,– деді жігіт,– мен салдатқа
бармаймын. Өзге жұрт өзі біледі.


– Мынау не оттап тұр, бірліктен шығып, бармасаң сен бармайсың, өзге
барады!– деп болыстар, ақсақалдар жігітке дүрсе қоя бергенде...
– Баратын кім?– деп көпшілік араның ұясындай ду ете түсті.
«Мен бармаймын!» деп айтуын айтқанмен, «өзге айта ма, жоқ па?» деп
сасқан жігіт, көпшілік ду ете түскенде, қуанып кетті.
У-шу, азан-қазан дауыстан алашорда оқығандарының басы қатты.
Айқайлап та, қолдарын көтеріп те шуды олар тоқтата алмады.
– Бізде осыдан басқа сез жоқ!– деп көпшілік орнынан ду түрегеп,
аттарына міне-міне тартты. Сол шауып кетіп бара жатқан бір топтың ішінде
Асан да бар еді.
– Жігіт екесіңдер!– деді ол, қасындағыларға,– айтқан жерден
шықтыңдар!
– Е, шықпағанда қалай?–десті жігіттер,– сенін, көңіліңе сыйғандықтан
емес, əркім қара басы үшін. Ана жылы байлар бізді бір сатқан. Енді неге
сатылайық.
«Көнбегеніміз жақсы болды!» деген дабырмен топ жігіт қиқу салып,
далақтап жарысып кете барды.
Жиылыс ашардың алдында халықтың көптігіне Мадиярдың көзі
сүрінген еді. Оған ол қуанған еді.
«Солдат бермейміз» деген шудан кейін топтың кейінгі жағы сөгіле,
дүркірей жөнелгенде, даладағы адамның қимылы – сапырылған толқындай
боп кетті. Бірақ аздан кейін басылып, жиылыс орны суы сарқылған теңіздің
арнасындай үңірейді де қалды. Жиылыс орнында қалған азғана болыс,
ауылнай, ақсақалдар – сарқылған теңіз арасының шұқанағында қалған
азғана сасық су сықылданды.
– Ел адамы деген аттарын, бар!–деді оларға кескіні өрт сөндіргендей
күп-күрең болған Мадияр,– біз сендерге сеніп келдік. Тоқтатыңдар, анау
қара қарғадай шулаған берекесіз елдеріңді!
Болыстар, билер, ақсақалдар бұл сөзден ұялып, тұс-тұсқа аттана шауып


еді, ешкімді қайырып ала алған жоқ.
Сол шабысқа Мадиярдың өзі де араласып:
– Уа, алашым, елім, мендік бір азамат жоқпысың, бар болсаң қайт!– деп
топқа араласып біраз далақтап еді, уысына бір жан түспей, сынаптай
сытылды да кетті. Мадияр да, басқа алаш адамдары да, болыс, билер,
ақсақалдар да жиылыс орнына зорға қайтты.
– Өз басымыз даяр!– десті ұялған ақсақалдар.
– Сендердің бастарың құрысын!– деген ашулы сөз шығып кетті
Мадиярдың аузынан,– маған көптің басы керек!
– Көптің жайы анау!– десті ол сөзді көңіліне ауыр алған кейбір
болыстар.
Осы жиылысқа Н... қаласынан аттанарда Мадиярдың атына Орынборда
– Дутовтан, Аягөзде – Анненковтан телеграмма кеп, жігіт сұраған еді.
Мадияр олардың екеуіне де:
«Жігіт алуға елге шыққалы жатырмын, жақын арада екі полк
жөнелтем!» деп мықты сеніммен телеграмм соққан еді. Екеуінен де іле:
«Рахмет! Большевиктерді сіздің күшіңізбен жеңуге сенеміз!» деген
жауап телеграмма қайтқан еді.
Елге аттанғанда да, жиылыс ашыларда да жігіт алуына Мадиярдың
сенімі тастай еді. Өйткені, ол өзін халыққа тұтқамын, беделдімін, халық
сөзімнен шықпайды» деп есептейтін. Ол үміт Мадиярды алдады.
Жиылыс болған орынға қайтып, жан-жағына қарағанда үркердей ғана
болыс, билер көрінген соң, Мадияр өзін ел көшкенде жұртта қалған
күшіктей көрді.
5
Құттыбай ауылы мен Байтөбеттің арасы күзге қарай алыстап, екеуі
күзектейтін Есілдің тоғайлары он шақырымға жақын жер болатын еді.


Байтөбеттің бір əдеті: маңындағы ауылдардың шаруасы тəуір
адамдарынан жаз болса бір тоқтысын жеуді, қыс болса соғымнан сыбаға
жеуді өзіне парыздай көреді. Кімнен сыбағасын жегенің кімнен жемегенін
ол ұмытпайды. Сыбағам сақтаулы деген үйге ол ретін тауып бір түспей
қоймайды.
Реті келмей, биыл жаз Байтөбеттің сыбаға жей алмаған үйі – Асандікі
еді.
Сентябрьдің желкемдеу салқын бір түнінде, отты маздатып қойып, іңір
шайын ішіп отырған Асан мен үй ішінін, құлағына тарантас дауысы
естілді.
Бұл ауылға келген қонақтың көбі Асандікіне түсетін, сондықтан,
құлағын үйге жақындаған арбаның дыбысына тіккен Асан:
– Жамал,– деді Ботагөзге,– төр алдын жинастырып қойшы, тегі арбалы
біздікіне келер білем.
Төр алдында жатқан бірер жастық болмаса, өзге шашылған дүние аз еді.
Ботагөз орнынан түрегеп, жастықтарды жүктің үстіне жинаған кезде,
арбалы үйдің қасына кеп, сырттан:
– Асан, əу, Асан! Шығып кетші, үйде болсаң!– деген дауыс естілді.
– Байтөбеттің дауысы ғой,– деді Асан орнынан қозғалып, сыбырлап,–
шайды жиыңдар. Көптен біздің үйге қарап қасқырдай ұлып жүр еді, бір
жейін деген екен.
– Апа,– деді Асан түрегеп, денесін иіп, Масатының құлағына
сыбырлап,– сеңсең қызыл тоқтыны соямыз ба?
– Өзің біл!– деді Масаты.
Асан үйден шыға келсе, жолаушылардың жеккен пар аты есік
алдындағы бөшкелі арбаға бастарын тірей тұр екен. Арбадағылар түскен
жоқ.
– Салаумаликем!– деді Асан жақындап.


– Амансың ба? Мал-жан аман ба?
– Шүкір! Неге түспей тұрсыз, бай?
– Ұлықсат сұрайық дегеніміз ғой.
– Түсіңіз!
Арбада Байтөбеттің қасында отырғанның кім екенін Асан жерге
түскесін таныды. Байтөбеттің сауда-саттыққа алып жүретін Қосшыбай
деген пысық жігіті екен. Арбаның алдында божы ұстаған да біреу бар екен,
Асан оны таныған жоқ.
– Келін түскелі келмей, Масатыға ұятты едім,– деді Байтөбет,– сол
ұятымды аршиын деп келдім.
– Кешіккен жоқсыз ғой,– деді Асан қалжыңдап.
– «Тышқанға түк біткен сайын – қалтырауық» деген мақал бар еді. Сен
өзің байыған сайын сараңданайын деп жүрсің-ау деймін, бала.
– Неге олай дедіңіз?
– Елдің рəсімінде – жақсы ат сатып алса да ырымын жасаушы еді. Осы
келіннің тұсында сен неге сараңданып кеттің? Алғаныңды да білмей
қалдық. Сырт естуіміз – келіннің атағы жаман емес дейді ғой. Əлі келіннен
сазайыңды тартасың бала!..
Жастармен, əсіресе, келіндерімен қалжыңдасуды Байтөбет жақсы
көретін еді. «Ырым жасамадың» деген қалжың сөзді ол əдейі «келін»
естісін деп қаттырақ айтты.
– Сыбағаңыз даяр, бай,– деді Асан өзге дəлел таба алмай.
– Жоқ, бала, сен мені олай алдаймын деме. Менің бүгінгі ішетін дəмім –
жеңгемнен жылда жейтін сыбағам. Ал, сенін, тойын, өзіне басқа. Бір оқпен
екі қоянды түсірем деп ойлама, бала. Ол алдауыңа көнбеймін.
– Дұрыс. Төреңізге құлдық. Жүріңіз үйге.


Арбаның алдына мінген Сағит екен. Асанға о да амандасқаннан кейін:
– Сен атты ағытып кел, шырағым,– деді оған, үйге қарай аяңдаған
Байтөбет.
Əйел болсын, еркек болсын, жасы үлкен кісіге, егер елейтін адамы
болса, Байтөбеттің қолдасып амандасатын əдеті еді. Сол əдетінен ол
жаңылмай, «жеңгемнің қолын алайыншы» деп, Масатыға үйге кіре, əдейі
бұрылып қолдасты. Масатының айтуымен Ботагөз бұл кезде шымылдық
түсіріп, соның ішінде отыр еді.
– Келін аманбысың?–деді Байтөбет Масатыға амандасып болғасын,
шымылдық сыртынан Ботагөзге,– қонысың қайырлы болсын, жарқыным.
Асан, шымылдықты түріп қой. Ас істеп берсе, сыйлағаны сол. Масаты асқа
араласа алмас. Көріне бер, шырағым.
– Көрімдігіңіз!– деді Асан шымылдықты жиғалы жатып.
– Жол сөз. Жолаушы шығып баратын біреуге нəрсе беруді ырым көретін
ем. Көрімдігіне Масаты бір көйлек киер, мына жолдан қайтайын.
Түрілген шымылдықтан шыққан Ботагөз, бетін бір қырындап жүріп,
астың жабдығына кірісті. Асан далаға шығып кетіп, семізше келген
қырықпа қызыл тоқтыны алып кіріп, заматта сойып, бір қолы мен төсінен
басқа етін қазанға түгел салды. Дағдылы қонақтай жарты етін ғана салайын
деп еді, мешкей Байтөбет тоймас деп ойлады.
Ет піскенге шейінгі кеңесіне қарағанда Байтөбет бергі шеті
Қызылжарға, арғы шеті Омбыға барып қайтпақ екен, жұмысы кооперацияға
товар алу.
Ат ағытып кеп, босағаға таман отырған Сағиттан Асан жол сұрап еді,
ол: «Омбыда ашылатын мұғалімдер курсына баратын ем, аздап кешігіп
қалдым, апаратын кісі таба алмадым» дегенді айтты.
– Ə, білдім!–деді Асан,– əнеугі менімен қалаға барғанда, күз баратын
болдым деген оқуын, екен ғой?
– Ие, сол.


Сөз арасында Сағиттың кезі Ботагөзге түсіп қояды. Байтөбет ауылының
мұғаліміне келетін «Сарыарқа» газетінің жақындағы бір санында басылған
хабарға қарағанда, Асқар қазір Омбының түрмесінде. Осы хабарды
Ботагөздің білетін-білмейтіні Сағитқа мəлім емес. Бұл хабарды Ботагөзге
қалай жеткізем деп ойлап жүрген Сағитқа, өткен күні Байтөбет:
– Бала, сені Қызылжарға ала барайын, апар деп жүр ең,– деген соң,
Қызылжарға баруға қуанып, бірақ «Ботагөзге тілдеспей кетем бе?» деп
ренжіген еді.
Байтөбет ауылынан күн батардың алдында аттанғанды: «Бұлай неге кеш
аттанды» деп ойлаған Сағит Құттыбай ауылына жақындағанда:
– Асандікіне қонайық,– дегенді естіді.
«Ə, онда жолым болды!» деп қуанды.
Міне, көкірегіне берік сақтаған осы хабарды Сағит Ботагөзге ет
желініп, ұйқтауға жатқанша айтудың ретін бір келтіре алмай-ақ қойды.
Үй жабдығымен Ботагөз далаға кіріп-шығып жүргенде, Сағит та тысқа
шығып еді, амандасудан басқа сөз аузына түспеді. Оған: жан-жағындағы
барлық дүние соның аузын аңдығандай көрінді де тұрды.
Жолаушылар таңертең ат арқанынан жүреміз деген соң Ботагөз де, Асан
да ерте тұрып, қонақтардың ертеңгі тамағын əзірлеуге кірісті. Асан отын
ұсақтады. Ботагөз шелек алып, ауылға жақын жердегі Есілдің қара суына
суға кетті.
Ботагөз оянғанда Сағит та ояу жатыр еді, оған Байтөбет жатарда:
– Шырағым, атты ерте тұрып суар, күн көтеріле жүреміз, су ішкесін де
аздап оттап алсын,– деп тапсырған. Сағиттың ерте оянуына бір себеп осы
болса, екінші себеп: Ботагөздің ерте тұрарын біліп, қасындағылар ұйқтап
жатқанда, далаға шығып жолығу.
Ботагөз шелек алып тысқа шыққанын көріп жатқан Сағит, тез киіне
салып, іле далаға шығып еді, сайға түсіп барады екен. Бұл, күн əлі
шықпаған кез еді. Ауылдың естияр адамдары оянған. Біреу мал ергізіп,
біреу жұмысқа кетіп... деген сықылды, шаруа жабдығына еріп жүрген


халық.
Ботагөз кеткен жаққа Сағит аяғын тезірек басып жөнелді де қара судың
ойына түсті. Ол қара су жан-жағына қалын, бұйра тал ескен, айналасы
кесенің аясындай тік біткен жар, өзі терең шұқырда еді. Есіл тасығанда
арнасы толып қалған қара су, сол кемерінен ала жаздай бір елі төмен
түспейді. Көлемі кішкене болғанмен, түбі ете терең. Суында шортан
сықылды үлкен балық бар. Жұрт «бұл қара судың астында кезі бар» деп
аңыз қылады.
Қара судың суатына түсетін жолмен Сағит темен құлап, су жағасындағы
талдардың арасына кіре беріп еді, иығына салған иін ағашқа екі шелек
суды ілген Ботагөз алдынан қарсы шықты да, Сағитты көріп тоқтады.
– Мен сізді іздеп келе жатыр едім,– деді Сағит,– ана бір талдардың
арасына барып азғана кеңессек қайтеді?
– Оқасы жоқ.
Біреу тінтіп таппаса жан көрмейтін талдың бір қамау аралына барып
отырғаннан кейін, Сағит ең алдымен Ботагөзге:
– Сүйінші!– деді.
– Қалағаныңызды алыңыз!–деді Ботагөз жадырап, бір жақсылық хабар
күтіп.
– Қалауым: Амантайды жақсы ғып өсіресіз.
– Болады! Ие, айтыңыз, немене?
– Асқардан хабар естідім.
– Кімнен?–деді Ботагөз, кескіні құбылып, асығып.
– Кəзиттен. «Сарыарқа» кəзітінде жазыпты.
– Не деп?
– «Асқар Омбының түрмесінде» деп.


– Апыр-ай, рас па? Өз көзіңізбен оқыдыңыз ба?– деді Ботагөз, жылап
жіберіп.
– Рас. Өз көзіммен оқыдым. Неге жылайсыз?
– Өлтіріп тастады ма деп қорқып жүр ем,– деді Ботагөз жасы домалап,–
тірі хабарын естіген соң қуанғандығымнан жылаймын.
– Ə, онда дұрыс. Қуаныш құтты болсын!
– Айтсын!– деді Ботагөз жасын сүртіп,– жыламайыншы. Адам не
көрмейді? Тек, тірі болсын. Бірақ көңіл шіркін шыдамайды.
– Саған осы хабарды айтып қуантайын деп ем, бұл бір айтайын дегенім.
Екінші айта кетейін дегенім: егер Омбыда жатқаны рас болса, мен оған
қайткенде де хабарласып, сізге хат жазам. Асқар ағайдың жақсылығын
жетім кезімде көп көріп ем. Енді мен де адам болғандығымды көрсетіп,
қарлығаштай қанатыммен су сеуіп, əлім келгенше жəрдем көрсетейін.
– Мен бұған алғыстан басқа не айтам?– деді Ботагөз жадырап,– сізге
үлкен рахмет. Ал, енді, олай болса, мен сізге бір аманат тапсырам. Ол
аманат: Н... қаласында, əдейі Асқарға арнап Амантайды картішкеге түсіріп
ем, екеуміз бірге түсіп ек. Соның біреуін сізге берейін. Асқарға ретін тауып
табыс етіңіз. Бұл – бір. Екінші – бала кəзір пысыды. Алып жүруге жарайды.
Сіз маған Асқардың Омбыда жатқандығын анықтап хат жазсаңыз, мен
жаяуласам да жетем.
– Неге?– деді Сағит, тұрған үйінен кемдік көрді ме деген оймен.
– Тұрған жерімнен кемдік көргем жоқ,– деді Сағиттың ол ойын сезген
Ботагөз,– туғанымнан кем күтіп отырған жоқ. Асанның бұл жақсылығын
мен ешуақытта етей алам демеймін. Бірақ маған да, Асанға да қиын боп
барады: мен, тұрпайы сөзбен айтқанда, байсырап баратқам жоқ. Ал, Асан
əуелде елге мені «əйелім» деп əкелді де, енді үйленейін десе қисынын таба
алмайды. Жас жігітке бір жағынан əйелсіз отыру қиын болса, екінші
жағынан шаруа жабдығы бар. Оның үстіне: «бізді қапшыққа жасыра
алмайсың» деген орыста мақал бар. Мені бұл қаншалық жасырып ұстай
алады. Осының бəрі маған үлкен уайым боп жүр. Омбыға кетер едім
дейтінім сол.


Бұл сөздерге не жауап берерін білмеген Сағит, Ботагөзге телміре қарап
отыр еді, суат жақтан аттың дүбірі естілді.
– Қосшыбай ғой,– деді Сағит тал арасынан сығалап,– тұрған екен ғой.
Мені іздеген шығар. Кетейін.
– Сөз осы,– деді Ботагөз де түрегеп,– картішкені бір қаға берісте
қолыңызға ұстатармын. Енді сөйлесе алмаспын. Сізден хат күтем.
– Жарайды.
Сағит тал арасынан Ботагөзден бұрын шығып, қарасудың жарына
өрмелеп бара жатқанда, артынан бір атқа жайдақ мініп, бір атты жетектеген
Қосшыбай келді.
– Əй, сен қайдан келесін,?– деді ол Сағитқа.
– Бір, ішім ауырып...– деді Сағит қабағын тыржитқан боп.
– Етті асауын, сойқан еді.
– Ие, содан ба, басқадан ба?.. əйтеуір ішім ауырып...
– Ə, солай ма? Мен қайда жүр десем...– деп Қосшыбай желіп кетті де,
ауыл қасына атты тұсап Асандікіне тартты.
Қосшыбай Асандікіне жақындағанда, иығына шекпенін жамылып,
үйден Байтөбет шықты.
Жайшылықта намаз оқымайтын Байтөбет, бір жаққа жолаушы шығып,
сыпайы үйге түссе, сыпайылық көрсетіп, қолына құман ұстап, дəретпен
жүріп, намазға жығылатын еді. Сол əдетімен ол, үйден қолына құман ұстай
шықты. Оның жəне бір дағдысы – құманын біреу ұстап жүргенді жақсы
көреді. Сондықтан:
– Қосшыбай, мына құманды қолыңа ұстай қойшы! – деді ол, ұсынып.
Қосшыбай құманды ұстап, екеуі былай шығып, Байтөбет іш дəрет
алғаннан кейін, таза жерде сырт дəрет алып отырып:


– Ə, Қосшыбай,– деді.
– Əу
– Осы Асанның үйі қалай тап-тұйнақтай боп кеткен! Бұрын былықтау
еді.
– Ие, солай болған.
– Тегі, келіні оңды-ау деймін. Үй іші қандай таза! Келіні асқа да бапты
кісі екен. Пісірген асының дəмдісі-ай, шіркін!.. Еті де, наны да, шайы да бір
түрлі сүйкімді. Аумаған шəрлі жердің асы сықылды.
– Оның рас, бай...
– Қатындай алса да, мынау Асан бір маңдайлы неме екен.
– Оның рас, бай,– деді Қосшыбай аз ойланып,– енді саған мен бір
қайран қалған нəрсемді айтайын ба?
– Айт.
– Өткен қыс екеуміз қалаға бардық қой, анау бір ақ тас дүкеннен табар
алдық қой...
– Ие...
– Сонда, əлгі, бір қап қантты маған алып кел деп жібергенің есіңде бар
ма?
– Е, неге ұмытайын. Есімде.
– Сонда, сол қантты ала барсам: дүкенде бір мөлдіреген қазақтың сұлу
келіншегі тұр екен. Оңды əйел кісінің көзін тартпай қояма. Ажары оңды
болғасын, сөзі сыпайы болғасын, біреуден: «бұл кім?» деп сұрап ем, сол
қалада əлгі бір жігіт бар еді ғой...
– Кім?
– Əлгі...


– Кім оның?
– Əлгі... құрып қалғыр кім еді?.. Ана, əлгі, нені айтам... анау, кімді
айтам... анау, əлгі... өй, құрысын; қызылдарға жазылып жүрген!..
– Ол кім?
– Жазғытұры ұсталды ғой...
– Əлгі... Асқар Досанов деген бе?
– Сол, сол...
– Ие, ол не?
– Манағы дүкенде көрген сұлу келіншегім соның əйелі екен.
– Ие, қызылға жазылды демесе, оның өзінін, де аттығы оңды жігіт еді
ғой. Таңдап жүріп алған əйелі шығар.
– Құданың құдіреті,– деді Қосшыбай,– мен саған айтайын деп талай
оқтанып, айта алмай жүрмін бай. Осы Асан алған əйел, маған, аумаған, сол
қалада көрген келіншекке ұқсайды да тұрады.
– Қой!–деді Байтөбет нанбай.
– Құдай біледі, осы сол əйел.
– Келеді, келеді...– деді Байтөбет, аз ойланып,– алыстан əкелдім деген
сыбысы жаман еді. «Жолда жатқан не қылған арзан əйел?» деп өзім де
ойлап ем. Жобасы келеді.
– Ол бұған қалай тиді екен?
– Байы ұсталғасын, күнін көре алмайтын болғасын тиген шығар.
– Осыны тексертсек қайтеді?
– Қайдан?
– Қалаға барғасын, білетіндерден сұрасақ?..


– Қой, не қыласың?–деді Асанға көңілі қалмаған Байтөбет.– Жүре
берсін. Егер де сол екені рас болса, Асанға бір пəле болар.
– Онда қойдық.
Асан қонақтарын шайға шақырды. Түнде сойған тоқтының өкпе-
бауырын Ботагөз балтамен ұсатып, ақ ірімшік араластырып тəтті түшпəрə
пісірген еді. Тəтті түшпəрəні сүйсіне жеп, қаймақ құйған қою шайды
сораптап ішіп отырып, қонақтар көздерін бір қырын отырған Ботагөзден
айырмады. Қонақтардың көзқарасы бүгін басқа екенін Ботагөз сезді. Бірақ
неліктен олай екенін білмеді. Шайдан кейін Ботагөз далаға шығып, ат жегіп
жүрген Сағиттың қасынан өте беріп, ақ орамалға түйілген бір нəрсені
қолына ұстатып өтіп кетті. Орамалдың ішінде не барын жорамалдаған
Сағит, ішкі қалтасына салды. Ботагөз үйге кіргеннен кейін Сағит қалтасына
салған орамалды алып қараса – ішінде бір сурет жəне бір книжка жүр екен.
Сағит əуелі суретке қарап еді – түрегеп тұрған Ботагөз, Амантайды кеуде
тұсына ұстап тұрып түскен екен. Суреттің көлемі ашық хаттай болғанмен,
кеудеден жоғарғы жері ғана түскендік- тен, Ботагөздін, кескіні, баланын,
денесі үлкен шыққан. Денелі, семіз, шашы үкідей желкілдеген, əкесіне
тартқан ажарлы бала – əкем көрсе қуансын дегендей күлімдеп түсіпті.
«Екіншісі не екен?» деген оймен Сағит қараса – сырты қатырма қағазды
кішкене книжка. Сол жақ сыртында:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет