Бірінші кітап (роман – диалогия)



Pdf көрінісі
бет36/69
Дата28.03.2022
өлшемі2,11 Mb.
#28989
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   69
Байланысты:
Шерхан-Мұртаза - “Ай мен Айша”

КӨКАЛА ҮЙРЕК

Ұйқым келмеді.

Ұйықтайын  десем,  өзегім  талып  барады.  Өзек  деген  не?  Ішек-

қарын түсінікті. Қазір уілдеп, удай ашып жатқан да сол ішек – қарын.

Ал  адам  ағзасында  «өзек»  деген  мүше  жоқ.  Татар  мұғалім  əндерін

тыңдасаң екі сөзінің бірінде:

Сине уйлап сағынғанда

Узелелер узегем...

деп қиылады да тұрады.

«Ас  –  адамның  арқауы»,  –  дейді  қазақ.  Адам  ағзасында  «арқау»

деген  мүше  жоқ.  Рас,  өрмекте  арқау  бар.  Ауылдың  кемпірлері  өрмек

тоқығанда талай көргенмін. Арқау болмаса, алаша тоқылмайды.

Ендеше,  өзек  те  сол  арқау  сияқты  ұғым  болды  ғой.  Адамды  адам

етіп, екі аяғынан тұрғызып, бойын тік көтеріп тұрған сол арқау немесе

өзек, яғни - ас.

Қызылшаның құр өзін жей берсең, аузың көбіктеніп кетеді, кенеуі

аз. Қызылшаға жылқы семіреді, оның өзінде де сұлымен, жоңышқамен



қосып берсең. Құр қызылша жегізе берсең, тышқақ болады.

Кешкі  тамаққа  Айша  бізге  қасық  басындай  бір-бір  тілім  қызылша

беріп еді... енді, міне, түн ортасында – «үзелелəр узегем».

Біреу  тойып  секіреді,  біреу  тоңып  секіреді.  Менің  өзегімнің,

үзілгені аштықтан. Ал біздің ауылға əлдеқайдан мұғалім болып келген

көкшіл  көз,  дөңгелек  жүз,  қараторы  қыз  «үзіледі  өзегім»  десе,  оның

мəні басқа. О, ол басқа мəн.

Əскерден Əнуарбек келген. Маңдайының ырысы бес елі екен, қан

теңізін кешіп қайтып келді. Менің ағам Нохамен бірге кетіп еді. Ноха

жоқ, Əнуарбек бар. «Қырық жыл қырғын болса, ажалды өледі». Ажалы

жоқ – елге оралады. Оралды да əлгі татар қызына: «узелелəр узегем»

дегізді де қойды.

О, өйтіп үзілген өзектен айналып кетесің ғой. Құрбандығы боласың

ғой.


Ал мен бейбақ өзегімнің талып бара жатқаны бір шайнам нанның

жоқтығынан. Жүрегім айнып, құсқым келеді. Құсатын түк жоқ, асқазан

тақыр. Қаспағы да қалмаған сияқты. Ішімнен жылап ары жаттым, бері

жаттым.  Айша  –  ортада,  Құрмаш  пен  Батырхан  –  екі  бүйірінде.

Үшеуінде  –  бір  көрпе.  Басымды  көтеріп  қарасам,  олар  менен  гөрі

бақыттырақ: ұйықтап қалыпты.

Батырхан  арагідік,  анда-санда  көзін  аша  алмай,  енесінің  емшегін

іздеген  күшіктей  қыңсылайды.  Бірдеңе  деп  былдырлайды.  Түс  көріп

жатқан  шығар.  Аш  баланың  түсіне  не  кіруі  мүмкін?  Жарқ-жұрқ  етіп,

əлем-жəлем  болып,  қызыл-жасыл  жамылып  өте  шыққан  жаз  кіруі

мүмкін.  Қартаң  құлақ  пен  жауқазынның  тамырын  қазып  жеп,

бүлдірген  теріп,  қымыздық  пен  рауат  сорсақ  та  жақсы  еді  сол  жаз.

Шытыр аралас балық көздің дəні қандай тəтті еді..

Көрген түстей болып, алыстан арғымақ мінген аталар келіп, лезде

олар да кайтып кетіп еді.



Сол  көрініс  –  алданыш.  Көзіме  елестеп  біраз  жаттым.

«Қысылсаңдар  –  хабарласыңдар»  деген.  Əулие  тақілеттес  ақсақалды

аталар  алдамайтын  шығар.  Түр-тұрпатына  қарасаң  Жерұйықтан

шыққандай, келбеттері келісті. Ол елде ашаршылық жоқ сияқты, неге

сонда мені мінгестіре кетпеді деп жатырмын.

Терезеден Ай көрінді, ортасынан ауған ғой. Алыстағы Ай арғымақ

мінген алыстағы аталар сияқты: жүзі жылы, аяйды, бірақ жылуы жоқ.

Құр  аяныш  –  ауқат  емес.  Соны  білген  қазақ:  «Мың  сіз  –  бізден  –  бір

шыж-быж артық» деген. Шыж-быж еткізіп қуырдақ жер күн қайда!

Əй! Тоқта!

Тəпе-тəн  ойдан  басымды  көтеріп  алдым.  Ұйықтап  жатқандарға

қарадым. Оларды Ай əлдилей ме, ұйқылары тыныш. Дыбыс шығармай

киініп,  есіктің  ілгегін  сылдырлатпай  ашып  далаға  шықтым.  Ауыз

тамда жатқан қара сиыр «пыс - с» деді.

Далаға  шықсам  –  аяз.  Ақ  қоян  құлақшынымның  тамақ  бауын

байлап,  жүріп  бердім.  Аяғымның  астындағы  қар  мауыққан  мысықтай

баж-баж  етеді.  Осы  бажылды  естіп,  арғы  беттегі  Салбидің  саққұлақ

қабаған барағы əуп-əуп етті. Өткен жылы менің алақанымды ырситып,

ай таңба салып берген ит қой. Оныкі ит өмір. Ал мына қыстың аязды

түнінде  жападан-жалғыз  далбасалап  келе  жатқан  менің  өмірім  қай

өмір?

Аспан  ашық.  Қуарған  Ай.  Айнала  жымыңдасқан  жұлдыздар.



Неменесіне жетісіп жымыңдасады? Менің мына оспадарсыз жүрісіме

күле  ме?  Егер  аспандағы  жұлдыздар  жер  бетінен  кешіп  кеткен

жандардың рухтары екен: рас болса, онда олар мені қайта мүсіркемес

пе?  Өлген  адамдардың  жаны  жұлдыздарға  айналса,  олардың

ортасында  Мұртаза  да  бар  шығар.  Сонда  оныкі  қай  күліс?  Аруақ,

Құдай бар деген қайда? Əлде Мұртазаның аруағы əлсіз бе? А, бəлкім,

Мұртаза  аруаққа  айналмаған  шығар?  Тірі  жүрген  шығар?  «Өлді»  деп

өкімет  əдейі  бізді  жүдетіп,  жүндей  түтіп  қойған  шығар.  «Халық

жауын»  жазалардың  бір  амалы  осы  болар?  «Халық  жауын»  сұраққа

алғанда  өтірікті  шын  деп  мойындату  үшін,  əуелі  сол  тұтқынның  ең

етбауыр жақындарының жанын қинайтын көрінеді ғой.



Сөйткен  шығар.  Əйтпесе,  Мұртаза  аруаққа  айналып,  мына

жұлдыздардың  арасында  тұрған  болса,  менің  мына  түрімді  көріп,

күлудің орнына жылап жібермей ме?

Жылайды ғой, жыламасқа не шара? Мені Тəңірден тілеп алған өзі

емес пе еді?

Жұлдыздарға тағы қараймын: сақ-сақ күліп, кейбіреуі шақшиьш, от

кірпіктерінен шоқ шашырап, жан-жаққа шаншылып тұр.

Жоқ.  Мұртаза  бұлардың  арасында  жоқ.  Ол  да  мен  сияқты  өзегі

талып,  Сібір  тайгасының  арасында  аң  аулап,  ашығып  жүрген  шығар,

мына мен сияқты.

Бұл  менің  аң  аулауға  шыққан  түрім.  Түн  ішінде,  сары  аязда.

Жұлдыздар жымыңдап, Ай қуарғанда.

Мұңды  Мыңбұлақта  баяғы  Түрік  халқының  заманындағыдай  аң

аулайтын  ну  орман  жоқ.  Қоңыраулы  еліктер  де  жоқ.  Сонда  немді

ауламақпын?

Жазда суға толып тұратын əуіттің түбінде, енді жылтыраған көлшік

қалған. Қазір оған мұз қатқан, бірақ ортасында көздей жері қатпайды.

Бəлкім,  сол  көздей  жердің  астында  қайнар  бар  болар,  өйткені  буы

шығып жатады. Сол көздей көлшікте үш үйрек жүреді. Жабайы емес.

Жабайы үйрек бұл қыста Жуалыда не жесін? Өзің иə адам, иə аяз жеп

қоймаса.

Асыранды  үш  үйрек.  Жұбантайдың  байлығы.  Молдарайым  деген

қарт  жездеміз  бар.  Осы  елге  күйеу.  Төменгі  Қыршындыдан  көшіп

келген,  баяғы  ашаршылықта.  Яғни,  мен  туған  жылы.  Содан  осында

тұрақтап қалған, бір көзі жұмылып жүретін, еңсегей бойлы, ірі кісі еді,

жарықтық.

Жазда  колхоздың  маясын  да  салатын  сол,  қырмандағы  қызылды

суыратын  да  сол.  Əсіресе  мая  салғаны  –  өнер.  Мысырдағы  перғауын

пирамидаларындай түп-түзу. Сонда ол өзі сорлайды, бізді де зорлайды.

Өгіз  жеккен  сатылы  арбамен  шөп  тасып,  маяға  жеткіземіз  ғой.




Арбадағы  шөпті  айырмен  шаншып  көтеріп,  мая  үстінде  тұрған

Молдарайымға ұсынамыз. Ол өз айырымен əлгіні лезде іліп алады. Ал

мая  биіктей  түскен  сайын  азап.  Биікке  қолымыз  жетпейді,  біз

тырбанып,  өкшемізді  көтеріп,  шөп  ілген  айырды  көкке  көтереміз,

жетпейді.  Біздің  қолымыз  жетпеген  жерге  Молдарайымның  өзі

еңкейеді.  Бір  рет  (еңкейе  беріп)  биік  маяның  жиегінен  құлап  түсіп,

сатылы арбаның доңғалағына соғылып, шекесін жарып алғаны да бар.

Сонда  да  қоймай,  қайтадан  маяның  төбесіне  өрмелеп  шықты-ау.  Ай,

айналайын-ай,  жаның  жаннатта  ғана  жай  тапқан  шығар.  Бұл  опасыз

дүниеде  бəтуасыз  басшылардан  азаптан  басқа  алғыс  алып  көрмедің

ғой.

Міне, осы Молдарайымның Жұбантай дейтін жалғыз ұлы, Қымбат,



Сымбат, Бектай, Шамшай дейтін қыздары, Рысқұл дейтін кемпірі бар.

Рысқұл  –  осы  елдің  қызы.  Сонда  Жұбантай  жиен  ғой.  Əлдебір

кеселден  əскерге  бармай  қалған.  Жүріс-тұрысы  шырттай.  Киім  киісі

мұнтаздай.  Аяғындағы  етігі,  жата  қалып  қарасаң,  өз  жүзіңді

көретіндей,  айнадай.  Соғыс  кезінде  де  осындай  сылқым  болады  екен

да. Əйтпесе, басқа жұрт алба-жұлба, көрден шыққандай алқам-салқам.

Осы  Жұбантай  бұл  ауылдың  рəсіміне  жоқ  қылық  танытып,  үйрек

асырады.  Əлде  Евгеньевкадағы  орыстардан  көргені  ме?  Əуіт  үйінің

жанында.  Жаздай  су  бар,  Құдайға  шүкір.  Ал  қыста...  қыста  үйректі

далада бекер қалдырған. Жұбантайдың үйректері далада қалмаса, мен

мына  қарғыс  атқан  аязды  түнде  сыртқа  шықпас  едім,  ниетім  де

бұзылмас  еді.  Жаманшылыққа  жуымас  па  едім,  кім  біледі?  Бірақ  бір

білгіш: «Дүниедегі ең қорқынышты төңкеріс – қарын төңкеріс» деген

екен.  Қарның  құрылдап,  ішегің  шұрылдап  тұрса,  көрер  едім

əуселенді...

Сайға  түсіп,  көлшікке  жақындасам,  тоқымдай  ғана  ойықта  үш

үйрек  бір-біріне  тығылып,  мойындарын  қайырып,  қанаттарының

астына  тығып,  ұйықтап  отыр  екен.  Аспандағы  аз  болғандай,

жұлдыздар  сұп-суық  судан  да  жымыңдасты.  Күлсең  күле  бер,  азар

болса кейін, мен өлгеннен кейін жаныңнан орын бермей қоярсың!

Кардың  сықырынан  үйректер  оянып  кетіп,  қозғалақтап,  қыр  -  р,

қыр  -  р  етті.  Құстың  тілін  білмеймін,  дегенмен  жақсы  сөз  емес.  Оны




сеземін.  Тағы  да  болса  үркіп,  барқ-барқ  еткен  жоқ.  Барқылдап

байбалам салса, кім біледі, Жұбантай естіп қояр ма еді?

Енді оларға таяп бару қиын болды. Алыстан тұрып қол созып едім,

қолым  жетпеді.  Ұстап  алу  қиын,  өйткені  үйректер  ойықтан  секіріп

шыға алмайды, мына түнде шыққысы да келмейді.

Қайтер  екен  деп,  тағы  да  сырғанап,  мысықтабандап  жақындай

бергенімде, жұқалтаң мұз шыны сынғандай шыр етті де, судың ішіне

күмп  ете  түстім.  Үйректер  енді  шыннан  үркіп,  қанаттарын  қағып,

көлшікті сабалап, бетіме су шашыратты.

Болары  –  болды,  бояуы  сіңді.  Ішіндегі  ірілеуін  бас  салып  ұстап,

тырмысып  жатып  жағаға  шықтым.  Абырой  болғанда,  құс  баласы

бажылдамады.

Су-су болып, үйге қарай қарды қаршылдатып, зытып келем. Есіктің

алдына  жете  бергенімде,  алдымнан  аруақтай  ербиіп  біреу  шықты.

Айша екен. Жүрегім зу - у - у ете қалды.

−  А,  жақсыдан  жаман  туған  құлбарақ!  Тура  қазір  жаныңның

барында  апарып  таста!  Кешегі  ер  Мұртазаның  баласы  жаман

Жұбантайдың үйрегін ұрлапты, ұры деген атқа қаласың, сорлы!

−  Иə,  былтыр  дəл  осындай  қыста  өзің  бастап,  маядан  маған  шөп

ұрлатқан өзің емес пе едің?

− Ол – колхоздың шөбі, ақымақ! Мынау – кісінікі. Обал болады.

Айшамен айтысып оңбайсың, – Қайтадан апарып тастадым, үйіріне

қосылған көкала үйрек қыр-қыр етіп, қуанып қалды.

Айша қайтып ұрысқан жоқ. Су-су киімімді шешіндіріп, тісім тісіме

сақылдап  соғылып,  тұла  бойым  жидек  қаққандай  дір-дір  етіп,

қалшылдаған  мені  төсегіме  жатқызып,  көрпемді  қымтап,  үстіме  тағы

да өз шинелін жауып қойды. Мені əлдилегендей:

Қоңыр қаз, үйрек




Қанатын сүйреп.

Ұшады Билікөлден

Түйдек - түйдек а - а - ай, –

деп ыңылдап, басымнан сипады.

Бойым  жылып,  балбырап  ұйықтап  кетіппін.  Түсімде  Билікөлді

көрдім.  Айшаның  төркін  жағы  ғой.  Жадыраған  жаз  екен-ау  деймін.

Көл  бетінде,  нар  қамыстың  ар  жағында  үйрек  пен  қаз  жыртылып-

айырылады.  Қолымда  қаршығам  бар.  Ақбоз  атым  астымда...  қарын

ашты  деген  ойыма  кіріп  шықпайды.  Жайдармен  дүние.  Мұндай

дүниені қайтып қиясың...

Шын жұмақ Билікөлде.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет