ШОЛАҚТАУДЫҢ ШОЙЫН ЖОЛЫ
Шойын жолды бойлап жүріп келемін. Шпалдарына адымым
жетпейді. Бірақ шпал басып жүргім келеді. Адымым жетпейді.
Кере түсемін. Шатым жыртыла жаздайды. Шпалдан аттап жүрсең -
шаршайсың. Ал аттамай шпалдың өзін бассаң – жайлы. Бірақ оған
адымым қысқа. Айша болса, аяғы ұзын, адымы жетер еді. Айша
алыста. Мен жалғыз. Анасы лағынан, лағы анасынан айырылған киік
сияқтымыз. Мен ұдайы оның соңынан ілесіп жүрер едім. Мыңбұлақта.
Сон - о - о - оу Мыңбұлақта. Қыста қалың қар кешіп, түнделетіп,
колхоздың маясынан шөп ұрлағанда. Бірақ неге ұрлағанда? Ол шөпті
шабысып, арбамен тасып, маяға жиысқан үлесім бар емес пе? Айша да
сөйткен. Таң азаннан қара кешке дейін. Ендеше несі ұрлық? Үш
ешкіміз аш. Шөп бермесең өзіңді жеп қоймақшы. Көздері шақшиып,
сақалдары да ұзарып кетті. Селтең-селтең етеді.
Құдекеңде қызық. Ешкінің текесі мейлі, сақалды бола берсін. Ал
енді шыбышқа, тушаға не жоқ? Сақалы несі? Ұрғашыға сақал жараса
ма екен? Осы жерден бір қате кеткен. Құдекең де қызық.
Əне, сол ұялмастан сақалдары сапсиған үш ешкіге түнделетіп,
қарға омбылап батып кетіп, шөп тасимыз. Сонда Айшаның адымы
ұзын, менікі қысқа. Қарда көп із қалдырмау үшін Айшаның ізімен
жүруім керек. Аяғым жетпейді. Жеткізуге тырысамын. Ə дегенде – ақ
ақтер, көктер боламын. Сонда Айша: «Мұртаза марқұмға бойың
тартқанша ойың тартсашы», –деп қоюшы еді артына бұрылып.
Мұртаза ойлы болып не бітірген? Қараптан қарап жүріп сотталып
кеткені ме? Ұрлық қылмаса, кісі өлтірмесе, өкіметті боқтамаса. Неге
сотталады? «Халық жауы» дейді. Бір адаммен, екі адаммен
жауласарсың. Ал тұтас халықпен қалай жауласуға болады? Айтпай ма
осылай деп сотта. Ойлы болса. Ойы тасып бара жатса. Енді не болдық?
Түн ішінде қалың қарға омбылап шөп ұрлаймыз. Мұртаза болса өстер
ме едік?
Наурыздың дымқыл таңы. Аспан дымқыл, жер дымқыл, ауыздан бу
бұрқырайды. Айнала – ойдым-ойдым су. Шпалдардың арасы да су.
Кешегі тасқын топанның қайтқан түрі.
Кеше Аса тасыды ғой. Интернат пен мектептің арасындағы өзекті
су алып кетіп, кеңірдектен жүзіп жүрдік қой.
Жайшылықта моп-момақан Аса қалай тасиды, ə. Жарқабақтан асып
кетті ғой.
Мен қазір мына қара май сасыған шпалдардан аттап келе жатып
ойлаймын, мұншама телегей қайдан шықты деп. Сөйтсем, біздің
Тəңіртаудың күші екен ғой. Өзі алыста. Тым алыста. Мына Бурылтау
тасалап тұр. Көрінбейді. Бір көрінсе ғой шіркін! Сағындым ғой,
Тəңіртау!
Бірақ кешегі тасқын сенің маған жіберген сəлемің шығар.
Басындағы қалың қар еріген ғой. «Алтынкүрек» желі соғып еріткен
ғой. Сол қар суы Ақсай мен Көксайды, Күркіреусуды тасытып, Теріске
келіп құйған. Теріс Асаға құяды. Содан кім тасыды – Аса тасыды!
Еңбектің бəрі Тəңіртауда, Ақсай мен Көксайда, Терісте. Кім тасыды –
Аса тасыды! Атағы Асада қалды.
Сол Аса қазір жынын алдырған бақсыдай басылып, мына
теміржолдың сол жағын бойлап, жарысып келе жатыр. Теміржол тіп-
тік, тұп-тура, ал Аса болса ирелеңдейді. Бүлкілдеп жатқан боз-ботана
сұр айдаһар сияқты.
Кешегі тасқыннан кейінгі мына бозала таңда, мына темір жол
бойында менен басқа бір жан жоқ. Жалғыз өзім. Бəрін топан су жұтып
қойған сияқты. Қыстың суығын қимайтын қарлыққан қарғалар ғана
қалбаңдайды. Оңтүстікте – Бурылтау, солтүстікте-жаныстардың ауылы
Қаракемер қарауытады. Арт жақта – Молотов ауылы. Алдым –
болжаусыз буалдыр. Қарайған зат жоқ. Қос рельс жарысып барып-
барып, бұлдырап көзден таса болады.
Діттеген жеріңе жету үшін алдында бір нысана тұрса... не тау, не
шоқы, не шоқтал. Мына жолда түк жоқ. Белгісіз,түпсіз тұңғиыққа
кетіп барамын, сүңгіп барамын. Қос рельс сүйреп барады. Пойыз да
жоқ. Не алдымнан шықпайды. Не артымнан қуып жетпейді. Пойыз
жүрмесе шойын жолдың керегі не? Жалғыз өзім. Күллі тірі жанды
кешегі топан су жұтып жіберіп, жер бетінде қарлыққан бес-алты қарға,
жалғыз мен ғана қалған сияқтымын.
Кешегі топан сумен Құдірет жер бетін былғаныштан тазартып, су
жаңа, тап-таза, бейкүнə тіршілікті қайта бастар болса, жалғыз менен
басталады ғой. Неден бастаймын?
Неден бастайтынымды Көк Тəңір біледі деп аспанға қарадым.
Аспанда кілегей бұлт қаптап алыпты. Кіржиіп тұр. Аспан кіржиіп,
кірлеп тұрғанда жаңа дүниені жасауға болмайды. Жаман ырым. Аспан
жас баланың жанарындай жəудіресін. Тазарсын.
Осылай деп келе жатқанымда алдымнан ойпаң-өзек шыға келді.
Ойпаң толы қаптаған адам. Жақындап барсам, пойыз жолдың көпірін
су шайып кетіпті. Құжынаған адамдар күрек, қайла, кетпен сермеп,
зембілмен топырақ, тас тасып, «Жаңа өмірді», «Жаңа тіршілікті»
менен бұрын бастап жіберіпті.
Шпалдан шығып, сайға түстім. Түспесем болмайды. Басқа жол
жоқ. Темір жол үзіліп қалды.
Қарбалас жұмыстағы адамдардың көбі мені байқай да қойған жоқ,.
Байқамағаны да жақсы. Байқатпай өтіп кетсем де болар еді. Жанасқым
келмейді. Түрлері біртүрлі.
Ай, болмады. Өзектің арғы бетіне жете бергенімде, шетте талтайып
тұрған бір дəу мені өзіне айқайлап шақырып алды.
− Неге сəлем бермейсің? – деп қыспақтады.
− Əкеңнің аты кім? – деді. Айттым.
− Өзіңнің атың кім? – деді. Айттым.
− Қайда барасың?
Шалбарымның қалтасынан бүктеулі қағазды алып ұсындым.
Артынан оным бекер болды ма деп қалдым. Дəу қағаздағы жазуды
дауыстап оқып тұр.
«Жұма стансасы. Тура түбінде, теміржолдың оң жақ бетінде –
Жұма ауылы. Көкше көз Рысбай Жаманқұловқа».
Дəу: «Ы - ы» деп қойып хаттың бүктеуін аша бастады. Біреудің
хатын оқуға болмайды ғой. Бірақ «оқыма» деп қайтіп айтамын? Тағы
да дауыстады:
«Аса құрметті, алтыннан ардақты, күмістен салмақты Рысбай
ағамыз. Қалай аман-есен, сау-саламат жүріп жатырсыздар ма?
Кенжекүл жеңешем күйлі-қуатты ма? Осы хатты ұсынушы Барсхан
Мұртазаев – Зибаның əпкесі Айшаның баласы. Менің қолымда,
интернатта жатып оқиды. Сенімді. Осы күзде қолыңызға қойған көк
сиырды беріп жіберіңіз. Зибаға сүт керек болып тұр. Кеселі жаман.
Көріскенше күн жақсы. Сəлем жолдаушы туысқаның Мырзагелді
Қалибеков. 25 март, 1945 жыл». Дəу хатты оқып болып, қайтадан
бүктеп өзіме ұсынды. Ұсынып тұрып басымнан аяғыма дейін
бажайлап қайта қарап шықты. Мен де қарадым. Галифе шалбары, сұр
кителі бар. Он қолының орнында – қара қайыс қолғап кигізіп қойған
протез. Сонда ойладым: біздің Мыңбұлақтағы Шолақ Сияқұлға неге
осындай протез қол жасап бермеген деп. Сөйтсем, оныкі тұқылсыз қол
екен ғой. Протез ілетін жер жоқ. Галифе шалбарлы дəу, сірə,
байқаймын: бастық. Ал мен бастық атаулыдан қорқақ болып қалған
адаммын. «Бірдеңе деп, бəле салар ма екен», – деп тағы қорқып
тұрмын. Ойлағанымдай дəу төменде жүрген біреуді:
− Əй, Бақтай, бері кел, – деп шақырды.
Бақтай – аузы салпыйыңқыраған, қыли көз біреу екен.
− Иə, Дəке, лəппай, – деп жетіп келді.
− Əй, Бақтай, мынаған бəс тігісесің бе, – деп галифе шалбарлы
шолақ Мырзагелді жездемнің хатын салпы ауыз сарыға ұсынды. –
Қалай ойлайсың, мына бала сиырды алып қайта ма, жоқ, бос қайта ма?
Бақтай хатты ежіктеп, екі қайтара оқып шықты да, сонда барып
мəніне əрең түсініп, маған бір қарады:
− Қайдам, берсе беріп қалар, туысқаны ғой, – деді.
− Мен білсем, бермейді, – деді галифе шалбарлы шолақ.
− Е, сиыр Мырзагелдінікі болса, неге бермейді?
− Бермейді!
− Береді!
Ерегіс қыза түсті де, ақыры «кім ұтылса – бір жарты қойсын», –
деген келісіммен қол алысты.
Галифелі дəу сол қолын берді. Оң қолы протез ғой. Содан соң, дəу
маған Мырзагелдінің хатын ұстатты да:
− Ал, бала, қайқай, енді сенің жолыңды күтеміз, – деді.
− Ағатай, Жұма ауылы əлі алыс па? – деп сұрадым дəуден аман-
есен құтылғаныма ішімнен қуанып.
Дəу аспанға қарады. Жұма ауылы аспанда емес қой. Сөйтсем,
күнге қарағаны екен. Күн – шаңқай түс шамасы.
− Күн бесінге таяғанда жетерсің, – деді дəу. – Тезірек қайт. Көрдің
ғой. Бəстестік. Енді сенің жолыңды күтіп отырамыз.
Қасапшыға мал қайғы, қара ешкіге жан қайғы.
Сайдың арғы бетіне өтіп, рельс жолға қайта түстім. Əлгінің «бесін»
дегені көңілімді қобалжытып кетті. Таңертең үйден шығып, Жұмаға
бесінде жетсем, енді қайтарда Жұмадан Молотовқа қашан
жетпекшімін?
Кенет шпалдан–шпалға секіріп, жүгіре жөнелдім. Қайтар жол
қиын. Асықпасам қи - ы -ын. Шпалдан-шпалға мен секіріп келе
жатырмын ба десем, көзім түсіп кетіп еді, Бурылтау да секеңдейді.
Мен тоқтап едім, Бурылтау да тұра қалды.
Əй, Бурылтау, мені мазақтамасаңшы, мен сенің неңді алдым?
Бауырыңда анам Айша, əпкем Зиба туып еді. Олар саған еркелеп,
тарғыл тастарында секіріп өсіп еді. Мені жатырқағаның ба, немене...
Өзің болсаң менің Тəңіртауымды тасалап тұрсың. Тəңіртаудың басын
бір көрсем шаршамас едім. Жұмадан Молотовқа қалай жетемін деп
уайым жемес едім. Əлгі бір қолы жоқ дəуден де қорықпас едім. О,
Тəңіртау! Құдіретім менің! Отаным менің! Бір көрінбедің ғой...
Шпалдан-шпалға секіремін. Бурылтау да секеңдейді. Менімен
жарысып келе жатқан сияқты. Осы шойын жол Шолақтау деген жерге
дейін барады дейді. Мен көрген емеспін. Алтынды күрекпен күреп
алады дейді. Мен əлі көрген жоқпын...
Сол Шолақтауға өтіп кетсем қайтеді? Алтынды күрекпен күреп
алады деседі. Маған көп алтын не керек, бір уыс болса болды ғой.
Бектөбеде қалған Айшаға апарып берер едім. Айшаның жыртық
көйлегі жаңарар еді. Айшаға жамаулы көйлек кигізіп қойған қандай
антұрған заман?! Атаңа нəлет, қандай топас, көрсоқыр итсің?! Айшаға
жамаулы көйлек ки - гі - зі - і - іп!
Кіжінгенім сонша, келесі шпалға аяғым дəл түспей, бəтіңкемнің
тұмсығы шпалдың жақтауына тіреліп, етбетімнен құладым. Оңбай
құладым. Мырзагелдінің хатын уыстап жұмып алған жұдырығым
жазылып кетіп, хат мыжылып, қара майға былғанды. Оң қолымның
шынтағына қиыршық құм жабысып, терісі сыдырылып, қанталап
қалыпты. Оң жақ жамбасыммен қулағанмын ғой, шалбарым да қара
май.
Өмір деген атана нəлет қисық жолда бір сəт көзіне қарап жүрмесең,
көрген күнін осы. Шолақтаудың алтынында нем бар еді? Айдалада
алтыны шашылып жатқан ол қандай жер? Бекер шығар. Бірақ бекер
болса, мына шойын жолды Шолақтауға дейін неге салған? Өзі қақаған
соғыстың кезі болса... Темір жол салып, шығынданып несі бар?
Əй, осы алтыны бары рас та шығар, темір жолдың қос рельсі
жоғалып кеткен жерге дейін көз салсам, алдымнан алтынның буы
сияқты жалқын сары бір шұғыла елес береді. Алтынның буы ағып
жатыр. Телегей теңіз ағып жатыр. Сағым шығар дедім. Мұнша теңіздің
бəрі алтын болса, адамдар тұншығып өлмей ме...
Енді шпалдан шпалға секіргенді қойып, сылти басып келе
жатқанымда, алдымнан бір үйшік көрінді. Қауыншының шалашындай.
Жақындап келсем, бір тақтайға «Жұма стансасы» деп жазып қойыпты.
Шалаштың жанына барып, ішіне үңіліп едім, өлі екені белгісіз, тірі
екені белгісіз біреу серейіп жатыр екен. Егер бұл Жұма стансасы екені
рас болса, шойын жолдың оң қол жағында Жұма ауылы болуға тиіс
қой. Маған Мырзагелді жездем солай түсіндірген.
Оң қол жаққа қарасам – жал-жал болып жатқан жалаңаш құм. Өліп
қалған түйелер сияқты. Бірақ ауыл көрінбейді. Ел жоқ!
Мына шалашта жатқан адамнан сұрасам ба екен. Өлі екені белгісіз,
тірі екені белгісіз. Жатысы жаман. Сау адам да осылай жата ма?
Ұйықтап жатса, оятып алып, езім бəлеге қалмайын. «Ұйықтап жатқан
жолбарыстың құйрығын баспа» деген Айша. Айша айтса, тегін
айтпайды.
Осылай бір əрі-сəрі болып тұрғанымда, құм жаққа тағы да көзім
түсіп кетіп еді, өркеш-өркеш құмның арасынан ілмиіп түтін
көрінгендей болды. «Рас па?» – деп көзімді уқалап, тағы қарадым.
Түтін! Əлгі Жұма ауылы сол ғой. Қуанып кеттім. Бірақ үйлері қайда?
Ауыл болған соң, үйлері болмай ма екен? Ол ауыл да мынандай
шалаштардан құралған ба?
Жолдан шығып, ілмиген арық түтінді нысанаға алып, тартып
отырдым. Қатқыл шпалдарға, шағыл тасқа үйренген аяғым, сусыма
құмға сүңгіп кетіп, былқ ете қалды. Ұйыққа батқандай аяғым
ауырлады. Өрмелеп құм төбеге де шықтым. Былтырғыдан қалған
жалғыз түп адыраспан балағынан кектеп келе жатыр екен.
Айналасын құм төбелер қоршаған ойпанда жадау-жадағай бес-алты
үй көрінді. Əр үйдің артында қамыспен, шеңгелмен қоршаған ашық
қоралары бар. «Көк сиыр қай қорада екен?» – деймін ішімнен. Көк
сиыр көрінсе, сол үйді тұспалдап бармақшымын ғой. Мырзагелді
жездемнің туысқаны Рысбайдың үйі сол болады да.
Көк сиыр көрінбеді. Сойып жеп қойған ба? Əлде жайылымға
кеткен бе? Бірақ айнала төңіректе жайылып жүрген мал көрінбейді.
Құмға сіңіп кетпесе. Құм ыңырсып жатыр.
Бұл не тұрыс? Күн болса еңкейіп барады. Мен көк сиырды
жетектеп Молотовқа жеткенше түн болады. Жолда бұзылған көпірді
жөндеп жатқандардың түрі əлгіндей. Түстері суықтау. «Сенің
қайтқаныңды күтеміз», – деп қалды. Бəстескен болды. Онысы несі
екен? Сиырды тартып алып жүрмес пе екен?
Өзі бес-алты үй. Бірін бірі білетін шығар. Рысбайдың үйі қайсы
десем, айтатын шығар.
Төбеден сырғанап төмен түстім. Алдымнан иттер шығып бəле бола
ма десем, иттері сəлемдесуді білмей ме, үрген де жоқ.
Жақындай беріп, байқадым: орта тұстағы үйдің күңгей жағында,
үш-төрт адам күншуақтап отыр екен.
Көктен салбырап түскендей болсам керек, бəрі маған сұқтана қарап
қалыпты. Өңдері аш бит сорғандай жүдеу. Киім – бастары да мəз емес.
Біреу тіпті тері шалбардың жүнін сыртына қарата киіп алыпты. Бір
кемпір көзін сығырайтып, ескі көйлектің битін қарап отыр.
Дауыстап тұрып-ақ сəлемдестім. Дауыстап сəлем бергенімді ерсі
көргендей ежірейісе қалды. Қайдан білейін? Айша айтқан: кісімен
сəлемдескенде жамандар құсап үніңді көтіңнің астынан шығармай,
басыңды көтеріп, жөндеп амандас, – деп.
Тері шалбардың жүнін сыртына қарата киген сіліңгір қара
(Мырзагелді жездеме ұқсай ма), бірдеңені сезгендей:
− Шаруаңды айт. Қайдан жүрсің? – деді салған жерден.
Сəлем жоқ, ай-шай жоқ. Мені күнде көріп жүргендей.
Сəлеміне қарай жауабы. Үндеместен қолына Мырзагелді
жездемнің хатын ұстата салдым.
Əуелі хаттың сиқына көз салды. Мыж-мыж, май-май ғой. Дегенмен
оған керегі жазуы ғой, хатты оқи бастады. Қайталап оқыды. Басқалар
оның аузын аңдып отыр. Тері шалбарлы шын қырсық екен,
Мырзагелді жездемнің хатымен көтін сүрткендей ишара жасап,
жанындағы қоқысқа тастай салды.
«Көрдің бе?» – дегендей маған ежірейе қалды. Мұндай қорлыққа
шыдай алмай, боқтағым келіп тұрды да, дегенмен бір ауыз сөзін
естігім келіп:
− Рысбай сенсің бе? – дедім. Əдейі «сен» деп.
− Менмін, твою мать! – деді.
− Мені Мырзагелді жіберді, не деп айтып барайын?
− Көк сиырды қыстай мен бағып шығамын. Қанша шығын
шығарып. Енді туайын деп тұрғанда, соның көтіне сағат сайын қарап,
қашан туар екен деп отырғанда, шиеттей бала-шаға, мына кемпір-шал,
аузымыз аққа қашан тиер екен деп отырғанда... А? Сені соншама
жерден сандалтып, сиырға жұмсаған дəл Мырзагелдінің əкесінің
аузын!.. Соның жұмсағанына құлақ кесті құлдай болып жүре берген
дəл сенің бас терінді!.. Дəл осыны айнытпай айтып бар!
О баста өзім боқтағым келіп аузым қышып еді, енді кезегі келгенде,
аузыма сөз түссеші. Ызаға булығып не айтарымды білмей, мелшиіп
тұрып-тұрып:
− О, бля! – дедім. Бар бітіргенім сол болды.
Бұрылдым да жүре бердім.
Шойын жолға қайта шығып, күншығысқа қарай беталып тұрып,
артыма бұрылып қарап едім, күн намаздыгерге таяп қалған сияқты
көрінді. Екі өкпемді қолыма алып, шпалдан шпалға секіріп, секеңдеп
келемін. Үнім бітіп, тамағым кеуіп, тілім таңдайыма жабысып қалды.
Əлгі тері шалбарды теріс киген дуайпат тым болмаса, бір жұтым су да
бермеді-ау.
Не керек, Күн ұясына қонуға қамшы сабындай қалғанда су жұлып
кеткен көпірге де жеттім-ау.
Адамдар əлі қыбыр-қыбыр жұмыс істеп жатыр. Көпірді тез
қалпына келтіру өте қажет шығар. Əйтпесе, осы уақытқа дейін
тынбайтын неткен жұмыс.
Протез қолды дəу уəдесінде тұрды. Мені зарыға күтіп отырғандай,
тіпті Құдайдан тілеуімді тілеп, сағынып қалғандай пейіл танытты.
Жетегімде сиыр жоқ екенін көре тұра:
− Не болды? – деді.
Мен осылай да осылай дедім.
Дəу:
− Бақтай, уа Бақтай! – деп бар даусымен барқырап қоя берді.
Бақтай келді.
− Мен жеңдім! – деді Дəу. – Бала құр қол қайтты.
− Сүйінші сұрайсың ба?
− Əкел поллитр!
Бақтай вагон – үйшікке қарай кетті.
Мен жүрейін деп едім, Дəу гүрр етті:
− Əй, бала, тоқта. Өзің өлейін деп қалыпсың ғой. Əлгі найсап нəр
татырмаған сияқты ғой. Бақтай келсін, ауқаттанып ал. Барған соң
Мырзагелді жездең сенің басыңнан сипай қоймас. Сиырсыз қайтқаның
да оңды болды. Біз сойып жеп қоятын едік. Жездеңе сол сауап болар
еді.
Бақтай келді. Дəу жұмысшылардың бəрін шақырды. Өздері арақ
ішті. Мені балыққа тойдырды.
− Кешегі тасқыннан кейін қайранда қалған балық, – деді Дəу менің
қомағайлана жегеніме қарап. – Абайла, тамағыңа қылқан кетіп
қалмасын.
«Поллитрлер» бірінен соң бірі кетіп жатты. Мен қайтайын десем,
Дəу жібермейді.
− Інішек, əлі-ақ адам боласың, – деді мені мойнымнан құшақтап. –
Шолақтау деген зор қала болады. Оның қасында Мəскеу далада
қалады. Сонда сен кел Шолақтауға...
Дəу адамның мас болғаны қызық. Көңілі тез босағыш. Көзі
жасаурап:
− Мен де сендей жездемнің қолында жүріп оқып едім, атаңа нəлет
соғыс...
Артынша əнге басты:
Аха - хау, сұр - желгенше,
Ха - хау, сұр - желгенше,
Хош боп тұр, хош есен бол
Көз көргенше - а - а - ай.
− Ағатай, мен қайтайын, түн боп кетті, – деймін жалынып.
− Кетпейсің, осында қонасың. Жұмысшы боласың. Қой сол
Мырзагелдіні... Егер ол ұрысса, маған кел. Мені Шолақтаудан табасың.
Протез қолды Дəу аға десең бəрі таниды! Кел!
Қапсыра құшақтап, бауырына басты.
− Ал, айда! Бар енді! Бар деймін! – деп ұрысты.
Зыта жөнелдім.
Қараңғы түнде шпалдан шпалға дəл секіре алмай кібіртіктеп
қаламын. Мырзагелді жездеме не деп барамын? Рысбай туысқанының
айтқанын дəлме-дəл, сөзбе-сөз айтамын ба, неғыламын?
Шпалдан шпалға секеңдеп келемін. Бурылтау секеңдемейді,
қарауытады. Оның орнына Бурылтаудың төбесінен төнген жартыкеш
Ай менімен жарысып келеді.
Əкесіз жетімге, қасында Айшасы жоқ жалғыз оғланға жар болғысы
келді ме, кім білсін, сол жартыкеш Ай, менің жарым-жарты көңілімдей
жартыкеш Ай, маған жол көрсетіп, ілестірді де отырды.
Протез қолды Дəуді қайтып көре алмадым. Бірақ Шолақтау қаласы
кейін Қаратау қаласы атанғанда талай рет бардым. «Қара маржан»
деген романды сонда жаздым. Дəу көкемді көрмедім. Тірі жүрсе Құдай
саулығын берсін, о дүниелік болса Құдай иманын салауат қылсын...
Құлағымның сырғалығы шым ете қалды. Шошып кетіп, жалт
қарасам директордың өзі екен. Ұрады-ау деп қорқып едім, жүзі жылы
екен. Күлімсірейді. Күлімсірегенде мұрнының астындағы бармақтай
мұрт жайы - ы - лы - ы - ып бара жатты.
Партаның астына тығып оқып отырған кітабымды суырып алды.
Жасырып үлгермедім.
Дауыстап:
− «Қазына аралы», – деді.
Бүкіл класс естіді.
Асан жынды:
− Ол оңбаған! Сабақ оқымай, ылғи да бөтен кітап оқып отырады, –
деп айқайлады. Директор оны құптамай:
− Жап аузыңды! – деді.
Кітапты ұстаған қалпы:
− Менің кабинетіме кел, – деді де кластан шығып кетті. Басыма
түрлі ой келді. Интернаттан шығарып жіберсе қайтемін дедім. Шығара
қоймас. Мырзагелді жездем бар ғой, шығарта қоймас дедім. Бұл уайым
менімен бірге жаралған. Əкем «халық жауы» болып кеткелі бері осы.
Не болса – сол уайым.
Бармасқа лаж жоқ. Бір-бір басып, аяқты басқан сайын түрлі уайым
араласып, директордың кабинетіне де жеттім-ау.
Кабинеттің
есігін
болар-болмас,
саусағым
тиер-тимес
тықылдатамын. Сонда да есітіп қойды:
− Kip, – деді директор. Басым салбырап тұрса керек.
− Көтер басыңды, – деді.
Директорымыздың аты-жөні Досмырза Нұрпейісов. Аласа бойлы,
ашаң жүзді, қартаңдау кісі еді.
− Сабақ үстінде көркем кітап оқығанды қой. Ал сабақтан бос
уақытта қанша оқысаң да өз еркің.
− Мақұл, ағай...
− Сен Мұхтар Əуезов деген жазушыны білесің бе?
− Білемін.
− Қандай шығармаларын оқыдың?
− Ы - ы - ы, «Таңғы сарын»...
Директор «Қазына аралы» деген кітабымды қайтарып берді.
− Бұл да жақсы кітап. Ал нағыз қазына мынада, – деп тағы бір
кітап ұсынды. – Осыны оқы. Бірақ бүлдірмей, жыртпай қайтып əкел.
Сұрша матамен қапталған кітап мұқабасына қарап едім: «Мұхтар
Əуезов. Абай» деп алтын əріппен жазып қойыпты.
Ішім біртүрлі жылып сала берді.
Сабақтан соң Мырзагелді жездем айтты:
− Қой қорада тұрып қалды. Күн жылыды ғой. Бүргеннің, изеннің
басы жібіді. Кешке дейін жайып кел, – деді.
Директор ағай берген кітапты қойныма тығып алып, қойды айдап
ауылдың сыртына шықтым. Даланың оты былбырап тұр екен. Қар
мүлде еріп те кетпей, не сіресіп жатып та алмай, жантəсілім алдында
қатқақтан жіпсікке ауысқан шақ. Бөртпе жусан, күрдек бүрген, қызыл
изен, тіпті киіздей ажырыққа дейін жұмсарып, пейілденіп, мал тұрмақ,
адам да жегісі келгендей, тəбет тартып тұр. Жездемнің қойлары
пысқырынып, жерден бас алмай, сол мол отқа кенелді де қалды. Күн
жылымықтау болған соң, мақталы күпайкемді шешіп алып, бүктеп
астыма төсеп, кітап оқуға кірістім. Бұл түс ауа мезгіл сияқты еді,
басымды көтеріп бір қарасам, күн ұясына қонайын деп қалған екен.
Қойлар шашыраңқырап кетіпті. Шеткейде тұмса көк тоқты мекіреніп,
оттамай тұр. Көзі мөлиіп кетіпті. Не болды деп барсам, туып қалған
екен.
Қозысы шуына оралып өлі - і - іп қалыпты...
Жаңа ғана қазына аралын қыдырып, өмірімде көрмеген рахатқа
батып, бөтен бір өлке, өзге дүние, ғажайып ғұмыр кешіп отыр едім. Əр
істі Құдай қылат та, лезде үрей əлеміне тап болып, шошып кеттім:
«Жездеме не бетімді айтамын?»
Басқа барар жерім, басар тауым жоқ, салым суға кетіп, бір
қолымда-өлген қозы, бір қолымда-асыл кітап, жездемнің үйіне қойды
айдап қайтып келдім.
Жездем өлген қозыны ары аударып, бері аударып қарап тұрып,
қораға лақтырып жіберді.
− Бүлдірмей елтірісін сыпыр! – деді. Қолымдағы кітапты жұлып
алды. Мұқабасын, ішін ашып көрді. Содан соң маған сыбырлап:
− Əй, бұл кісі атылып кеткен жоқ па еді? – деді. Онысын мен
қайдан білейін?
− Кім берді, кімнен алдың?
Шынымды айттым.
− Апыр - ай, о... – деді.
Ұрсарын да білмеді, ұрыспасын да білмеді.
1945 жыл еді, наурыз айы еді.
Достарыңызбен бөлісу: |