Бірінші кітап (роман – диалогия)



Pdf көрінісі
бет12/69
Дата28.03.2022
өлшемі2,11 Mb.
#28989
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   69
Байланысты:
Шерхан-Мұртаза - “Ай мен Айша”

ҚОҢЫРАУЛЫ ЕЛІКТЕР

− Баяғыда, баяғыда – а - а... – деп əндетіп, созалаңдатып бастайды

əңгімесін Айша. – Ерте-ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде...

Осы  жерде  тоқтап  қалады.  Түн  ұзақ.  Оны  Айша  əңгімемен

қысқартады. Бəріміз төсектеміз.

Биыл  біздің  үйде  бес  адам  бар:  Айша,  мен,  Барсхан,  Құрмаш,

Батырхан, Машан.

Машан  –  жиеніміз.  Мұртазаның  қарындасы  Əдияның  баласы.

Əкесі  Қадырды  1938  жылы  «халық  жауы»  деп  Əулиеатаның  түбінде,

Қарасудың  бойындағы  жарқабақта  атып  жіберген.  Қадыр,  Пірнə,

Қасымбек  –  бəрі  де  Андреевкадағы  шанышқылылар.  Жапонияның

«шпиондары»  екен.  Үшеуін  де  атып  тастады.  Өйтпегенде,  Жапония

Қазақстанды əлдеқашан басып алатын екен.

Сол  «шпиондардың»  ауылында  мектеп  төрт-ақ  кластық.  Ал  біздің

ауылда  жеті  кластық.  Өз  Андреевкасында  төртіншіні  бітірген  Машан

енді  қайда  барып  оқиды?  Борандыда  –  он  жылдық.  Ол  алыс.  Əрине,

біздің үйде жүріп оқиды. Андреевка шанышқылылары төртті бітірген

балаларының  бəрін  біздің  мектепке  берді.  Бəрінің  жекжат  –  жұраты

бар. Құли – Шілмембет пен Шанышқылыда бір-бірімен қыз алыспаған

үй кемде-кем. Содан бері нағашылы-жиенді болып кеткен.

Оқу басталар күзде Əдия əпкем Машанды ертіп келді. Айшаға:

−  Мына  Машан  осы  үйде  жатып  оқиды.  Ауырсынба.

Жағдайларыңды білем. Шамам келгенше үн, картоп əкеп тастармын, –

деді.


Айша:


− Машанға бола бөлек қазан аспаймыз ғой. Қатықсыз қара көжені

балалармен бөліп ішер, о не дегенің, – деді қайын-сіңілісіне.

Машанның  келгені  жақсы  болды.  Екеуміз  құлын-тайдай  тебісіп

жатамыз. Төбелесіп те қаламыз, татуласамыз. Аға орнына аға еді.

Əне, сол Машан Айша əңгімені бастай берігі, кідіріп қалғанда:

−  Апа,  не  болды?  Айтсаңшы,  –  деп  ынтыға  түседі.  Айша  əн

салатындай тамағын кенеп алып, сөзін жалғастырады.

−  Осы  біздің  Мыңбұлақта  ит  мұрны  батпас  қалың  қара  орман

болады  екен.  Емен  осында,  қызыл  қайын  да  осында,  арша,  шынарға

дейін  шығады.  Қазір  ғой  азғындап  əр  жерде  қарағаш  пен  терек

қалғаны. Оның өзін отқа жағып құртып болдық.

Сол  орманның  ішінде  не  жоқ:  құйқылжыған  кұс,  сандуғаш,  сары

торғай, жаннат торғай, теңбіл торғай толып жатыр. Нағыз құс базары

екен. Əрбір бұтақтың бойы быжынаған ұя. Емен мен шынардың басын

қаршыға мекендейді. Не деген пейіш десеңші! Қаршыға мен сандуғаш

бір орманда қоңсы қонады.

Оны айтасың, аю ше? Орман іші толған қой бүлдірген. Аю адамға

ұқсап, қос аяқтап тұрып, əлгі бүлдіргенді қолымен теріп жейді екен.

Ал  ең  қызығы:  анадай  жерде  үрікпей,  қорықпай  еліктер  жайылып

жүреді. Жан-жануар біткеннің əдемісі. Мойындарында күміс қоңырау

сыңғырлайды. Ал енді сол еліктерді біреу атса – сол адам өлді дей бер.

Жазғы  шілдеде  Түркістан  жақтан  ба,  Түлкібас  жақтан  ба,  жаз

жайлауға  хан  ордасы  көшіп  келеді  екен.  Осы  біздің  Мыңбұлаққа.  Ақ

ордасын  орнатып,  сырнайлатып-кернейлетіп,  сауық-сайран  өмір

сүреді.

Хан  əсіресе  еліктерді  жақсы  көреді  екен.  Мойындарына  күміс

қоңырау тақтырып қояды екен. Оларды өз қолынан жем беріп, сылап-

сипап мəпелейді. Құдіреті күшті, сиқыры бар шығар, əйтпесе жабайы

елік қасына адам баласын жолата ма?



Сөйтіп жүргенде, бір аңшы бір елікті садақпен атып алыпты. Бірақ

сорлы  ұсталып  қалыпты.  Ханның  қарауылдары  көп  қой.  Хан  жарлық

шығарған екен: кімде-кім елікті атса дарға асылады деп. Əлгі аңшы ол

жарлықты  естімеген  бе,  естісе  де  елемеген  бе,  əйтеуір,  түлен  түрткен

ғой.

Ханның жарлығы бар. Хан екі сөйлемейді. Хан қаһарланды. Аңшы



дарға  асылатын  болады.  Халық  жиналады.  Ханның  жендеттері

аңшының  мойнына  қыл  шылбыр  салады.  Айыпкер  аңшының

астындағы дөңбекті енді алып жатқан кезде:

−  Хан  ием!  Дат!  –  деп  шыңғырған  дауыс  шырқырап  шығады.

Халықтың  арасынан  бір  бүлдіршіндей  жап-жас  қыз  жүгіріп  шығып,

тақта  отырған  ханның  алдына  барып,  етпетінен  құлап,  ханның  аяғын

құшақтайды.

Хан:


−  Бұл  қайсың?!  –  деп  қаһарланып,  əлгі  қыздың  иегінен  көтеріп

қараса,  құдая  тоба,  хордың  қызы!  Ай  десе  –  аузы,  күн  десе  –  көзі.

Мұндай  нұрлы  əйел  затын  бұрын  көрмеген  хан  тілі  байланғандай  есі

кетіп,  мелшиіп  отырады  да  қалады.  Жарты  əлемге  жарлығы  жүрген,

дүниені  қалтыратқан  құдіретті  хан  мына  сəтте  дəрмені  кетіп,  хан

екенін ұмытып, есі шығады.

Айша осы жерде кілт тоқтап, басын көтеріп, біз жаққа қарап қояды.

Ұйықтап  қалған  жоқ  па  деген  шығар.  Терезеден  Ай  қиғаштап,

алакөбең сəулесі əлі түсіп тұр.

Машан жастықтан басын жұлып алып:

− Апа, не болды? – дейді.

− Əшейін, сендер ұйықтап қалған жоқ па деп...

− Жоқ, ұйықтамаймыз, айта беріңіз.

Мен қайбір айтқыш дейсің, баяғыда естігенім ғой.




Баяғыда естігені... Оны баяғыдан да бұрын басқа біреу естіп, енді

біздің  құлағымызға  тиді.  Ұрпақтан-ұрпақ  осылай  бір-біріне  аманат

қылып, мирас етіп қалдыра бермесе, небір асылдар адасып қалмай ма?

Енді  ойласам,  Айшаның  сондағы  айтқаны  сонау  көне  түрік  дəуіріне,

Ұлы  Түрік  қағанаты  заманына  кетеді.  Мың  жылдың  ар  жағында

жатыр.


− Сөйтіп, қыз «дат, хан ием!» – дейді деп сабақтайды Айша.

− Датыңды айт, – дейді хан.

−  Айтсам,  мына  пенде  менің  əкем  еді,  –  деп,  дар  ағашта  тұрған

аңшыны көрсетеді. – Мен сенің күңің болайын, əкемді өлтірме. Елікті

ол  еріккеннен  өлтірген  емес.  «Сенің  жазығың  жоқ,  балаларымның

азығы жоқ», – деп атты.

Жиналған жұрт аңтарылып, «а, құдайлап» қалады.

Хан есін жиып, қауымға қарап:

− Уа, халқым, естідің ғой мына перизаттың айтқанын. Не істейін? –

дейді. Халық. шу етіп:

− Босат, босат əкесін!

− Сауабын аласың!

− Мойныңа қан жүктеме! – деседі.

− Халық қаласа – хан жалғыз түйесін сояды. Айтқандарың болсын.

Бірақ,  –  деп  хан  жендеттеріне  қарайды.  –  Бірақ  бұл  адам  менің

жарлығымнан  аттап  елікті  өлтірді.  Сол  елікті  көздеп  атқан  бір  көзін

ойып тастаңдар. Садақ тартқан бір қолын шауып тастаңдар!

Қыз:


− Хан ием, ол бізді, шиеттей бала-шағасын, аң аулап асыраушы еді,

енді қайтіп күн көреміз? – дейді.




Хан:

– Ханның қайын атасы аштан өлмес. Мен сені аламын. Күңім емес

ханымым боласың, – депті дейді.

Сөйтіп,  қызының  ақылдылығы  мен  сұлулығының  арқасында  əкесі

тірі қалыпты дейді. Қыз ханым атанып, ханға адал жар, əрі ақылманы

болып, халыққа пана болып, бақытты өмір сүріпті.

Машан:

− Апа, тағы айтшы, – деп қолқалайды.



− Қанағат, жиен бала, қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз

атын сойғызар, – деді Айша, – ертең де түн ұзақ, сонда айтармын. Ал

əзір ұйықтаңдар. Таңертең сабаққа барасыңдар.

* * *


Сөйтіп,  бұл  Мыңбұлақта  ханның  жазғы  «резиденциясы»  болған.

Ақ  Орда  тігілген.  Қай  жерге  тікті  екен?  А...  бəлкім,  осы  біздің  үй

тұрған  жер  хан  ордасының  орны  шығар,  а?  Өйткені  біздің  үй  –

Тəңіртауға  қараған  ең  шеткі  үй.  Өзі  өрлеуіт  жерде  түр.  Хан  ордасын

ойпауытқа  тікпейді  ғой.  Жəне  Мыңбұлақтың  ішіндегі  ең  сұлуы,  ең

мөлдірі – біздің Жалбызбұлақ. Оның суы кəусар. Айналасына жалбыз

иісі аңқып, əлі күнге дейін бүлдірген өседі. Жазда бұлбұл сайрайды.

Айша  суға  жұмсағанда,  шелекті  жаныма  қойып,  мөлдір  көзді

қайнарға  қарап,  шөкелеп  көп  отырып  қаламын.  Сайдың  қабағынан

Айша айқайлап:

−  Барсхан,  неғып  отырсың?  Су  перінің  қызы  басыңды  дуалап

қойды  ма?  Қайт!  –  дегенде,  шелекті  əрең  көтеріп,  сайды  қиялап,

жалғыз аяқ жолмен асыға жүгіріп, алқынып қаламын.

Елден  ерте  кетіп,  Əулиеатаның  интернатында  оқып  жүргенде  де,

Мəскеуге  барып  оқығанда  да...  ылғи  түсіме  осы  кəусар  бұлақ  кіреді.

Етпеттеп  жата  қалып,  суына  бас  қоямын.  Бірақ  шөлім  қанбайды.  Іше




беремін,  іше  беремін,  шөлім  қанбайды.  Оянып  кетсем  –  аузым  кеуіп,

тілім  таңдайыма  жабысып  қалған  сияқты  болады.  Тұра  салып,

кранның  суынан  ішсем,  əлгі  түсімдегідей  емес,  хлор  мен  саз  татады.

Интернаттың  шиқылдақ  темір  төсегіне  қайтадан  құлай  кетіп,  мақта

тыққан жастыққа бетімді басып жатқанда, жастық суланып қалады.

Енді  көзім  ілініп  кетсе,  Тəңіртаудың  бөктері,  қызыл  изенді,

тобылғылы  төскей,  сол  төскейден  төменірек  біздің  ақ  үй  көрінеді.

Ылдида  жатқан  теміржолдан,  пойыздан  секіріп,  сол  ақ  үйге  қарай

белуардан көк шөп кешіп, асығып бара жатамын.

Жақындаған  сайын  ақ  үй  ажарлана  береді,  асқақтай  береді,

жарқырап  көрінеді.  Небір  асыл  тастармен  көмкеріп  тастаған  Алтын

Орда  екен  деймін.  Апыр-ау,  біздің  үй  мұндай  емес  еді  ғой  деймін.

Мойнына күміс қоңырау таққан еліктің лағы алдымнан билеп, еркелеп

шығады.  Оған  интернаттың  іші  «балшық»  кəмпитін  беремін.

Базарлығым – сол.

Одан  бері  де  қырық-елу  жыл  өтіп  кетті.  Бəрібір,  əлі  солай.  Əлгі

түстен айыға алмаймын. Сол баяғы мен тұрған үйден қазір жұрнақ та

жоқ.  Соқамен  айдап,  əуелі  қызылша,  одан  кейін  картоп  егіп  тастаған.

Бір  белгі  жоқ-ау,  бір  белгі  жоқ.  Есіктің  алдында  Мұртаза  демалып

отыратын  дəу  қойтас  болушы  еді,  о  да  көрінбейді.  «К-700»  оны  да

уатып жіберген бе, білмеймін.

Ал  бірақ  менің  түсім  бұл  шындықты  мойындамайды.  Алдымда

дəйім  Ақ  Орда,  кейде  Алтын  Орда  тұрады.  Қағанат  дəуірлеп  тұрған

кезде, Түрік ханына саяжай болған жер.

Сырдың бір сүлейі:

Адамзат – келер, келер, жүзге келер,

Пендені үйде өлсе де, түзге көмер.

Құдая, иманымды салауат қыл,

Ағайын қайда бізді іздеп келер? –



деп еді.

Жүзге  келермін.  келмеспін,  Алланың  ісі.  Алланың  қарызға  берген

өмірін ерте ме, кеш пе, əйтеуір, бір қайтарарың хақ.

Сонда, шіркін, менің қабірім сол Ақ Орданың түбінде қалса... Қара

орман  шулап  тұрса...  Күміс  қоңыраулы  еліктер  жайылып  жүрсе...

Қабірімде  шыққан  бір  түп  сəмбі  талына  сандуғаш  қонып,  Ай  сəулесі

астында  мəңгі-мəңгі  махаббат  жырын  жырлап  тұрса...  Ой,  дүние-ай

десеңші!




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет