Құқық қорғау қызметінің қағидаттары. Мемлекеттік қызметтің қағидаттарының жалпы көрінісі құқық қорғау қызметіне негіз бола алады.
Сонымен қатар құқық қорғау қызметінің арнайы қағидаттары да бар.
Құқық қорғау қызметкерлерінің құқығы, міндеттері және жауапкершілігі. Құқық қорғау қызметкерлері мемлекеттік биліктің өкілі болғандықтан, мемлекеттің қорғауында болады. Қызметкерлердің Қазақстан Республикасының заңдылығында қарастырылып қойған талабын барлық азаматтар мен лауазымды адамдар орындауға міндетті. Құқық қорғау қызметінің қойған талабын орындамаған азамат заң алдында жауапқа тартылады.
Сонымен қатар құқық қорғау қызметкерін балағаттаған, қарсылық көрсеткен, қоқан-лоқы көрсеткен және өміріне, денсаулығына, абыройына қауіп төндірген жағдайда да заң алдында жауапкершілікке тартылады. Оған қоса құқық қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының және жолдастарының өміріне, денсаулығына, абыройына қауіп төндірген жағдайда да заң алдында жауапкершілікке тартылады.
Құқық қорғау қызметкерлерінің құқықтары:
лауазымдық міндеттерін атқару үшін қажетті ақпараттар мен материалдарды белгіленген тәртіппен алуға;
лауазымдық міндетерін атқарумен байланысты мемлекеттік органдарға, ұйымдарға олардың ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, белгіленген тәртіппен кіріп-шығуға;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз өмірінің, денсаулығының және мүлкінің, өз отбасы мүшелері өмірінің, денсаулығының және мүлкінің мемлекеттік қорғалуына.
Қызметкерлерге, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерін қоспағанда, атыс қаруы мен арнаулы құралдарды алып жүру, сақтау және қолдану құқығы беріледі. Олар дене күшін, оның ішінде, күрестің жауынгерлік тәсілдерін қолдануға да құқылы. Атыс қаруын, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдану тәртібі заңмен айқындалады.
Қызметкерлердің құқық қорғау қызметін өткеруге байланысты міндеттері:
Қазақстан Республикасының Конституциясын және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерінің сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз етуге;
заңмен көзделген тәртіп пен мерзімде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауға, олар бойынша қажетті шаралар қодануға;
мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны, оның ішінде құқық қорғау қызметін тоқтатқаннан кейін де, ол жөнінде қолхат бере отырып, заңмен белгіленген уақыт ішінде сақтауға;
қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған азаматтардың жеке өмірін, ар-намысын және қадір-қасиетін қозғайтын мәліметтерді құпия сақтауға және заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат беруді талап етпеуге.