ҰЛЫ ДАЛА тарихы
256
МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МҰРАТЫ – ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ
Қазақ хандығының құрылуын Керей мен Жәнібек хандардың Əбілқайыр ханға
өкпелеп кетуіне ғана байланыстырып қарайтындар да табылады. Біздіңше, жүз
мыңдаған халқы бар іргелі мемлекеттің құрылуына мұндай «өкпе» негізгі себеп
бола алмайды. Оның көптеген тарихи, әлеуметтік, экономикалық және саяси
астары, түпкі себептері болса керек.
Алып империяның құлауы айбарлы жұртты есеңгіретіп кетті. Халық қайырсыз
хандар мен әлсіз әміршілерден мезі болды. Ұлы мақсат пен ұйыстыратын ортақ
мүдденің жоқтығы елді күйзелтті. Дегенмен, әлі бодандықтың қамытын киіп
көрмеген бұла жұрт текті мінезінен айырыла қоймаған еді. Олар «еңку-еңку жер
шалған» есіл күндерді аңсады. Ел айырылған осындай алмағайып заманда
бұқараның тамырын тап басқан Жиренше шешен елді ынтымаққа шақырды,
абыз ақын Асан қайғы желмаяға мініп, құтты қоныс Жерұйық-Жиделібайсынды
іздеді. Сондықтан, біздіңше, Қазақ хандығы құрылуының түпкі астарында да Ибн
Халдун айтқандай, мүдде бірлігі жатты. Оны «Алаш аңсары», «Мәңгі Ел мұраты»
деп атауға болатын шығар.
Керей мен Жәнібек хандардың құрған жаңа мемлекеттің тұғыры ретінде Шу
өңірін таңдауында да осы асыл аңсар жатыр деп ойлаймыз. Бұл орайда, орта-
ғасырлық дереккөздері Шу өңірінің түрктер үшін қасиетті жер болып саналатынын
жазады. Мәселен, Гардизи «Суябқа жақын жерде түрктердің қасиетті тауы бар,
олар осы тауға табынып, соған серт береді. Олар «бұл Тәңірдің тұрағы» дейді»
деп атап көрсеткен
475
. Қытай деректері де Суяб қаласының солтүстігінде қасиетті
тауы түрк қағандарының тағына отыратынын айтады. Демек, Шу өңіріне бет бұрған
Қазақ хандығы тарихи жадыны жаңғыртып, байырғы Батыс түрк қағандығының
мемлекеттік дәстүрін қайта жалғап отыр.
Бұл орайда Елбасының Ұлытаудағы ұлағатты сөзінде қазақ халқының тарихи
тамырларын сонау ғұн, көктүрк және Алтын Орда дәуірімен сабақтастыра
қарауында үлкен мән бар деп ойлаймыз.
Көктүрктердің айбынды рухы дүркірей көтеріліп, Ұлы даланың арда ұлдары
ағайынның араздығына қарамай, түгел атқа қонды. Осы құтты қуатты бағалай,
бағыттай білген алғашқы қазақ хандары Дешті Қыпшақ даласын тұтас билеуді,
сол арқылы Жошы ұлысын - Алтын Орданы қайта қалпына келтіруді көздеді.
Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551жж.) «Тарихи Рашиди»
476
еңбегінде: «Қасым
хан күллі Дешті Қыпшақты бағындырып, Жошы ханнан соңғы уақытта ешкім қол
жеткізе алмаған табыстарға жетті. Оның әскерінің саны миллионға ұласты» деп
жазған. Сондықтан, Қазақ хандығын Алтын Орданың мұрагері деп атауға толық
негіз бар. Бұған көптеген себептер бар.
475
Бартольд, 1897, 78-126 с.
476
Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди, 2003.
|