Енінші тарау
«Құпия арыз,
шахта бастығына!
Кім соны шығарған бұл тас тұғырға?
Түбінде соған жауап бересің сен,
Тап болса шахта соның қастығына.
Әкесі – халық жауы, ұсталған сұм,
Бастық сен саясаттан тыс қалғансың.
Бөрінің бөлтірігін баурына сап,
Пердесін бейқамдықтың құшқан жансың.
Қастығын сезбедім деп міңгірлеме!
Сынады құрал-сайман күнде неге!
Білеміз, жаудың қолы жебір келер,
Адал жан бар құралды бүлдіре ме?!
Ескі деп құралыңды кеміткен кім?
Тағылды техникаға неліктен мін?
Жаңаны аңсап істі тоқыратқан,
Шахтаңда адамдар бар желіккен тым.
Дұшпанның әрекеті емес пе бұл?
Әншейін білместік деп егес пе құр!
Оқудан, комсомолдан қуылған жау,
Тығылған көзден таса белеске бұл.
Жоқ екен бастық сенде қырағылық,
Мүлде жат партияға мына қылық..
Аласта дұшпан Ақан Ақтаевты,
Құрисың, берсең егер бұған ырық!»
Осыны шұбар Шаукен оқығанда,
(Бұл арыз келді тыныш отырғанда).
Селк етіп ұшып тұрды, төбесінен
Ұқсады зеңбірек шын атылғанға.
Шошыды шағатындай қазір жылан,
Көрінді динамиттей арыз бұған.
Жарылып кететіндей әрең ұстап,
Жөнелді үйден бастық абыржыған.
«Уа, сұмдық, шыққыр көзім, нені көрген?
Қағазы жоқ еді ғой, соңғы жерден.
Айыпты бұған Ысқақ, берсін жауап,
Шахтаға осы сұмды сол жіберген.
Пәлеге шырмалдым ба білінбеген?»
Деп Шаукен дедектеген, күбірлеген.
Алдынан қызыл жаға шыға келсе,
Жүрегі жарылардай дірілдеген!
* * *
Ол отыр жердің түкпір қойнауында,
Құж-құж тас жусағандай қой маңында,
Қаттасып жатыр бықып, – айдап соны
Сықырлап темір тырма айналуда.
Шыңырау, кең шұңқырға алдындағы
Тоғытып тас тобырын, алқымдады.
Кейде ол терін сүртіп маңдайынан,
Ақырын анда-санда алқынады.
Таянды сменасы бітер бұл шақ,
Маңайын қалың кесек жатыр қоршап,
Жұлқынды Ақан соны ысыруға,
Асыра іс бітірсе, соған ол шат.
Ай өтті, ісі міне өрлегелі,
Алдында өзгелердің ол келеді.
Толтырып өнімін де, өлшемін де,
Күнде ол кідіріссіз келген еді.
Білді ол тек құралда істің еркі,
Жетуге жаңалыққа күшті серті.
Қазір жүр сырттан оқып, Орал жақтан,
Ақырғы курстың ол студенті.
Сарылып түнде талай көзін сүзіп,
Кітаптың ойды тартқан сөзін сызып,
Ойланып отыратын чертеждердің
Үлгісін қағазына сызып тізіп.
Өрнектеп үлгіні де көрді кеше,
Кім білсін, бастыққа ерсі көрінбесе?
Ұнатып алып кеткен соны Петя,
Жігіттің отыр соған көңлі өсе...
Сол ойын оймен тағы сыналады.
Жүзеге асса, шіркін, бұл талабы!
Қуанып қатты басты кнопканы,
Тас тергіш бірақ әрең сырғанады.
Тістесті сең тастармен, қаршылдады,
Басты тез барабаны, тартылмады,
Азуын тау топырға басқан тырма,
Тырбандап қалды, тасты қарпымады.
Қос тісі қалды сынып, омырылып...
– Ах, шіркін, ашылмаған сорым бүлік.
Болдым-ау байлағандай талайымды,
Тағы да тас тұйыққа соғылдырып.
Ұят-ау Лерадан да, серттесіп ек,
Тасудың қарқыны тез өктесін деп,
Бөгелді вагондары, кәрі тырма,
Шөккізіп қу түкпірге кетпесін тек...
* * *
Бірақ ол ойлап ұзақ отырмады,
Бұрылып тескен тауға артындағы,
Жүгіріп кете барды тар жылғамен,
Петяны іздеп тағы шақырғалы.
Міне ол бір қатпарға түсті төмен,
Вагондар мұнда зырғып тас тиеген.
Мұнда зор кеңістікте бір топ адам,
Сөйлескен, кеукілдесіп бастықпенен.
Парторг мұнда Сергей Иванович та,
Әлде бұл төтенше бір жиналыс па?
Тұр Петя шақылдасып Шәукенменен,
Ашумен жүзі түсіп қиналысқа:
– Мұныңыз бас сауғалап, бұрылу ма?
Жол бар ма жазықсызға ұрынуға?
Ақанның адал жанын шалдырмаймыз
Сермелген мынау жала құрығына.
Кәдімгі «жансыз жүйрік» жала хат бұл,
Әсілі сезілген жоқ ойы жат бір.
Міне үлгі, скребокты өзгертуге,
Сызған ол, ұшқыр ойлы, қандай тапқыр!
* * *
Шәукеннің ала көзі ажырайып,
Сұстанды, шыққандай сол сөзі лайық.
Ақанды атты көзбен, қимайтын не?
Арыз бар алақанда әзір айып.
– Шахтаға түсірген кім осы сұмды?
Тағы да тас тергіштің тісі сынды.
Мінеки, әрекет бұл сескенерлік!
Парторг, бейқам болма, түсін сырды...
Енгіздік мұны қалай ұямызға,
Бұл өзі қалай келді қия-құзға?
Шақырған сен шығарсың сүмелекті,
Сендейдің әрекетін тыямыз да!
Төзбеді құрыстанды Ысқақ бұған,
Мұндайға жан емес қой тіс қақпаған.
Сондай бір турашылдар аз болды ма,
Тізгінді пәлеқорға ұстатпаған!
– Сен қалай саясатқа нықсынасың?
Үрлеме жалақордың бықсымасын.
Сақтықты тілеп тұрсың өз басыңа,
Білмейсің бұл жігіттің түк кінәсін.
– Арызын Алматының бекер деме!
Оқудан бұл қуылған екен неге?
– Шәукен, сен қырағының шырағы боп,
Кеудеңді кере берме, кекеңдеме!
Ұштары бес бұрғының мұқалыпты,
Тістері тас тергіштің жұқарыпты.
Сондай көп тозған сайман, – десек те сен,
Қарысып өзгертпедің бір қалыпты.
Ақанның айыбы сол әкесі ме?
Сол үшін бұл да жаза өтесін бе?
Жоқ, Ақан адал жігіт... Тиіспе, сен, –
Деп Ысқақ тартты сөздің төтесіне...
Достарыңызбен бөлісу: |