ҮШІНШІ БӨЛІМ
Бірінші тарау
Қыз десе, қызығамыз, асығамыз,
Бәрінен махаббат қой асыл аңыз.
Білемін, бүлкілдеді бүйректерің,
Ақын-ау, қайда жүр деп Әсиямыз?
Емес қой бөгелгенім текке менің,
Ойымды қыз сырына көп бөледім.
Ақын да кіді жан ғой, Әсияға
Ақанмен мен де бірге өкпеледім.
Сүйгені рас еді, ыстық еді.
Сол шыққан қыздың тұңғыш күшті лебі,
Суымай жүрегімде жүріп ұзақ,
Айттырмай асыл ары қысты мені...
Аядым Ақанды да, сыр жасырдым,
Қия ма, қиналса да шын ғашығын, –
Сүйкімді Әсияны жазғырып құр,
Қалайша түсіремін сынға сырын?
Жоқ сен де, түсін терең жыр аңысын,
От жүрек табар еді жұбанышын –
Басымен әуре болып Ақан кетті,
Сезбеді, ескермеді қыз намысын.
Әлде сол суық қыстың ызғарында,
Салқындап сағынышы қызбады ма?
Не ойын бөлеп түгел қызу оқу,
Сол сүю қалғыды ма қыз жанында?
Асыққан жолаушы тез ызғып аса,
Қалса бір маздаған шоқ көзден таса,
Кетпей ме күңгірттеніп, егер бір жан
Қайтадан үрлемесе, қозғамаса?
Ал бірақ қыз жалыны жүректегі,
Көп жанды, сүю отын үдеткелі
Ақанды ойлап ұзақ өзге жанға
Қызғанып жүрек шоғын үрлетпеді...
Әсия сезімге де берілмеді,
Әсілі сырына қыз берік еді.
Жай сөйлеп Қарашқа да жымыңдаса,
Елжіреп сөз айтқанға ерімеді.
Берілді оқуына, осы тұста
Дипломдық жұмысы да асығыс та.
Әсия әуреленді емтиханмен,
Осылай әбігермен өтті қыс та.
* * *
Өтті қыс, жетті міне, жаз жарқырап,
Әсия Алматыдан алшағырақ.
Дүзіп жүр айдынында көкше көлдің,
Асланы ала түндік ақ шаңырақ,
Әлде бір сырласы ма, мұңдасы ма?
Әсия жалғыз емес, кім қасында?
Сүюдің қаршығасы қонды ма кеп,
Көңілдің көлеңкелі қиясына?
Оқусыз бүгін ғана күн алғашқы
Білімнің асуынан бүгін асты,
Инженер дипломын алмақ ертең
Сол үшін қыз көңілді, ықыласты.
Өңшең жас қиялдары есіп өрге,
Сайраңдап келген осы Есік көлге.
Есігін ертен ВУЗ-дың жабатын күн,
Кетер кез енді жаңа көшіп белге.
Бітті оқу, ми ашыған кетті кезең,
Бұлдырап бара жатыр өкпе деген.
Міне жаз, жібігендей ескі көңіл,
Бейне бір ерігендей қатқан өзен.
Қараш пен Әсия жүр көл бетінде,
Көл шіркін қыз қиялын тербетуде.
Себіліп күн сәулесі, су шымырлап,
Құбылған Әсияның келбеті де.
Ақ сағым көлдің алыс өріндегі,
Қарашқа алтын болып көрінеді.
Лебіне телегейдің лебін қосып,
Әсия оқтын-оқтын керіледі.
Қуанып Қараш соған күлімдеген,
Әсия түнергендей тынды неден?
Астында толқындардың Ақан жүзіп,
Секілді – әлде не деп күбірлеген.
Қалың жас, ол ғана жоқ арасында,
Тағдырдың түсті қалай таласына?
Өмір де толқындай ма төңкеріскен,
Турлаусыз тағдырдың бұл табасы ма?
Жарқ еткен сол махаббат сөнгені ме?
Әлде мен өрісіне сенбедім бе?
Басқадай жарды неге таппаймын мен
Ақаннан өзгелерді кем дедім бе?
Кездеспей көктемде бұл маған жайнап?
Жүр екен қайғы қуып қайда бейбақ?
Секірген толқындарды қолмен серпіп,
Әсия қазір солай отыр ойлап.
Қарашқа қарай қалып қасындағы,
(Қараса, күлуге ол асығады.
Қияшыл қыз қиялын қайдан білсін?
Өзі мәз үмітіне басындағы).
Болмады-ау арамызда Ақан бүгін?
Айтып ең сол жиынның қаталдығын,
Көнбедің, ол да біздей жас емес пе?
Жүрмей ме жайнап бізбен қатар бүгін?!
Әсия айтып соны суға қарап,
Күрсінді, көңілінен толқын тарап.
Ал Қараш, жаңа ғана жымыңдаған,
Сейледі жиын бардай түйіп қабақ.
– «Әсия, түсінбейсің әлі күнге,
Ақанның берілген соң тәліміне,
Қалайша қорғаймыз біз сондайларды,
Күйесін жұқтыратын дәуіріме.
Әкесі айдалған жау жер түбіне,
Онымен ұлының да серті бірге.
Қаскүнем болып шықты қазір Ақан,
Шырмалған шығар енді еркі мүлде.
Ондайлар лаң туғызар қиян-кескі,
Шахтадан қуалапты зиянкесті.
Хат алдым Жезқазғаннан, – ол енді жоқ,
Басыңнан кетсін енді қиял ескі.
– Солай ма, Ақан анық ұсталды ма? –
Әсия үнсіз қатты сұстанды да.
Қарады Қараш соған қызғанышпен,
Қызыл шоқ тұтанды да құштарында.
Қалай ол құтылады қиналыстан?
Жанында махаббаттан күй бар қысқан.
Жылы сөз сөйлегенсіп Әсияға,
Талай ол алып қайтқан жиналыстан.
Әуелде онысын қыз ұнатпады.
Талай ол телмірсе де тіл қатпады.
Жолдас қой оқитын бір үйреншікті,
Әсия жүрді көңлін жұбатқалы.
Ежелден махаббаттың түлкісі қыз,
Мәз болдық дәме көріп күлкісін біз.
Алданып қалмадық па жымиғанға,
Әуре боп ашылмайтын кілт үшін біз.
Қараш та пенде шіркін, жүрегі бар.
Оның да үміті бар, тілегі бар.
Айып па ғашық болса Әсияға,
Қысылған қыздан талай тілеп іңкәр.
Ол шешен сөйлегенде жиындарда,
Сөйлейтін сең соққандай биік жарға.
Ол әрең айтты сырын Әсияға,
Ғашыққа сөз таппаудан қиын бар ма?
– Әсия, ашып айтар сырым менің,
Айтуға бөгеліп көп жүріп едім.
Бес жылдан бері соққан жүрегіме,
Бір қабат мейріммен үңілмедің.
Жат жанға әурелендің, білемін мен,
Соның мен сақтап қалдым сілемінен.
Барма сен Жезді жаққа, бір болайық,
Мүсіркеп бақытыңды тіледім мен.
Қурайсың қуарған тас қаласында,
Аспирант оқуына қаласың ба?
Мен өзім жоғарғы бір мекемеңе
Келістім, сен де бірге қал осында.
Кешікпей көтерілер абыройым.
Сен үшін адал менің арым, ойым.
Екеуміз болсақ бірге бақыттымыз, –
Деп Қараш сілкігендей ауыр ойын.
Мұндайда оқыған қыз жалтақтай ма?
– Жоқ, болмас, еркіміз ғой барсақ қайда.
Білімпаз боламын деп қызықпаймын,
Барамын мыс балқытқан Қарсақпайға.
Бейнетпен өлген әкем осы маңда,
Сақтаған солар бізге – асыл онда.
Мен үшін әуре болма, мыспен қайнап,
Табармын бақытты бір тосып алда.
– Осы ма, – деді Қараш, – шешімің тек.
Ақаннын тиер еді кесірі көп,
Оқудан қуар еді мен болмасам,
Сені де сонда жаудың жесірі деп.
Айтты ол, жетпей сөздің байыбына.
– Сақтаған осы маған айыбың ба?
Ендеше бұр ойыңды менен, Қараш,
Бұрылсын жиекке тез қайығың да!..
Көңілсіз күй басқандай сырласқанды,
Кенеттен күңгірт бүркеп шың-тастарды,
Шудасын түйе бұлттар сілкіндіріп,
Асыр жел дүрліктіріп жүр аспанды.
Құрымды жамылғандай күміс шыңдар,
Төсіне үймелепті түтек-мұнар.
Ашушаң қатындай тез долданатын,
Кейде бір Алатаудың әдеті бар.
Аспанда бұлт пен дауыл қызған егес,
Әп-сәтте қыз бен жігіт бұзды кеңес.
Әсия аспандай сол түнерді де,
Алқынған Қарашқа сөз қозғар емес...
Білеміз қыз мінезі – ерке, кекшең.
Тартынар, тіл қадасаң, ентелеп сен.
Жігіттер қапы қалма, тіксінем деп,
Тегінде ериді қыз еркелетсең...
Достарыңызбен бөлісу: |