Жетінші тарау
Ол еркін кіріп еді бұл бөлмеге,
Аңырып тұрып қалды әлденеге?
Ішінде толы топтың өткір бір көз,
Есіктен енген бетте қалды төне.
Бірақ тез қағылды да кірпіктері,
Жалт берді көз жанары үркіп тегі,
Нажағай жарқ еткенде қараңғыда,
Бүркіт те селк етпей ме биіктегі, –
Сондай-ақ Ақан кенет абыржыды,
Жүректің аударылып ауыр зілі,
Оңаша болса бір сөз айтар еді,
Бөгеді бұлқынысын сабырлығы.
Отырды орындыққа ең шеттегі,
Әсия жан әлегін көрсетпеді.
Шегіндей домбыраның діріл қақты,
Түйілген тамырлары сыр шерткелі,
Сөз айтпай білдірді де тек пейілді,
Құйды Ысқақ қызыл, мөлдір портвейнді.
Әкесі ер кеншінің Анарқұл қарт,
Еске алды өткен сонау өрттей күнді.
Айтты ол өмірінің өткен жырын, –
Сұр тасқа маңдай сорын төккендігін.
Алысып алғашының үңгірінде,
Азабын талай боздақ шеккен бұрын.
– Жезқазған ағылшынның зынданы да,
Әлі де аянышы тұр жанымда.
Уа, шіркін, қандай еді біздің Байтас,
Іске де, тартысқа да тұлғалы да.
Өр мінез қорлығына бағынсын ба?
Келетін ылғи қарсы ағылшынға.
Кенеттен забой құлап қаза тапты,
Жетпеді еркіндіктің ағысына.
Тартыпты Әсияжан дәл өзіне,
Жанары әкесінің тұр көзінде.
Байқадым, бөбегінде көріп едім,
Шырылдап жетім қалған сол кезінде.
Оқыды, өсті шаттық уақытында,
Өскен жоқ әкесіндей батып мұңға.
Арнадым тілегімді Әсияжан,
Алдағы өміріңе, бақытыңа.
Сол үшін сергі кәне, тост ал, шырақ! –
Қарт сөзін әрең ғана тосқан шыдап,
Әсия қағып қалды кірпіктерін,
Кесеге түсті моншақ жас тамшылап.
Ақан да қарай қалды: мейірім тілеп,
Баяғы қос жанары тұр мөлдіреп.
Алмадай қызыл жүзі ашаң тартып,
Көрінді бұрынғыдан сүйкімдірек.
Өткен қыс өзгерткен бе қыз келбетін?
Әлдекім әдемілеп сүйген бетін?
Әлде бұл әдеті ме табиғаттың
Қыз өссе сұлулықтан сый беретін?
Ақан тез көз қиығын бұрып алды.
Басында басқа бір ой буырқанды.
Рюмкасын еппен изеп Әсияға,
Жұтты да төмен қарап тұрып калды...
* * *
Тұңғиық қалдырса да сыр-тілекті,
Сол көру қиялдарын бұрып өтті.
Ақанның кеудесінде содан бері,
Беймаза ой шіркіндер дүбірлетті.
Құлшынды іске, соны ұмытқалы,
Бірақ ол от қызуын суытпады.
Көрінбей ширатылды, үзілмеген
Жүректің сол баяғы суыртпағы.
Сол кеште тартып ойын толқымады,
Тіл қатпай тосты қалың сыр туралы,
Көз тіккен Әсияға оқта-текте,
Өкпесін, өкінішін серпіп әрі.
Сондай-ақ бар ма қатқан зілді кегі?
От еді Әсияның назды лебі.
«Айрылдың асыл жаннан қайтіп қана?»
Деп кеше Лера тағы әзілдеді.
Ах, Лера! Дәйім өзі мәз көңілді,
Білмейді бір кеюді, өзгеруді.
Өзінің Петясына сүйінішті,
Білмейді сынық, суық сөзге еруді.
Достары қайғырмаса қуанышты.
Сылтау қып бүгін міне демалысты,
Шақырып Қарсақпайдан Әсияны,
Үйінде оңаша бір сыр алысты.
Осыны біліп Ақан асығады.
Қалайша жан күйігін жасырады?
Сол үйге жөнел Ақан жылдамырақ? –
Қай сабаз махаббатқа бас ұрмады?
* * *
Куә қып көктің алтын жұлдыздарын,
Өткізді оңашада түн ұзағын.
Қалқалап күншіл айға тал үкісін,
Екеуі тарқатып тұр сыр дұзағын.
Егер шын жалындаса ынтызарын,
Құны не сұр өкпенің, құр ызаның?
Жайдың бір жаңылысын жіпке тізіп,
Оралған бақытыңды қуғызғаның!
Дарыттым өздеріне өр ойымды,
Қалайша кіналайын геройымды?
Мін емес, екеуінің жүрегіне,
Сүюдің тағдыры бұл тең қойылды.
Көзіне Әсияның мөлдіреген,
Ақан да айтып назын төнді төмен.
– Ақ болсаң Қараштан сен, мен өзіңді
Сүйіскен сол алғашқы күндей көрем.
Мұндайда түйген сырын жасыра ма?
Күйігін айтып қалды Әсия да:
– Қалаған жекжат қызың бар деп еді,
Шынымен сол сүйгенің қасыңда ма?
– Сендің бе Қараштардың өсегіне,
Сенсіз мен түйінімді шешемін бе?
Көремін қарындастай Еркежанды,
Берілмей мүддесіне шешенің де.
Кінә мен күдіктердің жауып бәрін,
Кіршіксіз махаббатты шақырамын.
Жалғашы жүрегіме жүрегіңді,
Жайнатшы жас шағымның жапырағын...
Киіктей жаутаңдаған тау ығында,
Серігін таппай күздің дауылында,
Алқынған Әсияны сол ыстық сөз,
Ақанның тартты ыстық бауырына.
Өмірдің қызық жолы, биік арман,
Бакыт қой қиындықты киіп жарған.
Күш қайда камалайтын құштарыңды,
Ескі бір күдік үшін ұйып қалған?
Әсия тербелді де жан тереңі
Ақанды құшты қатты, – айтар еді:
Күшті деп сонау тұңғыш сүйістен де,
Болса тек Алматының байтерегі.
Осыны көріп Лера тасалана,
(Ұзатқан өзі еді ғой осы араға).
Күлімдеп кетті кейін, тек ай ғана
Екеуін аңдып төнген қасақана...
Достарыңызбен бөлісу: |