-гүл, -шешек: бөрігүл, жанаргүл, көкбасгүл, наргүл, көкшегүл, қозыгүл, меруертгүл, намазгүл, секпілгүл, таугүл (омандр), шегіргүл, ымыртгүл, ақшешек, байшешек, гүлшешек т.б.
-тамыр:көгентамыр, қаратамыр, алтынтамыр, майтамыр, маралтамыр, мыңтамыр, бояутамыр т.б.
-қат, -жеміс, -жидек, -бүлдірген: бөріжеміс, қаражеміс, иіржеміс, бөріқарақат, қарақарат, қожақат, қойқарақат, қызылқат, тасқарақат, итбүлдірген, қойбүлдірген, тасбүлдірген, субүлдірген, итжидек, қаражидек т.б.
-жапырақ: айылжапырақ, бұйражапырақ, теңгежапырақ, жаужапырақ, мүйізжапырақ, мыңжапырақ, тасжапырақ, тікенжапырақ, түйежапырақ, шүкіржапырақ т.б
-тікен: бозтікен, қаратікен, түйетікен т.б.
§ 25. Құрама сөздердің ішінде біріккен сөздердің қатарына қосып, бірге жазуға таяныш болатын тағы бір белгі бар. Ол – құрама сөз сыңарларының, мысалы, шөп, көк, от, құрақ, шалғын, қурай, ағаш, егін тәрізді жалпылама мәнде болуы. Дерексіз сипаттағы бұл зат есімдер белгілі бір сөздің сүйемелімен ғана нақты бір заттың (өсімдіктің) атауы болып жұмсалады. Сондықтан бір сыңары дерексіз сипаттағы құрама сөздердің осы түрін де біріккен сөз деп танып, бірге жазуға болады.
-шөп: айдаршөп, айланшөп, ащы қарашөп, әлекшөп, бауыршөп, ойраншөп, бөденешөп, кенешөп, жебіршөп, жұлдызшөп, жұмыршөп, көкешөп, кірпішөп, қандышөп, кененшөп, қарғашөп, қорғасыншөп, қояншөп, шайшөп, сабыншөп, өгейшөп, сағызшөп, сүйелшөп, томағашөп т.б.
-от: ақот, қараот, киікот, балықот, маралот, семізот, бақаот т.б.
-қияқ: айылқияқ, жыланқияқ, қарақияқ, өлеңқияқ т.б.
-егін, -құрақ, -балғын, -шалғын: ақегін, көкегін, балқұрақ, бозшалғын, ақшалғын т.б.
-қурай:ақбасқурай, балқурай, қарақурай, сарыбасқурай, сепсеқурай, қызылқурай, аққурай, талқурай (вербейник) т.б.
-ағаш, -көк, -тал: әулиеағаш, қараағаш, қандыағаш, қызылағаш, сарыағаш, жаманкөк, балдыркөк, ашкөк, көктал (ива сизая), қаратал, сауыттал, қызытал, сабаутал, жылауытал, т.б.
Бірақ бұл қатарға изафетті тіркестің екінші түрінен (алма ағашы, өрік ағашы, сандал ағашы) ықшамдалып жасалған күрделі атаулар (алма ағаш, өрік ағаш, сандал ағаш) жатпайды.
Соңғы сыңарлары құс тәрізді жалпылама сөзбен келген құс атауларының да жазылуы осы тәрізді: қарақұс, сарықұс, сұршқұс. Бір сыңары жалпылама мәнде жұмсалатын мұндай сөздердің қатарына –аралық, -тану, -құмар, -жанды тәрізді дерексіз ұғымдағы сөздер арқылы жасалған біріккен сөздерді жатқызуға болады: ауданаралық, мектепаралық, облысаралық, қалааралық, колхозаралық, пәнаралық; абайтану, жамбылтану, әуезовтану, шығыстану, ұйғыртану, жаратылыстану, қоғамтану; дүниеқұмар, малқұмар, қызықұмар, әнқұмар, шенқұмар; малжанды, балажанды, әйелжанды, күйеужанды т.б.
Ал бұл айтылғандарға керісінше, соңғы сыңары жалпылама мәнді сөздердің бірі болмай, нақты бір өсімдіктің (мия, қылша, қонақ, қаңбақ, кекіре, жусан т.б). я болмаса құстың (тырна, шағала, бүркіт, торғай т.б.) атауы болып келсе, олар күрделі зат есімдер деоініп, бөлек жазылады. Өйткені нақты бір заттың атауы болып табылатын бұл сөздер бүтіннің бөлшегі ретінде жұмсалатын немесе жалпылама мәнде қолданылатын есімдерге қарағанда құрама сөз құрамындағы дербестігін біршама сақтап отырады. Сондықтан олар біріккен сөз емес, күрделі сөздер (күрделі есімдер) деп танылады да, әр сыңары бөлек-бөлек тұлғаланады.
Мысалы: көк мия, ешкі мия, ақ мия; қызылтамыр қылша, тау қылша, мойнақ қылша, бұйра қылша; ақ қонақ, ит қонақ, қарабас қонақ, тау қонақ, күріш қонақ; бал қаңбақ, сор қаңбақ, май қаңбақ, ебе қаңбақ; түйе шетен (пижма), май шетен, гүл шетен; көк кекіре, ақ кекіре, сары кекіре, у кекіре; ас бұршақ (горох), бөру бұршақ, түйе бұршақ; шағыр жусан, құм жусан, ақбас жусан, қара жусан, сарбас жусан, бөрте жусан, мығыр жусан, мық жусан, түйе жусан т.б. Екінші сыңары нақты бір құстың атын білдіретін күрделі құс атаулары да осы ізбек жазылады: сақалды тырна, ақбас тырна (журавль красавка), ақ тырна; ақ шағала, өгіз шағала, байбай шағала, су шағала; су бүркіт (орлан), саржақ су бүркіт, құм бүркіт, қыр бүркіт, шөл бүркіт, мола бүркіт, тұз бүркіт; итала қаз, сарала қаз, қара қаз, қоқи қаз, қараша қаз, қоңыр қаз; меңіреу құр, ақ құр; су құрқылтай; кегір үйрек, көкала үйрек, көкмойын үйрек, ақбас үйрек т.б.
Айдарлы торғай, ақбас торғай, ақкөт торғай, алақанат торғай, бұйра торғай, бұқпа торғай, балшықшы торғай, барылдақ торғай, барылдауық торғай, боз торғай, бозша торғай, дарылдауық торғай, дорабас торғай, жасыл торғай (сойка), жүрдек торғай, жылпылдақ торғай, жыршы торғай, зіңкілдек торғай, кезеген торғай, көбелек торғай, көкала торғай (трясогузка белая), көкқасқа торғай (зәузе), қараала торғай, қарабауыр торғай, құшынаш торғай, қара торғай, сібір қара торғайы, қожабас торғай, қотыр торғай, қызылбас торғай, қызылқұйрық торғай, майкөт торғай, мақтан торғай, ноғайбас торғай, мысық торғай (иволга, немесе сарғалдақ), пайыз торғай (щегол), сайрауық торғай, сарала торғай, сарыбауыр торғай, сары торғай, суық торғай (снегирь), сұрша торғай, үрпекбас торғай, шөже торғай, шөжебас торғай, шөпек торғай, шырша торғай, шырылдауық торғай т.б.
Бұл жерде қарабас қонақ, ақбас жусан, суаяқ торғай, қарабауыр торғай, қожабас торғай, қызылқұйрық торғай тәрізді үш сыңарлы құрама есімдердің жазылуына назар аударуға тура келеді. Үш сыңарлы мұндай құрама есімдердің алғашқы екі сыңарын бірге жазу тиімді көрінеді. Өйткені бірінші екі сыңарды бір-бірінен бөле-жара қарау олардың семантикалық тұтастығына қайшы келеді. Мысалы, ақбас жусан атауын «ақ» бөліп алып «бас жусан», суаяқ торғай дегенді «су» сөзінен бөліп «аяқ торғай» деп қолдану мүмкін емес. Бұл – құрама сөзінің алғашқы екі сыңарының, соңғысымен салыстырғанда, идиоматизацияланғандығын көрсетеді. Алғашқы екі сыңардың біріккен сөз екендігін мынадай құбылыстан да байқауға болады. Үш сыңарлы құрама атаудың кей жағдайда үшінші сыңары эллипсиске ұшырап айтылғанмен, қалған екі сыңары бәрібір сол заттың атауы болып жұмсала береді. Мысалы: қарабауыр торғай>қарабауыр, қызылқұйрық торғай>қызылқұйрық, көкмойын үйрек>көкмойын, қодірен бидай>қодірен, қосауыз мылтық>қосауыз, ақиық сұңқар>ақиық, аққұйрық арлан>аққұйрық т.б.
§ 26. Соңғы жылдарда екінші сыңары әр түрлі грамматикалық тұлғада келген құрама сөздердің бір тобын біріккен сөз деп танып, бірге тұлғалау жазу тәжірибесінде кездесе бастады:
а) жатыпатар, алыпсатар, қанішер, батаоқыр, бақанаттар, ұйқыашар, жолашар, күнқағар, тоқымқағар т.б.;
ә) көріпкел, шауыпкел;
б) құлақкесті, көкейкесті, тұяқтесті, жүрекжарды, жұмысбасты, ерғашты, қағазбасты, етекбасты, шаруабасты, жолсоқты т.б.;
в) қағаберіс, кіреберіс, тастайберіс, құлайберіс, шығаберіс, жатаберіс т.б.;
г) күншығыс, күнбатыс, бетбұрыс, беталыс т.б. Бұл типтес құрама сөздерді біріккен күйде жазуға негіз болатын белгі – етістік тұлғалардың деграмматизациялануы.
§ 27. Бір сыңары көптік жалғауымен келген құрама сөздердің бір тобын біріккен сөз ретінде бірге жазу ғылыми әдебиетте жиі кездесіп отырады. Солардың біралуаны мына тәрізді: бассүйексіздер, баскөкіректілер, буынаяқтылар, түзуқанаттылар, түзутұмсықтылар, қосмекенділер, ашатұяқтылар, еттұмсықтылар, мүйізтұмсықтылар, сүтқоректілер, тамыратпалылар, тамыртүйнектілер, күрделігүлділер, қосжыныстылар, шатыршагүлділер, тамыржемістілер, бүрұялылар т.б.
Алайда түзу тұмсықты құстар, ет тұмсықты жануарлар дегенді бөлек-бөлек жазып, түзутұмсықтылар, еттұмсықтылар дегенді бірге жазуымыз, сырт қарағанда бірізді көрінбейді. Бірақ бұлай жазуды мүлде жүйесіз деуге болмайды. Мысалы, мұндағы заңдылық – құрама сөз сыңарының эллипске ұшырауы, тіркестің ықшам түрде айтылып, біріккен сөзге айналуы; бір ұялы өсімдіктер>бірұялылар. Ал құрама сөздің эллипске ұшырамаған түрі бөлек-бөлек тұлғаланады: сүт қоректі жануарлар, тамыр түйнекті өсімдіктер т.б.
Бұл жерде –лар, -лер қосымшасының грамматикалық мағынасымен бірге, тым айқын болмаса да, сөз «ұластырушылық» қасиеті бар тәрізді. Осы екі топтағы (§ 26, § 27) сөздердің бірге жазылуының шегі бар. Оларға сырттай ұқсас тіркестердің бәрі бірдей біріктіріліп жазыла бермейді. Бұл жерде олардың этнографиялық мазмұнда жұмсалуы (батаоқыр, бақанаттар, тоқымқағар), терминдік немесе номенклатуралық мәнде қолданылуы (алыпсатар, бассүйексіздер, тамыртапалылар т.б.), субстанциялануы (көріпкел, жүрекжарды, жатыпатар т.б.) тәрізді ерекшеліктері ескерілуі тиіс. Ал өзге жағдайда мұндай құрама сөздердің бірге жазылуына регламент қою қажет.
Осы күнгі баспасөз беттерінде батысгерманиялық, шығысқазақстандық, ортаазиялық, оңтүстікқазақстандық, солтүстікқазақстандық тәрізді құрама сөздерді бірге жазу дағдысы жиі кездесе бастады. Тегінде, бұлай жазу орыс тіліндегі үлгіге арқа сүйеу тәрізді. Дегенмен тіл тәжібесінде қолайсыз болса, өзге тілдік ешбір үлгі өміршең бола алмас еді. Бұл жерде шығысқазастандық деп біріктіріп жазу –дық, -дік қосымшасының –лар, -лер тәрізді «ұластырушы» қасиетіне сәйкес келетін секілді. Ал –лық, -лік қосымшасыз келген құрама сөздің бұл түрі Орта Азия, Батыс Германия, Шығыс Қазақстан түрінде бөлек-бөлек тұлғаланады.
Сонымен, құрама сөз сыңарларының біріккен сөзге айналуының бірнеше жолдары бар екендігіне назар аудардық. Олар – а) дыбыстық-семантикалық контаминацияға ұшырап барып, біріккен сөзге айналуы: жарғанат (жарғақ қанат), ендігәрі (ендегінен әрі), білезік (білек жүзік), әйтпесе (олай етпесе), қайтіп (қалай етіп); ә) құрама сөз сыңарлары мағыналарының көмескіленуі барысында біріккен сөзге айналуы: жаужұмыр, желінсау,желтоқсан; б) әр басқа екі сөздің тіркесе келіп, үшінші бір өзгеше мағынаны білдіруы арқылы біріккен сөзге айналуы: орынбасар, оттегі, кәсіпорын, өнеркәсіп, алақоржын (тышқан). Біріккен сөздің бұл аталған түрлері бұрын-соңды шыққан зерттеулерде тиісті дәрежеде, әр қырынан қарастырылған25. Міне, осы айтылғандарға қоса біріккен сөздің тағы мынадай түрлері бар деуге болатын тәрізді. Олар, жоғарыда айтылғандай, құрама сөз сыңарларының жалпылама мәнде, дерексіз сипатта жұмсалуының негізінде жасалған біріккен сөздер. Мысалы: сарықұс, қарақұс, қандыағаш, тасжапырақ т.б. және құрама сөз сыңарының бүтіннің бөлшегі ретінде жұмсалуынан жасалған біріккен сөздер: темірқанат (құс), бізтұмсық (құс), тоқалтіс, ақшұнақ (тышқанның түрі), мұзбалақ, кейқұйрық,балтатұмсық (құс), қаратамыр (өс.), қозыгүл (өс.), ақсақал, қосаяқ, қосауыз т.б.
Осы айталғандарға құрама сөз компоненттерінің деграмматизациялануы, эллипске ұшырауы, субстанциялануы, кейбір қосымшалар (-лар, -лер,-лық, -лік) арқылы «ұласуы» тәрізділерді қоссақ, сөздердің бірге жазылуы аса күрделі, аса қиын мәселе екендігін көреміз.
Бірақ біздің мақсатымыз құрама сөздердің бұл айтылған типтерін біріккен сөз деп танимыз ба, жоқ па дегенге үзілді-кесілді жауап беріп, дәлелдеп шығу емес. Бұл жерде біз құрама сөздердің мұндай түрлерін, әсіресе соңғы жылдарда, біріктіріп жаза бастаудың нышаны бар екендігіне және бұлай жазудың негізсіз еместігіне назар аударуды мақсат еттік.
§ 28. Ереже бойынша (1957 ж.) шылау сөздердің жазылуы үш топқа бөлінеді: а) шылаулар негізінде бөлек жазылады. Мысалы: сабақтан кейін, жиналысқа дейін; қағаз да, қарындаш та; қалам мен сия; аз ба, көп пе?, ә) ау, ай, мыс, міс, ды, ді, дағы, сынды шылаулары өздерінен бұрынғы сөздерден дефис (-) арқылы жазылады; б) ма, ме (ба,бе, па, пе) сұраулық шылау түбір мен қосымша арасында қоданылғанда, -мы, -мі, -бы, -бі, -пы, -пі болып өзгерген қалпында жазылады. Мысалы: келемісің, айтыппысың? Шылау сөздердің жазылуы туралы бұл ереже Анықтағышта (1974 ж.) толықтырыла түсті. Мысалы, Ережеде (1957 ж.) түбір мен қосымшаның аралығында келетін бір ғана ма, ме, (ба, бе, па, пе) шылауының қалай жазылатындығы берілсе, Анықтағышта (1974 ж.) бұл пункт толықтырылып, да, де, -ақ шылауларының түбір мен қосымшаның аралығындағы жазылуы былайша көрсетілген: осы үйдің ұлыдамын, қызыдамын; әңгіме айтуға жоқақпын (45-б.). Сондай-ақ сынды (Баян сынды, Төлеген сынды) шылауы осы Ереже бойынша дефис арқылы жазылады делінсе, ал Анықтағышта (1974 ж.) бұл шылау негізгі сөзден бөлек жазылады деп көрсетілген. Күнделікті жазу тәжірибесінде де сынды шылауының негізгі сөзден бөлек тұлғаланып жүргендігін кездестіруге болады. Тегінде, сынды шылауын негізгі сөзден бөлек жазудың тиімді жағы бар. Өйткені бұл шылау тәрізді, секілді, іспетті т.б. көмекші сөздермен негізгі сөзден бөлек жазылатын ұқсату мәніндегі шылаулармен мағыналық бір топ құрайды.
Жалпы қағида бойынша ақ, ай, ау демеуліктері негізгі сөзден бөлек, дефис арқылы жазылады: айтасың-ақ, барады-ау, дүние-ай, қызық-ай т.б. Ал осы демеуліктердің одағайға жалғанғандағы жазылуы әркелкі. Мысалы, Орфографиялық сөздікте (1978 ж.) япыр-ай, япыр-ау, япырым-ау, ойпыр-ау, апырым-ау, ал Анықтағышта (1974 ж.) бұл тәрізді демеуліктер япырай, ойпырау т.б.түрінде жазылады деп көрсетілген. Тегінде, ай, ау демеулігінің кейбір сөздермен бірге жазылуының себебі бар. Оны одағайдың жеке сөз ретінде дербестігін жоғалтып, демеулікпен ұласып кетуіне байланысты деп түсінуге болады. Осылардың қатарына әттегенай одағайын да қосуға болады. Шындығында, мұндағы демеуліктер негізгі сөзбен кірігіп кеткен. Япырмай, әттегенай дегендерді ешкім иә-пірім, әйт-деген-ай деп бөле-жара қарамайды. Біріктіріле тұлғалануы еш дау туғызбайтын алақай,айхай, ойбай тәрізді одағайлардың жазылуының бұл сөздерден айырмасы жоқ, бәрі де типологиялық бір типке жатады. Ау, ай демеуліктерінің кейбір одағайлармен кірігіп кеткендігі сонша, сол демеулік шылаудың үстіне тағы бір демеулік үстемелене жұмсалады (мұндай жағдайда соңғы демеулік дефис арқылы жазылады) алақай-ай, ойбай-ау т.б.
Сонымен, дербестігі жоқ, тек демеуліктермен жұмсалатын одағайлардың жазылуы бір басқа да (япырай, япырымау, әттегенай), демеуліксіз де қолданыла беретін одағайлардың, (мысалы, о бәтір, ой бәрекелді тәрізділердің) жазылуы бір басқа болуға тиіс. Соңғы топтағы одағайлармен қолданылатын демеуліктер дефис арқылы жазылады: бәтір-ау, бәрекелді-ай, тәңір-ай, шіркін-ай, әттең-ай. Ай демеулігінің дәстүрлі орнынан ауытқып, түбір мен қосымшаның аралығында жұмсалуы сөз қолданыста ара-тұра болса да кездесіп қалып отырады:
«О тәңірайшыл» кер есек,
Қулық-сұмдық не өсек.
Болмаған соң бір есеп,
Мейлі қамқа, мейлі бөз,
(Абай)