Деген болатын



бет2/31
Дата06.10.2024
өлшемі163,39 Kb.
#146938
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   31
Байланысты:
Уәли Н Алдашева

ФОНЕМА, ДЫБЫС ЖӘНЕ ӘРІП

§2. Қазақ тілі бітім-тұлғасы жағынан өзге де түркі тілдері тәрізді жалғамалы тілдердің қатарына жатады. Сондықтан да түрлі-түрлі лексика-грамматикалық амалдардың барлығы дерлік сөз тудырушы, сөз түрлендіруші қосымшалары арқылы жасалады. Сөздің түрлі қосымшалармен түрлену барысында түбір мен қосымшаның жігінде әр түрлі дыбыстық құбылыстар (ассимиляция, аккомодация, абсорбция, лабиалды аттракция, палаталды аттракция, диссимиляция, метатеза, диэреза, протеза, редукция, т.б.) пайда болады. Неліктен бұлай жазылады, неге басқаша жазылмайды? Дыбыс өзгерістерінің орфографиясындағы көрінісі қандай? Түбірдің қосымшалардағы дыбысқа, керісінше, қосымшалардағы дыбыстардың түбірге тигізер әсер-ықпалы болады. Жазу тәжірибесінде мұндай құбылыстардың бәрін бірдей ескері қажет пе? Бұлардың қайсысы еленеді, қайсысы еленбейді? Алайда, сырт қарағанда, [башшы], [жұмұшшы], [сеңгейсің], [сембісің], [ылашшыз] деп жазбай, басшы, жұмысшы, сенгейсің, сенбісің, лажсыз деп таңбалауымыздың себебі өзінен-өзі түсінікті де тәрізді. Бұлай жазудағы мақсат – сөздің «түбірін» сақтау. Мұндай дәстүрлі түсінік, тіпті мектеп оқушыларына да белгілі. Бірақ, сөздердің барлығы бірдей осы қағида бойынша жазыла ма? Бірқыдыру сөздерді басшы, жұмысшы, сөзшең, ақ алма деп «түбір» сақтап жазып, [ш]-ның [с], [з]-ға, <а>-ның <қ>-ға тигізер әсерін ескермейміз7, ал бірсыпыра сөздердің жазылуына келгенде ақ – ағар, жоқ – жоғал, теп – теуіп, тарақ – тарағы деп жазып, дауыстылардың дауыссыздарға тигізер әсерін ескеруіміз неліктен? Сөздің түбірі ағ-, жоғ-, теу-, тарағ- емес қой? Бірде олай, бірде бұлай жазуымыз, бәлкім, қосымшалардың сөз мағынасын өзгерту қабілетіне байланысты болар? Бірақ бұлай деуімізге негіз жоқ. Өйткені бұл арада қосымшалармен түрленген сөздердің қай-қайсысының да лексика-грамматикалық мағынасы өзгермей қалған жоқ. Міне, бұл тәрізді сауалдардың жауабын іздесек, мәселе әлдеқайда күрделене түседі. Сонымен, қазақ орфографиясының бұл тәрізді принципті мәселелері, жекелеген жайттары арнайы зерттелмесе, бірсыпыра сөздердің жазылуы тиянақты шешімін таппай, жазу тәжірибесінде ала-құлалық тудыруы ықтимал. Мұндай кемшілік жалпы жазу мәдениетін төмендетері сөзсіз. Жазу мәдениеті төмен болса, әдеби тілдің коммуникациялық қызметі де айтарлықтай болмайды.


Тілдік системаға, оның құрылымдық жүйесіне орфографияның сәйкес болуы қажет. Сонда ғана тілдің жазбаша және ауызша түрлері бір-бірінен алшақ, кереғар кетпейді. Алайда мұндай талап тілдің жазбаша және ауызша түрінің айырмасын мүлдем жойып, ерекшелігін елемеу деген сөз. Ауызша сөйлеуде интонация, сөздердің ерекше мәнермен айтылуы, ой екпіні, эмфазалық құбылыс т.б. толып жатқан дыбыс заңдылықтары болады. Олардың бәрін бірдей жазуда таңбалау мүмкін емес. Тіл тарихында ондай жазу болған да емес. Бернард Шоудың «иә» деп айтудың елу түрлі, «жоқ» деп айтудың бес жүз түрлі тәсілі бар, ал оларды жазудың амалы біреу-ақ деген сөзі осы орайда айтылған. Қой, түн, жаз тәрізді сөздердің айтылуы мен жазылуында айырма жоққа тән. Бірақ тілімізде көптеген сөздің айтылуы мен жазылуы бір-бірімен сәйкес келе бермейді. Мысалы, [қоралат]; [төрөгөрсең, тоналарсың] (мақал) деп айтылғанымен, өзгеше жазамыз.
Қарым-қатынасқа түскенде сөздер белгілі бір орфографиялық заңдылыққа орай бір-бірімен ұласа айтылып, бір-біріне ықпал жасап, әр түрлі фонетикалық өзгеріске ұшырайды. Ал осындай жүйені елемей, тілдік дыбыстарды нақпа-нақ айтсақ, сөздің дыбысталудағы тұтастығы бұзылып, дыбыстау мүшелеріне айрықша күш түседі. Сөйлеуде дыбыстардың бір-біріне әсер етіп, ықпалын тигізіп, ұласа айтылуы – мәнді фонетикалық құбылыс. Бірақ аса маңызды бола тұра бұл құбылыстың бәрі бірдей жазуда еленбейді.
Өйткені жазу – «жүгіртіп» оқуға жеңіл, қабылдауға қолайлы болуы қажет. Жазудың (письмо) мақсаты сөздің айтылыуы мен дыбысталуын дәлме-дәл көшіру емес, қандайда болсын белгілі бір ойды хабарлау. Егер қоралы ат, төреге ерсең, тоналарсың дегендерді айтылуынша жазсақ (қоралат па, қоралы ат па, «төреге ерсең, тоналарсың әлде төре көрсең, тон аларсың» ба?), информацияны қабылдауды күрделендіре түсер еді де, артық энергия жұмсауға тура келер еді. Сондай-ақ (бірғанатты гөрдү) дегенді «бір ғана атты көрді», «бір қанатты көрді» деп әр түрлі ұғынуы мүмкін. Сөз ішіндегі, тіркес шеніндегі дыбыстардың бір-біріне тигізер позициялық, комбинаторлық әсер-ықпалын ескермей, дыбыстардың фонематикалық мәнін сақтап жазу тексті қиындықсыз, кедергісіз оқуға мүмкіндік береді. Бұл – жазудағы (графикадағы) фонематикалық принцип.
Бірақ фонемалардың «мәнін» сақтап жазу дегенді қалай түсінуге болады?
Фонемалардың әр түрлі позициялық, комбинаторлық реңктері болатыны белгілі. Ол реңктер (оттенок, аллафон) белгілі бір фонетикалық қоршауда көрінеді. Мысалы, [н]-ның сөз басында, сонорлармен іргелес келгенде, жуан, жіңішке, еріндік, езулік дауыстылармен қатар айтылғанда т.б. фонетикалық жағдайларға тәуелді әр қилы реңктері болады. Қысқасы, фонетикалық жағдай қанша болса, фонеманың соншама реңкі болады. Бірақ солардың ішінде фонемалық қоршауға неғұрлым тәуелсіздері негізгі реңк те, қалғандары қосымша реңк болады.
Мысалы, бүгін, бүгінгі сөздеріндегі [н]-ның фонетикалық жағдайға тәуелділігі бірдей емес. Бүгін сөзіндегі [н]-ға қарағанда бүгінгі сөзіндегі [н]-ның дыбыстық қоршауға тәуелділігі әлдеқайда басым [бүгүңгү]. Әрине, дыбыстардың барлық реңктерін ғылыми зерттеулерде болмаса, жазуда көрсетудің мәні жоқ. Жазуда фонеманың сөзтанымдық қызмет атқаратын негізгі реңкі ғана белгіленеді. Морфеманың фонемалық мәнін сақтап жазу дегенді осылайша түсінуге болады.
Сонымен, фонема – дыбыс – жазу бір-бірімен тығыз байланысты. Алайда фонемалардың негізгі реңктері мен қосымша реңкін ажыратудың өз қиындығы бар. Мысалы, тон, төн, таң, тән дегендегі <т> бірде жуан, бірде жіңішке реңкте жұмсалып тұр. Бұл екі реңктің де фонетикалық ортаға тәуелділігі бірдей. Сондықтан <т>-ның негізгі реңкі жуан [т] немесе жіңішке [т] деу қиын. Осыған байланысты алфавиттегі Т әрпі жуан [Т]-ның немесе жіңішке [Т]-ның өкілі деп үзілді-кесілді айту тағы қиын. Сырт қарағанда мұндағы жуан, жіңішке реңк тепе-тең сияқты. Дегенмен бұл екі реңктің бірін негізгі, бірін қосалқы деуге болады. Оны қарапайым мынадай тәжірибеден байқауға болады. Мысалы, филолог емес әр түрлі аудиторияда тұн, түн тәрізді сөздерді тақтаға жазып, «бұл сөздерде қандай дыбыс бар?» деген сұрауға [т], [ұ], [ң], [ү] дыбыстары бар деп, аудитория бірауыздан жауап береді. Бұдан қазақ тілінде сөйлеушінің психикасында фонеманың негізгі реңкі жуан [т], [н] екендігін байқаймыз. Олай болса, қазақ алфавитіндегі Т әрпі – жуан [т]-ның өкілі. Сондай-ақ негізгі реңк айтуға «оңай» болса, қосымша реңк, мысалы [т], аздап болса да «күш» салып, сүйемелдеп айтуды қажет етеді.
Бұл жерде алфабиттегі әріптер фонемалардың негізгі реңкін белгілейді деген принципке қайшы келетін мынадай құбылысты байқауға болады. Мысалы, [қ] мен [к] – бір ғана фонеманың – атап айтқанда <к> фонемасының – жуан, жіңішке реңктері. Олай болса бұлар неге бір ғана әріппен таңбаланбайды деген заңды сұрау қоюға болады. Әрине, [к] де, [қ] да бір фонеманың әр түрлі реңкі екені даусыз. Бірақ бұл реңктердің бірі негізгі, екіншісі қосалқы деуге болмайды. <к> фонемасының [к], [қ] реңктерінің, <г> фонемасының [ғ], [г] реңктерінің тепе-тең болуы өзге дауыссыздардан олардың өзіндік ерекшелігі деуге болады. Жоғарыда аталғандай, тәжірибені қайталап, «құн, күн деген екі сөзде қандай дыбыстар бар?» десек, [қ], [к], [ұ], [н], [ү] деген бес дыбыс бар дейді. Сонымен, қазақ графикасында бір фонеманың тепе-тең реңкі арнайы әріптермен таңбаланады: <к> [q] – қ, [k] – к; <г> [γۦۦ] – ғ, [g] – г. Ал қырғыз графикасында мұндай тепе-тең реңктер арнайы белгіленбейді: <к> {[g] [k] } к, <г> {[ γۦۦ] [q] } г.
Фонема реңктерін белгілеу – графика теориясы тұрғысынан басы артық құбылыс. Ол белгілі бір алфавиттегі әріптердің санын көбейтеді. Алайда бір фонеманың тепе-тең реңктерін белгілеудің тиімді жақтары бар екендігін жазу тәжірибесінің өзі көрсетіп отыр. Әсіресе, жүйесі басқа тілден ана тілімізге ғылыми-техникалық, қоғамдық-саяси терминдер мен атаулар еніп жатқан жағдайда, бұл графикалық тәсілдің артықшылығын айқын сезінуге болады. Мысалы, егер <к> фонемасының тепе-тең реңктерін жеке-жеке таңбаламаған жағдайда марка, лак, ток, бак, т.б. толып жатқан сөзді екі түрлі оқуға тура келеді: марка < [марқа], [марка]; лак < [лақ], [лак]; ток < [тоқ], [ток]; бак < [бақ], [бак] т.б.сөзді бұлайша екі түрлі оқу графикадағы негізгі принципке – сөздің әр түрлі оқылмауы дегенге қайшы келеді.
Қазақ графикасындағы тағы бір шарттылық – белгілі бір әріптің негізгі қызметімен қатар қосалқы қызметінің болуы. Мысалы, ә әрпінің негізгі қызметі <ә> фонемасын таңбалау болса, кей позицияда <а> фонемасын білдіруі – оның қосалқы қызметі. Мысалы, күнә, мәрмәр, куә т.б. Бұл сөздердің соңғы буынындағы дауысты <а> бірінші буындағы тіл алды дауыстыларының әсерінен палатализацияланған. Бұлар – сөзге әр түрлі қосымшалар жалғау арқылы «тексеруге» болатын дауыстылар (проверяемые гласные). Бұл жағдайда олар өзінің негізгі реңкі <а>-ға жуықтайды. Мысалы: [күнаға] күнәға, [мәрмарға] мәрмәрға т.б.
Тіл жұмсау дағдымызда кейбір әріптің қосымша функцияға ие бола бастауы ықтимал. Мысалы, кейінгі жылдарда араб, жанаб (кітаби сөз), баб (кітаби сөз), сөздері осы түрінде жазыла бастады. Шындығында, мұндай позицияда қазақ тілінің дыбыс заңдылығы бойынша [б] дыбысы [п] түріне игерілуге тиіс. Бірақ бұл [п]-ны б әрпімен таңбалау омографтарды көбейтпеу мақсатына байланысты деуге болады. Баб, жанаб тәрізді сөздерді б түрінде таңбалау – оларды бап, жанап, т.б. төл тума сөздерден өзгешелеп тұрады. Осылайша б әрпі өзінің негізгі қызметі – <б> фонемасын білдірумен қатар қосымша қызметке ие болып, <п> фонемасын білдіруі бертінде пайда болған. Бұған қарағанда қазақ графикасының әлі де пайдаланылмаған мүмкіндіктері бар деуге болады. Мысалы, стиль, декабрь, модель тәрізді жіңішкелік белгіге аяқталған сөздерге дауыссыздан басталатын қосымша жалғанғанда, жіңішкелілік белгі жазылып жүр: стильге, декабрьге, модельге т.б. Осындағы [л]-дің жіңішкелігін арнайы таңбамен көрсету басы артық информация (избыточность). Өйткені [л]-дің жіңішкелігін қосымшалардың жіңішке вариантта жалғануы «хабарлап» тұрады. Бұл жерде [стильге], [декабрге], [моделге] сөздеріндегі жіңішке [л], [р] дыбыстарын [л], [р] түрінде жуандатып оқу қаупі жоқ. Мұндай орындарда жіңішкелілік белгіні қолдану информацияның артықтығын көрсетеді.
Қазақ тіліндегі гемината дыбыстардың арнайы графикалық таңбасы жоқ. Мысалы: махаббат, жаббар, әдді, мүдде, ләззат, жаннат, оппа, күллі, әмме, ыссы т.б. Мұндай жүйеге қарағанда, небәрі үш түбір сөзде ғана [ашшы] ащы, [кешше] кеще, [тұшшы] тұщы айтылатын геминатаны арнайы щ әрпімен таңбалау да басы артық информация.
Қосар дыбыстарға аяқталған сөздерге (орыс тілінен енген сөздерге) қосымша жалғанғанда, соңғы дауыссызды таңбалайтын әріпті түсіріп жазу – қазақ графикасындағы шарттылықтың бірі. Мысалы: класс – класқа, прогресс – прогреске, металл – металға т.б. Бірақ баспасөз беттерінде бұлай жазудың дұрыстығына күмәнмен қарайтын пікірлер де бар. Алайда қосар дауыссыздың бірін түсірмей жазудың қолайсыздығы бар. Атап айтқанда, грамм, класс, ватт т.б. сөздерді, олар кейбір қосымшалармен түрленгенде, бірдей үш әріппен қатарынан таңбалауға тура келер еді. Мысалы: грамммен, класссыз, ваттты т.б. Грамм, ватт, прогресс тәрізді сөздердің ғылыми тексте жиі қолданылатындығын, тіпті екі сөйлемнің бірінде дерлік қайталанып отыратындығын еске алсақ, оқырман тек әріптер «шоғырынан» көз жаза алмайтындай (психологиялық) қолайсыз күй кешер еді.
Жазудағы фонемалық принцип бойынша әр фонеманың дербес таңбасы болуға тиіс. Қазақ графикасында негізінен әр фонеманың дербес таңбасы бар, яғни бір әріп бір фонеманы білдіреді деуге болады. Бірақ бұл – жазуда белгілі бір сөздің фонемалық құрамын түгелдей дербес әріптермен таңбалау шарт деген сөз емес. Сөздің фонемалық құрамын әріптердің түрлі комбинациясы арқылы да беруге болады. Мұндайда бір әріп бірнеше фонеманың тіркесін білдіреді. Ондай әріптерді көп қызметті (полуфункциялы) әріптер деп айтуға болады. Қазақ графикасында и әрпінің дыбыстық тұрғыдан қарағанда сегіз қызметі бар8. Кейбір әріптердің көп қызметтілігі нәтижесінде қазақ тексттеріндегі жазу бір немесе екі таңбадан үнемделіп отырады. Салыстырыңыз: диқан – 5 таңба, [дыйқан] – 6 таңба; себу – 4 таңба, [себүу] – 5 таңба; тая – 3 таңба, [тайа] – 4 таңба. Әрине, бұл тәсілдің осындай жетістігімен қатар кемшілік жақтары бар.
1. Мектептегі оқыту ісінде сиыр, суат тәрізді сөздердің буын жігі немесе ою, қою, жаяды т.б. сөздердің морфологиялық құрылымы «бүркемеленіп» қалады. Мектеп оқушылары бастапқыда сөздің түбірі о-, ал -ю қосымша деп түсінеді. Мұндай кемшіліктің орыс графикасында да кездесетіндігі айтылып жүр. «Так, слоговые написания осложняют морфологический анализ слов, проводимый в школе. Особого внимания и изучения требуют случаи, когда буквы я, ю, е, ё, и обозначают сочетание звуков [йа], [йу], [йэ] и т.д., и при этом йот входит в иную морфему, чем соответствующий гласный. Например, в формах сарая, сараю и т.д. оказываются затемненым корень сарай, так как на письме окончаниями оказываются -я, -ю, и т.д. Между тем в буквах я, ю «прячется» и корневой звук йот; окончаниями, т.е. изменяемой конечной частью слова, здесь являюся лишь звуки [-а], [-у] и т.д., например: сарай-а, сарай-у»9.
2. Мына тәрізді үш-төрт сөзді екі түрлі оқуға болатындығы графикадағы буындық принциптің кемшіндеу жері деуге болады: жетісу [жетісұу], [жетісүу]; шу [шұу], [шүу]; ту [тұу], [түу]. Сондай-ақ жиду деген сөзді «суретіне» қарап, [жійдүу] және [жыйдұу] деп оқуға болады. Бірақ бұл жерде пәлендей қиындық жоқ. Өйткені [жыйдұу] – дыбыстардың мағынасыз тіркесі болғандықтан қабылдауда ескерілмейді.
3. Мектеп оқушылары сирақ, тиын тәрізді сөздердегі и әрпін фунциясына қарай емес, суретіне қарап, жіңішке оқиды да, орфоэпиялық нормадан ауытқиды. Мұндайда бірінші буынның жуан немесе жіңішке оқылуын соңғы буындағы дауыстының «хабарлап» тұратындығына назар аудару керек. Әрине, «ереже ескертусіз болмайды» дегендей, бұл қағидадан тыс тұратын бірнеше сөз бар. Олардың соңғы буыны жуан болғанымен, бірінші буыны, біздің байқауымызша, жіңішке оқылуға тиіс: пиала<[пійала], [пыйала] емес; мизам< [мійзам], [мыйзам] емес, шилан< [шійлан], [шыйлан] емес; бипаз < [бійпаз], [быйпаз] емес, бидарқа< [бійдарқа], [быйдарқа] емес; биқасап< [бійқасап], [быйқасап] емес.
Графикалық тәсілдегі бұл аталған кемшіліктер оның мәнін еш төмендете алмайды. Тіркесу жиілігі аса жоғары фонемаларды бір ғана таңбамен беру (1-қосымшаға назар аударыңыз) информацияны неғұрлым ықшамдап жеткізу деген талапқа сай келеді. Казіргі кезең – ғылыми-техникалық прогрестің дәуірі. Информация «тасқыны» мен информациялық «қопарылыстың» күшейген кезі. Мұндай кезеңде қандай информацияны болса да «сығымдап» беруге ұмтылу тенденциясы өмірдің аса бір қажеттілігіне айналып отыр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет