б, в, г, д әріптеріне біткен орыс тілінен енген сөздер айтылуда қатаң п, ф, к, т дыбыстарына айналатындықтан, бұндай сөздердің қосымша.
шалармен түрленуі «сөздің соңғы дыбысы қатаң болса, дауыссыздан басталатын қосымшаның басқы дыбысы да қатаң... болып жалғанады» деген қағидаға негізділеді: клуб-қа, парад-тан, коллектив-тен, архив-тен, археолог-тар.
Қосарлы дауыссыздарға аяқталған сөздерге қосымша жалғаудың мынадай ерекшеліктері бар:
а) қосарлы рк, нк, кс, кт дыбыстар тіркесіне қосымшалар жіңішке жалғанады: парк-ке, банк-і-ге, бокс-ке, пункт-ке. ә) нд, мп, кт, нг, мб, ск, фт дыбыстар тіркесіне біткен сөздерге қазақ тілі қосымшалары жалғанғанда, қысаң ы, і дыбыстары дәнекерлік қызмет атқарады: фонд-ы-ға, фонд-ы-сы, штамп-ы-лау, штамп-ы-сы, проспект-і-ге, проспект-і-сі, ринг-і-ге, ринг-і-сі, ромб-ы-ға, ромб-ы-сы, киоск-і-ге, киоск-і-сі, шрифт-і-ге, шрифт-і-сі. б) сс, лл, тт, кк тәрізді қосар дауыссыз дыбыстарға аяқталатын жалпы есімдерде дыбыстардың бірі түсіріліп жазылады: прогресс-прогрес-шіл, класс-клас-қа, металл-металдың; ал жалқы есімдерде қосарлы дыбыстар сақталады; Донбасс-Донбасс-қа; бірақ дәл сол дыбыстан басталатын қосымша жалғанғанда, олардың бірі түсіріледі: Донбас-сыз (Донбассыз емес).
в) ст, сть, зд сияқты дыбыстар тізбегімен аяқталатын сөздерге қосымша жалғанғанда, соңғы дыбыстар түсіріліп жазылады: текст-текс-ке, ведомость-ведомос-қа, поезд-поез-бен т.б.
г) –аль әріптеріне біткен бір буынды сөздерге қосымша бірыңғай жіңішке түрде жалғанады: роль-ге, рольдің, руль-ге, руль-дің. Сонымен қатар, орыс тілінен енген сөздерге қосымша жалғаудың «Негізгі ережелерде» көрсетілмеген, бірақ жазу практикасында ескерілуге тиісті тағы да бірнеше ерекшеліктері бар:
к, қ, п дауыссыз дыбыстарына аяқталатын қазақ тілі сөздері дауысты дыбыстан басталатын қосымшалармен түрленгенде, бұл дауыссыздардың ұяңдап, ғ, г, б быдыстарын айналатыны мәлім. К дыбысына бітетін орыс тілі сөздері де қазақ тілі қосымшаларын қабылдағанда осы заңдылықққа бағынады: гудок-гудогы, кубок-кубогы, механик-механигі, блок-блогы, полковник-полковнигі.
Ал соңында п, х дыбыстары бар сөздер де осы өзгеріске ұшырауға тиісті болғанымен, бұл заңдылыққа бағынбайды. Мысалы, укроп – укропы, принцип – принципі, окоп – окопы, тип – типі, шуруп – шурупы, сироп – сиропы, штрих – штрихы, цех – цехы, альманах – альманахы, шах – шахы. Мұндай ерекшелік басқа да бірлі-жарым сөздерде кездеседі. Мысалы, айтуға хақі бар дегенді хақ соңындағы қ дыбысы айтылуда да, жазылуда да ғ болып ұяңдамайды.
Негізгі ережелерде –ль әріптеріне аяқталатын бір буынды сөздердің жіңішке қосымшалармен түрленетіндігі аталған. Ал нақ осындай әріптермен бітетін көп буынды қосымашалар самолеттер, пленумда, активті т.б. тәрізді сөздерге арналған қағида бойынша жуан не жіңішке болып, соңғы буынға үндесуіне қарай жалғанады: бір буынды сөздер – роль, роль-ге, роль-і, ноль, ноль-ге, ноль-і; бірнеше буынды сөздер – гастроль, гастроль-ға, гастролы, король, король-ға, корол-ы. Жоғары аталғанындай жазу тәжірибесінде гастроль, пароль, король, бандероль типтес бірнеше сөздерге жіңішке қосымша жалғанып жазылуы жиі ұшырасады: гастроль-ге, гастрол-і, король-ге, корол-і. Шын мәнінде ноль, роль, руль және король, гастроль, пароль сөздерінің арасында қазақ тілі қосымшаларын қабылдауда ешбір айырмашылық болмайға тиіс; бірнеше буынды сөздердің бастапқы буындары қосымшалардың үндесуіне ықпал жасай алмайды. Сондықтан соңғы –ль әрпінің жіңішке айтылуына орай бұл сөздерге жіңішке буынды қосымша жалғанады; яғни гастроль-ге, гастрол-і, пароль-ге, парол-і, король-ге, корол-і.
Осы айтылғандарға байланысты фестиваль, мораль, магистраль, медаль, педаль, госпиталь тәрізді сөз соңындағы –аль дыбыстар тізбегі бар сөздерге қосымша жалғанудағы ерекшеліктер де назар аудартады. Нақты қағидаларға сүйенетін болсақ, бұл сөздерге соңғы буындағы а дыбысына үндесетін жуан буынды морфемалар жалғануы тиіс. Тіл қолданысында бұл ретте бірнеше варианттар кездеседі. Бұнда екі түрлі заңдылық байқалады: фестивальға, моральға, госпитальға, магистральға, моральға болып барыс септігі формаларының үндесе, үйлесе жалғануы соңғы буындағы а дыбысының тікелей әсерінен болса, тәуелдік жалғауларымен түрленгенінде фестивалы емес фестивалі болып, медалы емес, медалі болып, магистралы емес, магистралі болып өзгеріп кетуі (жіңішке қосымшаның жалғануы) соңғы –ль дыбысының жіңішке айтылуымен байланысты. Бұндай бірқатар ерекшеліктер қабылдаушы қазақ тілінің өз табиғатында да бар; куә, куәға, куәдан, бірақ: куәлік; Күләш-тің, бірақ: Күләш-қа тәрізді құбылыстар қазіргі қазақ әдеби тілі үшін орфографиялық норма болып саналады. Сондықтан да қазақ тілінің айтылу нормаларына сәйкес қалыптасқан жазу үлгілерін норма ретінде тұрақтандыруға болады: яғни фестиваль, фестиваль-ға, бірақ: фестивал-і, фестивалінде; мораль, мораль-ға, мораль-дық, бірақ: морал-і; медаль, медаль-ға, бірақ: медалі. «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінің» өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп қабылданған жаңа редакциясында өзгертіліп берілген қағидалардың бірі – соңғы буындары ог, уг дыбыстар тіркесіне бітетін сөздерге қосымшалардың жалғануы. Қалыптасқан қағида бойынша ог, уг дыбыстарына аяқталатын сөздер төл сөздерге қосымша жалғану заңдылықтарымен бір ыңғайда қарастырылып, яғни соңғы буындағы дауысты дыбыстың әуеніне қарай, буын үндестігіне сәйкес жазылып келген болатын-ды: педагог-тар, педагог-қа. Бірақ осы тұста да жазу практикасында бірге педагогтар, енді бірде педагогтер түрінде екі түрлі жазылып, варианттылық байқалды.
Негізгі ережелерде бұндай сөздерге қосымша жалғану жеке қағидамен бөлініп берілді: «Соңғы дыбыстары ог, уг, болып келген сөздер мен рк, рг, нк, нг, кс, кт, ск, лк, нкт, кль, брь, бль сияқты дауыссыздар тіркесіне біткен сөздерге қосымшалар әрдайым жіңішке түрде жалғанады: педагог-тер, педагог-тік, геолог-тер, геолог-ке, округ-тік, парк-тен, парк-ке, парторг-тер, киоск-і-ге, факт-і-ге, полк-ке, пункт-тер, октябрь-ге, ансамбль-ге, бинокль-дер. Негізгі ережелерде өзгертіліп берілген бұл қағида бірнеше заңдылыққа негізделеді. Ог, угдыбыстары тіркесіне аяқталатын сөздердің (геолог, археолог, диалог, монолог, биолог, педагог, округ, аншпуг т.б.) соңғы буындары қазақ тілінде г дыбысының жіңішке дыбысталатындығына қарай жіңішке айтылады. Және де о дыбысы қазақ тілінде көп буынды сөздердің соңғы буынында кездеспейді. Қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтары үшін де сөз соңының г дыбысына аяқталуы – тосын жайт.
Төл сөздерде ұяң г дыбысының жіңішкелік сипаты, сондықтан да тек жіңішке дауысты дыбыстармен тіркесетіндігі (көгал, гауһар деген сөздерден басқа) орыс тілінен енген сөздердің дыбысталуына да әсерін тигізеді, яғни соңында ог, уг дыбыстар тізбегі бар сөздерге қосымша г дыбысының ерекшелігіне орай жалғанады. Округ сөзіне жіңішке буынды қосымшаның жалғануы сөз соңындағы г дыбыстардың ұяң дауыссыз екендігімен қатар, көрші дыбыстардың әсеріне қарай у дыбысының да өзгермелі (бірде жуан, бірде жіңішке) болып отыратын табиғатына қатысты.
Ал ак, аг, ок, ук, дыбыстарына аяқталатын сөздер бұл ережеге бағынбайды. Оларға қосымша жуан түрде жалғанады, яғни казак, бак, бурлак, аншлаг, универмаг, кубок, гудок, блок, станок, бамбук, галстук сияқты сөздердің соңғы буындары жуан болғандықтан, олар қазақ тілі қосымшаларының жуан варианттарын қабылдайды.
Казак, бак, бурлак, гамак және аншлаг, универмаг сияқты сөздерге сөз соңындағы к, г дыбыстарының дауыс қатысына қарай бірі қатаң, бірі ұяң екендігіне қарамастан, жуан буынды қосымшалардың жалғануы (казак-ға, бак-қа, аншлаг-қа, универмаг-қа, универмагы) соңғы буынындағы а дауысты дыбысының қазақ тілінде барлық позицияда, соңғы буынға дейін сақталатындығына байланысты. Мұндай дыбыс заңдылығы соңғы дауысты дыбыстары жіңішке секретарь, токарь, январь және мораль, фестиваль тәрізді сөздердің қазақ тілі қосымашаларымен түрленуіне де әсер етеді. Бұларда да соңғы жіңішкелік белгісіне, яғни л, р дыбыстарының жіңішке айтылуына қарамастан, қосымшалардың жуан варианты қабылданады: секретарь-ға, токарь-ға, токарь-лық, январь-ға, январь-да, мораль-дық, фестиваль-ға, фестиваль-дық (соңғы сөздерге дауысты дыбыстан басталатын тәуелдік жалғаулары жіңішке жалғанады). Өйткені мұнда соңғы буындағы а дыбысының қазақ тілі үшін универсалды позицияда болатын сипаты үлкен роль атқарады.